ВЕРНУТЬСЯ

       Жасым алпысқа келгеннен кейін бір күні
отырып мақтандым: даналық жасқа жеттім. Ақылым кірді.
      Атаулы күндер
жақсы өткен соң артын ала Бағдат тойтарқар жасады. Оған біраз жазушылар
шақырылды.
       Әлі есімде. Бұл
бір мың тоғыз жүз сексен екінші жылдың он сегізінші октябірі болатын. Он
тоғызыншы октябрьден бастап Қазақстанда эстон әдебиетінің апталығы өтпек. Соған
қонақтардың келіп жатқан кезі. Тойтарқар
басталып кеткен. Жұрт сондай көңілді. Бір кезде бұрын есігімізді
ашып көрмеген, бірақ маған іні саналатын, сол інілігін кешегі жиында өзіме
арнаған әдемі өлеңімен танытқан Ғ. деген ақын кіріп келді. Және сөйлей кірді:
-        Кешігіп
қалғаным үшін кешірім сұраймын. Әлгі эстондардың бір топ жазушыларын қарсы алу
маған тапсырылған еді. Соларды аэропорттан күтіп алып, қонақ үйге әкеліп
орналастырғанша көп уақыт өтті...
        Ғ. әрине,
тамақ аңдып жүретін сұйық адам емес. Өтірігі де, қулығы да жоқ дәулетті тұратын
жазушы. Мына жерде менің той тарқар жасап жатқанымды біліп, өзінше еркелеп
келгені. Әрі шақырылмағанын сездіртпеу үшін кешігіп қалдым деп көз қылып жатыр.
Осы жерде менің не істеуім керек еді? Әлбетте:
- Кешіккеніңнің түк ерсілігі жоқ. Қонақ қарсылап жүргеніңді
бәріміз де білеміз. Былай шық, - деуім керек қой. Аузыма сөз салып, тілеп
тұрғаны да сол. Осылай деудің орнына мен тұрып алдым да Ғ-ға рахметімді
жаудырта бастадым:
-        Міне, іні
деген осындай болуы керек. Өзімсініп, шақыртпай келгенің қандай жақсы. Кісілік
те, кішілік те осындай мінезден көрінбек. Ал мына тойтарқарды енді өзің басқар.
        Обалы нешік
талай жиын-тойларда той бастап үйреніп алған Ғ. көсіліп жүре берді. Домбыра
тартып, ән салды. Төгілдіре мінездеме жасап, жұртқа сөз берді. Өзі де сөйлеп
бақты. Өзгені де сөйлетті. Бір кезде қадірлі конақтарымның бірі мұрты жыбырлап
ұшып түрегелді:
-        Келе салып оттап
жатырсың, оттап жатырсың... Сені кім шақырды осында? Бар шығып тұр. Кет деген
соң кет деймін мен саған!
        Ғ-да тегін жаралған
ба, шап ете қалды:
-        Қалайша кет
демексің? Мен сенің үйіңде отырған жоқпын ғой...
Қойшы, өзеуреген дардай екі азаматты әке, көке деп зорға
басып тойтарқарымызды дұрыстап тарқаттық-ау ақыры.
       Бірнеше күн
өткен соң сол тойтарқарда бірге болған Тахауи Ахтановты кездестірдім.
-        Алпысқа
келдім. Ақылым кірді деп жүрсің. Түк те ақылың кірген жоқ, - деді маған жымия
қарап.
-        Неге ақылым
кірген жоқ? Кірді.
-        Ғ-ның өзі
аузыңа сөз салып тұрғанда, шақыртпай келгенін жақсы болды деп қайта-қайта
қоймайсың. Ақылы кірген адам солай дей ме?! Оның шақырылмай келгенін ана мұрты
жыбырлағыш қонағың білмегенде түк те болмайтын еді.
      Мен үндей алмай
қалдым.
      Қайтесің, адам
қайта жаралмайды. Әпенділік әр  адамның
да басында кездесе беретін болса керек...