ВЕРНУТЬСЯ

    Менің әкем сексен жетіге қараған шағында бір мың тоғыз жүз
сексен үшінші жылы сентябрьдің төрті күні дүние салды. Сентябрьдің жетісі -
сәрсенбі күні жамбасы жерге тиді. Соңғы отыз жылда қыс айларының денін қалаға,
бізге келіп өткізетінді. Бірақ кейінгі үш-төрт жылда жүріс-тұрысы ауырлап
Алматыға келе алмады. Сол себепті жәй-күйін білмекке, сәлемдеспекке ауылға өзім
барып жүрдім. 
         Бір мың тоғыз
жүз сексен бірінші жылы барғанымда тың еді. Көңілі де тетік, жүріс-тұрысы да
ширақ болатын. Көргісі келген соң Түмен облысында тұратын жиені - Қапезге де
апарып қайтқанмын. Араға жыл салып тағы келдім. Бірақ әкем шаршаңқырап қалған.
Сабыты да кісіге түсе бастапты.
Менімен қонақтап келген Тахауи сәлем бере бөлмесіне кірді.
-        Шәйе, қалайсыз?
Тыңсыз ба?
        Әкем сәл
жымиды да:
-        Сексен бес
дұрыс еді. Арғы жағы кәләкәйт, - деп өзі де күлді. Бізді де күлдірді.
       Бұл әңгіме көз
жұмарынан бір жарым ай ғана бұрын болған еді. Өмірден жыламай өткен адамдардың бірі
менің әкем бе деп те ойлаймын.