ВЕРНУТЬСЯ

   Бір мың тоғыз жүз жетпіс тоғызыншы жылы Қапал-Арасан санаторийінде Қалыш Долыбаевпен таныстым. Ұзын бойлы, денелі келген әдемі қара жігіт. Мінез-құлқы, жүріс-тұрысы мен кескін-кейпі көңілімді аудармай қалдырмады. Сөйтсе де — сен кімсің? — деп мен барғаным жоқ. Қалыштың өзі келіп танысты. 
  — Сауда қызметкері екен. Жамбыл облысы Құлан (Луговой) қыстағында ауданаралық базаның директоры. Бірақ мінез-құлқы, жан-дүние психологиясы сауда қызметкеріне мүлде келмейді. Қайта серілік құрып шашыла жүретін өнер адамына көбірек ұқсайды. Ол маған осы мінезімен ұнады. Кешікпей-ақ достасып та кеттік. Кейін Қалыш досым шақырып Құлан қыстағына талай бардым. Алматыға Қалыш та талай келген. Ағайынды аға-іні — кәдімгі аралас-құраласпыз. 
  Көп кешікпеді, Қалыш істі болды. Орнынан алынды. Түрмеге жабылды. Шынын айтсақ, үй-ішімізбен мына жағдайға қабырғамыз қатты қайысты. Себебі Қалышта кінә жок. Жоқ, оным қате. Кінәсі бар, бірақ қылмысы жоқ. Директор болып тағайындалғанына бес-ақ ай. Жаңа жұмысқа жөндеп бастығып та болмаған адам нені ішіп, жеп қоя қойды дейсің. Ал кінәсі — ақ көңілділігі. Басқаға сенгіштігі.
  Жер дүниені алып жатқан аумақты базаны қабылдағанда сабақты жібіне дейін санап, бар-жоғына көзін жеткізіп, тексеріп алудың орнына өткізу-қабылдау актысына қол қоя салған. Дегенмен ақтың аты ақ емес пе, ақталып шықты. Ал бұрынғы директор болса, қылмысына қарай жазасын алды.
  Мен 1981 жылы тағы да Құланға бардым. Баяғы көңіл, баяғы ақ жарқын мінез. Інісі ағасын қуана қарсы алып жатыр. Мария келін ағамыз келді, — деп томпалаңдап жүгірумен жүр. Бұрынғы қалыптары. Жоқ, бұрынғы қалыптары дегенім қате. Азды күн болса да қиын орынның дәмін татып келген адамда бұрынғы қалып қайдан болсын. Кесек келбеті бозарып, ашаңданып, шүмпиіңкіреп қалған. Таралып жүдеген. 
  Сондай өзгеріс көңіл күйінің пернелерінен де аңғарылатындай: өмір-тіршілік туралы, адамдардың болымсыздығы туралы, қилы-қиян қарым-қатынастар туралы көбірек толғанады. Бір сөзбен айтқанда, Қалыш философ бола бастаған. Күйкі тірліктің толғаныстарына оны қазіргі қызмет қаракеті де жетелей ме деп шамалаймын. Бұрын арғымақ аттың жалындағы азамат енді есек мініп, есек қамшылап жүргендей. — Қалыш автолавкада шофер. Ал Мәрия болса, сатушы. Былайша айтқанда, бұрын жүздеген қызметкері бар базаны басқарған директорыңыз енді өз әйелінің қарамағында. Тұр десе, тұрады. Жат десе, жатады. Әрине, бұл ойын сөз. Олар бірі-бірінің жан пернелерін дәп баса білетін, бірі-бірін тыңдайтын тату, өзара кісілігі, кішілігі бар да ірілігі жоқ, кешірімді ерлі-зайыптылар. Бұрын анадай едік, енді мынадай болып қалдық, — деп мойып, жүні жығылып жатқан олар жоқ.
  Қайта алыстағы мал жайылымы — жайлауларға барып, бұларды зарыға күтетін еңбек адамдарының кажетін өтеп, қолқабыс жасап, пайдасын тигізіп жүргендеріне риза. Жолы нашар құм арасындағы ит арқасы қиян жайлауларға сапар шегу де оңайлыққа түспейді, әрине.
  Бір жолы олар сондай алыс жайлаулардың біріне барған. Қайтар жолда адасқан. Құм шағылдардың арасымен біресе ызылдатып төбеге шығып, біресе төмен түсіп жықпылдарды қуалап жүргенде радиатордағы су ағып кеткен. Сарша тамыздың ыстық күні оқшырайып тас төбеге шығып алып жер дүниені күйдіріп барады.
  Айнала көз жетер төңіректе селкеу шыққан бір дыбыс, бір қимыл жоқ. Енді не істеу керек? Суды қайдан таппақшы. Ерлі-зайыпты екеуі екі жаққа шығып жол кеседі. Ел-жұрт қоныс бар ма деп бағдарлайды. Бірақ бірінен бірі ұзап кете де алмайды. Өз ара келісімдері солай?
  Алыстап кетсе, бірі бірінен көз жазып қалуы да ғажап емес қой. Өстіп қиналып жүіргенде, Қалышқа тамаша бір ой келген: автолавкада екі-үш жәшік сушарап бар. Соны алып радиаторға неге құймасқа?! Бұл ұсынысты Мәрия қостайды. Сөйтіп радиатордың жыртығын бітеп, бір шишадан соң екінші шишаны шөлдеген машинаға қотарайын деп жатса, тракторын дүрілдетіп бір жігіт келген ғой.
— Өй, аға, не істеп жатырсың? — дейді таң-тамаша қалып.
— Радиаторға су құйып жатырмын.
— Су емес арақ қой андағың?
— Есебі солай десең де болады.
— Аға, тұра тұрыңызшы. Бір амалын ойлап табайык.
— Қалай таппақсың сонда? 
— Шараптарды маған беріңіз. Мен радиаторымдағы суды сізге құйып берейін.
— Сонда қалай, сушарап құйған трактар машинадан көрі дұрыстау жүреді деп ойлайсың ба?
— Жоқ, радиаторға шарап құйып мені жынданды дейсің бе?! Одан да ішіме құймаймын ба!
— Ал сонда тракторыңды қалай, сусыз айдайсың ба?
  Есіл-дерті далаға төгілер сушарапта тұрған тракторшы желкесін қасиды.
— Сен одан да менің машинамды тіркеп ал да суы бар бір жерге жеткізіп таста. Мына жәшік сенікі болады. Келісім осы.
  Құдық басына жеткен соң радиаторын қандырып қуана-қуана өз жайына бұлар кеткен. Ойда жоқта бір жәшік сушарапқа қолы жеткен тракторшы жігіт екі санын шапалақтап ол қалған.
  Мен Қалышты сөзге тартамын:
— Жәшікті түгел сыйламай-ақ, жартысын қалдырса да жетпейтін бе еді? 
Жымия күлген Қалыш үндемейді. Жауапты Мәрия беріп жатыр.
— Маған салса, үш-төрт шишамен де құтылатын едім, бірақ көнер ме ініңіз ондайда.
— Көн, көнбе, қайтсе де беруге тура келді. Бәрі бір шығын болғалы тұрған жәшік емес пе. Оның үстіне тракторшы кездеспесе, сушараппен құдық басына жете аламыз ба, жоқ па? — Ол арасы қараңғы ғой, — дейді Қалыш өз әрекетін дәлелдеп.
  Сөйтсе де Мәрия сөзі де қисынсыз емес:
— Жайлау аралаған басқа жұрт артып-тартып қайтады. Ал біз болсақ, беріп қайтамыз Біреу-міреу кездесе қалса, — ал автолавкаға келе ғой, деп жүргені. Ақша ұсынса, жоқ, сені мен сыйлап отырмын, — деп алмайтынын қаитерсің! Автолавка кұдды өзінің жеке меншік дүниесі секілді.
— Күні-түні ен далада қой соңында жүрген адам. Көрер қызығы — біздің баруымыз ғана. Ақшасын алу ұят секілді тіпті, — деп Қалыш күмілжи жауап береді.
  Осы орайда ойыма табиғаттың қызық бір жәйі келіп түсті: Азия мен Африка құрлықтарында жер бетінде жүгіретіндердің ішіндегі ең жүйрік жел аяғы — гепард деп аталатын аң бар. Ол әу баста мысық тектес хайуан екен, жүре келе ит тектес болып кеткен. Көп елдерде көп жұрттың гепардты қолға үйретіп аңға салатыны да содан. Гепард азайып бара жатқан хайуан. Оған кінәлі өзі екен. Өйткені ол әлі күнге ит екенін мойындамайды. Мысықпын дейді де өрмелеп ағаш басына шығып құлап қала береді. Сөйтіп өлімші болып жарақаттанады екен де, басқа бір жыртқыштың жемтігіне оп-оңай айналып кете барады.
  Табиғатында дарқан Қалыш тегінде сауда қызметі үшін жаралмаған болса керек...