ВЕРНУТЬСЯ

         Темірғали
бипаздап ән салғанмен көсіле сөйлеп кететін шешен кісі емес еді. Бір ай қасында
жүріп Уақ елін араласа да Ыбырай туралы білігі сарапдал-тын.
       Темірғали ән
салғанда терезенің шынысы сытырлайтын, құлағың тұнып қалатын еді, - дейтін.
Соған мысал ретінде Үкілінің «Кәусер» әнін келтіретін. Кәусер - қайырылар
тұсында үсті-үстіне үш мәртебе көтеріле шырқалатын аса қиын ән. Содан болса
керек. Темірғали бұл әнді айтпайтын. Тек домбыраға салып ыңылдап отыратын да,
сегіз перненің бітер жерінен әрі қарай сағақтатып шекті үш жерден ұрып, қолын
аспанға көтеріп бұлғап-бұлғап барып тоқтайтын-ды. Солтүстіктің белгілі жыршысы
Тырбидың Молдахметі де Темірғалиға ұқсап, әннің басқы жолдарын айтатын да, - арғы
жағы міне былай, - деп домбыраны сағақтатып жоқ пернелерді қуалап, қолын
бұлғап-бұлғап тоқтайтын. Соған қарағанда Үкілі Ыбырай даусының ауқымы аса кең
болса керек-ті.
      Тағы бір дәлел:
Үкілі ән салғанда тамағы бүлкілдеп, бақа тамақтанып, иегімен мүлде тұтасып
кететіндігін көргендердің, Үкілінің әнін тыңдағандардың түгелдей мойындайтындығы.
- Үкілі Ыбырай шабытқа мінген шағында қолды-аяққа тұрмайтын.
Малдасын құрып, нық басып төрде отырғанымен, оң аяғын сол аяғының санына артып
алып, құйрығымен жорғалап есік көзіне барып қалатынын білмей қалушы еді, -
дейтін Молдахмет. Ұлы ұстазына еліктемейтін шәкірт болар ма, өзінің де үдере
жырлаған кезінде есікке дейін барып, кейін шегініп отырғанын талай-талай
көргенім бар. Молдахметті Темірғали де қостайтын. Бірақ әнді бір орында көзін
жұмып алып, теңселе қозғалмай отырып салатын. 
Темірғали айтып, кейін Молдахмет растаған тағы бір әңгіме - Ыбырайдың ән шығару
тәсілі туралы.
         Үкілі
ЬІбырайға шығарар әні көк дөненге мінген үкілі сұлу қыз болып түсінде көрінеді
екен. Үкілі қыз әнді қарсы келе жатып салса, Ыбырай оны ертеңіне шығарады. Ал
қырындап кетіп бара жатып шырқаса, ол ән бір жетіден кейін дүниеге келетін
болыпты.
          Бұл әңгімеге
сенесіз бе? Әлде сенбейсіз бе? - Оны өзіңіз біліңіз. Өз басым Үкілі Ыбырай
түсіне кәміл сенемін. Өйткені көк дөненге мініп алып, ақын түсінде көлеңдеп
жүретін үкілі қызды өнер атаулының құдіретті иесі - шабыт деп түсінемін.
       Шабыт - бұл
еңбек, - дейді даналар. Қарсылығым жоқ. Бірақ шабыт еңбектің топырыш торысы
емес екенін де ұмытпағанымыз жөн. Өнер қонған адамға шабыттың келер шағы бар.
Шабыт біреуге қара бүркіт болып, енді біреуге пырақтың қанатты тұлпары болып көрінуі мүмкін. Ал
Үкілі Ыбырайға сол илһам-шабытыңыз үкілі қыз болып түсіне енсе, шүбәланудың
жөні жоқ.