ВЕРНУТЬСЯ

       Несін
жасырайын, мен тегі қапияда тауып сөйлеп кететіндердің тобына жатпайтын болсам
керек. Жаманның ақылы түстен кейін кіреді демекші, менің қайтарар жауабым
көбінесе келесі күні барып ойыма оралады.
      Содан ба, бір
кезде «Берілмей қалған жауаптар» атты кітапты жазуды да жоспарлағаным бар. Ал
мына бір жолы дес берісте тауып сөйлегенім. Өзіме өзімнің риза болып отырғаным
да содан. Тыңдаңыз:
       Мен жетпіс
жетінші жылы «Ит ашуы» деген повесть жаздым. Ит ашуы - өзінің тура мағынасында.
Өйткені бұл туындымның басты қаһарманы - Марғау деген ит пен Лезбай атты қойшы
екенін оқырман қауымның бәрі біледі.
      Повесті машинкадан
шыққан бойда қарым-қатынас, достығының бәрін есепке ғана құратын, кімнің тарысы
піссе соның тауығы бола кетуге әзір тұратын бір іні жазушы алып оқыды да
телефон соқты. Дауыс ырғағына қарағанда шығарманың ұнағаны айқын. Сөйтсе де Лев
Толстойдың ат туралы жазылған «Холстомер» повесін оқып шығып, авторына: Лев
Ннколаевич, жылқы психологиясын соншалықты жақсы біледі екенсіз, өзіңіз ат болып
кеткеннің қай жағындасыз?! - деп Иван Сергеевич Тургенев айтқан баяғы әйгілі
сөзді тамағына тақап:
-        Апырау, ит психологиясын,
ит өмірін осыншалықты қайдан біле бергенсіз?... - деп мүдіре күлді. Әрине,
көмейінде - өзіңіз ит болып кеткеннің қай жағындасыз?! - тұрғаны бесенеден
белгілі еді.
       Менің жауабым
табан аузында шықты:
-        Төңірегімдегі
дос-жаран, інілердің көбі ит болса, ит психологиясын мен білмегенде кім біледі?
      Досымның аузына
құм құйылсын да қалсын. Тегі сасқаны болса керек, бар айтқаны: қап, солардың
ішінде мен де кеттім-ау! - болды.
     Әңгіме мұнымен бітпеді.
Жаңағы іні досым қолжазбаны алып үйге келді.
-        Әдейі келдім.
«Ит ашуын» жуамыз.
-        Қарсылығым
жоқ.
-        Ендеше біздің
үйге жүресіз. Келініңіз дәм жасап жатыр.
       Біз сөйтіп жаңағы
жуғыш жігіттің үйіне бет алдық...
      Дәп осы жерде
екі анықтама бар: Бірінші анықтама - бұл жігіттің әйелі жас. Екінші анықтама -
«Ит ашуының» басты қаһарманы Лезбай да бәйбішесі Айған дүние салған соң, өзінен
көп кіші Ұмсындық сұлуға үйленген. Ұмсындықтың бұрынғы танысы Қарғабек Лезбай
үйіне қонаққа келеді де, арақ бітіп қалған соң өзінің ферма бастығы екенін
пайдаланып, қарамағындағы шопанын дүкенге жібереді. Сөйтіп ашына келіншекпен
оңаша қалады. Ұмсындықты қызғанған Марғаудың Қарғабекті талайтыны осы жерде.
      Осы екі анықтаманы
ескерсеңіз, арғы әңгіме мынадай:
       «Ит ашуын» жуам
деп келе жатқан іні дос жолда дүкенге бұрылды:
- Үйде ішімдік жоқ еді...
       Дардай жігіттің
сондағы алып шыққаны жалғыз шөлмек аққайнар.
-        Ау, мына
аққайнарыңды бүркесің бе? Кімге жетеді?
-    Жетпесе тағы
барып әкелмеймін бе?
         Бұлтартпас
жауап табыла кетті:
- Сен Лезбай болып, мен Қарғабекшілеп кетіп жүрмейміз бе?
       Досым қарқылдай
күліп, басын шайқай-шайқай дүкенге қайта кіргені...
-        Табан аузында
осындай жауапты қайдан табасыз? Ал егер - оқасы не, көп болса,
Қарғабекшілерсіз...- деп мен айтсам ғой, онда жағдайыңыздың қандай боларын кім
білсін!..
- Сенің де жағдайың келіспес. Өйткені арашалап алар итің жоқ
қой.
        Досым тағы да
шалқасынан түскендей болды.
       Жөппелдемеде
жарқылдап шығар тапқырлық сағындырып барып келетін сирек қонағым секілді
болғандықтан ба, әйтеуір, осы бір қалжың есімде қалыпты.