ВЕРНУТЬСЯ

         I

        Үрия асыға-аптыға
шығып кеткен соң, дағарадай үй лезде-ақ
қаңырап бос қалғандай, аяқ астынан меймандар да алаңдай бастаған:

-        Бұл қалай болды?

-        Онысы
несі, менсінбегені ме?

          Әсем не десін.
Булықты да қалды.

-        Шақырсаңшы,
- деді Нұртас. - Немене өзі?!
Ондай кербездің талайын көргенбіз.

-        Тіпті
сүйреп келсең де бірдеңе қылшы, - деді жанындағысы өлердей өрепкіп.

           Әлі булығып отырған
Әсем жарылып кете жаздады.

-        Әлгі
домаланған шалың қашан келетін еді? Өстіп отырғанда
үстімізден шығып, бетіміз аймандай боп жүрмесін,
- деп Нүртас сағатына қарады.

-        Қашан
да сенің осы су жүректігің жұрттың
дегбірін алып бітеді. Қашан да
қалтырайсың да отырасың, - деді Әсем
онан сайын булығып. - Қорқатының бар, неменеге әуреленесің, неменеге құйқылжисың?
Келсе қайтеді?

            Баяғыдай асты-үстіне түсіп, елпектеп отырасың
да.

-        Қайдағыны
айтасың-ау, - деді Нұртас. -
Батырға да жан керек.

-        Бүйтіп
таныстырғандарың бар болсын. Осынша әуреге түсіп, - деді жанындағысы
тапыраңдап.

-        Менен
кінә жоқ, - деді Нұртас. -
Аңғал басым, қайдан білейін.

-        Қой
әбүйіріміздің барында, ауылымызды табайық, -
деді жанындағысы. - Әлгі көкбет күйеуін ертіп келуден де тайынбас, тегі.

-        Аяқ
астынан тыпырши қалғандарыңа қарағанда жаңағы Үрия үрдің қызы екен де, - деді
Әсем күйінгеннен көзіне жас алып.

-        Тұрайық, - деді Нұртас. - Осы тойғанымыз да жетер.

-        Сен
неменеге асықтың? Өзім-ақ бара берем, - деді жанындағысы. - Жел сөзіңе малданып. Әйтпесе, итім лағып па?!

-        Жо-жоқ,
бірге кетейік, - деп Нұртас
ыршып түсті.

-        Қалсаңшы,
- деді көз жасына булыққан Әсем.

-        Жо-жоқ,
қинама, - деп Нұртас тағы
ыршып түсті.

-        Е,
бәсе! Менен бөлектенгенде мүйізің шыға ма, - деп жанындағысы мырс ете қалды.

-        Ал,
тұрайық!

         Айнадай жарқыраған
кең мейманжайдың төрінде, кешелі бері
тықпыштап жүріп, өзер-әзер әзірлеген ас-суына жөндеп қол да тимеген әдемі
дастарқан басында Әсем состиып
жалғыздан-жалғыз қала берген...

 

II

          Ұлы сәске кезі. Таңертеңнен аядай ауланың ең
шетіндегі зәулім теректің көлеңкесінде кітаптан бас алмай отырған Әсем кенет
оқулықты тастай caп, көгалға құлай кетті. Сол-ақ екен, қаулай өскен қумайдың
қылтанағы тамағын қытықтағандай болды. Қойсын ба, күліп жіберді.
Жоғарыға көз caп еді, қалың жапырақ арасынан сығалаған күн
сәулесі де өзінше сықылықтап тұрғандай көрінді.

         Әсемді лезде ілкі бір желік
қысқандай: «Небәрі төрт-ақ жылда бітірем. Төрт-ақ жылда», - дейді
күлімдей. Әрі-беріден кейін: «Қазірдің өзінде әжептәуірмін, төрт жылдан соң
ағылшынша тіпті судай сөйлейтін болам! Сосын толып жатқан туристік бюроның біреуіне қызметке тұрам да,
алыстан келген меймандарға Алматыны таныстыратын жүзіктің көзінен өткендей
жетекші боп шыға келем», - деп онан сайын есіле түсті.

        Өйтіп есіле түскені бар
болсын, артынша күдіктеніп қалды. «Әттең, емтихан атаулысы көп-ақ екен.
Әсіресе, жазбашасы қиын тиетін
шығар...» Орнынан ұшып тұрды. Жаңағы желік те саппа басылды. Ақыры келіп-келіп, пышақ
жанығандай: «Е, несі бар, кімнен кеммін, тапсырамын!» деді. О
кезде теректің көлеңкесі де қысқарып қалған еді.

 

III

 

         Ертеңіне сәске түсте
шет тілдер институтына түсуге талаптанғандардың алғашқы емтиханында-ақ Әсем «құлап» қалды. Қарсы алдында отырған көзілдірікті әйелдің:

-        Ендігі
жылы жақсылап әзірленіп кел, - деуі-ақ мұң екен:

-        Апай,
әлі де сұрап көріңізші,
неғылады енді, - деді. Іле-шала
тағы бірдеңе демекші еді, еріндері дір-дір қағып, кірпіктері жыпылықтап,
көмейіне тас кептеліп қалғандай арғы жағын айта алмады.

-        Бара бер, - деген апайы төбесінен
қойып қалғандай.

-        Кетпеймін, - деді Әсем жаңа
ғана жалынғанын ұмытқандай.

-        Кәні, қайссың әзірсің?- деді
апайы арт жақта отырғандарға қарап.

          Сүйретіліп есік алдына
шықты. Күн күйіп тұр екен. Heгe екені белгісіз: «Езіліп отыра беріппін-ау» деп
ойлады. «Жаңағы апайға несіне жалындым? Ұят-ай!».

         Көзінің жасын бір сығып
алып, жан-жағына қарауға да шамасы келмей, өрмекшінің жолындай тротуарды бойлап
кете берді. Мең-зең күйі институттың жоғарғы жағындағы балалар паркіне жеткен
бойда бірінші орындыққа сылқ түсті. Іші-бауыры жанып бара жатқандай. «Адамның
қоры шығармын» деп көз жасын тағы сығып-сығып алды. «Бәрі бітті. Енді ел бетіне қалай қараймын?
Бүйткенше екі қолымды төбеме
қойып, көз көрмес, құлақ
естімес бір шығанға қаңғып кеткенім артық».

           Өткен-кеткеннің бәрі: «Құмырсқа
әліңді біл, оқу сенің неңді алған» деп табалап бара жатқандай. Бар
тапқаны: «Кетем» дей берді. «Әйтеуір,
бір шығанға кетем!».

           Үлкен парктің елеусіздеу
бір бұрышында мең-зең боп кешке дейін отырды. Күн батты, қас қарайды.
Жартыкеш көңілдің шарламаған қиыры
қалмады. Айналып келіп: «Heгe ғана желіктім. Тып-тыныш
отырсамшы» дей береді.

          Қайтсін, ел орынға отыра
ілбіп үйіне барды. Барған бетте үн-түнсіз төргі белмеге өтіп кетті де, есікті
іліп алды.

         Өйтіп тыншитын ба еді, таң
атқанша көз ілмей, дөңбекшумен болған.

 

ІҮ

 

        Ертесіне түске дейін
төсектен тұрған жоқ.

-        Әсемжан,
ең болмаса, бір-екі кесе шай ұрттасаңшы,
- деп шешесі әлденеше келді. Тіпті болмаған соң:

-        Бүйтіп
кімді мұқатпақсың?- деген. -
О несі екен-ей, қарс ұрып,
жатып алғаны.

-        Неменеге
шаншудай қадалдың, - деді Әсем. - Сенің тіліңді
алам деп, мінеки, ел бетіне қарай алмай қалғаным. «Екі-үш жыл еңбекке аралас,
оң-солыңды танып барып талап қыл»
деген көкемді қосыла кінәраттағанымыз

есіңде ме? Енді кеп түк
білмегендей бола қалыпсың.

-        Бүгінгінің
баласы өстеді. Қит етсең, кіржиіп шыға келеді.
Жазығым - «оқы» дегенім бе? «Қатарыңнан қалма» дегенім бе?

-        Бүйтіп
«оқығаны» құрсын.

-        Үйбай-ай,
енді не дейін... Екі оттың ортасында аласұрып өлетін болдым-ау.

-        Құлағыма тыныштық беремісің, әлде
бір жаққа құриын ба?

-        Іщәй,
не дейді-ей?!

V

          Әсем бір апта бойы
үйден аттап шыққан жоқ. Үйден аттап
шықса болды, «әлгі алғашқы емтиханнан «құлап» қалған осы сұмырай» деп жұрттың бәрі қолын шошайтатындай көреді.
Тіпті кейде көшеге қараған терезеге жақындаудан да қорқады. Жақындаса-ақ, арғы
жақтан таныс біреу-міреу байқап
қалып, ықай-тықай жоқ, жетіп келе ме деп
те қауіптенеді. Келіп ап, «қап, байғұс-ай қиын бопты-ау» деп қипақтай бастаса, одан өткен қорлық бола
ма? Өстіп үзақты күндер ілбіп
өтіп жатты. Күн өткен сайын жападан-жалғыз сарғайып отыра берудің өзі азап боп барады.
Әсіресе, шешесінің ауық-ауық ұрлана уһлегені-ақ жанын жегідей жейді. Оның
үстіне, әшейінде анау-мынауға былқ етпейтін әкесі де кейде қабақ шытатынды шығарды.
Бір күні дүрсе қоя берсе, не демек? Құрысын-ай?! Мектепті бірге бітірген қүрбылары да қасақана келмей қойды.

            Қашанғы өзін-өзі жегідей
жей береді. Келе-келе Әсем уақыт дейтіннің де емші екенін сезіне
бастағандай-тын. Сезіне бастағасын-ақ, әлгі «бүйтіп көрінгенге түрткі болғанша
көз көрмес, құлақ естімес бір шығанға кетем» де-

ген алып кашпа байлам да алыстай
берген.

Сондай әрі-сөрі күндердің бірінде
өзі секілді «құлап» қалған құрбысына кезікті.

-        Бізді
қойшы, мектепті кеуде қатарында бітірген саған не жорық?- деген Әсем.

-        Несі
бар, келер жылы қайта барам. Әйтеуір, сол институтқа
түспей қоймаймын.

-        Келер
жылға дейін өстіп жүре бермексің бе?

-        Қызық
екенсің, әлдеқашан секретарь-машинистка боп
орналасып алғам.

          Құрбысының «әлдеқашан» дегені Әсемге қамшы
боп тиді. Сонда да сыр бергісі
келмей:

-        Пысықсыңдар-ау,
- деген жақаурата.

          Сонымен не керек,
көп ұзамай-ақ Әсем ауылшаруашылығы институтының білдей
лаборанты боп шыға келді.

-        Одан
да құрылысқа жүр, сылақшы
бол, - деген әкесі алғашқы
күні-ақ.

-        Әзірге
осыны ермек ете тұрайық.
Кейін көре жатармыз, - деді Әсем. - Несіне асығам? - Әке байғұс қайтсін.

-        Осы
күннен кежеге тамыры кейін тартқасын не оңсын, - деген де қойған.

          Бірден үлкен
кісілердің ортасына тап болғасын ба, алғашқы
кездері тіпті қысылып жүрді. Оның үстіне апыл-ғұпыл тындырып жатқан ештеңесі жоқ, ертелі-кеш әйтеуір, барып кел, алып келі. Ол ол ма, ешкім көзге ілмей-ақ қойды. Сәлемдессе, бас изеп өтеді
де кетеді. Зәуіммен бірдеңе сұраса,
көбі - «білмеймін» деп құтылады. Келе-келе Әсем: «Жақтырмай жүр ме» деп қарадай
қуыстанатынды шығарды. Әрі-сәрі боп, «кетпесем болмас» деп жүрген.

 

VI

 

         Түс кезі-тін, Әсем жалғыз
отырған, бір бума газет-журналды әлдеқалай аударыстырып болғаны сол еді, бұйра шашты,
орта бойлы, тығыншықтай біреу кіріп келді.

-        Аманбысың,
айнам!

         Әсем басын изеген
болды.

-        Қай-да-ан!
Танымайтын шығарсың. Осында оқытушымын. Доцентпін. Жомарт Жорабекович деген.
Кеше ғана кезекті демалыстам келіп
ем.

          Әсем ұшып тұрды.

-        Отыра
бер, айнам. Несіне өйттің?! Баламысың деген!

-        Сәлеметсіз
бе?- деді Әсем.

-        Айтты-айтпады,
мектепті жаңа бітіргенің көрініп тұр, айнам, - деді Жомарт Жорабекович. -
Мінеки, таныс болдық!

          Жомарт Жорабековичтің
іле іш тарта сөйлегеніне қапелімде
балаша қуанған Әсем:

-        Аға,
демалысыңыз қалай өтті?

-        Несін
айтасың, айнам, туу, Қырымнан қайттым. Сәті түскесін
бар ма, қоя бер. Әлгі жұрттың
аузының суы құритын
«бархатный сезонға» тап болып...

          Heгe екені белгісіз кетерінде Жомарт
Жорабекович:

-        Мінеки,
таныс болдық, - деген тағы да.

 

VII

          Содан бері Әсемнің
көңіл-күйін лабораторияда бір-ақ кісі
дөп түсінетін болған. Ол - Жомарт Жорабекович! Жомарт десе, Жомарт-ақ, қолы қалт етсе, Әсемді ай- налсоқтап,
қайта-қайта жай-жағдаят сұрап, қарадай елжіреп, елпілдеп жүргені. Сөз саптауы
жуас, жылымшылау болғанмен, майдай еседі. Және де ылғи тауып айтады. Көзіне
қарап, көңілдегіңді көріп тұратын тәрізді. Ә дегенше алдыңды орап шыға келеді.
Әйтеуір, ол лабораторияға кіріп келгеннен-ақ жып-жылы леп есе жөнеледі.

          Ал, киім киісі өз алдына
бір дастан. Сәндеп тіккен костюмдерінің бірі - қызыл қоңыр, бірі - қара көк,
бірі - жасыл! Өстіп бірінен-бірі асып кете береді. Және де ылғи ине-жіптен жаңа шыққандай, қылаусыз қатып
тұрады.

Тіпті сағатының бауына дейін
сондай! Жүріс-тұрысы да өз алдына бір дастан. Есікті жайлап қана ашып, табалдырықтан аттай
бере: «Сәлеметсіздер ме», - дейді отырғандарға ерекше жылы ұшырай. Сосын:
«Амансың ба, айнам», - дейді Әсемге күлімсірей. Сосын сары портфелін елеусіздеу бір бұрышқа қоя caп, пиджагінің ішкі қалтасынан әтір аңқыған
әдемі бет орамалын алады. Алады да, көзінің
алдын, иегін екі-үш рет сипап өтеді.

           Сәлден соң екінші қалтасынан әлгіден де
өткен тағы бір орамал алады... Айта
берсе, таусылмайды.

          Өзгелерін қайдам,
Әсем осының бірде-бірін қалт жібермейді. Өйтпегенде ше! Бір жағы - оқуға
түсе алмаған өкініш табы әлі басыла қоймағаны бар, бір жағы - жаңа ортаға етене
үйренісіп кете алмағаны бар, әрі-сәрі боп жүргенде Жомарт Жорабековичтің әр
лебізі Әсемге қарлы Қара-

таудай сүйеніш сияқтанады.
Келе-келе асыға күтіп отыратын болды.

           Жомарт Жорабекович
те ешқашан кешікпейтін.

 

VIII

 

         Дәп сол күні, ұлы сәске әлетінде Әсем
лабораторияда жалғыз отыр еді.
Ғайыптан түскендей Жомарт Жорабекович жетіп келді. Әлгі сәнді сары портфелін
шеткерірек қойып, бет орамалымен
көзінің алдын бір сипап өтті де:

-        Айнам,
нендей гәп бар?- деді.

-        Бәрі
бұрынғыша, аға. Менде не
жаңалық болушы еді. Келем, кетем. Елеп,
ескеріп жатқан ешкім жоқ. Бір-бірінен айнымайтын қоңырқай күндер өстіп
із-түзсіз өтіп жатыр, өтіп жатыр...

-        Түк
түсінсем бұйырмасын, - деп
Жомарт Жорабекович ыршып түскендей болды.

-        Өйтіп-бүйтіп
жеті-сегіз ай шыдасам, ар жағын көре жатам
да.

Сәл-пәл үнсіз қалған Жомарт
Жорабекович әдеттегіше шашын сәндеп
болған соң:

-        Ендеше,
айнам, саған бір тосын жаңалық айтқалы келдім,
- деді майдан қыл суырғандай ғып.

-        О
не, аға?

-        Менің
тілімді алсаң, сырттай оқуға түскенің құба-құп болар еді.
Қабылдау емтиханы ендігі аптада басталмақшы.

-        Мұныңыз
маған жаңалық емес қой, ағай. Бұрын да талай
айтқансыз.

Жомарт Жорабекович әрі-бері
қипақтап:

-        Мейлі
де. Әйтсе де, жаман ағаңның осы ақылын құп көргенің жөн-ақ болар еді, -
деді. - Кейін өкінбейтініңе кепілдік
берем.

-        Кешіріңіз,
қисыны келмейтін сияқты.

-        Әсемжан-ай,
Әсемжан! Баласың ғой, әлі. Білгеніңнен білмейтінің
көп.

-        Аға-ау,
үш ұйықтасам түсіме кірмеген
тірлікке тіптен қол бармаса қайтем?

          Әсемнің «аға-ау»
дегенін әлденеге жорыған Жомарт Жорабекович:

-        Қол
бармайды деуің - құр қауіп, -
деді онан сайын елпек қағып. - Өзің секілді талайды көріп жүрміз ғой. Алдымен тәуекел деп көзді жұмып кеп жіберші. Арғы жағы дөңгеленіп кете береді.

-        Несіне
қинадыңыз. Қайткен күнде де қисыны келмейтін
тәрізді, - деді Әсем. - Тіпті он жыл оқысам да агроном боп жарытпаспын.

         Жомарт Жорабекович
тосылып қалды. Бүйтіп, «ә дегеннен теріс қарайды» деп ойламаған. «Өстіп бір
іліктірсем, менен ұзай қоймас» деп әнеугүннен бері буып-түйіп жүргенінің бәрі босқа кеткені ме? Мүмкін
емес. «Жарты жолда қалуға болмайды»
деді. «Әлі де үмітсіз шайтан, жебей
түсейін». Содан:

-        Өйтіп,
бірден шорт кетуге болмайды, айнам. Ақылға caп, ойлан. Үйіңдегі үлкен кісілерге айтып көр, неғылдер екен, -
деген. - Алты жыл дегенің әп-сәтте өте шығады. Ойнап жүріп бітіресің.

-        Әупірім
тәңіріммен диплом алдым дейік. Сосын қайтем?
Қайда барам?

-        Арғы
жағы тағы дөңгеленіп жүре береді. Алдымен бітіріп
алшы.

-        Қинамаңызшы,
аға, - деді Әсем қабақ шыта. - Қисынсыз
әңгіменің не керегі бар?

-        Одан
әрі аспирантураға түсер ең. Екі-үш жылда дүрдей ғылым кандидаты боп шыға
келесің.

-        Қайдағы
жоқты айтады екенсіз. Аспирантура менің не
теңім.

-        Айнам-ай,
әлі сенің ұғып бітпеген
жағдаяттарың тіпті көп қой, кө-ө-п!-
деп Жомарт Жорабекович күңірене күрсінген
болды.

         Сол екі ортада лабораторияға жұрт жиналып қалды. Әсем «уһ» деді. «Енді құтылған
шығармын» деген іштей жеңілейіп. Жомарт Жорабекович әп-сәтте кәдімгі көз
үйренген қалпына түсіп, келгендерден жағалай жай-жапсар сұрастырып, алаңсыз
шүйіркелесті де кетті. Олардың қай-қайсысының да әр-қыдыру шаруасынан жан-жақты
хабардар екен, сөз арасында ол жағдаяттарды да іліп ала жөнеледі. Лезде бәрін ұйытты
да тастады. Әрлі-берлі алып қашпа әңгімеге манадан құлақ түріп отырған Әсем
жаңағы «Уһ» дегенін ұмытқандай: «Өзі бір ілтипатты кісі-ау», деп ойлады. «Кімге
болса да құрақ ұшып түрады». Сол-ақ екен:

-        Жомарт Жорабекович, кейінгі
кездері лабораториядан шықпайтын болдың. Қалай, докторлықтың ауылына жақындадың
ба?- деген келгендердің біреуі. - Ендігі иі қанған шығар. Тездетсейші.

-        Бәрінен бұрын соны айт!
Біздің кафедрадан да бір доктор шықсын-дағы.

-        Сен қорғаған күні бір
шайқайықшы.

-        Қойыңдаршы, - деді сол екі
ортада манадан шылымды бұрқыратып отырған кайыстай қатқан қара сұр әйел жұлып
алғандай. - Алдымен бір шүйкебас тауып алсын. Қашанғы көрінгенге көз тігеді де
жүреді.

           Әлденеден секем алған
Жомарт Жорабекович:

-        Кім біледі, инемен құдық
қазғандай тірнектеп жатырмыз, әйтеуір, - деп сызыла күлді. Сосын көзінің
астымен Әсемге қиыла бір қарап қойып:

-        Сіздердің алдарыңызда ғана
мына қарындасымды «агроном бол» деп қолқалап көріп ем, тіптен ат тонын ала
қашты. Соған қарағанда, біздің тірлігіміздің тұрлаусыз болғаны да, - деген.

           Әсем қып-қызыл боп кетті.
Төмен қарап отырып: «Мұнысы несі? Өкпелегені ме, әлде шынымен-ақ кінәрат артқаны ма? Өйтетіңдей не жөні бар?» деп ойлаған. «Соншалық
қадалғаны - қызық болды-ау».

-        Ат
үсті айтқан шығарсың, ұғындыруың
жетпеген де. Өйтпесе, осы күні
білімнен қашқан кімді көрдің? Оның үстіне мына лабораторияда жүріп агроном болмаймын
деуі, бір жағынан, ерсі сияқты.

-        He дейді-ей, ойбай-ау,
агрономдыққа жете алмай жүргендер қаншама қазір.

-        Шынымен-ақ ұғындыруым жетпеді
ме екен, - деп Жомарт Жорабекович тағы да сызыла күлген. Сосын Әсемге
қиыла көз caп.

-        Ойлан,
айнам! Ойлан, - деді.

-        Неменеге
арам тер боп тұрсыңдар?
Қалағаны бар шығар, - деді манағы
қайыстай қатқан қара сұр
әйел. - Өстіп, «әйтеуір диплом алсақ
болды, ар жағы дөңгеленіп кете
береді», - деп құрып жүрміз.

            Әдеттегідей,
орнынан ұшып түрған Әсем
ләм-мим деместен лабораториядан ата жөнелді. Коридорда состиып тұрып бір ойлағаны: «Сырттай оқуға түсем десем ғой, өткенде аузы күйіп қалған апам үндемей құтылады. Көкем қабақ шытар да қояр. He де болса, көзді жұмып жіберсем бе екен?».

          Артынша өз ойынан өзі
күдіктенгендей жан-жағына жалтақ-жалтақ
қарап: «Мені не жау қуды, неменеге асығам», - деді.

 

IX

          Сол күні кіші бесін
кезінде болар, Жомарт Жорабекович аптыға келіп, ықай-тықай жоқ, Әсемге екі
билет ұстата салды. Сосын:

-        Жеттім-ау,
әйтеуір кешігіп қалам ба деп
жүргенім-ай, - деді.

-        Аға,
бұл не? - деді аң-таң болған
Әсем.

        Кәдімгідей, портфелін
үйреншікті бұрышқа еппен қойып жатып:

-        Опера
театрының жаңа спектаклі екен. Білгіштердің емеурініне
қарағанда, осы маусымның іліп алары көрінеді. Кеше бір қиялмен ала caп ем. Қайдан суық тигенін, бүгін тіпті
мазам жоқ. Басым сынып барады. Бір құрбыңды ертіп барарсың.

         Тілдей қағаз шағып
алатындай, билетті стол үстіне коя салған
Әсем:

-        Керегі
жоқ, - деді. - Heгe өйтесіз?

-        Ғафу
ет, айнам. Қайдан білейін, өзімсінгенім ғой. Әсем жалт қарады. Қарағаны бар болсын, өз көзіне өзі сенбейтіндей. Оның үйреншікті
жайсаңдығынан, сырбаздығынан жұқана
да қалмаған. «Ғафу ет, айнам» деп

төмен қараған күйі иығы салбырап,
әрең тұрған сияқты. «Аяқ
астынан бүйткені несі!» деп ойлады. «Әлде, ренжітіп
алдым ба? Өйтетіндей не айттым?». Сол екі ортада:

-        Қайдан
білейін, - деген Жомарт Жорабекович. - Неде
болса, ғафу ет!

-        Сізге
не болған? Қарадай мүсәпірсімеңізші.
Одан қайта маған ұрсыңыз, - деді Әсем кенеттен. Деді де,
бәрін жуып-шаймақ боп: - Мені
қайтесіз. Кейін көре жатам да. Әдейілеп
алғасын өзіңіз барыңыз. Тұмау-сымау
деген

түк емес, сейіліп кетесіз, -
деді.

-        Жоға,
қойшы енді, қазбалай бермей, - деп Жомарт Жорабекович
аяқ астынан әлденені жұмбақтағансып
кетті. - Алда-жалда, бара қалғанның өзінде де көлденең көзге түрткі боп, жалғыздан-жалғыз состиып
жүргенім жараспас.

-        Оның
несі айып?- деді Әсем таңданған пішінмен.

         Қит етсе, жұрттың қас-қабағын бағып үйренген
Жомарт Жорабекович Әсемнің жібігенін сезіп:

-        Кідірмей
қайта бер. Кешігіп қаларсың, - деді одан сайын
жік-жапар боп.

          Әбден қиналған Әсем:

-        Маған
арнап алсаңыз бір сәрі. Балаға кәмпит ұстатқандай - билетті ұстата
салғаныңыз бола ма, - деп басқаша қулыққа көшті.

Жомарт Жорабекович тіпті өрекпіп
кетті.

-        Оның
да сәті түсер. Ағаңды ренжітпеші. Бір жолға сауға
бер.

         Өстіп отырғанда
шынымен-ақ кешігіп қалармын, үйге жеткенше
әлі, - деді амалы таусылған Әсем. Деді де, тез-тез жинала бастады. Әттең, «аға
бірге барсақ қайтеді» деу қаперінде
де жоқ. Содан не керек, ең
болмаса Жомарт Жорабаковичке бұрылып бір қарамастан-ақ лып етіп шықты да кетті.

         Көшеде киіктің лағындай
секеңдеп бара жатқан Әсемге төртінші қабаттағы терезеден тесіле қарап қалған Жомарт
Жорабековичтің көңілі алабұртып, көптен ынтық боп жүрген тәттінің дәмін
алғандай, жұтынып-жұтынып қойды. Жұтынып-жұтынып алып: «Қайдан ғана жолығып
еді, сүйкімдісін-ай, құрғырдың» деді. «Әуреге түсірмесе нетті?!».

 

X

           Ақыры Әсем сырттай
оқуға түсетін болған. Қаңтардың басында қабылдау емтиханы басталды. Онсыз да әрі-сәрі жүрген ол алғашқы
күні-ақ тіксініп қалды. Тіксінгені - агрономия факультетіне оқуға түсуге
келгендердің дені - Жомарт Жорабекович қатарлы, тіпті одан да үлкен боп шықты.
«Сен неғып жүрсің», дегендей, шетінен одырая қарайды. Өйтпеген күнде де, алды әкесіндей
кісілермен қайтіп шүйіркелессін. Амал жоқ, өзін

оқшау ұстап, көп көзге де түсе бермейді. Уақытылы ғана келеді, уақытысында
кетеді.

        Оның бергі жағында емтихан
тапсырғаны да қызық болды. Оқытушылардың алдына барады. Билет алады. Білгенін айтады. Қосымша сұрақтарына хал-қадарынша жауап береді.
Бәрін айтып болған соң олар куәлік қағазға
кезекті «үштікті» қондырады да қарап отырады. Мүмкін, кейде осы бағадан асып
түскен болар, мүмкін, кейде кемірек
соққан шығар. Бірақ бәрібір,  сол - «үш».

        Әсем «бұларыңыз қалай»
демекші боп, талай оқталды. Айтам дегенше, әлгілер «бара бер» дейді.
Соңғы емтиханда:

-        Әжептәуір
білетін сияқтысың. Heгe
тартыншақтайсың? - деген бір оқытушы.

-        Бәрібір
үш қоясыз. Несіне арам тер болам, - деген Әсем
тоңтерістене.

Әлгі кісі күліп жіберді:

-        Оны
қайдан біле қойдың. Баға үшін ғана оқысаң, алысқа
бармассың.

-        Көріп
жүрміз ғой.

-        Қуып
жіберейін бе осы?!

-        Өзіңіз
біліңіз.

        Айтқанындай-ақ тағы бір
«үшті» арқалап шықты... Сонымен, Әсем агроном факультетіне сырттай оқитын болды.

XI

 

           Бүгін де лабораторияда
жалғыз отырған. Студенттер қысқы каникулға шыққалы бері мұнда келушілер де сиреген.
Бір зәуіммен анда-санда төбе көрсеткендердің өзі көп кідірмейді. Кіреді де шығады.

         Қанша айтқанымен, күнделікті
абыр-сабырға үйреніп қалғасын ба, үш-төрт күннен бергі момақан үнсіздікке көндіге
алмай-ақ қойды. Көндіге алмағаны ғой, «біреу-міреу кеп қалар» деп елеңдейді де
отырады.

Кенеттен телефон шыр ете қалды.

-        Амансың
ба, айнам, мен - Жомартпын ғой, - деді арғы
жақтан. - Оқуға түсіпті деп естідім. Қайырлы болсын! Ағаң қашан да біліп
айтады. Қуанып жатырмыз. Мінеки,
институтқа жақсылап табан тіреп алдың. Бір-екі жылдан кейін күндізгі бөліміне
де ауысуға болар. Несін айта берем,
ендігінің бәрі өзіңнің қолыңда. Қисынын тапсаң, ештеңеден құр қалмайсың. Гәп - қисынын табуда.

-        Рақмет
аға, - деді Әсем әлденеден тіксінгендей. - Кейінгісін
қайдам, әйтеуір оқуға түскен болдық.

        Кенет тосылып қалған
Жомарт Жорабекович:

-        Бір
түрлі жақын тартып кеткесін айтып жатқаным да.
Әйтпесе, көлденең өткенге жабысып не бопты, - деді.

-        Осы
ылғи да менің жалғыз отырғанымды қайдан білесіз?-
деді, Әсем жорта таңырқағансып.

-        Сен
сұрама, мен айтпай-ақ қояйын,
- деді Жомарт Жорабекович қиыла.

-        Көптен
көрінбейсіз, - дей салған Әсем қапелімде қылаң
беріп қалған келеңсіздікті жуып-шайған сыңай танытып.

Тағы тосылып қалған ол:

-        Тірі
жанның тірлігі біте ме? Осы екі-үш күн беделінде әлгі диссертация дейтін пәле киіп кетіп, бұрылуға
мұрша келмей қалды, - деген сәл үнсіздіктен соң. - Күндіз-түні көңілден
шыққан жоқсың. Қайтейін.

-        Қайдам,
күнделік қызық-қызық әңгіме айтып кететін
едіңіз, - дей салған Әсем тағы да. - Қайдағы-жайдағы жағдаяттарды тізе
бергеннен гөрі, бір мезгіл күліп-ойнап отырғанға не жетсін!

-        Қайдан
білейін жазған басым, - деді ол. - Баяғыдан бері неге үндемей жүрсің?
Бүйтетініңді білсем, лабораториядан аттап шықпайтын ем. Ту, осы аңғалдығымнан-ақ
көресіні көрдім-ау.

         Оның дереу мәйім
сыбырға көшкенін өзінше қызық көрген
Әсем:

-        Ертеден
қара кешке дейін жалғыз отырған қиын екен,
- дей салды.

        Жомарт Жорабекович
кенет тосылып қалды. Сол-ақ екен,
маңдайы тершіп, жүрегі лүпілдеп жүре берді. Көптен шаншудай қадалып, маза бермей жүрген күдік те сейіле бастағандай
ма, қалай? «Ойнап айтса да ойындағысы болар» деді іштей дәмелі көңілдің ығына
есіп. Сосын:

-        Жалғыздықты айтпа. Жасыратын
не бар, о пәленің талай тауқыметін көріп жүрмін, - деді. - Ойнап-күлетін кезің.
Қысылма!

        Әңгіменің соңғы нобайынан
сезіктенген Әсем:

-        Кейін оқи алмай жүрсем,
өзіңіз жауап бересіз, - деді қапелімде бұра тартып. - Сіз болмасаңыз маңайынан
жүрмес едім.

-        Түу, со да сөз боп па,
айнам-ау, дөңгелентіп әкететініңе иненің жасауындай күмәнім жоқ. Күдігі құрсын.
Тіпті көрініп тұр ғой.

-        Қайдан білейін, әлгі кезекші
«үштерге» байланып қалмасам.

-        Қойшы, айнам. Мына жаман ағаң
тұрғанда ештеңеден қам жеме.

-        Қайдан телефон соғып тұрсыз?-
деді Әсем әлденеге өрепкігендей.

-        Төменнен.

-        Төменнен дейсіз бе?

           Сәл кешеуілдесе болды, Әсем
телефон құлақшасын тастап жіберетіндей:

-        Реті келсе, қазір барсам
кайтеді, - деген ол.

-        Қызық екенсіз, келіңіз.

-        Ал, ұштым.

-        Қанат байлауды ұмытып
кетпеңіз. Ұшып келе жатып топ ете қалсаңыз.

-        Әзіліңнен айналайын.

-        Ал, ұшыңыз.

        Жауап қатуға да шамасы келмей,
телефон будкасынан шыға құнжыңдай жөнелді.

        Әсем терезеден төменге
көз салып тұрған. Әне, оның төбесі көрінді, қарсыдағы көшеден бері
қарай бұрылды. Жан-жағына
қарайтын емес, домаланып келеді. Орнына кеп отырғасын: «Немене, портфелін сонша
сы-

қағаны» деді. Сосын: «Қызық-қызық
әңгімелерді әдемілеп қиыстырып та үлгерген шығар, ендігі», -
деп өз-өзінен езу тартқан.
«Шаршамайтынын қайтерсің...».

Есік ашылар-ашылмастан:

-        Күтіп
қалған жоқпысың? Қанат байлап жеткенім-ақ қой, - деген ол.

        Пальтосын іліп, әдеттегідей шашын сәндеп болып, портфелін ашты да, қос жұдырықтай қызғылт-сары апельсиндерді бірінен соң бірін стол
үстіне тізе берді. Әлі тізіп жатыр,
әлі тізіп жатыр.

-        Мұныңыз не?

-        Жолай
сатып жатыр екен. Таңсық дәм болған соң әдейі
бір сағат кезекте тұрып,
өзіңе арнап алдым. Баяғыда билеттің дауы әлі көңілден кетпейді.

-        Арнап
алғаныңыз шын болса, рақмет аға!- деді Әсем ұшып тұрып. -
Қашаннан базарлыққа құмар
екенімді қайдан біле қойдыңыз?

          Әсемді жаңа
көргендей жалтақ-жалтақ қарай береді. Қараған сайын жүрегі атша тулайды. Ара-арасында бірдеңе демекші боп,
оқталып-оқталып қояды. Оның өстіп күйгелектеп отырғанын сезгендей-ақ:

-        Әлі күнге дейін апельсин десе
аузымның суы құрып тұратынын қайдан білдіңіз?- деген Әсем онсыз да лапылдап жатқан
отқа май тамызғандай ғып.

Ол не дерін білмеді. Тосылып
отырып-отырып:

-        Бірдеңе
айтуға ауыз бармайды. Қапелімде қинадың-ау, - деген. Сосын тығыны атылған
шампандай ағыл-тегіл кетті деңіз.

-        Сенсең
бар ғой, сені баяғыдан білетін сияқтымын. Күлме.
Имандай шыным. Түсімде талай көргенім өз алдына, өңімде де көз алдыма талай
елестеткем. Тіпті жанымда күлім қағып келе жатқандай, талай жан-жағыма

жалтақтағаным - бір өзіме аян.
«Өмірімде сондай жан бар шығар,
кездесетін шығар» дейтінмін. Соған қалтықсыз сенетінмін. Мұны телепатия дейсің бе, сәуегейлік дейсің бе, өзің біл, әйтеуір,
осындай жағдаятты басымнан өткізгенім
анық. Имандай шыным, өзіңді алғаш көргенде түк
таңырқағам жоқ. Әрине, жүректің атша тулағаны өз алдына. Ал, шыным - түк таңырқағам жоқ. Сыралғы таныстардай тез шүйіркелесіп кеткенім де
содан болар. Кейде артық-ауыс
бірдеңелерді түйеден түскендей қойып қалатыным да содан балар. Кейде ұрлық
жасауға әзірленіп жүрген кісіше қай-қайдағыға бола өлердей қысылатыным да содан
шығар. Әйтеуір, менен дегбір қашқалы қашан. Шет жағасын сезіп те жүрген
шығарсың. Өстіп жаман ағаңның шақшадай басы шарадай болды. Кім білген, өмір дегеннің
қалтарысы көп-ақ екен.

      Бұрын-сонды мұндай сөзді
ешкімнен естімеген Әсем алғашқыда аңтарылып қалған. Артынша жұмбақ бір күйге
түсті. Түу тереңнен әлсіз бұлқынған қайдағы бір құпия сезім қол бұлғап
шақырғандай ма, қалай? Әлде жүрегі дүрсілдеп кетті ме? Неде болса, осы күнге
дейін сезіп-білмеген тұңғиық бірдеңе. Содан ба, лезде есейіп кеткендей сезінді.
Балалық шіркін анадайдан: «Қош, қош» деп тұрғандай, «Міне, кетіп барасың»
дейтіндей. «Өстеді, өстіп ғайыптан кез бола кетеді» дейтіндей.

         Алабұртқан көңіл тыншым
берер емес. Әлденеге елеурегендей ме, әлденені аңсағандай ма, әйтеуір, бір жұмбақ
мұнар кесе-көлденеңдеп тұрып алды. Әрі-сәрі боп отырғанда:

-        Heгe үндемей қалдың? Жаман
ағаңның әлгі шатпырағын жақтырмағаның-ау, - деді ол. - Құдай төбемнен қос
қолдап ұрмаса нетті.

-        Қойыңызшы, сізді жаман
дегенге кім сенеді, - деген Әсем бәсең ғана.

-        Басқаның сенер-сенбесін
уайымдап қайтем. Өзің шошып жүрмесең болды да. - Ол еппен ғана апельсиннің қабығын
аршып отыр. Әсем әкесі базардан келген баладай мәз боп күле береді, күле
береді.

-        Сәтін салса, осы ертең-арғы
күндері Фрунзеге жүргелі отырмын, - деген ол сөз арасында. Елең ете қалған
Әсем:

-        Командировка
болар, - деді. - Диссертацияңыздың қамы ма?

-        Жоға,
өзім куратор болып жүрген курстың бір топ студенттері
қысқы каникул кезінде қыдырып қайтпақшы екен. Пәлесін
қарашы, институттан арнайы автобус сұрап алыпты. Бастық оларға бас-көз
болуды маған жүктеп отыр. Амал жоқ, көндім. Бірдеңе деуге тіпті ауыз бармайды.

-        Несіне қиналасыз?- деді Әсем
манағы «көптен көрінбей кеттіңіз» деп әлекке түсіргенін ұмытып. - Сейіліп,
сергіп қайтасыз. Өзіміз болсақ, жүгіріп кетер едік. Осы сәтті әдейі күткендей
екен:

-        Міне, таптың. Шынымен-ақ,
бірге барсақ қайтеді? - деген ол жақаурата.

-        Әттегі-ай, жібермейді-ау, -
деп Әсем әдеттегідей - орнынан ұшып тұрды.

-        Жібермейтін
кім? Қайсысы, кәні? Ал, маған салсаң, профессордан
бір-екі күнге мәулет аламыз.
Одан арғысы боса-болмаса сенбі,
жексенбі жалғасады. Әлгідегі алып-ұшқан бойы:

-        Ендеше,
мен дайын, - деген Әсем. - Қазір-ақ жүре берем.

-        Қашаннан
сенгішпін. Кейде әзілге де малдана салам, - деді ол кенет жартыкештене.

-        Аяқ
астынан өстіп қалатыныңыз-ай, шын айтам, - деді
Әсем. Сосын:

-        Студенттер
күліп жүрмесе, - деп қапелімде тіксінгендей
болған.

-        Қызықсың-ау,
неменеге күледі? Шетінен жақсы жігіттер.
Қайта қуанар.

 

-        Мейлі,
неде болса, кеттік, - деді Әсем.

-        Қайтарып
тастай ма деп маналы бері айтуға жүрексініп
отыр ем.

-        Осыдан
айтпай кеткеніңізде бар ғой, - деді Әсем епетейсіздеу
бұртаңдап.

-        Өйтіп
не бопты. Ағанды ұшып-қонған
біреу деймісің, - деді ол да епетейсіздеу ақталған боп.

          Бірдеңеге еліксе,
соның ығына қарай есе беретін қашаннан әдеті. Қазір де жаңағы сапардың ырқынан
шыға алмай отыр. «Он сегізге келгенше Алматыдан аттап шықпаппын.
Оның үстіне Жомарт ағай осынша қолқалап отырғанда несіне кібіртіктеймін. Әлгі емтихан
дегені де әбден мезі ғып бітіп еді, қолайы кеп тұрғанда бой жазып келейін. Үйдегілерге «бастықтар жұмсады дей
салармын, қайсібірін біліп жатыр...».

-        He ойлап отырсың? - деді
Жомарт Жорабекович әлденеден қуыстанған сыңай танытып. - Неде болса, айтып
өлтірсеңші, айнам.

-        Мұнша күдікшіл болармысыз.

-        Қайдан білейін.

-        Ұзақ жолда... Автобуста... Ән
шырқап... Әр жерге тоқтап... - деп
Әсем кенеттен күліп жіберді.

         Онсыз да маналы бері
іштей «бір ысып, бір суып» отырған Жомарт Жорабекович қапелімде абдырады да
қалды. Абдырап отырып, көптен
көмейін бүлкілдетіп жүрген әлгібір жағдаятты ақтара салудың ретін таппады.
Айтпайын десе, мына оңтайлы сәт көзді ашып-жүмғанша зу етіп өте шықпақшы.
Шынымен-ақ зу етіп өте шықса, қайтып айналып келер де? Ал,
келмесе қайтеді?

         Қысылғаннан суық тер
бұрқ ете түсті... Түк
таппағасын көп орамалының біреуін алып, епетейсіз желпіне берген. Қанша
қиыстырса да көңілдегі батпандай күдікті жеңе алмай-ақ қойды. Жеңе алмағасын «Қарап отырып бүлдіріп алмасам нетті» деп налиды. «Мұндайда үріп ішпесе, ауызды
күйдіріп алу да оп-оңай!».

          Ақыры ештеңенің
орайын таппады. Таппаған соң:

-        Аман
болсаң, осы сапар ағай талай-талай сыр ақтарар әлі, - деген.

 

XII

 

        Екеуі институттан
бірге шықты.

        Қар қалың болатын.
Кәрі шұнақ та қаһарына мінген екен. Ықай-тықай жоқ, қарып барады.

         Қалың пальто киіп, тұмшаланып алған Жомарт
Жорабековичке салса, қаланың орталығына апаратын үлкен көшені бойлап кете бермекші. Әсем болса, дір-дір қағып әзер келеді. Бір кезде:

-        Жалғанда
аязды кештің қызығы таусылған ба, - деді
әлденені жақаурата.

-        Әсіресе,
күн ұзаққа аядай
лабораторияда сарылып отырған сайын
мына саф ауа - жәннәттің төріндей ғой. Шіркін-ай, осындайда алаңсыз серуендегенге не жетсін. Бүгін бір кезі
келген екен.

 

Сол екі ортада:

-        Ал
кеттім, - деп Әсем алды-артына қарамастан анадайда тұрған автобусқа қарай жүгіре жөнелді.

-        Қайда
барасың? Тоқтасаңшы. Таксимен-ақ апарып салатын
едім ғой, - дегенше Әсем әудем жерге барып та қалған-тын.

-        Абайла.
Аяғыңның асты көк мұз. Құлап қаласың, - дегенше автобус та жүріп кетті.

          Көк түтінін будақтата
кирелеңдеп бара жатқан автобустан көз алмай тұрған Жомарт Жорабекович: «Әлі
бала ғой, еркелегені шығар» деді өз-өзін жұбатқансып. «Құрғырға еркелік, жүде,
жарасады екен».

         Үйге келгесін Жомарт
Жорабекович бипаздап тұрып жуынып, ащы шайға қанып алды. Әрі-беріден соң, күндегісіндей
диссертациясын жалғастырмақ болып еді, тіпті қолы бармай қойды. Қыл аяғы кітап
оқуға да зауқы соқпады. Телевизордан әп-әдемі концерт болып жатыр екен, ол да
лезде мезі ғып жіберді.

         Көңілі ала бөтен алабұртып, дағарадай
үйге сыймағандай - әлденеге алаңдай берді. «Қазірлері ғой, әке-шешесінің
ортасында жайнаң қағып отырған шығар. Кім біледі, әлде бір-екі кесе ыстық шай ұрттауға
да шамасы

келмей, шашы жалбыраған бір қуға еріп кетті ме екен? Манағы асыққанына
қарағанда... Одан шығады». Тұла бойы мұздап сала берді. «Ендігі аппақ қарды қарш-қарш басып, қол ұстасып кетіп бара жатқан болар».

            Диваннан атып тұрып, әрі-бері сенделіп жүрді де
қойды. Айналып келіп: «Өзіме
де обал жоқ, құр ыржаққа ындыным құрып», - дейді. «Көрмей-білмей жатып босқа кінәраттағаным
- қай тапқаным» дейді әлдекімді алдаусыратқансып. «Бәрін айт та,
бірін айт, ең төтесі - әліптің

артын күткен!».

           Бәрібір болмады. Қанша әлектенгенмен әлгі
кісөпір сезіктен құтыла алмады. «Қулар қоюшы ма еді» деді
аты- жөні жоқ, қайдағы біреуге
кіжініп. Сосын: «Әсем де қызық, бір
мезгіл алды-артын ойласа қайтеді?» деді.

            Сенделіп жүріп
шарламаған қиыры қалмады. Ақырында «Осыдан
Әсемнен айрылсам, бұл ғұмырдан жалғыз өтермін» деп екіленеді. Сосын: «қолға
түсіп тұрғанда қатып-сеніп қалуым керек қой» деп одан
сайын екілене

түсті. «Немене, соншалық кісінің
қоры ма екем? Жерге қарап
отырғаным жоқ. Шүкіршілік, бәрі де жетеді. Несіне жартыкештене
берем. Отыз тоғыз дегенің өндірдей емес пе!
Үлде мен бүлдеге орап қойсам, қайда барар дейсің.

         Тиын тірнектеген үйде
өскен екен. Аузы-мұрнынан шыққан
молшылыққа кезіккесін, жан-жағына қарауға да шамасы келмес. Талайын көріп
жүрміз ғой».

         Ол жұмсақ жадағайын жеңіл жамылып, көптен
қатып-семіп тұрған шашақты
домбыраны қолына алды. Қолына алды
да, бар білетіні - «Молдабай» әнін маңайлата «Әу» деді.

Менің атым Молдабай...

Онсыз да жайдақ әнді нақышына
келтірем деп ұзақ әуреленді. Күйі келмеген домбыра тас
көшедегі тағасыз аттай кібіртіктей
берді. Даусы құрғыры
боса-болмаса дарылдап, айдалаға лағып кетті.

        Жоққа әуре боп отырғанда,
Әсем көз алдына кеп тұра қалған. Сол, сол-ақ екен, тығынды атып
жіберіп, ағыл-тегіл алды да кетті. «Сүйдім-күйдім» деп қосылғандарды да көріп жүрміз. Сүйіспеншілік дегенің
кейде құр әулекілік боп шығады. Оның бәрін үй болып,
әбден үйреніскен соң барып ауызға алу
керек. Әйтпесе, сорпаның бетіне шыққан көбіктей бос сөз кімге дәрі?! «Ерлі-зайыптылар
келе-келе бір-біріне ұқсап
кетеді» деп жатады. Тегін айтылмаған, тауып айтылған. Әлгі үйленгенше үздігіп
жүріп, үй болғасын жеріп шыға келетін қу-аяқтардан не қайран! Сүйген екенсің,
оразғардың тауқыметін көтеріп көр.
Көтере алмайтын болсаң, сенің күн демей, түн
демей күйіп-жанғаның кімге керек? Жомарт Жорабекович мұның бәрін талай екшеген. Әлі де екшейді. Қабағына кірбің түсірмесем,
«ішкенің - алдыңда, ішпегенің - артыңда», деп ертелі-кеш елпектеп отырсам, не көрініпті,
шалқақтай бермес. Шалқақтағанда ше? Қақаңдаған кәрі қызбен
отасып, өмірімді өксіткенше, үлбіреген қызыл
гүлдей Әсемді төбеме көтеріп жүрсем ше! Ешкім қой демес. Қолға түссе, ұршықтай үйіріп әкетер ем-ау! Қошқардай ұл тауып берсе, қандай қиқаңына да көнер ем-ау. Күндердің
күнінде «сүйем сені» дер еді-ау. Бәрінен де
әзірге шошымасын де. Бір жалбыр шаш қу тап болып, басын айналдырмасын де. Осыдан аман кетсем, арғы жағына құлашым жетеді. Жомарт
Жорабековичтер жерде жатқан жоқ, қалқам. Біз де талайды көргенбіз. Көргесін айтамыз. Құмарлықтың отына бас-көз демей
қойып кететін уақыттан, қойып кетіп, өртеніп жүре беретін уақыттан әлдеқашан
өткенбіз. Күйіп-жанбағасын махаббаттың қызығы бола ма дейтіндерге мен «алдымен
бір-біріңнің қадіріңе жетіп ал» дер ем. «Ардақ сезімді аялай білу керек дер ем. Сезімге сараңдау болу керек дер
ем. Сонда ғана ол саған ғұмыр бойы
серік бола алады. Түбінде осының бәрін
түп-түгел Әсемге айтармын-ау...».

          Ол домбыраны іргеге сүйей
caп, мұп-мұздай төсегіне қойып кетті.

 

XIII

 

          Олар таң алагеуімде
аттанған.

          Қаладан шыға-ақ қар ұшқындай
бастады. «Күні құрғырдың өстетінін біліп ем, - деп мосқал шофер тоқтай ғап,
әйнек сүрткішке жармасты. Осы жұрт қыстың көзі қырауда неменеге ерігеді екен?».

-        Ақсақал, асығатын не бар,
ілбіп тарта беріңіз. Кешке дейін бір жетерміз, - деген Жомарт Жорабекович жайбарақаттана.

Шофер де дайын тұр екен:

-        Жаман
айтпай, жақсы жоқ, жол-жөнекей бір пәлеге ұшырасақ,
ең алдымен мен, біліп қой, сен емес, мен жауап берем, - деді тасыраңдап.

-        Ақсақал,
қарадай қара аспанды төбеңізге төңкере бермеңіз.
Сақадай-сақадай боп отырмыз ғой, міне. Неден қорқасыз, - деген Жомарт Жорабекович көңілдене. - Жол дегеніңіз айнадай жарқырап жатқан жоқ
па!

 

Әлгі әлгі ме, әбден ашуға
булыққан шофер:

-        Таң
атпай жатып алды-артыңа қаратпай алып бара жатқан
ненің буы, - деді тістене. - Қордайдың асуына жеткесін көрерсің әлі талай көрімді.

-        Ақсақал,
ұрсып-таласып не керек. Тарта
беріңіз, бір мәнісі болар. Жалт
қараған шофер: «Жағаң жайлауда екен»
деді де, зырғыта жөнелді.

-        Ақсақал-ау,
мені даттағанша манадан өстісеңіз, құда да тыныш, құдағи да тыныш!

-        Саған
дауа жоқ шығар.

-        Басымыздың
қосылғаны жаңа ғана. Салғыласа бергеннен не шығады, - деген Әсем жақтырмаған
пішінмен.

        Екеуі де саппа тына
қалды.

        Қар әлі жапалақтап тұр. Мына бойымен үйіп тастайтын
тәрізді-ау - айнала түгел аппақ боп кетті. Мосқал шофер ештеңені елейтін емес, бас-көз демей, төпеп келеді. Студенттер де ештеңені елейтін
емес, өздерінше мәз. Тұзы ащы әзіл-оспақты қарша боратып, автобусты қаңыратып жіберердей,
қарқ-қарқ күледі.

Әрі-беріден соң:

-        Ұмытып кетіппін, - деп Жомарт
Жорабекович қолынан түсірмейтін сары портфелін ашып жіберіп, ішінен кішкентай
ақ қобдишаны суырып алды. Піл сүйегінен оюлап жасалғандай екен. Әсем тесіле қарап қалыпты.

-        Бұйырғанға дауа жоқ екен,
кеше кешкілік бір зәуіммен үйдің жанындағы кішкентай дүкенге бара қалып ем, кезіге
кеткені, - деп қобдишаны Әсемге әдемілеп ұсына берген.

-        Бұл не?

-        Қолыңа
алшы. Сосын көре жатарсың.

-        Таппайтыныңыз
жоқ-ау!

        Жомарт Жорабековичтің
талай-талай мұндай
жоралғыларына үйреніп қалған Әсем шыдамсыздана
қобдишаның қақпағын көтеріп қап еді,
іші толған қымбат конфет екен.

-        Ал,
әйтпесе...

        Жаңа ғана қабақ шытып
отырған. Лезде жадырап сала бергенін
сезбей қалды.

-        Ылғи
өстесіз.

-        Қайтейін,
күндіз де, түнде де көз алдымда тұрасың,
- деген ол. Сосын: «Қызылға
қызықпайтын қыз болушы ма еді» деп
ойлады. «Өстіп шым-шымдай берсем, қайда кетеді?»
деген, іштей насаттанып.

-        Ұмытпайтыныңызды білем, - деді Әсем
наздана.

-        Сенсең,
ылғи түсімде көрем.

-        Қойыңызшы.

-        Ағаңның
көңіліндегі көп сырдың қайсібірін біліп жатсың,
- деп бармақтай шоколадты аузына тастап кеп жіберіп
еді, былқ-сылқ еріп жүре берді. Тіл үйіргені өз алдына, кереметтей хош иісі мұрынды жарып барады. Соны сезгендей-ақ:

-        Тәттіге
құмарсыз-ау, сірә, - деген
Әсем.

 

XIV

 

            Фрунзеге түс
әлетінде жетті.

           Қар қалың екен.
Шайпау аяз тырп еткізбейтін сияқты. Сіресіп жатыр.

-        Жеттік пе, жетпедік пе, -
деді мосқал шофер. - Әбден сілем қатты.

Таңертеңгіліктей емес, жұмсарып қапты.

-        Сізге, жүдә, қиын болды, -
деген Жомарт Жорабекович те ығына есіп. - Енді алаңсыз тынығасыз.

-        Қаланың шет жағында
тамырымның үйі бар, соған барсам, - деген ол.

-        Жүдә,
жақсы. Қора-қопсысы бар шығар?

-        Әрине.

-        Жолыңыз
болсын.

          Тырнағына ілініп тұрған шофер ызғытты да кетті.

          Жомарт Жорабекович
студенттерді университеттің жатақханасына жайғастырды да, Әсем екеуіне орталық
мейманханадан орын алды.

          Тұңғыш рет қонақ үйдің есігін ашып, қара
көлеңке бөлмеде жалғыз қалған Әсем
кенет өз-өзінен елегізіп, мазасыздана бастады. Әрі-беріден соң осының бәрі түс
тәрізді көрінген. «Аты-жөні жоқ еріп
жүре беріппін-ау» деп ойлады. «Несіне желіктім? Үйдегілерді алдап кеткенім
анау, ендігі отырысым мынау, бүйтіп
қызық қуғаны құрысын». Ұры кейістің әлегімен отырғанда, телефон
шыр ете қалды. «Бұ қайсысы болды екен» деп шошып кеткен Әсем:

-        Кім керек еді, - деді
қорыққан бұрын жүдырықтайдының керімен.

-        Бұ кім, өзіңбісің, айнам?-
деп арғы жақтан желдей ескесін барып есін жиған Әсем:

-        Сіз екенсіз ғой, - деді жеңіл
күрсініп. - Телефон шыр ете қалғанға...

-        Елегізіп отырғандайсың. Бір
жағы шаршаған да шығарсың. Жақсылап жуынып-шайынып ал. Сосын ресторанға
барып түстенеміз.

-        Мұндайда ас батушы ма еді.

-        Алдымен
әлденіп алайық. Әлденіп алғасын-ақ, ар жағы
дөңгеленіп кете береді.

-        Әйтеуір,
дөңгелегенге құмарсыз.

-        Дөңгеленбегесін
қызығы бола ма?

         Түстеніп бола
бергенде, студенттер кеп киіп кетті. Жол бойы
әзіл-оспақ әлі толастамапты. He керек, әп-сәтте аядай ресторанды көтеріп кете жаздады.

Түстен кейін бәрі қосылып, қаланы
жаяу аралаған. Фрунзеңіз
әп-әдемі қала екен. Көп ұзамай-ақ оның талай тұсына көз қанығып қалды. Өйткені,
алғаш келген мейманның жанарына әп деп ілінетіннің бәрі орталықтағы дәу көшеге
иек артып тұрғандай. Мойын созсаң - мен мұндалап шыға келеді. Студенттер
шүпірлесе суретке түсіп жатты. Сол-ақ екен:

-        Біз де түсейік, ескерткіш
болсын, - деп Жомарт Жорабекович жабыса кетті.

-        Қайтесіз оны, - деп Әсем
тартыншақтай бастап еді, Жомарт Жорабекович одан сайын жабыса түсті.

-        Ағаңның меселін қайтарма!
Ескерткіш болсын. Фрунзеге күнде келіп жатқанымыз жоқ.

           Ақыры екеуі қатар тұрып
суретке түсті.

          Содан бәрі музейге барған.
Барған бойы студенттер үріп ауызға салғандай экскурсовод қызға еріп жүре
берген.

           Суықтан кеп, бойы
жылынғасын ба, әлде музей жасауы ерекше әсер етті ме, Әсем сәл-пәл жадырайын деді.Екеуі
бірінен соң бірі жалғасып кете беретін әйдік залдарды ұзақ аралады. Жомарт
Жорабекович әдеттегіше елпек қағып, өзінше тамсанумен болды. Тамсанып жүріп,
кейбір экспонаттар сырына бұрыннан қанық екенін де аңғартып тастаған. Ақырында
келіп-келіп тату-тәтті семьяның бір күнгі тыныс-тірлігін бейнелеген паннодан
көз алмай тұрып:

-        Мінеки, бақыт дейтін осы ғой,
- деген көкірек жара күрсінгенсіп. - Жұмыр басты пендеге бұдан артық не керек?!

Әсем оқыстан күліп жіберді.

-        He болса соны айта
салатыныңыз не?

          Кешкілікте студенттер театрға
бармақшы болды. Жомарт Жорабекович аяқ астынан қипақтап:

-        Біз
қайтеміз, - деген. - Барсақ па екен, әлде қоя-ақ қоямыз ба?

-        Өзіңіз
біліңіз, - деді Әсем селсоқтана.

-        Жоқ,
сен айт. Сенің айтқаның болсын!

-        Өзіңіз
біліңіз, - деген Әсем тағы да. - Маған бәрібір. Әсемнің студенттерге қосылғысы келмей тұрғанын мана-ақ
сезген. Әдейі көз ғып айтып көрді. Қолқалап та көрді. Енді не сөз бар.

-        Оның өзі, кәдуілгі, - деді ол
аяқ астынан жайбарақаттана қарап. - Талай көрген театр ғой. Әсем де оншалықты
қызығып тұрған жоқ.

Тырнағына ілініп тұрған студенттердің бірі:

-        Онда
біз кеттік. Ертең хабарласармыз, - деді. Сонымен, сөз біткен. Студенттер іле
бұрылып жүре берді.

-        Опера
дегеннің өзі кейде көңілге қонбайды, - деді Жомарт
Жорабекович әлденеден ақталғандай. - Бұрын-соңды қызығып көрген емеспін.

-        Енді
қайда барамыз?- деді Әсем кенеттен.

-        Co
да сөз боп па, тәйірі, - деді Жомарт Жорабекович масаттана. - Ағаң бағана-ақ
орайын тауып, өлшеп-пішіп қойған.

-        Сіз-ақ
тапқышсыз!

-        Айнам-ау,
мынауың жылы ұшырағаның ба,
әлде жақтырмағаның ба? Ең болмаса,
айтып өлтірсейші, - деп ол лезде
аңқауси қалды.

-        Бұ қай тұрысымыз?

-        Қазір,
қазір!

         Қала орталығындағы
әлгі кең көшені бойлап екеуі көп жүрді.
Қараңғы түскелі қашан. Онсыз да шып-шыңылтыр аяз түнемесіне тіпті қытымырланып
алды білем, жұқа пальтомен шыққан Әсем мана-ақ тоңа
бастаған.

         Жомарт Жорабековичтің
ұзынсонар әңгімесі жуық арада
бітетін емес. Әбден ширығып алған - әр жағдаятты бір айтады. Онда да тоқ етерін айтса бір жөн ғой, бірдеңелерді алдымен тұспалдап алады да, орағыта береді, орағыта береді. Ақырында өрмекшінің торындай шиыр-шиыр ғып бітеді.

         Бір кезде мақтанғысы
келді ме, мансабы жоғары ағайын-туғандарын біртіндеп санап шықты. Санап шығып:

-        Өсіп-өнген
жандармыз. Шетінен оқыған, - деп бір қойды.
Келіп-келіп, машина сатып алатынын айтты. Айтып қана қоймай:

-        Қандайын
қалайсың?- деген Әсемге қиыла қарап.

         Қаншалықты майдақоңыр
болғанымен, оның бірде-біреуіне құлақ
асып келе жатқан Әсем жоқ. Өз-өзімен әуре.
Еріндері жұғысудан қалды.
Аяғы - ағаш сияқты.

        Бар ойлайтыны -
ертерек мейманханаға жету. Жеткен бойда
жылы төсекке қойып кетсе... Одан басқа жұмақтың керегі
жоқ.

-        «Жигули»
жүйрік көрінеді, - деді Жомарт Жорабекович әлгі әуеніне қайта басып.

Әбден шыдамы таусылған Әсем:

-        Ертеңге
де бірдеңе қалсын да, - деді.

-        Әзіліңнен
айналайын, әңгіме қызығына түсіп кетіп, жалықтырып
жіберген жоқпын ба?- деді Жомарт жып-жылмағай ғып.

-        Тоңып
кеттім, қайтайықшы.

-        Айттым
ғой, қапелімде қара басты білем. Қайдан білейін,
аңғал басым.

-        Тезірек
жүріңізші.

         Шамдары жарқырап
түрған мейманхана жеткізбей-ақ қойды.
Әсемнің аяқ-қолы илігуден қалды. Әрі-беріден кейін елсізде адасып кеткендей сезінді өзін. «Адасқан шығармын» деп ойлады. «Әйтпесе» бұл қай жүрісім?».

 

XV

 

           Ел орынға отыра
екеуі мана түстенген ресторанға қайта
келді. Күндізгідей қоңырқай емес, дәу зал тақуа бәйбішенің төріндей түрленіп кетіпті. Аппақ дастарқандағы,
жарқыраған хрустальді үлбіреген қоңырқай

гүл шоғы дерсің. Қызылды-жасылды шамдар
өз алдына бір думан. Оған сыңғырлаған күлкі қосылған.

           Мұп-мұздай боп киініп алған Жомарт Жорабекович сәтіне қарай кердеңдеген кербез жігіт болуға да, аңқылдаған аға
болуға да әзір. Әсемге қиыла қарай береді,
қарай береді.

          Көңіл шіркінге дауа жоқ екен. Бойы жылынып, әжептәуір жеңілейіп қалған Әсем әлгі
әзірде соншалық тоңғанын да, соншалық
тарыққанын да ұмыта бастағандай
еді. Қапелімде ет пен терінің арасындағы желік қысқандай «мұнда келгеніміз қандай әйбәт болған» деп
отыр.

-        Қолайы
келсе, ресторандатқан жақсы-ау, - деп бір қойды
Жомарт Жорабекович. - Әйтеуір, бір жасап қаласың.

-        Түнде
құлпырып кетеді екен!

-        Айтары
бар ма, күндізгілер бүған «ас ішіп, аяқ босатар жер», деп келеді. Кешкісінгі жұрт «көңіл көтереміз», деп барын байланып келеді. Дағдының дес
бермейтін кереғарлығы да, міне, осында!

          Қашаннан алып қашпа
көңіл лезде әлденеге іштартып шыға
келеді. Сол-ақ екен, әсіреқызыл бір сезім әй-шайға қаратпай алды да кетті. Сол-ақ екен, жүзі нарттай жайнап, жүрегі
лүпілдеп:

-        Шаршаған
шығарсыз, - деген епетейсіз наздана. - Тіптен
жүре беріппіз, жүре беріппіз.

          Әсемнен көз алмай
отырған Жомарт Жорабековичтің іші қылп ете қалды. «Әгәрәки адам
танысам, қалт кетпеуім керек, тек
шошытып алмайын, мұндайда сақ
болған ләзім» деп ойлады. Сосын
майдан қыл суырғандай ғып:

-        Ағаң
шаршаушы ма еді, - деді. - Әттең, бір құпия айтуға бата алмай
отырғаным...

-        О
не?- деді Әсем шыдамсыздана.

-        Жасыратын
не қалды енді. Бүгін - туған күнім еді, айнам.
Сенсең, бұрындары елең-құлаң қылмайтынмын. Осы кеш есте қалатындай ғып
тойлайықшы.

           Бұл - Әсемнің тіпті
күтпеген жағдаяты болатын. Дардай кісінің «туған күнім еді» дегені оқыстау
көрінген. Қапелімде не дерін білмеді. Ә деп қолпаштай жөнелудің де ретін
таппады. Үн-түнсіз бас изей салудың тағы реті

жоқ. Отырып-отырып:

-        Аға-ау,
ертерек айтсаңыз қайтеді?- деді.

Жомарт Жорабекович дәу бөтелкенің
аузын асығыс ашып жатып:

-        Саған
айтатын сыр көп-ау, бірақ... - деп сөзінің соңын
жұтып қойды.

        Қапелімдегі
келеңсіздіктен оңай құтылғанына
қуанып қалған Әсем:

-        Жұмбақтай береді екенсіз. Одан да
ашып айтпайсыз ба?- деді.

         Сөз бағуға әуелден
машық Жомарт Жорабековичтің іші тағы
қылп ете қалды. «Е, сәт! Көңіл шіркін қателесуші ме еді» деді іштей. Бүгінгі күн көзді жұмып жіберіп басты бәйгеге тігетін күн болмаса нетсін».

-        Heгe үндемей қалдыңыз?- деді Әсем
жорта бұртаңдағандай боп.

-        Қуаныш
дегенің әй-шайға қаратпайды екен. Аузыма жөнді сөз түспей қойды.

-        Онда
мен сөйлейін, - деді Әсем. Деді де, шампан толы
фужерді қолына алып:- Туған күніңіз құтты болсын! Деніңіз сау болсын! Бақытты болыңыз, - деп мұп-мұздай көбік шашқан шарапты сіміріп салды. Сосын:-

Сенсеңіз бар ғой, бұрын-соңды мұншалықты шарап ішіп көрген
емес ем. Сіз үшін іштім, - деді. - Сіздің бақытыңыз үшін!

        Лезде дегбірден
айрылғандай:

-        Тіпті
асырып жібердің-ау. Рақмет, айнам, рақмет, - деп Жомарт Жорабекович сасқалақтады да қалды. Сасқалақтамай
қайтеді, кеше ғана құзардағы
қол жетпес гүлдей көрінген Әсем бүгін ағынан жарылып отырса.

-        Бұдан артық не керек? Төбем көкке
жеткендей болды, - деді ол ентіге. - Осынау кең дүниеде саған бір кісі ынты-шынтымен ырза болса, ол - мына
менмін. Менен бақытты, менен қуанышты
кім бар екен қазір. Байқадың

ба, аспанда қалықтап жүрген
сияқтымын. Сен құзар биіктен маған қол бұлғап, күлімдеп тұрған сияқтысың. Жаным-ау... оның бәрін солақай сөзбен жеткізе алармын ба?-
Іштей қым-қуат қарбаласпен егескендей, саусақтары дір-дір қаққан Жомарт
Жорабекович зордың күшімен әрең тоқтады.

        Жаңағы әсіре сөздің әсері ме,
Әсем:

-        Қаншаға келдіңіз?- деген
кенеттен.

         Әлі өрепкіп отырған Жомарт
Жорабекович селк ете қалды. Күтпеген сұрағы. Шаншудай қадалғанын қарашы. «Бұл
қай сасқаны? Қағытқаны ма, әлде балалығы ма» деп ойлады. Неде болса сыр
бергісі келмеді.

-        Өздеріңдей желкілдеген жасқа
аға болуға жарап қалдық қой, - деп жақауратты да қойды.

-        Кешіріңіз, - деді Әсем бәсең
үнмен. - Әншейін айта салғаным ғой.

        Жомарт Жорабекович қылпылдай
бастады. Қылпылдап отырып: «Не деген шікәмшіл еді» деп қиналды. «Сәт сайын құбылады, қыбын табу ақырет болды. Бүйте берсе...». Амалы қанша:

-        Мына
тағам біткен суып барады. Алайық та, - деп тағы
да бәйек боп шыға келді.

        Кенеттен ауыр
күрсінген Әсем алдындағы қаз-қатар тұрған түрлі тағамнан көз алмай:

-        Осынша
көп алғаныңыз не?- деді.

-        Қой,
көпсінбе, айнам. Той болған соң асып-тасып жатқаны
жақсы.

-        Неғылған
той?

-        Туған
күн де той есебі емес пе?! Бірдеңеге көңілің толмай отыр-ау, шамасы.

-        Кешіріңіз,
- деді Әсем төмен қарап. Сосын:- Аяқ
астынан Фрунзеге жүріп кетем деп, өстіп сізбен қатар отырам деп ойлаппын ба? Кездейсоқтық бола
береді екен-ау, - деді оқыстан.

          Жаңағы қипақтаған
қипақтаған ба, Жомарт Жорабекович тіпті пәсейіп қалды. «Кісінің көңіліне қараса қайтеді» деді қапаланып. «Сан-саққа
жүгіртіп, сағымды сындырды-ау. Енді
қайттім?». Қайтуші еді, майдай есіп,

ығына жығылмаса болмайды. Қой,
құрысын, абайсызда дөң сөйлеймін деп
баяғыда бір қызды шошытып алғаны бар.
Сол шошынғаннан алды-артына қарамай безіп кетті. Айнала дос-жаранға «той жақын» деп жүрген Жомарт

жынданып кете жаздаған. Жоқ, ол
қателіктің аты өшсін. «Аузы
күйген үріп ішеді» деп атам қазақ тауып айтқан. Үріп ішпесе болмайды.

          Жомарт Жорабекович
қашаннан-ақ үріп ішуге машық. Бүгінде дүрдиіп, дөңайбаттанып ешкімді жеңе
алмайсың. Қай-қайсысының да сенен асырып жіберуі кәдік. Әсте, мәйім сөйлеп,
майда жұғысқаннан қолайы жоқ. Тіпті болмағанда көкіректен итермейді. Ал,
көңілшекке тап болсаң - әмбе құп! Майдан қыл суырғандай ғып діңкесін құртасың. Құдай-ау,
көрінгенмен жағаласып, көрінгенмен итше ырылдасып жүйкеңді жіңішкерткеннен не
шығады. Одан да қыбын тауып кішірейе
сал. Ештеңең кетпейді. Құда
да тыныш, құдағи да тыныш! Басынан сөз асырмайтын шартпа-шұрт кейбіреулерді Жомарт
Жорабекович іштей аяйды да. Қашан көрсең, қай жағымнан кеп қалар екен деп тырысып, бүрісіп, шытынап жүргені.
Ондайларға жан жуушы ма еді. Жан
жуымағасын, одан сайын бүрісіп, тырысып
жүргендері, әлгі байғұстардың.
Жоқ, оның о бастан үйренген машығы -
жүйрік машық. Қазір де сол жүйрік
машыққа басуы керек.

- «Бұл дүние өтер-кетер өйтіп-бүйтіп» дейтін ән қайырмасын білесің бе?

       Әсем оған тандана қарап
қапты. Әлде тітіркенгені ме? «Не
айтып кеттіңіз, ұқсам бүйырмасын» дейтіндей. Әлде «ішкіліктің буы ма, бұ қай
сасқаныңыз» дегені ме? Онсыз да абдырап отырған Жомарт Жорабековичтің

әбден дегбірі қашты. «Үйреншікті
машықтың да жалт бергені ме, қалай?
Heгe үндемейсің? Неде болса,
бірдеңе десе қайтеді. Бірдеңе
десе-ақ, іліп алып кетер еді. Дым айтпай,
діңкесін құртты-ау. Берік
бол, Жомарт Жорабекович, берік бол! Төбеңмен жүрсең де Әсемнен айрылып қалма. Осы мәймөңкелеген қалпыңнан танба.
Шаршама да. Сәл босаңсысаң, қолдан
шығып кетті дей бер. Сұлу қыз да бір
- сынап та бір. Ес жиюға мұршасын
келтірме. Сонда қармаққа өзі кеп
түседі. Қармаққа түскесін-ақ, арғы жағы
әшейіндегідей дөңгеленіп кете береді. Бұл жалғанның бір қызығы - сұлу жар! Көптен күткенің алдыңнан шыққан екен, қарыштап қал, Жомарт Жорабекович. Пай-

пай, бәрінен де жұрттың таңдай қағып тамсанғанын айтсаңшы,
«Жүріп-жүріп, іліп түскен екен, сабазың» дейді-ау. «Үй болсаң - өстіп үй бол»
дейді-ау. «Шіркін-ай, Жомарт
Жорабековичте не арман бар» дейді-ау... Пай-пай, бәрінен бұрын әлгі қарайғанды көре алмайтын
иттердің іші күйер еді-ау, өртенер
еді-ау. Дүние-ай, соған ертерек жетсемші.
Жетуім керек! Жетпей қоймаймын, қашанғы жарты
жолда қала берем.

          Сол екпінмен екі фужерге
де толтыра шампан құйды.

-        Бұ не боп барады, өзі. Әбден
қинадық-ау, айнам, алайықшы, - деді.
- Сенің қабағыңа еш уақытта кірбің түспеуі
үшін! Езуіңнен күлкі кетпеуі үшін!

-        Әлі
де айта түсіңіз, - деді Әсем. Деді де, күліп жіберді.

-        Қозы
Көрпештің Баянындай Әсем үшін! Абайдың Тоғжанындай
Әсем үшін!

-        Болды,
болды, алайық, - деді Әсем.

-        Асқардың
Ботагөзіндей Әсем үшін! Пушкиннің Татьянасындай Әсем үшін!

-        Алыңыз,
- деді Әсем сықылықтай күліп. - Тоқтамайтын түріңіз бар-ау!

-        Уһ!
Жаңа ғана жүрегім орнына түсті ғой.

-        Қойыңызшы,
қайдағыны айтады екенсіз.

-        Қай
жағына болайын, осы күнгі кей бозбала сендей періштелердің қадіріне жете бермейді, - деді Жомарт Жорабекович тосыннан.

-        Heгe?

-        Ең
бастысы - еркелете білмейді. Еркелете білмегесін-ақ
бәрі бекер. Құрдан-құр қодырандаймын деп осы күнгінің талайы қор боп жүр.

-        Сосын?

-        Сендерге
тек нәзіктік қана жарасады. Гүлдей нәзіктік.
Сол гүлді умаждап-умаждап қалтаға ұрып
кеп жіберсең, несі қалады? Түгі де
қалмайды.

 

-        Сонда
ылғи үлбіреп жүру керек пе?

-        Әлбетте.

-        Ылғи
үлбіреп жүру қолымнан келмесе ше?

-        Оның
несі қиын. Әйел заты ертелі-кеш өз-өзін күтіп, үсті-басына қылау түсірмей үлбіреп жүрсе... Ойхой, жібектей есетін жұпар леп қандай!

-        Тіпті
асырып жібердіңіз.

-        Басқаны
білмеймін, әйтеуір, өзің сондайсың, - деп төтесінен
қойып қалды Жомарт Жорабекович. - Тек, ұзағынан сүйіндіргей!

 

*  *

         Әлгі алып қашпа әңгіме әсер етті ме, әлде «қарап
отырып қыңырая бергеннен не шығады» деді ме, Әсемді тосын бір желік қысты.
Әрі-беріден кейін шешіліп сөйлегісі кеп,
Жомарт Жорабековичті де сөйлеткісі кеп:

-        Өстіп
болып-толып отырғанымды үйдегілер көрсе, сазайымды
тартқызар еді, - деген.

-        Қай-қайдағыны
айтатының не, - деп Жомарт Жорабекович ыршып түсті. - Өзіңдей періштенің
ертелі-кеш оң-солын танығаны айып па
екен?!

-        Періштесі
несі? Періште демеңізші. Ертеректе қанат байлап,
қалбалақтап жүретін қорқынышты бірдеңелер болушы
еді. Мақтай бермеңіз, шынымен-ақ пыр етіп ұшып кетіп, ұстай алмай қаларсыз.

-        Міне,
еркелік деп, наз деп осыны айт. Ойыңдағыны бүкпесіз
ақтара салғаның төбемді көкке жеткізді. Сенің ендігі еншің - еркелік қана болсын. Ар жағын айтпа. Ар жағындағының бәрі менің мойнымда.

        Қолындағы конфет
ораған әшекейлі қағазды умаждаған күйі:

-        Бәрін
де көтерем. Бәрін де көтеруге бармын. Имандай шыным, - деген ол тағы да. - Бәрі
де сенің жолыңда. Ашсаң - алақаныңдамын, жұмсаң - жұдырығыңдамын.
Отыңмен кіріп, күліңмен шығайын, тек, тосырқамашы. Тосырқамасаң болды, қалғаны
дөңгеленіп жүре береді.

        Жомарт Жорабековичтің
жүзі күреңітіп кетті. Қысық көздері
іннен шыққандай жалт-жылт етіп Әсемді ішіп-жеп барады. Еріндері дір-дір қағып,
іштей бірдеңелерді өзімсіне күбірлеп
отырған тәрізді.

          Оның не күбір екенін
Әсем өзінше жорамалдайды. Бірақ
«неге өйтесіз, қойыңыз» дей алмай-ақ қойды. «Қойыңыз» десе, бәрі бүлінетіндей.
«Келіп-келіп, ағамдай боп жүрген кісіні аяқ асты қылғаным ұят қой» деді іштей.

Келіп-келіп кенеттен баяғы балалық кішкентай кезінде алдында ағасы
жоқтығына налып, талай жылағаны есіне түсті. Қатар қыздар қаға берісте ағасын
мақтап, немесе ағасын шақыра бастағанда, Әсем теріс айналып кететін-ді.
Әлгіндей күндердің бірінде оның: «Маған аға керек, қайтсең де тауып бер», - деп
шешесіне қиғылық салғаны да бар. Co сөзді естіген әкесінің сұлқ түсіп,
үн-түнсіз отырып қалғанын көргенде, көзінің жасын жеңімен сүрте-мүрте есік
алдына жүгіріп шыққан Әсем ауладағы өзінен үлкен балалардың бәріне де «маған
аға болшы» деп жалынуға да әзір еді...

            Жомартқа әлсін-әлсін ұрлана
қарап қояды. «Бәрін қойып, маған аға болғаныңыз әйдік жарасатын сияқты» дейтіндей.
Басқаны, артық-ауыз сөзді қайтесіз. «Буынсыз жерге пышақ ұрғанмен
бола ма» дейтіндей.

 

-        Ой
дегенің жүйрік-ақ, қой, шіркін. Қанша қусаң да жеткізбейді, - деді Жомарт Жорабекович әлденені жақауратқандай.

-        Кішкентай
кезімнен еркелететін ағам болмағанына талай-талай
күйінгенім бар еді. Heгe
екені белгісіз, бүгін сол есіме түсіп
отырғаны, - деді Әсем.

-        Айттым
ғой, жаным. Қайталап айтам. Еркелейтін күндерің
әлі алда, - деді Жомарт Жорабекович тағы да әлгі ауанына жығылып.

-        Сізге
тез үйірсек боп кеткенім де содан болар.

-        Несін
жіпке тізе берем. Жіпке тізетін не қалды енді?! Жүріп-жүріп саған жолыққаным... Жүрек құрғырың кезек сәті
келгенде айны-қатесіз сезеді екен. Сенсең бар ғой, дүниенің бар қызығын уыстап
отырған сияқтымын қазір.

-        Әсіресе, әкем қатты қиналушы
еді, - деді Әсем бәсең ғана. - Томпаңдаған ұлдарды көрсе, осы күнге шейін аймалап
өліп қалады.

-        Енді
немере сүйсе артық па?! «Немере шіркін, туған баладан да ыстық көрінеді екен» деп жатады үлкендер. Соған ертерек жеткізсін де.

-        Қай-да әлі...

-        Қыз балаға арқаны кеңге
салудың керегі жоқ, - деді Жомарт Жорабекович. - Көріп жүрміз ғой, бәрі де уақытысымен.
- Сосын:

-        Әне-міне деп жүріп уақытысын
өткізіп алған қыздарға жаным ашиды, - деді. - Айтуға ауыз бармайды, айтпасақ
тағы болмайды, кәдуілгі қатып-семіп қалған гүл сияқты.

-        Өйтіп қатты кетпеңіз, - деді
Әсем.

-        Әшейіндегісін айтқаным да, -
деді Жомарт Жорабекович әлденеден секем алып қалғандай. Сосын:- Мен де ғылым қуып
жүріп қаппын, - деді жаңағы «қатты кетпеңізді» жұмсартқансып. - Бірақ біздің
жарамыз жеңіл ғой.

           Жайсыз әңгіменің жұқарғанына
қуанғандай Әсем:

-        Ғылым қуған оңай ма екен? Оңай
болса, жұрттың бәрі қуа бермес пе еді, - деген кенет.

         Маналы бері нақ соны күтіп
отырғандай-ақ Жомарт Жорабекович:

-        Ғылымды қойсаңшы бұл, - деп
алды да кетті. - Бәрін де көтере береді. Кейде сауын сиыр да боп кетеді. Кейде
- еріккеннің ермегі...

-        He айтып кеттіңіз.

-        Құдайға шүкір, ғылым
алдындағы арым - сүттен ақ, судан таза! Көз майын тауысып жүріп тапқан жаңалығымды
да ешкім жоққа шығара алмайды. Докторлық диссертациям дайын тұр.
Ешқандай қосып-алары жоқ.

Тың зерттеу. Әрине,
кейбіреулердің көре алмауы мүмкін. Көре
алмай күңкілдеуі мүмкін. Онсыз бола ма? Оған үйренгенбіз. Айта берсін.

-        Кімге
ұрсып отырсыз?

-        Ғылымды
ойыншық қылмау керек, - деді Жомарт Жорабекович
одан сайын өрепкіп. - Осы күні ерінбеген етікші
боладының кері кеп жүр. Біреулер төрт-бес жыл шөп басын сындырмай ілініп-салынып жүреді де, бір күні дүрдей ғылым кандидаты боп шыға келеді.
Қалтасы қалыңдағасын көңіл
өседі. Көңіл өскесін ылғи да көк дөнен
ерттеулі тұрғандай көрінеді.
Ал, әлгі диссертация шаң басқан күйі
кітапханада қала береді. Қарап отырсаң, олар
да бірдеңелерді түртінектеген. Талай цифрдың басын қосқан. Ал тереңірек үңілсең, түк таппайсың. Әнеугүні бір жылмақай caп ете қалды. Алыстағы ауданнан кепті.
Инженер-механик екен. Экономика ғылымының кандидаты болмақшы. Болмақшы емес,
болады. Біздегі бір көңілшек шалды
таниды екен. Өтті де кетті. Диссертациясын
қарап шықтым, іліп алар ештеңесі жоқ.

Тіпті бухгалтердің жылдық
есебінің де өтуіне жүрмейтін жансыз
цифрлар. Сонда не ұттық?
Ғылым абыройы деген қайда? Ал,
әлгілерге бірдеңе деші. Қарап жүріп басыңа пәле
сатып аласың. Әлгі ғылымды сауын сиыр ғып алғандар соңына шырақ алып түседі.
Ерінбейді де, жалықпайды да. Олардың ғылыми зерттеуге қолы тимеуі мүмкін, сені аяқтан шалуға дайын. Қайтеміз,
қойдық.

-        Ашуыңыз
қатты екен, - деді Әсем. - Түу, қырып жібере
жаздадыңыз ғой.

-        Кешір.
Ашу емес, ашынғандық.

         Жомарт Жорабекович
қанша күйіп-жанса да, әлгінің бәрі
Әсемге құр байбалам сияқты
көрінген. «Қорыққан бұрын жұдырықтайдының» кері емес пе екен, деп те ойлады. «Қарап отырып
несіне арам тер болады? Айдалада

төсін сабалағаннан не шығады?
Лабораторияда кімге болса да майдай жұғысып, мәйім сөйлейтіні қайда?
Иіні келсе-ақ жұрттың бәрін
мақтай жөнелетіні қайда? Профессорлардың алдында ылғи да иіліп тұратыны қайда?

          Өстіп әрі-сәрі
сезімнен арыла алмай отырғанда:

-        Дастарқанның
шырқын бұздық-ау, - деген
Жомарт Жорабекович жорта қипақтап.

           Арадағы келеңсіздікті
жуып-шайып жіберетін оңтайлы уәж таппаған Әсем: - Қайтайық, - деді.

          Оңаша бөлменің
есігін әрең дегенде ашып, «уһ» деп төрдегі
креслоға отыра бергені сол еді, артынып-тартынып Жомарт Жорабекович те жетті.

-        Қарадай
әуре боп. Мұның бәрін не
ғыламыз, - деді Әсем бей-жай
кейіппен.

-        He
болса да алдымыздан қайтсын, - деді Жомарт Жорабекович.
- Ұйқы шіркін қашпас, тегі.
Әңгімелесіп отыра тұрайық. Фрунзеге күнде келіп жатқанымыз
жоқ...

         Айтары жоқ, салт бас
жүріп, қазан-аяқ ұстанып машықтанып
қалған екен. Кішкентай столды әп-сәтте жайғап боп, төбеден төнген дәу шамды
өшіріп, төсектің жанында тұрған
торшерді жағып еді, бөлме іші қызылшы-

райланып шыға келді.

-        Мінеки,
бұдан артық не керек, - деді
Жомарт Жорабекович масаттана. - Бұ
дүниенің қызығы таусылған ба?
Құмардан шыққанша шалқиықшы бір, Әсемжан! Ағаңның қуанышында шек жоқ, бүгін. Өмір бойы ұмытылмастай ғып өткізейікші осы кешті. Ұмытыламастай ғып. Той атаулының басы болсын, қызығы
таусылмайтын бастауы болсын!

         Жомарт Жорабекович жаңағы
келеңсіздікті біржолата ұмытқандай. Жұмбақтағанын да, тұспалдағанын
да қойған. Есі шығып кеткен,
есіп отыр.

-        Несін жасырам, жаным. Алғаш
көргеннен-ақ дегбірден айрылғам. Қайда жүрсем де көз алдымнан кетпей қойдың. Күн
құрғатпай түсімде көрем. Өзіңмен жүздескен сайын жүрек шіркіннің атша тулайтыны
өз алдына бір хикая. Мінеки, екеуіміз қатар отырмыз, оңаша отырмыз. Мың да бір
рақмет! Төбеме көтеріп жүретін жар іздеп ем, таптым. Бақыт құсы қолыма қонды. Енді
өлтірсең де айрылмаймын. Бізді ешкім айыра алмай-ды. Әсемжан, қайтейін, осындайда кей жағдаятты айтпасам, тағы
болмайды. Жерге қарап отырған жәйім
жоқ. Көріп жүрсің ғой, шүкіршілік, абырой-атақ
та, дүние-мүлік те жетерлік. Денсаулығым да аттай.
Өмір бойы сенің қабағыңа кірбең түсірмеуге хал-ахуалым толык жетеді. Өзің
бисің, өзің қожасың - оқудан

да қалмайсың, қызықтан да
қалмайсың.

         Мең-зең боп отырған
Әсем «болды ғой, қойсаңызшы», демекші
еді. Қанша оқталса да тілі күрмеліп, үні шықпай қойды. Әбден шаршағаны өз алдына,
жүрегі көтеріле ме қалай. - Бәрі
бітті, ештеңені айырып болмайтындай бір
жұмбақ халде.

          Жомарт Жорабекович
әлі есіп отыр.

-        Осы
үздіккенім де жетер енді. Енді қай отыңа да күюге
дайынмын. Өртеп жіберсең де мейлің. Қуанышым да, қайғым да бір өзіңсің!

 

XVI

         Ертеңіне Әсем таң
алагеуімде оянған. Көзін зорға
ашты. Төсектің мыж-мыжы шығыпты. Еріндері кеберсіп, әбден шөліркеген екен.
Қапелімде

жұтынып қап еді, тамағы удай ашыды. Бәрі де түс тәрізді. Түсі болар-ау, әйтпесе
не? Кім біледі, құры-ы-сы-н?!

         Су ішпекші боп орнынан тұрды
да, қайтадан сылқ түсті. Бейтаныс қалада, мейманханада жалғыз өзі. Төсектің
түрі мынау... Тұла бойы дір-дір қағып
кетті. Сонау тереңнен атойлаған ыстық
тамшы да әй-шайға қарататын емес, алып барады.

        Қойсын ба, кешегінің бәрі үздік-создық
көз алдынан өте бастаған. Оның
ұзын-ырғағы біртіндеп сумаң қағып шыға
келген сайын қарадай қушиып, жердің жарығын іздегендей,
жан-жағын қармана, «Өлім-ай»
дейді кемсең-

деп. «Енді ел-жұрттың бетіне қалай қараймын? Бүйтіп қор болғанша...».

             Іші-бауыры
өртеніп барады. «Масқара-ай, масқара-ай, бүйтіп
масқара болғанша екі қолымды төбеме қойып, қаңғып
кетсемші». Бар тапқаны жан-жағын қармана берді, қармана берді.

           Қайтсін, сәске түске дейін төсегінде бір уыс
боп отырды да қойды, есікті ашса-ақ айнала түгел қолын шошайтып күлетін
тәрізді. He істерін білмейді. Кей мезет автобуспен апыл-ғұпыл Алматыға тартып кетпекші де болған.

          Кей мезет жетіп
барып Жомарт Жорабековичтің ит терісін басына
қаптағысы да келген. Кей мезет... Жоқ, манағыдай емес, қанша кемсендегенмен көзінен жас шықпады.

 

XVII

        Маналы бері әрі-бері
қыбыжықтап түрған күн сәулесі бірте-бірте
жоғарылап барады. Ол жоғарылаған сайын, аядай
бөлме де көмескі тартып, күңгірттене берген. Таң сәріде оянып, бипаздана киініп алған Жомарт Жорабекович ортадағы
дөңгелек столды орағыта сенделіп әлі жүр, әлі
жүр. Түндегінің бәрі
бүге-шігесіне дейін тізіліп, көз алдынан
әлденеше өтті. Маңдайынан суық тердің бұрқ ете қалғаны да қашан.
Енді қайтпек? Әсем не дер екен? Айқайға
басса - шаруа бітті дей бер. Жаңағы әлгіде студенттер жатақханадан телефон
соғып еді, олардан оңай құтылды - музейге барады екен. «Мен
осында-ақ болайын» деген бұл.

         Тіпті болар емес. Әрі
ойланып, бері ойланып әбден басы қатты.
Әсем болса, әлі хабарсыз. Өзі бармақ түгілі, телефон соғуға да бата алмай
қойды. «Оңбаған екенсің, осыдан Алматыға барайық, күліңді көкке ұшырмасам, көріп тұр» деуі де
ықтимал-ау. Десе, қайттім? Жомарт Жорабековичтің
маңдайынан суық тер тағы бұрқ
ете қалды. «Апыр-ай, айтады-ау?!
Айтса, қүрыдым-ау...».

          Айналып келіп, «қара
басты» дей береді. «Өзіме де обал жоқ. Арызданса қарабет болғаным да.
Ел-жұрт не дейді? Бастықтар не дейді?
Алыстағы ауыл-аймақ естісе... Жомарт Жорабекович қалшылдап кетті. Қалшылдап
тұрып: «Неғыпты, өйтпейтін шығар.
Өйтпеуге тиіс» дейді.

          Сәске түс болып
қалды. Әлі тізе бүккен жоқ. Бір мезгілде
жүрегі тас төбесіне шықты. «Ашумен... Балалықпен... Діні қатты сияқты еді,
өйтуі де кәдік. Өлдім-ау!.. Су түбіне
кетті деген осы да!». Жалма-жан телефонға жар-

масты. Арғы жақ «иә» деп еді,
кереуетке сылқ түсті. Көзінен
жас та шығып кетті.

-        Әсемжан, қара басып,
әзәзілдің сөзіне еріп... - деді алқына. - Өртесең де мейлің. Мылжаласаң да
мейлің. Күл ғып жіберсең де мейлің.

        Таңертеңгідей емес,
басылыңқырап қалған Әсем алғашқыда тыжырынғанмен, бірте-бірте жадырайын деді. Жомарт
Жорабековичтің шын-ақ жыламсырағаны бір түрлі аландатқандай ма, қалай... «Ұрысқаннан не шығады» деп ойлады.
Өз-өзімді масқаралап. Болары болып, бояуы
сіңгесін несіне қасарысам».

         Үнсіздік жанын жегідей жеп,
жан алқымға келген Жомарт Жорабекович:

-        Бетіммен жер басып қалдым.
Аяғыңа жығылайын, өмір бойы құлың боп өтейін, кешір мені, - деді.

         Егіліп, енді болмаса үзіліп
кетердей. Әсем трубканы тастап
жібере жаздады.

         Мүлдем дегбірден
айрылған Жомарт Жорабекович:

-        Бәрінен
де үндемегенің-ақ батып барады. He болса да
айтып өлтірші, айтып өлтірсең, арманым жоқ, - деді. Даусы тарғылданып шықты.

          Әсем бір ысып, бір суыды.

-        Бар билік - қолыңда. He
айтсаң да құлмын, - деді Жомарт Жорабекович демі үзіліп бара жатқандай.

           Жөпелдемеде Әсем «кешегі
түн бар билік сіздің қолда болды ғой» демекші еді, айта алмады. Сол екі
ортада:

-        Шөлдеген шығарсың?- деді
Жомарт Жорабаевич.

          Ауыр күрсінген Әсем «қайдан
біліп қойды» деп таң қалды. «Көріпкелі бар ма?».

-        Төменге түсіп, сусын алып
шығайын, - деп Жомарт Жорабекович әдеттегіше қыбыжықтап шыға келді.

        Адамды қойсайшы, бұл!

XVIII

          Сол күні екеуі кешке дейін
мейманханадан шыққаң жоқ.

          Жомарт Жорабековичтің
ақтармаған сыры қалмады. Түндегі-түндегі ме, желдей есіп тоқтасашы! «Ақылыңнан
айналайын» дейме-ау. «Кісілігіңе құлдық» дейме-ау. «Ендігісін өзің біл»
дейме-ау, әйтеуір сынаптай сырғып,

ұстатар емес. Бірде күледі, бірде жалынады. Келіп-келіп: «Жалғызбын,
жетіммін» деп күңіренеді.

         Уәж қайтаруға мұршасы
келмеген Әсем сазарып отырды да қойды.

 

XIX

 

            Жаз шыға олар той
жасады.

 

XX

 

        Алғашқы күні
абыр-сабыр басылған соң қараңғы үйде, аппақ
төсекте торғайдай боп үрпиіп жатыр еді, Жомарт Жорабекович жетіп келді. Келді де:

-        Қалайсың,
жаным?- деп тасыр-түсыр еңкейе беріп еді,
Әсем ыршып түсті. Ыршып түсіп:

-        Тапап
кететіндей мұныңыз не?- деді.
- Неменеге тапырақтап жүрсіз?

-        Хордың
қызы да сендей болмас, жаным!

-        Әрірек
отырыңызшы.

          Аң-таң қалған Жомарт
Жорабекович күңкілдеп күлген болды. Сосын:

-        Жаным-ау,
неғыл дейсің енді, - деді өзімсіне. - Айтсаңшы!?

-        Деміңізді
ішіңізден алып, көйлегіңіздің түймесін салыңызшы.
Жерден жеті қоян тапқандай арса-арса боп жетіп
келгені несі?!

-        Е,
қойшы, бүгін еркелемегенде аспанға ұшайын
ба, - деп тағы да өзімсінбекші боп
еді.

-        Бүгінше
бөлек жатсаңыз қайтеді?- деді Әсем бәсең үнмен.

        Бүйткен «бәсең үні»
бар болсын, дырау қамшымен жон арқадан
осып өткендей Жомарт Жорабекович ыршып кетгі.

-        Бөлек
жатқаны несі?

-        Бүгінше
бөлек жатыңыз.

-        Аяқ
астынан сабындай бұзылып.
Неде болса айтсаңшы. Айтып өлтірсеңші.

-        Енді
ештеңе сұрамаңыз.

-        Жаным-ау,
ертелі-кеш елпелектегеннен басқа не жазығым
бар? Аты-жөні жоқ, «әрі кет» дегенің ұят шығар. Осынша өңменімнен итеретіндей не қылдым саған? Бір ауық менің де көңіліме қарасаң нетті?

-        Ақы
сұрасаңыз да қойыңызшы енді.

        Жомарт Жорабекович
жөпелдемеде өртеніп кете жаздады.

-        Бұл қай қорлығың? Бүйткенше
баяғыда-ақ...

-        Әй-шайға
қаратпай алып бара жатқан ненің буы? Ең болмаса титтей мұрсат берсеңізші, - деді Әсем таусыла.

         Онсыз да әрең тұрған Жомарт
Жорабекович сусылдаған шәйі көрпенің бір шетін тас ғып ұстай алды. Ұстай алатындайы
да бар, мана жұрт аяғы басылмай жатып-ақ әлгі бір өңмеңдеген қысыр желік қыса
бастап еді, енді

қол-аяғын жер-көкке тигізер емес.
Содан болар:

-        Осы
түнді қимағаның, әсіресе, батып барады, - деген онан сайын өзеурей.

-        Бүйтіп
мазалай берсеңіз, бәрін бүлдіріп аламыз. Бір бүлінген соң, оны қиюластыру қиынға түсер.

          Мына сөз шапалақпен
оңдырмай тартып жібергендей болды.
Сол-ақ екен: «Қараптан-қарап отырып іс насырға шаппаса неғылсын» деп налыды. «Әттеген-ай!? Баяғыдан бері әнебір күдік қанша түртпектесе де жеңсік
бермей жүретін еді. Сол қырсық дәл
бүгін, дәп осы кеш, тойдың дастарқаны
жиылмай жатып-ақ қарсы алдымнан шыға келер»
деп әсте ойламаған. Рас, қазір де оны мойындағысы жоқ. Ал, мойындамайын десе,
Әсемнің сөзі анау - түйеден түскендей
қойып қалғаны.

         Кең төсектің төменгі жағында
состиып тұрған Жомарт Жорабекович әр нені ойлады. «Алғаш
кездескелі бергі он шақты ай ішінде мұншалық қапаланып көрмеген шығар-ау. Әлде байқамадым ба екен? Әлде
байқағым келмеді ме екен? Сонда не
болғаны? Қосылмай жатып жерігені ме? Жоқ,
әлде біреу бірдеңе деді ме екен. Әнебір иттердің деуі де кәдік-ау.
Кімнің аузына қақпақ боларсың. Жас
қыз алған жалғыз мен бе екем. Қой, тілеп алған тауқыметтен қашқанда
қайда барам? Енді көзді жұмып жіберіп, желдей
ескеннен басқа не қалды? Сөйтіп күн көрмесек, ел-жұрттан ұят-ты...».

        Жомарт Жорабекович қанша
майда сөйлеп жұмсақ жұғысқанымен ол түн Әсем үшін ең қазабат түн болды.
«Апыр-ау, өстіп аяқ астынан әлекке түсем деп ойланыппын ба? Шерменде
болған басым-ай». Ағыл-тегіл боп, әлденеше
жылап та алды. Бір сәттері төсектен атып тұрып, шығып жүре беруге де шақ
қалған. Шақ қалғаны бар болсын, «үй-ішіне не бетімді айтам» деп тағы қиналды. «Әсіресе, апам зар илейді-ау».
Сонда не істеу керек?

         Сол жатқаннан таң
атқанша көз ілген жоқ. Жапан далада жалғыздан-жалғыз қалғандай өз-өзінен шошып,
өз-өзінен жабығумен болған. Жомарт
Жорабекович те ұйықтамағанға ұқсайды. Түнімен диван сықырлап шықты. Оның әрлі-берлі
«аһ» ұрып, аунақшығаны Әсемді онан сайын үрейлеңдіріп, онан сайын әбігерге
түсірген.

           Бір кезде диван тыншып
қалғандай еді, артынша ас үйдегі ыдыс-аяқтың шың-шыңы естілді. Артынша шайнек
ысылдап қоя берді - мәссаған, Жомарт Жорабекович ас үйді ретке келтіріп жатқан
сияқты.

            Қалың көрпені аяқ жаққа
ысыра беріп еді, қайдағы-жайдағы бір жаяу әуен құлағына шалынды. Түні бойы әр сыбырды
шошына санап шыққан Әсем тағы тындай қалды. Жайбарақат әндетіп жүрген Жомарт
Жорабекович сияқты. «Неғылған жан-ей бұл?». Лезде ылай судай жиреніш сезім
ойнақ caп шыға келді. «Мұнысы несі? Бұ қай сасқаны? Соншалық сөзді қаперіне де
алмағаны ма?» деді жағасын ұстағандай. Деді де, сүйретіле орнынан тұрып,

жан-жағына қарауға да, тіл қатуға да шамасы жоқ, үн-түнсіз жуынатын бөлмеге
қарай жүре берді.

        Сол-ақ екен, манадан ас үйдің
есігінен сығалап тұрған Жомарт Жорабекович:

- Өң-түс жоқ қой өзіңде. Ауру-сырқаудан аманбысың, - деді түк білмегенсіп.
- Той-томалақтың әлегімен жүріп... Оңай боп па! Енді алаңсыз тынығамыз.
Қара теңіздің жағалауы қашаннан жанға
шипа. Құмардан шық-

қанша суға түскенге не жетсін! Жұпар шашқан ауасын айтсаңшы!

-        Ақы алсаңыз да әзірге ештеңе
айтпаңызшы, - деді Әсем ап-ауыр ғып.

-        Ашуды қояйық-тағы. Ашулана
бергенмен бола ма, - деді Жомарт Жорабекович аяқ астынан беріксініп.

        Шыдамы таусылған Әсем жуынатын
бөлменің есігін бар пәрменімен тарс жауып, іштен ілгектеп алды. «Кенедей жабысып
қалмайды екен» деді қалшылдап тұрып. «Қайда жүрсе де осы ғой қарадай сүметіліп,
көрінгенге жармасып, көрінгенге жалынып... Жалықпайтынын қайтерсің».

          Қайтсін, Жомарт Жорабекович
қипалақтады да қалды. «Бүйтіп бекітіп алғаны несі? Қапелімде
бөлектенгеніне қарағанда... Ашу
үстінде...». Сасқанынан:

-        Әсемжан,
Әсемжан-ау, тапа-тал түсте есікті тас ғып бекітіп
алғаның не?- деді. - Айыбым, болса айтсаңшы. Сенің қабағыңа кірбің түскені - менің көкірегіме қанжар қадалғаны.
Қайт дейсің енді?

         Бойынан әл кеткендей әрең тұрған Әсем: «Бұған дауа жоқ шығар» деді. «Қит етсе құлдық ұрып,
мәймөңкелей бергенше бірауық қаттырақ айтса қайтеді екен. Өмір бойы жалбақтап өте ме, өстіп?».

            Әбден дегбірі
қашқан Жомарт Жорабекович:

-        Бір
пәске бері шықшы. Ойласайық. Алда-жалда... - деді жыларман боп?

 

...Ұлы сәскеде кезекті туристер тобын
аэропорттан күтіп алған Әсем:

-        Хош
келдіңіздер, - деді әдеттегідей жайнаң қағып. - Менің атым - Әсем.
Сіздерге жолбастаушы болам. Үш күн
бойы Алматымен таныстырам.

-        Бұ қаладағы қыздардың бәрі сіз
сияқты сұлу ма?- деді қонақтардың біреуі.

-        Мұндағы бойжеткендердің ең түрі
келіспегені - менмін, - деді Әсем. -
Абай болыңыз!

Меймандар жарыса күліп жатыр.

Үйдей автобус үлкен жолға түсті.
Шофердің жанындағы үйреншікті орнына жайғасып алған Әсем:

-        Мейманханаға
жеткенше Алматы туралы аз-кем әңгіме
айтып берейін, - деді. - Алматы...

 

Көңіл түкпірінде жүрген көптенгі
арманы ғайыптан түскендей көз алдына
кеп тұра қалған. Әсем ауыр
күрсініп: «Бұ қай желіккенім» деді. «Туристерге
жолбастаушы болған немді алған. Сосын: «Жомарттың қолтықтап жургені

жетпеді ме», деді өз-өзін жегідей
жеп. «Секеңдеген қуыршаққа одан артық не керек?».

-        Әсем-ау,
бұ не қылғаның?

          Мылқау тыныштық
алқымынан алғандай - Жомарт Жорабековичтің
тынысы тарылып барады. Енді сәл кідірсе, бәрінің
ойран-топаны шығатын тәрізді «Өйтіп масқара болғанша...».
Қатты шошынған ол:

-        Жаным-ау,
бүйтіп қорлайтының бар, несіне әуреледің.
Есікті ашшы. Сөйлесейік. Қылдай кінәм болса, айт. Қайдан білейін, сорлы басым.
Үмітті көңіл тыншытпайды екен. Әйтпесе, басқалай басы артық пиғыл өңім түгіл, түсіме де кірген емес, - деп сарнай
жөнелді.

          Жомарт
Жорабековичтің соншалық мүләйімсігеніне әбден
ызасы келген Әсем кенет күліп жіберді. Күлкімен бірге көзінен ыстық тамшы да ытқып кетті.

-        Менің
жуыньш-сүртінгеніме қарап тұрмақшымысыз. Әсемнің даусы құлағына жеткенде сылқ
түсіп отыра кетгі.

          «Уһ» деді. «Қарадай пұшайман
ғып, өлтіре жаздап еді, енді кеп күледі. Мұнысы несі? Еркелегені ме? Әлі бала ғой, еркелегені болар». Іздегенін жаңа
тапқандай елпектей жөнелді. «Әйел затының қырық қулығының бірі шығар». Бұлар сөйтеді. Мың құбылып, шыр айналдырады. Соған бола... Күдікшіл басым, жөпелдемеде
жынды боп кете жаздадым-ау. Бүйте
берсем, жынды боп кетуім де мүмкін...
Қой, құрысын. Қу күдік
сейілді. Енді төбеме шықса да арман
жоқ. «Уһ!».

           Әсем состиып әлі тұр. Көз жасымен бірге түні бойы жанын жегідей жеген ауыр ой да атойлап
шыға келді. «Апыр-ау, Жомарт
Жорабековичпен оңаша қалғанда кешегідей кілт шошынам деп ойлап па? Оның майда қоңыр
үні, ылғи да әлдилеп отыратын жылы-жұмсақ әңгімесін түндеп «ырс-ырс» етіп
келген бір ғана сәті жұтып қояр деп ойлап па? Ендеше, бұрынғының қимас ықыласы
емес, әншейінгі біртоға сыйластық сезімі болса ше? Осы жағдаятты
о баста түп-түгел ой таразысына салып па еді?
Әй, қайдам... Арагідік-арагідік іштей «не боп барам» дегені болмаса, шындап ойлануға мұршасы да келмепті-ау. Санап отырса, Фрунзеден қайтқалы бергі бес ай
ішінде оның бір күні бос болған жоқ.
Қолы қалт етсе-ақ іліп әкетеді.
Түннің бір уағында келіп, апыл-ғұпыл
төсегіне құлай кеткенде де, құлағында Жомарттың желдей ескен майда қоңыр үні тұратын. Таңертең ұйқыдан оятатын да сол бір
сиқырлы үн сияқтанатын.

         Кейбірде алып-ұшқан көңілге
бой бермей, болмашыға босаңсымауға үйренбеген Әсемге шынында да бәрі оп-оңай
көрінетін. Әсіресе, әке-шешенің үйреншікті әлдиін қомсына бастаған кезде
ғайыптан Жомарт Жорабековичтің жолыға кеткені - бұрын-соңды көріп-білмеген,
бірақ іштей аңсап жүрген қызығы таусылмайтын құпия думан тәрізденген. Рас-ау,
өзіндей кей қыздар бірлі-жарым бозбалаға ұрлана көз тастауға именіп жүргенде,
мұның Жомарт Жорабековичпен қолтықтаса ресторандатып, театрлатып бой түзегені -
қаншалық мақтаныш еді.

       Енді, міне, соның бөрі алдамшы
түс сияқты кенеттен ғайып болғандай. He істеу керек? Бақандай он ай, сылдыр
сөз, құр желікпен өткені ме? Алдындағы айнаға қарап еді - жүзі
боп-боз боп кеткен екен. «Сонда бұл қалай болғаны» деп ойлады, - өстіп сарсаңға
түсетінімді көкем бейшара білген екен-ау... Ашынып та, асырып та айтып еді-ау,
амал не?..».

          Сол-ақ екен, өткендегі бір өрескел
сурет ғайыптан түскендей көз алдына кеп тұра қалған.

 

XXI

 

         Жомарт Жорабекович
дәйім асықтыра берген соң бір күні
шешесіне:

-        Апа,
әлгі кісі қылқылдап қоймай жүр, - деген.

Шеше шіркін сезбеуші ме еді,
көптен сезіп-біліп жүрген. Бірақ бүйтіп төтесінен бір-ақ қойып қалады деген қаперінде жоқ-ты. Енді неде болса, артын
күтпекші.

-        Heгe үндемей қалдың? Әлгі ағайды
айтам, тіпті болатын емес. Кездескен сайын қиылып отырғаны.

Үлкен кісі шынымен-ақ әбіржи
бастады. He дерін білмейді.

           Әшейінде сөзшең,
алдына жан салмайтын шешесінің табан
астында мүдіріп қалғаны Әсемге қиын тиді. Әлгіде «несіне қипақтатам, арсың-гүрсің айтып салайын», деп түйген. Айтып салуы мұң екен, шеше байғұс түйілді де

Қалды. Түйіліп отырып-отырып:

-        О
кім?- деген әшейін бопсалап.

-        Жаманқатты
білмейтін шығарсың, - деп Әсем әзілге бой
ұрып келе жатыр еді:

-        Жұмбақтамай жөнін айтшы! - деген
үлкен кісі.

-        Әлгі
біздегі институттағы ағай ше?

-        Саған
бүгінде не көп - ағай көп. Қайсыбірін біліп жатырмын.

-        Апа,
немене өзің, - деп Әсем шап ете түсті. - Неменеге бұлтақтата бересің.

        Үлкен кісінің жүрегі
зырқ ете қалды. «Қайтеді-ей? - Ал, керек болса...».

         Шеше байғұс сасайын деді. Саспағанда, өліп-талып көрген жалғыз қыздың қыңырайып отырысы мынау. Он екіде бір гүлі ашылмай жатып, не көрінді бұған? Абайсызда алданып қалды ма екен? Айтысына қарағанда... Жоқ,
амалсыздықтың әлегі сияқты емес. Сонда не болғаны? Еркелік пе?

Мүмкін, ерте есейгені шығар. Әлде
оқуға түсе алмай қалған өкінішінің
орнын толтырғандағысы ма? Өйтіп шерменде болмай-ақ қойса қайтеді. Үй болу оңай
ма екен? Осы қыз не боп барады өзі?
Қит етсе, көстендеп шыға келеді.

-        Үндемесең
үндемей-ақ қой, - деді Әсем алабұртып.
- Немене сонша? Жалғыз мен бе екем? Әйтеуір, ештеңеден тарықпайтыныма көзім жетеді. Сендер де шет қалмайсыңдар. Одан артық не керек? Қайдағы
бір желөкпеге қосылып жастық уақытымды тақ-тұқ қып өткізгенше өстіп
шалқып жүргенім әлдеқайда
жақсы емес пе!

         Уһлегеннен басқа
қолдарыңнан түк келмейді. Жаздыгүні жұрттың әке-шешесі шыбын жанын
шүберекке түйіп, институттың
алдындағы қисық орындықтарды жата-жастанып жүргенде сендер не бітірдіңдер?
Үйден аттап шыққан жоқсыңдар. Енді не істеуім керек? Біреудің етегінен ұстағаннан басқа не қалды?

         Онсыз да тығылып
отырған үлкен кісі:

-        Қу
қар, сай-сүйегімді сырқыраттың-ау, - деп көзіне жас алды.

-        Неғылсаңдар
да барым осы.

         Көмпіс көңіл бері қарай
бастаған ба, қалай, әлден уақыттан
соң: «Әкесінің жүрісі анау, менің жайым мынау, бейшара бала қайтсін» деген
үлкен кісі. Сосын: «Қаршадай боп тепсінуін қарашы» деп, бір қойды. Сосын: «Алған
бетінен қайтпайды бұл», деп
бір қойды.

-        Алдыңнан
өттім, болды, - деді Әсем кенет. - Көкеме өзің айта сал.

Бүйтіп тымырайып отырып әбүйір
таппайтынын білді. Амал жоқ,
шым-шымдап сыр тартпаса болмас.

-        Сонда не дейді ол? Аяқ
астынан той жасамақ па? Қараң-құраң біреулері келмеуші ме еді? Алдымыздан өтпеуші
ме еді? Бұл қай ыржалағы?

-        Сөйтіп бостан-босқа
көлгірсудің не керегі бар, - деді Әсем шыдамсыздана.

-        Әнеугүні соның аты-жөні -
Жомарт деп пе ең?

-        Иә, Жомарт Жорабекович
Жорабеков!

-        Сыртынан көрдім ғой деймін.
Дәйім сойған түлкідей ыржиып тұратын көңілшек жігіт сияқтанып еді. Кім біледі... Бүгінде өзі...

-        Қой
аузынан шөп алмайтын момынның өзі. Ә десем - ұшып тұрады!

-        Әлгі
немене... Доцент деп пе ең? Дүрдей бастық болды ғой онда.

-        Иә,
о жағынан кенде емес.

-        Шешесі
қолында ма?

-        Қайдағыны
айтатының не? Қарақан басы. Жастайынан жетім қалған көрінеді.

-        He
бопты, ағайын-туғаны бар шығар.

-        Соны
сұрады деймісің?

-        Іше
ме екен?

-        Әзірге
көшеде мас боп жатқанын көргенім жоқ, - деді
Әсем сыздана.

-        Оған
несіне шамдандың. Осы күнгі кейбір жас ішкілік
десе үйіріле кетеді. О бәле араласқан соң оттың басында береке болушы ма еді. Көріп жүрміз ғой, құрғырыңды.

-        Осыншама
шікәмшіл болармысың. Сондай адамды ішкілікке
әуес деп кім айтады.

         Әсем кенет орнынан ұшып тұрып, бұрымы желкілдеген бала
кезіндегідей шешесін құшақтай
алды.

- Ana, Жомарт - алтын адам. Қалай
десем екен, әйтеуір, қашан да құрақ ұшып тұрады, қашан да көңілдегіні
дәл табады. Сосын жүзіне қарасаң - жүрегі көрінетін
ақ көңілдің өзі. Сосын бар ғой, ағып тұрған әңгімешіл.
Білмейтіні жоқ. Бәрін де әдемілеп, зерлеп айтады. Жүріс-тұрысы да мәйім. Одан артық не керек енді?

-        Әкең байғұс екеуіміз осы
жасқа келгенше сенен мұншалық марапат естімеп ек, мынауың, - деп келе жатыр еді
үлкен кісі, Әсем киіп кетті:

-        Өзі сондай сырбаз.

-        Нағыз әулие десейші, - деп
келе жатыр еді үлкен кісі, Әсем тағы киіп кетті.

-        Ылғи жанымда жүргендіктен бе,
осы күндері сәл көрмесем сағынып қалатындаймын. Мұндай болар деп кім ойлаған. Айта берсе, таусылар ма! Қарап отырсаң, тіпті қызық. Кейде - момақан сәби сияқты. Кейде
- ақылгөй қарт сияқты. Сол баланы да,
қартты да қайтіп ренжітерсің. Әрі
айтып бері айтып келгенде - Жомарттан жамандық көрмеспін. «Оқытам» дейді. Боса-болмаса, үй-жәйі орнықты. Сендердің
не дейтіндеріңді қайдам, өз басым кет әрі емеспін.

            Әлгінде ғана «мейлі, айтып
болсыншы», деп іркіліп отырған үлкен кісі аяқ астынан әбіржіп қалды. Кеше ғана тұлымы
желкілдеп жүрген Әсемнің бүгін кеп бейтаныс біреуді осыншалық мақтағаны - жүдә,
ерсі көрінген.

Сосын: «Көңілмен ұнатса бір сәрі, көзбен ұнатып жүрмесе неғылсын», деп
күдіктенді. «Күні ертең соны қойшы деп отырса, қарадай өлім емес пе! Құрғыр-ай,
қайдан ғана кездесіп еді».

-        Heгe үндемейсің? - деді Әсем.

          Үлкен кісі әлі әбіржіп
отыр. Қанша қашқақтаса да әнебір түйін жата-жармасып жібермейтін сияқты. «Біз
қоя тұр», дегенге көнсе тәуір. «Қайдан! Алдарыңнан өттім, ендігісін өзім білем, деп қол ұстасып кете берсе қайтпекпіз? Жаңағы
сөзіне қарағанда, кете беруі де кәдік-ау». Қайтсін
кәрі көңіл зырқ ете қалды.

-        Қара
аспанды төбеңе төңкере бермеші, - деді Әсем.

        Қайтсін, мұның «күйеуге шығам» дегені - «қыдырып қайтайыншы» дегенмен бірдей боп отыр-ау
қазір деп күрсінді. Сосын:

-        Қыдыруың
көбейіп кетіп еді, қайдан білейін. Тілеп алған
жалғызынсың. Ертелі-кеш сенің жайыңды ойламағанда не бітіреміз, - деді мұңайып.

-        Апа,
қойсайшы. Бүйтіп таусыла бергеннен түк шықпайды. Қызықсың өзің.

-        Шеше
байғұс қашан да отқа ертерек
түседі ғой. Әлгі Жомартпен ертелі-кеш
бірге жүретініңді әркімдер-ақ айтқан.
Сонда жаным тынбай көлденең жұрттан сұрастырып та көргем.
Қайдан білейін. Қай жағына болайын. Ара-

мыздағы алданышымыз ең. Бізге
салсаң...

-        Жұртың не дейді?

-        He
десін, бес саусақ бірдей емес, біреуі олай, біреуі бұлай. Тіпті есім
шығып кетті.

-        Мейлі
не десе, о десін. Ал өзің не айтасың? Көкемнің жайы боса-болмаса бесенеден белгілі. Қайбір оңдырар дейсің. Бұлқан-талқан боп шыға келер.

-        He
дейін? Мұның ойласқаңдық
емес, тойға шақырғаның шығар. Амал қанша...

-        Бүйтіп
бұлғақтай берсеңдер... - деді
Әсем жұлып алғандай ғып.

 

-        Бізде
тұрған не бар. Мейлі де. Өзің
«осы лайық» десең болды да, - деді
үлкен кісі сасқалақтап.

-        Бағанадан
бері өсітпеймісің.

-        Сол
оңай боп па? Ертелі-кеш сен де ана боларсың. Көрерміз әлі.

-        Сендер сияқты күйіп жататын
түгі жоқ оның.

-        Аяқ астынан қалай есейіп
кеткеніңе таңым бар. Түйеден түскендей ғып сөйлегенді қайдан ғана үйренгенсің?
- Ой, тоба-ай! Бұл дүние не боп барады? Кеше ғана асыр салып жүгіріп жүрген
титей бала бүгін, міне, ұялмай-қызармай салғыласып отыр. Сәл именсе
нетті? Сәлпәл инабатты болса
нетті?!

-        Әлгі
әніңе қайта бастың ба?

-        Қиқаңдамай
қоя тұршы-ей. Немене сонша
сіресіп. Ең болмаса шер тарқатып
алайын.

-        Көкеме
қалай айтамыз?- деді Әсем аптығып.

-        Қалай
айтсаң да тулайды. Әдеті емес пе!

-        Енді
қайтеміз?

-        Қайда
барар дейсің. Басылар.

-        Қазір
кеп қалар. Бүгіннен қалдырма, - деген Әсем одан
сайын тағатсыздана.

          Осымен сөз біткен.

          Екеуі үн-түнсіз
кешкі ас қамына кірісті. Әсем алып-ұшып
жүр. «Зәуіммен қонақ келе қалса, алдына қоямыз», деп шешесінің көптен тыққыштап жүргенінің бәрін апыл-ғұпыл шығарып жатыр, шығарып жатыр.

Қойсын ба, кішкене дастарқанды
лезде сықыды да тастады. Сол екі ортада әнеугүні Жомарт Жорабекович әдейілеп
Москвадан алғызған көйлегін де киіп алды.

             Бағанадан Әсемнен
көз алмай тұрған үлкен кісі: «Осынша қуанғанына қарағанда... Алдыңнан
жарылқасын! Ұзағына
сүйіндіргей» деп тамсанғанын да сезбей қалған-ды.

-        Көкем
кешікті-ау, - деді Әсем. - Қызыл іңірге дейін
қайда жүр екен?

-        Күндегісі
де.

         Дастарқан әбден дайын
болған кезде отағасы кіріп келді.
Дәліздегі аяқ басысынан-ақ кірпігіне ілініп қайтқанын сезген Әсем тіксініп
қалды. Тіксінген бойы «есімді шығаратын
болды-ау» деді іштен тынып.

-        Кемпір,
шайың дайын ба?

-        Жоқ,
даусы ширақ. Миығынан күліп тұр.

-        Бәрін
тап-тұйнақтай ғып қойғанымыз
қашан, - деді. Әсем өрепкіп. -
Күтіп отырмыз, күтіп отырмыз.

-        Айдың аяғы емес пе. Әнебір
үйді бітіреміз деп... Тайлы-таяғымызбен шабылып.

-        Әй жазғандар-ай, осы
әдеттерің қалмай-ақ қойды-ау. Сендерге сөз өтпейді білем, сірә.

-        Бәйбіше, қабағың қатыңқы
көрінді. He боп қалды? Неғып бұлқан-талқан боп отырсың?

-        Құдай жарылқап ешкім «қал»
демеген ғой. Әйтпесе, жұмыс басында түней салады бұл. Үсті-басын қарашы, әк-әк. Сендерге комбинезонды неменеге
береді?

-        Әк құрғырың он қабат ғып
кисең де тесік тауып өтіп кетеді.

-        Жанасқанның бәрі де саған жұққыш,
әйтеуір!

-        Қоя тұршы, апа, жаңа
көргендей, - деген Әсем әкесінің уәжден жеңіле бастағанын сезіп.
Айтқандайын-ақ, артынша отағасы:- «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деп бұрынғылар
тегін айтпаған болар. Бәйбіше, сенікі жөн екен; қойдық, - деген.

-        Әлгі сүлгі құрғыр көрінбейді.
Жуынып-шайынып алмасам болмас, сірәсі.

-        Немене,
осы бойыңмен отыра қалайын деп пе ең?

Ыстық шайдан бір ұрттап:

-        Ау,
бәйбіше, өз көзіме өзім сенбей отырмын, бұ не той, - деген отағасы
дастарқанға таңдана қарап. - Ақ түйенің
қарны жарылып қалыпты ғой.

-        Осы үйдегі барды баяғыдан
аузыңа тосып келе жатқан жоқпыз ба? Несіне тосырқай қалдың?

-        Қайдан білейін жазған басым.
Мұндай дастарқанды көптен көрмеген соң.

-        Жұрттың қытығына тие берме.
Алдындағыны жинап алып кетуім қиын емес қой. О несі-ей, кекетіп-мұқатып. Жетіліп қапсың!

-        Әп,
бәрекелді, өз-өзіңе жаңа келдің, - деп отағасы кеңк-кеңк күлді. - Бәсе, өстіп сілкілеп отырмасаң бізге ас батушы ма еді.

-        Құдайым-ай, ішіп келгеннен саумысың,
- деп үлкен кісі күліп жіберді.

-        Түстікке
берген бір сомынды жоқтап отырмысың, - деді
отағасы.

-        Әсемнен
ұялсаң нетті.

-        Қызым-ау,
бүгін осыншалық ерте келгеніңе аң-таң ғап
отырмын. Жайшылық па?- деді отағасы.

-        Енді
Әсемге тиісті ме-ей мынау. Бірдеңенің шалығы тиген шығар, саған.

-        Отыз
жыл бойы бір жақпай-ақ қойдым, - деді отағасы тағы да әзілге шаптырып. - Мұншалықты дінің қатты болар ма?

         Әсем екеуіне
кезек-кезек қарайды. Қарайды да, қай-қайдағы ойға кетеді. «Жас кездерінде
қандай болды екен», дейді. «Осы күнге
дейін жүз шайысқандарын көрген емеспін,
әлде білдірмей ме», дейді. «Шіркін-ай, жарастыққа не жетсін!» дейді.
Келіп-келіп: «Жомарт та ендігі тықыршып
отырған шығар» дейді. «Дәл қазір жетіп келсеші»,
дейді. «Әбден қызық болар еді-ау», дейді. «Телефон соқсам ба екен?».

Мандайынан шып-шып тер шығып,
әбден сусыны қанған отағасы:

-        Әсем,
бізді қарауылдауға көшкенбісің, - деген балаша жымиып. Қилы-қилы сезім баурап
отырған Әсем ұрлығы ашылып қалған
балаша қып-қызыл боп кетті. Сасқанынан
шешесіне жалтақ-жалтақ қарай берген.

Сол-ақ екен, үлкен кісі:

-        Жайланып-шайланып болдың ба?
Ақылдасатын әңгіме бар, - деген.

 

-        О
не? Өзіңнен де ештеңе артылмаушы еді ғой, - деді отағасы. - Бүгін немене, мені кеу-кеулеп кеткендерің.

-        Мына
қызың рұқсат сүрайды.

-        He
дейді?!

-        Өй,
байғүс-ай, өстіп қалатының бар. Әсемің әлдеқашан бойжетті емес пе?

           Жаңа ғана үстінен
атан түйе өтсе де міз бақпастай боп отырған
отағасы шытынап шыға келді.

-        Тәйт
әрі, аузыңа келгенді шатпай! Сырттай болса да оқуын бітірсін. Үй болу қашпас.

-        Үйбай-ау...

-        Болды
енді. Басты ауыртпа.

-        Бұ сөйтеді.

-        Енді
қайтеді деп ең!

-        Жетісіп
қапсың.

-        Бәсе,
неменеге елпектеп отыр десем. Енді қайтып бұл сөзді естімейін.

-        Дүрсе
қоя бергенше, алдымен уәжге
келсең қайтеді-ей?

-        Болды.
Оттама!

-        Ал,
мейлің.

         Отағасының морт
сынғаны Әсемге сипау қамшы боп тигендей.
«Енді қипақтайтын не қалды» деп ойлады. «Болары болып, бояуы сіңгесін «ұят-ты» деп төмен қарадың не, қарамадың не?».

          Үшеуі үш жерде
үн-түнсіз отырды да қойды. Әлден
уақыттан соң барып:

-        Он жерден күйіп піссең де
қызың келісіп кепті. Теңін тапқан екен, мен де кет әрі емеспін. Әрі-бері
сырғытатын несі бар оның, - деді үлкен кісі зілдей ғып.

-        Бұл не сонда? Қоятын шығар десе.
Тойға шақырғандарың ба? Әлде мазақ қылғыларың келе ме?- Отағасы асығыстап
темекі тұтатты.

-        Байғұс-ау, бекерге шытынай бергенше,
мән-жайға қанығып алсайшы.

Отағасы Әсемге алара қарап:

-        Соншалық
алды-артына қарамай асығатын қарғадай басына не күн туды мұның?- деді. - Әне, өз қатары жүр ғой,
күліп-ойнап. Мүйізің шықса, отыз жыл болды
отырсың ғой, қазан-ошақтың басында бықсып-сықсып. Бұның да ертең сен құсап күйгелектеп қалмасына кім кепіл. Соны
бір ауық ойласаңдар нетті. Жерден жеті қоян тапқандай кеп. Осынша желөкпе
болар-

мысыңдар.

Үлкен кісі де өзер отыр екен.

-        Әй,
байғұс-ай, күн сайын мені бір
кемсітпесең - басың ауырады білем.
Екі елі жаныңнан қалмай, қит етсең шымшылап отыратын қақаңдаған
қатын ал дегенім қашан. Ал
да, маған тыныштық бер. Алла разы болсын. Несі бар екен-ей, тұрмысқа шығып ап оқып жүргендер аз ба? Күйеу
бала сол институттың білдей оқытушысы көрінеді.
Доцент дей ме, қалай. Алақанына салып оқытады. Қайта қызыңның ертерек теңін
тапқанына қуанбаймысың.

 

Бар ашуын ащы шылымнан алғандай
қою көк түтінді бұрқырата:

-        Қызым,
менен рұқсат сұрағаның рас болса, бұл балалықты қой, - деді отағасы. - Осы
күнге дейін бетіңнен қақпап едім. Ал,
мына қылығың арқама аяздай батып отыр. Ертеңінді
де бір ауық ойласайшы. Он екіде бір гүлің ашылмай жатып, мұның не? He күн туды басыңа. Кім сені азғырып жүрген? Қай оңбаған?

-        Байғүс-ау,
әлгі күйеу бала... - деп бәйбіше тағы бір әңгіме
бастап келе жатыр еді, отағасы:

-        Басы
алтын болса да, керегі жоқ. Әзірге керегі жоқ. Көп сөзді қойып, дастарқанды жи. Аяқ астынан құдағи бола
қалуын, - деп орнынан тұрып
кетті. - Өйтіп керілмей-ақ қойдық.
Жараспайды білем.

           Әсем үн-түнсіз
үйден шығып жүре берді. Жаулығының
ұшымен көзінің жасын қайта-қайта сүртіп, шешесі сол орнында отырып қалды...

 

XXII

 

            Ертеңінде Жомарт Жорабекович
алып-ұшып лабораторияға
келгенде, Әсемнің жүзі сынық көрінген. Боп-боз боп кетіпті. Көзі қып-қызыл. Жылаған-ау! Жүрегі зырқ ете қалды. He дерін білмей абдырап әлі тұр. Әсем боса-болмаса үнсіз. Лезде пәсейіп, тіпті пұшайман боп қалған ол:

-        Көңілсізсің
ғой, жаным. Қорқытпашы, - деген. Демесіне
амалы жоқ, той жақын. Ел-жұрттың да құлақтанғаны қашан.

-        Әшейін,
- дей салды Әсем.

      Онан сайын зәре-құты қашқан Жомарт Жорабекович:

-        He
болды? Айтсаңшы! - деді. - Жанымды көзіме көрсеттің
ғой, тіпті.

-        He
болушы еді, ұйқым қанбаған
шығар. Кеше кеш жатып ем.

          Әсемнің «ұйқым қанбаған шығар» дегеніне
секемшіл көңіл малданған жоқ. «Мұнысы тегін емес, бұл жерде бір кілтипан бар-ау» деп қауіптенеді. Қауіптенгесін-ақ, «іс насырға шаппай тұрғанда бір орайын табу керек, әйтпесе болмайды» деді іштей асығып-үсігіп.
«Қыздың көңілі - көктемгі бұлттай. Қайтіп құбыларын кім білсін. Сақ болмаса, сан
соқтырып кетуі оп-оңай-ау, құрғырдың...».

-        Мен
де түні бойы телефонды күзетіп шықтым.

-        Хабарласуға
мұршам келмеді, кешіріңіз.

        Әсіресе, Әсемнің
«кешіріңіз» дегені батып кетті. Қатты батты.
«Бүйтпейтін еді, не болды екен? Үй-іші тыйып тастағаннан сау ма? Деуі-ақ мұң екен, мүлдем дегбірден айрылды.
Сары портфельді бір ашты, бір жапты. Қайтадан ашып:

-        Әсемжан,
қапелімде кешірім сұрғаныңа
түсінбей отырмын, - деді.

Жомарт Жорабековичтің жан ұшыра қиналғанына шыдай алмаған Әсем:

-        Ертелі-кеш
менің қас-қабағыма қарай берсеңіз - қартайып
кетесіз, - деген зілсіз ғана. - Ер кісіге жөн-жосықсыз елпектей берген
жараспайды.

-        Маған
сол бақыт та жетеді, жаным. Сенің көз алдыңда қартайсам не арманым бар? Алдымен
соған жеткізсін де, - деп Жомарт
Жорабекович жабыса кетті.

-        Қойыңызшы,
- деді Әсем келте қайырып. Жомарт Жорабекович
дереу тал қармағандай:

-        Таусылмағанда
қайтем, «барым да, малым да сенін жолыңда»
деп жүргенде, жаңағы қабақ шытқаның шарадай басымды шақшадай қылды ғой, - деді.

-        Қуыршақ құсап күле бер дейсіз бе енді. Әлде мені шынымен-ақ қуыршақ көресіз бе?

-        Қайдан
білейін, күн өткен сайын сен деген көңіл секемшіл
боп барады.

-        Сонда
сенбейсіз бе?

-        Сенбесем,
өстем бе!

-        Енді
не ғыл дейсіз?

         Жомарт Жорабекович
тосылып қалды. Тосылып отырып: «Қалай да көңілін көтеру керек» деп түйді.
Сол-ақ екен:

-        Қалай,
бүгін театрға барсақ қайтеді?- деді жаңағының бәрін ұмытқандай.

-        Несі
бар, барсақ барайық, - деді Әсем тосыннан. Жомарт Жорабековичтің жүрегі жарылып кете жаздады.

-        Ақылыңнан айналдым, - деді
орнынан ұшып тұрып.

 

XXIII

 

...Театрдан алып-ұшып келген Әсем шешесін құшақтай алды.

-        Апа,
білмейсіңдер ғой, Жомарт
сон-да-ай жақсы адам!

-        Жайырақ,
әкең естісе, тағы морт кетеді. Бағаналы бері
жер-жебіріме жетіп, жаңа ғана басылды.

-        Енді
не десе де мейлі.

-        Саған
бәрі оп-оңай! Екі оттың ортасында шарқ ұрып-ақ өлетін болдым.

-        Апа-ау,
қайт дейсің енді? Бүгін де талай рет қиылды. Тіпті аяп кеттім.

-        Бір
мезгіл бізді де аясаң нетті.

-        Қойдым
апа, қойдым. Әлден уақыттан кейін:

-        Тәуекел,
- деді үлкен кісі кенет. - Ертең кешке Жомартты
осында ертіп кел. Танысайық. Айтарын айтып, айдарын
тағып тынғаннан кейін қас-қабаққа қарайтын не
қалды?!

-        Көкем
үйден қуып шықса қайтеміз?

-        Әкеңнің
сыры белгілі ғой - қайтуы тез. Ал, тіптен ашуланғанда іштен тынар да қояр -
қайда барар дейсің.

 

XXIV

         ...Тойда отағасы
тіпті көңілсіз отырды. Күндіз екеуі ЗАГС-тен
шыққанда Әсемнің маңдайынан салқын ғана иіскеп,
сонан соң Жомарт Жорабековичке қарап болар-болмас бас изеген де қойған. Міне,
қазір де ағайын-туыс,
дос-жаран алаңсыз күліп-ойнап жатқанда өзін бұл ортадан
оқшаулау сезінетін сияқты, бейнебір жаңа танысқан үйге қонаққа барып, әлденеге көңілі толмай дастарқаннан сырт қалған адамдай, сіресіп
отыр. Оның үстіне бірді-екілі жиында
болмаса галстук тағып көрмеген-ді. Бүгінгісі сұмдық сөкет сияқты. Жұлып
алып, умаждап-умаждап қалтаға ұрып жібергісі кеп талай оқталды. Қанша әуреленсе де, иінін
таппай-ақ қойғаны.

      Кей сәттері «осыным
қалай» деп те ойлады. «Жалғыз қыздың
тойында...». Артынша: «сіреспегенде қайтем» деп уһлейді. «Сіреспегенде қайтем? Әлі күнге бір шайнек шайға үдебара шыға алмайтын Әсем бүгін кеп
үй болмақшы. Апыр-ау, не жарытады ол? Ненің қадіріне жетпек? Ертең-ақ бәрінен
жеріп, сабау қамшыдай боп
шыға келмесше кім кепіл? Уһ. Бір
қателік өтті де. Өмірде
өкініші кетер ме оның. Әттеген-ай!».

        Өстіп іштен тынып
отырғанда, той басқарып жүрген жігіттің
қасақана «тілек айтыңыз» деп тұрып
алғаны - тіптен қазабат болды. Тілі
мен жағына сүйенген қу екен, тықақтап
қояр емес. Амал жоқ, үндемей қалу- ұят.
Орнынан әрең көтеріліп:

-        Ал,
ағайын, аман болайық, - деп бір тоқтап, сонан соң ернінің ұшымен:
«екеуінің бақыты үшін» дей салды. Қойсын ба, жұрт кеу-кеулеп алды да кетті. Отағасының күйіп-пісіп
отырғанын қайдан білсін:

-        Қалай
тауып қосылған, - дей ме-ау.

-        Әке
сөзі - алтыннан да қымбат, - дей ме-ау.

-        Жаса.
Жомарт Жорабекович, - дей ме-ау, әйтеуір тоқтайтын
түрлері жоқ.

          Отағасы өртеніп кете
жаздады. Күйіп-пісіп отырып: «Көлгірсуге
келгенде алдымызға жан салмайтынымыз-ай», деп
налыды. «Осы әдет қашан қалар екен?». Әлгібір қияс ойдан да арыла алмай қойды. «Жалғыз қыз да тіл алмады. Илікпеуім керек еді, ендігі
отырысым мынау, көжеге өкпелген балаша томсырайып. Әттеген-ай, тым еркелетіп жіберген
екенбіз. Еркелетіп алып, бармақ тістегеннен не қайран? Осы күнгі жас көп біледі
дейміз де, бетінен қақпаймыз. Кай-қайдағыға ерте әуестенгенін де кейде мақтан
тұтамыз. Олар өзіміз білеміз дейді де, өстіп ойына келгенін істейді. Әттеген-ай!
Бала шіркін, азды-көпті тыю көрмегесін
бола ма?».

          Отағасы әлі
алай-түлей боп отыр. «Осы Әсемдер үй болудың
түк мәнісін білмейді. Бұ
жағынан біз де жарытып тағлым бере алмасақ керек. Мектеп те мандытпаған. Әттеген-ай! Обалдағы-ай!».

            Шеше байғұста
дегбір қалмаған. Ac үй мен төр бөлменің ортасында
зыр жүгіріп жүр. Той басқарушы қанша қолқаласа да тізе бүккен жоқ. «Мені қайтесіндер. Бұл тойдың төрінде біреуіміздің отырғанымыз да жетер» деген.

Деуін десе де, отағасының жүзіне
тіктеп қарамаған-ау! Қарағанда
қайтеді? Өз қолыңды өзің қалай кесерсің. Илікпейтінін
біледі. Тастай қатып отырғаны анық. Амал қанша,
өйтіп-бүйтіп той өтсінші. Кейінгісін көре жатады-дағы.

           ...Әсем жуынатын
бөлмеде әлі тұр. Шықса болды, Жомарт Жорабекович тағы бірдеңе дейтіндей.
Ол не десе де, қазір бұған ауыр тиеді.

Жомарт Жорабекович болса, Әсем
аяқ астынан бүйтіп сабындай бұзылады деп ойламаған. Ойламағаны
ғой, түндегі «қиын-қыстау сәттер» оны
тез сейілтті. Енді амал жоқ әліптің
ақырын күтпекші.

 

            Бір кезде Әсем
дәлізге ытқып шықты да, үн-түнсіз төрге қарай
өтіп кетті.

         Сол сәт бір ауыз уәж айтуға батылы жетпей ас үйдің есігінің алдында сілейіп тұрып қалған Жомарт Жорабекович лезде
арадағы зіл-батпан түйткілді көмпіс көңіліне жеп-жеңіл жығып берді де, әдеттегіше Әсемді тез сейілтудің төте жолын іздей бастады.

 

XXV

 

         Көп ұзамай екеуі Қара теңіз жағалауына жүріп
кетті.

 

XXVI

 

          Қара көк теңіз
жағасындағы кішкентай қалаға олар түс
әлетінде жеткен.

Күн күйіп тұр екен. Жомарт Жорабекович жайнап шыға келді. Әлсін-әлі

«алаңсыз шайқайықшы бір» деп
қояды. Мейманхана кезекшісіне
барғыштап жүріп, балконы пляжға қараған бір
бөлме алды.

- Тез жайғасқанымыз тәуір болды,
- деген Әсем есікті аша беріп. -
Әлгінде вестибюльде сәл отырғанным
өзінде жанып кете жаздадым. Әсемнің көңілі жайланғанын сезгесін-ақ Жомарт
Жорабекович желдей есіп шыға келді.

         Осыншама жол жүру
оңай ма, әбден қалжырағасың ғой, түні
бойы көз ілген жоқсың.

-        Самолет
селкілдей берді ме, қалай?

-        Енді
алаңсыз демаламыз. Тіпті екі ай жатсаң да ешкім қой демейді. Айтты-айтпады, бұ жағалаудың құмы
көрпедей!

          Балконға шығып, ұшы-қиырсыз теңізден көз алмай тұрған Әсем:

-        Қара
көк десе, қара көк екен, - деген. - Өзі де ұшы қиырсыз болар.

         Жомарт Жорабекович
онан сайын ентелей түсті:

-        Несін
айтасың, мұның қызығы
таусылмайды.

-        Кісінің
көбін-ай!

-        Төменге
түсіп, түстеніп алсақ қайтеді? Кешелі бері жөндеп
тамақ та ішкен жоқсың.

-        Қазір
ас батушы ма еді.

-        Ұйқы қысып түр-ау, ә! О да жөн
екен.

-        Жатпасам
болмас, - деп Әсем шешіне бастады.

         Оның алтыннан құйғандай жұп-жұмыр тұлғасынан көз алмай тұрған Жомарт Жорабекович:

«Пай-пай!»- деді іштей тамсанып.

          Co бойы Әсем төсекке
койып кетті. Аяқ астынан әлекке түскен Жомарт Жорабекович:

-        Мен
де қисая кетсем бе екен, - деген өзеурей.

-        Сізге
не болды, соншалық?

          Жомарт Жорабекович
қайтып сөз айтуға батпады.

          Жастыққа басы
тиісімен-ақ Әсем ұйықтап
кеткен. Оның балбыраған жүзіне
қадала қарап тұрып: «Қайда барар дейсің, үйренеді ғой» деп ойлаған Жомарт
Жорабекович. «Өстіп төбеме көтеріп жүрсем, не арманы бар!».

        Сәлден кейін чемодандарды
ашып, екеуінің қаттап алып шыққан киімдерін реттеуге кірісті. Алдымен
шифоньерге Әсемнің көйлектерін іле бастады. Әрбіреуін қолына алған сайын «өстіп
үлде мен бүлдеге орап қойсам, не арманы бар» деп масаттанады. «Жан-жағына
қарауға да шамасы келмес».

          Киім біткеннің бәрін
қаттап, ілгіштеп біткен соң ауызғы бөлмеге барып, жуынып, қырынып, әбден
әтірленіп алып, қайта келген Жомарт Жорабекович төрдегі төсектен көз алмай
қатты да қалды. Ыстықтаған болуы керек, Әсем жұқа көрпені аяқ жағына ысырып
тастаған екен. Үстіндегі іштен киетін үлбіреген көйлегі таңертеңгілік күміс
көлді жағалай шәйі шымылдық құратын бозғылт тұман секілді. Толықсып піскен қос
алма сол тұман арасынан қос шоқыдай боп көрінді. Екі қолы - екі жақта.
Жақындасаң-ақ құшақтай алатындай. Құшақтай алса - жуық арада жібермейтіндей! «Жүке, сенде де арман бар
ма екен» дейді іштей Жомарт
Жорабекович. Сосын «Шіркін-ай, қырыққа келгенше
күткен жарыңның қызығына жалғанда тоярмысың» деп тамсанды. Тамсанып тұрып: «Осындай келіншектің алдында құрдай жорғаламағанда енді кімнің алдында жорғаламақсың» деді масаттана.
«Жаса, Жомарт Жорабекович!».

            Әсем көзін ашып қалып
еді, дәл жанында төніп тұрған Жомарт Жорабековичті көріп шошып кетті.

-        А-а-а!

-        He
болды, жаман түс көргеннен саумысың?

-        Манадан
бері қақиып тұрсыз ба, өстіп?

 

XXVII

 

         Екеуі жеңіл киініп
алып, сыртқа шыққан. Күн төбеден ауып кетіпті. Күн төбеден ауғасын-ақ аптаптың
беті қайтыпты. Теңіз жағасы тым-тырыс.
Айнала - түгел мүлгіп тұр.

-        Жұрттың түстен кейінгі тәтті ұйқыға алаңсыз бөккен кезіне тап болыппыз да, - деді Жомарт.

-        Жағалаудың
әдемісін-ай!

-        Алдымен
суды айтсайшы. Көздің жасындай мөп-мөлдір!

-        Қанша
қымбат болса да көздің жасына теңемеңізші.

-        Әйтеуір,
қалай айтса да жарасады.

-        Сол
суға түсу үшін жағалаудың ұқыпты
үйдің төріндей болғаны - қандай
ғанибет!

            Олар мейманхананың
дәл есігінің алдынан басталатын жіңішке
соқпаққа түсіп ап, көп жүрді. Әсем әлсін-әлсін теңізге қарай берді. Осы сәт оған аптығы басылып қалған жуас толқындардың кең айдындағы
болмашы бүлкілі де, суға төніп тұрған жарқабақтағы алқызыл гүлдер де, күн сәулесіне
шағылысып жалт-жүлт еткен жағадағы қалың құм да тым таңсық көрінді. Сол
сәттерде жүгіріп барып теңізге қойып
кеткісі келеді. Сосын мөлдіреген аспаннан көз
алмай шалқалап ұзақ жүзсе,
шіркін! Түу, майда толқынның еркелей аймалағаны қандай рахат!

         Әсемнің айналадағының
бәріне балаша елтіп келе жатқанын сезген Жомарт Жорабекович:

-        Той-томалақпен
жүріп, әбден шаршаған сияқтымыз. Алаңсыз тынығайықшы, - деген тағы да өзеурей.

         Сонау тойдан кейінгі түннің
ауыр елесі аяқ астынан Әсемнің көз алдына кеп тұра қалған - қараңғы үйдегі оның
өңмеңдеген өзімшілдігі, артынша жүрек айнытатындай мүләйімсігені. «Қап,
үндемей-ақ қойса нетті», - деп

өкінді. «Қай-қайдағыны еске
түсіріп...».

-        Қара
теңіздің жағасында демалғанға не жетсін, - деп
Жомарт Жорабекович болып-болып келеді. Бұған екінің бірінің қолы
жете бермейді.

        Кездейсоқ тап болған
әлгі елестен арыла алмаған Әсем бас
сауғалағандай қүмдауыт жағаға кеп, жалп-жалп жығылып жатқан әлжуаз толқындардан
көз алмай ұзақ тұрды.

          Тұрып-тұрып: «Мына толқындар маған тартқан» деді кенет. «Бәрі-бәрі
жуастығы, жартыкештігі, көңілшектігі...» деуі-ақ
мұң екен, жүрегі сыздап жүре
берді.

-        Теңізден
соғатын қоңыр салқынды қойсаңшы, бұл. Дем сәтте көкірек-сарайыңды
күмбірлетіп жібереді, - деп Жомарт Жорабекович те қояр емес.

          Жаңағы әзірде ғана
өрекпіген көңілі лезде пәс түсіп қалған Әсем: «Ылғи да өстіп қинала берер ме
екенмін» деп ойлады. «Бұл
не болғаны сонда?».

-        Рахат-ай, - деп Жомарт
Жорабекович көйлегінің үстіңгі түймелерін ағыта бастады.

           Әлгібір ауыр ойдан арыла
алмай-ақ қойған Әсем:

-Ұзап кеттік білем. Кейін қайтайық, - деді.

 

XXVIII

 

       Олар мейманхананың алдындағы орындыққа
кеп отырды. Манағы әзірдегі тып-тыныш жатқан жағалау қазір араның ұясындай. Адам дегеніңіз құж-құж қайнайды.
Әлгі көрпедей құмдауыт лезде көзден ғайып бопты. Суға түсіп жүргендер қаншама!

         Қызу-қызу әңгіме де,
қыран-топан күлкі де, екеу-екеу қол ұстасқандар да, екеу-екеу күбірлескендер де бәрі осында
екен. Жан-жақтан әлі де келіп жатыр, келіп жатыр. Кейбіреулер жағаға жеткен
бойда теңізге қойып кетеді.
Кейбіреулер тұла бойының
бітімін көпке жайып салғысы келгендей
алшаң-алшаң басып, өз-өзінен масаттанады. Әйтеуір, шетінен мінсіз, шетінен
қамсыз.

Бұрын-соңды мұндай
думанды көрмеген Әсем бірте-бірте сергиін деді. Бойы жеңілейіп, белгісіз
бірдеңеге ашырқағандай ма, қалай. Қапелімде талай жыл есікпе-есік отырған ерлі-зайыпты
көршілердің курорт десе дегбірден айрылатыны есіне түсіп, күліп жібере жаздаған.

 

Сосын кенеттен:

-        Шомылсақ
қайтеді?- деген.

            Онсыз да маналы бері
іштен тынып, тықыршып отырған
Жомарт Жорабекович:

-        Ал,
кеттік, - деп орнынан ұшып тұрды.

 

XXIX

 

         Бір күні
таңертеңгілік Әсем ойда-жоқта:

- Жеңіл киініп ап, ана-ау биікке
шығып қайтайықшы, - деген.

Жомарт Жорабековичте сөз бар ма?
Құрақ ұшып жүре берді.

       Тау баурайына жеткен
бойда Әсем үн-түнсіз жоғары қарай
жылдам өрмелеп кетті. Биіктеген сайын өршелене түседі, алды-артына қарайлайтын түрі жоқ. Оның аяқ астынан осыншалық желіккеніне аң-таң
болған Жомарт

Жорабекович алғашқыда
қатарласып-ақ бағып еді. Қайдан,
сәлден соң «ырс-ырс» етіп,
ілесе алмай қалды. Ілесе алмай
қалғасын: «Осыншалық қайда асықтың? Тоқтасаңшы» демек боп бір оқталды да,
артынша «өкпелетіп алам-

ау» деп қаймықты. «Қой, құрысын. Одан да тырмыса берейін...».

        Әне, Әсем алыстап
барады. Жомарт Жорабекович жан ұшыра
ілгері ұмтылды. Қанша ұмтылғанымен, түк өнетін емес - аяғына тас байлап қойған тәрізді.
Өкпесі күйіп кетті. Жаңа қарнын
қампитып жеңіл киінуге именіп, костюммен шыға caп еді - борша-борша боп, көйлегі арқасына жабысып қалды. Құларманға келгесін: «Бұл не, сынағаны ма, әлде кемсіткені
ме» деп кейіді. Ылғи өстеді. Мені жер
қылу үшін таппайтыны жоқ. Мұншалық
тасжүрек болар ма?! Тағы
ілгері ұмтылды - осы қазір жанып кетсе де жүгіре бермек.

         Әсем едәуір жоғары
көтеріліп, бір қойтасқа кеп отырды. Айнала тым-тырыс. Теңіз жақтан
сап-салқын леп еседі. Беткейге
тырмысып өскен тырбаң бұталар мүлгіп тұр. Төмендегі қара көк айдың беті де ұйыған
сүттей екен.

Әрі-беріден кейін аяқ астынан тап болған мына мылқау тыныштыққа көндіге
алмай, өз-өзінен елегзиін деді. Өйткені, мына қыр басына шығуға құмартып, осылай
қарай жүгіргенде кеудесін желге тоса төмендегі теңіз шуылына балқып, әрлі-берлі
қыдырмақшы еді. Енді, міне, айдалада жалғыз қалғаңдай, әбіржи бастады. Бойы да
тоңазып, көңілі тіпті пәсейіп қалды.

         Сол кезде «үһлеп»
Жомарт та жеткен. Жеткен бойда гүрс
етіп отыра кетті. Оның боржып кеткен бетіне, далиған танауына көзі түскен Әсем
айналып кетуге әзер-ақ қалды. Ақыры
не дерін білмей:

-        Әбден
бітіпсіз ғой, - деп күлген болды.

-        Қайтейін
енді.

-        Ендігәрі
тауға шықпаңыз.

-        Сенің
ор киіктей тастан-тасқа секіргеніңе қарап отырғаным
да жетеді-дағы, жаным.

-        Оның
несі қызық?- деді Әсем.

-        Сенің
жаныңда жүргенде маған бәрі
қызық, бәрі де таңсық.

         Әсем кенет өрепкіп
кетті:

-        Бір
мезгіл менің жайымды да де ойласаңыз қайтеді. Қашанғы сылап-сипай бересіз. Қанша мәйімдеп айтқанмен сөздің
де сұрауы бар шығар.

-        Көңілдегі көп сырды осындайда
ақтармағанда, енді қашан ақтарам, айналайын-ау!

-        Күйіп-жанудың
да жөні бар емес пе?

-        Қай-қайдағыны
қопсытпай-ақ қойшы, жаным. Күнде
кінәраттаса бергенмен бола ма? Одан да, күліп-ойнап жүрейікші. Бұл дүниенің қызығы сол. Ертең қартайғанда
шаттықпен өткізген күндеріңді еске алғаннын өзі
қандай ғанибет! Жастық шіркін, қайта айналып келмейді.

             Төмен қарап
отырған Әсем: «Өмірі жеңсік бермейді» деп
кіржиді.

            Жомарт Жорабекович мана Әсемнің
жанына барып, иық тіресе отырудан
әмсе жасқанып, төменіректе қалған-тын. Енді
екеуінің арасы тіптен алшақтап кеткендей. He істеу керек? Әйтеуір, бір білетіні - тіксінуге болмайды. Амал қанша, әлгібір әдетіне басып, тағы да
жылы-жұмсақ бірдеңе дегісі кеп Әсемге бұрылып еді, тізесін құшақтап, қара көк теңізден көз алмай отыр екен, жетіп барып құшақтай алғысы келген. Әттең, бата алмады. Бата алмаған соң іштен
тынып, күзгі бұлттай көмескі
ойға кетеді: «шынымен-ақ қателескенім
бе?». Кешелері ғана моп-момақан көрінбеп пе еді. Енді, міне, қабақ ашпайды.
Тіптен «осы еркелігі өзіне қонымды»
дегенмен де арғы жақта басқа бір
байлаудың бүк түсіп жатпасына кім кепіл? Өстіп жүріп, ел-жұртқа масқара
болар ма екем? «Құры-сын,
өйткен күні құры-сын. Әлгі сыныққа сылтау іздеп жүрген иттердің табасына қалғаннан гөрі екі қолды
төбеңе қойып қаңғып кеткен артық».

        Көңіліндегі көп
сүраққа жауап іздегендей Әсемге жалтақ-жалтақ қарай берді. Қарайды да, қинала
«қайтем» дейді, - «мен қабақ шытсам,
онсыз да босаң жіп үзіліп кетер. Бір
үзілгесін оны жалғадың не, жалғамадың не?!»

        Үн-түнсіз отыра
беруден тағы қорқады. Неде болса бір әңгіменің
ыңғайын табу керек. «Ертелі-кеш елпектеп-ақ өлетін
болдым» деп ойлады.

Отырып ап бір кездері:

-        Киімің
жеңіл, тоңған жоқпысың? Мына ара тіптен салқын
екен, - деген. - Суық тигізіп алсаң, о құрғырдан құтылу
қиын.

-        Қайдағы
жоқты айтатыныңыз не. Осындай аптапта... - деді Әсем зілдей ғып.

-        Мұндайда суық шалу оп-оңай. Кейде
байқамай да қаласың. Әсіресе,
шілдеде суық шалған жаман. Байқамаса болмайды.

-        Костюміңізді
тастамай жүргеніңіз сол екен ғой.

-        Мына
пиджакты киіп отырсаң қайтеді?

        Әсем әнтек бұрыла беріп: «Іші пыспайтынын
айтам-ау» деп ойлады. «Бәрін
алдын ала кесіп-пішіп қояды.
Қай кикілжіңге да жауабы дайын. Әй,
қайдам, қателесу дегенді білмейтін
болар. Мұндай сақ адамды көрсем көзім шықсын. Түу, жарылып кетпейтініне таңым
бар».

       Бұл жолы Жомарт
Жорабекович үндемей құтылмақшы
болды. Сөйтіп отырып: «Несіне қызарақтай береді екен» деп ойлады. «Соңғы күндердегі қылығының бәрі зіл-батпан өкініштің ащы дәмі аузынан
кетпей қойған адамның қылығындай.
Кейде ыржалақтап шыға келеді, кейде
қабақ ашпайды. Дал болып біттім-ау, әбден...».

Ұзақ үнсіздіктен кейін:

-        Қайтайық,
- деді Әсем.

         Жомарт Жорабековичке
салса, әлі отыра бермекші-тін. Өйткені, «төмен қарай тағы да жүгіре жөнеле ме» деп өлердей
қауіптенеді. «Со бойымен ор киіктей секіріп жағалауға жалғыз
барса, жұрт не дейді?».

-        Қайтайық, - деп Әсем орнынан
тұрды.

         Екеуі төмен түсіп келеді.
Ирелеңдеген жалғыз аяқ жолмен Жомарт Жорабекович жүре алмай-ақ қойды. Жаңа туфлиінің
табаны сырғанай береді. Әлденеше жығылды. Жығылып жатып, «Мына қазабат ұмытылмастай
болды-ау, - деп әлденеше қайталады.

         Әсемге не, жүгірді де кетті.
Жүгіріп бара жатып «тағы да жете алмай қалғаны ма» деп ойлаған. «Намыстанса
нетті, ең болмаса, ашуланса нетті. Құрақ ұшқаннан басқаны білмейді. Өмір
бойы өстіп өте ме?».

          Жағалауға жеткен соң
мейманханаға қарай жалғыз жүре беруге
именіп, бірінші кезіккен орындыққа отыра кетті. Жомарт Жорабековичті күтпекші. Қанша айтқанмен, әрі-бері
жүгірді емес пе! Әжептәуір шаршаған секілді, табаны дуылдап, құлағы шыңылдайды.
Тамағы құрғап, шөлдегенін де жаңа сезгендей. «Осы желіккенім де жетер, енді
бүгін еш жаққа бармаспын» деп қояды. «Суға түсіп алам да, жатып кеп ұйықтаймын. Мейлі, не ғылса, о ғыл-

сын».

        Тап осы мезетте Жомарт Жорабекович ырсылдап әзер жеткен еді. Қара терге түсіпті. Үсті-басы
шаң-шаң.

            Әсем күліп
жіберді.

-        Қой,
құрысын, бүйтіп екі-үш рет
тауға шықсам, біржола сылынып қалатын
түрім бар, - дейді алқынып.

-        Сізге
осы дауа екен, - деді Әсем жайбарақат. - Сылынғаның
жақсы емес пе! Баяғыда жұрт
курорт біткенге семіру үшін барса,
қазір алдымен арықтаудың жолын іздейтін
көрінеді ғой.

         Жолай салқын су ішпек боп, кафеге
бүрыла бергендері сол еді, қарсы
алдарынан шыға келген ұзын
бойлы, ат жақты, ақ сары жігіт:

-        Сәлеметсіздер
ме? Сіздерді осы Алматыдан көрген сияқтымын,
- деген күлімсірей. - Көзіме оттай басылдыңыздар ғой, тіпті.

           Әсем жыға танымаса да, шырамытып
тұр. Бұрын да бір көрген сияқты. Иә, иә, ерте көктем болар-ау, автобус аялдамасында осы жігіт кездесіп қап,
әрлі-берлі әзілдеспек болған. Сол екі
арада Жомарт кеп, іліп әкетті. Ол дәл

қазіргідей күлімсіреген күйі қала
берген. Сол, соның өзі. Енді, міне,
қиядағы курортта тағы кездесті.

       Маналы бері орайлы бір
әңгімеге ынтық боп келе жатқан Жомарт Жорабекович жерден жеті
қоян тапқандай:

-        Аманбысыз,
інішек. Кездескен деген осы. Иә, біз - Алматыданбыз,
- деп аяқ астынан жік-жапар болды да қалды.

-        Бәсе,
жаңылмасам керек-ті. Таныс болайық, - Нұртас.

 

-        Жол
үстінде селтиіп тұрғанымыз
жарамас, сусын ішейік, - деді Жомарт
Жорабекович.

-        Көріпкеліңіз
бар ма, қаталап тұрғанымды
қайдан біле қойдыңыз, ағасы-ау?

          Аядай кафеде кісі аз
екен. Шеткерірек жайғаса бергендері
сол еді, екі иығына екі кісі мінгендей мұртты жігіт жетіп келді.

-        Кәні,
қалағандарыңыз болсын!

         Әп-сәтте таныстық
байлауына салқын шампан келді - үшеуі
ұзақ отырды.

         Әп дегеннен-ақ Жомарт Жорабекович құдды бір көптен көріспеген
досындай өзімсініп алды да кетті. Анау «иә, иә»
деген сайын есіле түседі.

-        Інішек,
жәй-жағдаят осы. Зәуіммен
теңізге шомылып қайтайық деп келіп қалып ек. Жақсы жайғастық. Мінеки, енді өзіңмен дәмдес боп отырмыз.
Қадір арттыру дегеннің өзі
кейде осындайдан басталады.

-        Кеше
сырттай көріп, соншалықты қуанғаным. Сіз сияқты
салдарлы ағамыздың жанында қуыршақтай боп жеңгеміз
жүрсе - әйбәт жарасады екен.

-        Е,
өстіп демалып жатырмыз, - деп Жомарт Жорабекович жаңағы мақтауды жорта
елемегенсіді.

-        Жеңгей,
көңілсізсіз ғой. He қалайсыз, айтсаңызшы? Ағамыз мінеки, әдемілеп бастап берді, енді інінің ілтипаты дегенді де
естен шығармаңыз. Қайныңыздың қалтасы тоң. Еш тартынбаңыз.

       Жомарт Жорабекович жорта
насаттанғансып:

-        Бұ жеңгеңнің қыбын табу -
қиын-ақ, - деді, - Абайлап сөйлемесең.

        Қылшылдаған Нұртас қойсын ба,
іле іліп әкетті.

-        Сенсеңіз бар ғой, өз басым
оның оңай болғанын қаламас ем. Оңай олжа кімге дәрі! Әгәрәки, мен адам танысам, жеңешеме кербездік те, еркелік те
қатар жарасатын сияқты. Оған тәкаппарлық қосылса, тіпті қатып кетейін деп тұр.
Осыған дау айта аласыз ба, ағасы?

-        Қой, дауы құрысын, даудың не
керегі бар, - деді Жомарт Жорабекович.

-        Ағасы-ау, екеулеп жүріп
жеңгейдің қыбын таба алмасақ, дөкей жігітпіз деп дүрдигеннен не пайда! Қалауыңызға
құлдық, аянатын түк жоқ, құстың сүті болса да қарастырып көрейік.

-        Біздің ауылдың жігіттері
өстеді енді. Ойдойт, батырдың.

-        Ана-ау шатқалда құстың ұясындай
ғып салған тым әдемі ресторан бар екен. Жанның рахаты! Соған барып түстеніп қайтсақ қайтеді?- деп Нұртас онан сайын ентелей түсті.

-        Жалғыз жүргенің қалай, келін
қайда?- деді Жомарт Жорабекович кенет бүра тартып. «Бүйтпесем, өңмеңдеп қоятын
емес қой» деп ойлады. «Онсыз да сәт сайын құбылып жүрген Әсем тіпті бой бермей
кетер».

-        Ағасы-ау,
осал жерден шап бергеніңіз не? Шынымды айтсам, о жағына ұяттымын, - деді Нұртас. - Иіні келмей жүр.

-        Бойдақпын
десейші.

-        Солай
боп тұр.

-        Уайымдайтын
түгі жоқ. Ештен кеш жақсы, ертелі-кеш бір сәті түсер, - деді Жомарт Жорабекович.
- Сендей жігітке кыз табылмаушы ма еді, тәйірі. Біреудің көзі ұнамай, біреудің сөзі ұнамай жүрген шығар.

-        Сөйтіп,
кәдуілгі тойдан кейінгі саяхатта жүр екенсіздер
де, - деді Нұртас. - Ағамыз
да біледі-ау, қайда тартарын. Қайран
білгендік-ай! Жеңгей, қарап отырып қабақ
шытқаныңыз не? Ақы алсаңыз да күліп-ойнап отырайықшы. Курорт деген
күліп-ойнауға жаралған. «Бұл дәурен қайта айналып келмес маған!». Бұл - ақын сөзі. Жастық шақта ойды-қырды шарлап,
жүрген жеріңді шаңдата сайран құрғанға жететін не бар! Зымыраған уақыт көзді
ашып-жұмғанша өтеді де кетеді. Одан кейінгі - құр әурешілік.

-        Кешелі бері мен де білгенімше
айтып жатырмын-ау, - деді Жомарт Жорабекович.

        Екеуінің аты-жөні жоқ
көлгірси бергені Әсемнің әбден зықын шығарды. Бір мезет Нұртастың бетін қайтарып
тастамақшы да болды. Бір мезет тұрып жүре беруге де шақ қалған. Ойлап отырса,
осының бәрі түс сияқты ма, қалай? Жомарт Жорабековичпен танысқаны, тұрмысқа шыққаны. Тіптен осында
келгені де. Бұған енді, міне Нұртас кеп қосылды. «Қайдан ғана жолықтым»
деп қиналды. «Қасақана қияндағы курорта кезіккенін
айтам-ау. Енді кенеше жабысып қалмайтын түрі
бар. Бойының сырықтайын-ай! Өткізіп қойғаны

бардай өктем сөйлейді өзі».

        Мейманханаға қайтып
келе жатып:

-        Тым
болмаса, кешкілік қала жаққа барып, қыдырып қайтайық, - деген Нұртас. - Жалғыз кісіге қиын екен. Сіздермен бірге көңіл көтеріп
қалайын.

       Жомарт Жорабекович
салған жерден «иә» деуге бата алмай
Әсемге жалтақ-жалтақ қарай берген. Барғысы кеп, алып-ұшып тұр. Соны сезген ол:

-        Кәне,
ендігі билік сіздің қолда, - деді Әсемге жалт бұрылып.

-        Шақырған
соң, ұят-ты, - деп Жомарт
Жорабекович те жанамалай жөнелді.

-        Бүгін
«Гагрипш» ресторанында цыгандар ансамблі концерт
қояды екен, - деді Нұртас
бастырмалата. - Жаңадан құрылған ансамбль көрінеді. Жұрт мақтасып жүр.

-        Цыгандар
болса, қатырады, - деді Жомарт Жорабекович өзеурей.

-        Бүгін
аттың басын бір жіберейік, қайдан шықса, одан шықсын!

-        «Бәрібір
қоймайды» деп ойлаған Әсем. «Оның үстіне Жомарттың
күн батса-ақ серуенге шығайық деп жалынып отырып алатыны тағы бар. Қолтықтасып
паркте жүрсе болғаны оған. Одан да концерт көргенім жақсы емес пе?!».

-        Барсақ,
барайық, - деді Әсем. - Көңіліңіз қалмасын. Әйтпесе сол да таңсық боп па бізге!

-        Рақмет!
Мінеки, енді жөнге келдіңіз. Бәсе, неғыпты, сөзімізді жерге тастамас деп ем-ау.

Үшеуі теңізді жағалап ұзақ жүрді.

Жомарт Жорабекович әбден қызынып
алған, есіп келеді. Өмірбаянын шәйіге
орағандай ғып, түп-түгел ай- тып
шықты. Әсемді де әлденеше мақтап өтті. Бір кездері Нұртасқа жалт
қарап:

 

-        Өзің
қай кызметтесің?- деген.

-        Біздікі
майда-шүйде тірлік-дағы, - деді Нұртас.
- Қазір бар қызық ғылымға көшкен
тәрізді. Сол қызықтан шеттеу
қалғаныма ылғи өкінем. Амал қанша, уақыт қайрылмайды екен, өтті де кетті.

-        Қой,
жерге қарап отырғандай, мұның
не?

-        Құр мәймөңкелеткенмен бола ма?

-        Алдымен
қызметіңді айтшы, - деді Жомарт Жорабекович бастырмалата.

-        Tic
дәрігерімін.

-        Мұнша кішіпейіл болармысың. Дәрігер
дегендерің...

-        Тісті
емдейміз, өзіңіз сияқты қимас кісілерге алтынның ең тазасынан тіс caп беретініміз де бар.

-        Еһ-һе,
- деді Жомарт Жорабекович. - Ойбай-ау, одан
артық не керек?

-        Қай-да-а!
Сіздей дүрдей ғалымдардың қасында етікші есебіндеміз
ғой. Әйтеуір, о баста ен тағып кәсіп қып қал- ғасын, қимайды екенсің.

-        Өйтіп
коңылтақсыма. Қоңылтақситын түгі жоқ.

-        Биылғы қабылдау емтиханына
қатысатын шығарсыз?- деді Нұртас тосыннан. - Сол институтта сіздей бір
ағамыздың бар екенін есітетінбіз.

-        Әй, қулар-ай, қайдан біліп
қоясыңдар?- деп Жомарт Жорабекович миығынан күлді. - Осы жұрт, жүдә, саққұлақ
боп алған. Қияндағыны қалт жібермейді!

-        Жаны құрғыр мұрын ұшына
келгенде қол ұшын беретін сіздей ағаны сырттай танып жүргеніміз артық па.

        Жомарт Жорабекович тіксініп
қалды. «Мына қуың тақымдап қоятын емес қой» деп ойлады. «Орағытады-ақ екен...». Іле-шала:

-        Жалпақ
шешей болатын жайымыз жоқ, - деді. Алдымызға талапты бала келсе, қуанамыз. Шикі бала келсе, құтылғанша асығамыз. Оны біреулер түсінеді, біреулер түсінбейді. Қабылдау емтиханына қатысу деген қиын іс боп тұр қазір. Қатыспасаң тағы болмайды.

-        Жөке,
сіздермен танысқаныма көптен-көп қуаныштымын.

 

XXX

 

         Ертеңінде олар пляжда
тағы жолықты. Жомарт Жорабекович жүзе білмейді - көбіне теңкиіп жағада жатады.

          Нұртас пен Әсем бірге шомылып жүрді.

           Қара көк теңіз -
жаңа ғана көктеген қыжым көрпе сияқты.
Шым-шым дірілдеп, шуақтап жатқандай. Тіпті судан
шыққың келмейді. Екеуі сонау айдыннан аһлап-уһлеп әзер жететін жуас толқындармен қақпақыл ойнап,
құшырлана кеп жүзеді. Жүзген
сайын ширыға түсетіндей. Екеуін де
әлгі бір тосын құмарлық
тіптен баурап алған. Уысынан шығарар
емес, біржола тістеп-қатып қалғандай.

          Бір мезет әлеуетті
қол өзін қаңбақ құрлы көрмей көтеріп әкеткенін Әсем алғашқыда сезбей де қалды.

-        Ал
енді құтылып көрші!

-        Қойыңыз,
ұят қой, - деді Әсем жағаға
жалт қарап.

-        Қорықпа,
әне күйеуің бетін сүлгімен бүркемелеп, әлдеқашан
ұйықтап қалған. Қазір
қор-қорға басып, быржып терлеп жатқан шығар.

-        Бұл қай сөзіңіз?

-        Бәс
тіксең де, быржып терлеп жатқаны анық. Оған несіне
шамдандың?

         Әсем не айтарын
білмеді - ызаға булығып, көзіне жас алды.
Енді оның құшағынан босануға
да дәрмені жоқтай, және бұлқынғанмен болмайтын сияқты. - Нұртастың білектері
темірдей қарысып қалған. Әлде өзінің бұлқынғысы келмей
ме?.. Солай-ау, тәрізі. Ол ол ма, тіптен буын-буыны қалтырап, құлап
кететіндей. «Не боп барады деп ойлады.
Сосын жағаға қайта көз салып еді, Жомарт Жорабекович баяғысынша тырп етпестен
жатыр екен. «Не деген бейқам адам»
деп күйінді. «Тұрса қайтеді?
Бір мезгіл жан-жағына қараса
қайтеді?».

           Әлгіде Әсем көзіне
жас алғанда сасқалақтап қалған Нұртас кенет қайтадан қапсыра құшақтап, келіншектің дір-дір қаққан ернінен сүйе берді, сүйе
берді.

-        Жеттім-ау,
әйтеуір, - дейді. - Арманыма жеттім-ау. Енді құтыла алмайсың. Қайтсең де құтыла алмайсың.

-        Болды
ғой, - деді Әсем әлсіз ғана. - Тал түсте. Өлім-ай!

-        Мына қыртпен өмірінді өксітіп
өткізбекпісің. Өйтіп қор болғанша... Күндіз шырақ алып іздесең де көзге ілікпейтін
мақауды қайдан тауып алдың?

-        Ұятсыз екенсіз!

-        Мейлі,
не десең, о де. Әйтеуір, нағыз періште - өзіңсің.
Тал бойыңда бір мін жоқ-ау, бір мін жоқ! Мына кескен томардай пәлеге қайдан тап болдың? Қап, алдап-сулап
қармағына түсірген ғой, кәрі қырт. Жүгіріп барып

алқымынан ала кетсем бе екен,
осы? Ала кетсем бар ма, ешкім қой
демейді. Жарайды, мені қойшы, өзің-ақ сазайын тартқызасың әлі. Құрысын бәрі, екеуіміздің көңіліміз жарасса - жетіп жатыр. Қисынын тауып
жиі-жиі кездесіп тұрсақ - қызығы таусылар ма оның.

-        Жетер
енді!

-        Жоқ,
әсте ажыраспа. Жүре берсін, сыртыңнан мәз боп.
Ішкенің - алдыңда, ішпегенің - артыңда! Одан артық не керек. Айында-жылында «барсың ба» деп қойсаң жетіп жатыр.

-        Сізге
дауа жоқ шығар.

          Сәлден кейін екеуі
ілініп-салынып жағаға шыққан. Жомарт
Жорабекович таяз жерде шолп-шолп шомылып жүрген балалардың жанына барып, қарнын
сипап тұр екен.

-        Әне Жөкеңді көрдің бе?- деді
Нұртас.

-        Табалауға-ақ тоймайды
екенсіз, - деген Әсем зілдене. - Несіне тіл безей бересіз?

-        Манадан бері бізге көз қиығын
да салған жоқ. - Кенет Нұртас: «Бекер болды-ау» деп ойлады. Жалбақтаған байғұсты
жерден алып, жерге салғаным не? Әсемге жақсы атты көріну үшін бе? Керісінше боп
жүрсе ше? Сабыр, сабыр, Нұреке! Бүйтіп тапырандай берсең, бәрін бүлдіріп алуың
оп-оңай. Тоқта, енді жұқалап қана жұғысып қарау керек. Ұрымтал тұстан шықпасына
кім кепіл. Ендеше, айда кеттік!».

Деді де, Нұртас сыбырға көшті:

-        Артық айтсам, кешір. Анау
көктемде жөндеп сөйлесе алмай, қапыда қалып ем. Адресіңді білмей қор
болдым ғой. Сол аялдамаға ертелі-кеш
талай бардым. Талай күттім. Үшті-күйлі
жоқ боп кеттің. Міне, ойда жоқта кезіктік.

Кезіккелі дегбірден айрылдым. Әрине,
әлгінің бәрінің ағаттық екенін білем.
Бірақ басқалай амалым жоқ. Сені өстіп
апақ-сапақта көріп жүрсем де - арманым болмас еді. Ендігі биліктің бәрін өзіңнен күтем. Әйтеуір, кеудеден
итермесең болғаны. Шарт кетпесең болғаны.

-        Қоя-ақ
қойыңыз, - деді. Әсем. Дейтіндейі де бар. Нұртастың соншалық аптыға айтқанының бірде-біреуі көңіліне қонбады. Әшейінгі
бос сөз секілді көрінген. Жаңа ғана
теңізде өзін қаңбақ құрлы
көрмей көтеріп әкеткен әлеуетті
жігіттің енді жатып кеп жалынғаны несі?

-        Ал,
әміріңе құлдық!

-        Жалынбасаңызшы.
Жалынып жақсы көріне алмайсыз. Дүниеде жалынғаннан жек көрерім жоқ.

-        Кеттім,
- деді Нұртас күлімсірей.
Әлгіндей емес, кәдуілгі көз үйренген
қалпы. Ойнақшып, әп десе, құшақтай
алатындай.

-        Ашуың
тарқағанша жасырына тұрайын.
- Айтпақшы, кешке концертке билет алып қойғам.

-        Билет
алсаңыз қайтейін. Алды-артына қарамай жүгіре
береді деп пе едіңіз. Тапқан екенсіз, жел айдаған қаңбақты.

-        Таптым.
Енді неғылсаң да өзің біл.

-        Сарнай
бермеңізші. Әбден мезі боп біттім.

         Бір кезде балп-балп
басып Жомарт Жорабекович келді. Келе
есінен тана есінеп алып:

-        Теңіздің
жағасы - жанның рахаты ғой. Тіпті қатып қалыппын, - деді. - Қалайсың, жаным! Шаршаған жоқпысың?

       Судың әлегі ме, басым сынып отырғаны, - дей
салғаң Әсем. Әйтпесе, өзін талай безер қылған күмілжіген әңгіме таусылатын
ба еді. Расында да дер кезінде тоқтатқан екен. Жомарт Жорабекович қайтып сөзге келместен үнсіз құмның үстіне құлай
кетті.

           Нұртастың манағы
«ендігі быржып жатқан шығар» дегені
есіне caп ете қалған Әсем:

-        Әлі
ұйқыңыз қанбаған ба?- деді сыздана.

-        Рахат
қой, - деді Жомарт Жорабекович. - Жұп-жұмсақ құмның үстінде жайбарақат жатқанға не
жетсін! Әлгі жәннат дейтін
осындай-ақ болар, тегі.

           Құлазыған көңіліне демеу
іздеген Әсем жан-жағына қарап еді - кең пляж әп-сәтте аузы-мұрнынан шыға толып
болған екен. Құмы ыстық, жағаға жақын орын іздеп жүргендер қаншама. «Мұның бәрі
қайда сияды?» деп ой-

лады. «Әрірек барса қайтеді. Адам деген қызық-ау».

 

          Әрі-беріден кейін қара көк
теңізден көз алмай тұрып «Қапелімде Нұртастың кетіп қалғаны-ай» деп кіріптарланған.
«Ренжіссекте іркілмей әңгімелесіп отыратын».

         Сосын лезде пыр-пырлап ұйқыға
кеткен Жомарт Жорабековичке қарап: «жаңағының бәрін көрмеген ғой» деп
күбірледі. «Көрсе де көрмегендей болды ма екен? Ұят-ай, енді қай бетіммен
қараймын?». Көзі жасаурап, еріндері дір-дір қаққан ол осы сәт арадағы
қылдырықтай жіптің үзіліп бара жатқанын айқын сезген еді. Сол-ақ екен, көптен
күпті көңіл онан сайын құлазып сала берді.

           Бір кезде Жомарт Жорабекович
басын көтерді.

-        Кешіргейсің, қара басып тағы
ұйықтап кетіппін. Білгіштер «теңіздің суы әлдилейді» деуші еді. Сол рас-ау, сірә.

-        Сіз кешіріңіз, - деді Әсем
кенеттен. - Осынша әлекке салғаныма.

-        Неғылған әлек, жаным-ау, мұның
бәрі мен үшін қуаныш. Тек қана қуаныш!

-        Мұндай болатынын білсем,
баяғыда-ақ...

-        Жаным-ау,
қарадай таусыла бермеші. Асықпашы. Асыққасын
береке кетті дей бер.

-        Асығып
тұрған кім бар. Жорта
сөйлегенді қашан қоясыз осы.

-        Ал,
әйтпесе. Қойдық. Түсің бұзылып
кетіпті. Әлгі Нұртас қу ренжіткеннен сау ма?

          Әсем өз-өзін әрең ұстады.
Енді болмаса іштегі запыранды төге салғалы тұр. Төге салса - Жомарт Жорабекович
оңбай қалатындай. «Неғылам, қанша айтсаң да, бәрібір иығын тоса береді» деп
кіжінді.

           Шыдай алмаған соң, теңізге
қойып кетті. Құшырлана жүзіп жүр. Бір кезде айналасына көз салып еді, ешкім қалмапты.
«Жұрт түгел түстенуге
кеткен екен де» деп ойлады. «Қалай
байқамағанмын». Бойы тоңазып, елегізиін деді.
Сол мезет Нұртас тағы есіне
түсті. Өз-өзінен «манна қатты айттым
білем» деп күбірледі. «Нұртас,
Нұртас, қайдан ғана тап болып ең». Иә, оны алғаш
көрген сәтте-ақ Әсем бұрын-соңды
ұшыраспаған жұмбақ сезім қақпанына түскенін аңғармаған
екен-ау. Енді кеп оңай ғана құтылмақшы.
«Менің осы мүшкіл халімді дөп сезіп, одан сайын
ынтықтыра түспекші боп әдейі кетті ме екен» деп ойлады. «Өйткен
күнде де амалым жоқ қой».

Курорттан оралысымен олар жаңа пәтерге көшкен-тұғын.

 

XXXI

 

Сол таңертеңгілік Әсем үйде
жалғыз отырған. Телефон шыр ете қалды.

-        Иә!

-        Кім
екен бұ, ә?- деді арғы жақтан
біреу естілер- естілмес ғып.

-        Кім
керек еді?- деді Әсем жұлып
алғандай.

-        Әсембісің,
даусың өзгеріп кетіпті ғой, амансың ба? - деді арғы жақтан.

 

-        Сәлеметсіз...

-        Баяғы
Нұртас ғой. Ұмытқан жоқпысың? - Әсем селк ете қалды.

-        Heгe үндемейсің?- деді арғы жақтан
асығыстап. - Есіңде ме, Нұртаспын!

-        Иә!

-        Неғып
үндемей қалдың? Бірдеме десейші.

-        Сәлеметсіз
бе?!

-        Міне,
енді жөнге келдің. Ақыры, таптым-ау!

-        Ал,
жарайды. Сау болыңыз, - деді Әсем. Жүрегі атша
тулап, зорға айтты.

-        Саған
не болған бұл? Немене,
Алматыға келген соң іздеріңнен
жаңылыстырып кеткендерің.

-        Жаңа
пәтерге көшіп, - деді Әсем даусы дірілдеп. Курорттан қайтқан соң «оған ендігәрі жолықпаспын» деп түйген. Содан
бері талай күн әуре-сарсаңмен өтті - көзден таса болғанмен, көңілден аластау
қазабат қиын екен. Сөйтіп, көңіл шіркін күпті боп жүргенде...

-        Жөкең қайда?- деді Нұртас
аптығып.

-        Институтқа кеткен.

         Сол-ақ екен, Нұртас тағы
сыбырға көшті.

-        Қазір жетем.

-        Жо-жоқ, - деп ыршып түсті
Әсем.

-        Қазір жетем, енді құтыла
алмайсың, - деді Нұртас. - Құтқармаймын.

-        Қалай-қалай сөйлейсіз?

-        Аяқ асты ашуланбасаңшы. Алдымен
тыңдасаң етті.

-        Ашуланған
кім бар.

-        Сағынғанымды
айтпа. Талай күн шарқ ұрып
іздеп, әрең таптым. Осыншама қатал
болармысың?

-        Әшейінгі
сыпайылықты сонша малданғаныңыз, - деді
Әсем түк таппаған соң.

-        Үзіліп
кет демесең, дәл қазір жолығуым керек.

-        Қойыңыз,
- деді Әсем әрең-әрең. Өйткені, Нұртасқа
оңашада кезіксе - қарсы тұра
алмайтынын біледі.

           Ендеше, кезікпеуі
керек. Иө, ешқашан кезікпеуі керек. Кезіксе-ақ...
Арғы жағын айтудың қажеті жоқ. Арғы жағы...

-        Үйіңнің
жанында тұрмын. Сені көрмей
кетпеймін.

-        Ал,
сау боп тұрыңыз.

-        Үйіңе
кіріп барсам қайтесің.

-        Жо-жоқ,
болмайды.

-        Бір
минутке шығып кетші. Өтінем. Көп ұстамаймын.
Бір-ақ минут!

-        Әурелемеңіз.
Әуреленбеңіз, - деді Әсем қатқылдау ғып.

-        Ендеше,
өзім барам, - деді Нұртас.

-        Жо-жоқ,
болмайды.

-        Ал,
кеттім.

         Сәлден соң дәліздегі
қоңырау безілдеп қоя берді. Ол есікті
қалай ашқанын сезбей де қалды. Нұртас
кіріп келді.

 

XXXII

     Әсем сілейіп әлі тұр, әлі тұр. Тұла
бойы дел-сал, түртіп қалсаң - үгітіліп кетердей. Бір тәуірі - Нұртастар көзден
де, көңілден де лезде ғайып болды. Әлгідегі дес бермес ашудың қайда кеткені
белгісіз. Әйтеуір, із-түзсіз жоғалыпты. Қызық, тілге тиек қылар түк қалмапты-ау,
түк қалмапты. Айнала түгел тып-типыл. Ұшы-қиырсыз мұздың үстінда тұрғандай
сезінді өзін. Аттап басса - сырғанап кете бермекші. Сонда қайда бармақ? Оны кім
білген? Әзірге аттап басқан жоқ. Аттап басуға шамасы да жоқ. Айттық қой,
түртіп қалсаң - үгітіліп
кетуі кәдік.

          Сөйтіп, мең-зең боп тұрғанда
Үрия есіне түсті. Көршідегі келіншек. Жаңа ғана осы үйден жирене шығып кеткен
келіншек! «Әйтеуір, сыр-сымбаттан кенде қалмаған» деп ойлады. «Тіпті нағыз сұлудың
өзі!».

         Деуі-ақ мұң екен, жүрегі
сыздап жүре берді. Лезде жан-дүниесі топан судай алай-түлей боп, көзіне жас
келді. Іле өрепкіп ала жөнелді:

- Жын қуды ма екен, отыра тұрса қайтеді, - деді. Даусы қатты шықты. -
«Үрия, Үрия», дегенге әбден масайрап алған. Шықтиместің өзі. Түк
көрмегендей бола қалуын қарашы.
Көрерміз, әлі, үндемегеннен үйдей пәле

шығады.

         Өрепкіп барып әрең
тоқтады. Тоқтаған бойы басылып қалды.
Әлі де Үрияның құлағын
шулатпақшы еді. Қолға ілігер түк
таппады. Әрі қазбалады, бері қазбалады, ештеңе шықпады...

         Келіп-келіп, әлгінің
бәрі қызғаныш екенін сезді. Соқыр қызғаныш. «Әйтпесе не?» деп ойлады. «Бір
келіншек Үриядай-ақ болсыншы. Білдей
балалар дәрігері. Асыл жар. Инабатты
көрші. Бәрінен де күйеуі, баласы үшеуінің тізіліп
көшеге шығатыны-ақ әдемі. Күлкілерін айтсайшы. Бір-біріне еркелегендерін
көрсең. Соларға қарайсың да, дүниеде
қайғы барын ұмытып кетесің. Ұмытпасыңа қоймайды. Әсіресе Үрияның әр сөзі, күйеуіне қиыла қарағаны,
баласымен әзілдескенін айтып жеткізу қиын. Тіпті мүмкін емес».

         Іле көз алды тұманданып, түк көрінбей кетті. Құлап бара жатқан сияқты. Шынымен-ақ, құлап бара жатыр екен, оң
жағындағы орындықтың
арқалығынан ұстай алды.Ұстай алды да, диванға сылқ түсті. Басы зілбатпан, көтертпей қойды. Соның өзінде тыншыр емес. «Бір-бірін қалай тауып қосылған»,
деп ойлайды. «Манағы екі сұмырайдың
көңілін қимай Үрияны қолқалағаным ұят болды-ау! Өзіме де обал
жоқ. Бүйткен күні құрсын».

               Сол отырғаннан
қызыл іңірге шейін тырп еткен жоқ. Таңертең
кеткеннен Жомарт Жорабекович те үшті-күйлі жоғалды.
Дембіл-дембіл телефон соғып жататын еді. Бүгін о да жоқ. Құлазыған
үйден қалай құтыларын
білмейді. Әбден әлек боп бітті.

              Сөйтіп отырғанда
есіктің қоңырауы безілдей жөнелген.

Орнынан ұшып тұрды. Үрия екен. Қуанып кетті.

-        Кел,
кел төрлет!

-        Әлгілерің
кетті ме?

-        Қаш-шан.

-        Қараңғы
үйде неғып отырсың. Біздікіне жүр. Шәй дайын.

 

-        Барсам,
барайыншы.

           Сол сәт Әсемнің
кірпігінен үзіліп түсіп жатқан ыстық тамшыларды
Үрия, әрине көрген жоқ.