ВЕРНУТЬСЯ

    Менің Заманбек Батталханов дейтін досым бар. Алматы облысы Ұйғыр аудандық атқару комитеті председателінің орынбасары қызметінде жүрген кезі. Төрт-бес жігіт бас құрап, Іле бойына шықтық. Жер аралаймыз. Мал жайылымын көреміз. Аң атамыз. Кешке оралған бетте тура атқару комитеттің председателі Баратов Сатыбалдының үйіне келіп түспекпіз. Жоспар-келісім осы.
  Жер көрдік. Іле бойынын құмын араладық. Бірақ аң кездестіре алмадық. Кеш түсті. Біз аудан орталығы Шонжыға оралып келеміз. Жөн-жобаны білетін, кісілігі мол, мінезі сынық досым Заманбек қиналып отырған секілді.
— Бұл ауданда қазақ-ұйғыр аралас. Мына Сатыбалды осы орамдағы ұйғырлар қатты сыйлайтын қадірлі кісісі. Жасы болса, үлкен. Әрі Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты. Ат басын соның үйіне тірейік деп келе жатырмыз. Қанжығамызда түгіміз жоқ. Құр қол баратын болдық-ау.
  Заманбекті қасымыздағы ел жігіттері де қостайды. Енді не істедік?
Біз бәріміз де осылай дағдардық. Өстіп келе жатқанда алдымыздан бір қоянның шыға келмесі бар емес пе! Қан басып тұрса керек, машина жарығына түсті де қайда барарын білмей аңырады да қалды. Мен үстінде тенті жоқ ашық ГАЗ-69 машинасының алдынғы қатарында шофер жігіттің қасында отырғанмын. Оқтаулы мылтықты алып көтеріле беріп басып қалып едім, дес берісте қоян жалп етті. Заманбек қуанышында шек болсайшы.
— Қоян болса да қанжығамыз майланып жақсы болды-ау тіпті. Ертеден қара кешке бес-алты жігіт машина сабылтып жүріп ең болмаса қоян да атып әкеле алмады деген аты жаман ғой. Сатыбалды әкәм келемеждеп күлетін еді. Мына жігіттер біледі, ұйғыр халқы жоғын бардай етіп өткізетін сыпайы халық. Бұлардың сол дәстүрін сақтап мына олжаға мән берейік. Сатыбалды әкеме қоянды сен өзің қолма-қол тапсыратын бол.
  Не айтатыныңды білесің ғой, — деп маған қарады.
  Сөйтіп, біз іңір қараңғысында күтініп отырған үйдің алдына келіп тоқтадық. Шығып-кіріп жол қарап жүрген Сатыбалды үйден жүгіріп шықты.
— Кешіккендеріне алаңдаңқырап отырған едім. Амансыңдар ма? Ал ендеше жақсы болды. Жоғары шығыңдар.
  Мен машннадан түстім. Ұмытып бара жатыр екенмін, қасымдағы жігіттердің бірі қоянды маған ұстата салды.
— Дұрыстап бір сөз айтып, ұсына ғой, — деп сыбырлап үлгірді Заманбек. — Ұйғырлар қоянды тошқан дейді. Солай атасаң Сатыбалды әкәм қуанып қалады.
  Мен тошқанды артыма ұстап тұрып кәдімгі бір сыйлық тапсырар ресми адамша сөз бастаймын ғой баяғы:
— Сатыбалды әкә, ерте аттанғанымызды өзіңіз білесіз. Бармаған жер, баспаған тау қалдырмадық. Көзімізге соқыр тышқан көрінбеді бірақ. Ақбөкен әкеп байласақ артық емес еді. Мына тошқанға разы боласыз, — деп қоянды ұсына бердім.
  Сатыбалды қол соза қоймады. Жұрт ду күлді. Заманбектің ха-ха-хасы ауаны жаңғырықтырды тіпті. Мен сасыңқырап қалдым.
— Оқасы жоқ, сіз кінәлы емессіз, білмеген адам у ішпей ме! Мына жігіттердің ұйымдастырып жүрген шаруасы ғой, — деп күлгенімен кәдімгідей қызарақтаңқырап қалған Сатыбалды үйге беттеді.
  Әр халықтың өз ғұрпы болады емес пе. Ал мына ұйғыр халқында басқа жұртта кездеспейтін әзіл-ажуаның бір түрі бар екен: кімге болсын нәресте күнінен бастап лақап ат қойылады. Оны өздері лақам дейді. — Жер бетіндегі жанды-жансызда лақам болмайтын зат жоқ. Жиналған жұрт біреуді іліп-қағып әзіл-оспақтың ұшына алайын десе, лақам туралы әңгіме жетіп жатыр. Лақамы — Қоян, Баратов қана емес, айдаладағы мен де ұйғыр чәк-чәгіне тиек болып, сол күнгі кеште ішегіміз түйілді.
  Қызық міне қайда жатыр.