ВЕРНУТЬСЯ

         Сәлеметсің бе?

         Жарты бетке
жетер-жетпес хатыңды алып, енді міне, жауап жазуға
отырдым. Сендердің амандықтарыңды біліп, үй-ішімізбен қуанып қалдық. Көптенгі өтінішімнің үдесінен шыққаныңа рахмет - балаларыңның суретін көріп,
өзіңмен жүздескендей болдым. Ендігі жерде Алматыға бір барып,
кішкентайларыңның бетінен сүюді
достық борышым деп білемін.

       Хатқа жазар жайлар да
жеткілікті. Саған керегі соның қайсысы, білмеймін. Осы жуырда жазғы демалысқа шығам ғой. Бірақ бұл жолы Алматыға
барудың реті келмес. Біздің үйде екі қарт кісі бар екені өзіңе бұрыннан аян. Әкемнің
ағасы Қарабұтақ жақта тұратын еді. Кемпірімен екеуі ғана,
перзент көрмеген кісілер. Қысқы каникул
кезінде әдейілеп барып, жай-күйлерін біліп қайтып ем. Кейін ойлана келе, көшіріп алғым келді. Қазір есікпе-есік отырмыз.

           Жасы келген
адамдардың күн санап қыңқыл-сыңқылы көбейе
береді екен - «белім» дейді, «шаншу қадалды» дейді, әйтеуір екі күннің бірінде төсек тартып жатып қалады, қолымнан
келгенше көңілдерін аулаған боламын.

         Әнеукүні бір әңгіме
үстінде көкем (әкемнің ағасы) «Сарыағаштың суы біздің сырқатымызға мыңда бір ем
екен» деп қалды. Кейін ауылдың
дәрігерлерімен ақылдасып көріп ем, олар да соған қосады. Енді қарияларымды
түгел сол курортқа апарып, емдетуге бел байлап отырмын. Қаражат жағы аздау
болып тұр. Бір амалын табам ғой.

         Биылғы оныншы класты
бітіретін оқушыларымыз шетінен мықты. Шәкірттеріңнің зерек, алғыр болғаны -
үлкен бақыт екен. Тегінде, ауылдағы балалардың көбі-ақ мектеп қабырғасынан
терең білім алып шығады. Бірақ оларға кезінде жөн сілтеу жағы жетісіңкіремейді.
Әйтпесе, «кей жасөспірімдер талаптанбайды» дегенге өз басым ешқашан сенген
емеспін. «Мұның бәрін неге жазып отыр» деп жазғырмассың. Кездескен күнде де
осындай әңгімелер айтатынымды білесің ғой - көңілде жүрген сырды сенен жасыра
алмаймын.

        Көп созып кеттім, білем.
Әлгілер (Егізбай, Рахым, Шекербек) хат жазып тұра ма? Маған үсті-үстіне
келіп жатады. Айтпақшы, «қашан үйленесің» депсің. Несіне көлгірси берем - ол жағына әзірге ұяттымын. Өз бойымда үміт, ықылас
жеткілікті. Арғы жағын көреміз де...

           Үй-ішіңе бізден көп-көп сәлем
айт. Мен үшін балаларыңның бетінен сүй! (Әйтпесе өкпелеймін).

           Амандықпен
жолығайық! Қабыл.

 

           Кешкілік. Сенбі
күннің көп күттірген кешкілігі. Бөлме іші
- қаракөлеңке. Рахым терезе
алдында тізесін құшақтап, темекі тартып отыр. Белгісіз біреулерді күтетін
тәрізді - әлсін-әлсін есік жаққа қарап қояды.

       Шекербек мана-ақ асығыс
шығып кеткен. Осындағы бір туысын
өлердей аңсап кеткен. Таңертеңнен-ақ «ыстық қамырға қол күйдіргенге не жетсін» деп тағат таппай жүрген. Ендігі
сыйлы табақтан ет жеп жатқан болар.

        Егізбай құмардан шыққанша бір шай
ішпекші-тін. Өзімізден ешбір
реті келмеді. Көрші жігіттердің дәу шайнегіне ортақтасты білем - жоқ қой. Қабыл
екі қолын тарақтай жастанып, шалқасынан түскен. Оңайлықпен икемге келмейтін
тікен шашы тіптен қобырап кетіпті. Бірақ ол казір ештеңені елер
емес. Маңқайып, бейғамсынып жатыр. He іздейтінін кім білген, әйтеуір, тас төбесінен көз айырмайды.

        Ішіндегі мақтасы түйір-түйір
жаман жастықты мыжғылап мен жатырмын. Басым - зіл-батпан. Еш көтертпейтіндей.

       Бір кезде сырттан
гитараның дың-дыңы естілді. Сым ішекті
еріне қаққан біреу - шіреніп тұрса
керек. Артынша-ақ радиола ойнады. Соңынан абыр-дабыр дауыстар шықты. «Әсте, бұл би кешінің хабаршысы шығар. Содан басқаның реті жоқ» деп ойладым.

         Жатақхананың
коменданты қала шетіндегі үйіне кеткен ғой. Әйтпесе, мұны ол болдырмас еді. Езуінен шылымы түспейтін
қатпа қара кемпірдің бұл
ортадағы ойын-сауыққа әманда жаны қас. Қыстың ұзақты кештерінде о кісіге
талай-талай жалынғанбыз. Қатты сөз айтқан да күндеріміз болған. «Ректорға барамыз» деп бопсалаған да күндеріміз болған. Бірақ еш иліккен емес.
Тас үйдің қабырғасы кетіліп, едені түсіп қалатындай - бет қаратпайды.

-        Қайтсін-ай!
Үлкен ауылдағы ойын-сауыққа қолы жетпеген
жазғандар өзді-өзін алдаусырата бастады ма? - Рахым шылымын сөндірді де, есік түбіндегі шелекке қарай бар пәрменімен лақтырып жіберді.

 

-        Комендант
кемпір қонып қалғанда ғой, бұ
да жоқ еді бізге, - дедім.

-        Шам
жағыңдаршы, - деді Қабыл әнтек
басын көтеріп.

-        Оны
қайтесің?

-        Кітап
оқимын.

-        Шықпаймыз
ба? - Рахым шылымын қайта тұтатты.

-        Биге
барамыз ба?

-        Енді
қайтеміз. - Рахым орнынан тұрды. Жеңіл-желпі  киініп, бөлмеден шықтық.
Екеуіміз-ақ. Қабыл қалып қойған.

          Жұрт әдеттегіден көп жиналыпты, аядай
вестибюльдің аузы-мұрнынан шығады. Әйткенмен, әзір ешкім серпіліп кете қоймаған екен. Төрдегі сықырлауық диван бос тұр. Қыздар
отыруға именген ғой. Жігіттер шалбарының қырын
сындырғысы келмеген. Бізге не? Біз қисая-қисая кеттік.

          Қолдан-қолға көшіп,
қиюы кеткен ағаш сандықтай салдырап
қалған радиола алғашқыда көп күркілдеді. Айналдырып қоймаған соң, бір кездері «әу» деген. Сол-ақ екен, көпшілік екеу-екеу биге қосылды.
Байқап отырсақ, олардың арасында бір-бірін тауып қосылғандары да бар. Адасып жүріп, амалсыздан қосылғандары
да бар. Тауып қосылғандары жайраң қағады. Адасып қосылғандары «би қашан
бітедімен» жүр.

         Қарадай ерігіп,
әркімге бір көз тастап отырғанда Мәлике ұшыраса кетгі. Қынама бел, қысқа көйлек киген екен. Тізесінен сәл жоғары тұр. Аяғында биік өкше ақ туфли. Би әуеніне әбден ұйып қалған. Сол сәт тап болған жігіті - сөкет арық екен. Маңдайы қыртыс-қыртыс.
Бірақ қасы қалың. Аққұба. Әлсін-әлсін езу тартқаны - қылымсыған
қыздың күлкісіндей көрінді маған. Вальс ырғағымен дөңгелене жөнелгенде, басы бұлғаң-бұлғаң
етеді. Ол аз

дегендей, әлсін-әлсін көзін қыса береді. Бірақ оның
бәрін елеп жатқан Мәлике жоқ. Әсте
көптенгі сырмінез танысы болар-ау, сыбыр-сыбыр әңгімелері «сіз-бізден» әрірек кетіп қалғанға ұқсайды.

-        Немене,
сұқтанып отырғаның, - дейді
Рахым бүйірімнен түртіп қалып.

-        Әне
бір қыз...

-        Осы
бір жаман әдетің-ай, сенің. Жанында жігіт жүрген қызды көрсең-ақ, дегбірден
айрыласың.

-        Қызық
қой.

-        Ашуы
қатты біреу тап болса, көрер едім сол қызықты. Тоқтай тұршы, ол қызды... -
Мәликемен алғаш танысқанымыз есіме түсті...

         ...Бір күні
таңертеңгілік жатақхананың астындағы жайдақ асханаға барсақ, кезек күткендер
керемет көп екен. Аш кетуге
болмайды, алты сағат лекция бар. Амал жоқ, тұра қалдық. Әлі тұрмыз, әлі тұрмыз.
Алдымыздағы жұрт жылжымай-ақ қойды. Кешіккен сайын Қабылдың қабағы түсіп
барады. «Кешігетін болдық. Мана-ақ кете бергенде болатын еді, сен
де бір...».

         Тамақ беретін терезеге енді қол
созбақшы болып тұрғанымызда
осы қыз жетіп келген. «Бізге де ала шығыңдаршы», - дейді. Қабыл оған бұрылған жоқ. Бар болғаны:

-        Кезекке
тұрыңдар, - деп тоңқ ете
қалды. Бірақ оны қыз қаперіне де
алмады. Маған үнсіз қағазын ұстатты
да, кербез басып кете барды. Қабыл
қабағына қар жауардай тас түйіліп,
теріс қарап тұр. Бір кезде
шыдамады білем:

-        Немене?
- деді.

-        Сені
жын ұрған ба? Жөн-жосықсыз бұрқылдайсың кеп, - деймін қысылып. - Нең кетеді? Екі тостақ сорпа екен. Ала шығайық. Қыздарға соншалық
аларасың - ұят емес пе?

-        Әбден
жаман үйренген. Жырқ-жырқ күліп, жылыстай береді, - дейді ол.

-        Әйтеуір
сенікі жөн емес.

-        Мейлі.
Сол қызсыз-ақ таңым атып, тауығым шақырып жүрген.

-        Жарайды
енді.

         Ақыры алып шықтық.
Бір тәуірі - қыздар орын сайлап, столдың үстін сүртіп, қасық-шанышқыларды тап-тұйнақтай әзірлеп қойған екен.
Сарт-сұрт - төртеуіміз төрт жақтан отыра қалдық.

      Қабыл ештеңеге қарайтын
емес, апыл-ғұпыл асап жатыр.

-        Сіз
әсте, кешіріңіз. Осыншама бүлінетініңізді білгенде,
тіптен тілек етпейтін едік, - деген осы Мәлике аз үнсіздіктен соң.

-        Кім
ашуланды? Сізге солай көрінген шығар, - деп жуып-шайып
жатырмын. Деп жатқаным құрысын,
Қабыл тағы дүрсе қоя берді.

-        Несіне
жалпақтайсың, - дейді ол. - Рақмет айтудың орнына ренжиді. Бұлардан не үміт, не қайыр.

-        Таңның
атқаны жаңа ғой. Ашуыңызды басыңыз. Кешке дейін көп бар әлі, - деп Мәлике езу тартқандай болды. Қасындағы
қызда үн жоқ. Төмен қараған күйі дәу тарелкедегі
үйме макаронды бейқам шұқылап
отыр.

-        Менімен
қайтып кездеспейтініңізге күмәнданбай-ақ қойыңыз. Қиналмаңыз, - деді Қабыл
алдындағы табағын епетейсіз ысырып тастап.

-        Жоқ.
Енді айрылмаймын. Құтыла
алмайсыз. - Мәлике әлі күліп отыр.

-        Ғашық
болып өлгелі жүр едім, өзің кеп мойныма асылдың
ғой...

-        Әй,
саған не болған, - деймін оның жеңінен тартқылап. - Қызбен салғыласып. Ұятты-дағы.

-        Мен
үшін қонаққа шақырып, кейін аяғына жығылып кешірім сұрарсың, - дейді ол міз бақпастан.

        He күлерімді, не ашуланарымды
білмеймін. - «Осыншалыққа баратындай ештеңе жоқ еді. Кезекте көп тұрып қалғанымыз
ба? Жұрттың бәрі де тұрған. Бейтаныс қыздың жайраңдап келіп, өзімсіне өтінгені
ме? Құрбылас адамға оның несі айып? Біз болмасақ та басқа біреулерге тілек артар
еді ғой...».

         Қабылдың түйеден түскендей
қойып қалатыны - бұрыннан бар. Оның оқта-тектегі осылай жолдың жиегіне шығып
кететініне де әбден үйренгенбіз. Бірақ аяқ астынан мынадай бүлінгенін әлі күнге
көрмегем-тұғым.

         Тамақты апыл-ғүпыл ішкен
болдық.

-        Рақмет, сау болыңыздар, - деп
қыздар бұрылып барады.

-        Оу, ең болмаса танысып
қалайық та, - деппін сасқанымнан.

-        Мәлике! - деді ол. Қасындағы
қыз естілер-естілмес бірдеңе деп күңк ете қалған.

           Олар көзден
тасаланын кеткен соң Қабыл:

-        Нең
бар атын сұрап, - дейді.

-        Сен
қызықсың, - деймін мен күйіп-пісіп. - Әп-әдемі қыздар. Бір рет өтініш айтқан екен. Несіне бұлдандың?

         Ол түйіле кеп
қарайды.

-        Осы
қыз көрсең - дегбіріңнен адасып қалатының не?
Беталды жалпақтай бересің.

-        Сеніңше
теріс қарап кетуім керек пе?

         Әлі түйіле қарап тұр.

-        Жоқ,
сен теріс қарап кетпе. Бірақ көлденең өткен қызыл
орамалдың бәріне жалпақтай
бергеніңді қой.

-        Жаңағымыз
- жалпақтау ма?

-        Енді
немене, одан артық аяғына жығылмақпысың? Менің үнсіз қалғанымды құба-құп көрді ме, ол да әрі қарай қазбаламады.

          ...Енді міне, сол Мәлике
аққұба арық жігітпен жарқын-жарқын сөйлесіп, дөңгелене билеп жүр.

        Байқаймын, дәп қазір Мәлике
ешкімді елер емес. Қарсы алдына барып, көлденең тұра қалсаң да - қарамастай-ау.
Жігіт әңгімесіне ерен ықылас қойып, ұйып қалған. Ара-арасында жаңа ноқталаған
ботадай дембіл-дембіл көзін төңкеріп тастайды. Оның әдемі ақ саусақтары көтерем
қозының жон арқасындай әлсіз қылтиған жігіттің иығында манадан бері алаңсыз
жатыр. Кей сәттер елпілдеген еріндер айқаса кетердей келіп-ақ қалады. Ол кезде
орнымнан қарғып тұра жаздаймын.

        Алғаш көрген әзірдегі беймаза
байлам бірте-бірте бекіп келеді. Бұлар әлгі тауып қосылғандар болса керек. Әйткенмен,
көңіл түкпіріндегі белгісіз бір ілкі үміт ілбіп болмаған соң екі-үш рет
мойнымды созып едім, қарай қойған жоқ. Кім білсін, әдейі-ақ бұрылмай жүр ме?
Жоқ, шынымен көрмегені ме? Тұла бойымды түгел ащы діріл билеп, бір орында отыра
алар емеспін - «бұл қалай болды? Маналы бері көз алмай қадалып отырғанда
Мәликенің ең болмаса, бас изеп амандаспағанына қорланып-ақ қалғаным ба?..».

          Сол екі ортада Рахым, шашы
жалбыраған бір сары қызды биге шақырды. «Е жазған, шашы ақшыл, балтыры тоқ сары
қыздарды айтсаңшы» деп жүретін еді, тапқан екен де».

        Енді тіптен қиын болды,
жынынан айрылған бақсыдай жан-жағыма алақтап, жалғыз қалдым. Мәликелер
дәл алдымнан шыр көбелек айналып бір

өтті. Шыр көбелек айналып екі
өтті - қарайтын емес. Көрмеді деуге
болмайды. Диван біреу. Вестибюльге жиналғандардың ішінде сол диванда отырған да
жалғыз менмін.

          Енді бұлай елеусіз қала беруге болмайтын еді.
Неде болса, Қабылды шақырғым келді.
Онсыз Мәликемен амандасуға бір түрлі қысылатын сияқтымын.
Бір түрлі қорқатын сияқтымын - «мына
қорлықтан бір арашала-

са, сол арашалайды».

          Артынша тағы ойға
қаламын - «қой, қалың жұрттың көзінше әнеукүнгідей бәрін бүлдіріп жүрсе
ше? Манағы жатысы жаман еді».

         Әрі-сәрі отырғанымда,
Мәликелер тап алдыма келіп қапты.
Басы бұлғақтаған арық жігіт:
«Мына біреу неғып отыр, бізге қарай
береді» деп үшкір иегімен мені көрсетеді. Оған Мәлике сылк-сылқ күледі. Орнымнан қарғып тұрыппын.

         Бөлмеге кірсем, Қабыл
кереуетінің үстінде малдас құрып отыр екен. Дәу кітапты өңгеріп алған.
Езуінде - темекі.

-        Тез
киін!

-        Ие,
- дейді ол. - He боп қалды?

-        Киінсеңші!

-        Басты
ауыртпашы, - дейді ол салқын сөйлеп. - Онан
да анау сіріңкеге қол жалғап жібер.

         Тағы бірдеңе десем,
тонқ ете қалмақшы. Демеуге де болмай
тұр.

-        Ау,
киінсеңші.

-        Қайда
барамыз? - дейді ол маған бажырая қарап.

-        Биге.

-        Бір
үйден қарлы қара таудай екеуің шықтыңдар ғой, жетеді-дағы.

-        Екеу
емеспіз, үшеуміз, - деймін. Қабыл басын көтеріп
алады. Сонсоң тесіле қарайды. Жүзінде екі талай күдік бар сияқты. Күлмекші ме, жоқ әлде қабак түймекші ме, оны ажырату қиын. Әлден уақыттан
кейін:

-        Тағы
кім? - дейді ол.

-        Егізбай...

-        Кетші
әрі, - дейді Қабыл оқыстан.

        Оның «кетші әрі»
дейтіндейі де бар. Егізбай биллей білмейтін,
оған жалғанда қызығып та көрген жан емес. Бармайды да, көрмейді де. Талай-талай жалынғанбыз. Талай-талай
сүйрелегенбіз. Бірақ ол осы уақытқа дейін бір көнген емес.

-        Сенбейсің бе? - деймін.

-        Кетші әрі.

-        Қызып алған. Ештеңені
елер емес. Қыздардың аяғын аямай-ақ
таптап жүр.

-        Шының
ба?

-        Сенбесең,
жүрсеңші.

-        Алдасаң
бар ғой, таяқ жейсің. Айтпады деме. Мықтап таяқ жейсің.

-        Өй,
өзің барамысың?

-        Қазір,
киінейін. Алдасаң бар ғой...

-        Егізбайдың,
бүгінгі биін көрмесең - бұл
жалғаннан арманда кеттім дей бер.

-        Алдасаң
бар ғой, айтпады деме. Мықтап...

-        Ал,
кеттік.

          Тіке тартып,
сықырлауық диванға кеп отырдық. Қабылға қарауға шама жоқ. Toп ішінен Мәликені іздеймін.
Тезірек таппақшымын. Тезірек табу керек. Әйтпесе,
болмайды.

         Асыққанда көз
алдындағыны да көрмейді екенсің. Әлі қарап
отырмын, әлі қарап отырмын - әлгі екеуі таптыратын емес. Менің қарадай әлекке
түскенімді қайтсін, бір жақтан:

-        Кәне?
- дейді Қабыл тақақтап.

-        Осы
жаңа ғана жүрген...

-        Сендер
неге ерігесіңдер, - дейді ол
енді бірден ренішке ойысып. - Адам
сияқты жүретін күндерің бола ма?

        Қабағы жауар күндей
түнеріп кеткен. Жүзі күрең тapтып, еріндері дір-дір етеді. Сәл
болмаса қолын бір-ақ сілтеп, тұрып кетпекші. Тұрып кетсе - қайрылмайтынын жақсы білемін.
Сол мезет арғы бұрыштан шыр
көбелек айналып, Мәликелер шыға келді. Арық жігіттің маңдайы жіпсіпті. Шалқасынан қайырған ұзын шашы самайына түсіп кеткен. Ол бізге бір қарап өтті. Қыз көз қиығын да салған жоқ. Мәликенің қарамағаны
қамшы болды-ау:

-        Ана
қызды танимысың? - дедім.

-        Қайсы?
- деді ол зілденіп. Қабылдың дүрсе қоя бермей,
«қайсы» дегеніне тік жарға жабысып тұрған кісінің табан астынан
тіреу тапқанындай қуанып қалдым.

-        Қынама
бел, қысқа көк көйлектісі.

-        Қайсы?
- Қабылдың қайталап сұрағанына
таңданғанымды жасыра алмай:

-        Жөндеп
қарасаңшы. Сұр костюмді, аққұба жігітпен билеп жүр ғой, - деп бастырмалата жөнелдім.

-        Е,
мынау ма еді. Әнеукүнгі асханада кездескен көкбет долыны айтып отыр екенсің ғой. Бәсе, саған оңған кісі тап бола ма?

-        Ұмытпағаның жақсы болған.

-        Әй,
қойшы, соны. Тарих факультетінде оқитын көрінеді.
Бізден бір курс жоғары.

        Қабылдан көз алмай
қадалып қалыппын. «Не дейді өзі? Қыз атаулыдан қырық қадам қашық жүретіні қайда бұның? Мұндағы жұрт
Мәликеге сырттай тамсанып отырса, ол бәрін күні бұрын біліп алған!».

-        Оны қайдан білесің?

        «Өй, мынау қайтеді» дегендей
Қабыл маған мысқылдай қарайды.

-        Шекербек айтқан.

-        Жолыққансыңдар ғой?..

-        Жолықса қайтеді?

-        «Көкбет
долыдан» қорықпағаныңды айтам да.

         Қабыл кеңк-кеңк
күледі.

-        Ау,
батыр, абыржымай-ақ қой. Әнеукүні сөзден-сөз шығып, асханадағы әңгімені Шекербекке айтқанмын. Ол қоя ма, түптеп сұрап, тынышымды алған соң сырттай бір көрсеткем...

-        Сосын?

-        Бұл айналадағы қыздың бәрін өзінше
түгендеп жүретін Шекербек ақыры
аты-жөнін біліп алыпты.

-        «Бізден
бір курс жоғары» дегені бекер болар. Екеуімізден жасы үлкен деп айту қиын.

-        Қимай отырсың ба?

-        Қарасайшы.

-        Үлкен болмауы да мүмкін. Сен
секілді екі жыл тесіліп шот қақпай-ақ мектептен тура тартқан шығар.

          Қабыл қызық-қызық сөйлейді.
Мәликені жақтырмай отыр ма, жоқ әлде мені жақтырмай отыр ма, ол жағына қанығу
қиын. Бірақ соған қалайда қаныққым келеді. Өйткені оның қызды «білем» дегені
маған қатты бататын тәрізді - «Мәликені құдайдай көріп отырсың. Біз оны
баяғыда-ақ біліп болғанбыз» деп Қабыл іштей мені кекеткендей. Әрі-беріден
соң шыдай алмасам керек:

      -    Сен өзің үндемей жүріп, - деппін.

-        Өй,
немене?

-        Тепсіне
бермей, сөз тыңда!

-        Ал,
тыңдадық.

-        Тыңдасаң,
мынаны айт! Әнеукүні ғой, оны қайтып көрместей
болып ең, енді келіп аты-жөніне қанығып алғанынды қалай түсінеміз?

-        Оны
Шекербектен сұра.

-        Өзің
айт!

-        Сандырағыңды
қойсаңшы.

-        Үндемегеннен
шығады.

-        Қойсаңшы,
- дедім ғой.

-        Қоймаймын.
Мен қазір Мәликені биге шақырамын.

-        Оны
менен неге сұайсың?

-        Сенен
ештеңе сұап тұғаным жоқ.

-        Енді
не?

-        Саған
ерегісіп шақырғалы тұмын.

-        Өйдейт,
батырың...

        Тіке тартып, Мәликенің жанына
жетіп бардым. Ол жарқылдай күліп,
қолын аққұба жігіттің иығына
наздана артып тұр екен. Мені байқаған жоқ. Мүмкін
байқағысы келмеген шығар. Бірақ кейін
қайтуға болмайтын еді. Артымда - Қабыл отыр.

-        Амандықта
боларсыз, Мәлике!

         Ол жалт қарады. Аққүба
жігіттің иығына алаңсыз құлаған
қолы сусып, төмен түсті. Әлі тесіле қарап тұр.

-        Шынымен-ақ
танымадыңыз ба?

-        Әнеукүні
асханада әлек-шелегімізді шығарған ұрысқақ
жігіттің жолдасы емессіз бе? - деді қыз.

-        Болсақ,
болған шығармыз.

         Аққүба жігіт сұқ саусағымен үшкір иегін ысқылап, мазасыздана бастады.

-        Heгe жалғыз жүрсіз?

-        Жалғыз
емеспін. Сізді сол ұрысқақ
жігітке ертіп барғалы келдім.

-        Шыныңыз
ба? Ойбай, айта көрмеңіз. Ниетіңізге рахмет. Одан да билейік. - Қыз бері бұрыла берді. Аққұба жігіт
сол орнында тұрып қалды.

         Билеп кеттік. Мәлике әлгіндегі алып-ұшқан күлкісінен ада болған. Сәл-сәл діріл қағатын тәрізді. Өз қатарымен аңдаусыз асыр салып жүріп, күндердің
күнінде, күтпеген жерде өзінің
бойжетіп қалғанын алғаш сезген қыз сияқты, ол әп-сәтте әбіржіп қалғандай. Бірақ осы минуттардан айрылғысы келмегендей сүйір
саусақтарын момақан бүгіп, менің
алақанымнан пана іздейді. Кей мезет төмен қарап,
жеңіл күрсінгенде көкірегімді жалын тарпып өткендей болады.

          Әлсін-әлсін Қабыл
жаққа ұрлана қарап қоямын. Ол да бізге ұрлана қарап отырған сияқты. «Мүмкін» емес. Өзіміздің Қабыл болса - оған бұл пәниде кітап пен темекіден
басқа қызықтың керегі жоқ. Үсті-үстіне тоқтаусыз шылым тартып, мәңгіріп құлағанша
кітап оқығаннан басқа рахатты ол білмейді. Тіптен білгісі де
келмейді».

         Дей тұрғанмен сол Қабыл сықырлауық диванды жалғыз иемденіп манадан отыр -
«Heгe кетпеді екен? Қанша уақыт өтті, шеткерірек шығып, шылым да
тартқан жоқ?..».

          Би біткен соң оның жанына келдік. Біз
жақындай бергенде, орнынан ұшып
тұрды. Ұшып тұрды да, алдымен амандасты.

-        Ашуыңыз
тарқады ма? - деді Мәлике. Өзі жаңағы әзірдегі
әбіржуінен тез арылған сияқты. Емін-еркін сөйледі.

           Қабыл үндемейді.
Күле береді. Оның көрер көзге дәрменсіздігі
мені іштей қайрап, тағат таптырар емес. Тағат таптырмаған соң, Мәликені
көңілдендірмекші болып:

-        Ол
күні ұйқысы қанбаған екен, -
деймін. Қыз менің әзілімді құптағансып болмашы бас изеді де,
«баяғы қыңыр сен бе едің» дегендей
енді оған тесіле көз тікті.

       Қабылда әлі үн жоқ.
Төмен қарап, күле береді. Бірге
отырып тамақ ішкен таңертеңгілікте Мәликеге жөндеп қарамаған екенмін. Қараған
да шығармын. Бірақ көзге ілінгеннің
бәрін көңілге түюге мұрша
келді ме? Қабылдың қиястығын
жуып-шаям деп жүргенде, қыздар кетіп
те қалған.

        Енді міне, оған
әлсін-әлсін қарап қоямын. Қараған сайын
Мәлике бірде алыстап, бірде жақындап, тербеліп тұрғандай.
Дөңгелек жүзі бал-бұл жанып,
көз алдыңа суға толы сырлы кесенің
түбіндегі жұмбақ өрнектің
дірілін әкеледі. Бетінің ұшындағы әп-әдемі қалы оған өзінше көрік
беріп тұр. Қой көздері әп
дегенде ұзын кірпіктердің көлеңкесінен ұрлана қарайды екен. Бірақ бұл көпке бармайды. Үйренісіп алған соң
бірде ұшқын шашып тұрады.

Енді бір сәттері қанша тіктеп қарағаныңмен де, оны бір орнынан таба алмайсың. Тапқан күннің
өзінде назды айбат шегіп, өзіңді көп әуреге түсіруге құштар сияқты.

        Қалың өрген қара шашын
төбесіне әдемілеп түйген. Өзі
толық болғанымен балтыры жуан емес. Жіңішке де емес. Жарасымды біткен балаң
қайың биікке қарай тақ түзу өріліп, балбырай көтерілмейтін бе еді. Соның нақ өзі.
Әрі-беріден соң ол қыздың әлгі толықтығын сырт көзден қатты жасыратын тәрізді.
Қыздың толықтығын жасыруға оның әлі әбден-ақ жететін тәрізді.

         Менің ұзақ сұқтана
қарағанымды байқап қалған екен:

-        Көзіңіз талған жоқ па? -
деді. Мәликенің мұны өзілдеп айтқанын, яки ренішпен айтқанын аңдай алмадым.
Аңдай алмаған соң қапелімде уәж айтудың да ретін таппадым.

-        He таптыңыз? - деді қыз тағы
да. Үнінен әзіл ұшқыны айқын аңғарылып тұр.

-        Керегімді таптым ғой.

-        Абайлаңыз, алтын деп
тапқаныңыз мыс болып жүрмесін.

-        Олай
болған күнде орнына қоя саламыз да.

        Мәликенің жүзі аяқ
астынан оңған шүберектей боп кетті. Сол бойда үнсіз төмен карап, ұзақ тұрып қалды. Манағы аққұба, арық
жігіт қызды іздеп келмеді.

        Мәлике де жаңа ғана
үйірсектене шүйіркелесіп тұрған адамын тез ұмытып кеткендей - ол жаққа көз
салған жоқ. «Жай танысы шығар» деп ойладым. «Бірақ Мәликенің көлденеңнен келген маған еріп
жүре бергені жөн емес-ау. Ең болмаса
бір ауыз сөзбен оның алдынан өту керек еді» - іштейгі ыңғайсыздықтан құтылмақ болып, әлгі жігітке
қарасам, басқа бір қызбен

шүйіркелесе билеп жүр екен. Бізді
әлдеқашан ұмытып кеткен тәрізді. Алып-ұшқан көңілім әп-сәтте орталанып қалғандай. «Одан Мәликені
сырттай қызғанғаным да қызық болды,
ә?!».

          Біз тағы билеп
кеттік. Қабыл сол бойы қала берген.

-        Тарих
факультетінде оқиды екенсіз ғой? - деймін Мәликеге,
үнсіз жүре беруді ыңғайсыз көріп.

          Ол жауап қатпады.

-        Бізден
бір курс жоғары көрінесіз?!

          Қыздың қолы иығымнан
төмен түсіп, көкірегіме кеп қалды.
Саусақтарының болар-болмас дірілі айқын сезіліп тұр. «Мұнысы менен алыстағысы келгені ме,
әлде еркелегені ме?».

-        Өздеріңіз
ше? - деді Мәлике әлден уақыттан соң.

-        Тіл-әдебиет
қой.

-        Жолдасыңыз
математик болар?

-        Жоқ,
екеуіміз бірге оқимыз. Бір бөлмеде тұрамыз.

-        Солай
ма?..

          Одан әрі вальстің
ырғағы жиілеп кетті де, сөйлеуге мұрша
келмей қалды.

          Қабылға қарап
қоямын. Әлсін-әлсін қос қолымен шашын
тарақтап, бізден көз алмай отыр.

          Би ырғағы сәл
бәсеңдеген кезде Мәлике:

-        Айтпақшы,
менің тарих факультетінен екенімді қайдан білдіңіздер, - деді.

-        Е,
ел іші емес пе?

-        Сонда
да?

-        Шыны
керек пе?

-        Әрине!

-        Сенің
әр адымыңды жіпке тізіп жүретін бір адам бар.

-        Кім
ол?

-        Жаңағы
жігіт.

          Мәлике маған таңдана
қарады. Қалтыраған кірпіктері «мазақ
ететін адамды тапқан екенсің» дегендей.

-        Осы
жасыма дейін қызға өтірік айтқан жан емен, - дедім әлгі сөзімді аяқтаған болып.

-        Мүмкін
емес.

-        Heгe? Алда-жалда сенбесеңіз, әне отыр ғой, өзінен сұрайық.

-        Оны
қойыңызшы, - дейді Мәлике селсоқ сөйлеп.

-        Сіздей
келісті жігіттердің қызға өтірік айтпайтынына сенбеймін.

          Мәликеге мазасыздана
көз тастаймын - «қызық екен өзі.
Бірді айтып, бірге кетеді. Жаңа тосырқай сөйлеп еді, енді кеп ренжиді. Сонда кімге өкпе артпақшы? Ортамызға Қабылды
тықпалаған маған ба? Жоқ, әлде...».

          Бірақ қыздың іштей толқуы ұзаққа
бармады. Келесі биде-ақ:

-        Жолдасыңыздың
мені сырттай танып жүргені қызық екен,
- дейді жайраң қағып.

-        Оның
қандай сөкеттігі бар?

-        Мені
қайтпекші, - дейді Мәлике әңгіме қызығына түсіп.

-        О
жағын білмеймін.

-        Мені
қайтпекші, - дейді тағы да.

* * *

 

        Түн ортасы ауып
кеткен. Бөлмеде Қабыл екеуіміз ғана. Рахым манағы шашы жалбыраған сары қызды шығарып салуға кеткен. Егізбай
күрең шайға қанып алып, оқу залында отырған болар.

         Қабыл келген бойда-ақ қолына
кітап алған. Темекіні құшырлана сорады. Шуда-шуда түтін төбемізде жөңкіп жүр. Көңіл
түкпірінде де шуда-шуда сырлар бар. Мәлике сыры. Таныстық сыры. Дәл қазір ол маған да, Қабылға да тыншым берер емес.

         Осы күнге дейін
Қабылдың қыз атаулыға емексігенін көрген
емеспін. Ал енді оның бүгінгі босандығы мені қатты таңырқатты. Соның сырын тезірек білгім келеді.

-        Сенің
жаңа Мәликемен билемегенің қалай? - деймін шыдай
алмаған соң.

-        Екеуің
армансыз биледіңдер. Сол бізге жетеді-дағы.

-        Бар
тапқаның - ыржаңдай бересің. Қыз сені «сойған түлкі сияқты біреу екен» деп
кеткен шығар.

-        Күлдірмейсіңдер ме енді?!

-        Бұрындары осы бәріміз жабылып жүріп
күлдіре алмаушы едік. Бүгін қойдыра алмай қысылғанымды өзің де байқаған шығарсың.

-        Қызықсың,
- дейді Қабыл.

-        Қысылмай-ақ
қой. Бәрі де алақандағыдай ап-айқын. Сұлу кыз көрсең болды, есіңнен танып қалады екенсің? Сенің мұндай
мықтылығыңды осы уақытқа
дейін білмеппіз. Сол өкінішті, -
деймін.

-        Ой,
шіркінін-ай!

-        Енді
қалай қашқалақтағаныңмен құтыла
алмайсың. Бірақ бүгін-ақ қызға
сыр алдырып қойдың. Соған қынжыламын. - Осының бәрін айтарын айтсам да іштей
қатты қысылатын сияқтымын. «Мәликеден кеш бойы көз ай-

ырмай жүргенде көңіл түкпіріне
дір-дір етіп ұялай қалған құпия бір сезім ұшқынын жасыру үшін әуреге түсіп отырғанымды Қабыл біліп қойса қайтем?».

-        Қысыр
сөзді жиып қойып, ұйқтасаңшы,
- дейді ол жайбарақат. - Таңертең
басыңа мұздай су құйып оятатыным есіңнен шықпаған
болар.

-        Менің
көзім ілінер-ау. Ал енді бүгінгі түн кірпік қақпай
шығатындардың біреуі - сенсің. Екіншісі...

-        Жарайды,
әзіл өз алдына. Мына кітапты тез оқып шығуым
керек. Сендер секілді көз жүгірткеннен көңілге тоқып алатын бас бізге бұйырмаған.

-        Сылтау
таптым десеңші.

-        Жоқ,
бұл сылтау емес, шыным!

-        Оны
білемін.

-        Білсең,
ұйықта. - Қабыл маған сынай
қарағандай. Әңгімені бұдан әрі
созғым келмеді. Өйткені Қабылдың маған құпия көз салғаны қауіпті еді.

        Үнсіз жатырмыз. Бірақ іштегі
толқу басылмаған сияқты.

II

        Сенбі күні түскі асты опера
театрының жанындағы кішкентай кафеден іштік. Одан шыққан соң біраз жүріп қалыппыз. Бір кезде сағатқа қарасақ, кіші
бесін кезі екен.

      Аяңдай басып жатақханаға
жеткенше, Қабыл екеуіміз-ақ қалдық. Жолай Рахым вокзалға бұрылған. Бір сыйлы жерлесін
күтіп алмақшы екен. Шекербек мана-ақ театрды маңайлап қалып қойған.
Ойын-сауықтан гөрі театрдың буфетіне баруды жақсы көретін, бір қызды
қолтықтайтын шығар бүгін...

       Егізбай дүкенге кетті.

       Таңертеңнен-ақ Қабылдың қабағы
бір жазылған жоқ. Әп деп қарағанда біреуге болмастай ашулы сияқты. Ал енді
ашулы дейін десең, кей мезет маған елден ерекше жәутеңдеп қарай береді. Бірдеңе
демекші-ау, бірақ соған

бата алмайтындай - «бүгін бұған не болды? Түсінсем бұйырмасын...».

         Енді міне,
екеуден-екеу қалдық. Бұл
сәтті құр жіберу - Қабыл көңіліндегі құпияның кілтіне қол созбағаным. Ол болмайтын шығар.

-        Сен
бүгін бәрімізге жұмбақ
көрінгеніңді сеземісің? - дедім дереу
жаңағы ойымның үдесінен шығып.

-        Жырқылдап
бір күлудің жолын таба алмай келесің бе?

-        Сұрақтан жалтарма. Ертерек жауапқа
көшкенің өзіңе жеңіл. - Айтарын
айтсам да, ойланып қалдым. - «Оны түртпектей
бергенде не табам? Сен осы кешелі бері неліктен
сөзуар болып кеттің» десе, қарсы қояр уәжім қайсы?».

-        Мені
осы қинамай, жайыма қалдырғаныңа ақы сұрайсың ба? - деді Қабыл менен бұрын мәмілеге көшіп.

-        Ал,
қойдық, - дедім өзім бастаған жайсыз әңгімеден оңай құтылғаныма
қуанып.

        Бөлмеге келгеннен
кейін де шүйіркелесіп кете алмадық. Тоң-торыс отыра-отыра іш пысып кетті. Түк
таппаған соң жатып қалғанмын. Қанша ұйқтағанымды білмеймін, біреудің қоймай жұлқылауымен әрең ояндым.

Көзімді ашсам - Қабыл төбемде
төніп тұр екен. Таңертеңгілік шығар деп ойласам
керек:

-        Тағы
кешіктік пе? - деппін. Ол үндемейді. Бір мезгіл жаныма отыра кетті. Отыра кетті де:

-        Дос,
- деді. - Бір жаққа барсақ қайтеді? - Қалт-құлт етіп тұрған
тоғанды тасқын судың біржола аударып тастағаны сияқты, Қабыл да іштегі құпия сырын ақтарып салғандай көрінді маған. Бірақ соны мойындағым келмейтіндей
- «ол жағын айтпаса екен».

           Қабылға бажырая
қарап қалыппын. Ол да менен көз алмай
тұр. Heгe үндемейсің? - Қабыл жалынғандай үн қатты.

-        Қай
жаққа? - дедім жұлып
алғандай.

-        Әйтеуір
бір жаққа.

-        Екеуіміз
бе?

-        Жоқ.

-        Енді
кіммен?

-        Дос,
сен әсте ренжіме. Анау Мәликені бір жаққа шақырсақ.

         Кешелі бері көңіл
зынданыма жасырып жүрген құпиямды
Қабыл оп-оңай суырып алды. Енді оны қайта орнына қоюдың қиындығын айқын сеземін.

         Қабыл маған
жалтақ-жалтақ қарай береді. Ол қараған сайын
берекем қашып барады. Үн қатуға шама жоқ. Үндемей қалуға тағы болмайды.

-        Дос,
сен әсте ренжіме, - дейді ол
сасқалақтап. Оның дауысы құлағыма еміс-еміс жетеді. «Қап,
жаңа оянбасам ғой» деймін іштей
күйініп. «Енді бармауға болмайды» - орнымнан
тұрып кеттім. Бөлме ішін
жайсыз қараңғылық басқандай. Әлде
менің көзіме солай көріне ме?

-        Дос,
сен ренжіме, - дейді Қабыл тағы да. Үнінде бір
жалыныш бар. Анау-мынауға қаратпайтын жалыныш.

        Амалсыздықтың жеткен
жері осы болса керек, аяқ астынан жалған жарқылдап, арзан әзілге бұрылып
кеткенімді сезбей де қалыппын.

-        Е,
солай де. Бәсе, әнеукүні ұрсуың
жаман еді.

-        Дос,
сен әсте ренжіме.

-        Heгe ренжимін?

-        Қиналма.
Қиналсаң - керегі жоқ, - деді ол естілер-естілмес. Оның әр сөзін бағып отырған маған бір болмашы
үміт ұшқыны қылаң бергендей
болды. Сол ұшқынды ұстап қалғым келіп:

-        Ау,
бір қызға екеуіміз сүйретіліп несіне барамыз. Белді бекем бу да, өзің тарта бер, - дедім.

-        Бөлмесін
білмеймін ғой. - Қабыл төмен қарап, күбір-күбір
етеді.

-        Үшінші
жатақхана. Он бесінші бөлме, - деймін, сәл
кідірсем ол айнып қалатындай асығыстап.

-        Дос,
сен ренжіме. Бұл жағына
еркіндеусің ғой. Бірге барайық-тағы.

         Ілбіп келеміз. Бір-бірімізден
іштей именетін тәріздіміз. Әлде ұяламыз ба? Оның қайсысы да оңай тиіп жатқан жоқ-ау. Бірақ мына ой көңілімнен кетпейді: «Менің де іштей Мәликеге ынтықтығымды Қабылдың
сезбеуі мүмкін емес. Сонда да ол өз
қалауынан қайтпады. Ал, мен неге оның
шашпауын көтеріп келем?».

         Қыз көп күттірген
жоқ. Сырмінез таныстарының бірі десе
керек, жайраң қағып шыға келді. Бірақ бізді көрді де, қалт тұра
қалды. Жарыса амандасып жатырмыз. Ол үнсіз
бас изеді - «ал, не айтасыңдар» деп тұрғаңдай.

-        Сізге
келіп едік. Бірер сағат қыдырып қайтсақ қайтеді?
- дедім арадағы ыңғайсыздыққа шыдай алмай.

-        Қайда
барамыз?

-        Сіз
киініп шыққанша ойлана тұрайық.

-        Қазір,
- деп Мәлике есікті жаба салды. «Бұ
да қызық екен» деп ойладым. «Ештеңеге
қарамастан еріп жүре бермекші».

           Қабыл жеңімнен
тартады.

-        Сен
оған қатты сөйлемеші!

        Оның қиыла айтқан осы
сөзі қамшымен осып жібергендей болды. Бірақ бұл жолы сыр білдіргенім жоқ.

          Мәлике - ортамызда.
Тартып отырып, «Алатау» кинотеатрына бардық. «Женщины» жүріп жатыр екен. Кассаға
келсек, емге билет жоқ.

        Қабыл мен Мәлике есік алдында тұрып қалды да, мен артық билеті барларды іздеуге кеттім. Аздан соң артыма қарасам, екеуі өзара әңгімеге көшкен
екен. Жалт бұрылдым.

        Қайтып қарауға батылым
бармады. Кинотеатрдан шыққан соң қыз үн-түнсіз екеуімізді де қолтықтап алды.
Сол-ақ екен, Қабыл мойын бұрып,
тіл қатуға шамасы келмей, сіресті де қалды. Тізесі де бүгілмейтін тәрізді.
Аяғын

дік-дік басады.

         Мәлике кісіні шым-шым
дірілдететін әлгі фильмдегі әнебір
әнді ыңылдап айтып келе жатыр - өзі манағы томсаруынан арылайын деген-ау!

Ерте шыққан екенбіз. Мана
түстенген кішкентай кафеге қайта келдік. Ығы-жығы кісі көп екен. Бір сағаттай кезек күттік. Күткеніміз бар
болсын, ішек жалғайтын жөндем тағам жоқ болып шықты. Дікектеген даяшы төніп
келіп:

-        Кешкілік тамақ ішуге ешкім
келмейді, - деді. - Күндіз болса бір сәрі. Бірдеңе-сірдеңе тауып беруге болар
еді, әрине...

           Даяшы келіншек үнсіз қалған бізге тесіле
көз тігіп тұрды-тұрды да, шыдамы таусылған болуы керек, бір мезет теріс айналып
кетті. Айтқаны - әлгі. Сәл кідірсек - сырғып жүре бермекші. Бір кетсе - жуық арада соқпай-

тыны бесенеден белгілі. Амал жоқ.
Құр ауыз шығу... Бәрінен бұрын Мәликеден ұят қой.
Содан, әйтеуір, бірдеңе деген болдық.

          Үшеулеп отырып, бір бөтелке
саумал шарапты зорға тауыстық-ау.

         Қабыл тіптен сызылып қалған. Сөз жоқ. Бар тапқаны - үсті-үстіне темекі тартады. Мәлике манадан-ақ ашық-жарқын, екеуімізді қатар қағытып, қатар мақтап,
көңілді отырды. Тек жатақханаға қайтарда:

-        Темекіні көп тартады екенсіз,
- деген Қабылға. Ренжіп айтқан жоқ. Наздана айтты. Оның бұл әдетін қыздың құп
алғаны ма, жоқ әлде жақтырмағаны ма, оны бажайлап аңғару қиын еді.

          Мәликені жатақханаға
жеткізіп салып, бөлмеге келгеннен кейін де екеуіміз бұрынғыдай шүйіркелесе
сөйлесіп кете алмадық. Әрі-бері отырған соң Қабыл темекі тартпақшы болған.
Бірақ шырпыны тұтата беріп тоқтап қалған.

-        Осыны қою керек шығар...

         Ойыма мана Мәлике айтқан сөз
caп ете түсті. - «Темекіні көп тартады екенсіз...». Еріксіз күліп
жібердім.

-        Мәлике ертең тамақ ішпе десе,
аш жүретін шығарсың сен? - Ал кеп күлейін, ал кеп күлейін. Өзімді-өзім тоқтата
алар емеспін.

         Мұның бәріне Қабыл мыңқ
еткен жоқ. Үнсіз отыр. Ашуланғанын іштей күтіп едім. Болмады. Енді күлкі
де жайына қалды. Сәлден соң ол:

-        Бір
сыр айтайын, тыңдайсың ба? - деді. - Жата қап тағы күлуің мүмкін.

-        ?!

-        Әзір
шыдай тұр, аяғына жеткеннен
кейін көрерсің...

-        Айтсаңшы
енді.

          Кейінгі кездері
арагідік қыздар туралы толғанғанда «менің
жарым осындай болса екен» деп жоқ біреудің ойша суретін елестететінмін. Оның бет-пішіні, бой-тұлғасы - бәрі-бәрі көз алдыма тұратын.
Сонсоң ол қызды жиі-жиі түсімде
көретінмін. Енді мына қызықты қара - әлгі ойша тауып алған адамымнан Мәлике мысқал айнымайды. Әнеукүні асханада алғаш көргенімде
селк ете қалдым.

           Шынымды айтсам, сонда
қорыққан сияқтымын. Жоқ жерде
ашуланғаным да содан болса керек. Кейін қаншалықты өкінгенімді сөзбен жеткізу
қиын.

-        Осының
бәрін шын айтып отырсың ба? - Қабылдың о бастан әзілге жоқ екенін білемін,
бірақ Мәликенің бірте-бірте менен
алыстап бара жатқанына көнгім келмейді.

-        Сенбейсің
бе?

         Кешелі-бері тағат
таппай жүргеніңді толық түсіне алмай қойып едім. Енді...

-        Қабыл
досың осылай тәуекелмен белді буып тұр.

-        Оның
несі айып?

-        Өмір
деген қызық, ә-ә! - дейді Қабыл күрсініп.

         Екеуіміздің
кереуетіміз қатар. Арада жалғыз тумбочка бар.
Түн ортасы ауып кеткенде жатқанбыз. Бірақ көз ілінбей қойды. Ендігі таң бозарып қалған шығар.

           Бір кезде Қабыл жанындағы
тумбочканың үстін асығыс
қармана бастады. Артынша шырпының жыртық жалыны жалп ете қалды. Жалт қарадым.
Оның да көзі менде екен. Қолы дірілдеп, шылымын тұтата алсайшы енді.

-        Бүгін
менен ұйқы безіп кетті, -
дейді ол.

         Тіл қатқаным жоқ.
«Қабылдың енді көзі ілінсе түс көретін
шығар» деп ойлаймын. «Түсінде тағы Мәликені көрер...».
Шыдай алмады білем:

-        Осы
қазір не ойлап жатырсың? - дейді тағы да.

         Өзі қарадай қуыстанып, айыпты
адамдай кішірейіп сөйлейді.

         Қапелімде оған жауап
қайтара қоярлық жағдайда емес тұғым. He деймін? Үндемедім.

-        Сен
ренжіме, - дейді ол қипақтап. - Әлі-ақ Мәликедей бір жақсы қыз кездеседі.

-        Ренжіп
жатқан ешкім жоқ, - дедім жарықшақтана. Өстіп қаттырақ сөйлеп, қайтарып тастамасам, соңымнан қалатын емес. - Ең
болмаса бір сәт көзімізді іліндіріп алайықшы. Сенің ұйқың келмесе, маған мұрсат
бер.

-        Таң атып қалды. Несіне ұйықтайсың?
- дейді ол. Сонсоң жастықтан басын әнтек көтеріп алып: «Оқуын бітіруге жақын
қалғандардың бәрі үйленіп жатыр. Былай ойлап карасаң студенттік бес жыл -
керемет уақыт-ау. Адам өмірінің көп бастаулары осы жылдарда өріс алатын сияқты.
Ендеше, оны қалай ғана ұмытарсың...» - дейді.

-        Жарайды. Ұйқтайықшы, -
деймін. Сондағы ойым - «түс көрсем, түсімде Мәликені көрсем!». Бірақ енді көз
іліндірудің қиын екенін білем. Оның үстіне Мәлике де менен көп алыстап
кеткендей. Енді қарайламайтындай. Түк таппаған соң Қабылға қараппын. Ол
рақаттана темекіні бұрқыратып
жатыр екен. Үндемей қалуға болмады.

-        Түсіңде көріп жүрген кызға Мәлике
шынымен-ақ ұқсай ма?

-        Түу,
сенбейсің бе! Дәп өзі.

-        Мұндай да болады екен-ау! Кейбіреу
оны ертек дер еді.

-        Е,
мейлі, айта берсін. Өзім сенемін. Сол жетеді.

         Осы сәт оның жүзін
көргім келеді - «бүгін қалай сөзшең
болып кетті әзі?! Оны мұншалықты
осал деп кім ойлаған?! Бірақ
бұл осалдық па екен? Мүмкін, мықтылығы шығар. Болса, болар. Өйткені ештеңеге
қарайлайтын емес қой».

III

        Бұл күнде Қабыл бұрынғыдай емес, көп сынып қалған. Сонау кез
зәудемдегі біздің жөн айтқан
сөзіміздің өзіне құлақ аспай, кері тартатын ол, қазір жұрттың бәріне жөнді-жөнсіз елпектей беретін болған.
Суқаны сүймейтін Шекербектің өзіне
жақын қарап, жылы жұғысады.
Дәйім бірдеңеден сезіктеніп, дәйім бірдеңеден
ұялшақтап жүреді.

         Егізбай оны күніне
дүкенге үш рет жұмсаса да,
жоқ демейді. Көбіне-көп шай
қайнататын да сол!

        Бір кештерде мені
оңаша шығарып алып:

-        Жүрсеңші,
- дейтіні бар оның.

-        Ау,
жол болсын!

-        Жүрсеңші,
енді.

-        Қайда?
Барып қайтайық та, - дейді Қабыл.

-        Өзің
ше?

-        Бірге
жүрейік те, - дейді ол. Жай айтпайды. Бір түрлі
қиылып айтады.

Бүйтіп жалынғанша, баяғыдағыдай
батыра сөйлесең, тезірек барам ғой.

-        Қайтесің,
- дейді ол тағы да. Жөн айтпайды, киылып айтады.

-        Саған
сөз өтпейді екен... - Оның кейінгі кездері сөкет
жұмсарып қалғаны маған
көбіне-көп ұнамайды. Мәликенің алдында күле бергені де ұнамайды.
Қабыл қыздарға жоғарғы баспалдақтарда тұрып қарайтын әлгі

кердең мінезінен айрылып барады.
Одан айрылғасын-ақ біз үйренген Қабыл
болудан бірте-бірте қалып барады. Маған
сол батады. Қатты батады. Сол үшін де кейде Мәликені
жақтырмаймын. Жақтырмай қалған кездерімде о
қызды мүлдем ұмытқым келеді.
Бірақ оған бола ма? Болмайды, әрине.
Болмаған соң Қабылға кеп шүйлігем.

           Өз бойымнан
таппаған мықтылықты содан іздейтін сияқтымын-ау:

-        Буыны
қатпаған баладай былқ-сылқ ете бермей мығым ұстансаңшы.

-        Қойсаңшы,
- дейді ол жайбарақат. Мен онан сайын өршелене түсем. Өйткені ол кез
Шекербектен естіген кей «нақыл
сөздер» тілімнің ұшында тұрады. Оны енді қалай іркіп қаларсың. Айтасың, әрине:

-        Тізгін
өзіңде болу керек. Тізгінді ұста
да, қарысып қал. Тізгінді ұстау - еркектің еншісі! - Бүйтіп
айтқаным бар болсын, Қабыл тағы да
ыржалақтап күле береді.

IV

           Көп ұзамай бізді бір таныс жігіт тойына
шақырды. Алтауымыз да баратын болдық.
Біз бесеуміз. Сонсоң - Мәлике.
Мәликені шақырған, әрине, Қабыл. Бір өзі емес, екеулеп шақырғанбыз. Қыз нық келіскен-тұғын.

          Сол-ақ екен,
Қабылдан мүлдем дегбір кетті. Ертелі-кеш тынбайтын болды. Ұйқыдан күдер үзгендей түн баласына оқу
залынан шықпайды - көбіне кітап оқиды, кей
кездері үн-түнсіз ойланып отырғаны.

           Кезекті стипендиясы
қолға тиісімен ол екі қүты одеколон сатып алған. Иіссабынға да қарық болып
қалғанбыз.

         Бір күні түс қайта
Қабыл аэропортқа тартып отырды. Ешкімге жөнін айтқан жоқ. Содан кешкісін, көз байланып қалған кезде
бір-ақ келді.

-        Костюмімді тазалау үшін
авиабензин әкелдім, - дейді. Енді тағат тауып отыра алсайшы. Ақырында
шай ішуге шамасы келмей, Шекербектің
щеткасын қолына алған. Co бойы түн
ортасы ауғанша әуреленді. Таңертең тұрсақ, Қабылдың костюмі терезенің алдында
ілулі тұр екен. Өтектеп те үлгеріпті.

-        Түу, өзің киім тазалауға ұста
екенсің ғой, - деп Егізбай тамсанып жатыр.

-        Болды, - деді Шекербек сол екі
ортада. - Сен тұрғанда костюмдерімді киім тазалайтын фабрикаға апарып не жыным
бар. Бүгін өзің-ақ бір қисынын табарсың.

         Сол-ақ екен, шетімізден
жамырап қоя бердік. Қабыл әрқайсымызға
бір қарайды. Қарайды да,
күледі.

         Сонымен не керек, той
болатын күнге шейін ол бәріміздің де
костюмдерімізді тазалап, өтектеп берді. Сол кеш
Қабыл елден бұрын киініп
алды. Оған ереміз деп біз де ерте
жиналыппыз. «Енді бара
берейік» десек, Егізбай мен Шекербек
көнбейді.

         Сондағылары - «кешірек
қозғалайық», - дейді. «Талай тойды көргенбіз», - дейді Егізбай. «Әнеукүні бір
тойды түн ортасына дейін күтіп, түн
ортасы ауған соң тойғанша ішіп
тарқағанбыз». «Сен көргеніңді ғана айтасың-ау, оның көбін қолымыздан өткеріп жүрміз ғой», - дейді Шекербек. - «Уақтылы
барғандар ішегі көгергенше күтеді. Жүйкесі жұқалар әбден мазасызданады. Дастарқан басына «қап, сені ме»
деп келгендерден не қызық күтесің. Тәбеті шапқандары тауыса ішеді, тәбеті
шаппағандары - қалғып-мүлгіп, үйлеріне қайтқанша асығады...». Ол екеуіне елден
ерекше көнбеген - Рахым. «Дәл айтқан сәтінде жеткен лазым. Өзін күттіретіндер -
Шекербек сықылды тола алмаған сынық кеселер...». Оған Қабыл қосылды. Қабылдікі
- Мәликеге ертерек жолығу. Қабылдың іштей көңілін жықпаған мен болдым. Әй-шайға
қарамай тартып кеттік. Тартып кеткеніміз құрысын, барған соң
айтқанымыздай-ақ табанымыздан таусылдық. Жұрт келіп жатыр, келіп жатыр.
Әзірге келіп болар емес. «Жұрт келіп болсын» деп күйеу жігіт қаланың бір
шетінде, ұзатылған қыз бір
шетінде сарғая күтіп отырған көрінеді.

        Шекербек пен Егізбай бізді
жеп барады.

-        Жөнді сөзді ұға ма бұлар. Өңкей
бір қиястар. Бәрінен бұрын мына қарындастан ұят болды ғой, - деп Шекербек бір шетте
шіреніп тұр.

-        Мана
шай ішіп, жайланып шықпай. Біреу қуып бара жатқандай
асықтыңдар, түге, - деп Егізбай да қалысар емес.
Оларға әзірге бетбақтырмай тұрған Рахым ғана.

-        Осы
күңкілдегеннен жек көрерім жоқ. Күңкілдемеңдерші, - дейді. - Үн-түнсіз-ақ отыр ғой жұрт. Солардан
артықсыңдар ма?

        Мәликені мына үшеуінің
көргені бүгін. Бұрын
естіген, әрине. Сан естіген.

        Алдымен «аһ» ұрған Шекербек болды. Ол қызға көп сұқтанған. Сонсоң о жағына бір шығып, бұ жағына бір шығып:

-        Жарасымды
киінеді екенсіз, - деген. - Қыздардың жарасымды
киінгені қандай оңды. Әйтеуір өз басым мұны қатты қадірлеймін.
Сіздей қарындастармен таныс болу - бір
ғанибет қой кісіге.

        Шекербектің жүрдек әңгімесіне Мәлике алғашында көп құлақ қойған-тын. Оны дөп сезіп қалған Қабыл дембіл-дембіл
жөткірініп, дамылсыз күле берген. Сонсоң әрлі-берлі әзіл айтқан болды. Үсті-үстіне
будақтатып темекі

тартқаны тағы бар. Бір сәттерде тіптен ойнап болса да, Шекербекті түйгіштеп алды.

        Мұны Мәлике мезетінде сезген. Сезген соң Шекербектің жүрдек әңгімесінен тартыншақтай берген. Егізбайдың қызға «сіз, біз» деуге о
бастан құлқы жоқ. Тіптен елең-құлаң қылмайды. Кейде қыздар туралы неше түрлі
әңгіме айтып, қарқ болып жатқанымызда да ол сөзге құлақ аспайды. Зәуде
бір ғана. Сонымен бітеді.

       Қарап тұрған соң әр нәрсе ойға
түседі екен ғой. Осы Егізбаймен мектепті бірге бітірген бір қыз бар. Бізбен
бірге оқиды. Күнделік бірге жүреміз.
Жерлесі болған соң Егізбайға жиі
келетін. Келгені бар болсын, ол қызбен бір

жөңдем сөйлеспейді-ау. «Иә,
иә...», «Жарайды, жарайды...». Әңгіме
сонымен бітеді.

-        Ау,
бір ауылдансыңдар, бірге оқығансыңдар, жөн әңгімелессең
қайтеді, - десең:

-        He
айта берем, - дейді.

      Бұрындары оған Қабыл қосылатын. Екеулеп
бізді қағытатын. Қоймай қағытатын. Қазір жалғыз қалғанын Егізбай шындап сезінетін сияқты. Қызға бір,
Қабылға бір жәутең-жәутең қарай береді.

       Рахым қызды көрген бетте: «ә...» деген -
«сіз екенсіз ғой...».

        Жұрттың алды қалғуға көшкенде
той басталды. Маналы бері тығылып отырған көпшілік дастарқанға лап қойды. Қасық,
шанышқы біткен салдырап, дем сәтте стақандар да түйісіп қалды.

      Әлден соң барып, той бастаушы жігіттің біреуі
ортаға шықты. Шыққан бойы дастарқан басындағылардың бәрін бір шолып өтті.
Біреулерге бас изеді, біреулерге көз қысты. Сонсоң барып маңғаз жөткірініп алды
да, лепіре жөнелді.

          Алғашында ұқпай қалғанбыз.
Сөйтсек - жаяу өлеңдетіп тұр екен. Тіптен таусылар емес. Төрдегі екеудің
аяқ-қолын жер-көкке тигізбей,
зымыратып әкетіп барады.

          Осынысы несі екен? - дейді
Рахым. - Жөндем жыр болсайшы. Жылуы жоқ бірдеңелер. Судыратып ала жөнеледі. Ұғып жатқан, құптап
жатқан ешкім жоқ.

 -       Сен-ақ
тыжырына береді екенсің. Қолыңнан келсе тойды
өлеңмен баста. Тойдың сәні
сол, - деп Шекербек жақтырмай қалды.

-        Оған
кім қарсы болып отыр. Бірақ бұл
біреудің үлкен қуанышы ғой. ІІІын
ықыластың жыры болсын ол. Тойдан-тойға көшіп жүрген балдыр-батпақтың керегі
жоқ.

        Шекербек мұндайда ұстаған жерінен қатып қалатын еді. Бірақ бұл жолы үндеген жоқ.

         Мәликені ертіп келгеніміз
құба-құп болған екен. Сақырлаған бесеуіміздің ортамызда сылқ-сылқ күліп,
еркелей тіл қатып оның отырғаны көп нәрсеге басу ғой.

         Қабыл кәдімгі жүзіктің
көзінен өткеңдей сызылып қалған. Еппен ғана сөйлейді. Жан-жағына қарау
жоқ. Тіптен топ ортасында, тойда
отырғанын мүлдем ұмытса
керек. Бар тапқаны - қыздан көз
алмайды. Сонсоң аузына не алса да,
Мәликемен ортақтаспаса тамағынан өтпейтін тәрізді.

         Қабылдың ынтық ілтипаты
Мәликеге ұнап отыр. Қыз оны сәт сайын дастарқанның ана шетіне бір, мына шетіне бір
жұмсайды. Жоқты сұрайды. Тапса - балаша қуанады. Табылмаса - бұртия қалады.

        Бірте-бірте шет қақпай боп қалып бара
жатырмын. Ол екеуі мені әлдеқашан ұмытып кетті. Әсіресе, Мәликенің маналы бері
бір рет көз қиығын салмағаны қатты батады. Қабыл болса-болмаса қыздың жетегінде
кеткен. Оны енді өзім жаққа мойын бұрғызудың қиын екенін білем. Біле тұра оған
деген өкпем қара қазандай. Іштей тығылып, көңілдегі көп ренішті зорға басып
отырмын.

         Анау бір кездерде, Мәликенің
жоқ кездерінде Қабыл екеуіміз мұндай дастарқан басында именбестен тартып-тартып
жіберіп, қосылып ән салатынбыз. Ол әндеріміз қыздарға ұнайтын. Қызып алған
арғы-бергілер қоймай қолпаштап, «тарта беріңдер» дейтін. Біз тарта
беретінбіз.

-        Қызып кеткен шақта ұрлана көз
тастаған бірлі-жарым қыздарды жаныма шақырсам - Қабыл жиырыла қалатын. Артынша-ақ:

-        Жалпақтама,
- дейтін.

-        Оу,
не боп қалды?

-        Өтірік
күлетін қыздармен қосылып ән
айтпаймын, - дейтін.

        Енді қарашы, Мәликенің
жетегінде алаңсыз кетіп барады. Осыған сенуге бола ма? Сенбейін десем, менен
басқалар мұны сөкет көрмейді.
Көңілімдегі өкініш оңайлықпен кетер емес. Кетпек түгілі айналдырып әкеп,
Мәликеге мойын бұрғыза береді.
Әйтеуір бір азапқа қалғандаймын...

          Таң атқанша отырдық.
Ақыр аяғында Қабыл, Мәлике үшеуіміз
бірге қайттық. Қабыл екеуіміз әжептәуір масаңбыз. Мәлике - тың. Ортамызда
келеді. Жаңа ғана ұйқтап тұрғандай сергек.

-        Әнді
жақсы айтады екенсің, - дейді қыз Қабылға қарап.
- Ер адамдардың қоңыр дауысты болғаны қандай жарасымды. Күмбірлеп тұрған
зор үнге не жетсін, шіркін!

        Бір мезгілде Мәлике
маған бұрылды:

-        Байқаймын,
сіз де қара жаяу емессіз-ау...

       Маналы бері мені тіптен
елемей қойып еді, енді сынай сөйлегендей.
Соның өзіне әп-сәтте әжептеуір көтеріліп қалдым.

-        Кім
біледі, әйтеуір жұртпен қатар
«әу» деген сияқтымыз.

-        Соншалық
сыпайы бола бермеңізші. Шынында, неге консерваторияға
түспегенсіздер?

        Қыздың сөзіне елтіп-ақ
қалсам керек:

-        Бүгінгі
ән ән бе, - деймін. - Қабыл
екеуіміз қосылып айтқанда ғой...

-        Солай
ма еді?!

         Қыздың даусынан бір
болмашы күдік белгісін аңғарған Қабыл қипалақтап қалды.

-        Қойшы
соны. Қосылып айтқанда не тұр...

      Оның мына сөзі төбемнен
қойып қалғандай болды. Бірдеңе
дей жаздап барып, өз-өзімді әрең тоқтаттым:

        «Мәликені қызғанғаны ма? Әлде
қыздың алдында биіктегісі келгені ме? Баяғыдан бірге жүрген мені өкпелетіп алам
деп ойламайды-ау. Әлгі бір ынтықтық ойлатқызбайтын шығар?!».

         Қызды үйіне жеткізіп салып,
жатақханаға келе жатырмыз. Таң атып қалған кез. Қабыл қатарласып жүре алсайшы
енді. Бірде озып кетеді. Бірде қалып қояды. Бірде қалт тұра қалып,
бұлтсыз аспан күмбезіне
тесіле қарайды. Сонсоң маған күле қарап:

-        Анау орындыққа отыра тұрайықшы,
- дейді. Көзіме ұйқы тығылып, кереметтей шаршап келемін. Төсекке тезірек
жетсем, түске дейін тырп етпестен ұйқтасам - басқаның маған керегі шамалы. Мұны
біліп жатқан Қабыл жоқ. Қайта-қайта
иығымнан тартады. Бірдеңелерді айтады. Әңгімесі таусылсайшы бір.

-        Сен
көрдің ғой, - дейді ол.

-        Көрмегенде
ше?

-        Ендеше,
ешкімге айтпайсың ғой.

-        Оны
өзім білемін.

-        Білсең
сол, жаңа Мәлике екеуіміз қимай қоштастық.

-        Иә?..

-        Қыз
да қолды осыншалық қатты қысады екен-ау.

-        Иә?..

-        Қолымды
қысқанда өкшесі көтеріліп кетті. Төбесіне түйген
бұрымы тамағыма кеп қапты.
Бір майда леп өртеп жібере жаздады. Тұла бойым шымырлап, көздерім жұмыла берді ғой. Бір жақсысы -
шашына өтір құймайды екен.

-        Иә?..

-        Шынымен
жақсы көргені шығар, ә? Тіптен үн-түнсіз құшағыма тығыла береді.

-        Осының
бәрін дәп қазір маған айтатын
жөнің жоқ.

-        Heгe? Жаңағы әзірде Мәлике «мені
көтеріп Алматыны үш айналып шық» десе, еш ойланбас едім.

-        Мейлі!

-        Сенбейсің
бе?

-        Бәріне
де сенемін. Бірақ бұл сырды
маған тәптіштеп айтудың қажеті жоқ
сияқты.

-        Қызық
екенсің өзің! Оның бәрі ішіме сыймай бара жатыр.
Бастан кешпеген соң білмейсің де.

-        Жоқ,
сен сыйғызуың керек.

-        Heгe сонша тарыласың?

-        Түк
те тарылғаным жоқ. Жөнін
айттым.

-        Жөні
бұл емес.

-        Енді
қайсы?

-        Дос
болған соң титтей де сырымды жасырғым келмейді.

-        Дұрыс қой. Бірақ қызбен қалай
сүйіскеніңді тәптіштей беруің -
ыңғайсыз-ақ.

          Ол үнсіз қалды. Манағы
айтқанымды қаперіне де алмаған-ау. Өз-өзімен болып, қазір де Мәликемен қолтықтасып
келе жатқандай жайнаң қағады. Қыздың төбесіне түйген бұрымы
оның тамағын әлі де қоймай қытықтайтын тәрізді. Пиджагінің түймесін түгелдей
ағытып тастаған. Галстугі де босап кетіпті. Бұл дүниеде Мәлике екеуінен бөгде жан жоқтай. Аяғының астындағы
кедір-бұдыр қылдырықтай тротуар
емес, түйе толқындарын аспанға атқан қаракөк теңіз сияқты. Жүріп келе жатқан жоқ, сол түйе толқындарды бұйым құрлы көрмей жүзіп келе
жатқандай.

        Бір сәтте ол қалт тұра қалып:

-        Жұрттың бәрі де біз секілді табыса
ма екен? - деді.

-        Сендерден
де жақын табысатыңдар толып жатыр. Бірақ олар «сөйттік-бүйттік» деп жар салып, жарапазан шақырмайды.

-        Мейлі, қалай десең олай де,
жаңағы әзірдегі Мәликенің құшағыма қойып кеткенін ұмыта алмаспын!

-        Осының
бәрін несіне айта бересің?!

-        Жоқ,
Мәликеге мен дөп жолықтым. Басы қатты басталып еді, аяғы тәтті болды. Жүректің
жазым басуы мүмкін емес. Тіптен
мүмкін емес. Мәликедей қыздарды төбеге көтеріп
жүру керек. Жарасымы да, жөні де сол.

-        Ей,
осыныңды Мәликеге айттың ба?

-        Жоқ,
бұл үнсіз ұғысатын сыр емес пе?

-        Ендеше,
маған неге айта бересің. Оңашада қызбен тілсіз
ұғысып, қайтып келген соң
бізге бәрін жыр ғып отырмақпысың?

-        Қайда
асығып барасың. Сәл кідіре тұрсаңшы,
- дейді ол. - Әлгіде бар ғой, бұл ғүмырымда тірі пендеге айтпаған
ардақ сөздерді Мәликеге ағытқым-ақ келді. Небір асыл сөздер ә десем, көмейімнен қат-қабат төгілгелі тұрды.

-        Айтпадың
ба, енді?

-        Айта
алмадым. Ертең де айта алмауым мүмкін. Бірсігүні де айта алмайтын шығармын.

-        Heгe?

-        Айтсам-ақ бәр-бәрінен айрылып
қалатын сияқтымын.

-        Е,
бәсе? Енді жөнге келдің.

         Жатақханаға кіре
берісте ол кілт тоқтады. Жүзінде бір белгісіз
күдіктің көлеңкесі бар. Бір мезет ол:

-        Әй,
достым, маған сен мынаны айтшы. Мәликедей Қыздың
мені жақсы көруі мүмкін бе? - дейді.

        Бұған күлмеуге болмайтын еді. Ал кеп күлейін, ал кеп күлейін. Қабыл алдымды кес-кестеп «Сен
тоқта, сен түсін» дей береді.

        Әлгі тойдан кейін
Қабыл қызға өзі баратын болған. Біз ендігінің
бәрін шын ықыластың шеңбері деп ұғып,
оның кеш келетініне де, күле
беретініне де, темекі тартуды сирете
бастағанына да үйренгенбіз. Тіптен оның шалбары-

ның қыры сынбайтыны да, ақ көйлек
киюге құмарлығы да, ойын-сауыққа үйірлігі де әбден
үйреншікті болған.

         Әйткенмен, сол кешкі
әңгіме ерек есте қалыпты. Әдеттегідей
Қабыл бөлмеде жоқ болатын. Жатар кезде қысыр сөздің көбейетіні де. Өткен күн
Шекербек бір туысының үйіне қонып келген-тұғын. Әлден уақытқа дейін ол
салауатты кісілермен бірге көрген сый-сияпатын айтып, тауыса алмай-ақ қойды. Шекербек
ұзақ-сонар әңгімесін аяқтай бергенде, Егізбай бір сырдың шетін шығарған:

-        Әй, жігіттер, осы күнге шейін
қызға Қабылдай құлаған адамды көрген емеспін. Тіптен бәрімізді де ұмытып барады. Міне, бүгін де жоқ.

-        Көрген-баққаны сол шығар, -
деген Шекербек маңғаздана.

-        Оған қолың жетпейді, - деген
Рахым жүлып алғандай.

-        Сол рас, мұндай ықылас жұрттың
бәрінің бойынан табыла бермес, - дейді Егізбай.

-        Өмірінде қызбен қатар жүріп
көрмеген сен оны қайдан білесің. - Шекербек те оңайлықпен дес берер емес.

-        Қойсаңшы, - дейді Егізбай. -
Бұл жерде жел сөздің не керегі бар.

         Әңгіме бұдан әрі созылған
жоқ. Бірақ бәріміз де ойланып қалғандаймыз. Әсіресе, менен ұйқы қашып кетті. «Әсте
Қабыл мықты екен. Осы төртеуімізден де мықты екен. Мәликедей қыздың өзін
қалай үйіріп әкетті. Пысықсынып жүргенмен...».

          Әрі-сәрі ойланып
жатып, ұйықтап кетіппін.

         Бір мезгіл қолы
темірдей біреу жұлқылай
жөнелді. Қатты ұйқыда жатсам керек,
ұшып тұрдым. Көзімді аша алмаймын. Ол ештеңеге қарайтын емес. Жұлқылап алып
барады. Сөйтсем, Қабыл екен.

-        Сені жын ұрған ба? - деймін.
- Түн ішінде осын-шалық мазалап.

-        Көзіңді аш!

-        Кетші әрі.

-        Көзіңді ашып, маған бір
қарашы.

-        Бетіңнен нұр тамып тұр ма?

-        Немене, ұйқыдан басқаның
керегі жоқ па, саған. - Ол тағы киіп кетті. Жай емес, кіжіне жұлқылайды.

-        Айтатыныңды тезірек айтшы,
айналайын!

-        Айтсам бар ғой... - Қабыл
басын төмен салып, үнсіз отырып қалды.

        Шыдамым таусылып барады. Ұйқы
меңдеп, төсекке алып ұрардай. Ақыры болмаған соң одан ертерек құтылғым кеп:

-        Көп болса, Мәликенің бетінен
бір сүйген шығарсың. Сол ма?- деймін.

        Ол қарқ-карқ күледі. Иығымнан
ұстап алып, оңдырмай кеп сілкілейді.

-        Өй, саған не болған? Жұрт ұйқтап
жатыр ғой.

-        Heгe ұйқтайды, тұрсын!

-        Қойсаңшы. - Қабыл қолын
иығымнан жұлып алды. Үнсіз әлі отыр, әлі отыр. Бір мезет ол әнтек көтеріліп, құлағыма
жақын келді де:

-        Үйленетін болдым, - деді.

-        Heгe, - деппін сасқанымнан.

        Ұйқым шайдай ашылып кетті -
«шынымен бе? Сонда қалай?
Мүмкін емес. Бірақ әжептәуір ғып айтып отыр ғой. Мүмкін емес. Жәй сөзі де. Әйтпесе... Қызық қой өзі. Сөйте ме екен? Әзілі шығар. Әзілі болар
да».

         Ол емес, мен үйленетін
сияқтымын. Өзімнің ықыласым жоқ сияқты. Мені біреу зорлап қосатын тәрізді.
Алақ-жұлақ. Қабылға қарай
беремін - «Мәликенің оңай келісе салғанын-ай...».

-        Сол.
- Қабыл маған таңдана қарайды.

-        Солың
не?

-        Үйленем.

-        Әй,
қойшы.

-        Heгe қоям. Үйленем.

-        Оу,
жүре тұрмайсындар ма?
Соншалықты біреу қуып келе ме?

-        Бізді
ешкім қуған жоқ.

-        Енді
не?

-        Үй
болғымыз келді.

-        Сені
мұншалық асығады деп кім
ойлаған.

-        Құптамайсың ба?

-        Дәл қазір менің құптаған-құптамағанымда тұрған не бар?

-        Қыз
жігітті ұнатса, жігіт қызды құлай ұнатса. Екеуі қол ұстасып көп
күндер кешсе. Көп сырласса... - Қабыл жорғалап
барады.

-        Иә, иә... - «Heгe осыншалық қиыламын» деп қоям іштей. «Heгe осыншалық қиналамын?». «Үйленсін, үйлі болсын, қайта қуану керек қой...». Бірақ бұны көңіл шіркінің құп алар
емес. Құп алсам-ақ - бір
қымбатымнан айрылып қалатын сияқтымын. Айрылып қалсам - қиын болатындай...

          Көзімді жұмсам, Қабыл мен Мәлике қол ұстаса сылқ-сылқ күліп, менен
алыстап бара жатқандай көрінеді. Екеуінің қатарына жеткім келеді. Бірақ аяқ-қолдан дәрмен кетіп, жүре
алмайтындаймын. Қабыл осы қазір менің құптауымды күтіп отырғандай. Құптайды,
қуанады деп нық сенетіндей. Енді бірдеңе деу керек. Әйтпесе,
болмайды.

-        Сәл кідіре тұрсаңдаршы!

-        Жоқ, біз келісіп қойдық.

-        Шыдамаған-ақ екенсің жазған!

-        Рас, - дейді ол. - Мәлике жоқ
жерде тағат тауып отыра алмаймын.

-        Әй, ұят емес пе? Менен басқа
ешкім естімесін мұны. Естісе бар ғой...

-        Ести берсін. Қазір мыналардың
бәрін оятайын ба?

-        Оятсаң - алдымен Егізбайдан
таяқ жейсің.

-        Мейлі, ұра берсін.
Маған бәрібір.

-        Жарайды.
Жатып ұйқтап алшы, таңертең
көрерміз.

-        Ей,
саған не болған? Досым деп имандай шынымды айтып
отырсам...

-        Енді
не қыл дейсің?

-        Құптамайсың ба?

-        Мен
қайдан білейін?

-        Өй,
саған да ақыл салған мен ақымақпын!

-        Жатшы,
айналайын. Ертең де күн бар емес пе?

-        Айналмай-ақ
қой. Айтарың болса, қазір айт. Осы қазір
естігім келеді. Қазір айтпасаң, кейін керегі жоқ. Кейін айтатындар табылады.

        Түк таппаған соң бір
кезде:

-        Қыз
саған адал ма екен? - деппін.

        Қабыл алғашқыда менің не
айтқанымды жөндеп ұқпай қалған-ау. Ұқса да үндемеді ме, көздерін
жыпылықтатып көп отырды. Ақыры:

-        Адал
болмаса маған уәде бере ме? - деді. Даусында жұмбақ бір діріл
бар. Тағы үнсіз қалдық. Қабыл қыбыжықтап не дерін білмейді. Ашуланайын десе,
оның да жөні жоқ. Күлейін десе, оның
да жөні жоқ. Аттап өте алмайды. Айналып тағы өте алмайды. Аяқ астынан сарсаңға түскендей.

-        Менің
халім тіптен мүшкіл. Абайламай сөйлеп, бәрін бүлдірген - мен. Нем бар десеңші. Ұят-ай! Қапелімде сол сөз
қайдан ғана келе қалып еді... Енді амал жоқ. Бар тапқаным:

-        Солай
шығар. Солай болар да, - дей берем.

-        Иә,
солай шығар. Әйтпесе, уәде бермесе керек-ті, - дей береді ол да. Бірақ даусындағы діріл әлі кете қойған жоқ.

-        Кереметтей
ыңғайсызданып отырмын. Нақ бір ол емес,
мен күдіктенетіндей сыңай таныттым білем. Қабыл төмен түсіп қалды. Көп төмен түсіп қалды. Енді ол манағыдай қатты жұлқылаған да жоқ. Манағыдай
еркелеген де жоқ. Басын көтере
алмайды. Амал жоқ, бәрін жуып-шаймақ болып:

 

-        Менікі
әншейін ғой, - дей беремін.

          Қабыл қайтып тіл
қатпады. Апыл-ғүпыл шешінді де, үнсіз
жатып қалды. Әлгіде ғана Қабылдың жұлқылауымен
зорға оянып едім, енді ұйқы
келер емес - көңілдегі көп ойлар
тыншым бермейді. «Мәлике тұрмысқа
шығады...». Осы сөздерді маналы бері қанша қайталадым екен? «Ол екеуі отау тігеді. Мен - үшінші
адаммын...». «Кімге өкпелеймін?
Мәликеге ме? Қабылға ма?». Шым-шытырық ойлар әр саққа бір тартады. «Олар мен
туралы ойланды ма екен? Қуанышты адамдардың көп нәрсені елемеуі де мүмкін ғой». Қабыл әлдеқашан ұйқтап қалыпты. «Түс көріп жатқан болар.
Түсінде...».

        Сол түн - мен үшін
айтулы бір түн болды. Таңертең төсектен
тұрған соң-ақ Қабыл мені
оңашаға шақырып алды. Түндегідей
емес, жадыраңқы. Тек көзі қызарып, беті шаңытыңқырап
тұр - «өткен түн ол көз
ілмеген-ау...».

-        Ал
айта бер.

-        Сен
айт, - дейді Қабыл.

-        Той
қашан?

-        Сендердің
оралымдарыңа қарай.

-        Біз
дайынбыз.

-        Жігіттер
де естісін онда.

-        Сен
айтасың ба, мен айтам ба?

-        Оны
өзің біл.

-        Сен-ақ
айтшы! - Қабыл маған үлкен жақсылық жасағандай
масаттанып тұр.

         Жігіттер қуанып қалды.
Мен сияқты емес, бәрі де жарқын-жарқын сөйлеп, Қабылдың қолын қысып, қоймай құттықтап жатыр. Тек Шекербек қана «қу бала, менен бұрын үйленетінің қызық екен», - деген. Жарыса күліп

жатырмыз. Рахым қарап отыра ма:

-        Ау,
алдыңнан көлденең кісі өтпейтін кім едің сен, - дейді.

-        Сендей
жалаңаяқтардың арасында әу
бастан жол менікі болатын, - деп ол
да қоймайды.

V

         Әне-міне деп жүргенде
аяқ астынан Қабыл ауырып қалды. Алдымен ұшынғандай болған. Көп құсып,
тыныш таба алмаған. Дәрігер шақыртқанбыз. Келген. Көрген. Сонсоң
жеделдетіп ауруханаға алып кеткен. Қабылдың науқастанып қалғанын ести сала Мәлике маған жүгіріп келді.

-        He
болды? - дейді. Өңі қуқыл тартып, жүдеп тұр.

-        Алып
бара жатқан ештеңе жоқ көрінеді. Қаралып шығуы
керек екен.

-        Мені
ертіп баршы.

         Екеуіміз ауруханаға
келе жатырмыз. «Қабыл қандай бақытты»
деп ойлаймын. «Міне, оны Мәлике іздеп келе жатыр...».

         Ол ауруханада ұзақ жатып қалды.

        Бір күні барсам, тіптен
көңілсіз екен. Әрі-бері әңгімелесіп, «тамырын басып» көріп едім, бар сырын өзі айтты:

-        Мәлике сирек келетін болды.
Осыдан үш-төрт күн бұрын бір соққанында тіптен көңілді екен. Бірақ көп кідірмеді.
Айтқан сөздерін де жөндеп ұға алмадым. Әне-міне дегенше қоштасып та үлгерді. Жөн
сұрауға үлгере алмай қалдым. Содан бері соққан жоқ...

-        Өй,
соны да сөз деп айтып отырсың ба? - деймін әңгімені
әзілге бұрып. - Қайда кетеді? Келеді-дағы.

-        Қайдан
білейін. Мұнда жатқан адам әр
нәрсені есепке алғыш боп кетеді екен.

          Осы әңгімеден кейін
ауруханаға екінші рет барғанымда Қабыл салған жерден:

-        Көрген
жоқсың ба? - деген. - Телефонға шақырсам, бөлмесінен таппаймын.

-        Жүр
ғой, - деймін. - Келер, асықпасаңшы.

-        Әнеукүннен
бері бір соқпағаны...

-        Алаңсыз
жатып емделсін деп жүрген де.

-        Қазір
барған соң бір жолықсаңшы, - дейді ол. - He
айтар екен?!

         Қабыл қолқалап
қоймаған соң бір күні кешкілік Мәликенің
жатақханасына бардым. Бөлмеде жалғыз отыр екен.
Жайраңдап қарсы алды. Сыңғырлай күліп, үйіріп әкетіп барады.

-        Қабылға
барып тұрасың ба? - дейді.

-        Өзің
ше? - деймін ештеңе білмегенсіп.

-        Кейінгі
кездері қол тимей кетті.

-        Ол
қатты алаң боп жүр. - Мәликенің жүзінен жаңағы күлкі лезде ғайып болды. Төмен
қарай береді.

-        Барып
тұрсаңшы.

-        Иә,
иә... - дейді ол. Өзіңді талай телефон соғып та таба алмапты.

          Бір кезде Мәлике
жылап жіберді. Күтпеген жерде не дерімді
білмеймін. Қыз басын көтермейді.

-        He
болды, Мәлике?

-        Өтінем,
ештеңе сұрамашы, - дейді ол
тістене. - Мен бір жүрген
жеңілтекпін...

-        Жарайды,
мен... Қабылға барып шығарсың.

-        Жоқ.
Сен сәлем айт...

        Сол бойы шығып жүре
бердім. Өзімше Мәликені аяп келем -
«әлі де отыра тұру керек еді.
Кетіп қалғаным - келеңсіз іс болды».
Ауруханадан шыққан күні Қабыл:

-        He
білесің? - деді.

-        Алып
бара жатқан ештеңе көрінбейді. Сөйлессеңші өзің,
- дегем. - Бірақ абайлап сөйлес...

           Ақыры ол тағат таба
алмай тартып кеткен. Кешке
мені оңаша тағы шақырып алды. Сонсоң үнсіз көп тұрды. Өңі боп-боз.
Көздерін жыпылықтатып, шырпыны сындыра береді. «Айтатын ештеңе жоқ, енді не
ақыл қосасың» дейтін сияқты.

       Не де болса, сол сөт Мәликені көргім келді.
Әнеукүнгі жылап отырған кейпі көз
алдымда тұр. «Қазір қандай екен?».

-        Жүр,
екеуіміз бірге барайық, - дедім Қабылға. - Әңгімелесіп
қайтайық.

        Келсек, Мәлике үйінде
екен. Есікті ашқан бойда ернін әзер-әзер
жыбырлатып, кейін шегіншектей берді. Түсі қатқыл
сияқты. Әлде қапалы ма?

         Әлі отырмыз, бері отырмыз.
Мәлике үндемейді. Зіл батпан үнсіздік біздің де иығымызға мініп алған. Екеуіне кезек-кезек жалтақтаймын.

         Қыз бізге бір қырын отыр. Жұқалаң
еріндері алабөтен дірілдеп, бетінің ұшы бүлк-бүлк етеді. Әлсін-әлсін қасын қағып
қояды. Бірақ бұрылар емес. Басын кердең тартып, қарысып қалған.

          Келген бетте-ақ мұндай
келеңсіздікке тап болам деп ойламағам. Екеуінің арасында бір жағдайсыздықтың
барт екенін білем, әрине. Бірак оның осыншалыққа жеткенін жете түсінбеген
болуым керек. Енді байқап отырсам, Мәлике бізден құтылуға асық. Үндемей құтылмақшы.

           Қабыл маған жалтақ-жалтақ
қарай береді. Қабағын түйіп, қинала қарайды. Күйеуіне ашуланса баласын сабайтын
әйелдер болады ғой. Бала бейшара ондай кезде аяқ астынан не жазып қалғанын
білмей аң-таң қалмаушы ма еді. Қабыл да сол бала іспеттес. Аң-таң
емес-ау, әуре-сарсаң.

           Бірте-бірте аралары
алшақтап бара жатқан мына екеуді жадыратпақшы болып, тағы да сүйексіз
әзіл-оспаққа бұрып едім, оның бәрі далаға кетгі. Мәлике міз бақпайды.
Тістеніп, қатып қалған. Ол ол ма, қыз
бірте-бірте бет бақтырмайтын долы
ашуға тоқым салып келе жатқандай. Енді аз отырсақ, әңгіменің бәрі бітетін тәрізді. Сасқанымнан:

-        Күте тұрыңдар, - деппін. -
Мен қазір келемін. Сыртқа шықтым. Көз байланып қалған екен. Жатақхананың
алдында жан жоқ. Әрі тұрдым,
бері тұрдым. Ақыры түк таппаған соң дүкенге бұрылдым да, екі нан, бөтелке саумал шарап қолтықтап, қайта оралдым.
Кіре берісте біреулер әңгімелесіп
отыр екен. Жандарынан өте беріп едім:

-        Дәу де болса осы Мәликенің
бөлмесіне бара жатыр, - деді біреуі. Жалт қарадым. Сол-ақ екен:

-        Кезекпен
шақырып жатқан шығар, - деді екіншісі. Мына сөз қақ маңдайдан қатырып-ақ ұрғандай болды. Тіл қатуға да шамам
келмеді.

         Келсем - екеуі екі бұрышта
үнсіз отыр. Дастарқан жайылыпты. Кішкене табақта бес-алты түйір қант жатыр. Жарты
бөлке нан туралмапты да. Кеседегі шай әлдеқашан-ақ суыған сияқты. Жұдырықтай ақ
шайнек те анадай жерде қалыпты.

-        Қалай іштерің пыспайды, -
дедім түк білмегенсіп. Екеуі де үндеген жоқ.

-        Ау, сонша не болған? - дедім
тағы да екеуін жаңа көргендей жалған абдырап.

-        Қайтесің, - дейді Мәлике.

         Манадан бері қыздың тілге
келмегеніне көп қиналған Қабыл елеңдей берген. Бірдеңе демекші еді.
Бірақ айта алмады.

        Мәликенің сәл-пәл жібігеніне
масаттанғандай боп, оған енді өзімсіне қараймын. «Е, не болушы еді, қыздың ашуы
- қымыздың көпіргені. Лезде қайтады».

-        Қойыңдар. Одан да мына
шарапты ішіп, тамақ жібітейік, - деймін Мәликеге қарап.

           Бірақ ол тіл қатпастан бұрылып
кетті. Бұрылып кетті де, терезе алдына барып тұрды. Бір
мезгіл қыз ауыр күрсінді. Тағы күрсіңді. Артынша-ақ:

-        Кесені
жуып келейін бе? - деді.

-        Бәсе,
сөйтсеңші.

       Ол үш кесені жуып
келді. Төмен қараған күйі столдың тартпасынан қағаз құтыға әшекейлеп қаттап қойған қымбат шоколад алды. Ашып еді, шетінен
екі-үшеуі ғана алынған екен. Бір
түрлі жүрегім шымырлап жүре берді. Бір сәт қағаз құтыдағы қымбат шоколад тезектің ішінде өріп жүрген қара
қоңызға ұқсап кетті. «Бұл конфетті біреу әперген»
деймін іштей. «Өзі алған емес. Өзі алса ғой, со бойда қыздармен бірге жайпап қояр еді. Қимас біреуі әперген. Сонсоң
да әдейілеп тығып қойған. Қыз біткеннің басқа
біреудің әперген сыйына сақ қарайтын әдеті емес пе. Соның өзі. Мәлике айтатын шығар. Айтуы керек. Айтпаса - мен сұраймын». Қолым дірілдеп,
бөтелкенің тығынын ала алсамшы енді.
Қанша әуреленсем де, ашқышқа ілінбей-ақ қойды. Пышақпен қиқалап, ақыры ішіне түсіріп жібердім. Әлсін-әлсін әшекейлі қорапқа қарай
беремін. Ол маған бір әзәзілдей көрінеді. Қалай қарай бұрылсам да, алдымнан шыға келеді.

          Екі нән бөтелке шарапты
үшеуіміз демде ішіп қойдық. Қызық
болды өзі. Кесені толтырған бойда қағып тастаймыз. Осы отырыста жөндеп
шүйіркелесе алмағанымызға ашынатын төріздіміз. Бір-бірімізге ренжитін
тәріздіміз. Шарапты ертерек тауысып, мына ыңғайсыздықтан ертерек құтылуға бәріміз
де өте-мөте асық тәріздіміз.

           Шоколадқа ешкім қарамайды.
Қақпағын ашып ортаға қойғаны болмаса, Мәлике де «ал» деген жоқ. Өзі де алған
жоқ.

          Шыдам жібі жіңішкеріп
барады. Үнсіз қала берсек - үзіліп кетпекші-ау. Үзілген соң - мәмілеге
келуіміз екі талай ғой. Соны сеземін.
Сезгеннен кейін шым-шымдап сыр
тартқым келеді. Бірақ сөз ыңғайын таба алмаймын.

«Екі адамның бір-бірімен
кінараттасқанынан асқан қиын мезеттер
болмас, сірә?». Бір жағы қысылып, бір жағы реніштен
жарылардай зорғалап-ақ отырмын. Қабыл әлсін-әлсін қозғалақтап, әрі-беріден соң
қос қолымен бетін басып, басын шайқай береді.

           Мәлике бұған илігетін емес. Қайта шалқақ
тартып, Қабылға көз де салмайды.

         Әлі тым-тырыс
отырмыз. «Қабылдың осынысы-ай. Ойындағысының
бәрін айтса қайтеді. Жоқ, ол айта алмады. Сонда мен не демекпін?».

      Сол екі ортада Мәлике
бізге жалтақ-жалтақ қарай берді. Оның қарағаны маған қамшы болды білем:

-        Ау,
осылай тымпиып отыра береміз бе? - дедім. Мәлике ауыр күрсінді де:

-        Қабыл, кешіресің ғой, - деді.
- Асығыстық жасаппын. Қателесіппін. Кешір мені.

         Мәликенің әлгі сөзінен соң
үнсіз ошарылып қалғанбыз. Бір кез:

-        Heгe? - деді Қабыл жұлып
алғаңдай. Иегі селк-селк етеді.

 

Қыз тағы бір күрсініп қойды.

-        Heгe? Айтсаңшы?

-        Ол
жігітті бұрыннан білетінмін.
Анада бір ренжісіп қалғанбыз.

-        Heгe алдайсың? - дейді Қабыл дір-дір
қағып. Төбе шашы өре түрегеліп кеткен
сияқты. Нән бөтелкенің біреуінің жуан
мойнынан қылғындыра ұстап,
қатып қалыпты.

-        Кешіргейсің
мені.

-        Heгe алдайсың? - дейді Қабыл. - Мен
саған қуыршақ емеспін. Адаммын.

-        Тыңдасаңшы,
- дейді Мәлике. - О жігітті бұрыннан
білемін. Анада бір әншейін ренжісіп қалғанбыз. Қайта табыстық. Түсінсеңші. Қыз тентек баласын епетейсіз жұбатқан олақ әйелдей абдырап отыр.

-        Мен
ше? Мен саған қуыршақ емеспін, - дейді Қабыл ентелей түсіп. - Мұндайың
бар, баяғыда сөз бермеуің керек еді.
Енді келіп шалқақтайсың?

-        Шалқақтамаймын.
Шынымды айтамын.

-        Жоқ,
сен шалқақтап отырсың. - Болар іс болды. Ендігі әңгіменің керегі жоқ.

-        Сен... сен?

        Қабыл бірдеңелерді айтады.
Бірақ оған қайрылатын қыз көрінбейді. Қабыл сонда да қоймайды. Тағы
бірдеңелерді төпеп жатыр.

-        Маған
өткізіп қойғаның қайсы? - деп бір сәт Мәлике шап ете қалды. Майда сөйлеп ала алмаған соң қатқыл тартып, қайтарып тастамақ-ау. Егер оған
көнсе Қабыл?

Көнбегені ғой:

-        Базар
емес бұл, - деді ол айқай
салып.

-        Дікеңдеме.
Тапқан екенсің, - деді Мәлике зілдене сөйлеп.

-        Сен
немене өзің...

-        Ештеңе
емес. Бәрі біткен. Түсіндің бе? Біз бірге тұрып жатырмыз.

-        Жоқ,
біткен жоқ. Бітпейді. Бүйтіп кете алмайсың! - Қабыл түйіліп қалған адамдай жұтына береді.

-        Қатты
сөйлеме дедім ғой.

-        Сөйлеймін.

         Қыз оған жалт қарады.

-        Мен
қатты сөйлесем - тұра қашарсың...

-        Той
жасайық деген өзің. Енді келіп кердеңдейсің. Аз-кем тосылып калған Мәлике:

-        Оңай
олжаны тапқан екенсің, - деді.

-        Олжа
іздеп жүрген мен жоқ.

-        Сенімен
салғыласып отыра алмаймын.

          Мең-зең боп мен
отырмын. Осының бөрі түс сияқты. Бірақ Мәликенің манағы бір сөзі көкірегіме шемен боп қатып қалғандай. «Біз
бірге тұрып жатырмыз». Сонда қалай? Бәрі де оңай болып кеткені ме? Әлде
бұлардың бір құпиясын түсінбей отырмын ба?

-        Кетейік,
- деймін Қабылға.

-        Heгe алдайды? - деді ол.

-        Кетейік
те.

-        Жоқ,
сен білесің ғой, сұра! -
дейді.

-        Қойшы,
кетейік, - деймін мен. - Болды ғой енді.

-        Жоқ,
- деп жарықшақтанады Қабыл. - Heгe
алдайды? Соны айтсын маған. Қазір айтсын. Айтпаса, кетпеймін. Мені ешкім сүйреп шығара алмайды.

          Мәлике орнынан ұшып тұрды да, апыл-ғұпыл дастарқанды жинай бастады. Бізге
қарамайды. Бұл үйде өзінен бөгде жан жоқ сияқты.

-        Heгe алдайсың? Адам емес екенсің ғой
өзің, - деп Қабыл орнынан сүйретіле тұрды да, артына бұрылмастан шығып кете барды.

            Қабылды аяп
кеттім. «Әншейінде анау-мынау ренішті елең-құлаң қылмайтын ол әлгіде әбден
қиналды-ау... Мына қыздың шынымен-ақ
оны бетімен жер бастырып жібергені ме?».
Ашуға булығып, қызға қатты сөздер айтқым келді.

-        Бетің
бір бүлк етпеді-ау. Мынадай ұлан-ғайыр сенімді аяққа басқан адамды бірінші
көруім.

           Мәлике тіл қатқан
жоқ.

-        Жылтыраған
жүзіңе тағы қанша жігіт тайып жығылар екен. Ашуы қатты біреуі кездессеші.

           Мәлике тіл қатқан
жоқ.

-        Көйлекті
көп ауыстырам деп жүргенде көңіл тозып жүрмесін?!

            Мәлике тіл қатқан
жоқ.

             Есік алдына
шықсам, ешкім көрінбейді. «Қабыл қайда кетті
екен?».

           Мәликенің жаңағы
самарқау үнсіздігі зіл-батпан боп, иығымнан
әлі түскен жоқ. «Мен қаншалық зіркілдесем де
ләм-мим демеді. Ертерек құтылғысы
келгені ме? Уәж айтса, әңгіменің
ушығатынын сезген шығар. Сонсоң да сөз
жарыстырмай діңкемді құртты.
Ендігі алып-ұшып, әлгі «бұрыннан білетін» жігітін күтіп отырған болар. Ол келсе - түк
көрмегендей кете барады-ау, ә? Бірауық есіне алмас та... Әшекей қораптағы шоколадқа екеуі қосыла қол салады ғой. «Тәтті екен» деп қыз
мақтар. Жігіт оған миығынан күлер.
Күтсем қайтеді, сол жігітін. Мәликеге бірге
барсақ. Сөйлессек. Мықтап сөйлессек. Мен қызға қатты-қатты сөз
айтып жатқанда әлгі жігіт қарап қалмас. Е,
мейлі... Әрі кетсек - төбелесерміз. Есемді жібермеспін. Бірақ...».

            Қабылға жол
ортасында зорға жеттім. Еңкіш тартып, сылбыр
басады. Басын көтермейді. Оң иығы төмен түсіп кеткен.

         Жақын келіп,
қатарласа беріп едім, ол жылап барады екен.
Үш жыл бірге жүргенде мұншалық
босаңдық танытпақ түгілі арамызда болаттай берік саналатын Қабылдың көз жасын
төккені маған тіптен-ақ ерсі көрінді. Ренжіп

келем - «қыз қарамай қойды деп
жылағанды кім көрген. Жігіт
басына бұл өлім ғой. Жұрт естісе не дейді? Жақсы көретін
шығар. Құлай ынтыққан шығар.
Бірақ мұншама таусылудың түк жөні жоқ. Мәликеден басқа
қыз құрып қалып па? Табылады ғой. Немене, соншалық
жәбірленіп...». Іштей сан қайталап келе жатқан осы сөздерге бір түрлі сенбейтін сияқтымын. Сенбеген
соң қиын да. Өзім иланбаған
әңгімені Қабылға қалай айтам. Бар тапқаным - оның жеңінен тартқылап, «тоқтасаңшы»
дей беремін.

        Сонау күнгі таңертеңгілікте
асханада отырып өлердей салғыласқан екі адамның арасы осыншалық жақын болып
кеткенін біз шындап-ақ аңғармай қалған екенбіз. Енді келіп біреуі шалқақ тартқанда, екіншісінің
оған көндіге

алмауын кінәрат көру қиын іс.
«Мәликенің уәдеден тез-ақ тайқып шыққанын Қабыл түсіне алмай-ақ қойды, ә? Ол мұны тіптен түсінбеуі де мүмкін»
деп ойлаймын. «Қыз ең болмаса соны білсе ғой...».

           Осы бір өкінішті оқиғаға
куә болғаныма бір жағы өкініп те келе жатырмын. Бүгінгі кеш Қабылмен бірге
Мәликеге бармауым керек еді. Heгe соншалық елпілдей қалдым екен? Мана шығып
бара жатып, Мәликеге ауыр-ауыр сөздер айтқаным да қателік болды.

         Бір сәттері мазасыз ойлардан
құтылмақшы болып:

-        Сендердің бір-біріңмен
кездескендерің әсте әбестік болған. Оған мен де кінәлі шығармын, - деймін
өз-өзімді кінәлап.

         Ол маған бұрылмайды. Озып кеткен. Томпандап
тартып барады.

-        Жылағаныңды
менен басқа ешкім көрмесін де білмесін,
- деймін.

-        Біле
берсін, көре берсін, - дейді ол бұрылмастан.

-        Жоқ
білмесін, - деймін мен. - Дүниенің тұтқасы жалғыз Мәликенің
қолында тұрған жоқ қой.

-        Сен
де бір түкке түсінбейді екенсің. Мен үшін кілттің бәрі сол қыздың қолында. Мен үшін одан басқаның керегі жоқ. Соны ұқсаңшы ең болмаса.

-        Сәл
кідірші. Сөйлесейік.

-        Сөйлесетін
не қалды. Кеш бойы аузын буған өгіздей отырып-отырып,
енді шешенси қалыпты ғой.

-        Ау,
сен қайда тартып барасың? Ашуды басқан соң кірейік
те.

-        Жоқ,
қазір барамын. Мен ешкімнен ұялмаймын.

-        Тоқтай
тұршы. Тыңдасаңшы. - Кідірмек
түгілі, бұрылмайды да.

           Үйге келсек, бәрі
отыр екен.

          Рахым аяғын
керуеттің жақтауына асып қойып, кітапқа үңілген.
Егізбай буы бұрқыраған көк
шайнектің жанында қалың дәптерге бірдеңелерді асығыс жазып жатыр. Шекербек нән столдың бір шетіне қалтасындағы
қоқыр-соқыр қағаздарын жайып тастаған. Әдетіне басып, қаттап қоймақшы-ау.

-        Мені ол неге алдайды? - деді
Қабыл маған тағы бір бұрылып. - Деді де, апыл-ғұпыл шешініп, жатып қалды.

-        Мыналарға
не болған-ей, - дейді Егізбай танданып.

-        Қарап
жүре ме? Бір пәлеге ұрынған
да. - Шекербек танауы делдиіп, аяқ астынан көлгірси қалыпты.

         Рахым үндеген жоқ.
Тек екеуімізге кезек-кезек қарай береді.

VI

        Содан бері бір ай
өткен. Мәликені кездейсоқ көшеде кездестірдім. Біздің жігіттерге келгіштеп
жүретін бір мұрттының қолтығында кетіп барады екен. Бұрылған жоқ. Бұрынғысынан
да толып, бұрынғысынан да
ажарланып кетіпті. Мұрттыға
әлсін-әлі қиыла көз салады да, бөгде
кісі танып-білмейтін қылықпен сылаң қағады. Жігіт те әлсін-әлсін бұрылып, қарап қояды. Мәлике онан сайын еркелеп, мұрттының жеңінен тартқылай береді.

         Дел-сал тұрып қалыппын. Олар ұзап барады. Екеуінен көз алар емеспін. Қадала қарап, әлі тұрмын, әлі
тұрмын. Ол екеуі мені мазақтап кеткендей көрем.
Мәлике мұрттыға қиыла жұғысып: «Анада бір күле қарап едім, екеуі бірдей есінен танып, артымнан қалмай
қойды. Бір бейшара екен» деп бара
жатқандай көрем... Қарап тұрып қалтыраймын - «шынымен-ақ жәбірлеп кеткені ме? Heгe өйтеді?
Өйтпеуі керек қой. Қабыл да барып тұрған
бос белбеу-ау. Әйтпесе, немене?..
Енді мынау екеуінің күліп бара
жатқаны».

          Қолтықтасқан екеу
көрінбей кетті. Бірақ олар көзден таса
болғанымен көңілден кеткен жоқ. Қай жаққа бұрылсам да, әлгі екеуі сылқ-сылқ күліп тұрғандай. «Өздері бір бейшара екен...» деп тұрғандай.

        Осының бәрін алғашқы
сәттерде Қабылға айтпақшы болып
бекінгем. «Бірақ ол бұған не
демек? Дәнеңе де демейді. Маған қосылып
Мәликені еш уақытта да жамандамайды. Ендеше, оған несіне айтамын».

         Азаппен жүріп күнді
батырдым. Ақыры тағат таппайтын болған соң, қас карая әлгі мұртты жататын жатақханаға жалғыз тартып кеткенмін. Екпіндеп барған бойы есігін ашып
қалсам, бөлмеде бір өзі екен. Трусишең. Сынық айнаға сығырая
қарап, шашын майлап отыр.

-        Рұқсат па?

-        Келіңіз,
- деді ол. - Моншаға барып едім, мына шашы
құрғыр икемге келер емес.
Сосын жуасытып жатқаным ғой.

         Маған қараған да жоқ.
Шашымен әлек болып әлі отыр.

         Әлі отыр. Мен не
дерімді білмеймін. Қызбалықпен келіп қалып,
енді қипақтай бастадым. Бір кезде ол басын көтеріп:

-        Кімге
келіп едіңіз? - деді.

-        Сізге,
- дедім жұлып алғандай.

-        Бір
жерде көрген сияқтымын.

-        Мүмкін.

          «Тағы не айтасың»
дегендей ол тесіле қарап қалыпты.

-        Басқа
жігіттер қайда кеткен? - дедім әңгімені қай тұстан бастарымды білмей.

-        Әй,
бұл екеуі кітапханадан
шықпайды. Тесіліп отырған шығар.

-        Ә-ә!..

-        Бұйымтайыңызды айта беріңіз. Құлағым сізде, - дейді ол. «Мұндағы адамның булығып отырғанымен түк ісі жоқ, жайбарақат сөйлейді өзі» деймін
іштей. «Өйтпегенде ше? Мұның
төрт құбыласы түгел ғой...».

-        Алдымен
танысып алайық, - дедім. - Менің атым - Керімбек.

-        Бөкенбай!
- деді ол. - Жеңілдеуі - Бөкеш. Иә, мені
бәрі де Бөкеш дейді. Қалауыңызға жараса сіз де Бөкеш дей беріңіз.

-        Сен
Мәликені білесің ғой. - «Сенге» көшкенімді сезбей
де қалыппын...

          Ол басын көтеріп
алды. Көтеріп алды да, алдындағы айнаның
сынығын әрі ысырып тастады.

-        Маечканы
ма?

-        Мәликені.
Университеттегі тарих факультетінен.

-        Білгенде
қандай... Кәдімгі бес
саусақтай. Осы бүгін ғана екеуіміз
талай жерді шарлап қайтгық. Әттең,
қалтаның түбі таяздау боп қалды. Әйтпесе, ресторандату
керек-ақ еді...

-        Оны
қашаннан бері білесің?

-        Күн
санап жүрді деймісің. Көп болды, әйтеуір.

-        Енді
сол қызды қойсаң қайтеді.

-        Жігітім,
мұндайда арақ ішіп алып
әңгімелескен жөн болар.

-        Ол
қиын емес қой.

-        Немене,
Маечка жақының ба еді?

-        Иә...

-        Жоқ,
әлде қызығып жүрмісің?

-        Иә...

-          Қыз
саған қызықпаса ше?

-        Ол
жағында шаруаң болмасын, тек сен Мәликені әурелегенді
қойсаң...

-        Қорқытқаның
ба? - Бөкенбайдың мұрты
жыбырлап, көзі жұмылып
барады. Бірақ жорта қоразданғаны көрініп
тұр.

-        Қорқытса
ше?

-        Ол
қолыңнан келмейді. Жалынсайшы. Біреудің жалынғанын жақсы көрем.

-        Солай
ма?

         Менен бұрын Бөкенбай тұрып кетті.

-        Біздей
жігіттер төбелесетіндей қыз емес қой ол. - Оның
жүзінен сескенгендіктің белгісін аңғару қиын еді.

        Тек өлердей шаршаулы
сияқты. «Бұл несі екен»
деймін өзіме-өзім. Бірақ оның
самарқаулығына шыдай алар емеспін.
Шыдай алмаған соң.

-        Жалынсам
ше? Ал жалындым, - дедім.

         Ол үндеген жоқ. Аяғын
әзер басып, төсегіне құлай
кетті.

         Өзі бір көргенде қыз
қызығатындай-ақ жігіт екен.

         Үзын бойлы, палуан тұлғалы. Қою қара шашын сәндеп қайырған. Оң қолының ортаңғы саусағындағы дәу жүзігі жарқ-жұрқ етеді. Езу тартқанда
әрідегі бір алтын тісі қоса жарқырайды
екен. Тек көзінің алды, мандайы - мыж-мыж.

         Ерегіскенін қалап-ақ
едім, бірақ мына жігіт одан іргесін аулақ
салып келе жатыр. Енді не істеу керек?

-        Сен
оны қайдан білесің? - деймін тағы да сөніп қалған
отты қайта үрлегендей.

-        «Қайдан
білесінің» қалай? Бір кеште таныстық та.

-        Қашан?

-        Өй,
қайдан білейін. Одан бері де талай қыздың қолын қыстық. Осы күні қызбен танысу дегенің шырпы жаққанмен бірдей емес
пе? Бүгін Маечка, ертең...

-        Тағы
не айтасың?

-        He
айтушы едім. Асықпасаң, ермек болсын, осы Мәликені
қалай тапқанымды айтайын...

          Күйініп келіп
отырғаныммен түк ісі жоқ оның. «Ермек болсын» дейді.

Бөкенбай менің құптауымды күткен жоқ. «Кетіп қалар» деді ме, асығыс бастап кетті.

-        ...Баяғыда,
күтпеген жерде бір отырысқа тап болғам. Сырттай таныс жігіттер кездесіп қалып, қоймай ертіп кеткен. Өздері жеке
пәтерде тұрады екен. Жай әншейін, мөлтек ойын-сауық жасапты. Төрт-бес қыз
шақырыпты. Ән айттық, би биледік. Бір көтеріліп, дастарқан басына қайта оралғанымызда менің дөп жаныма осы Мәлике кеп қалыпты. «Гитара
тартқыш екенсіз. Әніңіз де әдемі»
дейді. Ойын-сауық кезінде қызбен
қатар отырғанды кім жек

көрсін. Қуанып қалдым. Өзі де
былай... Қара жаяу емес. Енді
жан-жағыма алақтағанды қойып, шарапқа әлсін-әлсін қол соза берем. Ән, буынсыз
әзіл-оспақ дегендеріңіз болса-болмаса лек-легімен кетіп жатыр. Манадан бері
батырып ішкен шараптың буы ма, әйтпесе, шын-ақ шығар, қыз бір-екі рет жанап
кетіп еді, иығы ып-ыстық көрінді. Енді тағат тауып отыра алсамшы.
Ол шарапқа тартынбайды екен, мен де
тартынғаным жоқ. Осы сәтте бұрыннан сырмінез адамдардай-ақ
сампылдасып, айнала-жұртты ұмытып кеттік. Танысқаннан кейін
ол:

-        Қайда оқисыз? - деген.

-        Горныйда, - дедім мен аузымды
толтырып.

-        Жақсы екен.

-        Несі жақсы?

-        Горный - үлкен ғой, - деген
ол.

          Бір ретін тауып чемпион
екенімді айтқанмын.

-        Палуансыз
ба? - деді ол.

-        Иә.

-        Төбелестен
қайтпайтындарды жақсы көремін, - деген ол.

-        Ешкімге
есемді жібермеймін. - Өз-өзімнен коразданып, бір-екі рет жөткірініп те қойғам.

          Ол жақындай түсті.
Сосын маған еркелей қарап:

-        Мені
Мая деші. Мәлике деген ұнамайды,
- деп қарап тұр. Е, немене сол сөзді сатып алыппын ба,
қалауы екен:

-        Маечка!
- деп мен де жақындай түстім.

-        Жаңағыдай
еркелете тағы бір аташы, - дейді ол. Кәдімгідей-ақ қиылып отыр. Жел сөзді аяйын ба, айта салдым:

-        Маечка!

        Бір кездері қыз иығыма қолын
артты. Сол мезет менің оң
қолым да оның иығына барып қалған-ды. Енді бір- бірімізге бұрынғыдан
да жақындай түстік. Одан соң бір мезеттері
Мая мені құшақтауға бет
алған. Сол мезгіл ол:

-        Бұрын
сені неге көрмегенмін, - деген.

-        Енді
кезіктік қой. Айрылмаспыз, - дедім. Қыз оған көп малданып, маған қарай жақындай түскен. Мен де оған қарай жақындай бердім. Алдымен менің тізем
оның тізесіне тиді. Сонсоң мен шыдай
алмай:

-        Сыртқа
шығып келейік, - дегем. Қыз үнсіз ере берді. Арттағы жұрт дабырласып қалды.

-        Түу, маналы бері тар үйде тұншығып
отыра бермей, осылай шықсақшы, - деймін ентігіп.

          Қыз басын шалқақ ұстап,
әлсін-әлсін кірпігін қаға береді. Мен болсам, алып-ұшып жер-көкте тұра алар емеспін.
Керемет бір сүйексіз сұлу сөздер көкірекке келіп құйылып жатыр, құйылып жатыр.
Мен оның бәрін асыға- үсіге айтып жатырмын, айтып жатырмын. Мәлике
кәдімгідей-ақ ұйып қалған. Тек еріндері болмашы ғана бұлқынып, қолын көтере
береді. Құшақтап едім, екі қолын иығыма тастай салды. Сүйіп жатырмын.
Сүйіп жатырмын.

-        Күнде осылай оңаша қалып тұрайықшы,
- деймін.

-        Мейлі, - дейді дір-дір қағып.
- Қалай сені бұрын көрмегенмін...

         Қыз алдымен көкірегімді
ашып, көп иіскеді, құшырлана иіскеді. Сонсоң қатты қысып құшақтады. Тұла бойым
шымырлап алып барады. Енді болмаса құлап кететін сияқтымын. Қыз да көзін
аша алмайды.

-        Осылай тұра берейікші, -
деймін.

-        Мейлі, мен түнімен тұра
беруге бармын. Тек қаттырақ құшақташы.

-        Мінекей.

-        Көзімнен сүйші.

-        Әкелші көзіңді.

-        Екі көзімнен де.

-        Әкелші.

-        Жаным менің...

-        Мені жақсы көресің бе? -
деймін.

-        Сендей жігітті жақсы көрмеу
мүмкін емес.

-        Сен
ше? - дейді.

-        Жақсы
көрмесем, осылай тұрамын ба?

-        Тастап
кетпейсің бе?

-        Айтпашы.

          Қыз маған тығыла түсіп,
тағы күбірлейді. - Тастап кете алмайсың, - дейді ол.

-        Қойшы, - деймін.

-        Екеуіміз әлі-ақ үй боламыз.

-        Иә, иә...

-        Сендей жігітті кездестірсем
дейтінмін. Бүгін кездейсоқ жерде тап болдым. Енді айрылмаймын.

-        Иә,
иә...

         Қыз білегімнен мықтап
ұстап алған. Құлағыма бірдеңелерді сыбырлайды. Түк ұқпаймын. Мен де бірдеңелерді сыбырлаған боламын. Co күні қонып қалыппыз...

           Бөкенбай маған
қарап күледі. Қызық анекдот айтқан адам
сияқты.

          Мен түс көріп
отырған тәріздімін.
«Жаңағының бәрі түс қой...». Осыны
Бөкенбайға мақұлдатқым келіп:

-        Жаңағы
айтканың... - деймін екі ұштылау
қатып.

-        Иә,
сол Мәликенің өзі, - дейді ол жайбарақат.

          He дерге білмедім.
Сол-ақ екен, ол ыңылдап бір ойнақы әуенге ойысып кетті. «Әу...» деп бастайды
да:

Келемін жоғарыдан заулап түсіп,

Жолымда қыздар жатыр баудай
түсіп... айхой-ай! - деп бір
қайырады.

-        Өтірік
айтасың? - деймін. - Өтірік!

-        Оны
өзің білесің.

-        Өтірік!

-        Мен
енді ұйықтаймын, - дейді ол.

         Қайтып жауап катқым
келмеді. Манағы ашудың орны бос
қалған тәрізді. Осында келгеніме өкіндім. Қатты өкіндім. Енді кідірудің еш реті жоқ. Co мезет:

-        Ал,
сау бол, - деді Бөкенбай бас-аяғымды тағы бір шолып өтіп.

         Сүйретіліп шығып
кеттім.

         Алматы түні жайдары
екен. Тізбек-тізбек шамдары жанып,
жарқырап тұр. Тау жақтан
майда бір леп еседі қамқор алақанның
жайлап қана сипағанындай. Адам аяғы саябырлап
қалған. Көкірек сарайын ашатын таза ауаны қомағайлана
жұтып, өзіміздің жігіттерге
жетуге асықтым.

VII

           Көп ұзамай біз студенттердің жазғы жұмысына кеткенбіз. Алдында бір ай деген-тін. Кейін созылып кетті де, көп жүріп қалдық. Бұл мезгілде менің білетінім. -
Қабыл Алматыда қалған Мәликеге екі-үш хат жазған. Бірақ оған жауап келмеген.

          Сонсоң ол бір-екі рет ішкен
кезімізде маған «аһ» ұрып, «неге алдайды» деген. Деген де қойған. Келе-келе күнделікті тірліктің қарбаласы
Қабылды

үйіріп әкетті. Темір-терсекке
жақын жүретін ол келе сала бір
шофермен тез жұғысқан-тын.
Қолдары қалт етсе екеуінің де дәу машинаның
кем-кетігін жамауға жұмылып жатқаны. Ерінбейді де. Ерте демейді, кеш демейді, май-май боп жүргені сол.

         Кей уақыттары ол
жатар орынға да келмей қалады. Оған қайғырып
жатқан ешкім жоқ. Білеміз ғой, «Қабыл түн ортасына
дейін дәу машинаны жөндескен. Түн ортасында шофер
досының қара келіншегінің қолынан қою шай ішкен.
Асықпай әңгімелескен. Сонсоң қонып қалған да».

        Құлқын сәріден тұрып, екеуі машинаға қайта жармасады. Жұмыс кезі жақындағанда шофер
машинасымен қырманға кетеді. Қабыл
бізге келеді.

-        Иә,
қалай екен? - дей салады оған Рахым.

-        Қалай
болушы еді, машинаны қатырып жөндедік. Ағай элеваторға кешке дейін он қатынайтын шығар.

-        Бүгін тағы барамысың ол үйге?

-        Сөйтіп уағдаласқанбыз, - деп
Қабыл күледі. Біз де күлеміз.

        Күз орталанып қалған кезде
қайтатын болдық. Кішкентай ауыл біздерді шығарып салуға әзірленіп жатты.

         Қалаға жүрер алдында Қабыл
екеуіміз ауыл дүкеніне бардық. Қалтада ақша жетерлік-тін. Бірдеңелер
алмақшымыз.

         Әрі қарадық, бері
қарадық. Ақыры мен табаны қалың бәтеңкені
қаладым. Қабыл ер адамға керек мүлікке қарайлайтын емес. Бұрыштағы әшекей дүниеліктер қақталған айналы жәшіктер алдынан шықпай-ақ қойды. Әрі айналды, бері айналды, сонсоң барып, қаланың қыздары керемет
көретін ұзын жүн шәлі алды. Түсі де бір оңды екен. Ол мұнымен бітпеді. Бір құты
әтір тағы алды. Сезіп тұрмын. Сезген соң да ренжіп тұрмын.

-        Қабыл, қойсаң қайтеді осыны.

         Төмен қараған бойы
үндемейді.

-        Қашанғы кішірейе бересің?

          Ол тағы үндемейді.

-        Сенен ештеңе күтпейтінін
білесің.

          Қабыл түйіншегін алып,
үнсіз шығып бара жатыр.

-        Бұған дауа жоқ шығар...

          Дүкенші қыз біздің
әңгімеміздің ұштығына жете алмай аң-таң қала берген.

VIII

        Алматыға жеткен бойы
үйреншікті жатақханаға жайғастық. Енді бір апта боспыз.

         Бір күні бөлмеге нән қарбыз
әкеліп, енді ортаға алып жатқанбыз, біреу есік қақты.

-        Кіре берсеңші, - деді Егізбай
мойын бұрмастан. Сырттағы адам тағы есік қақты. Қатты қағады - асығыс келген
кісі тәрізді.

-        Барсаңдаршы, - дейді Шекербек
зілдене. - Неғып қарыса қалдыңдар.

-        Тарта
бер. Мұнда есік ашатын ешкім
жоқ. Шекербектен басқаның бәрі белінен шойырылып жатыр, - деді Рахым селк-селк күліп. Артынша есік жайлап
ашылды да, еркін басып, Мәлике кіріп
келді.

-        Сәлеметсіздер ме?

         Ә дегенде аңтарылып
қалғанбыз. Алдымен есін жиған Рахым
болды.

-        Шықпаған
жанымыз, міне отырмыз әйтеуір, - деді ол
даусын жорта дірілдетіңкіреп. Мен жалма-жан Қабылға қарап едім, ол келеңсіздеу аңырып отыр екен. Бір сәт Мәликеге көз тігеді. Қайта тайқып кетеді.
Қайта көз тігеді.

Мандайынан шып-шып тер шыққан.
Қолы қалтырап, темекі тұтатпақшы...

-        Үйге
келген қонаққа түк таппағанның өзінде тізе бүк
демеуші ме еді, осы. - Мәлике келісті көк торғын көйлегінің етегін еппен тартып, есік жақтағы орындықтың шетін ала
отыра кетті.

-        Қыз
көрмеген басымыз қайдан білейік. Енді үйрене жатамыз да. - Рахым ортасынан қақ бөлінген қарбыздың жүрек тұсынан бір кесегін алып, аузына тастай салды.

-        Мәлике,
бері жақындасаңшы. Қарбызға кел, - деп Егізбай
қапелімде бәйек боп жатыр.

-        Көптен
көрмеген соң жатырқап қалған шығармыз. Оның несіне шамданады, - деп Рахым қиястана сөйлейді.

-        Шіркін,
дүние-ай! Ақ сазандай Мәлике едің. Осы жазға
сыр беріп қойғаннан саумысың. Қарайып кетіпсің ғой. - Шекербек
манадан бері сұқтана қарап
отырған. Таптым, десе керек, маңғаз жөткірініп, жеңіл күлген болды.

         Қабыл екеуіміз үнсіз
отырмыз. Мәликеге қараймын.
Шындығында да қарайып кеткен екен. Бетіне секпіл шыққан ба, қалай? Баяғыдай
емес, өне бойынан бір босаңдық
байқалады. Тек кеудесі анау күндердегіден
де шалқақ тартқан. Қос алмасы көйлегінің өңірін
тіптен көтеріп кетіпті.

       Менің сұқтана қарап отырғанымды сезе қойған қыз үнсіз бұрыла берді.

Енді Қабылға қараймын. Қарасұр жүзіне қан жүгіріпті. Ол столға шынтағын тіреп бір қырын
отырған. Әлгі шынтағы құрғыры
екі-үш рет тайып кетіп, құлап
қала жаздады. Мана-ақ апыл-ғұпыл
шылым тұтатқан еді. Онысы да сөніп қалыпты.

        Мәлике ештеңеден
қысылатын емес. Күнделік бізбен бірге
жүргендей-ақ жайбарақат қалып танытпақшы. Тек төмен тарта беретін кірпіктер ғана іштейгі бір толғаныстың
хабаршысындай. Оны дөп сезіп отырмын. «Сонда ол неге келді? Өзі не ойлайды?».

       Ол құмарта қарбыз жеп отыр. Әдейілеп қарбыз
жеуге келген сияқты. Енді соның
үстінен түскеніне қуанатындай. Қабыл екеуіміздің қарадай әлек болып отырғанымызбен
еш ісі жоқтай-ау. «Әлде әдейі-ақ сөйте ме екен?».

       Шыдамаса керек, анау
үшеуі қозғалақтай бастады. Рахым
темекісін тұтатты да, сыртқа шығып кетті. Табалдырықтан әрі аттай бере ол
Мәликеге бір қараған. Оңдырмай қараған. Оны қыз сезді де. Бірақ түк
көрмегендей сазарып отыра берді.

        Қыз жеген қарбыздың бір төбе
қабығын жинап жатып, Егізбай мырс ете
қалған. Сонсоң Мәликеге көзінің асты- мен
бір қараған. Оңдырмай қараған. Оны қыз сезді де. Бірақ түк көрмегендей сазарып отыра берді. Шекербек төмен
түсіп, беті-қолын жуып келді де, көп сүртінді. Сәндеп киінді.
Сонсоң әудем бір иіліп, Мәликеге «сау болыңыз» деді. Жалт қараған қыз бір
белгісіз

ықыласпен қайта-қайта бас изеді.

-        Тастап бара жатқаныма
кешіргейсіз, - деген ол сонсоң. Қыз бұл жолы бұрылған жоқ. Шекербек оған
қарай-қарай кете барған.

        Мен үйден шығудың ыңғайын
таппай-ақ қойдым. Әу, деп тұрып кетсем-ақ, Қабыл қатты жалғызсырайтындай көремін.
Оны жеке тастап кетуге болмайтындай. Жеке қалса - бәрін бүлдіретін сияқты. Қараптан-қарап әуре-сарсаңға түстім. Нем бар десейші...

-        Бұйымтайыңды айта отыр, - деймін түк
таппағаннан кейін Мәликеге. Қыз оған күлді. Сонсоң басын епетейсіз бір сілкіп тастайды да, маған әнтек бұрылады. Мен де әнтек бұрыламын.
Бір сәт кезіміз түйісіп қалады. Ол қайтпайды. Мен де қайтпауға бекінгендей боламын.
Co кез қыз:

-        Сенде
бұйымтайым жоқ, - дейді.

-        Солай
ма?

-        Иә,
солай. Уайымдамай-ақ қой.

-        Жоқ.
Уайымдап отырғаным жоқ.

-        Маған
да керегі сол.

-        Қашаннан
бері құпия сөйлесетін
болғансыңдар?

-        Бүгіннен
бастап.

-        Жарайды
онда.

-        Мына
Қабылды өз бөлмесіне жалғыз тастап кете аласың
ба? - Мәлике тағы күледі.

         Енді арашашы іздеп,
Қабылға қараймын. Ол манағы сұлқ түскен мазасыз қалпынан ада
болған. Оң қолымен шашын тарақтап,
көзін жыпылықтата береді. Шалқалай отырған
күйі Мәлике жаққа жалтақ-жалтақ бұрылады. Қуанып отырғаны айдан-анық. Әкесі базардан
келген бала

қоржынның аузын шешкенше өстіп -
тағатсыз күтініп отырар еді. Қабыл да
дәп сол сияқты. «Кетуім керек. Дәл қазір
кетпесем - Қабыл да, Мәлике де қосыла ренжитіндей.
Енді кідірудің түк реті жоқ. Иә, кідіруге болмайды».

Үнсіз орнымнан тұрдым. Түс
боп қалған екен. Жұмсақ
күздің жадыраңқы күні. Арғы-бергінің
бәрі маужырап тұр. Екі-үш жігіт нән-нән қарбыз көтеріп келе жатыр. Қарсыдағы
көне шіркеу ғана томсыраяды. Бұрыштағы кішкене асхананың алды ығы-жығы.
Араларынан көк түтін шығады. «Е, бә-се! Істікке

шаншылған етке құмарлар жиналған ғой. Әнебір мүртты шал көңілі түссе, отқа
ет қақтайтын еді. Соны аңдып барған да».

          Рахым кезекте тұр екен.
Жақын келіп, жеңінен тартып қалдым.

-        He? - дейді ол.

-        Ештеңе, маған да ала шық.

-        Нешеу?

-        Төртеу.
Әбден қақташы. Қарайып кеткенше оттан алма.

-        Оу,
неге?

-        Кереметтей
ащылағым келіп тұр...

IX

          Төртінші курсты
бастағанымызға айдан асқан. Қабыл үнсіз
жүреді. Бұл мезгілде мен одан
ештеңе сұрамағам. Қабыл да менен ештеңе сұрамаған. Бір білетінім - ол қатарынан үш-төрт кеш түн ортасында
келген. Бірде алып-ұшып,
қуанышты келген.

-        Керемет бір концерт көрдік, -
деген ентігін баса алмай.

-        Екеуің барып па едіңдер?

-        Иә, еке-уі-міз...

         Бірде жауар күндей түнеріп,
түтігіп келген.

-        Сөйлестім, - деген ол иегі
селк-селк етіп.

-        Кіммен?

-        Мұрттымен.

-        Иә...

-        Барып тұрған ақымақ екен.

-        He дейді?

-        Миығынан күледі.

          Бірде сұлқ түсіп, қапаланып
келген.

-        Осының бәрінен қашып құтылғым-ақ
келеді. Бірақ бір әлеуетті қол жіберер емес, - деген ол басын көтерместен.

-        Қандай қол?

-        Оны өзім де білмеймін.

-        Тағы
не айтасың?

-        Сен
айт.

-        Менен
ақыл сұрағаның ба?

 

-        Жоқ.

-        Енді
не?

-        Жай
әншейін айтқаным ғой...

         Бірде біз оның
аузынан бұрқыраған арақ иісін
сезгенбіз.

-        Оны
айыптай алмаймын, - деген Қабыл жарқын сөйлеп.

-        Кімді?

-        Мәликені
де!

-        Мұрттыны ше?

-        Қойшы
соны.

-        Арақ
ішіпсің ғой?

-        Баяғы
кафеге барып едік...

           Көп күндер үнсіз
жүрдік. Ол да екеуара әңгімеден қашқақтайды. Мен де қашкақтайтын сияқтымын.
Қаншама рет оңаша да отырдық. Бірақ
бір-бірімізге тіс жарғанымыз жоқ. Сол кездері оған көңілдегімнің түгін қоймай

ақтарғым келіп, талай оқталдым
да. Бірақ ол мезетінде-ақ кереметтей қипақтап, қыбыжықтап қалушы еді. Көзімен жалынып, іштей іргесін аулақ сала беретін. Оның жыпылықтаған
кірпіктері - үлкендері үйде жоқта табал-

дырықтан аттап басқызбайтын шаруақор баланың байбаламындай көрінетін.

Әйтеуір, арамыздағы белгісіз бір әрі-сәріліктен құтыла алмай жүретінбіз.

        Бір кеште Қабыл бөлмеге
ентіге кірді де, ештеңеге карамастан:

-        Саған оңаша айтатын әңгіме
бар, - деді.

-        Сыртқа шығайық.

          Ол анадағы Мәлике
келіп-кеткен күннен бергі тоң-теріс жүргенімізді мүлдем ұмытқандай. Алып-ұшып тұр.

         Сол бойы кідірместен жатақхананың
алдыңдағы жатаған орындыққа барып отырдық. Әдетіне басып, дереу темекісіне
жармасты. Қолы дір-дір етеді. Жылтыр қораптың аузын аша алмай әбден әлекке түсті.
Енді бір сәт сіріңке тұтатып, шылымын мұқияттап кептірді. Қайта сіріңке тұтатты.
Әлден уақ өтті. Мені мүлдем ұмытып кеткендей. Әдейілеп шылым шегуге келген
сияқты. Әрі отырдым, бері отырдым. Тіптен шыдай алар емеспін. Соны
сезген болуы керек, Қабыл:

-        Сен
де тартсайшы, - дейді.

-        Бір
үйден Рахым екеуің жетесіңдер-дағы.

-        Өй,
қызықсың ғой. Көрші өзің.

-        Көрмеймін.

-        Түу!

-        Ау,
қашанғы отырамыз?

-        Асықпасаңшы.

-        Кеш
бойы сенің түтін жұтқаныңа
қадалып...

-        Жо-жоқ,
қазір, - деді Қабыл сөзімді аяқтатпай. Сонсоң жаңалап темекі тұтатты.

           Әлі отырмын, әлі отырмын. Күн
әлдеқашан-ақ үясына қонған. Қас қаққанша қараңғылык үйіріле қалатын күздің
кеші. Көз байланған сайын бір мазаңдық дес берер емес.

 

           Бір кезде Қабыл иығымнан
епетейсіз тартып қалды да:

-        Айтайын ба? - деді
ыржалақтап.

-        Тындап көрейік.

-        Тыңдап көрсең бар ғой, дос,
үйленетін болдым. - Әрлі-берлі үнсіздіктен соң:

-        Рас па? - деймін.

-        Түп-түгелімен.

          He дерімді білмеймін. Ол
маған жалтақ-жалтақ қарай береді. Ақыры шыдай алмаған соң:

-        Шының
ба? - деймін мен тағы да.

-        Иә,
бұрын-соңды өтірік айтқанымды
естіп пе едің?

-        Кім
біледі? Қалжыңың шығар. Үйлену - дүкеннен жаңа
көйлек сатып алу емес қой. Оны оңайлықпен шешіп тастай алмайсың.

-        Сенімен
әзілдеспегелі қашан... - Қабыл жеңіл күрсініп
қойды.

         Әне-міне дегенше көз
байланып қалды. Қабылдың бет-жүзін көріп отырғаным жоқ. Бірақ оның осы
сәттердегі бар толқу-толғанысы
көкірегімде сайрап тұрғандай.

        Мылқау үнсіздікті бұзғым келді.

-        Е,
солай де.

-        Енді
қайтеміз.

-        Жоқ.
Менікі әншейін, аузымыз күйіп қалған соң үрлеңкіреп
ішейік дегенім ғой.

-        Ауыз
күймегеннен кейін қызық та болмайтын шығар.

-        Айнымастай
табыстыңдар ма?

-        Табыстық
қой. Мәликенің мені алдауы мүмкін емес. Жай, әншейін, балалық та. Өтті де кетті.

         Мүмкін. Бірақ өз басым
Мәликенің ол қылығын ешқашан кешірмес едім.

-        Мейлі ғой. Адаспақ бар да,
қайтып оралмақ бар. Оны несіне мін тұтасың.

-        Босбелбеуліктен биіктеу
болайық та.

-        Қалауым осы. Аржағын біліп
жатқаным жоқ.

-        Қойсаң қайтеді, - дедім
Қабылға тіке қарап.

-        Дос, - дейді Қабыл мені
қапсыра құшақтап. Болмайды ғой. Бірауық ұқсаң етті. Тек құптауыңды қалап отырған
жоқпын ба?

-        Қиын болар, - деймін. - Мұндай
қылықты бір кешірсең, кейін талай кешіруге тура келер. Ол кез - бармақ
тістеудің өзі ақымақтың ісі.

           Қабыл аңырып қалғандай
ыңғай танытты. Қаттырақ айтқан
болуым керек. Қаттырақ тиген болу керек. Бірақ ол тіресе уәждесуге жоқ. Нақ бір қарсы болатынымды біліп келгендей. Бәріне көне
бермекші-ау.

-        Қайтесің,
қойсайшы, - деді ол. - Бұл
әңгіме әлдеқашан біткен. Уәде піскен. Сенімен ақылдаспағым басқа шаруа.

-        Соны
айтпай-ақ қойсаң ғой.

-        Heгe? Айтамын. Бәрін айтамын.

-        Тыңдамасам
ше?

-        Жоқ,
сен тыңда. Кекірейе берме. Сенің кекірейгенің - дәл қазір жараспайды. Тындап
көр. Жақсылап тыңда. Ынты-шынтыңмен тыңдап, ақыл қос. Басқаңды білмеймін.

-        Шын.
Тыңдағым келмей отыр.

-        Жоқ,
сен тыңдайсың. - Қабыл аяқ астынан түнеріп шыға
келгендей. Орындық селкілдеп кетті.

-        Сен
немене, өзің. Болды ғой енді. Айтсаңшы әрі сиыр құйымшақтандырмай.

-        Айтсам
бар ғой, Мәлике екіқабат.

          Орнымнан тұрып кетіппін. Сонсоң әрлі-берлі
жүріп келіппін де, Қабылға «сен не»
деппін. Ол басын көтерген жоқ. Екі
қолымен маңдайын тіреп, сұлқ
отырып қалған. Сол отырған күйі:

-        Анау
жігіт алдап кетіпті. Тойды ертерек жасаған жөн дейді.

         Тағы әрлі-берлі жүріп
кетіппін. Әрлі-берлі жүріп келіппін
де, Қабылға алара қарап, «оны қайтесің» деппін. Жауап болмағаннан кейін шыдай алмай:

-        Сен кімге әке болмақшысың? -
дедім.

         Қабыл басын көтеріп алып,
ауыр күрсінді. Артынан асықпай
темекі тартты. Темекі түтінімен араластырып:

-        Алдымен
Мәликеге адал жар боламын. Сонсоң Мәликенің
құрсағынан шыққан күнәсіз
нәрестеге әке боламын. Осыны қисынсыз
деп көрші, кәне, - дейді.

-        Әй,
шіркінің-ай! Қалай-қалай сүйексіз сөйлейді. Мұның бәрін қайдан үйрендің?!

-        Қылжағыңды қой.

-        Бұл қылжақ емес.

-        Енді
не?

-        Ау,
ол сенің балаң емес қой.

-        Мейлі...

         Ол қолымен шашын
тарақтап, әрлі-берлі сенделіп жүр. Күбір-күбір етеді. Терендегі ашу-ызасын толығынан шығара алмай, жер
тепкілей беретіндер болушы еді ғой. Сол сияқты. Көңіліндегі көп сырды айтуға бата алмайды. Бата алмаған соң үнсіз қалтырайды. Отырғысы-ақ
келеді. Бірақ отыра алмайды. Отыра
алмаған соң ілгері-кейін ілби береді-дағы.

-        Менің
балам емес, әрине, - дейді ол бір мезеттері.

-        Енді
неғып өзеурей қалдың?

-        Ау,
түсінсеңші, бір мезгіл. Мәлике мен үшін...

-        Әке
болу оңай емес. Әсіресе, өгей балаға әке болуды айтамын.

-        Білем
ғой.

-        Білсең
сол. Мәлике қазанның құлағын ұстаған үйде отағасы болу тағы оңай емес.

-        Бірауық
жұрттың көңіліне қарау деген
бола ма сенде, осы. Мәликеде қашаннан өшің кеткендей қаралай бересің, қаралай бересің. Оның еш айыбы
жоқ. Қателіктің бәрін айып деп білу -
азаматтық емес. Ендеше, сен бұл әңгіменді қой.

 

              Қабылға
қараймын. «Мәликені жек көргендіктен емес, қызғанғандықтан
айтасың-ау» деп тұрғандай ол.
Бетім ду ете түсті. Енді үнсіз қалуға
болмайтын еді. Алдын орамасам, Қабыл енді тоқтамайды.

-        Бұл құпияларың бәрібір ашылады.

-        Мейлі.

-        Heгe мейлі?

-        Ол
балаға әке керек емес пе? Әкесіз өссін демекпісің?

-        Өй,
жазған-ай! Онда сен әкесіз балалардың бәрін жинап
ал.

-        Алмаймын.
Бәрін алмаймын. - Қабылдың даусы қатты
шықты. Мен бір сойқан өртке от қойған сияқтымын да, енді ол өрт лапылдай
бастаған сияқты.

-        Сен
немене, иілмейтін адам бола қалғаның. Жүректің қалауы дегенді білемісің өзің. Ыстық ықылас дегенді білемісің.
Бір кісінің бір кісіге өне бойы аңсары ауып тұрса ше. Соны білемісің. Ұқсаңшы бір. Ол адамның алдымен маған басы ардақ. Ықыласы ардақ. Қыздың
адалдығы сужұқпас бір оңбағанның алдауына түсіп
қалғанымен өлшенбесе керек. Сен өйтіп
биікте тұрып ақыл айтпа маған. Түсіндің бе? Төмен түс. Берірек
кел.

-        Қайтесің.
Бұл тұста екеуіміз түсінісе алмаспыз, - дедім де, орнымнан тұрдым. Ол қайта отырғызды. Сонсоң:

-        Сен
де, мен де әкесіз өстік, - деді.

-        Сандырақтама,
- дедім. - Олар бізді тастап кеткен жоқ.
Сонау қантөгісте қыршын кеткен. Мен де, сен де әкеміздің жоқтығына арланбағанбыз. Арланбаймыз да. Ол бала әлі-ақ әкесінің жанында жоқтығына назаланар. Сен соны ұқ.

-        Жоқтамайды.

-        Жоқтайды.

-        Қайдан
біледі?

-        Ол
құпияны түнсіз зынданға
тастасаң да, бір күні сыртқа шығады.
Оның сыртқа шыққанын сезбей де қаласың. Көріп жүрміз ғой.

-        Е,
мейлі. Шыға берсін. Қорықпаймын. Мәлике барда ештеңеден қорықпаймын.

-        Жоқ,
сен ойланшы бір. - Қабыл үнсіз ұзақ
отырды. Мен де үнсіз қалғанмын... Бір
кез басымды көтеріп алсам, Қабыл түрегеп тұр екен. Маған қарады да:

-        Оның
иттігін мен түзеуге тиіспін, - деді.

-        Тағы
бір жігіт қызға иттік жасаса, тағы түземекшімісің, - дедім күйіп кетіп.

-        Жұрттың бәрі Мәлике емес. Жұрттың бәрі мен үшін Мәлике бола
алмайды, - деді де, бұрылып
жүре берді ол.

            Мен отырып қалдым. Әлі отырмын, әлі отырмын. Бір мезеттері
жан-жағыма қарасам, жатақхананың терезелері айнала жарқырап тұр екен. Ол терезелерден шыққан
ағыл-тегіл ән, ағыл-тегіл күлкі айналаға моншақша төгіліп жатыр. Сол ән айтқандардың арасында да, күлгендердің арасында
да бір-бірін шын сүйетіндер көп-ау. «Жаңағы Қабыл қайда кетті екен? Маған өкпелеген шығар. Өкпелейтін де
жөні бар сияқты. Оның алдында
Мәликені кемсіткенім қателік болды.
Иә, қалауы - сол екен. Ендеше, менің күдігімді

қайтсін ол? Әсте күдікшілдіктен
асқан қырсық жоқ білем. Бұл
жерде Қабыл мықтылық көрсетті. Анау-мынау күдік, күптілікті итеріп тастап, Мәликенің
қолтығынан сүйемекші. Сүйген адамның
ісі. Оған мен неге қарсы болам? Heгe?..».

X

            Қаңтардың басында
Мәлике босанып, ұл туды. Тайлы-таяғымызбен әйелдер босанатын
үйге барғанбыз. Қабыл да сонда екен. Бізді көрген бетте жүгіріп
келді. Екі езуі екі құлағында. Шашы ұйпа-тұйпа. Темекіні үсті-үстіне тұтатып, түтінге тұншыға
күле береді.

          Мәликені көре
алмадық. Ол хат жазыпты. Қолынан әбден
әл кеткен болса керек. Әріптері айдақ-сайдақ, әр жерде қисайып жатыр.

         «Уһ», - депті
хатында. «Сұмдық екен бұл, бала жарық дүниеге оңайлықпен келмейді екен ғой», -
депті. «Қиналғанымды тілмен айтып жеткізе алмаймын-ау», - депті. «Құтылдым-ау», - депті. «Ендігісін көре жатамыз да», - депті. «Бөпені әлі алып келген жоқ, кімге
тартты екен», -

депті. «Келгендеріңе рақмет!
Қабылдың мен қиналып жатқанда осы
маңда жүргенін өзімше сезген сияқтымын, көп
рақмет», - депті. «Кейінірек ыстық бір сорпа болса, сонсоң тандайым кеуіп, шөлдей беремін, сусынды ұмытпасаңдар жақсы болар еді», - депті.
«Ауылдағы апама хабарламай-ақ қойыңдар, кәрі кісі сүйретіліп келер де. Бірақ қиналып қалар. Қайтесіңдер. Осынан
шыққасын-ақ айтармыз...».

       Қабыл хатты қайта-қайта
оқиды. Оқиды да күледі. Сонсоң бізге
абдырай қарап:

-        Мейлі
ғой, - дейді. - Кейін-ақ айтармыз.

         Ол бізге тағы
қарайды. Қарайды да:

-        Әйтсе
де, осы күндер келсе жақсы болар еді. Жөн-жосықты көрген кісі. Көмектесетін.
Мейлі де, Мәликенің дегені болсын, -
дейді.

            Қабыл тіптен абдырап
жер-көкте тұра алар емес. Оған қарасам болды, ауылдағы әлгі ағайым еске түседі
- әйелі босанған күні ол үйінің алдындағы бақшалық жерді түгел аударып шыққан. Кәдімгі
жылда трактормен жыртып

жүрген жер ғой. Соны ағамыз
таңертеңнен кешке дейін бітіріп
тастады. Жұрттың қой дегеніне
құлақ асқан жоқ. Сондағы өткір, дәу кетпенді құлаштай
кеп сермегенін көрсеңіз... Міне, бүгін Қабылға да Алматыны бір айналып шық
десең тартынбайтындай. Қуаныш дегеніңіз адамды алды-артына қаратпайды екен-ау бұл.

          Сыртқа шықтық. Дабырласып
келеміз. Бір-бірімізге жеңістік бермей, тайталасамыз-ай! Айналып келіп, Қабылды
түртпектейміз.

-        Кеше ғана сәт сайын
тоңқылдап, түкпен ісің жоқ қатарымызда жүретін едің. Енді бір баланың әкесі
болдың, - дейді Шекербек.

-        Бәсе, осы сенің атыңның
озғаны не? Шекербектер болса екі тізесін құшақтап әлі жүр, - деп Рахым бір жақтан
тартқылайды. Сол сәт мен Қабылға қараймын.

          Ол күліп келе жатады. Нақ
бір өзінің төл тұңғышы дүниеге келгендей қуаныштан жарыла жаздайтын сияқты. Осы
сәт оның алдында ақ маралдай керілген Мәлике ғана. Осы сәт оның көз алдында
іңгәлаған шақалақ қана. Басқа ештеңе жоқ. Басқаны білгісі келмейді ол. Білмейді де.

             Әрі-бері ойланып келем -
«ендігі қалғаны - көндігу ғана. Басқалай күдікке жол жоқ. Басқалай
күдікті Қабыл қуып жіберген.
Әлдеқашан-ақ қуып жіберген екен. Сезбегенім
де. Сезген де шығармын. Бірақ мойындағым келмеген
болар. Мойындағым келмеген соң көп қиястанып, көп қасарыссам керек. Мүмкін
нағыз осал мен шығармын осы...».

             Бұл топта қилы толғам құрсауында келе жатқан мен ғана. Қалған үшеуі ештеңені білмейді.
Білуге талпынған да емес. Қабыл
қызбен танысқан кезде құптаған
да қой-ған. Кейін қыз теріс қарап кеткен кезде күлген де қойған. Енді міне,
Қабыл мен Мәлике қайта қосылып, ұлды болған
кезде қуаныштары қойнына сыймай келеді. Бәрі орнында. Бәрі оп-оңай...

           Көңілдегі көп сұраққа жауап іздеп, әлгі үшеуіне
қараймын. Олар нәрестеге ат
қоюдың әлегіне түскен екен.
Бір-біріне көнбей, қарадай «қырқысып» келеді.

          Қабыл қазіргі дабырадан
шет қалған. Әңгіме атаулының бәрі
Мәлике мен шақалақтың айналасында болған соң
ұялшақтап келе жатыр-ау.
Бірақ қоятын ба еді. Сол сәтінде-ақ әлгі үшеуі оны қайта кеу-кеулеп
кетті.

-        Ойландың
ба? - дейді Рахым. Оның «ойландыңбасының» ар жағында бір түртпек тұрғанын сезген Қабыл үндемейді. Бар тапқаны - Рахымды кезек
түйгіштеп алады. Түйгіштеп алады да, кеңкілдеп кеп күледі.

-        Бұл жігіттің атын мен қоямын, - деп
шіренеді бір жақтан Шекербек. - Кәне, менен артық білетін қайсың бар? Ылғи түк көрмеген жалаңаяқтар.

          Егізбай мырс етті.
Рахым заматында-ақ көше ортасына тұра қалып, сайрай жөнелді.

-        Қабыл-ау,
саған айтар бір өтінішім - жарық дүниеге жаңа келген күнәсіз нәрестені мына
Шекербектің жалған кісілігінен, көлеңкесінен көз алмай жүріп қарадай семіретін жорға паңдығынан, бастық болуға
құмарлығынан аулақ қылсын.
Жалғыз Шекербектің қисықтығы да жетеді
бізге. Мен десең нәрестені оған жақындата көрме. «Сынықтан басқаның бөрі жұғады» дейтінді құп алғайсың. -
Рахым көздерін аударып-төңкеріп тіптен тоқтар емес.

             Шекербек бұған
қызарақтап қалды. Басқамыз жарыса шықылықтап жатырмыз.

           Шекербектің қызарақтағаны
- бергі жағадағы жықпа толқын ғана екен. Құм-дауыл арғы жақтан көп күттірмей-ақ
caп ете қалған.

-        Сен, - деді Рахымға түтіге. -
Мына қылжақбастарды күлкіге қарқ қылдым деп масайрап келесің ғой, ә. Ақымақтық
ол. Барып тұрған
ақымақтық. Мен әлі танытамын өзімді. Оған қауқарым жетеді.

-        Қойдық,
Шеке, қойдық. Менікі - өзіл де. Сен тұрғанда нәрестеге ат қоюға кімнің
батылы барады дейсің. - Рахым
күлкісін жасырған боп, алдымызға шығып
кетті.

 

-        Қарашы
мұны. Қу бола қапты. Алдымен
көйлегіңнің жағасын бүтіндеп алсайшы.

        Рахым әнтек бұрылып, Шекербекке жадырай қарады
да:

-        Ескі
көйлегіңнің біреуін бересің де. Қайтеміз енді, - деді.

-        Болды
ғой, - дейді Егізбай.

-        Мынаның
қыршаңқылығын айтам да, - дейді Шекербек күліп.

-        Қойдық
қой, - дейді Рахым бұрылмастан.
Осының бәрі Қабылға ерек ұнайтын тәрізді. Өйткені, болар-болмасқа
да ергіштеп, күле береді, күле береді.

              Бірте-бірте оның
жүрегіндегі ыстық ықылас сезімі маған ауғандай. Бір десбермес жеңілдік,
қоймайтын көңілділік қысып барады.
Болмаған соң:

-        Қабыл,
- деймін жарқылдап. - Жүрші, нөресте үшін той
жасайық.

-        Міне,
есі бар жігіттің сөзі, - дейді Рахым әлгінің бәрін жерге түсірместен қағып алып.

-        «Жетісуға»
барайықшы, - дейді Егізбай тамсана. Көп дабырластық.
Көп дауластық. Ақыры алдымен Мәликеге керектінің
бәрін алмақшы болдық. Оны тездетіп апармақшы болдық. Сонсоң «Жетісуға» баруға бекіндік. Бұған

Қабыл қатты қуанды.

        Айтпақшы, Мәликенің
үлкендеріне де, Қабылдың үлкендеріне
де телеграмма жібермекші болдық. Ат қоюды да
солардан жұқалап сұрамақшымыз. Бұл өзі Қабылдың көп қиылған қалауы еді. Оған тіпті Шекербек те жарытып дау айта
алмаған.

XI

         Мәлике университетті
тамамдаған. Бітіргендерді алыс-алысқа бөлген кезде ол Алматыда қалған. Енді қызметке орналаспақшы-тұғын.

           Бір күні Қабыл мені үйіне
шақырды. Алып ұшып жетіп бардым. Мәлике кішкентайын бақшадан жаңа әкелген екен.
Онша көңілді көрінбеді. Бірақ ол
көңілсіздік - Мәликенің келісті келбетін менен өсте жасыра алмаған. Қашан көз
салсаң да, ақ сазандай бұлқынып
тұрғаны. Рахаттана ұйықтап, ұйқысын әбден қандырып алған адамның, таңертеңгі жеңіл маужырап отыратыны
бар емес пе. Мәликенің бойынан да сол сияқты бір леп еседі.

          Босанғаннан соңғы оның
ерекше түлеуі әсіресе, мені көп қуантқандай-тын. Ол қуаныштан менің бір ұққаным
- арада қаншалық кикілжің болса да, екеуінің ықыласты табысып, құтты жұптасып
кеткені. Кей-кейдегі Қабылдың түнеріңкі қабағы да, Мәликенің бір мезгілдері
сырт тартып кететін ұшпа мінезі де мені әлгі ұлағатты байламнан кері әкете
алмайтын.

         Қабыл бүгінгі кеш елден ерек
көңілді көрінді. Еркін-еркін сөйлеп, кішкентай Қанатын құшырлана еркелетеді. Шөпілдетіп
кеп сүйеді. Сүйіп болып:

-        Қанат Қабылұлы, қалайсың? -
дейді. - Мықтымысың? - Кішкентай Қанат оған қоймай күледі. Мен де күлемін.

         Жалғыз Мәлике тырс етпеді.
Бізге самарқау қарап, ет қуырып жатыр.

        Түннің бір уағы болып қалған. Қайтпақшы едім,
Қабыл оған қарсы болды.

-        Отыра тұр, - дейді. Өзі
жаңағы әзірдегі көңілділіктен алыстап бара жатқандай. Бір сәтте ол
Мәликеге қарады. Сонсоң Қанатқа қарады. Сонсоң маған
қарады. Сонсоң:

-        Біз
ажырасамыз, - деді. Тіптен бір күнделіктегі ұсақ-түйек әңгіме сияқтандырып, жөпелдемеде қойып қалды.

         Тілім күрмелгендей түк
айта алар емеспін. Бар тапқаным - екеуіне кезек-кезек қарай берем. Қабылдың
жүзі күреңітіп кетіпті. Бірақ
бір-біріне біржола бекініп алған адамдай
міз бақпайды. Баяғыда қызға өкпелеп түн ішінде көзіне жас алған жігіт бұл емес тәрізді. Менің көріп отырғаным - қатал адам. «Сонда не
болғаны? Шынымен-ақ Қабыл... Мүмкін
емес». Бір сәтке болса да ой сейілту үшін:

-        Мұндай әзіл әсте жараспайды, - деймін.
- Дос екеніміз рас. Бірақ бұлай әзілдемеу керек.

-        Қалжың
емес, шыны сол, - дейді Қабыл.

-        Қойсаңдаршы.

-        Қоятын
түгі жоқ. Келіскенбіз. Тек сен білсін деп...

-        Үйіне
шақырып алып, әйелімен екі
арадағы ұрыс-керісті айтып,
шағынатын еркектен жек көрерім жоқ.

-        Ұрыс-керіс емес қой бұл. Біз ұрысқанымыз жоқ. Келіскенбіз...

         Мен Мәликеге
қараймын. Қабылға ұрсар, оны
тыйып тастар деп үміттене қараймын. Бірақ ол үндемейді. Үндемегеннен бұрын
мына пәлекет әңгімеге түк қатысы жоқ кісідей немқұрайды жүр. Ол үшін бәрібір
сияқты. Ол күйеуге шықпаған тәрізді. Ұл тумаған тәрізді.

-        Мәлике, бірдеңе десеңші, -
деймін. - Немене, сендерге бәрі ойыншық болғаны ма?

-        Келіскенбіз. Ешкімнің ешкімге
өкпесі жоқ. - Мәлике жып-жылы сөйледі де, теріс қарап кетті. Енді жылайтын
шығар, қоймай солқылдайтын шығар десем, жайбарақат кесе-шайнек жуып жатыр.

           Сонау күндерден бергі
риясыз көңіл ықыласының тас-талқаны шықты. Екеуін кереметтей жек көріп отырмын.
Екеуіне де қарағым келмейді. Тек бір жалтақтай беретінім - кереуетте алаңсыз
ойнап жатқан Қанат қана. Оның

«ы...ысы» менің жүрегімді аяусыз
тілгілейді. Қабыл да балаға
жалтақ-жалтақ қарайды. Балаға қараса - бет-әлпеті бұзылып кетеді.
Аузыма жөндем сөз түспей-ақ қойды. Түк таппаған
соң:

-        Мен
кетейін, - дедім. - Осыған дейінгі куә болғаным жетер. Еш құпияларыңның керегі жоқ.

         Мына сөз Қабылдың
жанына катты батты білем, орнынан ытқып тұрып кетті. Екі қолын қалтасына салып, әрлі-берлі сенделіп жүр. Аяғын нық басқысы келеді. Бірақ тізесі құрғыры бүгіле береді. Тағы
бірдеңе демекші-ау. Менің тұсыма
келгенде, сәл кідіріп өтеді. «Не айтпақшы
сонда? Кімге өкпе артпақшы?».

          Әлден уақыттан кейін
өз-өзіне келіп, тіл қатуға жетті білем,
Қабыл:

-        Әсте,
мен мұның бәріне көп өкінемін.
Алдағы күнде де көңілдің бір түкпірінде сол өкініш жүрер де, - деді. Содан кейін: - Мен Мәликені
кінәламаймын, - деді. - Еш уақытта да кінәламаймын. Өзін жақсы көргендердің бәріне
жүрегінен орын тауып беру - кімнің болса да қолынан келе бермес. Сен қалай
дейсің бұған?

           Қапелімде не дей қояйын -
үңдегенім жоқ.

-        Ол енді бірер аптада
Целиноградқа жүрмек. Екеу боп аттанбақшы. Қанат Ұзынағаштағы әжесінің қолында қалар,
- деді Қабыл аз үнсіздіктен соң. - Бұл екі араға ашу деген жүрмейді екен. Межелі
уағынан сәл кешіксе

күйеуі әйелін, әйелі күйеуін алакөздеп жататындарды түсінбеймін. Адамды
арқандап ұстауға болмайтын шығар.

-        Немене өзің? - дедім күйіп
кетіп. - Маналы бері не айтып отырсың? Мәлике тағы тұрмысқа шықпақшы ма?

Ол үнсіз отырды-отырды да:

-        Солай, - деді.

-        Рас па? - деймін Мәликеге
төніп барып.

-        Сен осы несіне күйіп-жанып тұрсың?
Келіскенбіз. Қабыл ренжімейді, - дейді ол.

-        Сен өзің қандайсың? - деймін
аузыма басқа сөз түспеген соң. Тұла бойым қалшылдап кетті. He дерімді білмеймін.
Бір сәттері Мәликеге жата-жалынғым келеді, оны райынан қайтарғым келеді. Бір
мезгілде Қабылды аяймын. Ол сәтте
Мәликені сыбап жібергім келеді. Сонсоң Қабылдың да жер-жебіріне жетіп, ұрыссам деймін. «Осының бәріне мен айыптымын», - дегім
келеді екеуіне де. «Менің жағамнан
алатын адам жоқ. Мен ғой бәрін

бастап жүрген. Әй, иттік-ай!».

          Бір кезде Мәлике
бізге жалт бүрылды. Көз шарасы жасқа
толып тұр екен. Еріндері
дір-дір етеді. Еріңдері ғана емес, тұла бойы түгел селкілдейтіндей.

           Сескеніп қалғандаймын
- «бұл не демекші?». Өңі де құп-қу боп кетті. Танысқалы бергі уақыттың ішінде Мәликенің мұншалық тарыққан сәтін көрмеген-тұғым. Ол тіптен
ештеңеге қарайлататын емес.

-        Мына араздықтарыңның сырын ұқтырсаңдаршы.
Маналы бері бір жөңдем сөз естіген жоқпын, - дедім.

         Мәлике де соны күтіп
отырғандай екен:

-        Сен бәрібір біздің сырымызды
түсінбейсің. Түсінгің келмейді. Әрине, «жамансың» деп өте шығу оңай, - деді. Сонан
соң: - Мен - бақытсызбын, - деді. - Бақыт дегенді жөн-жосықсыз қуа беруге
болмайды екен. Әлгі бір Бөкенбай дейтінді пір көріп едім. Ол алдап кетті. Бетіммен
жер басып қалған соң Қабылға келдім. Келмеуім керек еді. Бірақ басыма түскен ұят
істі жасырмақшы болдым ғой - жұрт сөзінен қорықтым. Сөйтіп, бір
қателікті

екіншісіне әкеліп жалғастырдым - Қабылды алдадым. Оның тұнығына түкіргендей
едім.

      Мәлике ағыл-тегіл жылап отыр. Сөйлеп
отыр.

-        Қазір
менен жиренетін шығарсың. Иә, сөйтесің ғой. Әзірге
еншіме тигені де - сол жиреніш. Бірақ өмір жолында қате басқан адам қуаныш
атаулыға бұрынғыдан да құмарта ұмтылады екен. Қабылдың алдында
айыптымын. Сол көлеңке көңілдің бір
түкпірінде қалар да. Әйткенмен, ерте ме, кеш пе қалауымды тапқым келеді.
Бақытымды тапқым келеді. Бұл
саған күлкілі болып көрінуі мүмкін.
Өйткені сырт көзге мен қуаныштан қашып отырған адам сияқтымын. Сен ойларсың:
«Өз қамын ғана күйттейді» деп. О да
ықтимал. Бірақ біз осылай күн кеше берсек,
бір күні Қабылды тағы алдайтынымды сездім. Содан қорықтым. Қатты қорықтым.
Ендеше, бүйтіп жүре берудің не керегі
бар?

        Мәлике әлі жылап отыр.
Оған не айтам. Бұл жерде ешқандай дәнекерліктің керегі жоқ сияқты.

-        Қайтайын,
- дедім. Екеуі де үндемеді. Сол бойы сыртқа
шықтым. Ойланып келем. Қаптаған көп сұрақ кесе-көлденең тұрып алып, жүргізетін емес. «Сонда
бұл өзі қалай болды?». Кінәлі кім? Шынында да «сен жамансың» деп өте
шығу оңай болар. Ал енді аңдап қарасаң, ойдың
ар жағында да қатпар-қатпар сырлар жатады екен. Өмір деген қызық-ау...».

          Жан-жағыма қарауға да шама
жоқ асығып келем. Қайда асығатынымды да білмеймін. Қабыл мен Мәлике көз алдымнан
кезек-кезек өтетіндей. Өткен сайын «не ұқтың» дейтіндей. Оларға жөндеп жауап
қайтара алмайтындаймын. Бір жағы кішкентай Қанаттың «ы... ы-сы» да құлағымнан кетер емес.

XII

          Университетті біз де
тамамдадық. Қабыл өзінің Ақтөбесіне жолдама алған. Аттанардан
бір күн бұрын әдейілеп Ұзынағашқа бардық.

          Жолдан шығып,
жалғызаяқ сүрлеуге түсісімен ауыл шетіндегі
кішкентай ақ үй көлбеңдей берді. Ақ үйдің алдындағы нән ағаш түбінде жүрген
қарт алақанымен күнді көлегейлеп,
бізге бір қарады да, қалбалақтап қалды.

         Бір кез көлеңкеде отырған
кішкентай баланы көтеріп алып,
ебіл-дебіл жүгіріп келеді. Жалма-жан
Қабылды іздеп жан-жағыма қарасам - ол әлдеқашан-ақ озып кеткен екен. Дем сәтте
үшеуі үйме-жүйме болды да қалды. Енді бір кез олар маған қарсы жүрді.

-        Көрдің бе, - дейді Қабыл
жайраңдап. - Жоқ, сен жақсылап қара. Қанат Қабылұлы қандай мықты жігіт болған. Қарашы.
Жөндеп қарасаңшы. Менен аумайды өзі.

         Кемпір мұны естігенде, көзіне жас алды.
Иегі селкілдеп Қабылдың маңдайынан үш
қайтара сүйді. Сонсоң кішкентай
Қанатты құшақтап, үнсіз
отырып қалған. Оған Қабыл да
босаңсып:

-        Апа-ау,
жүрсеңізші Ақтөбеге, алып кетейін. Бәріміз бірге тұра береміз ғой, - дейді.

-        Әй,
айналайын. Өздерің аман болыңдар. Біз қайда қашады
дейсің. - Кемпір Қанатты көтеріп алған. Қабылдың жанында тұр.

-        Шын
айтам, жүріңіздер. - Қабыл қасындағы екеуіне қиыла қарайды.

-        Жаным-ау,
алдымен орналасып, өз-өзіңе бір келіп алшы.
Біз қайда қашады дейсің. - Кемпір тағы кемсеңдеп кетті.

-        Апай,
балаларыңыз мықты екен, - деймін.

-        Несін
айтасың. Осы екеуі тірі болсын, - дейді кемпір елжіреп.

         Кешкілік қалаға
қайттық. Қанатын көтеріп алған қарт бізбен
бірге жолға шықты. Көп ұзамай
автобус келді. Жол жиегінде
кемпір мен бала қол бұлғап тұр. Қабыл олардан көз алар емес. Қадалып
қалған. Кірпіктерін жыпылықтата береді...