ВЕРНУТЬСЯ

     Ғабит Мүсірепов әңгіме айтып отыр:
— Шығыс елдерін аралаған бір сапарда Камбоджаның президенті — Лон Нол генерал совет делегациясын қонаққа шақырды. Шақырысы тіпті қызық: менің резиденциямда ішімдік деген болмайды. Егар бірер шиша бірдеңелеріңіз болып, ала келем десеңіздер, қарсылық жоқ.
  Біз сөйтіп қонаққа құр алақан бармадық. Жанқалтамызға президент айтқан «бірдемелерді» сала бардық. Лон Нол жұбайы екеуі ылтипатпен қарсы алды. Дайындығы да жақсы. Дастарқанында жоқ емес, нәрсе жоқ. Ал шын жоқ бірдемесін біз толтырдық. Генерал өзі ішпейді екен. Онысын барған бетте-ақ көрсеткен-ді.
  Барған бетте демекші, барған бетте президенттің айтқандары бірталай. Соның бір парасы өз әйелі туралы:
— Менің жұбайым бұрын пәлен деген генералдың әйелі еді. Мен ол генералдан мықтырақ шықтым да тартып алдым, — деді.
  Әйелінің жымия күлісіне қарағанда бұл елдегі ұғым бойынша мықтының әйелін тартып ала алсаң, одан асқан абырой жоқ болса керек. Сырт естуімізше, Лон Нолдың мемлекет басына келуінің бір себебі осы оқиғада жатса керек.
  Сөйтіп, Лоп Нол біз апарған арақтан татып алмады. Оның есесіне әйелі тартынған жоқ. Және бір қызығы, ол ішкен сайын генералдың жаны кіріп, қол соғып, рахаттана күліп отырды. Ал ханша болса, барған сайын бал-бұл жанып, ашылып кетті. Негізінде сұлу да ақылды әйел екені көрініп-ақ тұрды, — деп Ғабит ақсақал әңгімесінің соңында жымия күліп қойды.
  Осы жерде әзілі жарасқан ағамызды қағытып қалуға тура келді:
— Әрі ақылды, әрі сұлу болса, қазақта Лон Нолдан да мықты адамның барын танытып, тартып алып келмедіңіз бе?!
  Інілер әзіліне шамданып қалар ма деген Ғабең сылқылдай күлді:
— Алып-ақ келетін едім, әттең, жер шалғай болды...
  Тауып айтылған жауапқа бәріміз де мәз болыстық.