ВЕРНУТЬСЯ

    Жетпісінші жылдардың бас кезінде менің «Қарғаш» повесім
бойынша жасалған инсценировка «Әнім сен едің» деген атпен Жамбыл театрында қойылды.
Музыкасын көпке танымал композитор Маңғытаев жазған-ды. Қазір Қазақ радиосынан:
Алыстан қол бұлғап сағым,
Аңсайды күлім көз таңын.
Үзіліп кеудеден түскен
Ақ моншақ, ақ арман -
Сол күн қайда, жаным?!
Қайырмасы:
Жалындап аспан,
Жанады жүрек.
Толқиды теңіз
Дауылды тілеп.
Жырлайды, жырлайды теңіз,
Мұңайды, мұңайды теңіз...
Мұңайды, - деп Зейнеп Қойшыбаева жиі айтатын сазды да сұлу ән
- Мыңжасар әні сол спектакльдің үзілмес өзегі - лейтмотиві.
        Осы тұста
композитормен ара қатынасымыз, творчестволық байланысымыз айта жүрерліктей
болған.
...Бір күні Мыңжасар телефон соқты да үйіне шақырды:
-        Керемет күй
табағы бар. Соны тыңдайсыз.
          Күй табақ
шынында да керемет екен. Симфониялық поэма. Әуені құлаққа сондай жағымды. Әрі
бір жерде естіген әуенім. Бірақ құдайтағала музыка өнерінен мені мақұрым
қалдырған ба, қандай әуен, дөп басып айта алмай отырмын.
-        Тегі біздің
жігіттердің бірі жазған поэма болды ғой, - дедім ақыры.
Мыңжасардың: Қандай ән, табыңызшы? - деген өтінішіне.
-        Кім жазса да
сәтімен шыққан.
          Мыңжасар
күлді де күй табақты қолыма берді: Респиги. Симфониялық поэма.
          Ал ойнарсың
музыкамен!
-        Тыңдаңыз
ендеше, - деп Мыңжасар менің жауап бере алмайтынымды білген соң домбырасын алды
да аңырата жөнелді.- Бұл әнді білесіз бе?
-        Білем. Ақан
серінің «Қара торғайы».
Ұшады қара торғай қанат қағып,
Астына қанатының маржан тағып.
Бірге өскен кішкентайдан сәулем едің,
Айрылып қапияда қалдым неғып?
Қара торғай,
Ұштың зорға-ай,
Бейшара-ау, шырылдайсың жерге қонбай...
Респиги поэмасының лейтмотиві осы «Қара торғай» әні -
Мыңжасар осыны айтты да менің көзімді жеткізейін деді ме, күй табақты қайта
айналдырып, өзі домбырамен қосылды. Жиырма минуттай ойналатын симфониялық
поэманың қайырылып соғып отырар мотиві - Ақан серінің «Қара торғайы» екеніне
күмәнім қалмады.
Респиги? Бұл кім?
         Респиги
Отториио - итальян компознторы. Бір мың сегіз жүз жетпіс тоғызыншы жылы
Болоньеде туып, бір мың тоғыз жүз отыз алтыншы жылы дүние салған. Осы ғасырдың
бас кезінде Петербург шаһарында Н. А. Римский-Корсаковтан сабақ алған. Италия
музыкасына модернизмнің қалыптасуына себін тигізген. Өз творчествосында Көне
Римді көтере мадақтап, орта ғасырлық саз, әуендер мен мақамдарды өзгеірте
пайдаланып отырыпты. Сөйтіп кәдесіне жаратқан әннің бірі қазақ халқының мақтан
тұтар композиторы Ақан серінің атақты «Қара торғайы» болыпты.
          «Қара
торғай» Респиги қолына қалай түскен? Шығыс әуендерінің білгірі
Римский-Корсаковтан алды ма? Әлде жиырмасыншы жылдардың аяқ кезінде Затаевичтің
жіберуімен Ромен Ролланға жеткен әрі франңуздың атақты жазушысын қайран
қалдырып, табындырған «Қазақ халқының мың әні» атты кітапты кезіктірді ме? -
Айту қиын. Анығы - Ақан сері әнін пайдаланғандығы.
         Қайранмын.
Жоқ, Респиги қазақ әнін қайдан алды екен? - деп қайран болып отырғаным жоқ. -
Ел мен ел арасындағы қарым-қатынастардың қилы-қиян жолдары бар ғой. Сол
жолдардың бірімен итальян композиторы да жүріп өткен шығар. Менің қайран қалып
отырғаным: бір «Қара торғай» әнінің тұтас симфониялық поэмаға арқау бола
алғандығы. Осы ойымды Мыңжасарға айттым. Музыка әлеміне енді ғана аяқ басып,
музыка сүйер қауымның жүрегіне үміт шырағын тұтатып, құлағын елеңдете
бастаған жас композитор шау тартқан кәрілерше терең күрсінді.
- Қазақ музыкасы - ұқсатқанға қиырсыз мұхит секілді. Ретін
тауып пайдалана алмай келеміз ғой мұхитты!
           Мыңжасар
сөзінде жан бар ма деп ойлаймын.