ВЕРНУТЬСЯ

    Эржабет Голгоци — мадияр жазушысы. Бір мың тоғыз жүз алпыс сегіз, алпыс тоғызыншы жылдардың бірінде Алматыға келіп, астана төңірегіндегі колхоз, совхоздарды аралап, еңбек адамдарымен танысып қайтқан-ды. Қазақстан Жазушылар одағының тапсыруымен венгер жазушысын мен бастап жүрдім. Қайда барсақ та қазақтың кәнігі дәстүрін көрсетіп, әйел болса да қой сойып, мүшесімен бас тартып қонақасы берді. Қала іргесіндегі «Калинин» колхозында бақ ішінде алма жинап жүргендер бір жәшік апорт сыйлағанда қуанғаны-ай десеңші.
  Эржабет біздің үйде де қонақ болды. Жұбайыммен, балаларыммен танысып, рахметін жаудырған. Сөйтіп аз күннің ішінде қимас бауырға айналып, артына қарай-қарай риза болып аттанғаны сондай, Мадияр еліне қонаққа да шақырып кеткен еді.
  Будапештке менің жолым бір мың тоғыз жүз жетпіс бірінші жылы октябрь айында түсті. Әрине, арнаулы қонағы болып Голгоциге бармадым. СССР-дың бейбітшілікті қорғау Комитеті ұйымдастырған Дунай круизының құрамында бардым. Обалы нешік, венгер жазушылары жақсы қарсы алды. Әдебиетінің жәй-күйімен таныстырды. Қазақ әдебиеті туралы маған да сұрақтар қойды. Осы әңгіменің бәрі Венгрия Жазушылар одағы үйінің шағын бір бөлмесінде жұпыны ғана дастарқан басында өтті. Өздерінің атақты ішімдігі — сливович, кофе, бутерброд. Дастарқан мәзірі осы ғана. Кемеден қарсылап алған бүкіл мадияр жеріндегі жалғыз танысым, туысқа бергісіз таныс — Эржабет Голгоцидың қуанышында шек жоқ десе де болғандай. Қасымнан шықпайды. Қаламдас осы досым бір кезде:
— Тамақты көп жеп қоймаңыз. Одақтан шыққан соң біздің үйге барып қонақ боласыз, — деді. Мен оны қазақша ішіңді бос сақта, алда тағы дәм бар, — деп түсінем ғой баяғы. Мұнда бос сақтамайтындай да ештене жоқ. Әрі бейтаныс ел, бейтаныс адамдар арасы. Бір шәшке кофе, жарты бутерброд пен қырық-елу прамдай жылымшы арағын ішіп Эржабеттің үйіне келдік. Қүйеуі
бір ашық адам секілді. Жалпылдап қарсы алып жатыр. Алғашқы сөзі — Алматы апортының дәмі осы күнге дейін аузынан кетпейтіндігі болды.
  Мен мақтаныңқырап апорт жайында білетінімді айтып жатырмын.
— Алматы апорты ені он бес-жиырма, ұзындығы жүз отыз километрге созылған тау бөктерінде ғана өседі. Ал астанадан Іле өзеніне қарай жиырма-жиырма бес шақырым шықсаң-ақ болды, апорт ағашы көзіңе түспейді. Түсе қалса, алмасының дәмі бөлек. Шамалған тұсында бір апорт ағашы өскен-ді. Бірақ елуінші жылдары қартайып, қурап қалды, — дедім.
  Эржабет пен жолдасы енді Шамалған апортының сырын ашуды өтінді.
  Бұл бір кызық тарих. Оны маған бір кезде Ғабит Мүсрепов айтқан еді. Ақмолада бір керемет бақшагер өмір сүрген. Сол кісі жиырмасыншы жылдары Алматы апортын Ақмолаға апарып өсіруді көздепті. Ол үшін апорттың жас шыбығын тау бөктерінен қопарып алып, екі-үш шақырым төменірек жерге апарып еккен. Келер жылы он шақырымдай жерге қоныс аударған. Үшінші жылы тағы бір он шақырымға көшіріпті. Сөйте-сөйте он шақты жылдың ішінде Ақмолаға алып баруды көздеген ғой. Бірақ дегеніне жете алмаған. Шамалғанға көшіріп апарып қондырған бесінші жылы қаза болыпты. Апорт ағашы сол жерде қалып қойған. Ғабит өзі барып көрген. Алмасын да жеген. Дәмінің Алматы апортынан кем емес екенін де анықтаған.
  Бұл әңгіме, әрине, дастарқан басында айтылды. Дастарқан дегенде ішімді бос сақтап келген мен қайранмын: сливович шишасынан басқа ештене көрінбейді. Үй иесі кішкентай рюмкаларға аздап-аздап құяды. Қасымдағы удмурт жазушысы Яшин екеуміз аздап-аздап ұрттаймыз да алдымызға қоямыз. Әңгімеге ойысамыз. Сөйтіп отырғанда күн кешкірді. Дунай өзенінің жағасында тұрған кемемізге оралатын уақыт жақындады. Сол кезде Эржабет ұйқыдан оянғандай:
— Қарындарыңыз ашқан жоқ па? Бірдеме жесеңіздер қайтеді? — демесі бар емес пе!
  Менің қазақы мінезім ұстап кетті ғой деймін, жат елде, жат адамдардың үйінде отырсам да:
— Жейтін бірдемені бізге кім беріп отыр? — деп қалғаным. Эржабеттің ішек-сілесі қатты. Күйеуі жүгіріп барып екі-үш бутерброд пен кофе алып келді. Қазақтардың кім екенін біле жүрсін дедім бе, мен енді нағыз қазақшылап кеткенім:
— Қазақта мынадай бір әзіл-әңгіме бар. Аптап ыстық шілденің күні екен. Бір досы бір досының үйіне келіп түсе қалған ғой. Сойып берейін десе, малдың ыңғайы келмейді. Өлі еті және жоқ. Үй иесі жуып шайып, өз досын жұбатпақ болыпты. — Ойнап-күліп отырып көже ішкенге не жетсін, — деп ішінде жылан қарағы жоқ көжені сапыра берген.
Сонда қонағы отырып:
— Не десең де ет жегенге не жетсін, — депті.
— Қазақтар қонақ келсе жаны-құты қалмай күтеді.
  Бір жерге бара қалса басқаны да солай қарсы алып сыйлағанын ұнатып тұрады. Халықтың жазылмаған заңы солай, — деймін ғой баяғы.
  Осы сөз қамшы болды ма, енді бутербродқа Эржабеттің өзі жүгірді.
  Біз қаламдасым Эржабет Голгоци үйінен қонақасыны осылай жедік. Әңгіме бұл жерде ішіп-жеуде, не болмаса, еруліге қарулыны дәметуде ғана емес. Жазушының көмекейінде тұрғаны сол екен ғой деп қарау — окиғаның байыбына бармаушылық. Бұл жердегі әңгіме тереңіректе: қонақ сыйлау — жеке адамның кісілік қасиетінің қандай екенін ғана көрсетіп қоймайды. Сонымең бірге ұлттық психологияңды да анықтайтын құбылыс.
  Бір елде ерлік деп саналатын оқиға екінші елде күнделікті тірлікте аяқ басқан сайын кездесе беретін жәй нәрсе. Бір елде ұят деп саналатын істің екінші елде ұят деп саналмайтынын да байқауға болады. Әр халықтың дүниетанымы әрқилы. Әйтпесе жаны-құты қалмай жүрген мадияр жазушысын сараң дей алмайсың.
  Асылы, есебі жоқ қонақасыға келгенде қазақтар алдына жан салмайтын болса керек деп шамалаймын.