ВЕРНУТЬСЯ

     Қырымды жұрт жердің жәннаты десе, Көктөбелді жәннаттың ішіндегі жәннәт деу керек. Арғы жағы теңізге сұғынып тұрған Феодосия болса, мына жағында әлде бір сиқырлы да тылсым күштің екпінімен Қаратеңіздің жарлауыт қабағынан атыла шығып, Қырымның көз жанарындай мөлдір аспанына шаншыла тұрып қалған Қарадағ (Қаратау). Кейде Қаратеңіз сабасынан шығып буырқанып кеткен кезде де, балапан толқындары болар-болмас қаймақшып, Көктөбел бұғазы күн нұрына малынып тек жатады.
  Жер жұмағы — Көктөбелде осы ғасырдың жиырмасыншы жылдарында Максимилиаи Волошин тұрған. Сонғы елу бес жылдың ішінде өлеңдері бір рет қайта басылып шықпаған Максимилиан ақын деген кім өзі!
  Максимилиан Александрович Кириенко-Волошин бір мың сегіз жүз жетпіс сегізінші жылы Киев қаласында дворян семьясында дүниеге келген. Феодосия қаласындағы гимназияны тамамдаған. Москва университетінің заң факультетінде оқып жүріп студенттер толқуына қатысқаны үшін оқудан қуылған. Алғашқы өлеңдері бір мың тоғыз жүзінші жылы жарық көріпті. Символистердің, акмеистердің көзқарастарын қабылдап, «Весы», «Золотое руно», «Аполлон» журналдарына ат салысқан.
  Ұзақ жыл Париж қаласында тұрып, Поль Верлен, Артур Ренье секілді француз ақындарының әсерінде де болыпты. Суретші-импрессионистердің әдісін жатсынбаған. Саяси-әлеуметтік мәні бар оқиғалардан жоғары тұруды уағыздап, азамат болудан көрі адам болуға шақырған.
  Волошин — әрі ақын, әрі суретші. Аудармамен де айналысқан, мақалалар да жазған. Максимилиан бір мың тоғыз жүз отыз екінші жылы қайтыс болыпты. Өлер алдындағы өсиеті бойынша ақын Көктөбелдің басына жерленген. Өзі тұрған үй СССР Жазушылар одағына сыйға тартылған. 
  Көктебел — қазір жазушылардың көп баратын жері. Себебі онда жазушылардың өнержайы жұмыс істейді. Жаз шықса-ақ Кектебелге ағылып келіп жататын ақын-жазушылар Қаратауға өрмелейді. Бір тұстан қарасаң адам кейпіне ұқсай қалатын, әрі оны жұрттың бәрі — Волошиннің басы — деп атайтын жартасты тамашалайды. Әрине Феодосия жақ беттегі жотаға шығып Волошин зиратына да тәуап етеді, гүл алқасын қояды. Ақындар болса, өлеңдерін арнайды.
  Мен бір мың тоғыз жүз жетпіс тоғызыншы жылы июль айында семьяммен барып Көктөбелде дем алдым. Сол жолы менімен бірге болған қазақ ақындары Қадыр Мырзалиев пен Рафаэль Ниязбеков те Максимилианның басына барып тәуап етті. Арнау өлеңдерін жазды. Осы бір тұста мен бір ойға қалдым: Көктөбелге қаншама ақындар келмейді. Волошинге арналып қаншама өлеңдер жазылмайды. Тақырып біреу де өлең көп. Солардың бәрін жинайтын болса... Бірін бірі қайталайтын ақындар табылар ма еді? Әлде табылмас па еді? Қайсысынан қайсысы көркемірек екен? — деген сыни талдауға ұрынбай-ақ, Волошин туралы қолымда бар үш өленді келтіргім келіп отыр.
  Сонымен Рафаэль Ниязбеков: Волошин зиратының басында.
Ірісің бе,
Жоқ, әлде көптіқ сен де бірісің бе?!
Түрлі-түрлі құпия жатқан жоқ па
Жұрт күтпеген осынау түрлі ісіңде.
Бірақ кейде
Өлген соң елене қоймайды онша
Жақсылық көрмегендер тірісінде.
Қойдың ба естен
сен болсаң танбасыма,
Таудың өзін салыпсың жамбасыңа.
Елің сенің жерлепті тірілердің
Көбісі шыға алмаған тау басына.
Ақ желең жел сол тұстан есіпті ерен,
Дәурен болып көгіңнен кешіпті өлең.
Тау басында қабірің тұрған болса,
Кабіріңнің басына өсіпті емен.
Қайта жағып жұлдызды көктеп өшкен,
Самал болып жүзіңнен көктем ескен, —
Қабіріңнің басына өскен емен
Шығар, бәлкім, жаныңның азаттығы
тесіп шығып мүрдеңді көктеп өскен.
  Сонымен, Қадыр Мырзалиев: Волошин зиратының басында:
Өткенменен өмірден
Бір жан асыл
Бірте-бірте жазылмақ жыр жарасы,
Орнатылған жүзікке қызыл тастай
Бір биікке бір зират тұр жарасып.
Түу биікке кол бұлғап шақыратын,
Мойындатып уақытқа ақырғы атын,
Құлпытас боп,
Бір мәрмәр қабірі болып
Құла төбе басында жатыр ақын.
Жүзген сендей аспанда бұлт аққанда
Жарасады өлеңге гүл таққан да.
Ешкім саған ештеңе істей алмас
Даңқ пенен Табиғат тіл тапқанда.
Табиғатқа батқан ғой қаза мықтап,
Дөңбекшиді көк теңіз бозамықта.
Жатыр ақын басында тау — төбенің,
Өз биігін өзге емес, өзі анықтап.
Өлең сөзге қашанда бас иетін
Оқырман-ай, бар-ау бір қасиетің.
Ырзамын мен өзіңе
Орындаған
Ақыныңның өтініш — өсиетін.
Жатыр енді ол кеудесін желмен қағып,
Тіріде алмай бағасын, өлгенде алып.
Қабіріне ақынның —
Қия жонға
Қара тер боп шығады келген халық.
Зират емес,
Бұл да бір мұра дер ем.
Ой — биікке шалдығып шығады өлең.
Мені таудың басына жерле деген
Ақын сөзін түбінде ұғады өрен.
Қай кезде де құрметті төрдей мекен,
Қызығыңды қалайша көрмей кетем?!
Тірісінде асуын алған ақын
Өлген соң да биігін бермейді екен!
  Сонымен, Марина Цветаева:
Ветхозаветная тишина.
Сырой полыни крестик...
Похоронили поэта на
Самом высоком месте.
Так и во гробе еще — подъем
Он даровал — Несущим.
...Стало быт, именно на своем
Месте, ему присущем.
Выше которого только вздох
Мой из моей неволи.
Выше которого — только Бог:
Бог — и на вещи более.
  Үш өлең — бірі біріне ұқсамайтын бөлек-бөлек үш дүние. Ойлана оқығанға ойыңа ой үстемелер үш мүсін. Асылы ақындық дарынға табынып, бас иіп жүрген жөн бе деймін.