ВЕРНУТЬСЯ

       Үміт - қысқа
мойын кесек келбетті кішкене әйел. Әдемі сөйлейді. Жәй әдемі емес, тауып
сөйлейді. Ағайынға коң етін кесіп беруге дайын тұратыны тағы бар.
        Содан ба,
былайғы туыстары сөзін екі етпеуге тырысады. Күйеуі Дәкен өзінің аз ғұмырында
жұбайына қарсы келмеген жан еді. Анауың теріс, мынауың қате демейтін. Не тілегі
болса да бас тартпайтын-ды.
       Жұмысшы
арасында туған ауыз әдебиеті туралы жап-жақсы диссертация қорғап, ғылым
кандидаты атағын алған Дәкен ұзақ өмір сүре алмады. Таланты енді ашылып келе
жатқан кезде дүние салды. Оған да міне отыз жылға айналып барады. Артында
қалған жалғыз қызын бағып отырған Үміт араға отыз жыл түссе де екеу-ара болған
бір қызық оқиғаны осы күнге дейін
айтудан жалықпайды. Және бір ерекшелігі - өзін құрбандыққа
шала отырып баяндайды:
-        Гүлмирамыздың
бір жастағы кезі. Қарағандыдағы туыстарға сапар шектік. Жолда Жарық
станциясында тұратын жама ағайын Жәмиге телеграмма соққанбыз. Онымыз - онда да
бір-екі күн болу. Поезд мерзімді сағатында Жарыққа келді. Бірақ Жәми жоқ. Оның орнына
жеңгеміз Алтын қарсы алып жатыр.
-        Ағаларың жұмыс
басты адам ғой. Ауданның бар шаруашылығы өз мойнында. Қазір бюро өткізіп жатыр.
Сосын мен келдім. - Поездан алып қал, бір-ер күн аунап-қаунап дем алсын, - деп
жіберді, - деді. Шынымды
айтсам, Жәмидің өзі шықпаған соң, қитығыңқырап қалдым.
Алматыдан арнайы алып шыққан бір торлама алманы қолына ұстаттым да:
ықыласыңызға алда разы болсын. Телеграмма берсек те, тоқтайық деген ойымыз жоқ
еді. Қарағандыдағы туыстар алаңдап отырады ғой. Қинамаңыздар, - деп, торламаны
қайтарып баруді өтіндім. - Гүлмираның жөргектерін салуға керек еді. Бірақ Алтын
құр қол шығыпты. Енді не істеу керек? Әманда ыңғайымды бағып тұратын Дәкен:
Жәкеңнің үйі міне тұр ғой, жеңгеймен еріп барып, босаттырып алып келе қояйын, -
деп жөнеле бермесі бар емес пе...
-        Поездан қалып
қоясың, бармай-ақ қой.
-        Жүгіріп
барамын. Жүгіріп келемін. Қалмаймын поездан, - деп Дәкен жеңгесіне еріп кете
берді. Мен қарап тұрмын. Олар әңгімелесіп Жәмидің үйіне жете бергенде поезд
қозғалсын де кетсін... Сол екі арада үйге Жәми келеді.
       Ештене етпейді.
Бір-ер күн осында болындар. Мен кәзір алдағы станцияға - келінді түсіріп алыңдар,
-деп хабар берем...- Үмітінің бір қисайса иілмейтінін білетін Дәкен көнбейді.
      Жок, қайтсе әйелім мен баламды қуып жетуім керек.
      Ақыры Дәкенім
мені екінші станциядан жүргелі тұрғанымызда қуып жетті. Алып келген кім дейсіз
ғой?..
        Қазақтың
жұтынып тұрған бір қызы. Қалай, немен алып келді? - Мотоциклмен... Дәкен аяғы
баспалдаққа да ілікті, поезд да қозғала бастады... Байқаймын, көйлекшең кеткен
Дәкен үстінде бөтен бір пиджак бар.
-        Мына пиджак
кімдікі?
-        Ә, Жәмидің
пиджагі ғой. Мотоцикль үсті суық болады, тоңасын, - деп кигізіп жіберіп еді,
мә, қарағым, ала кетші, - деп Дәкен пиджакті қызға лақтырды.
        Арада бір шама
уақыт өтті. Әдейі барып алып келмек болған бізге де, Жәмилерге де қиындық
туғызған торлама есіме түспей ме...
-        Дәкен, сетка
қайда?
        Дәкен санын
бір-ақ соқты. Соншама арам тер етіп, жұртты дүрліктірген торлама Жәми
пиджагінің қалтасында кеткен...
-        Кейде тым
пысықтықтың осындай зияны да болады екен... - деп Үміт сөзін күле аяқтады.