ВЕРНУТЬСЯ

     Сәбит Мұқановпен ең алғаш 1942 жылдың март айында кездестім. Мен онда армия қатарына шақырылып осы Алматы қаласына келген болатынмын. Уақытша тұрағымыз бұрынғы «Ударник» кинотеатрының кең залы. Сәбеңмен мен сонда кездесу үстінде таныстым.
  Бірдемелер жазып жүрмін деген соң ба, Сәбең маған оң қарады. Бес-алты баланы үйіне шақырды. Құдай оңдап сол алтаудың бірі болып Сәбең үйіне мен бардым.
  Шежіре Сәбеңнің қызықты әңгімесін тыңдап, Мәриям ананың дәмді тамағын ішіп, бір күн аунап-қунап келесі күні біз жатағымызға оралдық. Сәбең кетерде маған 1937 жылы түскен бір суретін ескерткіш етті. Ол сурет күні бүгінге дейін қиын-кыстау кезеңнің асыл жәдігері есепті үй ішіміздің альбомында сақтаулы тұр.  Арада үш жылдан астам уақыт өтті. 1945 жылдың октябрь айында тағы да Алматыға келдім. Ол кезде Солтүстік Қазақстанның «Ленин туы» газетінде істеп жүрген кезім болатын. Алматыдағы партия мектебінің жанынан ашылған тоғыз айлық журналистік курсқа обылыстық партия комитетінен жолдамам бар. Астанаға самолет түнгі сағат он бір кезінде келіп қонды. Автобус, машинаның жоқ кезі, жаяулап, жалпылап қаланың орталығына жеткенше түн жарымынан ауды. Қонақ үйде орын жоқ болып шықты. «Ударник» кинотеатры байырғы қызметіне ауысқан. Таныс, жақын деген тағы да жоқ. Енді қайттім? Кенет Сәбеңнің жылы жүзі көзалдыма келе-қалды... 
  Өйтпесек казақ боламыз ба, ұйықтап қалғанына қарамастан салып ұрып Артиллерия көшесіндегі (қазір Құрманғазы) таныс үйге келдім де, есік қақтым. Көп күттірмеді. Сәбеңнің көпке таныс тарғыл даусы шықты.
— Бұл қайсың?
— Бұл бір ел адамы, — дедім мен атымды ұмытып қалған шығар деген оймен.
  Әлгіндей болмай есік ашылды.
— Е, Сафуан екенсің ғой? Ел адамы дегенше, жөніңді неге айтпайсың? Ал, төрлет. — деп Сәбең тым жылы құшақ жайып қарсы алды. Жадында екен, ұмытпапты. Арада талай күн өтті. Сәбең жәй-күйіме әбден қанған соң:
— Курс деген не, тәйірі, жазушы болғың келеді екен. Университетке түс. Талантың қанша асып тұрса да, білімсіз жазушы болу оңай емес, — деді.
— Университетте сабақ басталып қалды ғой. Түсем дегенмен қабылдамайтын шығар.
  Сәбең қағаз, қалам алды да, әлденелер жазып, маған ұстата берді.
— Мә, мына жолдаманы университеттің ректорына апарып бер... Кешіксең де түсерсің деп ойлаймын.
  Университетке бара жатып «не жазды екен?» деп үңілсем, Сәбен былай депті: «Бұл жігіт жаңа жаза бастағандардың ішіндегі көп үміт күттіретіні. Университетте орын болмаған күнде, нашар оқитын біреуді шығарсаң да, қабылдауыңды өтінемін».
  Ректор жолдаманы оқып сәл жымиды да, «Қабылдансын» деп бұрыштама соқты. Мен университетке түстім. Он бес, жиырма күннен кейін Сәбең үйіне алғыс-рақметімді айтып, жатаханаға шықтым. Бірақ қарым-қатынасымыз нығая түсті.
  Бір күні мен Сәбит ағаға өлеңдерімді алып бардым. (Ол кезде ептеп өлең жазатын да «өнерім» болған). Сәбең бәрін де зор иждаһатпен құлақ қойып тыңдады да:
— Өлең техникасын меңгере бастапсың, бірақ бастан-аяқ сары уайым екен, — деп сәл кідірді де кішкене көзінің құйрығымен маған қарады, — мені жұрт жалпақ шешей деп кіналайды. Сірә, соның жаны бар-ау деймін.
  Бүгіннен бастап осы жалпақ шешейлікпен хош айтысып беті-жүзің демей нені болсын тура айтуға белімді бекем байлап отыр едім. Сол серттің үстінде...сен келдің, ренжіме — деді.
  Менің зәрем ұшты. Тым болмаса бір күн ертерек те келмегенімді қарашы деп өкіндім. Ренжіме десе де, Сәбең мен түскен теріс жолдың негізсіздігін жәйлап отырып жеткізе айтты.
— Балаң жігіт үшін өмір гүлбақша есепті. Қызыл гүл, ақ гүл, көк, жасыл гүл... Балаң жігіт сол өмір бақшасының алғаш рет есігін ашқанда, көзі ең алдымен бір гүлге түседі. Албырт мінез, ыстық сезіммен келіп жұлып алып, төсіне қадайды десе, онысы тікенді роза гүлі болып шығады. Қолын қанатады. Содан барып беті қайтады, көңілі қайтады. Гүл көрсе, бәрін де тікен екен деп ұғады. Тікенсіз де гүл боларын жаңағы байғұс аңғармайды. Меланхолияға ұрынады, мына секілді сары уайым өлеңдер жазады. Қазіргі замандағы ақын жүгі ауыр жүк. Сезімтал, сергек болуы өз алдына, ақын ойлы болуға тиіс, ақын философ болуға тиіс. Сары уайымда қандай негіз бар? Менімше ешқандай негіз жоқ. Көп болса бір қызды жақсы көрген шығарсың, көп болса, ол қыз сені түсінбеген шығар, қарамай кеткен шығар. Бірақ мұның бәрі өткінші сезім, алдамшы сезім. Жазушы болам, ақын болам десең, ең алдымен осы жалғандықтан құтыл, күйректіктен сақтан. Жарға жығыласың әйтпесе.
  Сәбеңнің осы айтқаны әлі күнге құлағымда тұр. Мен бұдан мықты қорытынды жасадым. Қазір ойласам, өз өмірімде екі үлкен бет бұрыс бар екен. Бірі — Сәбеңнің ақыл көмегімен университетке түскенім. Екіншісі — Сәбеңнің әділ сынымен творчестволық тура жол тапқаным. Ағалық осы камқорлығы үшін Сәбеңе мың да бір рақмет.
  Айта берсе, Сәбеңнің бізге тигізген шарапаты толып жатыр. Ең алғаш «Болашаққа жол» атты романымды Алматыға алып келгенімде алдымен оқып, әділ пікір айтқан үш қадірмен ағаның бірі осы Сәбең болатын. Қалған екеуі — республикамыздың белгілі қоғам, мемлекет қайраткері, әрі әдебиетші Ілияс Омаров пен даңқты жазушы Ғабит Мүсірепов.
  Қазақ Совет әдебиетінің негізін қаласып, сол әдебиетпен қатар жасап келе жатқан Сәбит ағаның басы Ғабит Мүсірепов болып бізге дейінгі, бізден кейінгі әдеби буынның ішінде шарапат әсері тимеген жазушы жоқ десек, асырып айтпаған боламыз.
  Мен өз замандасым Әбдіжәміл Нұрпейісовпен де Сәбең үйінде, Сәбең арқылы танысқанмын. Әбдіжәміл жазып әкелген «Курляндия» романының талай нұсқауларын Сәбеңнің талай күндер қайта-қайта оқып, қайта-қайта өзіне оқыттырып, әділ, пікір, түзетулер жасағаны әлі есімде.
  Сәбит қырық төрт жасында:
Бірақ мен адам емен ізім тақыр,
Мейлі жұрт «алтын» десін, мейлі — «бақыр»
Жолында өзім ерген ұлы көштің
Бірталай мен қалдырған мүлік жатыр, — десе, ешкім оны артық айтты демеген. Ал содан кейін жиырма тоғыз жыл өмір сүрген ата Сәбиттің сонда қалдырғанына тағы да талай-талай мүлік қосылғаны көпке аян.
  Сәбең тынығу дегенді білмейтін, жазбай отыра алмайтын жазушы еді. Бір кездескенде Сәбеңнен жәй-күйін сұрасаңыз:
— Шаршаңкырап жүрмін. Жазуды сәл доғарып тынықсам ба деймін, — дер еді. Ал сол күннің ертеңіне жолың түсіп, үйіне бара қалсаң, Сәбеңді жазу үстелінде көрерің хақ. Жазушы үнемі жаза бере алмайды. Әр жазушының қолы бос кезінде әрқилы ермек, машығы болмақ. Ал Сәбеңде ондай ермек те, машық та болған емес. Оның бар машық-ермегі де, бар машық-кәсібі де жалғыз ғана әдебиет еді. Жазудан қолы босаса, Сәбең қайта жазуға отыратын. Қазақ әдебиеті — Сәбеңнің бар болмысы, бар тынысы, ауасы болатын.
  Ертерек жылдарда Сәбең: «Мен бірнеше шығарманы қатар жазуды ұнатам», — деуші еді. Сонысы рас та. Сыр жөнінде роман жазып жүріп Мәлік Ғабдуллин жөнінде повесть бітіргені есімде. «Біздің заманның батырларының» үстінде Абай туралы қалың монография аяқтағаны да бар.
  Сәбең көп жазатын еді. Ең жақсысы қиналмай жазатын. Көп жазу, тез жазу — жазушы үшін таптырмайтын қасиет. Сәбеңнің осы бір жақсы қасиетін кейде міні деп те даурыққан кездеріміз болған. Аз жазсын, көп жазсын Сәбит — Сәбит болып қала беретіндігің өзі дүние салғаннан кейінгі сегіз жыл айқын таныта алды.
  Сәбеңе талап қойғыш кейінгі буын біздер мұны білсек керек енді.
  Мынадай бір оқиға есімде: Сәбеңнің Қазақстан Жазушылар одағының председателі кезі. Әлдеқалай шаруамен кабинетінде отыр едім, аты белгілі бір жазушы кіріп келді. Сондай ашулы.
  Сөз саптасынан аңғардым — аты белгілі жазушы кітап жазған екен. Ол кітапты бір өлермен сыншы газетте сынап тастаған екен. Сәбең аты белгілі жазушыны қолдаған жоқ. Тұрып барып кітап сөресіне үңілді.
— Бері қара, мынау данышпан Лев Толстойдың тоқсан үшінші томы. Бірақ соңғы томы емес бұл, Толстой жүз томнан артық дүние қалдырған! Сөйтсе де, соның бәрін алтын дей алмаймыз, Толстойды Толстой еткен, Толстойды данышпан еткен сен білетін, мен білетін он шақты-ақ шығармасы.
  Сәбеңнің осы әділ пікірін оның өзіне де қайталап айтуға болады. Сәбең жазған дүниенің бәрін бірдей асыл деу қате де, ал бәрін бірдей жасық деу ұшқарылық болып табылады. Сәбитті «кәдімгі Сәбит Мұқанов» еткен талай-талай дүниелері бар. Олары қалың оқушысына көптен мәлім.
  Сәбеңнің тағы бір керемет қасиеті соншама көп білетіндігі еді. Қазіргі жазушы қауымында қазақтың ауыз әдебиетін, қазақ әдебиетінің тарихын Сәбеңдей білген адам жоқ десек те болады. Мына бір жәйді еске аламын: қазіргі «Жұлдыз» журналының екінші бетінде «шыға бастағанына пәлен жыл» деген бір жол бар. 1953 жылға дейін осы бір кішкене анықтаманы журнал бұрышына жазып отыру ешкімнің ойына келмепті. Біз «ескі құлақтың» бәріне де сұрау салдық. Солардың ішінде «Жыл құсының» («Жұлдыз» журналының тұңғыш аты) алғашқы санын шығарысқандар да бар. Бірақ «пәлен жыл» деп ешкім дөп басып айта алмады. Сәбеңмен ақылдасуға тура келді. Сәбең: «Жыл құсының» алғашқы саны 1929 жылы шықты деп іркілмей айтты. Бұл мағлұмат кейін архивтік материалмен дәл шықты.
  Сәбит — шын мағынасындағы халық перзенті, шын мағынасындағы халықтық жазушы. Оның ел ішін көп аралағаны да содан. Көп жүрген соң жақсымен де, жаманмен де кездесе береді ғой, бірақ бір қабақ шытқан, мен-мендіктің нышанын танытқан Сәбеңді көрген емеспін.
  Қазақ халқы үшін Сәбеңнің кімнен болсын жолы үлкен еді. Кімнен болсын орны үлкен еді. Сөйте тұра ел ішінде жасы үлкен бір қария кездесе қалса иіліп сәлем беріп жатқан Сәбеңді, сырылып орын беріп жатқан Сәбеңді талай-талай көргенім бар. Бұл мінезде жалғандық жоқ, Сәбеңнің бар болмысы осы.
  Әлі есімде Сәбең екеуіміз 1946 жылы Алматының көк базарына бардық. Ойымыз қарбыз алмақпыз. Жаңа ғана бір машина қарбыз келіпті. Біреу аспай-саспай түсіріп жатыр. Шыдамы таусылған алушылар қарасы тым көп, бәрі ашулы. Сәбең ойда-жоқта машинаға жақын барды да үлкен басымен қарбыз түсіріп, сатушыға көмектесе бастады. Жұрт ашуы лезде тарқады. Осыдан кейін көмекшілер де көбейіп кетті. Сәбеңнің кішіпейілділігінің арқасында анталаған жұрттың бәрі әлгіндей болмай бір-бірден, екі-екіден қарбыз құшақтап жайына тартты.
  Осындай ізгі қасиеттерімен Сәбең — аңызға айналып кеткен жазушы. Ол жөнінде жақсы ниеттен туған толып жатқан әдемі әңгімелер бар. Солардың қайсыбірін ести қалса, Сәбең рахаттаиа күлер еді. Өйткені соның қайсысына болса да Сәбеңнің өзі себепкер болатын.
  Тағы да сол 1946—47 жылдың бірі. Көшеде келе жатыр едік, аласа бойлы бір сары жігіт Сәбеңнің қолын ұстай алды:
— Ассалаумағалейкум, Сәбе!
— Е, уағалайкумуссалам. Иә, қашан келіп қалдың?
— Сәбе, мен біраз жылдан бері осындамын ғой.
  Дөп басып жыға тани алмай тұрған Сәбең:
— Е, оны білем ғой, — деп жалтарды. — Келін аман ба?
— Сәбе, анада өзіңіз қолынан дәм татқан келініңіз келмес сапарға аттанған...
  Сәбең тағы да:
— Е, білем ғой, — деп күмілжіді. — Мына келінді айтам.
— Сәбе, бұл келініңіз әлі бола қойған жоқ.
  Осыдан кейін Сәбең:
— А, кездесеміз ғой, — деп аласа сарымен қош айтысты.
  Былай шыға бере мен үлкен басымен келін, бала-шағасына дейін тәптіштеп сұрап қалбалақтап қалған Сәбеңнің мына мінезін ерсілеу санап әдейі:
— Бұл қай жігіт? — деп сұрадым.
  Сәбең жауабы шолақ болды.
— Бұл антұрғанның кім екенін өзім де білмей келе жатырмын. Осы бір күлкілі оқиғаны әркімге айтқан едім. Соның негізінде туған тамаша анекдот қазір ел аузында жүр. 
  Мен Сәбеңмен жігіт Сәбит кезінде көріп танысқан едім. Жігіт Сәбиттің де, аға, ата Сәбиттің де айнымас жақсы бір қасиеті бар еді. Онысы — әдебиетке, қаламдас жолдастарына, кейінгі буынға қамқорлығы. Біз егер кеще болмасақ, ұлы өнердің кәдімгі Сәбит Мұқановтай кесілмей, ішілмей тура салған ұлы өкілінің рухына әманда басымызды иіп, тағзым етіп жүруге тиіспіз.