ВЕРНУТЬСЯ

       Қазақ музыка
өнерінің жосатты тұлғасы Нұрғиса Тілендиевтің «Аралдағы жеңеше» - атты әнін кім
білмейді?!. Кім айтпайды! Тіпті ән десе иіс алмайтындардың өздері де оңашада:
Аққуындай Аралдың,
Қандай нұрдан жаралдың?
Жадыраған жаның гүлдей, жеңеше.
Мінезіңді сағындым ғой. Аралдағы жеңеше-ай! - деп өз бетінше
ыңылдап жатпай ма әлде бір көңіл күйінің әуенімен. Шіркін, естір құлаққа бас
шұлғыттырып қойған Аралдағы жеңеше-ай десеңші!... - Бір көрсем-ау, -
деп армандамайтын жан табыла қояр ма екен сірә да? Ал мен
болсам...- ішіңіз күйсе тұз жалаңыз, - Аралдағы осы жеңешеңізді көрдім. Көрмек
түгіл қол беріп амандастым да.
       Бір мың тоғыз жүз алпыс тоғызыншы жылы Нұрғисаның
үйінде отырғанбыз. Телефон шылдырлады. Бір емес, қайта-қайта шылдырлады. Ақыры телефонды
қайта-қайта шылдыратып тұрғаны кім екенін Нұрғисаның айтуына тура келген болса
керек:
-        Аралдағы әлгі
жеңешеміз ғой. Күйеуі істі болған ба, соның шаруасымен жүрген секілді. Вокзалда
тұрмын, келіп кет дейді, - деді ықылассыз ғана.
-        Шақырып тұрған
кісінің Аралдағы жеңешең екені рас болса, неге бармайсың? Барып, тым болмаса
амандасып кел.        
-        Онда бірге
барайықшы, - деп қиылды Нұрғиса.
        Біз сөйтіп
вокзалға келдік. Нұрғисаның Аралдағы жеңешесі күтіп жүр екен, алдымыздан шықты:
бет бітімі кесек, шығыңқы қарын, жауырынды да мықынсыз, толықша келген орта
бойлы қоңыр келіншек. Қол алысып танысқаннан кейін біз жүре сөйлестік.
-        Нұрғисаның
Аралдағы жеңешесі мен едім, - деді ол маған қарап. - Бірақ көп жұрт соған сене
бермейді... - Содан кейін Нұрғисаға бұрылды.- Мен екенім рас қой, Нұр-еке?
-        Рас, рас.
-        Рас болса,
онда...
      Нұрғисаның Аралдағы
жеңешесінің көңілімдегіні таппағаннан кейін сөз аяғын күтпей-ақ кейіндеп қалдым
да, бұрылып кеттім.... Жоқ, алай-былай, - деп Аралдағы жеңешеңізді жазғырудан
мүлде аулақпын. Балуан-Шолақты табындырған Ғалия, Ақан-серіні ғашық еткен
Ақтоқты, Мұхиттың емешесін үздіріп, ынтызар еткен Айнамкөздер, мүмкін, Аралдағы
осы бір жеңешеміздей-ақ шығар?.. Кім біліпті оны!.. Еңлік пен Баян, Қыз-Жібек
пен Ақжүністер ше?.. Дүниеден жанып еткен Қасым Аманжоловты алыңызшы:
Өңімде ме еді,
Түсімде ме еді?..
Көріп ем ғой бір армандай қызды.
Бір нәзік сәуле
Күлімдеп еді,
Сұрапыл соғыс соқты да бұзды.
Сапырды дауыл,
Тебіренді теңіз.
Тулады толқын,
Шайқалды шың-құз....
Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз.
Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?
Қып-қызыл өрттің ішінде жүріп іздеген армандай қыз кім? Айшалып
келгенде, ұлылық пен сұлулық үлгісі өз көңілімізде. Армандай пәк сәулеге
айналған сол үлгіні үлбіретіп әкеліп жаныңыздың нәзік пернесіне қондырған өнер
құдіретіне басымызды иейікші!..