ВЕРНУТЬСЯ

      Тобымызды тұтас алғанда біз көп әкетіп, аз әкелетін аңшылар қатарына қосыламыз. Әкету — үйден, әкелу — түзден. Бұл тұтас алғандағы жайымыз. Жекелеп алғанда бірлі-жарымды көп әкетсе де, көп әкелетіндеріміз де бар. Бірақ аз әкетіп, көп әкелетініміз жоқ.
  Ғабит Мүсірепов. «Достар қалжыңы» әңгімесінен.
  Бір күні әлде бір шаруам болып үлкен сәскеде Мүсіреповтің үйіне бардым. Әманда бір мінезден айнымайтын, қылтың-сылтыңы жоқ Ғұсни жеңгеміз келіп есік ашты.
— Ғабең үйде ме?
— Кабинетінде. Әлі тұрған жоқ.
— Күн түс болды ғой. Жәй жатыр ма?
— Үш күн жүріп таң ата аңнан келді.
  Мен жазушы кабинетіне кірдім. Ғабең өзінің атам заманғы жамбас серігі — кушеткасында қалың салынған төсекте жатыр екен. Мен кірген соң көзін ашты.
— Мұхтар, Қалибек бар, адам аяғы баспаған бір қалыңға кіріп кетіп, үш күн дем алдық. Құсты да жосылтып түсірдік. Мұхтар он үйрек, Қалибек тоғыз үйрек атты. Ал мен болсам, үш күннің ішінде жиырма сегіз үйректі жайратқаным. Асып жегенді, кездескенге байлағанды санамағанда сол олжаның он сегізі үйге келді, — деді Ғабит сондай бір ырзалықпен.
— О, қанжығаңыз майланған екен ғой.
— Сұрама, тіпті! Айта жүрерліктей сәті түскен жорық болды.
  Осы кезде кабинетке Ғұсни жеңгеміз кірді.
— Әлі жатырсың ба? Үш күн жүріп әкелген ана жалғыз қасқалдағыңды қуырып қойдым. Тұр да, Сафуан екеуің жеңдер — деді.
  Ғұсни шығып кеткен соң, Ғабең төсектен ыңырана асықпай тұрып:
— Аңшы атаулының аздаған қоспасы да болады — деп езу тартты.
— Аздағаны мынадай болса, көптегені қандай екен?!
  Аңшымыз сылқылдай күліп қолтығымнан алды да, ас ішетін бөлмеге қарай икемдеді.