ВЕРНУТЬСЯ

     Адуындықта да шарапат бола ма? Болады екен. Сондай қызық. Тыңдай беріңіз.
  Осыдан бес-алты жыл бұрын Алматыда «гараж науқаны» деген науқан басталсын да кетсін: айдың пәленшесі күніне дейін гаражыңды алатын болыңдар. Әйтпеген күнде сырылып тасталынады, — деген қабар-хабарлама жапсырылмаған гараж қалмаған-ды.
  Сондай қағаз менің гаражыма да ілінді. Осы іспетті хабарландырулар жиі-жиі қағылатын болғандықтан, етіміз үйреніп кеткен ғой деймін, — алса, алып-ақ тастасын, — деп жүре бердім. Бір күні Жазушылар одағына барып ем, алдымнан бір досымның шыға келгені. 
— Ау, жүрісің суыт қой, қайда тарттың, батыр-екесі?
— Горисполкомға. Баяғы гараж мәселесі-дағы. Құрылыс жағын басқаратын орынбасарына телефон соғып едім, келе ғой деді.
  Мен желкемді қасыдым.
— Осы мәселенің мені де қинап жүргені...
— Онда жүр менімен. Өтінішті бірге жасаймыз, - деді ақ көңіл досым.
  Мен ере түстім де ойланып қалдым: біреудің құйысқанына қыстырылғанша, өз бетімше неге бармаймын?
  Осы тоқтамға келдім де, одаққа кіріп жаңағы орынбасарға мен телефон соғайын.
— Келіңіз, — деді жылы дауыс.
  Араға жарты сағат салып қалалық атқару комитетіне жақындай бергенімде, жаңағы досымды тағы кездестірдім.
— Кірмей-ақ қойсаң да болады. Құр меселің қайтады, — деді ол.
— Немене, өтінішің орындалмады ма?
— Гараж десең-ақ құлағын басады екен. Қала бойынша жүріп жатқан науқан.
  Мен тағы да досыма ере түсіп барып тоқтадым: япырау, жаңа ғана телефон соққан жоқпын ба?! Ол кел деді. Ал мен бармаймын. Сонда не ойламақшы ол мен туралы? Жоқ, қайткен күнде де алдынан өткенім дұрыс. Осы байламмен қабылдау бөлмесіне кірдім. Көмекші қыз күте тұруымды өтінді. Мен орынтахқа жайғастым. Журнал үстелшесінде жатқан газетке үңіле бергенімде, көмекші қыз аты-жөнімді сұрады.
— Қай мекемеденсіз?
— Жазушылар одағынан.
  Қыз өңі өзгеріңкіреп кеткен секілденді.
— Сонда не, сіз де жазушысыз ба?
— Ғажап емес.
  Көмекші қыз иығын қақты.
— Жоқ, ғажап...
  Менің де иығымды қозғауыма тура келді.
— Неліктен ғажап?
— Жазушылардың ішінде сіз секілді сыпайысы да бар екен-ау?!
— Неге олай дейсіз?
  Көмекші қыздың кейпінен кірбең білінді.
— Жаңа осында мен жазушымын деп бір кісі кеудесін қаға келгені. Ана кісі бос емес, күте тұрыңыз десем, құлақ асу қайда? Мені сүйреп тастай жаздады. Ақыры жер-көкті шулатып кіріп кетіп еді, тез шықты. Соған қарағанда, шеф дұрыстап қабылдамаған болса керек. Қайтсе де ашулы кетті.
  Мен қысылыңқырайын дедім.
— Ол кісі белгілі жазушы.
— Белгілі жазушы екенін өзім де білемін. Бірақ бай болған адам бақырып болмайды ғой. Міне сіздің жөніңіз басқа.
  Мен қолайсызданып қалдым.
— Тағы бірде келермін. Кетейін...
  Көмекші қыз жабыса кетті.
— Неге кетесіз? Міне қазір о кісі босайды.
  Сөйткенше болмады, кабинеттен біреу шықты. Көмекші кыз жүгіріп кірді де сәл кідіріңкіреп барып, есікті шалқайта ашты:
— Мархамат, кіріңіз.
  Бастықтың орынбасары тығыншықтай қара жігіт екен. Сыпайы салқындықпен орын көрсетті.
— Құлағым сізде.
— Келуін келіп қалсам да қолайсызданып отырғаным... — дедім қиналыңқырап.
— Неліктен? — деп орынбасар таңдана қарады.
— Буынсыз жерге пышақ ұрғандай ма, қалай? Өкініші — мұның бір қытығы бар мәселе екенін әлгінде сізге телефон соққаннан кейін барып түсінгенім. Кетіп қалайын деп ем, қабылдау бөлмеңіздегі қызыңыз жібермеді.
— Сонда не, сіздің де мәселеңіз гараж туралы ма? - деп орынбасар дөп түсірді.
— Ия... Оңай шешілер ұсақ шаруа деп есептегенмін ғой. Сөйтсем, бүкіл қала болып колға алып жатқан үлкен науқан екен.
— Ия, науқанға айналып кеткен мәселе болып тұр, — деп орынбасар күрсініп алды. — Машина көбейді. Соған байланысты заңсыз гараждар да балалап жатыр. Тежемесе болар емес. Ниетіміз осы.
— Ниет дұрыс-ау. Бірақ гараждарды бас жоқ, көз жоқ қирата бермей, сайланып кірісу керек емес пе. Мәселен, салынып жатқан үйлердің астыңғы қабатын — қойма дейсіздер. Сол қоймаларды пайдаланатын бір тұрғынды кездестірген емен. Бәрі де қаңырап бос жатыр. Сол қоймаларды кооперативтік гараждарға неге айналдырмасқа? — дедім көптен бері ойымда жүрген пікірді ортаға салып.
— Жөні бар ұсыныс, — деді орынбасар.— Ойластыруға тиіспіз. Сонымен өз гаіражыңыз туралы не өтінбексіз?
— Не өтінбекпін, мүмкіндігі болса, қалдыра тұрыңыздар. Курортқа жүріп бара жатырмын. Ең болмаса, қайтып оралғанға дейін қозғамасаңыздар жақсы болар еді. Қисыны келмесе, өкпем жоқ.
— Гаражыңыз қандай жерде тұр еді? — деп сұрады орынбасар сәл ойланып барып.
— Қаға беріс қуыста. Ешкімнің көзіне түсе бермейтін жер. Кедергісі де жоқ.
  Орынбасар телефон құлағын көтерді де, керек адамымен сөйлесті.
— Сіздерге осындай кісі барады. Арызына мен қол қойып берем. Әзірге гаражын қозғамай қоя тұрыңдар.
  Әңгіме осы бұйрықпен тәмамдалды.
  Сөйтіп, досымның адуын мінезінің арқасында жолымның бола кеткені...