ВЕРНУТЬСЯ

     (Алғашқы саны 1920 жылы шыққан «Ленин туы» газетінің 60
жылдығына)
   Әдебиетке
құмарлық бар да, сол құмарлықты шын талантқа айналдыру жолы бір бөлек. Бабы
табылмаған талант-қабілет - қанатсыз құс секілді. Қияға самғамақ түгіл, бауырын
жазып жерден көтеріле де алмайды. Мен әдебиетке бала күнімнен-ак құмар едім. Әу
баста осы құмарлық отын кім тұтатты? Алты жасымда өздігімнен хат танып
(мектепке колхоз құрылған жылы, сегізге қараған кезімде барғанмын), сықсима шам
немесе пештегі от жарығымен үй толы тыңдаушыларыма заулата оқып беретін
«Алпамыс» пен «Ер Тарғын», «Ер Сайын» мен «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш - Баян
сұлу» қисса жырлары ма? Жә болмаса, өз ауылымдағы Бәри секілді
сұңғыла әңгімешілердің ұзақ түн келістіре айтатын ертегілері болар ма? Әлде
Майбалық орта мектебіндегі алғашқы әдеби ұстазым Ғазез Әбішевтің әсері ме? Мүмкін, ата-бабаларымның, ана-әжелерімнің қанымен ауысып
келген қасиет шығар? Қайтсе де дәп басып жауап бере алмаймын. Ал әдебиетке
деген сол құмарлықты баптап, жазушылық ұлы өнердің додасына салып жіберген не
күш десеңіз, жауабым дайын: ол - өзім ұшқан ұям - «Ленин туы» газеті.
       Кейде жиі,
кейде сирек болса да «Ленин туы» газенде қалам тартқаныма қырық жылдан асты.
Әуелі жеңіл-желпі хабарлар, жүре-бара әдеби сын, рецензиялар, сосын очерктерім
көріне бастады. Бір қызығы мен жазып редакцияға жолдаған дүниелерімнің
жарияланбай қалғаны, иә болмаса, ойсырата жөндеуге ұшырағаны болған емес. Газет
құдды менің хатымды ғана күтіп отыратындай-ақ, жазғаным жеткен болар-ау деген шамада
жарқ етіп шыға келетін-ді. Газет қалыптастырған осы дәстүр өзім жүріп келе
жатқан өнер сапарында әрқашан алдымнан шығып отыратынын байқаймын.
     Шынымды айтсам,
архивымда жарияланбан қалған, не болмаса баспа орындары баспаймыз деп қайтарып
тастаған туындым жоқ. Ырымшыл болмасам да, осы бір «жолымның болғыштығын»
«Ленин туы» газетіне саям. Тіпті ретте «ерке болып», жаман үйреніп кеткенмін бе, баспа
орындарына апарып берген дүниемді «пәлен уақытта жариялаймыз» десе, сол «пәлен
уақытының» күні маған айдай, ал айы жылдай көрініп тұрады. Азды-кемді редакция
жүргізілсе, оған да шамшылмын. Осы мінезімді білетін баспа орындары мін деп,
кемшілік деп тапқанды пікір есебінде өзіме айтады. Ал мен болсам, құлағыма қанғанын
қабылдап бар ықыласыммен жөндеп беруге тырысамын. Өз ұғымымша, бұл өзіңді жауапкершілікке жетелейтін
дұрыс қасиет. 
       Бізде портфелін
толтырып күлді-бадам бірдемелерін алып келіп үстелге тастап, ар жағындағы
шығарма тағдырын редакциядағыларға ұстата салатын жазушылар да бар. Оларға
қалай шықса да, жазғаны жарық көрсе  болғаны. Сол қырық жыл ішінде газетте істеген көптеген журналнст-азаматтармен
қызметтес болдым. Солардың ішінде есімде қалған азаматтардан сыпайылығы,
іскерлігі шымшыма әзілімен жүрегімнен орын алған Өміржан Оспановты, аңқылдақ адал да көпшіл Мұхамеджанов Ғалымды, қой
аузынан шөп алмас момын Ғазезді, әпенделеу Сейтенді, сыпайы сұлу Шалабаев
Кенжеболат пен орысша-қазақшаға сондай сауатты, әзіл сөзге жүйрік Малдыбай
Қоқыбаевты, қалтарысы жоқ Қабдолла Әбілханов пен салмақты да білімді Нияз
Сыздықовты, хат бөлімінің бастығы еңбекқор Әминаны атай аламын.
        Олардың
бірсыпырасы дүние салған. Ал қазір әр жерде әрқилы қызмет атқарып жүрген
тірілерімен кездесе қалсам, қимас туыстай шұрқырасып қаламыз.
          1944-1945
жылдар мен үшін тіпті ерекше еді. Мен онда газеттің Преснов, Октябрь
аудандарындағы тілшісі болып қызмет атқардым. Тапсырма көп пе, әлде сапарға
әуес өз қасиетім бе, әйтеуір, елді жиі аралайтынмын. Ол кездегі жүріп-тұрудың
қиындығы да мені қиналтпайтын-ды. Жаяулап-жалпылап, кейде ат, кейде өгіз демей,
әйтеуір, жүре беруші едім. Соның арқасында көршілес жатқан сол екі ауданның сол
кездегі бала-шағасына дейін білетінмін десем артық айтпағаным. Қисапсыз көп
адамдармен таныстым. Қисапсыз көп мінез-құлықтарды жадыма түйдім. Сол
жүріс-тұрыстың нәтижелі іздері шығармаларымда сайрап жатыр десем де болады. Мен
жасаған алуан түрлі образ, бейнелердің төркінін зерттегісі келген адам болса,
сол екі аудан адамдарынан тауып ала алады. Бұл ретте мен «Ленин туы» газетіне
өтелмес қарыз иесімін. Осы кезде жаяулап-жалпылап жүрген сол күндерімді сағынамын
да. Сондағы сапарларымның бар мехнат, азабын көтеріп қайта жүрсем деймін.
Өйткені сені онда ешкім қарсы алмайтын, ешкім шығарып та салмайтын күнделікті ел
өмірі ешбір сыр-бояусыз, жалғандығы, көлгірсуі жоқ шынайы қалпында көрінген
ғой.
           Мен қазірде де ел аралаймын. Бірақ бұл
сапарларымның жөні мүлде басқа. Ел басшылары қарсы алады, қасыңда жүреді, шығарып
салады. Сен сахнадағыдай көп көзінің алдындасың. Ал мұндай жағдайда
тіршілік-қаракеттің түрлі түсті көктем көбелектеріндей құлпырып, жасанып келер
көбігін ғана көресің де, шын өмірдің өзі көлеңкеде қалып қоя
береді. Сол себепті мұндай сапарлардың жемісі де аз болмақ. Газетте тілші болып
істеген сол күндерімді осы ретте сағынамын. Өзімнен кейінгі журналистерге,
газет қызметкерлеріне құлаққағыс етерім - еш жерде, қай бір жағдайда болмасын:
«Мен газет қызметкерімін» - деп кеуде көтеріп, піскен кезім болған емес. Ол
кезде не көп? - Жетімсіздік, кемістік көп. Ақсап жатқан жұмыс... орындалмай
жатқан науқан... Боздағы майданнан қайтпай жатқан қаралы үйлер... Соның өзінде
де қаламымды қара басымның қамына пайдаланған жерім жоқ. Жақсы қарсы алмадың,
жақсы шығарып салмадың, - деп өкпелеп, өш алу деген де менде болмаған.
     Күні бүгінгідей
есімде: бір жолы егін орағы кезінде Преснов ауданындағы «Ортақшыл» колхозыиа
бардым. Колхоз председателі Әйкенов Тұрғын негізі момын, қақ-соқта жұмысы жоқ,
жұрт алдында бедел алайын, жоқ жерде көрініп қалайын деп кісімсінбейтін,
басқаға содыры да, сонымен қатар пайдасы да жоқ, әйтеуір, солай жүргеніне мәз,
жылы ішектің иесі болатын. Келсем, қос басына кеткен екен. Қолхоз кілтшісі
Әпен:
- Мен егін басына барғалы жатырмын. Бірге жүр. Сол жерде
жұртпен кездесесің де, шаруаңды тындырасың. Содан кейін ар жағындағы қол созым
«Айымжанға» бастықтың атымен жеткізіп саламыз ғой, - деді.
          Әпен
айтқанын істеттіре алатын, тындырымды, кісілігі де мол, нар түйедей келісті
жігіт болатын. Шынын айтқанда, ел ішінде бастық Тұрғыннан көрі Әпеннің беделі
басым түсіп жататын-ды. Мен Әпен -ұсынысын қуана қарсы алдым. Неге десең,
Тұрғынның астында сол орамға жүрдектігі, талмайтындығымен даңқы кеткен сұр бие
бар...
        Сол бір
тұстағы осы ауданның колхоз басшыларында басқа дүние құрып қалса да елде жоқ ат
ұстау және ол атты баптап ұстап, мініп жүру салтқа айналған бір сәнқойлық болатын:
«Айымжан» колхозының председателі Жолмұқанов Мұхамеджанда қос қан жирен, Аманкелді
атындағы колхоз председателі Тұралин Сексенбайда қос бурыл, Көбештегі Аманжолов
Қарида бөшке көк, Орталықтағы Әбілдин Қуандықта шаппай желетін торы
айғыр - ел ішінде «машинадан озып кеткен» - дейтін лақап, аңызға айналған
тұлпарлар.
         Сол
жануарлардың бәріне де менің тақымым тиген. Бәрін де Толыбай сыншының өзіндей
білетінмін. Міні жоқ тіпті. Сөйтсе де, солардың ішінде Тұрғынның сұр биесін Ақан
сері Құлагеріндей мүлде мойыны озық тұрған дүлдүлі десең де сияды. Бірде мен
Жамбыл облысындағы даңқты Луговой асыл тұқымды жылқы совхозында болып, сондағы
«XX ғасырдың сәйгүлігі» - Абсентке мырыштан құйылып қойылған ескерткішті көріп қызықтаған
едім. Жылқы баласында да сондай сурет сұлулық бола береді екен ғой. Абсент -
ескерткіш орнатуға тұрарлық жануар. Өйткені ол Токио мен Римдегі бүкіл
дүниежүзілік жарыстарда бас бәйгені жеңіп алған ғой. Англия мен Американың не
бір ат бапкерлері келіп, «сатыңыздаршы, қанша миллион сұрасаңыздар да қолма-қол
ашық чекпен төлейміз», - деуі тегіннен-тегін емес қой.
          Абсентті
еске түсіріп отырған себебім: ал егер әр облыста өзінің бір дүлділіне ескерткіш
орнату керек десе, мен ойланбай-ақ солтүстікте Тұрғынның сол сұр биесін атаған
болар едім. Өйткені осы жануар не бір қыстың ақ түтек боранында қалың қар
сызған шанамен, не бір жаздың лайсаң ақ жаңбырында күбішектен саз кешкен арбамен
қиын жолдың қайсысына шықсақ та болдырмақ түгіл, сыр бермейтін еді ғой. Сыр бермек
түгіл, қамшы салдырмайтын-ды. Делбені қағып қалсаң, құйрығын бір шипың еткізіп
(бойындағы бар міні осы ғана), құстай ұшып жөнелер еді... Балалық па әлде сұр биеге
сондайлық табынғандығым ба, мақсат - келген жұмысты тындырған соң «Айымжанға»
бастықтың атын мініп бару. Күтпеген қызығым да сол егінжайда болды.
         Тұрғын
дағдысынша елпілдей қарсы алды. Шаруашылық жайын баяндады. Адамдарын
таныстырды. Жұмысым біткен соң «Айымжанға» баратынымды айтып, апарып тастауын
өтініп едім, әдетте кісі бетіне келмейтін момыным ал кеп кетсін дейсің... Жұрт
көзінше айтпағаны жоқ.
Тілші болсаң астыңда атың неге болмайды? Машинамен неге
жүрмейсің? Сен тіпті тілші емессің. Тілші болған күннің өзінде де
газетіңдегілерге беделің жоқ. Беделді азаматтың астында көлігі болады. - Сөз
осы. Басу айтпақ болған Әпенді де тыңдаған жоқ. Ақыры менің жаяу кетуіме тура
келді. Дегенмен мен кеткен соң бастықты тегі Әпен айтып көндірген болса керек.
Тұрғын марқұмның өзінің де қайтымы шапшаң болатын, жол ортасына жете бергенімде сұр биені салдыртып бір жігіт келді де, «Айымжанға»
жеткізіп салды. Лау сұрағаннан басқа түк жазығым болмағандықтан ба (тіпті
астыңдағы өз атыңды бер деп те айтпағанмын ғой), Тұрғынның мына соңғы қылығы
әлгі ұрысқанынан да жаман батты. Мазақ секілді. Мен қатты ренжідім. Соның
өзінде де Тұрғынды, Тұрғын бастаған шаруашылықты жамандап мақала жазу ойыма да
келмепті. Арада отыз алты жыл өткен соң, міне, енді ғана, онда да орайы келген
соң айтып отырмын. Бұл қылығыммен мен ешкімге қиянат жасамадым дегенді айтқым
келеді. Содан болса керек, мен ғана елді танып қойған жоқпын. Ел де мені танып, өзіне
санаған. Соның айғағы - екі ауданда да жақсы көрген аға достарым көп еді.
Бұдан, әрине, «мына тілші жауырды жаба тоқып жүре берген екен ғой», - деген ұғым
тумайды. Объективті айтылатын пікір, жазылатын мақалалардың жөні бөлек. Мен бұл
жерде мың тонна кен қоқысынан бір грамм радий іздеген кенші секілді күйбеңі көп
күнделікті күйкі тірліктен әманда жақсы мен жаңаның нышанын іздеушілік пиғылын
айтып отырмын.
         Тағы бір есте
қалған оқиға - бұрынғы Октябрь ауданының Ленин атындағы колхозында өткен
ақындар айтысы. Бұл ауданда айтыс өткізу газет редакторы Өміржан Оспанов пен
оның орынбасары Ғалым Мұхамеджановтың ұсынысы бойынша облыстық партия
комитетінде маған тапсырылған-ды. Кіммен кім айтысады? Және кіммін деп
айтысады? Әуелі осыны шешіп алу керек. Белгілі ақын Тырбидың Молдахметі, әрине,
шаппай бер. Ал оның қарсыласы кім болмақ? Сол Ленин атындағы колхоздың тұрғыны
Ерғали ма әлде Өрнектегі әнші мүғалім Әзікен бе? Аудан басшыларымен ақылдадаса
келіп, айтысқа ақын келіншек араласса жиынымыздың әрлі, тартымды боларын
ескеріп, біз Әзікенге тоқтадық. Көп кешікпеді, «Еңбек» колхозынан Тырбидың Молдахметі,
«Өрнектен» Әзікен айтыс өтетін Ленин атындағы колхоздың орталығына келді. Шынын
айтсам, айтыс тексін күн ұзақ отырып мен жазам. Молдаекең мен Әзікен жаттаумен
болады. Осындай күндердің бірінде ұзақ жұмыс істеп шаршаған соң далаға шығып
біраз қыдырып, ала көлеңкеде, жатқан пәтерім - колхоз председателі
Әлмағамбеттікіне келсем, аупартком хатшысы Көбегенов, Алматыдан келген ақын
Ғалым Малдыбаев отыр. Әзікен маған бас салды.
-        Рахмет сізге,
өкпем жоқ. Мен енді ауылыма қайта берейін.
Мен түкке түсінбеймін.
-        Не ғыл деп
қайта бермексіз?
-        Мына кісілер
солай деп отыр ғой.
-        Себеп не? -
деймін хатшыға қарап.
Көбегенов:
- Әзікеннің орнына Ерғали жөн секілді,- дейді.
-        Неге жөн
секілді? - деп қадаламын тағы да Көбегеновке. Ерғали Ғалым Малдыбаевтың кейінгі
алған әйелінің әкесі екенін білгендіктен, тіктеу сөйлеймін.
-        Оны мына
Ғалекең айтсын,- деп жалтарды хатшы.
-        Әзікен өлең
шығармайды ғой,- деді Ғалекең.
-        Әзікен өлең
шығармаса, өлең шығарып қарқ қылып тастапты деп Ерғалиды да естіген жоқпын, - деп
дауласа кеттім Ғалекеңмен,- Содан кейін кеше ғана келісіп алып, бүгін былай құбылып
жатқанымыз ұят. Кейін де күн бар. Молда-екең мен Ере-екеңді де айтыстыруға
болады. Оны мына Ғалекеңнің өзіне тапсыру жөн, - деп Көбегеновке қараймын.
        Негізі бос,
Алматыдан келген аты бар ақынның беделіне ғана сыйып отырған Көбегенов жығыла
кетті.
-        Ғалеке,
шынында да шалдарды кейінірек бір кездестірейік. Мына айтыс өте берсін.
       Ғалым Малдыбаев
ал кеттімі жоқ байсалды адам ғой, «жоқ болмайды» демеді.
        Осы оқиғадан
кейін Әзікенге өзіне деген бір түрлі сенім пайда болғанын аңғардым. Ақын
келіншегім құлпыра шабыттанып, даусы да ашылып кетті. Кәрі тарлан Молдахмет пен
өз елінде қадірлі әнші келіншек Әзікеннің айтысы көпке дейін жұрт аузынан
тастамай айтып жүрерлік той болып өтті.
       Бұл 1945 жылдың
февраль айының орта шені болатын. Қателеспесем, сол айдың аяқ кезінде айтыс
тексті толығымен «Ленин туында» жарияланды.
Содан бері арада отыз бес жыл жатыр. Әзікен, оның күйеуі
Мәжитпен арамызда сол кезде басталған достық байланыс күні бүгінге дейін
жалғасып келеді. Әзікен мен Мәжиттің айтыс өткен кезде бір-екі жастағы үлкен қызы
Гүлбаршын кейін колымызда тұрып университетті бітірді. Біз оны өз қолымыздан
тұрмысқа бердік. Жолдасы Рабат Алматыда қазақ радиосында істейді. Бұл жас, жаңа
семья да Алматыдағы біздің екінші үйіміз секілді қазір.
        Сөз соңында
мына мүшелді той күнін пайдаланып газетке қояр бір тілек-талабым да бар: газет
жас таланттарды үнемі бақылап, көтермелеп, жазғандарын жиі-жиі жариялап отыруға
тиісті. Өйткені аудан, облыстағы баспа орыны жас дарындардың алғашқы ақ бесігі
болып табылады. Солтүстіктен шыққан ірі талант иелері Сәбит, Ғабиттерді мақтан
ететіндеріңізді білем. Бірақ басқа облыстарға қарағанда Солтүстік өлкесі
талантқа сарапдал екенін де ұмытпау керек. Мен өзім өз артымнан жиырма жылдан
кейін ғана ерген жалғыз-ақ інімнің барын (талантты прозашы Ермек Қонарбаевты айтамын) ойлап азырқана қынжыламын.
         1979 жылы «Жалын»
баспасы «Жүздесу» деген атпен тамаша әңгімелер жинағын шығарды. Онда 1935-1945
жылдары арасында дүниеге келген қазіргі халыққа танымал жиырма бір автор бар.
Солардың ішінде Солтүстік пен Көкшетаудан шыққан бір жазушы жоқ.
         Осы жәйді
ескерсек, жаңағы мен айтқан тілектің мағынасы айқындала түседі.  Е. Қонарбаев 1984 жылы қайтыс болды.