ВЕРНУТЬСЯ

       Қызылорданың
Жалағаш ауданында Бердәлі деген досым болды. Әу баста мен онымен Қарақұмда сол
төңіректің белгілі ақыны Әбдікәрім Оңалбаев екеуміз жайлау аралап жүріп
кездескенмін.
       Қызылордадан шығарда Әбдікәрім: Қарақұмда
бір керемет кісі бар, сонымен таныстырамын, - деген. Тықыр нұрамен құмды
жиектей отырып, бір төбеден асып едік, айналасы көкпеңбек бір көлшік көрінді.
Құмның нағыз іші болса да, гүл жазира дерсің. Жайылып жүрген қой отарлары. Киіз
үй...
-        Бердәлінің
ауылы осы, - деді Әбдікәрім.
         Бердәлі
толықша келген, орта бойлы қара кісі екен. Басына қол орамалын төрт құлақтап
киіп алыпты.
        Дағдылы амандық-саулық.
Баққан мал-жайын білгім келді ме:
-        Халіңіз қалай?
- деп сұрадым.
-     Халдің несін
сұрайсың, шырағым. Бағымыз ба, сорымыз ба қой малын маңдайымызға жазған екен,
соны бағып жүріп жатырмыз.
          Жауап сондай
оқыс шыққан соң, ферма бастығын сөйлеткім келді ғой деймін, дауласа кеттім:
-        Неліктен сор
дейсіз? Қой малы ер ырысы емес пе! Еті... жүні... терісі... дегендей....
        Бердәлі
жауапты шолақ қайырды.
-        Е, қой
бақпайтын елдер де бар көрінеді ғой. Солар аштан өліп жатпаған секілді. Қой
болмаса, кәсіптің басқа бір түрін таппас па едік. Сонымен айналыспас па едік?!
        Біз Бердәлімен
қона жатып әңгімелестік. Мінезі кесек, сөзі ірі. Оқығаны жоқ болса да тоқығаны
көп. Қазақтың ақбөкен жайлаған кең сахара құмының бір қиырында осындай дана
адамдардың барлығына қайран қалып, әрі оны өзіме іш тартып аттандым.
           Кейін
Бердәлімен тағы да кездестім. Бұл жолы Қарақұмда емес. Алматы қаласында. Бекен
қыдырып келмепті. Ауруханада пышақ үстінде қайтыс болған он алты жасар інісінің
мәйітін алып кетуге келген. Әр даланың өрелі де сұңғыла перзенті қалада сондай
пұшайман. Өлікті алып кету жабдықтарының бірін білмейді.
          Бекеңді жақсы
көргенім соншалық, жүгіруіме тура келді. Мырыштан табыт жасаттырдым. Шілденің
ыстық шағы еді. Тоңазытқыш вагон алып бердім. Мәйіт салынған бұл тоңазытқыш
вагон Теміржол басқармасының айрықша қадағалауына алынды.
         Арада айлар өтті.
Қаза қайғысы жеңілдеп, есін жия бастаған кезде Бердәлі маған телефон соқты.
        Танымасаң да,
көрмесең де, шын ағасындай қызмет еттің. Ініңнің басына келіп тауап етіп қайт.
Қонақ бол.
-        Рахмет, Бәке.
Жөні келсе, көрермін.
-        Көрермінді
қой, шырағым. Келетін бол.
         Сөйтсе де сол
көрермінмен тағы біршама уақыт өтті.
          Ноябрь тойы
жақындады. Қызылорда қаласынан тағы телефон шылдырады.
-        Ал, шырағым,
қалаға арнайы келіп әдейі телефон соғып тұрмын. Біздің жаққа келіп қайт.
-        Көрермін,
Беке.
-        Көргені несі?
-        Барармын дегенім
ғой.
-        Қашан?
-        Кейін
хабарлармын.
-Әй, шырақ, ондай сөзбұйдаңды қой. Немене мені ат өтті
шақырып жүр деп ойлайсың ба? Әлде жол қаражатың жоқ па? Олай болса, қазір табан
аузында телеграфпен ақша аудартам.
          Ағынан жарылып,
шын шақырып тұрған Бердәлінің мына сөзі шымбайыма батыңқырап кетті. Мен ноябрь мерекесін
Бекең ауылында өткіздім. Қырғауылға тұзақ құрдық. Қамыс арасынан қоян қағып,
доңыз аттық.
        Сөйтіп қош
айтысар күн де жетті. Басқа бір үйде түстеніп, Бердәлінің үйіне келсек, аулада
бір арғымақ құнан, бір тайлақ байлаулы тұр екен. Дастарқан үстінде үй қожасы
маған қарап сөз бастады:
-        Қорада бір
құнан, бір тайлақ байлаулы тұр. Екеуін де сыйға тартамын деп тыраштанып
жатпай-ақ қояйын. Бірақ қалағанын алып кетесін. Ен салсаң болды. Алматыңа
жеткізу біздің жұмыс.
         Бұрын мұндай
сыйлық алып үйренбеген басым жалтарып жатырмын.
-        Мен мұнда
зәрулік қысып келген адам емеспін, Беке. Көңіліңізге рахмет.
-        Ол не дегенің?
- деп таңданды Бердәлі.
-        Мен құнан мен
тайлақсыз да байып қайтып бара жатқан адаммын. Бұрын көрмеген ағаларымды
таптым. Бейтаныс інілеріммен достастым...
-        Ондай әдемі
сөзіңді... әлгі қаладағы жолдастарыңа айтатын сөзіңді маған айтпа!
         Бекен тықсыра
бастаған соң мен тағы да ығына жығылдым.
-        Маған бәрібір.
Қалағаныңыз болсын ендеше.
-        Әне соныңды
айтпайсың ба! Аумин, - деп Бердіәлі стаканды басына бір-ақ көтеірді. -
Атағанымыз тайлақ онда.
        Бердәлі
секілді кесек жаралған тұлғаларда екі сөз бола ма. Тайлақтың өзі болмаса да
көзі өзіммен бірге Алматыға ере келді...
       Осындай ірілік
шіркінің қазақтан басқа қайда бар екен десеңші!?