ВЕРНУТЬСЯ

       Сіз Тышқанның
Аманын білесіз бе? - Білмесеңіз айтайын: Аман - Құлан қыстағынан алпыс шақырым жердегі
Мақпал тауының баурынан орын тепкен Жамбыл колхозының веттехнигі. Бұл өзі кең
жауырынды, қапсағай денелі, қою бұйра шашты, сирек тісті кескінді келген қара
торы жігіт ағасы. Өзі сөйлеп, өз сөзіне өзі мәз болатын Аман алғашында жәй
лақылдақ болып
көрініп еді, түсінігіміз қате екен. Біраз сұқбаттан кейін таныса
келе Аманның барынша сауыққой, көңілге зіл сақтамайтын аңқылдақ, өзімнен көрі
өзгеге болса екен дейтін ақниет екеніне көзіміз жетті. Әдемі қоңыр даусы бар.
Домбырасын шерте отырып ән салғанда, сіз оған еріксіз елтисіз. Дүние сырын
тереңірек түсінгендей боласыз. Кең даланың самал желі желпігендей, асқар таудын
қарлы шыңы қол бұлғап шақырғандай әсер аласыз.
      Па, шіркін,
қазағымның әндері-ай, десеңші!... Айтушы табылса, тыңдаушысын елжіретпей
қоймайды-ау!
      Аман әншілігімен
қабат әңгімешіл, сөзуар да болып шықты. Кейде мысқылдай сөйлегенде зілі жоқ
әжуаға тапқыр-ақ. Бірде ол қонаққа шақырған бір іні үйіне уақытымен барса,
басқа жұрт жинала қоймаған екен.
Қарсы алған келіні - хош келдіңіз, жоғары шығыңыз, - деудің
орнына:
-        Амансыз ба? -
деп сәлемдесіпті.
        Аман-есендікті
өз атына мезгеген қуақы Аман:
-        Тап өзімін - деп
жауап берген.
      Әрине, ибалы
келін аңғырт сөйлегенін байқап ұялып қалған ғой.
      Тағы бірде
ауданнан келген менмендеу уәкілмен мал жайылымына шығыпты. Бір фермаға барса,
жұмыс басты болып жатқан малшылар уәкілді шылбырынан ұстап аттан түсіріп ала
алмай қалыпты. Соған қыңырайған
уәкіл қасына еріп келген жігітке үстемдік жүргізе алатынын
танытпақ есеппен:
-        Атымды ұстай
тұр, - депті Аманға.
      Уәкіл кіділігін
байқаған Аман жайбарақат тұрып:
-        Атыңыз
тістемей ме? - деп сұрапты.
-        Ондайы жоқ.
-        Тулайтын
шығар?
-        Жоқ, мөңкіп те
көрген жануар емес.
-        Кісіден қашып
көрмеп пе еді?
-        Неге қашсын...
-        Ендеше
осыншалықты жуас атты ұстап тұрудың не қажеті бар? Тізгінінен шарбаққа іле сал
да жұмысыңа кірісе бер, - депті Аман.
Жиын-той, мереке болса, қуаныш күлкі әкелетін, өлім-жітім
болса, қам көңілге жұбаныш ұрығын егетін осы Аман секілді өнерпаз, көпшіл
жігіттер керек-ақ.
Әкесінің аты Тышқан демесең, бәтшағардың басқа міні жоқ та
ғой, -
деп осы ауылдың көшелі қариясы Есбергеннің кеңкілдеп күлгені
бар. Бұл күнде жасы сексеннен асқан Есберген ақсақал осы Жамбыл колхозын өз
қолымен құрған белсенділердің бірі.
Отызыншы жылдары болған бір оқиғаны есіне алды. Есберген
кілтші. Ал
Аманның әкесі Тышқан қойма қарауылшысы. Аталас ағасы Рахман
деген кісі күзетшіге келіп бір-екі уыс бидай сұрамай ма. Тышқан, әрине, бере
алмайды.
Сонда сөз тапқыш Рахман:
-        Атыңды Тышқан
қойған ата-анаң неткен көреген жандар. Тіпті жемесең де қоймадағы бидайды
емін-еркін аралап жүресің. Бірақ шүкіршілік ет. Әке-шешем менің атымды азан
шақырып Мысық деп қойса күнің не болар еді, - деп әзілдепті.
        Жарасымы мол
қандай әңгімелер!..