ВЕРНУТЬСЯ

       Ауырам деме,
бірдеңе қылып,

Тапсаңшы соның
дауасын.

Жыламайды арман,
жүдемейді үміт,

Қартайып, қайда
барасың?

Осы екен ғой деп
тойғанның жолы,

Тойға да жиі
барғанбыз.

Мен қайда
қалдым, ойладың ба оны,

Сен қайда
кеттің, арман қыз?

Бақытым үшін
жаралған көздер

Ұқты
ма нәзік жанымды?

Қыз-келіншектер
қадалған кездер

Кетті ме ішіп
қанымды?

Баяғы кездей
жүйткіп ақпаймын,

Жүйкелеп қалам,
япырмай.

Жүрейін десем,

қиқалақтаймын

Араққа тойған
пақырдай.

Шықпаймыз енді
іздеп жорыққа,

Барамыз шөгіп
үн-түнсіз.

Кемпір-шал деген

біздер болдық па

Аты да заты
сүйкімсіз.

Қыздар жақсы
көрмейді бізді,

Шал боп қалдым,
Дәукешім.

Өткізейінші
дәмді де тұзды

Тіршілігіміздің
сау кешін.

Өтті ғой өмір зарлы да мұңды,

Қайғыға жүрдік
ілесіп.

Батарда күннің
жылуы кімді

Жылытатын еді,
білесің.

Тонымыз тозды,
ат арықтады,

Көп екен өмір
әуресі.

Өзің өсірген
жапырақтардың

Түсетін шығар
сәулесі.

Күңгірт ойларға
неге зерекпіз,

Азайды жерде
досымыз.

Балалардан басқа
кімге керекпіз,

Кімге керекпіз
осы біз.

Тартады жолдар
үнемі шалғай,

Қолдаушың жалғыз
бір Алла.

Балаларға да
керегім болмай

Қалатын күндер тұр алда.