ВЕРНУТЬСЯ

      Талас бойынан тағы бір сәлем! Аман-есен жүрмісің? Алматыдай
астананың саялы бағынан, тап-тұйнақтай тас көшесінен атгап шыққың келмейді. Ендеше, бәрі де бас
бармақтай болуы керек. Біз де
аманбыз. Арғы-бергі тарихқа әйгілі көне ұлтан Таластың бойында ойнап-күліп, жүріп жатырмыз. Бала-шаға,
қатын-қалаштар да түгел сондай. Үйдегі отағасының асығы алшысынан кеп тұрса, олардың ойнап-күлмей жыны бар
ма?

       Бұл хатты кезексіз жазып отырғаным - жақында
мектептен кеттім. Завуч ем ғой.
Машақаты көп тірлік екен. (Бүгінгінің баласы
шетінен заржақ, таңдайы тақылдап, жоқтан өзгені сұрайды. Жауап таба алмай, талай
қызардым-ау). Баяғыда мұғалімдік оқуға неғып барғанымды осы күнге шейін ұғып болғаным жоқ.

         Әнебір ағай «көмектесем»
деген соң көне салып ем... Бәрін айт та бірін айт, ағаң қазір ауылсоветтің
білдей председателі. Астымда су жаңа машина. Кәдімгі бес кісілік белді газик. «Волгаңнан» бірде-бір кем емес.
Жақында орындықтарына қызыл қыжымнан жапқыш жасаттым.

        Енді ауылға келе қалатындай
болсаң, Жамбылдан алдыңнан шығып қарсы алуға халіміз жетеді, шүкір!

       Әзірге жаңалық осы. Жақында
тағы кезексіз хат жазып қалуым кәдік. Біздің үйдегі бәйбіше ортан қолдай бір ұлды
томп еткізуге әзір отыр. Ертерек есіте қалсаңдар, телеграмма жіберсеңдерші.
Шілдеханаға жиналғандарға «Алматыдан келген құттықтау» деп оқып беруге жақсы.

         Жаңадан үй салып алғанымды
өткен хатта айтқанмын. Өзің қалайсың?
Сол баяғы шаруа ма? Әнебір жазғаныңды оқыдым. Махаббат мәселесіне ойыса беріпсің.

        Әзірге азын-аулақ
білетінің де сол шығар. Баяғыда қатар жүргенде
бір қыздың қолынан ұстасақ,
ол құрғырлардың сені көргенде көздері жайнап кетуші еді ғой. Қазір ол қадір алыстаған болар?

       Ал енді бір әңгімені
төтесінен айтайын - осы мен секілді белді,
беделді досың туралы жұтынып
тұрған очерк жазу қолыңнан
келмей ме? Көпке үлгі етерлік тірлігіміз бар. Ендеше, қашанғы күтеміз? Әлде
басы алтын болса да, жолдасын мақтап жазбасын деген заңдарың бар ма? Бар болса,
оны айт. Жоқ болса, жаз!

         Үй ішіңе менің
көп-көп сәлемімді жеткіз. Хабарласып
тұрайық. Хат жазуға ерінсең -
телефон соқ.

       Менің атымды айтсаң -
аудандағылар қолма-қол жалғайды. Таба алмасаң - үйге званда.

          Хат жазуға сөзің таусылып
қалатындай тіптен сараңсың. Мен білетін үлкен жазушылардың бәрі жолдастарына
үзбей хат жазып өткен. Өзің білмейді екенсің, ең болмаса бір мезгіл солардан
үйренсеңші...

           Күліп тұрып қолыңды қысушы

Шекең (Шекербек)

 

        ...Ол өткен кеш тойға
кеткен. Жай кеткен жоқ, бәріміздің
аузымыздан сілекейімізді шұбыртып,
отау тігетін екеудің жақсылығын айтып
жеткізе алмай кеткен - «үйленетін» жігіт осы жақында диссертация қорғады.
Тақырыбы тамаша көрінеді. «Дайын докторлық еңбек» депті оқығандар. Қыздың да
білімі жоғары. Тағы бір институтта
сырттай оқиды екен. Тәптіштей беретін түгі жоқ,
екеуі де - сұлу. Екеуі де -
пып-пысық. Екеуінің де әке-шешелері әйгілі кісілер. Қыздың туғандары -
осында. Әкесі - астанадағы бір үлкен мекеменің көптенгі бастығы. Жігіттің туғандары - ауылда. Әкесі - бір
ауданның төрағасы.

- Бірін-бірі дәл тапқан. - Ол
бізге қадала қарап, таңдайын тағы тақ-тақ еткізді.

        Ұмытып барады екенмін.
Шекербек тойға түс қайта-ақ жинала бастаған. Ұзақ жиналды, ұзақ
таранды. Сонан соң мұздай боп киінді. Бір басындағысы да аз
емес еді.

          Оған төртеуіміздің
іліп аларымызды түгел қосты - аяқ астынан
Егізбайдың жаңа тіктірген жалғыз шымқай қара костюміне аңсары ауды. Қойсын ба? Киді. Оның алдында Рахымның көк
шайы көйлегі мен менің галстугімді алған
болатын. Енді ол бәтеңке іздей бастады. Егізбай шыдамады білем:

-        Әй,
өзіңдікін қаттап қойып, ылғи өзгенікін кигеніңді қашан қоясың, осы? - деп мырс етті.

Мұндайда шаң жұқтыратын Шекербек пе:

-        Көрген-баққаның
осы шүберек шығар, ә? - деп, кіжініп
шыға келді.

-        Мен
жөнін айттым.

-        Жөні
ол емес.

-        Енді
қайсы?

-        Бір
кешке несі кетеді. Өлгенше тарынып. Ұятты кісілердің үлкен
қуанышына бара жатырмын. Жүзіктің көзінен
өткендей болып отырмасаң, тағы жараспайды. Ол тойға келетіндер сен сияқты жалаңаяқтар деймісің. Салауатты
кісілер, солардың балалары, туған-туысқандары.

     Шекербек әлі жекіп тұр, әлі жекіп тұр...

      Оның мінезін басындағы
тақиясындай білетін Егізбай қайтып
тіл қатқан жоқ. Өйткені, бір сөйлеп кетсе болды, Шекербекті тоқтату, әйтпесе уәжге жығу - асау өзенді кері ағызғанмен бірдей.

        Алғаш жатақханаға
бірге жайғасқанда оның осы ірілігін көтере
алмай қатты шекісіп қалғаным бар.

        ...Ол бөлмеге күнде
кеш келеді. Бірде туысының үйіне барады.
Бірде жерлестерін жолға шығарып салады. Бірде қарындасын күтіп алады.

        Мейлі, жөн-ақ болсын.
Бірақ бір жаманы - бейуақытта келеді де, әй-шай жоқ, шам жағады. Енді сол бойымен
жата кетудің орнына түтінін будақтатып темекі тартатыны бар. Кейде ұзақ отырып, газет-журнал, кітап

оқитынын қайтерсің. Осының бәрі
аз болғандай бір мезгілдері әңгімеге
көшеді. Оның ұзын ырғасы -
әлгі ауылдастарын, туған-туыстарын
мақтау-мадақтаудан әрі аспайды. Бұған да ұйқылы-ояу
«иә, иә» деп жата беруге де болар еді. Менің суқаным сүймейтіні -
шақырайған шам жуық арада өшпейді.

      Ол алдымен киімдерін
тазалайды. Бәтеңкесін сүртеді. Сонсоң
барып оны майлайды. Қолын жуады. Көйлегін өтектейді.
Шашын сулайды. Тарайды. Сақалын алады. Бет-аузына иісмай жағады.

         Шыдамаған соң зәуде
бір: «Жатсаңшы, ертең де күн бар ғой»
десең-ақ, қызылкөз пәлеге қаласың.

-        Өй,
өңкей жалаңаяқтар. От басы, ошақ қасында қалған
пақырсыңдар ғой. Қараңғы үйде
ертелі-кеш қорылдап ұйықтағаннан
басқаны қайдан білейін деп едіңдер, сендер!
Қай құдай жетеледі десеңші
мені осы бөлмеге, - деп бастайды да,
аузына келгеннің бәрін тізіп шығады: - Бұл әкеңнің үйі емес. Жатақхана. Саған да, маған да ортақ. Жұртпен араласпай жабайы болып өскендеріңе мен жауапты емеспін. Айқай-шуды көтере алмайтын болсаңдар, пәтер жалдап алыңдар. Шайға да
қанасыңдар. Ұйқыларың да
тыныш.

      Бұдан арғысын естігім келмейді. Бір
күрсінемін де, аунап түсемін. Егізбай
«уһ» дейді. Рахым сылқ-сылқ күледі.
Қабыл қажыған кейіппен темекіге қол созады.

         Бірақ Шекербек
тоқтамайды. Төртеуімізді де жерден алып, жерге
салып, әбден сілікпемізді шығарып барып, әрең дегенде тыншығады.

        Сондай мазасыз түндердің
бірінде Шекербектің бейуақытта жаққан шамы ет пісірім мезгіл сөнбеді. Әрі
жаттым, бері жаттым. Ұйқы
қашып кеткені қашан. Аунақши-аунақши басым дағарадай болып, солқылдап барады.

          Бір кісідей-ақ шыдап
бақтым. «Құрысыншы осы, қатар жүріп жүз шайысқан жаман» деп өз-өзімді
алдарқатып та көрдім. Болмады. Болмаған соң:

-        Шекербек,
жететін шығар енді, өшірсеңші, - дедім. Ол
есітпеген адам сияқты. Селт етер емес.

-        Шекер-бек!..
- дедім тағы да. Үн жоқ.

       Әбден ашу қысты. Сол-ақ
екен, көрпені серпіп тастап, жан-жағымды
қармана беріппін. Кереуеттің астында біз тұмсық қара бәтеңкем жататын еді. Қолыма ілінгені сол болды. Шекербекке қарай бар пәрменіммен
жіберіп қал-

дым. Құлақ шекеден оңбай тиді білем, «ойбай» деп
ыршып түсті.

-        Шамды
өшір де, тез жат!

     Алғашқыда кімнің ұрғанын аңғармай қалған екен.

-        Өй,
әкеңнің... - деп маған жалт бұрылды.
«Болары болды ғой» дедім де, орнымнан
атып тұрдым. Қолымда әлгі бәтеңкенің қалған сыңары. Мандайдан
тағы бір «сипап» өттім.

        Алдындағы ауыр соққы
бар, кейінгісі және, оның үстіне менің
түр-әлпетім кісі шошырлық болса керек, Шекербек шегіншектей берді.

        Сол екі ортада Егізбай
ұшып тұрып, мені ұстай алды.

-        Шамды
да, үнінді де өшір. Қазір жат!

-        Өй,
әкеңнің... Жарымаған жалаңаяқ. Бұл
қай басынғаның?! - деп жаныма Егізбай келген соң, ол тағы ілгері ұмтылып еді.

-        Өлейін
демесең жат! - Мұншалықты айқайлап көрмеген шығармын.

-        Әй,
сені жын ұрған ба, аяқ
астынан мұның не? - Егізбай күбір-күбір етеді.

       Шекербек одан әрі
өршелене қойған жоқ. Үнсіз жатып қалды. Мен де төсегіме келдім. Қатар кереует - Рахымдікі-тұғын. Еңкейе беріп едім, құлағыма булыққан бір үн
келді. Сөйтсем, ол көрпенің астында күліп жатыр

екен. Оны Егізбай да естіп:

-        Неменеңе
мәз боласың, ей? - деді.

       Рахым басын көтерді.

-        Керімбек,
мына бүгінгің үшін... - дейді ол күлкіге булығып.
- Бүгінгің үшін... Осыдан таң атсын! Той жасаймын. Қақ төрде өзің отырасың.
Ақыры құтқардың-ау. Бар екенсің ғой, бауырым!

        Күліп жіберіппін.

-        Бір
бөлмедегі бесеуіміз осылай төбелесе берсек...

        Егізбай ренжіп жатыр.

-        Жоқ,
төбелеспейміз. Енді болды. Ол шамды өшірді ғой.
Рақмет! - дейді Рахым.

        Содан бері Шекербек
шам жаққанымен де шамалап жағатын
болған.

* * *

      Шекербек шырттай киініп
алып, бір құты әтірді орталап
болған соң бізге маңғаздана қарады да, шығып кетті.

      Ол кеткеннен кейін
Рахым:

-        Осы
Шекербектің тойға барса біздікін, театрға барса өзінікін киетіні несі? - деп еді, Егізбай мырс етті.

-        Арақ-шарап
төгілсе, май шашыраса - сенікі бүлінеді де...

      Тойдан таң ата келген
Шекербек табалдырықтан аттасымен дабырлай жөнелді.

-        Сендер
ғой, маубастанып әлі жатырсыңдар. Мен бір сұлудың
етегінен ұстадым. Мықтап ұстадым. Өзі ме, өзі - айтатыны жоқ, кәдімгі хордың қызы.

       Егізбай көзін уқалап, төсегінен
тұра беріп еді, Шекербек оның
жанына жетіп келді.

-        Тыңдап
отырсың ба?

-        Нені?

-        Қап,
мынаны-ай, ә! Сен де кісі болудан қалған екенсің.

-        Неменеге
ентігіп жүрсің? - дейді Егізбай манаурап.

-        Ондай
қыз сенің түсіңе де кірмейді.

-        Маңдайында
айы, көзінде күні бар ма екен, сондай-ақ?

-        Бәрі
де бар. - Шекербек танауы желп-желп етіп, жуық
арада тыншығатын емес. - Жаңа ғана шығарып салдым.
Үйіне кіріп бара жатып, бұрылып
қарағанын айтсаңшы.

-        Жарайды,
өзірге бізге осы да жетеді.

-        Сен
кітап жастанып қорылдап
жатқаныңда өзіміз қыздың оң жағында отырып ән салдық қой.
Бір айтулы кеш болды. Сұрама.

-        Сұрап отырған мен жоқ. Сүрініп-қабынып
жүрген өзің, - дейді Егізбай одан
оңай құтыла алмайтынын жаңа ұққандай.

-        Бұлар өстеді... Сәл иілсең болды,
шалқасынан түседі. Өңкей бір... - деп
Шекербек кейіске кетіп бара жатыр
еді, Рахым шыдамады білем:

-        Аяғына
көз салдың ба? Түзу ме екен? - деді.

-        Аяқта
тұрған не бар, тәйірі?!

-        Е,
жазған...

-        Қыңырайғаныңды
қой, әй!

-        Алдымен
аяқты түгендеп алу керек. Түзу баса ма екен...

-        Сендей
шәртікке ол қыз көз де салмайды.

-        Мейлі.

-        Ендеше,
тіл беземей жайыңа жат.

-        Мейлі.

      Көп ұзамай Шекербек ұйықтап қалды.

      Сәске түсте тұрдық. Біз жуынып болғанша Егізбай
көк шайнекке ащылап шай демдеп
әкелді.

       Күн көтерілісімен аядай
бөлменің іші ысып жүре берді. Бір
жылымшы қапырық тынысыңды тарылтады. Қыстайғы астықтан жаңа босаған қамбаның
ішінде тұрғандай сезінесің. Дастарқан үстіне төгілген қант қиқымына шыбын
біткен жан-жақтан ә дегенше анталап келіп қалды.

        Біз де жан-жақтан ә дегенше
анталап келіп қалдық. Сол-ақ екен, бір қырман нан сары майдың жетегінде жылмаңдап
кете барды.

     Түк шыдатпайтынымызды сезсе
керек:

-        Шекербекті ұмытып кетпеңдер,
- деді Егізбай.

-        Кешегі тойдың тоғы тәулігіне
жеткізетін шығар.

-        Қылжақты қойсаңдаршы. -
Егізбай наннан алақандай етіп кесіп алды да, үстіне қалың етіп май жағып, оның бетіне
шекер сеуіп, дастарқанның шетіне қойды.

-        Бір сұлуға ен тағып келдім
деп жатқан жоқ па еді, мана? Енді оған ас батар деймісің...

       Рахым маған қулана бір қарап,
көзін қысып қойды.

-        Сен екеуіңе дауа жоқ екен. -
Егізбай еріксіз мырс етті. Дәу көк шайнектегі шай орталана бергенде, Шекербек
басын көтерді.

      Мана әжептәуір масаң сияқты
еді. Бет-жүзі домбығып, көзін аша алмайтын шығар деп отырғанбыз. Жоқ, түк көрмегендей
рақаттана есінейді. Әншейінде жел кеулеген шөмеледей ұйқы-тұйқы жүретін шашы да
тарақ тартқан жерде тұра қалған. Төсегі де жинақы. Біздің аң-таң отырғанымызды
елемегендей. Өзімен-өзі тәтті бір күрсініп:

-        Немене,
түс болып қалған ба? - деді.

-        Күні-түні
бірдей көп қызықтың арасында жүрген адам
уақыттың өткенін білмей қалады деуші еді.

-        Сол
рас екен-ау.

       Шекербек үндеген жоқ.
Кей кездері: «өй, тілі мен жағына сүйенген өңкей жалаңаяқтар» деп жекіп
тастайтын. Жоқ, бұл жолы құдай
жарылқап, жауап қатпады.

-        Тұр тезірек. Ыстықтай шай
ішпеймісің. Басың бас емес, асқабақ шығар, қазір? - деп Егізбай да бір қағытып өтті.

        Әлсін-әлсін ұрлана қарап
қоямыз оған - «біз білетін Шекербек болса, енді тұтанатын шығар. Манағы
әзірдегі мақтаныш сөзін ұмытқан жоқ қой. Ендеше, бір нөсер құйындатып келе
жатыр».

      Бірақ Шекербек асығар емес. Екі
қолын айқастыра жастанып, әлі үнсіз жатыр.

        Бір кезде кереует сықыр ете
қалды.

-        Сендер осы кісіні қажамай,
тыныш отырғандарыңа ақы аласыңдар ма?

         Бұрындары ә дегеннен-ақ
«түбірінде адам сыйлап көрмеген сорлылар» деп жұлқып әкетуші еді. Тіптен сынып
қалыпты. Майда тартып, жуас жұғысады.

-        Мұның бәрін сіздің
көңіліңізді аулау үшін айтып жатырмыз. Әйтпесе, бұл жерге әзіл жүрмейді. Шекеңдердің
қызбен танысуы деген өмірде бір-ақ кездесетін оқиға. Оны білмей бізді қара
басып па, жаным-ау... - деп Рахым қамшылап-ақ жатыр. Бірақ Шекербек былқ
етер емес.

       Ол керіліп-созылып орнынан тұрамын
дегенше, біз шайды ішіп те болдық. Ішіп болдық та, төсегімізге қайта құлай-құлай
кеттік.

Ендігіміз - тоқжарау таңертеңгіліктен кейінгі селқос сәттер. Әлгінде ғана
Шекербекті қоймай түртпектегеніміз де естен шыққан тәрізді.

      Қабыл мұрнын уқалай береді. Мұрнын
уқалап-уқалап алады да, жан-жағына қарайды. Темекі іздейтін сияқты. Рахым көзін
тарс жұмып алған. Маңдайына қонған бірді-екілі шыбынды қалт жібермей қағып
тастаумен әлек.

      Әлден уақыт өтті.
Шекербек жуынып келді. Сосын бетін
иісмаймен ұзақ сүртті. Бұрынғыдай қабағын жорта қарс жауып, тамағын кеней беретін әдетінен ада болған сияқты - ыңылдап өлең айтып жүр. Бір мезет
манағы

май жаққан нанды қолына алды да,
аузына апара беріп, қайта қойды.
Сонсоң кеседегі шайдан бір ұрттады
да, жымиып бізге қарады.

-        Мыналардың
шәниіп жатысын-ай!

       Үндегеніміз жоқ.

-        Қайтсін
бейшаралар. Қалталары тесік болған соң, осылай жәудіреп жатады да. Қыздар
көзіне ілмейді. Қыз қарамаған соң бәрі қараң емес пе? Құрысын бүйткен тіршілік! - деп Шекербек
өз-өзіне риза болып, айна алдына барды.

-        Нан
батпай тұр ма? - деді
Егізбай.

       Рахым басын көтеріп
алды.

       Маналы бері осы сәтті
күткен болуымыз керек. Шекербек үйреншікті мінбесіне көтерілді. Енді
тоқтамайды.

       Әбден бабына келу үшін
алдымен бізді қағып-сілкіп, көңіл жайламақшы.
Иісмайды көп жаққанына қарағанда өзі бір жаққа
бармақшы да.

       Менен бұрын оны Рахым
сезген екен:

-        Шеке,
жол болсын? - деді.

-        Сендерге
оның керегі жоқ, - деді Шекербек жұлып алғандай.

-        Жоқ,
біздікі әншейін ғой. Құпия болса керегі жоқ. Қиналма. - Рахым мүләйімси қалыпты.

-        Соны
білсең, жайыңа отыр.

       Қабыл басына байлаған сүлгісін
жұлып алды. Темекінің азабы
өтсе керек. Әлгі сүлгіні кіжіне умаждаған күйі:

-        Жалғыз
кетпейсің. Бәріміз бірге
барамыз, - деді. - Көп болса, кешегі
қызбен кездесетін шығарсың.

       Шекербек оған жалт
қарады.

-        Сақырлатып
сендерді қайтемін?

-        Бірге
қыдырамыз.

        Соны күтіп отырғандай
біз де «шабуылға» шықтық.

-        Жаңа
танысынан айрылып қалам деп қорқатын шығар.

-        Осыдан
бөлек кетсе көріп алармыз.

-        Рас-ау,
есі бар қыз сыбызғыдай тартылған біз тұрғанда күбідей қылып Шекербекті қайтеді.

       Ол орнынан тұрып кетті. Екі қолы - қалтасында.
Жап-жалпақ беті қызылтеңбілденіп, бүлк-бүлк етеді.

        Күтпеген тұста құпиясын ашып алған адамдай алғашқыда
абдырап қалды. Әлден соң өз-өзіне келіп, ес жинай бастады. Саусақтарын сытырлата бір өтіп, терезе алдына барды. Еңкейіп сыртқа көз салды. Қайта
оралды да:

-        Өңкей
бір... - деп Егізбайға бұрылды.
- Мен ол қызды бармақтай балмұздақпен алдап, көшеде қолынан сүйреп жүре алмаймын.

-        Онда
бөлмеге шақыр. Көк шайнектің қайнауы тез ғой.

-        Әй,
Егізбай, біреуді қағытқан сенің неңді алған.

-        Онда
ресторанға баста. Қуанышыңа ортақ болайық. Тілеулеспіз.
Азды-көпті бір дастарқандағыны бөле-жара жеп
жүрміз.

-        Бәріңді ме?

-        Бұл бөлмеде шеттететін кім бар?
Түгел көзі жәудіреп жатқан жоқ па? -
Егізбай алғашқыда әзілмен
шығарып салмақ еді, келе-келе
Шекербектің қатты шоршуы оны шын
үміттендіріп тастаған сияқты.

-        Өй,
қызықсың ба, өзің?!

-        Бөлек
те кетіп жүрсің ғой. Мүйіз шыққанын көргеніміз
жоқ.

      Шекербек шынымен-ақ
ойланып қалды.

-        Сонда
мына екі қыршаңқы да ере ме? - деді, Рахым екеуімізге
қарай сұқ саусағын кезеп тұрып.

-        Бұл пақырларды қалай қалдырасың?

-        Пақыр
дейсің бе? Одан да қарысып қалған қисық десеңші.

       Шекербек басын қасып
біраз тұрды да, бір мезет
маған жалт бұрылды.

-        Әй,
сары, әкел анау нейлон көйлегіңді.

-        Құп болсын.

-        Әй,
тасқара, кереуетіңнің астындағы қара бәтеңкеңді бері ысыр.

-        Жарайды.

-        Қабыл,
сені жау алмайды. Қара көзілдірігінді мен киемін.

-        Ала
бер.

     Шекербек басын қасып,
тағы біраз тұрды.

-        Әй,
неменеге қабағыңды қарс жауып жатырсың? Темекіге ақша таба алмасаң оған әуестеніп нең бар? - деді ол Қабылға тесіле
қарап. - Әлгі саған «Москвада баяндама жасатқызамын» деп жүрген профессорға
сәлем беріп қайтпаймысың. Ол шалдан темекінің небір билері табылар еді.

-        Қарадай шекесі тырысып жатқан
Қабылды қайтесің. Кешігіп қаламыз ғой. Жаңа танысқан қызға сыр білдірмеу керек,
- деді Рахым.

        Шекербек басын қасып тағы
біраз тұрды да, бір мезет кереуетіне сылқ етіп отыра кетті.

-        Қап. Оңаша түстеніп, сосын
алабел машинаның біреуін оңаша жалдап, тау жақта серуендеп қайтуға келісіп едік.
Боласыңдар ма оған, мына сендер, желімдей жабысқан өңкей жалаңаяқтар.

     Ол иіліп келе жатыр. Шым-шым
деп, демімізді ішімізден алып біз отырмыз. Шекербек орнынан атып тұрып,
үн-түнсіз шалбарын тазалай бастады.

-        Сонымен не дейсің? Барымыз
- алдыңда. Барамыз ба? - деді Қабыл
манағы түйілген кейпімен. «Шекербек шамданып
қалды-ау» деп қауіптеніп едік. Жоқ, ол жайдары үнмен, жайбарақат қана:

 

-        Ал, жүріндерші, - деді.

        Сол-ақ екен, орын-орнымыздан
атып тұрып, асыға-үсіге киіне бастадық. Ол киімілгіштің тасасына барып, теріс
қарап тұрып, ақшасын санады.

-        Майда бақырларды салдыратып
қайтесің, тастап кет, - дейді Рахым шыдай алмай.

       Шекербек үнсіз, қайтып келді
де, жымиып күлді. Біз де
күлдік. Күлмеске амал жоқ. Шекербектің кей-кейде аяқ астынан оп-оңай айнып қалатыны бар. Бір айныса - уәжге илікпейді. Уәжге илікпеген соң бәрі
бітті дей бер. Тізіліп сыртқа шықтық.

         Күн шақырайып алған
екен. Шілденің шаңқай аптабы. Күйдіріп барады. Ып-ыстық леп дәл бетке ұрады. Бірақ жылымшы
қапырықтан құтылдық. Зіл
басқан мең-зеңдік лезде ғайып болды.
Тынысымыз кеңіп, кеудеміз даңғырап шыға келді.

       Көшеге шығысымен,
Шекербек манағы мүйіз көзілдірікті
киіп алды. Алдымызда келе жатыр, алшандай басады.
Жалпақ әлемді жалғыз өзі тіреп тұрғандай-ау!

       Оның соңынан тізіліп
біз келеміз. Үнсіз келеміз. Өйтпеске
амал жоқ. Әйтпесе, Рахым дегендер жарылуға жақын.
Тек «ашуландырып алсақ - ресторанның ауылы алыстап
кете ме» деп-ақ құрақ ұшамыз. Бәрін ұмытқан

тәріздіміз. Дүниенің бар қымбаты - әлгі қызды көріп, ар жағы ресторанға бару сияқты. Сол бір қысас
ынтықтық буынымызға түсіп кеткендей.
Одан әріні ойламаймыз. Одан әріні
ойлауға шама жоқ.

      Жатақхана алдындағы
аядай базарды айналып өттік те, орталық
көшеге түстік. Екі жағын жасыл жапырақ жапқан жол жиегі жанға рақат екен.
Айтатыны жоқ, сәскелік уақыт көп
ретте жайдары-ақ қой. Әрине, асықпасаң.

Көңіл-күйің көтеріңкі болса. Әзір ол екеуінен де құр алақан емеспіз.

       Көшеде жүргінші көп
екен. Ол көп жүргінші біздің Шекербектің
кешегі кеш қосыла ән салған қызбен кездесуге бара жатқанын қайдан білсін.
Кей-кейде біреулері аңдамай қағып
кетеді. Кей-кейде әдейі-ақ қағады. Өйткені
Шекербек жалғанда асықпайды. Жұрт
қашанғы оның артынан кібіртіктеп жүре берсін. Tap тротуарға сыймайды да, алара
бір қарап алып, қағып кетеді.

Бірақ оған қайғырып жатқан
ІІІекербек жоқ. Жанынан өтіп
жатқандар қағып кеткен сайын бізге қарап күліп қояды.

-        Әй, Егізбай, ана жаман
сағатыңа қарашы. - Тәмпіш танауы аспандаған күйі өр сөзін салмақтап, нәштеп айтты
ол.

-        Шеке,
менің сағатым... - деп орта жолдан қосыла беріп
ем:

-        Сенен
сұрап тұрғаным жоқ, - деп Шекербек жекіре тыйып тастады. - Анау айтсын!

      Егізбай алдымен бізге
қарап күлді. Сонсоң барып сағатына көз салды.

-        Он
екіге бес минут қалды.

-        He
дейсің, ей? - Ол Егізбайдың жанына жетіп келді.

-        Он
екіге бес минут қалды.

-        Шының
ба? Кәне, көрсетші?

-        Он
екіге төрт минут қалды.

Ол жалма-жан өз сағатына қарады.
Сонсоң бізге қарады. Жай қараған жоқ, алара қарады.

-        Аяқтарыңды
әлдемірек басуға ерінесіңдер, Жатқан бір
байбатша... - Шекербек бізге қатты ашуланып барады. Маналы бері өзінің балпаң
басқанымен түк ісі жоқ. Бізді
кінәлап, бізге өлердей кіжініп барады. Сол мезет жанымыздан бір көккөз «Волга» өте беріп еді, ол құтқарушысын жаңа көргендей екі қолын
ербеңдетіп, айқай салды.

-        Әй,
тоқта!

       Машина әудем жерге
барып тоқтады. Ытқи жөнелген Шекербек
жеткен бойда бұрылмастан
алдыңғы орынға отырып алып, есікті
тарс жапты. Жапа-тармағай біз де есікке
кептелдік. Ана үшеуі әбжілдік қылып, бұрын мінді. Мен қалып
қойдым.

-        Сен
сыймайсың, - деді айдаушы артына бұрылмастан.

      Сыймайтынымды өзім де
біліп тұрмын.

-        Өстіп
қала бересің бе, еңді? - деді Рахым қулана қарап.

-        Шеке,
болашақ жеңгейге сәлем айтыңыз, - дедім. Сол-ақ екен, Шекербек менің қолыма умаждалған бір сомдықты ұстата салды
да:

-        Жаяу салпақтай бермей, осындай
машинаның біреуін жалдап кел, - деді. Жай айтқан жоқ, нығарлап айтты.

        Машина жеңіл қозғалып,
зырғып берді. Жан-жағыма қарап едім,
манағы ағыл-тегіл жұрт саябыр
тартқандай. Жол ортасында
жалғыздан-жалғыз состиып тұра
беру - ыңғайсыз екен. Шеткерірек
шықтым. Қолымда - умаждалған бір сомдық. Машинаны күткім келмейді. Көңілдің өзі де жаңағы алып-ұшқан желөкпелігінен тана бастаған. Әлгі әзірдегі буынға түсіп кеткен
қысас ынтықтықтың бәрін машинаға мінген төртеуі ала кеткендей. «Енді асығатын
не бар, жаяу-ақ барсам ше...».

      Шекербектің қызбен кездесетін
жерін түнде-ақ естігенмін - орталық байланыс үйінің алдындағы гүл алаңы. (Жұрт
көрсін деген шығар).

        Жол-жөнекей ойға қалдым.
«Міне, Шекербек те қызбен танысыпты... Уақыт өткен сайын жаңа таныстар көбейіп
келеді. Оның есесіне бір бөлмеде тұратын бесеуіміздің шүйіркелесуіміз сиреп
барады...».

       Асықпай-саспай әлден уақыттан
соң келсем, қыз жоқ екен әлі. Ана үшеуі көлеңкедегі орындықта тізіліп отыр. Шекербек
әрлі-берлі теңселіп жүр.

    Мен де отыра кеттім.

-        Мынаның қызы келмесе,
ресторанның бүгінгі тәтті тамағынан қағыламыз-ау. - Егізбай бізге қауіптене
қарайды.

-        Әжем әрдайым «құдай жастың
тілеуін береді» дейтін. Тілеңдер. Келсін деп тілеңдер. Келді бар ғой,
бүгін бір шалқимыз. Шекербектің
аянатын түрі жоқ. - Рахым орындықтың
арқалығына шалқая кетті.

-        Бәсе...

       Төртеуіміз де
Шекербекке жалт қарадық.

-        Келе
жатыр. - Ол тәмпіш танауы делдиіп күлген болды.
Қолын қалтасына салды. Қайтып алды. Шашын сипады.
Үстін қақты.

-        Қай
жақта? - деді Егізбай.

-        Көзіңді ашып қарасаңшы.

         Мен де жаңа байқадым,
орталық байланыс үйінен шығып келе
жатыр екен. Оның да көзінде қара көзілдірік. Жақындай берді. Төртеуіміз де өре түрегелдік. Шекербек бізге алара бір қарап алды да, қызбен
қатарласа берді.

Сонсоң күлді. Күлді де:

-        Тегінде,
қыздардың кездесуге сәл кешігіп келгені жарасады.
Өзіміз мұндайда күн-түн
күтуге бармыз, - деді. Бір
түрлі жұмсақ жұғысып, көп күткенін мақтаныш тұта айтады.

        Қыз орта бойлы, дөңгелек
жүзді, қараторы екен. Бірақ беттегі қалың жағылған опа сол қара торылығын
жасырмақшы болып, көп әуреленіпті. Дегенмен, ештеңе шығара алмаған. Көктемде
өткінші жаңбырдың қағы тұрып қалған шаңдақ күн ысыған кезде ақкебіршектеніп
жататын еді. Сол сияқты. Өзі әжептәуір толық екен. Тоқбалтыр. Біз өкшелі туфли сетінеп кетердей, аяғын
басқан сайын тырс-тырс етеді. Шашын
қырықпаған. (Кім білген, алдымен қырқып, кейін жалғап алған шығар, мүмкін).
Темір қысқыштардың күшімен жалқаудың
жалғыз сиырына жинаған жұлым-жұлым шөмелесіндей қылтитып дөл тебесіне үйіп қойыпты. Көйлегінің өңірі
көп ашық. Шығыңқы төсі де ерек «мен мұндалайды» екен. Мұрынды
қытықтайтын бір үлпілдеген әтір иісі аңқып кетті. Heгe екенін білмеймін,
жүрегім дүрс-дүрс соғады. Енді сәлемдесуге ыңғайлана бергенімде:

-        Көп кешіктім, ә? - деп кыз
алдымен тіл қатты. - Ғапу етерсіздер. Менің мамам бір қызық кісі. Жинала бастап ем, «ана көйлегіңді ки, мына
көйлегіңді ки» деп болмай қойғаны.
Көзілдірігімді де ұмытып кете
жаздаппын.

-        Оқасы
жоқ, - дей бергенім сол еді:

-        Айттым
ғой, күткен жақсы, қыздың сәл кешіккені жақсы.
Ештеңе емес, түк те оқасы жоқ, - деп енді Шекербек желе жортып кетті.

-        Күн
ыстық екен.

-        Бері
көлеңкеге тұрсаңшы. Қазір.
Салқындайтын бір орын табармыз, - деп
Шекербек бізге қарады.

-        Таппағанда
ше? Осы қаланың ішінде бізді күтіп алатын саялы төр аз емес шығар.

-        Е,
оған сөз бар ма?

-        Қазір-ақ
барамыз...

-        Рақмет
сіздерге. Асығып келіп, амандасуды да ұмытып кетіппін. Айып етпеңіздер, - деді қыз тағы майыса сөйлеп.

     Көрген бетте
сәлемдеспегеніміз есімізге жаңа түскендей біз де жамырап қоя бердік.

-        Сәлеметсіз
бе?

-        Сәлеметпісіз!

-        Сәлеметсіз!

-        Сәлемет...

      Қыз бізге көзінің
астымен көп қарады. Сол сәт мен әлгіндегі
мұрынды қытықтайтын лүпілдеген әтір иісін жақыннан
құмарлана жұттым. Біреу үстіме жұпар суды аямай бүркіп жатқандай тұла бойым шымырлап барады.

       Қыз бір кезде сағатына
қарады да:

-        Түнде
айтқан жолдастарыңыз ғой, ә? - деді.

-        Иә,
- деді Шекербек жұлып
алғандай.

-        Міне,
бір тілегім орындалды. Сізге көп рахмет!

       Қыз жайраң қағады. Біз
де әжептәуір көтеріліп қалдық.

      Бірақ қыздың әлгі «бір
тілегін» түсінгеніміз жоқ.

-        Танысып
қойыңдар, - деді Шекербек
селқос. Бірақ оның селқостығын елей
қоймадық. Жапа-тармағай қолымызды ала жүгірдік.

-        Қабыл.

-        Егізбай.

-        Рахым.

-        Керімбек.

       Қыз болар-болмас қана
езу тартты. Бірақ сол «болар-болмастың» ар жағында құпия бір ықыластың түртпектеп тұрғанын аңғару қиын емес еді.
Өйткені маңдайдағы жалғыз сызық
ойнақшып кетті. Сосын қол ұсынғанда,

жұмыр білегі бұлғаңдап
жатты. Тағы да, басын оң иығына қарай босатыңқырап барып, бір қарайды да, кері
тартып ала қоады. Әлден уақыттан кейін ол бізге дүниенің ең бір қиын құпиясын
айтқандай сыбырлай тіл қатты:

-        Гүлжан!
- Ол қолын ұсына беріп еді,
бәрінен бұрын шап етіп, ұстай алдым. Алақаны тершіп тұр екен. Жұп-жұмсақ. Ап-ауыр. Әлгі бұлғаң білектің ауырлығы сияқты.

-        Жақсы
екен, - дедім.

-        Иә,
Антарктида дегеннен тәуір ғой. - Гүлжан біз сияқтыларға
өз есімінің ұнайтынын біледі
екен. Дөп сөйледі. - Қазір
қарапайымдылыққа жететін еш нәрсе жоқ.

-        Осы
жерде көп тұрып қалдық-ау, -
деді Рахым жақауратып.

-        Иә,
таныстықты жалғастырар орын бұл
емес.

-        Кеттік
пе?

-        Кеттік.

-        Қайда?

       Шекербекті аяқ астынан
бір көңілсіздік басты. Кім білсін,
қыз келген бойда құшағыма құлай кетпеді деді ме, әлде біздің Гүлжанға сұқтана қарағанымызды жақтырмады ма, әйтеуір жоқ жерден кіржиіп шыға
келді.

       Біз қипақтай бастадық.
Жан-жағымдағылардың көзінен «іс
насырға шабатын болды-ау» дейтін қауіпті айнытпай танып келемін. Ендігі үміт Гүлжанда қалды. Шекербектің қабағы қалыңдаған сайын қыздың көңілдене
түсуі іштей «иә, иә» дегізетін
сияқты.

       Біздің қаупімізді
сезгендей-ақ Гүлжан сылқ-сылқ күліп алды
да, Шекербекке қиыла қарады. Сонсоң көзілдірігін қолына алып:

-        Сіздің
түндегі ән салғаныңыз... - деді еркелей. - Үлкендер
жағы көп мақтады ғой. Әсіресе, әлгі бір үлкен кісі еліте тыңдады. Сізді өз столына әдейілеп шақырып алғаны есіңізде болар. Жаныңызда отырып
қаншалықты

көтеріліп қалғанымды түнде-ақ
айтып ем ғой. Ал енді сызылып отырған
жұрттың жамырай қол
соққандарын да ұмытпаған шығарсыз...

      Маналы бері осы сәтті
күткендей-ақ Шекербек басын әнтек
көтеріп алды. Сонсоң танауы делдиіп, күлімсірей берді.

-        Бәкең
ғой. «Үйге келіп ән салып берші» деп жата-жабысқанын сен естідің бе?

-        Естімегенде
ше. Жаныңызда отырған жоқпын ба?

-        Солай
екен-ау өзі. - Ол Гүлжанға қарай береді. Ыржиып
күле береді. Біз де Гүлжанға қарай береміз. Күле береміз. - Әсте салған жерде ол кісінің үйіне бару - ыңғайсыз шығар. Әйткенмен, кабинетіне
кіріп, сәлем берудің еш сөкеттігі
жоқ, - дейді Шекербек жаңағы әңгіменің
тізгінін босатқысы келмегендей.

-        Ондай
үлкен кісі ықылас білдіріп, шақырып отырғанда бармауға тіпті болмайды ғой, -
дейді Гүлжан.

-        Ол
рас, - дейді Шекербек. Бір мезгілде қыз бізге қарап:

-        Heгe үндемейсіздер? - деген.

-        Мұндайда Шекеңнің мазасын алуға
болмайды, - деп Рахым іліп қалды.

-        Бұлардың сөзіне құлақ салудың керегі жоқ. Жаңа ертіп те шықпайтын едім. Кеше өзің
«таныстыр» деген соң. - Шекербек
бізді көзімен ішіп-жеп барады.

-        Heгe олай дейсіз, той үстінде
төртеуін қанша мақтадыңыз, - деді Гүлжан.

         Сол бетімізбен салып ұрып, үлкен бақ ішіндегі ашық ресторанға келдік. Шеттегі оңаша столға
даяшы келіншектің өзі шақырды.

-        Мінеки,
«жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан шығады» деген осы да. - Рахым жайнап сала
берді.

        Сыртына «дастарқан мәзірі» деп жазылған жұлма-жұлма кітапшаны алдымен Гүлжан
қолына алды да, аударыстырып көп отырды. Әрі аударыстырды, бері аударыстырды. Ақырында келіп:

-        Осы
сіз таңдаңызшы. Сіздің таңдағаныңыз болсын, - деп кітапшаны маған ұсынды.

-        Е,
ол істікке шаншыған шикі еттен басқаны білмейді, - деп Шекербек тап беріп еді,
Гүлжан неге екені белгісіз:

-        Сізге
бір тілегімді өткізе алатын шығармын, - деп қиылып
отырып алды.

       Егізбай мен Рахым
жымың-жымың етеді. Қабыл темекі түтінін
будақтатып, өзімен-өзі отыр.

-        Қиын
болды ғой, - дедім мен. - Ұнамай
қалып жүрсе...

-        He
болса да көрейік, - деді Гүлжан күліп.

-        Сен
немене тәлімсіп, - деді
Шекербек жақтырмаған пішінмен. Сол қамшы болды білем:

-        Алдымен
суығын көрейік, - дедім асығыстап. Даяшы келіншек те қаламын қолына алып,
оқтала берді.

-        Қияр,
помидор, пиязды бүтіндей әкеліңіз. Қаймақ ұмыт қалмасын. Сосын бір бөтелке шампан, бір бөтелке коньяк. Үш-төрт бөтелке мұздай су...

-        Сыраны
ұмытпа, - деді Егізбай.

-        Сыра
ішпейміз, - дедім мен. Шипалы су ішеміз. Сосын бір-бір лангет - тек жаңа сойылған семіз тайыншаның еті дегені
рас болса!

-        Бұл ешкімнің жұмырына жұқ
болмас. - Егізбай мырс етті.

-        Ә, ұмытып барады екенмін. Мұздай
тауық еті. Оны да бүтіндей әкеліңіз. Кейінірек бір шайнек ащы шай демдеп
берерсіз.

-        Өз құлқынынды ойлай бергенше,
Гүлжанды да ұмытпасаңшы. Бұларға сәл ерік берсең, осы ғой - бетіңмен жер
бастырады, - деп Шекербек дүңк ете қалды. Даяр тұрған даяшы келіншек:

-        Плитка шоколада, - деді.

-        Жоқ, - дедім мен тағы асығыстап.
- «Қызыл қызғалдақ» әйтпесе «Маймақ маймыл», әйтпесе «Тәттінің төресі» деген
бар. Содан әкелерсіз.

Гүлжан маған қарады.

-        Е, бәсе, - деді сонсоң. -
Сабын татитын шоколад қалып барады ғой қазір...

-        Темекіні ұмытпа, - деді
Қабыл. - «Беломор».

-        Мейлі, саған «Беломор»
болсын. Ал, бізге құшырлана соратын жұмсақ сигарета, - дедім жарыса.

-        Осы-ақ па? - Рахым таңданған
кейіппен басын көтерді.

-        Айтпақшы, тағы бір бөтелке
коньяк пен шампанды тоңазытқышқа салып қойыңызшы, - деп Шекербекке қарадым.

-        Жаудан мал айырмақшымысың,
ей?

-        Шеке, бұл Гүлжан екеуіңнің
дастарқаның, - дедім оған жалт қарап. - Әсте тарылмаған жөн ғой.

-        Тарылмайтын жерде десеңші. -
Рахым төмен қарайды.

       Даяшы келіншек кетіп
қалды. Үнсіз отырмыз. Сол үнсіздік
Гүлжанға қиын тиіп отыр. Қозғалақтай береді. Ақыры ол шыдамады.

-        Бесеуіңіз
бір бөлмеде жатасыздар ма? - Гүлжан үнінде
бір бейғам жанашырлық жатты. Шекербек мұны өзінше ұғып, бәріміздің алдымызды орағытып кетті.

-        Әлдеқашан-ақ
пәтер жалдауға болатын еді. Үйренісіп қалған
соң қиын екен. Осыларды несіне қимайтынымды өзім
де білмеймін.

-        Шынында,
қиын шығар. Аядай бөлмеде бес адам. Бір
күн емес, екі күн емес.

-        Қиын
түгі де жоқ - деді Қабыл. - Көңіл сыйған соң
болды да.

-        Сіз
ренжімеңіз, - деді Гүлжан оған бұрылмастан.
- Мен әншейін.

-        Әншейін
емес. Шыны сол! Хан сарайынан бірде-бір кем
емес.

-        Сендім,
- деді қыз.

-        Әсте
сіз студент болып көрмегенсіз ғой, - деп қалды Қабыл.

-        Мүмкін...
- Гүлжан селқос күлген болды.

-        Өкінішті-ақ,
- деді Қабыл.

       Көп ұзамай майда желіп даяшы келді. Демде
столдың үсті толып кетгі.

     Жұрттың бәрі Қабыл айтқан үлгі «хан
сарайының» төрінде отырғандай сіресіп
қатып қалған. Мұндайда қолы тыным таппайтын Рахымның өзі тартыншақтап
отыр.

-        Ау,
жігіттер, - дей беріп еді Гүлжан.

-        Жоқ,
бұларды дастарқанның мысы
басып кетті, - дедім мен. -
Қиналмай-ақ қойыңыз.

Сол-ақ екен, көп қол дастарқанға
лап қойды. Алдымен бәріне шампан құйдым.
Шекербек иығын қомдап, жөткірініп
алды. Осы стол басының бар билігі өз қолында екеніне мықтап сенулі. Біз де
мойынсұнып отырмыз. Аздан кейін:

-        Сенің
қуанышыңа! - деді ол қызға ентелей түсіп.

-        Таныстыққа
болсын да! - деді Гүлжан. Деді де кідірместен
алып жіберді. Бізден не қалсын. Таңдайымызды тақ-тақ еткіздік. Бастырмалата
тағы құйдым. Енді шампан тек Гүлжанның еншісіне тиді де,
қалғанымыз коньякқа ауыстық.

        Шекербек иығын қомдап, ортадағы
табақты Гүлжанның алдына жақындатып қойды. Сонсоң тамағын кенеп, аз-кем отырды да:

-        Сенің
қуанышыңа! - деп тағы сыбыр ете қалды.

       Сол мезет көз алдыма
ауылдағы немере ағайым келіп тұра қалды. О кісі бойдақтықтың
азабын көп тартып үйленіп еді.

         Жеңгеміз пысық екен -
аз күнде ағамызды үйіріп әкеткен. Күн батса болды, ол үйінен шықпайды. Айнала жұрт шаруа қамымен абыр-сабыр сыртта жүргенде, о кісі қаракөлеңке үйде
келіншегімен екеуі күңк-күңк сөйлесіп, шай ішіп
отырар еді. He айтатындарын кім білсін. Күнделікті - сол. Шекербектің алабөтен сыбырға көшуі - біздің ағайдың әлгі әдетіне ұқсайды-ау деймін.

      Күліп жіберіппін.

      Менің езу тартқанымды
күтіп отырғандай Гүлжан да күліп
жіберді. Шекербек оған тіксіне қарап қалыпты. Соны сезе қойған қыз әлгі күлкінің ізін жасырғысы кеп:

-        Араларыңызда
жалғыз екенмін. Ал менің денсаулығыма ішіңіздер, - деді.

        Кідірместен көтеріп
қойдық.

        Тағы да рюмкаларды
асығыс толтырып:

-        Ер
кезегі үшке дейін, - деппін қызына.

       Әп дегеннен алып
қойдық.

       Байқаймын, Гүлжан
ортадағы коньяктың бөтелкесіне әлсін-әлсін
көз салып қояды. Аңсары ауып отырғандай. Рахым
да сезіп қалған екен:

-        Бәрімізге
бірдей болсын да. Гүлжанға да аздап коньяк құй, - деді.

-        Әй,
пұшық, ол қай білгенің? Қыз
коньяк ішуші ме еді, - деп Шекербек
шап ете қалды.

-        Қап,
мына Шекербекке ерегісіп ішіп жіберсем бе екен
осы, - Гүлжан сылқ-сылқ күлді. Мен оңтайлана беріп едім.

-        Жоқ,
әншейін ғой. Ішпеймін, - деді қыз. «Ішпеймін» деді. «Іше алмаймын» деген жоқ.

        Ыстық ас келді.

       Әжептеуір бусанып
қалыппыз. Егізбай - қып-қызыл, Қабыл
күреңітіп кеткен. Рахым да, Шекербек те терлеп отыр. Жағалай келіп Гүлжанға қарап едім, қыз осы ортадан оқшауырақ
отырғандай көрінді. Жүзі жадау ма, қалай?

Әлде мына дастархан басынан
жеріген сыңайы ма? Маңдайындағы жалғыз сызық манағыдай сырдаң керіліп, «мен мұндаламайды», әншейін ғана жалқау жиырылып, жалаң жазылатындай.

       Heгe екені белгісіз, қыздың аяқ астынан
селқос тартқаны ең алдымен маған батқандай. Сонда бұл дәмелі көңілдің өкпесі ме екен? Бірақ оның бадырайып сыртқа тебер ниеті жоқ сияқты.

      Ендеше, қозғау салып,
ортаға тарту керек болар. Ортаға бір тартып алған соң, ол реніштің ретін табу
оңайланар еді-ау...

      Тек тұрмастың кебін киіп, қызға жалтақ-жалтақ
қарай беремін - «маналы бері
алдымыздағы ас-суға атой салғаннан басқаны білмегеніміз бе? Отырыстың, кей
сәтіндегі сыпайы «ал, келдік» Гүлжан
көңіліне жұқ болмайтынын неге ескермедік екен? Бақандай төрт жігіт
отырып, арамыздағы бір қызды жалғызсыратқанымызға жол болсын?».

-        Немене,
үндемей қалғаның, - дейді Қабыл.

-        Бұ кісі бізге қызмет етіп шаршаған
шығар, - дейді Гүлжан.

-        Болмайды,
- дедім мен маналы бері ұстатпай отырған байламды жаңа тапқандай. - Ыстық ас
алдында аздап коньяк ішесіз.

-        Мен
ішпеймін ғой. Несіне әурелендіңіз, - деді ол бір түрлі жақауратып.

-        Қойсаңдаршы,
- деді Шекербек. - Буынсыз жерге пышақ
ұрып. Өздеріңнен де ештеңе
артылмайтын еді ғой. Неғып
қиыла қалдыңдар.

       Қыз күліп жіберді.

-        Қап, осы жолы үндемегеніңізде
бар ғой, ішпейтін едім. Енді болмайды. «Сіздің денсаулығыңызға» деп атап тұрып ішемін.

        Рахым орнынан ілкі көтеріліп,
Гүлжанмен рюмка қағыстырды. Ішіп қойдық. Қыз да ішіп қойды.

-        Тоңазытқыштағы
бөтелкені бері сүйреңіз... - Шекербек аяқ астынан ала бөтен көңілденіп кетті.
Қалтасынан аппақ орамал алып, бетін сүртті. Көйлегінің жағасын көтеріп қойды. Манадан бері Гүлжанға
сыпайы көз тастап, тартыншақтап отырғанын ұмытқандай.

-        Әлгі
қайда? Тоңазытқыштағыны бері сүйреңізші. Шетінен
сүйрей беріңіз, - деді даяшыға қатты дауыстап.

      Осы екеуінің арасында
біз білмейтін бір сыр бар. Жаңағы әзірде қыздың аяқ астынан сыздана қалғаны әжептәуір таңдандырып еді, енді
Шекербектің күтпеген жерде жарқылдап кеткенін түсіну қиын боп отыр. Шекербек тапырақтап даяшы әкелген
коньякті қолына алды да:

-        Әсте айта жүретін мәслихат
болды. Сынайтын ешкім көрінбейді
ғой. Гуля, тартынба, - деді. Сонсоң:

-        Қыздардың
күлкісі үшін, - деп рюмкадағы коньякті көмейіне
лақ еткізіп құя салды.

-        Қыз
күлкісі үшін, ә? Онда мен де қалмаймын! - Гүлжанның
сөзі бәрімізге де қамшы болғандай, қағып салдық.

      Шекербек ауыр көтеріліп,
орындығын қызға тақау қойды да, сылқ
етіп отыра кетті. Бізге алақ-жұлақ
қарап, алдындағы астан аямай бір
асады.

      Бір кезде ол қыздың жұп-жұмыр білегінен ұстай
алды. Ұстай алды да:

-        Гүлжан, кешегі тойда сені
айналшықтап шықпай қойған әлгі көзілдірікті семіз кім? - деді.

         Қыз жауап орнына сылқ-сылқ
күлді.

-        Жоқ, өзі қызық жігіт пе
деймін. Сенен гөрі маған көп қарады, - деп Шекербек те қоятын емес.

-        Әй, өтпей жүрген кәрі бойдақ
көрінеді. Анадағы бір тойда танысып едік. Содан бері қыр соңымнан қалмай жүр. Кенедей жабысқан біреу екен.

-        Саған
ашуланды-ау деймін. Ерте кетті ғой.

-        Оны
да байқап қалғансыз ба?

-        Ойбай-ау,
неге көрмейін.

-        Е,
мейлі...

-        Дәмесі
зор екен, - деді Шекербек.

-        Сізді
көрген соң өзі де біржола күдерін үзген шығар.

-        Кісіні
мақтауға ұта екенсіз. -
Шекербек рюмкаларды тағы толтырып шықты.

-        Екеуіміз
мөлтек бір алып жіберейікші, - дейді ол ызға
мөлдірей қарап. - Реті келіп-ақ тұ.

-        Қойыңызшы,
- дейді Гүлжан. Кешегі тойда мұшалықты
батылдықты көрмеп едім.

-        Е,
кеше сен де өзгеше көрінгенсің маған. - Шекербек қызды құшақтай алды.

-        Әлгі
«хан сарайын» көргім келіп отыр, - деп Гүлжан жалма-жан орнынан тұрып кетті.

       Біз де тұрдық.

       Есік алдына шығысымен
Шекербек қызды қолтықтап алды.
Қолтықтап алды да:

-        Егізбай,
сен анау көк көз машиналардың біреуін ұста, - деді. - Гүлжан екеуіміз күте тұрайық.

-        Біз
ше? - дедім мен.

-        Сендер,
- деді ол, Рахым екеуімізге қарап. - Мына ақшаға
дүкеннен арақ-шарап, тіске басатын бірдеңе ала келіңдер. Біз бара береміз.

-        Мен
қайтемін? - деді Қабыл әншейін ғана.

-        Білмеймін,
- деді Шекербек. - Әйтеуір, бізбен бірге жүрмейсің.

-        Мыжып
сөйлей беретініміз-ай осы, - дейді Рахым манаурап.

       Күн әлі күйіп тұр екен. Буын-буыным босап, жүре алар емеспін. Қоңыр салқын көлеңкеде
алаңсыз бір ұйықтар ма еді,
шіркін! Тұла бойым - зіл қара
тас. Аяғымда әл-дәрмен қалмаған
сияқты. «Осының бәрі бекершілік болған
екен» деймін іштей.

-        Жақын
жердегі жігіттердің бөлмесіне барып, қисая кетсек
қайтеді, - дейді Рахым менің ойымды дөп тауып. - Мана осыларға еріп неміз бар.

-        Әлгі
қыздан ұят қой енді, - деймін мен.

-        Шекербектің
жанына жуып кетсең болды, зыр жүгіртеді.

-        Соны
білсең, тарт дүкенге.

       Рахым екеуіміз жатақханаға
келсек, стол басында Гүлжан мен Шекербек отыр екен. Қабыл ұйықтап қалыпты. Егізбай жоқ. Көк шайнек те жоқ.

 

Терезені ашып тастапты. Жел улеп
тұр.

-        Келдіңдер
ме? - Шекербек қоңыржай сөйлейді.

-        Кеп
қалдық.

-        Әй,
қулар-ай!

-        Қу
дегеніңіз қиянат болар. Екеуі де жүзіктің көзінен өткендей жігіт емес пе? - Гүлжан сылқ-сылқ күледі.

      Үн қатпастан өз
кереуетіме келіп отырдым. Рахым
стол үстіне бөтелкелерді қаттап тізіп жатыр. Арғы екеуіне әлсін-әлсін қарап
қоямын. Манағыдай емес, әжептәуір масаң сияқты. Шекербек көздерін жыпылықтатып,
иегін сипай береді. Гүлжанның түрік еріндері кеберсіп кеткен. Әлгі бір әзірде
әр жерде ойдым-ойдым ағарандап жатқан көп опа дақтары иленіп қалыпты. Екеуінде
де бір бейғам көлгірсу бар. Екеуін де бір жалған наз жайлап алған. «Өстіп те
отыра береді-ау» деп ойладым. «Тіптен үй болып алып та бір-біріне өтірік күліп,
күн кешіп жүргендер бар ғой».

       Менің арагідік-арагідік көз
салғанымды қаламады білем:

-        Немене, отыра қалғаның. Енді
бізді тұрғызбақпысың? - деп Шекербек зілдене сөйледі.

-        Бір жігіттің қызметі жетпей
жатыр ма? - дедім.

-        Бұлар өстеді енді.

-        Дастарқанға келіңіз, - дедім
мен.

-        Дұрыс екен, - деді Гүлжан.

-        Кісі күтіп көрмеген ылғи... -
Шекербектің даусы тіптен қатқыл шықты.

       Орнымнан сүйретіле тұрып, стол
басына келдім де:

-        Сіз кешіріңіз, - дедім
Гүлжанға сүзіле қарап. Қыз үнсіз басын изеді.

-        Осында тұрамыз, - дедім мен.

-        Дұрыс екен, - деді Гүлжан.

-        Бүгін сізбен таныстық.

-        Оған өкінбейсіз бе?

-        Қуаныштымын.

-        Рақмет.

-        Сіз ше?

-        Көріп отырсыз ғой.

-        Иә, солай екен-ау...

       Бір сәтке үнсіз қалған
Шекербек басын көтеріп, маған тесіле қарады.

-        Болдың ба?

-        Нені айтасың?

-        Сөйлесіп болдың ба?

-        Стол басына шақырған өзің.

-        Сөздің ыңғайын білмейсің.

-        Онда ішейік, - дедім.

-        Жүгір, Рахым. Көрші бөлмеден
ыдыс әкел.

      Алдындағының бары-жоғын лезде түгендеп шыққан Шекербек тізіліп тұрған тек «ақаңдар» екенін енді
аңғарса керек:

 

-        Мұның шампаны қайда? - деді.

-        Шәке,
ақ сәлделілер ұшпайды екен.
Сасық шарапты алғанымыз жоқ. - Мен үшін Рахым ақталып жатыр.

-        Қайбір
жетістіреді деп ем-ау. Ылғи жалаңаяқтар. - Шекербек
дәу стақанды қолына алды.

-        Гүлжан,
жаңағы лебізіңді қош көріп отырмын. Алып қояйықшы?!

-        Қай
лебіз?

-        Жаңағы...

-        Е,
«кісінің қадірін мықтап білесіз» дегенімді ме?

-        Ойбай-ау,
білгенге не жетсін! Кейде білмей жатып біреуге
күлеміз.

-        Қыздар
сынағыш та, сипалағыш та келеді. Сақ болыңыз!..

-        Қалай
қамшыласаң да, қой демеймін.

-        Сіз
күтпеген жерде кеңпейіл болып кетеді екенсіз.

-        Қыздың
еркелігін көтере алмаған жігіт... - Шекербек тіптен тоқтайтын емес.

        Ол екеуінің жайдақ
әңгімесі бүгін бітпейтіндей. Рахым көзі
кіртиіп зорға отыр. Мен болсам, «мана-ақ тарап кету керек еді, сүйретіліп жүре беріппіз» деп іштей күйіп-пісемін.
«Өстіп бес жыл да өте шығатын болар. Ертең ауыл-

ға барған кезде жұрт: «Алматы қалай екен, университет қалай екен» десе не айтар едік? Шекербек
талай тойға барғанын, талай үлкен
кісілермен табақтас болғанын жыр ғып
шертер. Егізбай бір адамның бүкіл өміріне жететіндей

ғылыми баяндамалар жасағанын еске
алар. Рахым профессорларды жағалап жүріп, олардың лекциядан соң асықпай айтқан
әңгімелерін тыңдағанына мақтанады ғой. Қабыл түні бойы кітапқа үңіліп отырып, бес жылдың ішінде неше қорап
темекі тауысқанын айтуы мүмкін. Ол жаңа костюм алу үшін талай демалыста
вокзалға барып, вагоннан жүк түсіргенін де жасырмас. Мен ше?
Гүлжанмен дастарқандас болғанымды ма? Жоқ, әлде...».

       Шекербек жанындағы қызға мөлие
қарап отырды-отырды да:

-        С-сенің м-манағы м-маған
айтқаның бар-р-р ғой. Көкейіме қонақтап қалыпты, - деді.

       Қыз мынадай берекесіз қалыпқа
үйреніп алған адамдай, міз бақпайды.

Гүлжанға сөзін өткізе алмаған соң:

-        Сен екеуің осылай қақшиып
отыра бермекшісіңдер ме? - деді, Шекербек бізге бажырая қарап.

-        Сіздерге қызмет істеп жүрген
жоқпыз ба? - Рахым да міз бақпайды.

-        Болды,
- деді Шекербек, - болды. Рақмет! Бізді оңаша
қалдырыңдаршы. Ақылдасатын шаруа бар.

-        Бұған Гүлжан не дер екен? - дедім
мен де қарап отырмай.

-        Бізде
жасырын сыр жоқ, - деді қыз.

-        Ендеше,
несіне отырмыз? - деп Шекербек жалт бұрылды.

-        Білмеймін.

-        Сен
өзің...

-        Иә,
мен...

      Сол мезет Рахым жеңімнен
тартып қалды.

       Асығыс шығып кеттік.

       Коридордағы терезе
алдында тұрмыз. Күн батып қалған
екен. Көше шамдары әр жерден көңілсіз жылт-жылт етеді. Көршілес жатақханалардың алды ығы-жығы. Аула төріндегі орындықта үш жігіт отыр. Бір
жарастықты

әңгімеге кіріскен сияқты бастарын
көтермейді.

-        Әсте
ана үшеуінің басы ауырмайтын болу керек. Рақат
қой, - деді Рахым. Осы біздікі не? Кешке дейін бос көлгірсіп.

-        Әрлі-берлі
қыдырған сияқтымыз.

-        Әй,
құрысыншы.

-        Қызбен
таныстық. - Рахым үндеген жоқ.

-        Енді
Шекербек төбемізден жүретін шығар.

-        Heгe?

-        Сұлу қыз тапты. Бізді ресторанға
апарды.

-        Әй,
құрысыншы, - деді Рахым. -
Ертең Қаскелеңге баратын шығармыз.

-        Сонымен
педпрактика да келді.

-        Ертерек
басталса екен.

-        Қиын
болатын шығар?

-        Қарадай
қорқып жүрген сен сияқтыларға қиын болуы да ықтимал.

-        Саған
ше?

-        Маған
не, бәрін білем.

-        Осы
сенің жөнсіз күпінетінің-ай!..

-        Оның
еш сөкеттігі жоқ. Біледі екенсің, батыл бол.

-        Сыртқа
шықсақ қайтеді.

-        Е,
жүр.

        Жатақхананың төменгі
қабатында би болғалы жатыр екен. Әр
жерде айналасына әлсін-әлсін көз салып, топ-топ қыздар тұр.

       Екі-үш жігіт дәу
радиоланы қолдаса көтеріп келеді.
Екі-үш жігіт дәл ортаға тұрып алған. Жан-жағына қарайды да, дарақылана кеп
күледі.

-        Билейміз бе? - деді Рахым.

-        Осы
күйімізбен бе?

-        Е,
несі бар?

-        Кеңкелеспісің.

        Екеуіміз әрі жүрдік,
бері жүрдік. Аялдайтыңдай түк таппадық. Мен тіптен болдырып қалыппьш. Тұла бойым - делсал. Бір жағынан дес
бермес бір қалың ұйқы қысып
барады. Бар тапқаным әлсін-әлсін
есіней беремін. Рахымның да
менен асып бара жатқаны
шамалы. Ол да ұрлана есінеп
қояды.

      Бөлмеге келсек, екеуі
терезе алдында тұр екен.
Қыздың шашы қобырап кеткен. Беттегі
манағы опа-бояудан із де жоқ.
Еріндері көнтігіп, бір-біріне жуысар емес. Танауы қусырылып, қара торы жүзі бозғылт тартқан тәрізді. Іштей қалтырайтын болу керек. Бар тапқаны - сұқ саусағындағы
жүзігін ысқылай береді.

         Ол екеуімізді де
байқамағансып, міз бақпады.

-        Бізге қарамаңыздар. Жата кетеміз
ғой, - деді Рахым естілер-естілмес. Соны күтіп тұрғандай Шекербек жалт қарады. Жалт қараған бойда:

-        Көріп
тұрсыңдар ма? - деді. - Мына
қыз бәтуәсіздің барып тұрғаны екен. Тіпті, сөздің ыңғайын
білмейді. Бытпырақтап бір болмайтынға үйір. Ұзақты күнге не айтқанын ұқсам бұйырмасын!

       Қыз үңдеген жоқ. Бар
болғаны - иығын қиқаң еткізді. Әлгіндегі
іштей ентігуі басылған тәрізді. Ендігісі - бәр-бәріне самарқаулық қана. Қобдыраған шашы да көйлегінің өңірін түйгіштеп тұрған шығыңқы төсі де, кісіні жасырын
деміктіретін көзі де, тіптен сұқ
саусағындағы жарқыраған алтын жүзігі
де жуасып қалғандай.

-        Қыз
деген сызылып, керек болса, көз ұялатындай майысып тұрмағасын одан не қасиет қалады. - Шекербек қатты күйініп тұр.
Біреу оны ондырмай алдап кеткен тәрізді.

         Өз-өзіне әрқашан да сенімді, қателесем-ау дейтінді
ойына алғысы келмейтін Шекербек
сияқты адамдардың аяқ астынан күйінішке тап болуы - қиын екен. Оның бар қауқары - басын шұлғып, қасын қаға береді. Әсте сөзін өткізіп, қызды қосыла даттайтын кісі іздейтін
сияқты.

-        «Ер
шекіспей бекіспейді» дегенді ғана білеміз біз. - Рахым күлген болды.

      Состиып-состиып тұрмыз. Отыра кету - ыңғайсыз. Тұра беру - одан да ыңғайсыз. Бір сәт Гүлжан жалт бұрылып:

-        Мені
үйіме жеткізіп салыңыз. Сый-құрметіңізге
рақмет, - деді.

-        Жоқ,
- деді Шекербек жұлып
алғандай. - Сендей бәтуасызбен қатар
жүргім келмейді.

       Гүлжан ерсілеу еңкейіп,
сыртқа көз салды. Сонсоң барып:

-        Сіз
қиналмаңыз. Әсте қиналмаңыз, - деді. - Бес жігітпен
бірге келіп, жалғыз қайтпайтын шығармын. Осылардың ішінен мен сияқты «бәтуасыз
біреуі» табылар. Түк те қиналмаңыз!

        Қыз туфлиін киді. Мен
де ілулі тұрған пиджагімді
кие беріппін.

       Екеуіміз есік алдына
шықтық. Гүлжан - масаң. Біз өкше
туфлимен әрең жүріп келеді. Әлсін-әлсін күбірлеп қояды.

        Бір сәт ол қалт тұра қалды
да, қалтасынан опа, тарақ, ерін бояуын алды. Көз байланып қалған кез.
Соған қарамастан асықпай-саспай ретке
келіп жатыр. Көйлегін қаққылады.
Сояудай-сояудай темір қысқаштармен төбесін-

дегі шөмеленің босап кеткен жерлерін
бекіткен болды.

           Тіптен тағатым
таусылды.

-        Мұның
бәрін жаңа Шекербекпен бірге отырғанда бітіріп
алмаған екенсіз де.

-        Соны
қойшы, - деді Гүлжан «ол пәлені қайдан есіме салдың» дегендей маған бажырая қарап. - Ең болмаса, кісіні иландыратын жылы сөзі де жоқ.
Жатқан бір ірілік. Жатқан бір шірену.
Осы уақытқа дейін оның бәрін қайда сыйғызып
жүргенін.

-        Қайда
сыйғызушы еді. Біздің мойнымызға іліп қойған.

-        Оны
да байқадым.

-        Шекербек
күндіз қолына шырақ алып жүріп, таңдағанын тапты-ау деп қуанып қалып ек. Аяқ
астынан ренжіскендеріңіз ұят болды, - дедім, әйтеуір бірдеме
айту керек болған соң.

-        Өзі
бір әпенде екен, - дейді Гүлжан епетейсіз күліп. - Көргені - кеше ғана. Үйлену, үй болудың жайын мыжып айта береді,
айта береді.

-        Шекербек
ойындағысын ешқашан іркуді білмейді. Оны айып көруіңіз ағаттық болған.

-        Оның айтқанының бәрі - осы
күнге дейін ойыма келмеген әңгіме. Тіптен түрпідей тиеді екен.

-        Шүйіркелесіп отырған екі
адамның лезде сабындай бұзылуын тап басып түсіне қою да қиын.

-        Әйтеуір, оның күндіз қолына
шырақ алып іздегені - мен емеспін. Үмітіне кісен салып қайтемін.

-        Қателесу деген сөзді мойындай
бермейтін Шекер-бекке бұл оқиға оңай соға қоймас.

-        О жағын білмеймін. Ал енді
сүйдім-күйдім деген қазір қалды ғой. Ең бастысы - қызықты өмір сүре
білу.

-        Біреулерді
жақсы көріп, біреулерге жақсы болмайынша кісінің ғұмыры сіз айтқандай қызықты бола қояр ма екен?

-        Жоқты
ойлап, жорта ақылдысынып, басты ауыртудың қажеті жоқ. Маған керегі - міне, сіз
жанымда келе жатырсыз. Әдемі
жігітсіз.

-        Солай
ма?

-        Өйтіп
жұмбақтамай-ақ қойыңыз. Мен әсте күйеусіз қаламын деп қайғырмаймын. Мамам он
сегізінде тұрмысқа шығыпты.
Біз - ағайынды тоғызбыз. Ол бейшара күндіз-түні
ас үйден шықпайды екен. Бар қуанышы -

қонақ шақыру, қонаққа бару.

-        Ол
бақытқа жеткен де бар, жетпеген де бар.

-        Осы
әңгіменің қазір түкке керегі жоқ. Одан да біраз қыдырғанымыз артық.

-        Сенсеңіз
шаршағаным соншалық, аяғымды әзер-әзер басып келемін.

-        Өмір
деген қызық қой. Мен көрген әдемі жігіттердің көбі жалқау, даңғой, әйтпесе, ұялшақ.

-        Тағы
бір әңгіме бастадыңыз ба?

-        Жо-жоқ,
қойдым.

       Гүлжан мені мана-ақ
қолтықтап алған. Аяғымызды әрең-әрең
басамыз. «Сырттай қараған жұртқа
сөзі де, кісілігі де жарасқан қосақ
сияқты көрінуіміз де мүмкін-ау!».

-        Мынау
біздің үй, - деді Гүлжан бір кезде. - Қонақ болыңыз.

-        Рақмет.
Мен кетейін.

-        Қыз
шақырғанда да бармайсыз ба?

-        Ыңғайсыз
ғой.

- Күннің батқаны жаңа.

         Әй-шайға қаратқан
жоқ. Қолымнан ұстап алып,
жетектей жөнелді. Сол бойымен үйдің үшінші қабатындағы сырты былғарымен тысталған дәу есіктің қоңырауын асығыс
безілдетті-ай келіп. Ар жақтан ентіккен біреу:

-        Гуля,
сенсің бе? - деді.

-        Мама,
менің қасымда...

      Ішке кірдік. Әлгі
ентіккен кісіні көргенім жоқ. Кішкентай
бір бөлмеге келіп отыра бергенім сол еді, қыз жүгіре шығып кетті. Дем-сәтте жылтылдаған
кең көйлек киіп, қайта келді.

-        Еш қысылма, жайғасып отыра
бер, - деді де, тағы шығып кетті. Өзі алып ұшып, ентігіп жүр.

       Бір кезде оймақтай екі рюмкаға
коньяк құйып әкеліп тұр.

-        Таныстығымызға, - дейді.

       Ертерек кету үшін кідірместен
ішіп қойдым. Ол бір кезде бес-алты альбомды құшақтап әкеп, маған ұстата салды.

        Екеуіміз жұмсақ диванға қатар
отырдық.

        Альбомның беттерін
аударыстыра бастадым. Толған сурет.
Қай жерде де Гүлжан сымбатты жігіттердің жанында жүреді екен. Кейде - паң,
кейде - бейқам, кейде - елпілдек.
Көбінде күледі. Көбінде қолтықтасқан.

-        Ұнай ма? - деді ол.

-        Суретке
тауып түседі екенсіз, - деймін мен. Сол сәт
Гүлжан епетейсіз еңкейіп, біреулерді көрсетуге асығады. Жібек көйлегінің
сусылдаған өңірі білегімді жанап-жанап өтеді. Сипап өткен сайын ыстық денеме мұз басқандай тітіркеніп қалам.

-        Маған
таныстыратын құрбы-қыздарыңыздың
суретін көрмей отырмын, - дедім
өзімді алыстау ұстағым келіп.

-        Жеңгелікке
жүруді жақсы көретін желөкпелердің пайдасын
көп көргенсіз-ау?!

-        Ақылды
дәнекерліктің айыбы жоқ.

-        Мынау
- сыр айтатын жалғыз құрбым,
- деп ол беті табақтай, көзі аларған
етженді қыздың жалғыз тұрған суретін көрсетті. - Онымен бірге жүрген
кезде өзіміз хор қызынан кем
көрінбейміз.

-        Өзіңізден
артылатын жақсылығыңыз жоқ
па?

-        Мені
неге қинай бересіз?.. - Гүлжан қапталдай құшақтай алды да, басын иығыма
тастай салды. Сол-ақ екен, тер иісі
мен шарап иісі бұрқ ете
қалды.

-        Гүлжан,
біреу-міреу кіріп қалар, - дедім мен сасқалақтап.

-        Мен
отырғанда бұл бөлмеге ешкім келмейді,
- деді ол. Деді де, сықылықтай күлді.
Оның күлкісі ықылық тиген адамның
кекірігіне ұқсап кетті.

        Қыз тағы сықылықтай
күлді. Мен орнымнан атып тұрдым. Түстен бергі ішкен арақтікі
ме, жок әлде тер иісінің әсері ме,
жүрегім айнып жүре берді.

-        Сау
болыңыз, - дедім тәлтіректеген күйі.

       Қыз маған жалт бұрылып бір қарады да, үнсіз альбомды
қайта аударыстыра бастады.

-        Бекер
болған екен, - дедім мен. - Бәрі бекер болған екен.

-        Кете
бер, - деді ол тістене. - Кете бер. Оған қайғырмаймын. Бір күн өтті, кетті!..

        Гүлжанның қолындағы
альбомға екі-үш тамшы жас үзіліп-үзіліп
түсті.

        Асығыс шығып кеттім.
Сол бойда жұрт көзіне түсуге қымсынып, қараңғы көшелерді
бойлап, жедел басып келемін.
Біреулерге өлердей көңілім қалып, бір жағы қамығып
келемін, - «әсте, адам деген болмашыға да алдана береді екен-ау...»