ВЕРНУТЬСЯ

    Бұдан біраз жыл бұрын шалғай ауылда тұратын жас талапкерден хат алдым. Ренішті хат. Бәйге алған повесі альманахқа басылмағанын жазыпты. Бәйге береді де баспайтыны қалай? — Ренжімегенде қайтерсің.
  Аяңдап «Жалын» альманағының редакциясына келейін. Редакторы жоқ екен. Редактордың орынбасары аласа бойлы талдырмаш жігіт отыр. Сырттай таныспын. Төлен Әбдіков — проза жазатын жастардың бірі. Бірақ жазушылығын да, кісілігін де біле бермеймін. Ол да мені біліп жарытып жатпайтын болса керек. Онысын кездесе қалғанда көңілі түссе, амандасып, көңілі түспесе, теріс айналып кете беретінін талай-талай байқағанмын.
  ...Мен сөйтіп «Жалын» альманағының бас редакторының орынбасары Төлен Әбдіковтің қабылдауындамын.
  Үлкен кісі келді-ау деп орнынан тұрмайды. Отырыңыз, — деп орындық ұсынып ізет көрсетпейді, — Не жұмыспен келдіңіз? — Жұмысым өзің секілді бір жас жазушының шаруасы. — Ия, құлағым сізде. Ол не шаруа болды екен? — Пәлен деген жігіт повесіне бәйге алды ма? — Ия, алған, — Бәйге берсеңіздер, жаман шығарма деп бермеген боларсыңдар?.. — Әлбетте, — Әлбетте болса, бәйге берген шығарманы енді альманахтарыңа неліктен баспайсыңдар? — Бәйгеге іліккен шығармалардың бәрін бірдей баса алмаймыз. — Неге? — Екі айда бір-ақ шығатын альманахтың мүмкіндігі жоқ. — Сонда қалай, бәйге берген шығармалардың өзін де іріктеп басасыңдар ма? — Әлбетте. — Ал бәйге алмаған шығармаларды ше?— Оларды да жариялап тұрамыз. — Олай болса, ең алдымен жүлделі шығармалардан құтылып алмайсыздар ма?— Бәрін бірдей баспаймыз деп жаңа ғана айттым ғой сізге. — Төленім тыжырына жауап берді, — Принцип қайда сонда?— Альманахтың мүмкіндігі жоқ демедім бе? — Біз сөйтіп манағы сұрақтарды қайта бастап, манағы жауаптарды қайтарып, екінші айналымға кеттік. Қалай айтсам да көнбейді. — Бәйге алса, қайтеміз, ала берсін, баса алмаймыз. — Сөздің тоқ етері осы.
  Шынымды айтсам, мен мына жас жігітпен тәжікелесемін деп ештеңенің ығы-жөнін таба алмай шаршап та ренжіп те шықтым. Не істеу керек? Үлкен адамға дөкір жауап беріп отырған мына баланың сазайын қалай тарттырсам екен? Жоқ жерде намысым мұқалған мықтының ішкі есебі міне қайда жатыр десейші?! Мен Төлен Әбдіковтің шығармаларын іздедім. Оқиын да өзінен үлкен жазушымен қалай сөйлесу керек екенін көрсетейін мен оған... Сөйтіп болмай жатып бола қалған кекірттің әуселесін басайын бір...
  Осындай пендешілікке бой алдырып жүргенде қолыма Төленнің сол өзі басқарып отырған альманахта жарияланған «Оң қол» атты әңгімесі түссін. Құдай берді. Өзі қол қойып отырған альманахта өз әңгімесі... Ырымшылдықтың, жүз жыртпастықтың осыдан артық үлгісін қайдан таппақсың?!
  «Оң қолды» оқып жатырмын... Олай қозғаймын, былай қозғаймын. Қозғалмайды. Жоқ кітап емес, Төленнің өзі қозғалмайды. Қозғалмайды емес-ау, қайтсе де қалпақтай түсірем деген мықтының өзі — мына мен қозғалта алмаймын. — Он алты, он жетілердегі жас қыз. Сондай көрікті, үріп ауызға салғандай сұлу да тартымды қыз. Оған жігіттердің бәрі ғашық. Ынтығып танысады да біраздан соң басылып қала береді. Себебі — Алма ауру қыз. Ауру болғанда науқасының түрі қызық: ұйықтап бара жатса оң қолы шап етіп өз кеңірдегінен ала түседі де қылқындыра бастайды. Қыз болса, тұншығып өліп бара жатады. Жан-дәрмен дегенде сол қолы көтеріліп оң қолымен сайысқа түседі.
  Жеңсе, жеңеді. Жеңіліп бара жатса қыз бақырып айқай салады. Көмекке көлденең адамдар келіп оң қолды кеңірдектен босатып алады әйтеуір. Оң қолынан қорыкқан қызда ұйқы-күлкі жоқ. Үнемі түн күзетеді.
  Ауруханада да жағдай осы. Қыз қасында қайтсе де біреу отыру керек.
Бұл не? Фантастика ма? Фантастика дегіңіз келсе, деңіз. Бірақ адам жүрегінде жақсылық пен жаманшылықтың үнемі тайталасып жүретіні өтірік емес қой. Бір әзәзіл сезім әлде бір ұят нәрсеге итермелесе, ендігі бір тазалық сезімің мен ар-ұжданың соған қарсы бой көтермей ме?! Олай болса, Төлен айтып отырған мәселе өмірде бар құбылыс. Оқшаулығы — әңгіменің формасы ғана. Ал жас жазушы бұрынғы жұрт шиырлап кеткен ізге түспей, ізденетін болса, өзінше жаңа түр тапса, оның несі айып? Айып емес, қайта ғанибет демейсің бе?!
  Жер бетінде алтыннан да қымбат бір асыл металл бар. Оның аты платина. Саф күйінде көне заманнан бері белгілі болғанымен, платинаны тұңғыш рет өндірістік жолмен ашқан адам француз ғалымы А. Сент-Клер Девиль екен. Ол бір мың сегіз жүз елу тоғызыншы жылы екі шаршы дециметр платинаны үстелге қойған да бір досына: көтеріп көрші, — депті. Көтермек түгіл орнынан жылжыта алмаған досы — шегелеп тастаған металыңды қалай көтеремін?! Мазақтауыңа жол болсын! —деп ашуланған екен деседі. Мен Девильдің досына ұқсап, Әбдіқовті қозғалта алмай пұшайман болғаным. Жоқ, пұшайман болдым, — дегенім дәл емес. Шынтуайтқа келетін болсақ, Төленнің оң қолы мен сол қолы төбелесіп жатқан ана ауру қызына ұқсап кетіп тұрмын ғой. Бірақ екінің бірінің басында кездесетін осы бір шамшылдық пен кіділік, менше неге болмайды деген өзімшілдік секілді қатерлі дерттен мені айықтырып алған дауа — «Оң қол» әңгімесінің өзі. Дәлірек айтсам, Төлен Әбдіков бойындағы баяу болса да айқын ашылып келе жатқан жазушылық талант.
  Ал талантқа бас имеу — ақымақтардың ғана үлесі болмақ.