ВЕРНУТЬСЯ

       Бір кезде басымды көтерсем,
байлаулы жатыр екенмін. Жан-жағыма
қарадым. Әлгі Тоғанбай жоқ. Жанымда Жаңыл отыр. Жылап отыр. Жатқан жерім -
Пернебектің үйіндегі дәу пештің кең бұрышы екен. Сұр текеметтің үсті қарақошқыл
нүктелерге толып кеткен. Сірә, мұрным қанаса керек. Тілім

аузыма сыймайды. Еріндерім де
икемге келер емес. Тістерімнің
арасына жылымшы бір кілегей тұрып қалыпты. Жұтынсам-ақ жүрек айнытады.

        Қыл арқан қос білегімді қиып
барады. Сәл тартынсам-ақ жаным көзімнің алдына келеді. Жұлқынбайын десем, Жаңыл
түйінді шеше алар емес.

Қолынан әбден әл кеткен қыз бір кезде қатып қалған қыл арқанға тісін салды.
Басы қалтаңдап, олай бір жұлқыды, былай бір жұлқыды. Болмады. Болмаған соң
артыма бұрылып, «пышақ әкел де, арқанды кесіп жібер» деп ымдаймын. Оны ұғатын
Жаңыл ма? Еріндерімді жыбырлатып, бас шұлғысам болды, дегбірі кетеді. Жынын
шақырған бақсыдай мені айналып жүгіре береді.

         Тіптен түсінген күнде де ол
пышаққа жуымас еді. Манағы Тоғанбайдың тістеніп тұрып кезенген өткір кездігінен
өлердей қорқып қалған. Оның сол сәт қырқа байлаған қыл арқанның түйінін шеше
алмайтынына көзім жетеді. Көріп те отырмын. Қарамайын-ақ деймін. Бірақ
Жаңылдың бейберекет әлек болғанына күйіп кетемін. Шыдай алмаған соң оның көзіне тезірек түсу үшін жан-жағыма алақтай беремін.
Көріп барып, көңіліне тоқымаса, қыз
сорлыдан түк қайран жоқ.

          Мойнымды бұрудың өзі күшке түседі. Мына қатты тиген ауыр соққы тұла бойымды талқандап кеткен тәрізді. Амал жоқ, тағы да Жаңылға қараймын.

           Сорлының әбден
елбе-делбесі шығыпты. Жалаңбас. Шашы қобырап кеткен. Көйлегінен сау-тамтық
қалмаған. Иығына қалай ілініп тұрғанына таңмын. Төсіне қайдан көзім түскенін
білмеймін. Қараған бойда-ақ жүрегіме

қан толып кеткендей болды.
Шоштиып тұрған екі алмасының
арасы - қып-қызыл. Tic батқан тұстары
қанталап тұр. Қап-қара. Кісінің қарауға дәті
шыдамайды.

        Сәт сайын мың құбылып, қызыл арай шапақ ойнап тұратын балаң жүзі құп-қу.
Жуыла-жуыла ақжем болып кететін бет орамал бар ғой. Дәп соның өзі. Еріндерін жымқырып алған. Мұрынның жұқа желбезектері бүлк-бүлк етеді. Кірпіктері жыпылықтап, әр жақтағы
мөлдір қарашық, мұп-мұздай болып, қараған тұсына
қадала түседі. Ой тереңіндегі шарасыздық сырын, сірә, жасырмайтын сияқты.

 

Мені қатты қинайтыны да - сол. Жаңылдан ол мезет айбарлы ашу-ыза, кішкентай
кеудені кернеген керемет бір күш-қайрат күтемін. Бірақ қыз байғүста оның біреуі
де жоқ. Бар болғаны шарасыздық сыңай танытады.

         Жаңылдың мүсәпір жүзіне
қарап жығылған сайын ол менен алыстап бара жатқандай көрінеді. Енді қарамауға
бел байлап, басымды шайқаймын. Әрі отырамын, бері отырамын. Болмайды.
Тағы да Жаңылды іздеймін. Енді мен қыздың әлгі мұңды
әлпетінен басқа бір сыр ұққандаймын. Ол қазір бар-бәріне немқұрайдылық, бәр-бәріне
базары біткен, бірақ сол үлкен базардан жоғын таппаған адамның шаршаулы
кейпімен қарайтын тәрізді.

         Жаңағы ернін тістелеуі,
кірпігінің жыпылықтауы - амалсыздық белгісі ме, жоқ әлде шерменделік күйіне
біржола мойынсұнуы ма, ол жағы маған беймәлім.

         Әлгі көз қынжылатын
күйінішті суретке көп қарауға дәтім шыдамады білем, бір жағы ашу ызғырып,
иегіммен төсімді төпелей беріппін. Бірдеңені сезді ме, көзінен жасы сорғалаған
Жаңыл ұшып тұрып, үй ішін жанталаса ақтарып кетті. Әрі жүгіреді, бері
жүгіреді. Сасқаны ма, көзінің алдындағыны көрмейді. Көрмегенімен тұрмай әр нәрсені бір ұстайды. Ұстайды
да, лақтырып жібереді.

           Бір кезде ол қалт тұра
қалды. Екі бетіне алақанын басып болар емес. Әлден соң жерден жеті қоян
тапқандай абдырап, төрдегі қаттап қойған көп жүкті аударыстыра бастады.

         «Бәтір-ау, бұл не іздеп жүр»
деп мойнымды созып қараған боламын. Бірақ көңіл тоқтатар ештеңе көре
алмаймын. Шыдай алмай тағы мойнымды созамын. Жаңа байқадым. Тамағында да сау
жер қалмаған екен. Tic батқан

тұстары көгеріп кеткен. Қан теуіп тұр. Манағы жалаң аяқ қалпы.

-        Кім бар-а...ай...

         Бұл маңда екеуімізден басқа
ешкім жоқ екеніне шындап-ақ көзім жетеді. Бірақ үнсіз қалудан қорқатын сияқтымын.
Қанша жұлқынсам да арқаннан құтыла алмай, ызаға булығып, жарылып кетуге әзер
отырмын.

      Шыдай алмай қыл арқанды жұлқып
қаламын. Мезетінде-ақ көзімнен жас парлап қоя берді. Бар тапқаным - ернімді тістелей
беремін. Бар тапқаным - жұлқына беремін.

          Жаңыл төрдегі қаттаулы көп
көрпені түгелдей ақтарып шықты. Ақыры ең астындағы оюлы текеметтің арасынан
қызыл шөйі көйлегін тауып алды да, екі қолымен ашық төсін басқан күйі дірдектеп
дәлізге шығып кетті.

-        Қап!
Осыдан босансам... Тоғанбай сені ме? Жер басып жүрсең бір көрермін. Бір
кездесермін.

Өзіме-өзім айқайлап жатырмын.

-        Бір
көрермін-ау! Бір кездесермін!

         Айқайлап жатырмын. Аузыма
келгеннің бәрін айтып жатырмын.

Жаңағы қызыл шәйі көйлегін киіп
алған Жаңыл жүгіріп келді. Жүгіріп
келді де, байлаулы қыл арқанға қайта
жармасты. Артыма бұрылып,
оған тағы да «пештің үстіндегі
пышақты әкел» деп ымдаған боламын. Жаңыл онан
сайын қыл арқанға жабыса
түседі. Ызаға тұншығып, тағы
шыдаймын. Жаңыл қыл арқанға онан сайын жабыса
түседі.

         Екі білегімнен жан
кете бастаған-ау? Әлде ашудікі ме, әйтеуір
ештеңені елер емеспін. Бар
тапқаным - жұлқына беремін. Бар тапқаным - ернімді тістелей беремін.

          Менің кісі шошырлық
кейпімнен бірдеңені сезді ме, бір мезет Жаңыл орнынан тұрды да, жүгіріп бұрышқа
барды. Бұрышқа барды да, теріс айналып кетті. Иықтары қалш-қалш етеді.

           Содан ол дірілдеп-қалтырап
пештің жанына келді. Пышаққа қол соза беріп, Жаңыл тағы теріс айналып кетті. Теріс
айналып, тағы бұрышқа барды. Бұрышқа барды да, бір уыс болып бүрісіп қалды. «Осымен
біткен шығар. Ол енді кайтып жоламайды» деп ойладым ішімнен. «Енді екеуіміз екі
жерде осылай қалған шығармыз». Күйініп кетсем керек, жұлқынып қалдым. Сол сәтте
қыз әнтек бұрылып, пештің үстіндегі пышақты алды да, жаныма жетіп келді.

           Қорқып кеттім. Кім біледі,
абдырап жүріп не өзін, не мені жарақаттап алуы да ғажап емес қой оның. Жаңыл бір
оң жағыма шықты, бір сол жағыма шықты. Пышақты түйінге жақындатады да тартып
алады. Жақындатады да,

тартып алады. Мен болсам,
бажырайып қатып қалыппын.

             Ақыры бір кезекте
ол арқанды апыл-ғұпыл қиып жіберді де, теріс айналып жүре берді. Жаңылға қарағаным жоқ. Есік алдына
жүгіріп шықтым.

Шаңқай түс екен. Күн күйіп тұр. Алыстағы көктеңбіл қыраттардың үстінде
майда сағым ойнайды. Арық жағасындағы тал біткен бүршік атып, түрленіп кетіпті.
Сылдырап аққан су сыбдыры құлақты қытықтайды. Кең дала көптен көріспеген көктем
шуағына төрден орын беріп, оның жайдарылығына таң-тамаша қалған. Көз жетер
жерден қарауылға ілінетін қара көрінбейді. Айнала маужырап тұр.

         Алғашқыда не істерімді
білмей аңырып біраз тұрдым. Бірдеңе іздеген боламын. Бірақ не іздейтінімді анық
білмеймін де. Әрі-беріден соң анадай жердегі жер ошақтың жанына қалай
барғанымды өзім де сезбей қалыппын.

Қолыма түскені - сабы сынық балта болды. «Көкталдағы» ауылды бетке алып,
жүгіре жөнелдім.

            Жүгіріп келемін. Айқайлап
келемін. Аузыма келгеннің бәрін айтып келемін. Артымда Жаңылдың да жанұшыра жүгіріп
келе жатқанын сезіп келемін. Соғыстың ауыр күндерінің ауыр табынан жұрттың әлі айығып
кете қоймаған кезі еді.

           Бір жағы колхоз бақшасында
көзқору, бір жағы соның басы-қасында ертелі-кеш түртінектеп жүретін адам керек
болыпты да, осы қырдың басына алдымен Пернебектің үйі көшіп келіпті. Содан
бақша басына тағы бір түтін керек болған кезде апам мені ертіп Пернебектің
үйіне келді.

         Бұрын ол көршідегі
«Бақсайда» тұрыпты. Менің әкемді біледі екен. Баяғыда екеуі мойынсерік болып
қауын еккен көрінеді. Онда біз - «Көкталда» тұратынбыз.

              Жол-жөнекей апам
екеуіміз әжептәуір сөзге келіп қалдық. Керістің басы болмашыдан шықты.
Мен апамның қарадай таусылып келе жатқанын жақтырмай:

-        Қойшы
осы. Сен күйінді деп жұрттың
бәрі жолдан қалмайды ғой, - деуім-ақ
мұң екен, ал кетсін ол:

-        Аспаннан
аяғым салбырап түсе қалдым деп жүрген шығарсың.
Тесік өкпемді сүйретіп, тілім нанды аузымнан жырып беріп, әлімұлыққа
жеткізген күнімде көретінім - сенің
көз алартқаның болса, құдай
ала қойсын мені. Қу

тағдыр менен оны да көп көрген
шығар.

-        Апа,
айдалаға көшіп барғанда бізге біреу ат басындай алтынды ұстата сала ма?

-        Қайдан
білейін деп едің сен. Бақшаның басында отырсақ
көкке ерніміз ерте тиеді. Сырттан келіп жатқан тесік тиын жоқ. Енді ең болмағанда колхоз бізге қарауылдың еңбек
күнін жазады ғой. Осының бәрін бірауық ойласаң
нетті, бейшараның баласы.

-        Соны
бір үйден бір адам ойласа жетпей ме?

-        Өстіп
тілің мен жағыңа сүйен де қал. Өзің білме, білгеннің
тілін алма. Қарғыстың ең жаманы - осы.

           Оның көздері
жыпылықтап, жаулығының ұшы
дем сәтте кірпіктеріне ілініп қалды.
Бір жағы «бармай-ақ, қояйын» дегеніме
қарамастан жата-жабысып ертіп шыққаны бар. Бір жағы - орынсыз жерде келеңсіз әзілге кетіп қалатын қиқар мінезім бар, әйтеуір менің аузымнан шыққан
сөздің апамның жүрегіне шаншудай қадалғанын анық сеземін. «Несіне қажай беремін» деп кінәлаймын өзімді-өзім.
«Апам бейшараның ұйықтаса
түсіне кіретін мен емеспін бе?». Жаңағыдан соң не дерімді білмей оған жалтақ-жалтақ қарай беремін.

       Менің көңілімнің босаңсығанын
сезді ғой деймін, қайтуы тез апам байғұс жібіп сала берді:

-        Барайық, балам. Көрейік. Ұнамаса
айтармыз. Алда-жалда бізді «көшесің, көшпесең болмайды» деп жатқан ешкім жоқ
қой.

         Төмен қараған күйім тіл
қатқан жоқпын. Іштей қосылмағанмен осы сәт апамның көңілін қалдырғым келмеді. Бір
түрлі оны аяп кеттім.

          Біз келгенде Пернебек
есігінің алдында шылбыр есіп отыр екен. Көре-сала бір қозғалақтап алды да,
іштегі біреуге айқай салды.

-        Әй,
Бижамал, көрпе сал. Кісі келді.

          Сосын ол орнынан тұрып, апамның қолын алды. Артынан
мен де ентелей келіп, «ассалау...» дей беріп едім ол:

-        Үйге
кіріңіздер, - деп бұрылмастан
ішке өзі бастап кетті. Табалдырықтан атгаған
бетте Пернебек бізден бұрын барып, қақ төрге өзі отырып алды. Алам
ортадағы арбиған қазақы пештің түбінде қалды. Мен үй иесінің жанына жақын
барып, мыж-мыжы шыққан дәу масаты жастыққа жантая кеттім.

-        Амансыздар!
- Апам бір қозғалып қойды.

-        Аманбыз!

         Пернебек шашын ұстарамен сыпыртқан айтақыр басын
сипалады.

-        Келіп
қалған екенсіздер ғой? - Апам үй иесіне сығалай қарады.

-        Келіп
қалдық. Өстіп. Дәм-тұз...
Әсте тартқан болу керек. Шеткерірек
екен. Ауылдан деймін де. Колхоздын әлгі
атқа мінерлері - тағы бір үй... көшіріп әкелеміз деген әнеугүні. Селбесіп көреміз-дағы, - деп Пернебек бір

жөткірініп алды.

           Қызық сөйлейді екен
өзі. Бәрін бөліп-бөліп айтады. Аңдап отырмасаң мән-жайын оңайлықпен ұқтырмайтын сияқты. Ол айтақыр
жалпак басын тағы бір сипалап алды да, сырттағы әйеліне айқай салды.

-        Бұл үйдің қатыны қайда
кеткен, әй!? Шайларыңды әкелсеңдерші.

         Үнсіз қалдық. Heгe екенін
кім білсін, сол үнсіздік менің арқама аяздай батты. Шыдай алмадым.

-        Басқармадағылар
бізді де осында көшіңдер деп болмай жатыр ғой...

           Апам маған алара
қарады. Пернебек түк естімегендей мелшиіп
отыра берді. Сәлден соң ұзын
бойлы, ақ сары әйел келіп алдымызға
дәу ала дастарқанды жайды. Артынша жаңағы әйелдің аузынан түсіп қалғандай бір
қыз имене кірді. Сонсоң ол қолындағы
бүйірлі көк шайнекті дастарқанның
шетіне тоқ еткізіп қоя салды да, состиып тұрып қалды. Co сәт Пернебек әлгі
қызға көзінің астымен бір қарап еді, анау жалт бұрылып алды-артына қарамай үйден шығып кетті.

-        Жақындаңыз. Дастарқанға, - деді үй
иесі апама қарап. Маған айтқан жоқ.
Менің онсыз да жақындайтынымды сезсе керек.

              Өзі
асығып-үсігіп жаңа піскен таба нанды турап жатыр. Шай құйылды. Ыстық нанның қашаннан өзім жақсы көретін күйген
шеті алдыма келіп калған екен. Іркілгенім жоқ.

          Апама әлсін-әлсін жалтақтап
қарай беремін. «Шай ішу үшін келгеніміз жоқ қой».

         Тіптен маған салса қазір-ақ
кетіп қалар едім. Қонақ келді деп қабақ ашып отырған ешкім жоқ. Әлгіде қыз қолындағы
шайнекті тоқ еткізгенде-ақ суынып қалғанмын. Оның бергі жағында Пернебектің
сөзі - сырдаң. Әліге шейін «бар-жоқпен» ғана отыр.

           Менің байыз таппай
отырғанымды сезді ме, апам бір кезде созбақтап сөз бастады.

-        Шырақ, сыртыңнан білетінбіз.
Біздің үйдегі марқұм ағаң айтып еді...

        Пернебек кесесін қолына алды. Қолына алды
да, ыстық шайды үн-түнсіз сораптап кетті. Әлі сораптап отыр, әлі сораптап отыр. Ішім пысып барады. Ақыры
кеседегі шай таусылды-ау! Мен де «уһ»
дедім. Ол да «уһ» деді. Сосын барып
апама қарады.

-        Рахымберді
екеуіміз ғой. Мойынсерік деуші ме еді? Рахымбердіден қалған көз. - Ол басын көтерді, - баланы айтамын да.

-        Орнында қалған оңалар деген
осы, - деді манадаң кезек-кезек кесе жөнелтіп үнсіз отырған ақ сары әйел ауыр
күрсініп.

-        Кеп
қалып... Отырмыз. Көп көрінеді. Бақшасын айтамын да. - Үзіп-жұлып отырған Пернебек қой. - Жалғыз үйміз. Мұның бәрін... Игеру қайда? - Ол кесесін тағы қолына алды. Енді Пернебек біразға
дейін ыстық шайды сораптап кетеді.
Соны сездім де, дастарқаннан кейін сырғып,
төрдегі сырлы жүкаяққа арқа сүйеген бойы шалқая кеттім.

       Манадан-ақ үйдің есігі ашық тұрған.
Бірақ о жаққа көз салғаным жоқ-тын. Енді қарсы келіп қалыппын. Дәлізге дәу қара
қазан асылған ошақтың дәл аузында жаңа бөстек төселген екен. Соның шетін ала
манағы шайнекті тоқ еткізіп қоя салған қыз жүресінен отыр. Қызыл шәйі көйлек
киген. Әлгі әзірде үстіндегі басқа көйлек сияқты еді. Ауыстырып
киген-ау, шамасы...

       Отырысы маған бір қырын.
Бетінің мен жақтағы ұшы қып-қызыл. Әлсін-әлсін біз жаққа ұрлана қарап қояды. Қолы
тіптен тыныш таппайды екен. Сүйір саусақтары иілгіш-ақ. «Биші шығар» деп қоямын өзімше. Бір жағынан қолының
ербең-ербең еткені маған епетейсіз көрінеді.

-        Осында келмексіз ғой? -
Пернебек кеседен басын көтеріп, апамды жаңа көргендей бажырая қарады.

        Тосыннан келген тура сауалдан
қысылып қалды ма, әуелгіде апам төмен қараған күйі дастарқанның бүктелген шетін
мыжғылап көп отырды. Содан маналы бергі сиырқұйымшақтатып отырған сырын бір-ақ
ақтарды.

-        Бір күн бықсып-сықсып қай
жерде болса да өтеді ғой. Орталықтағы ауыл - баламның оқуына да көптен-көп
қолайлы еді. Бірақ басқармадағы үлкен-кіші қолқалап қояр емес. «Сенен жеңіл көшетін
ешкім жоқ» деп болмай-ақ жүр. Оның үстіне күнбе-күн кетпен арқалап, жұрт
қатарлы жүруден қалып барамын. Содан әнеугүні бір келгендерінде ыңғай бергендей
болғам-ды.

-        Екеуіңіз-ақ қой?

-        Бір
жағы бала оқиды. Мен болсам - мынау отырысым. «Қалай көреді» деп те көп күпті
боп келгенім тағы бар, шырақ. Құдайдан жасырмағанды сенен несіне
жасырайын. - Апам Пернебектің жаңағы сұрағын естімеді ме,

жок әлде елемеді ме, өзінің
манағы әңгімесін созбақтап кетті.

      Пернебек сораптап
отырған шайын тауысты да, кесені төңкеріп
тастады.

-        Бастықтар
айтса... Болды да. He сөз енді?

        Ақ сары әйел
дастарқанды жинап әкетті. Сәлден
соң қайтып оралды. Келген
бетте кесе-шайнекті ысырып, жүрелеп
отыра қалды. Отыра қалып:

-        Қайдам,
әйтеуір, келіп қалдық... Мынау... - дей беріп
еді, Пернебек сөзін бөліп жіберді.

-        Жаңылды
жібер. Анау қойларды... қайырып келсін! «Жаңылы
кім болды екен?».

        Жалма-жан есік жаққа
қарадым. Ошақ басындағы әлгі қыз бері бұрылған екен.

       Бірдеңе айтқысы келетін
сияқты. Екі бас бармағын шошайтады. Қыз басымен кісіге қарап бас
бармағын шошайтқанын тағы жақтырмай қалдым.

       Сол екі ортада ақ сары әйел
үйден шығып кетті. Көп ұзамай ол қайтып келіп тағы жүресінен отыра қалды. Алдымен
күйеуіне ұрлана бір қарап қойды. Сосын маған көз салды. Сосын апамды іздегендей
болды. Сосын етек-жеңі кең көйлегін тартпақтап төмен сусыта берді де:

-        Қайдам, әйтеуір кем-кетігі
көп түтін едік. Бәрі құдайдан да. Әлгі қызымыз... - деп келе жатыр еді,
Пернебек оның сөзін тағы бөліп жіберді.

-        Қойсаң, - деді ол, - «қызым»
деп... Жаныңа ел жуытпай
отырмақпысың. He дегенің ол?

       Ақ сары әйел бұл жолы күйеуінің тұспалдап
тиіскеніне ыққан жоқ.

-        Көрші
болғалы отыр. Жайын айтқалы келген шығар. Жайымызды білгелі келген шығар. Heгe айтпаймыз? Айтсын деп отыр. Сен болсаң - үзіп-жұлқып... Сөзінде бәтуә жоқ. Бала құсап...

-        Немене,
келін, сырқаты бар ма еді? - Апам ернін бір
сылп еткізді.

         Ақ сары әйел
Пернебекке көзінің қиығымен
«ә» деді Де, бізге бұрылып, апама қарап айтқан жоқ, маған қарап айтты.

-        Тілеп
алып едік. Тартып алғандай болғанбыз. Сұрағанға құдайдың
сараңдығы ұстады ма, кемтар
ғып қолымызға ұстата салды.

         Апам қарап отыра ма,
сол екі ортада киіп ала жөнелді.

-        Үріп
ауызға салғандай бала екен өзі... Қап!

-        Бой
жетіп қалды. Бір жағы соған бола - елден жырақ көшіп жүргеніміз.

-        Немене
сен? Сырғанақтап... - Пернебек темекісін құшырлана сорды. - Айтпаймысың. Тілі
жоқ деп.

        Ақ сары әйел үн-түнсіз жаулығының ұшымен көзін сүрте берді. Мен жалма-жан есік жаққа қарадым.
Қыз көрінбейді. Оты сөнуге
жақын қалған пештің аузындағы сары ала бөстек бос жатыр. Қара қазанның ағаш
қақпағынан болар-болмас бу шығады. Ұзын темір көсеудің басы қозға көмулі күйі қалыпты.
Алақан табынан ақшыл тартқан көсеудің сабы бөстектің көлеңкесшде жылт-жылт
етеді. «Жаңағы әлгіде қызыл көйлекті қыздың құлағындағы дөңгелек сырғаның сары
жиектері де осылай жылтыраған жоқ па еді?- деймін өзіме-өзім. - Қапелімде қайда
кетті екен?».

-        Қой,
келін. Босқа қамығып қайтесің. Құдайдың
осы бергеніне шүкіршілік те. Көз
алдыңда асау лақтай секіріп жүргенді
айтсайшы. Шырағым-ау, бәрінен жоқ жаман, жоқ құртады кісіні.
Шүкіршілік те! - Апам ақ сары әйелді жұбатып жатыр.

-        Мейлі
ғой. He шара енді, - деп Пернебек төмен қарады.

-        Ешкімді
көкіректен итеріп көрген жан емеспіз.

       Ақ сары әйел жаулығының
ұшын ұстаған күйі жылыстап шығып кетті.

-        Серік
деген... Әманда жақсы. Жақсы ғой, - деп Пернебек
темекінің тұқылын іргеге лақтырып
жіберді.

       Үй ішін тосын бір
үнсіздік басты. Пернебек қайтадан шылым
орады. Апам қозғалақтай бастады.

-        Қой,
ендігіміз - көш-қон ғой. Бүгін-ертең арба жіберем
деп кеткен әлгі біргат бала...

-        Әй,
Бижамал. Әлгі тамағың... He болды? Тас түскен бе?- деп Пернебек айқай салды.

-        Қой,
әуре болмаңдар. Тамақты жей береміз әлі, - деп
апам түрегеле берді.

-        Мына
қатынды... Жер жұтты ма-ей!
Пернебек шылымын құшырлана
сорды.

         Мен есік жаққа көз
салдым. Сары ала бөстек бос жатыр.
Ошақтағы от қайта маздапты. Қыз да жоқ, көсеу де жоқ.

-        He
боп қалды?- Ақ сары әйел үйге жүгіріп кірді.

-        Тамағың...
- деді Пернебек темекі түтініне шашала, - мына
кісілер... маналы бері... Асығып отырған жоқ па?

-        Мына
қызы құрғыр қазанға
қарамапты. Қазір. Қамырын илегелі жатырмын, - деп ақ сары әйел әжептәуір қысылып қалды.

        Бірақ апам
қарайламады. Көп қоштасқанымыз жоқ. «Иә,
иә» деп олар қалды. «Иә, иә» деп біз кеттік.

-        Көршіні
құдай берген екен, - дедім
мен былай шыққан соң.

-        Е,
несі бар? Жалпылдап қалған жандар көрінеді. Әйелі
де, өзі де, - деп апам жуып-шайып жатыр.

-        Анау
Пернебегің аузын буған өгіздей біреу ғой.

-        Немене,
көрінген адамның бәріне жайылып жастық бол
демекшімісің?

-        Біз
- көрінген адам емеспіз.

-        Көрінген
болмағанмен бір көргенсің. Бір көргенде осының
өзі-ақ жетеді.

-        Сонда
да кісіде сәл бір жылылык болмай ма?

-        Е,
бола жатады да. Баяғыда әкең байғұс
«момын» деп отыратын.

-        Кім
білсін.

-        Әй,
жер барып айтпасын-ау, сенің шадыр әкеңмен тіл
табысқан адамнан жамандық шығады дегенге сенгім келмейді. Мейлі, әйтеуір мақтай берсейші...

-        Бәрін
қойшы. Байғұстардың анау
қызын айтсайшы. Алғаш көргенде ішім
жылып қалып еді. Тілі жоқ болған соң
не оңады?

         Апам ауыр бір
күрсінді.

-        Тілі
жоғы қалай, сонда?

-        Қалайы
несі? Мылқау да. Тас керең. Құдай
қыз беріп, оны меңіреу қылғаннан
сақтасын!

-        Ондайларға
ем қонбай ма?

-        Ем
қонғанын осы жасқа келгелі бері көрген де емеспін,
естіген де емеспін.

-        Оқымайтын
болды ғой онда...

          Апам үндеген жоқ.
Сірә, көші-қонның жайына ауып кетсе керек.

          Менің көз алдымнан
әлгі қыздың манағы кейпі кетер емес.
Көлбеңдеп олай бір өтеді, былай бір өтеді. Өткен сайын оған тесіле қараймын. Қараған сайын ол маған сұрықсызданып барады. Бір түрлі жек көретін сияқтымын. Тек неге жек
көретінімді анық білмеймін де. Әйтеуір со
қызды жолықтырған апама іштей ызаланып келемін. Әлдебіреу оны маған таңып қойған сияқты. Енді одаң құтыла алмайтын сияқтымын. Сол
күннің кешінде-ақ көшіп келдік. Қос ат жегілген дәу арба есік алдына кеп тоқтағанда, Бижамал үйінен жүгіріп шықты.

-        Сыпырып
қойғам, - деді ол апама қарап.

-        Тілеуінді
берсін, - деді апам. - Бізді сыйласаң сені... Co сәт босағадан Пернебектің тақыр басы көрінді.

-        Е...
е!

-        Кеп
қалдық, - дедім мен.

-        Е...
е! - деді ол тағы да.

-        Әй,
бала, атың кім еді, түсіре берсеңші мына жүкті. Апам анадай жерде состиып тұрған қара торы, дембелше жігітке
алара карады. Мана осылай жүрерде бригадир: «Көші
қондарыңа қол үшын береді» деп ертіп келген-тін

оны. Ә дегеннен-ақ ол шеткерілей
берген. Ештеңеге ықылас танытпаған
соң, мен жалынғаным жоқ. Апам да үйреншікті
күңкілден асып кете алмады.

          Біз көп қиналып жүк
артып жатқанда, ол темекі тартумен болған. Темекіні керемет сәндеп тартады екен. Аузынан түтін шығарғанының өзі -
жатқан бір цирк. Будақтатып лақ еткізбейді де, сыздықтатып үрлеп те шығармайды.
Бір көзін сығырайтып кеп, аузындағы түйдек-түйдек түтінді

ақ бауыр бұлттай өрнек-өрнегімен айдап жібереді де, оны ізінше қайта жинап
алады. Содан барып әлгі түтінді мұрнынан, екі езуінен кезек-кезек ағытады.

Алақаны - жап-жалпақ. Тістері араның жүзіндей қиқы-жиқы. Қара қошқыл
тартқан. Кісіге түксие қарайды. Ол сәттерде шегір көздер қалың қабақтың астынан қатты айбат шегеді. Бірақ көп тұрмайды. Тез тайқып кетеді. Жүктің бәрін жайғастырып болған соң жаңағы жігіттің темекі
тартқанына қызыға қарап тұр едім, апам жүгіріп келді де:

-        Сен
оған үйір бола берме. Ұры
көрінеді. Сотталып келген қаны бұзылған дейді. Аулақ жүр, қызылкөз
пәледен, - деп төптіштей жөнелді.

        Тегі ол жаңағы сөздің
шет-жағасын естіді-ау деймін, апам
кеткен соң қабақ шытып, теріс айнала берді. Сосын темекінің тұқылын
аяғының астына тастады да, оны табанымен көп таптады. Әбден мыж-мыжын шығарып,
топыраққа араластырып жіберді.

Біраздан соң ол:

-        Атың
кім? - деді маған жай ғана.

-        Нұрсейіт.

-        Нұрсейіт болса жақсы екен. Менің Тоғанбай
екенімді білетін шығарсың. Мана
бригадир айтты емес пе?

-        Білем.

         Тоғанбай үнсіз қалды.
Мені «жақтырмай тұр» деп
ойлады ма, басын тұқыртып,
өкшесімен жер шұқылай берді. Әлден уақыттан соң шыдамады білем,
ол қайта тіл қатты.

-        Күн қызарып батты ғой.

-        Үлкендер күннің қызарып
батқанын жақсы көреді, - дедім мен жылы ұшырай.

-        Оқисың ба?

-        Ие!

-        Нешіншіде?

-        Оныншыда.

-        Қай жағына мықтысың?

-        Ненің?

-        Сабақтың да.

-        Математикаға.

-        Дұрыс екен.

-        Оны білмесең бүгінде нан жоқ
көрінеді ғой?

-        Heгe?! Бәріне де ықылас керек. Ықылас
керек екен, - деп Тоғанбай ауыр бір
күрсініп қойды.

         Сол екі ортада қызыл
шәйі көйлек киген баяғы қыз үйден
жүгіріп шықты. Киіктің лағындай. Қағылез қимылмен жалт бұрылып, бір қарады да, жайраңдап жүре
берді. Қыздың еке-шешесіне
бірдеңе айтқысы бар. Екеуіне де кезек-кезек қарайды. Бір мезет маған көзі түсіп
кетті де, жалма-жан басын тұқыртып, қырындай берді. Heгe екенін білмеймін,
күліп жіберіппін.

        Қыз қайтадан көз салғанында
менің ыржиып тұрғанымды көріп, бір жымиып қойды. Тоғанбай жаныма келіп, көзін
қысты. Көзін қысты да, күлген болды.

-        Мынау нағыз үрдің қызы
болмаса нетті!

        Ол ысқырып жіберді. Мен
Жаңылға жалт қарадым. Кесе-шайнекті сүртіп отыр екен. Басындағы қызыл орамалы
маңдайына түсіп кеткен. Екі иығы бүлк-бүлк етеді. Кей-кейде кесенің түбіндегі
өрнек-оюға тесіле қарап қалады. Сол мезет қыздың еріндері өз-өзінен діріл
қағады. Жаңылдың осы кейпі - қауызын жаңа ғана жарған ақ үлпек мақта сияқты.
Үріп жіберсең ұшып кететіндей. Жұп-жұмсақ. Жып-жылы. Шаң тимеген.
Аппақ...

       Тоғанбайдың аяқ астынан
ысқырып жібергені - әлгі ақ үлпек мақтаны жұлып алып, батпаққа лақтырғанмен бірдей
әсер етті маған. Жақтырмай қалдым да:

-        Құлап қалма, - дедім.

-        Талайын көргенбіз. - Ол тағы
ысқырып жіберді. - Талайы көкеңнің қолынан өткен.

          Бірдеңе десем-ақ
Тоғанбайдың асырып жіберетінін сезіп тұрмын. Бірақ демеуге болмай қалды.

-        Қолыңнан өткені көрініп тұр,
- дедім мысқылды үнмен.

-        Әй, оны қойшы, - деді
Тоғанбай ыржалақтап. - Мана бірлі-жарым шиша-пиша алып па едіңдер? Қаңсып кеттік
қой.

-        Шиша-пишаңды білмеймін, -
дедім мен. Апам ет асатын шығар.

-        Айтса да сен қайдан білуші
едің?! - Тоғанбай ауыр күрсініп қойды.

        Ол тамақ жібітетін ештеңе жоқ
екенін сезді білем, қипақтап, кетуге ыңғайлана берді.

-        Сүр
бар. Ыстық сорпа ішіп кет. Ердей келген соң... Қарағым, қонақ бол енді.

           Апам аяқ астынан жік-жапар
болып жатыр.

-        Әлгі тамақ жібітер бірдеңесі
болмаса, етті жеп жүрміз ғой, - деп ол мақталы күртешесін қолтығына қысты.

-        Ол құрғырың жоқ еді, қалқам.
Ішетін ешкім болмаған соң.

           Тоғанбай үн-түнсіз бүрылып
жүре берді.

-        Қаны бұзылған ғой бейшараның!
- Апам күбір-күбір етеді.

         Қас қарайып қалған кез еді. Есік
алдына шықтым. Жаңыл самауырынға от салып жатыр екен. Кей-кейде тамызык жалыны
оттықтан асып жалп ете түскенде, қыздың күлімсіреген жүзі көрініп калады.

         Кішкентай шотпен самауырынға
салатын ағаш майдалауы - манағы бір әзірдегі кесе-шайнек сүрткенін көз алдыма
әкелді. Жып-жып етеді. Ерекше ықылас жетегіндегі адамның қимыды. Әйтеуір оның
осы сәттегі бар болмысынан ересен бір қуаныш табы байқалады.

             «Көшіп келгенімізге
көңілі тасып жүр ме екен?» - деймін ішімнен. «Бірақ оған адамның бары не, жоғы
не? Естімеген соң сөйлемеген соң» деп ойлаймын тағы да. Бірақ сол екі ортада
онымен тілдесе алмайтыным есіме

түсіп бір түрлі кейіп кеттім.
Жаңылға жалтақ-жалтақ қарай беремін.
Тамағымды кенеп-кенеп қоямын. Әрі-беріден соң ол емес, мен тіл қата алмайтын сияқтымын.

           Бижамал бізді сол
кеште-ақ ерулікке шақырды. Қыстан
қалған сүрін асқан екен. Жаңыл қамырын иледі. Есік ашық тұрған. Сыпыраны баяғы
қазан аузындағы сары ала бөстектің үстіне жайған екен. Бәрін көріп отырдым. Бір
байқайтыным Жаңылдың бірдеңені қолына алса жанып кететіндігі. Манағы кесе
сүртуі, самаурынға от салуы, енді қамыр жаюы - бәрі-бәрі ықыластың ісі сияқтанды.

        Астан соң қол жуып бола
бергеніміз сол еді, манадан бері үнсіз отырған Пернебек тары қуыратын
былғауыштай кішкентай қара домбыраны қолына алды да, қос ішекті шертіп-шертіп
жіберді.

        Үй иесінің мен көргелі бергі
қимыл-қарекеті, сөз саптауы, мінез-әлпеті домбыра тартып, думан қыздыратын адамға
ұқсамайды. Жаңағы қағысы да сыр мінез күйшінің көңіл саңылауын танытпағандай
еді. «Әншейінгі бір әуселесі шығар» деп түйдім ішімнен. Менің сол жасырын сырымды
сезгендей-ақ Пернебек қолындағы домбырасын төрдегі жүкаяққа сүйей салып, темекі
орауға кірісті.

          Бижамал қайтадан дастарқан
жайды. Бауырсақ әкелді. Қант салды. Күбінің бір тостақ ақшыл майын қойды.
Ашқылтым иісі аңқып, буы бұрқыраған күрең шай келді.

         Молдасоқынып алған Пернебек
бас бармақтай жуан темекісін әлі тартып отыр.

        Алдыма келген кесені қолыма
ала бергенімде, манадан бері пештің түбінде үнсіз отырған Жаңыл орнынан ұшып
тұрды да, қара домбыраны жұлып алып, әкесіне ұстата салды.

-        Мына қыз... - деп келе жатқан
Пернебекті шай құйып отырған Бижамал киіп кетті.

-        Тартсаңшы пәлсінбей! - Сосын
ол апама қарап:

-        Естімегенімен қызық көреді
байғүс! - деді мұңайып.

-        Кім көріпті, бұл жалған кең
ғой. Мүмкін құлағына бір сыбдыр жететін шығар... - Апам аспан айрылып жерге
түссе де қыздың түк естімейтінін қолындағы жүзігіндей біледі. Бірақ
Бижамалдың көңілін жықпау үшін көрнеу

көзге көлгірсіп отыр.

-        Біздің
үйдегінің қабағы ашылып жүретін күні кемде-кем. Кей-кейде домбыра тартса ғана
көңілденіп кететіні бар. Қыз байғұс әкесінің сол жайдары сәтін жақсы көреді, - деп Бижамал тағы бір
сырдың ұштығын шығарып тастады.

-        Алда
байғұс-ай! - Апам ернін бір
сылп еткізді.

-        Ел
аман, жұрт тыныш қазір.
Қабағыңды ашып жүрсеңші бір мезгіл
десең тындамайды. Көзі отыр ғой, міне,
- деп Бижамал күйеуіне қынжыла қарады.

-        Немене
сен? - Шыдамады білем,
Пернебек дүңк ете қалды.

-        Құдайдан жасырмағанды қоңсыдан
несіне жасырамыз, - деді Бижамал жұлып
алғандай.

-        Әй,
қатын! - Пернебектің қабағы түксиіп кетті. - Болды!

        Ерлі-зайыпты екеуінің
салғыласып кететіні айқын еді. Апам
оны сезе қойып, сөзге араласты.

-        Шырақ,
біз де тыңдайық. Тартсаңшы домбыраны. Пернебек ауыр бір күрсінді де, домбыраның құлағын бұрап, көп отырды.

         Ақ сары әйел отағасысын
мәмілеге шақырғандай болды. Соны күтіп отырғандай үй иесі де оңтайлана
беріп:

-        Қиссаны
қайтеміз. Бүгін жазылып бір... Оңашада деймін де... Ән айтайықшы, - деді. Содан
апама бұрылып: «Кейуана, кейде осылай... Ұстап қалатын бақсылығымыз бар» деп сәл жымиғандай
болды. Сәл ғана. Оның өзінде де
қоңқақ мұрнының желбезегі жел кеулеген қаңбақтай желп-желп етті де,
басылып қалды. Пернебек қара домбыраның құлағын бұрап, тағы біраз отырды
да, бастап кетті.

Сұрасаң руымды Қаракесек,

Досымнан дұшпаным көп-а-ай кылған өсек.

Дұшпанның табалаған бір сөзінен,

Жатқаным қу қара жер-ай болып тесек-ау!.. - деп шырқап кеткенде қайдан тап
болғанын білмеймін - Жаңыл есіме түсті.

         Сол пештің түбінде әлі отыр
екен ол. Көздері жасаурап кеткен. Еріндері кезеріп, әкесінің домбыра ұстаған күсті
қолдарынан көз алмай қатып қалыпты. Саусақтарын қайшылап алған. Дір-дір етеді. Алғашқыда
әнге балқып отыр-ау деп қалып ем, жоқ, ән аяқталып енді қай әуенге тоқтарын
білмей, ыңылдап домбыраны жәй шертіп отырған Пернебектің қолдарынан әлі көз
аударар емес.

          Менің қызға тесіліп
отырғанымды байқап қалған Бижамал көз қиығын бір тастады да, алдындағы кесені
майлықпен ысқылай берді. Ұялып қалдым. Бірақ «ұялған тек тұрмас» дегендей
Жаңылға жалтақ-жалтақ қарай беремін.

Қараймын да ойға қаламын.
«Әкесінің ілуде бір оралатын көңілді сәтін оның шынымен-ақ, аңсап күтетін
болғаны ма? Мүмкін, ғаріп қыздың бұл
да бір ілкі куанышы шығар? Әйтпесе
түк естімей жатып, мұншалық ұйымаса керек-ті. Онда ешкімнің де қабақ шытқанын қаламағаны ғой қыздың...».

         Жоқ жерде Жаңылды
кереметтей аяп кеттім. «Не деген қатыгездік!
He деген бақытсыздық бұл!»
деп күбірлей берем іштей. «Қатыгездің» кім екенінде, тіптен шаруам жоқ. Әйтеуір бір өшпестей өкініш өне бойымды
өртеп барады.

        Бір мезетте Пернебек
жөткірініп алды да, апама қарап:

- Алтыбасарды айтайын, - деді.

         Бұл менің бұрын-соңды естіп-білмеген әнім. «Әу» деп бастағанда ұнаңқырамай
қалып еді. Қайырмасына қайрылғанда
барып әуен сазы көкейге қона кетті.

         Керемет айдың үстінде
бір алып толқын үздіксіз тербеліп тұрғандай. Сол толқынды нән батыр
әдейі тербеп тұрғандай.

           Бір кезегі келгенде
домбыраның босап кеткен тиегін бекітіп
жатып: «Бұл әлгі не дейтін еді? Опера ма? Сол ғой. Ән деп қоя салу... Білмеймін. Аз сияқты.
Шыны сол. Операның дәл өзі!»- деді үй
иесі. Мен ол сәт Пернебектің «опера»
деген сөзінің түп байыбына бара қойғаным жоқ. Әйтеуір, дәу нәрсе сияқты көрінді. Таусылмайтын ұзақ дүние
тәрізді.

           Пернебек қайта шырқап
кетті. Қайдан тап болғаны белгісіз, Жаңыл есіме тағы түсті. Қарасам -
манағы қалпы екен. Ал қызыл еріндері
жыбыр-жыбыр етеді. Тек, саусақтары ажырап кетіпті. Алдында сұлық жатыр. Қалжыраған болса керек.

           «Не ойлайды екен?»
- деймін өзіме-өзім. «Адамдар тарыққанда,
зарыққанда қолтығынан сүйейтін керемет бір күш
- ән мен күй барын біле ме ол?»- деймін өзіме- өзім. «Бәрін қойшы, Жаңыл бір көргенде томырық. Кісіге жылуы жоқ, жалғыз жартастай әкесінің жаңа ғана «Қаракесекті» қалай күңірентіп айтқанын біле ме ол?» - деймін
өзіме-өзім. «Не ойлайды екен ол?»-
Тағы Жаңылға қараймын.

           Манағы қалпы.
Өзеуреп отыр. Құлағына шейін
нарттай жанып, балаң көңілмен біржола балқып кеткен. Әкесінің шалқая шіреніп шырқаған сәтінде ол да шалқаяды.
Әкесі қасын керіп, қабағын шыта шырқаған сәтінде ол да жіп-жіңішке қара қасын
қағып-қағып қояды. Осы мезет Жаңыл үшін бұл жалпақ ғаламда әкесінен артық
ештеңе жоқ сияқты.

         Пернебек сол сәтте қызына
домбыраны ұстата салса - Жаңыл оны қымсынбай-ақ алар еді. Әйтеуір, маған солай
көрінеді. Бірақ қыз әкесінің қолынан кішкентай қара домбыраның түспегенін қалайтын
тәрізді. Егер Пернебек таң атқанша тапжылмай отырса, Жаңыл да орнынан қозғалмас
еді. Әйтеуір, маған солай көрінеді.

          Кей-кейде қыз көйлегінің
етегін төмен тартқыштай беріп, Пернебекке қарай бар ықылас-пейілімен ентелей түседі.
Оны сәлден соң-ақ әкесінің мойнына асыла кетер ме екен деп қаласың.

         Кей-кейде Пернебек те бар
ықылас-пейілімен қызына қозғалақтап қояды. Енді сәлден соң-ақ ол да Жаңылдың
қолынан тартып, қызының басын көкірегіне баса, шашынан сипар ма екен деп
қаласың.

            Бірақ екеуі де оған
бармайды. Heгe бармайтыны маған беймәлім, әрине.

          Бижамал да күйеуі мен
қызына кезек қарап, көңілді отыр. Ол қазір өзіне ет жақын екеудің еліте
елжіреген сәтінен айрылғысы келмейтін сияқты. Қолынан келсе қатып ұстап
қалмақшы-ау.

          Бір жағы «Алтыбасар» әнінің
әсері, бір жағы мына үй іші үшеуінің жаңағы жұмбақ қылығы бар - әрі-сәрі
отырғанымда апам:

-        Біз тұрайық енді, - деді. -
Мына Нұрсейіт ертең ертелеп мектебіне барады.

-        Тағы шай қайнап жатыр. Үй
арасы жақын ғой, - деп Бижамал жалбарынғандай самаурынның құлағына жармасты.

-        Ұйқы қиын, - деп Пернебек
маған қарады. Жаңағы сәттегі жүзіндегі жылылықтан із де қалмапты.

         Маңдайы қыртыстанып, кеш бойғы
көңілділікпен біржола кош айтысқандай самарқау отыр.

-        Түк емес, - дедім мен оның
тез салқын тартқанына танданып. - Әніңіз жақсы екен.

-        Е...
Оның орны бөлек қой.

-        Бөлек
екен, - дедім күрсініп.

-        Үйреніп
ал, - деді ол да күрсініп.

         Шығып кеттік. Бірақ
алға жылжыған сайын бір қымбат дүнием ұмыт қалғандай,
ілгері басқан аяғым кейін тарта
берді.

-        Кібіртіктеп
жүргің келмейді ғой, - деп, апам жеңімнен
тартып қалды.

-        Мен
қазір, - деп кейін шегіншектей бердім. Қипалақтап қайта келгенімде, Пернебек сыртқа
шыққалы жатыр екен.

-        Бірдеңе
ұмыттың-ау, - деді ол.
Дауысында таңырқағандық бар.

-        Жоқ,
- дедім мен. - Тек «Алтыбасардың» сөзін жазып
алсам.

          Пернебек маған ұзақ қарады.

-        Жазып
ала ғой...

          Ол ыңылдап кетті.
Мен төсеулі көрпенің үстіне етпетімнен
жата кетіп, жаза бердім.

-        Болды!
- деді ол бір кезде. Басымды көтерсем дәл жанымда маған төне қарап Жаңыл тұр екен. Ол маған
болар-болмас жымиып қойды. Сірә, қоштағаны-ау! Мен қайтадан дәптеріме көз
салып, «Алтыбасарды» бастап, ыңылдап кеттім. Өз дауысымды өзім естімеймін. Бірақ кереметтей бір нән
толқын айдын үстінде теңселіп тұрғандай. Сол толқынды бір батыр әдейі тербеп тұрғандай. Басымды көтеруге шамам келер
емес. Басымды көтерсем-ақ бәрінен айрылып қалатындаймын.

...Табалдырықтан аттай бере төр
алдындағы екеуге көзім түсті, Жаңыл
апамды тізерлей отырып алыпты. Бір қалта білезік,
жүзікті алдарына жайып тастаған. Менің
танданып тұрғанымды тез
таныған апам:

-        Мына
Жаңыл тұздықтаған жұқпа әкелген екен. Қызды құр қайтарғым келмей
жиған-тергенімді ақтарып жатыр ем, - деді ерекше бір ықыласты кейіппен.

        Жаңа байқады білем, Жаңыл
мені көрісімен көйлегінің етегін төмен тартқылай берді.

         Қыз анау қалта толы жүзік
пен алқаға, моншақ пен сырғаға көпқкызығатын тәрізді. Тек бірінен-бірін артық көріп,
қайсысына тоқтарын білмей - сарсаң. Сонсоң ол қалтаның аузын әншейін ашпағанын,
ішінен ұнағанын қаласын деп отырғанын сезетін сияқты.

          Апам әдемілеп тігіп берген
шүберек қалтаны алып, кітаптарымды түгендей бастағаным сол еді, Жаңыл елең ете
қалды.

           Әп-сәтте алдындағы
жылтырағанның бәрін ысырып тастады. Білдірмегенсіп бірте-бірте жақындап
келеді. Көп іздеген жоғын жаңа тапқан
кісіше бас салудан да тайынбайтындай сыңай танытады.

-        Мына
шіркін қайда барады?

         Апам тандана қарады.

-        Берсем
жыртып тастамас па екен?

-        Бұ жазған одан не түсінеді? Әліпті
таяқ деп білмесе...

-        Оқи
алатын шығар ішінен. Кім біледі.

-        Сен
де қайдағы жоқты айтады екенсің...

        Сәлден кейін қыз
үлкеннен бата сұрап, қол
жайған адамдай екі алақанын жазып,
сақылдап күле берді.

        Аң-таңбыз.

        Енді бір сәтге күлкісін
пышақ кескендей тыйып, сұк саусағын менің алдымдағы кітапқа кезеп,
қиылды да қалды.

-        Берсеңші
енді, сұрап отыр ғой! - Апам
шыдай алмады білем.

-        Суреті
барын бер. Ақтарып көрсін.

           Кітап қолына тиген
бойда Жаңыл орнынан атып тұрды. Ә дегенше болған жоқ, сыртқы есікті
сарт еткізіп жауып та үлгерді.

-        Қайтсін байғұс, - деді апам,
- киын ғой... Бой жетіп қалған. Оқығысы келетін шығар.

-        Қайтіп оқиды бейшараның
баласы-ау, есітпесе не біреумен сөйлесе алмаса...

-        Бұларға лайық ештеңенің
болмағаны ма сонда?

-        Білмеймін,
бар көрінеді. Оны да кеше Бижамал сорлы айтады-ау. Әкесі соған бола әдейілеп,
Тәшкенге әлденеше барыпты да. Аламыз деген екен, бірақ қиып кете алмапты.

-        Бекер
болған, ә?

-        Ей,
шырағым-ай, ол айтуға ғана оңай ғой. Әйтпесе жылап-сықтап
жүріп көрген жалғыз перзентін қалай тастап кетеді?

-        Өстіп
жүре бермек пе?

-        Қайтсін,
«Басқа түссе баспақшыл» деген
де. Анау Бижамал бейшара жалпылдап
қалған момын жан көрінеді. Кеше
біраз түртпектеп көріп едім, жай-жағдаяттарының бәрін айтты. Әлгі
«Бақсайларында» отырғанда перзентке зар біреу сөз салыпты. «Ондай көк тұқылға
қор қылғанша көз алдымда селтеңдеп жүргені мың артық» деп Бижамал жылап алды.

            Жатқанша апам екеуіміз
Жаңылды көп әңгімеледік.

Қараңғы үйде ояу жатып, ойға кетемін. Сондағым - Жаңылдың басындағы бүгінгі
бақытсыздық халі. «Ғұмырында бір дыбыс ести алмай, ғұмырында біреуге бір ауыз сөз
айта алмай кетеді-ау сол! Ондай тіршіліктің керегі не?

Бәсе, керегі не?! Одан да...».

             Бір таң қаларлығы
- Жаңыл осы халіне қайғырмайтын сияқты. Білдірмей ме, әлде өзінің кемтарлығын
түсініп біле бермей ме? Ол жағы маған
қараңғылау. Әйтсе де оның кей-кейдегі
көрнеу бейқамдығы мені көп таңдантады.

         Әрі-сәрі жатқанымда көңілге көлденең бір толғам
caп ете қалды.

-        Апа,
ұйықтап қалған жоқпысың? -
деймін.

-        Жоқ.

-        Ертеңгісін
маған азын-аулақ ақша берсең...

-        Оны
қайтесің?

-        Кітап
керек еді.

-        Бар
емес пе?

-        Бары
- бар-ау...

-        Ендігің
«тентек шоқпар жинайдының» кері ме?

-        Жаңылға.

-        Біз
екеуіміз біреудің басына май жақпай-ақ, өз қотырымызды өзіміз қасып жүрсек,
құдайға мың да бір шүкіршілік емес
пе?

-        Шының
ба сол?

-        Болса
ше?

-        Шының
ба деймін?

-        Болса
ше?

-        Шының
ба деймін? - Ә дегенде әзілге бұрып, апамды жұмсартпақшы болып ем. Келе-келе кесір ашудың буып тастағанын сезбей де қалыппын. Менің дауысымның қатқыл
шыққанын таныса керек апам:

-        Сенің
мінезің-ай осы... Барға да, жоққа да шартпа-шұрт келетін.

-        Енді
немене, аузыңды қу шөппен сүртіп.

           Енді үндемеуге
болатын еді. Апамның «осы сенің-ақ» деп
қынжыла бастағаны - келісімге келгені.

           Таңертеңгілік.
Аспан күмбезі - ашық. Көкжиектен күн көтеріліп
келеді. Үй іргесінде кішкентай қарабұйра қошақан шапқылап жүр. Арғы беттегі жазық жаңа ғана қарауытып
жатқан. Енді шығыс жақтан түскен сәулеге малынып, жымың-жымың етеді. Анадайдағы
бақшалық алаңқай тіліп тастаған торлама қауын сияқты. Қабырғасы сөгіліп кеткен. Кешегі апамның «әлгі
трәктірі құрғыры бәрін бүлдіріпті. Одан да кетпенмен
аударғанымыз қол еді» дегені есіме
түсті. Шыны да сол-ау. Қызық. Алаңқайдың мына кейпі - Тоғанбайдың сойдақ-сойдақ
тісіне ұқсайды екен.

           Мен есік алдында тұрмын. Жаңыл да есігінің алдында тұр. Қызыл шәйі көйлегін киіп
алған. Менің кітап салатын қалтамнан айнымайтын дорбасы бар қолында. Көк сәтеннен тігіпті. Су жаңа. Қызға таңырқай қараймын. «Таң атпай жатып қайда
бармақшы бұл?».

         Көп ұзамай шешесі де шығып қалды. Қызына
қараған жоқ. Маған бұрылып,
бір қырындап келеді.

-        Бәрі
құдайдан ғой, - деді Бижамал
жақын келген соң - Кешеден бері мына қыз миымды ашытып
жіберді. Әсте сенен көрді білем,
ерінбей-жалықпай әнеугүні көйлекке деп алған әжептәуір сәтенді бүлдіріп, мына
бір

қалтаны тікті. Таң алагеуімнен тұрып киінісі ала бөтен. Сенімен бірге
мектепке бармақшы-ау өзі!.. - Бижамалдың жүзінде жалынғандық па, жоқ әлде
амалсыздық белгісі ме, бір күйкі көлеңкелік бар.

        Мұндай қолқа салады деген
кімнің ойында бар. Бірден «болмайды» деп айтуға ауыз бармаған соң:

-        Қиын ғой, кіргізбейтін шығар,
- дедім мен.

-        Қазір әкесі оянса айқай салар
еді, бірақ бұл бейбақтың сәл нәрседен көңілі қалса - көпке дейін мұңайып,
кісіні құса ғып жіберетіні бар...

-        Қайтеміз енді...

-        Қайдан білейін, айналайын...

-        Мейлі де.

-        Сөйтесің бе?

-        Қайтем енді.

-        Біреу-міреу жәбірлеп жүрмесін,
қалқам.

-        Несі бар біреу-міреудің.

-        Сонда да, бейбастақ балалар
кез болып...

-        Интернатта жататын қыздардың
бөлмесіне отырғызып кетемін.

         Айнып қалады деп қорықты ма,
Бижамал жаңағыдан кейін үйіне үн-түнсіз кіріп кетті.

         Мен де үн-түнсіз кете
бардым. Ә дегенде Жаңыл аң-таң болып, сол орнында қалшиып қалып еді. Менің ұзап кеткенімді
көрді де, бір мезет төмен қараған күйі қаздаңдай жөнелді.

          Өзі қызық жүреді
екен. Бір қырындап, аяғын дік-дік басады. Мәсі киіп алған. Басына дәу қызыл
орамал тартыпты. Оның шашағы беліне түседі.

        Heгe екенін кім білсін, мені
қуып жеткенімен қатарласқан жоқ. Сәл кейіндеп келеді.

        Шығар күннің шымылдығын ашып
жатқандай шығыс жақ алау тартады. Сидаң талдардың ұшар бастары шуақ шақырып,
талмаурап қалған. Осындай кезде өзімнен-өзім ширығып, әудем жерге жүгіріп
алатын әдетім бар еді. Енді ол жоқ.

         Жолдың май топырағы тобықтан
асады. Аз-кем жүрген соң борпылдақ шаң мазамды алды. Ілгері басқан аяғым кейін
кетеді. Ақырында топырақтан қашып, арықтың ба- сындағы жалғыз аяқ жолға шығып
кеттім. Ойымда еште-

ңе жоқ. Бірақ Жаңыл өзінше мені
«қашты» деп ойласа керек. Басын төмен
салбыратып, бірте-бірте бүгіліп барады. Білегінен ұстай алдым. Ып-ыстық екен. Сасқанымнан қоя
бере салдым да, көз ұшындағы
ақ үйге қарап, қолымды создым. Көз ұшындағы үй - біздің мектеп болатын. Көрсе керек. Тұра
қалып, басын изей берді ол.

          Ақ үйге көз салады
да, мойнына асып алған қалтасын қыса
түседі. Жаңағы әзірдегі реніші қайтайын деген-ау. Бойын тік ұстап
келеді. Екеуіміз қатар жүруге жол
тар. Ол - артымда. Жалтақтап қарай беруге де бір түрлі қысыламын. Ымдап сөйлесейін десем көңілімдегіні қалай
жеткізерімді тағы

білмеймін. Кеше шешесі екеуінің
«тілдескенін» көріп таң қалғанмын.
Бір керемет. Көз байлаушы артистің көп алдына шыққандағы айла-шарғысы іспеттес.
Екеуінің де саусақтары буынсыз
дерлік. Сосын - көз. Көз көп әңгіме айтатын
тәрізді. Әлгі буынсыз саусақтарының әрекеттенуіне
қарай көз де қатар желіп, бірдей қосылып отырады
екен.

          Ол әзірге менің
қолымнан келмейді. Үйреніп алған соң
«сөйлеспесек», тосыннан келіп саусақтарымды қанша ербеңдеткеніммен, Жаңылдың ештеңе ұғатын түрі жоқ. Бір жағы
қолымды тілмаштыққа жұмсап,
«тіл қатуды»

өзімше ерсі көремін. Олай етсем
Жаңылды жата қап мазақтайтын сияқтымын. Үндемей-ақ қояйын десем, жақтырмай келе
жатыр деп ойлауы да мүмкін ғой.

       Жақтырмай келе жатқаным
жоқ. Қысылып келе жатырмын. Екі ұдай
қысылып келемін. Бір жағы Жаңылды қимаймын.
Бір жағы мектептегі кейбір сужұқпастардың қазір алдымнан шығатын ащы өзілі қинайды.
Олар, әрине,

көреді. Олар, әрине, айтады.
Қыздардың бөлмесіне тығып қойғанмен сол қыздардың бір қыршаңқыға желөкпеленіп өздері барып жеткізбесіне кім
кепіл? Айтады. Алдымен бір-біріне айтады. Бірден-бірге бұрылып, тағы бір желауыздың құлағына
тиеді. Сосын от тиген қамыстай қаулап кетті дей берсеңші. Мұғалімдер естісе ше?

           Маңдайымнан мұп-мұздай тер
бұрқ ете қалды. «Бекер ерткем екем! Қап? Бекер болған екен де», - дей беремін. «Қалдырып кетсем қайтеді?» -
деймін тағы да.

          Осылай тосын бір өкініш буып келе
жатқанда, Жаңылдың сүрініп кетпесі бар ма? Иығымнан ұстай алды. Ұстай алғанымен тұрмай, ол кітап салатын қалтаның бауын үзіп жіберді. Шыдай
алмаған болуым керек, жұлқы-

на беріп, жүгіріп кетіппін.

           Бір кезде артыма
қарасам, Жаңыл шаңдақ жолға түсіп алған
екен. Бақша басындағы үйге қарай кетіп барады. Сол сәт мана Бижамалдың қиыла тұрып «сәл нәрседен көңілі
қалса - көпке дейін мұңайып, кісіні құса ғып

жіберетіні бар» дегені есіме
түсті. «Ренжіп барады-ау» деймін
іштей қиналып. «Қайыру керек шығар. Қайтсе де қайыру керек шығар. Шешесінен ұят қой».

         Қазір Жаңылдың
артынан барсам-ақ мектепке кешігетінім
ап-айқын. Бармайын десем - Бижамал манна жалынғандай
болған. «Әлдеқандай боп қалыпты-ау», - деп
жүрсе ше?..

         Жаңыл ұзап барады. Ілбіп барады. Сылп-сылп...
Артына көп қарайлаған адамның аяқ басысы.

-        Жаңы...
ыл!

        Оның естімейтіні
тіптен есімде жоқ.

-        Қап,
мына көкала қырсықты-ай!

         Алқынған бойым алдына
келіп, кесе-көлденең тұра қалдым. Жүзінде манағы жылылық жоқ.
Самарқау кейіпте солғын тартады. «Бар
білгенің сол ма?»- дегендей-ау. Бірақ
оның бәрін таразылап жататын
хал жоқ еді менде.

Дүрсе қоя бердім:

-        Сен
өзің неге қайттың? Қайтатын болсаң неге шықтың? Өзің барып тұрған қыршаңқы екенсің ғой.

           Оның естімейтіні
тағы да есімнен тарс шығып кетіпті. Жаңыл маған көзінің қиығымен бір қарады. Сол бір қарағанының өзі
өңменімнен өтіп кетті. Жаңағы селқостықтан із де қалмапты. Жалыныш па, жоқ әлде
жарықшақ көңілдің мұңаюы ма, әйтеуір сондай бір ашық реніштен гөрі айтылмайтын
шердің сыртқа тепкен белгісі іспеттес бірдеңе бұлыңғыр тартады.

          Әлгі өзірдегі алып бара
жатқан ашу әп-сәтте басылып қалды. Жалма-жан кері бұрылып, қолымды создым да, мектептің
ақ үйін көрсетіп, бас бармағымды шошайттым.

        Қыз оған түсінді
білем. Сәл езу тартты. Сәл езу тартып, басын
шайқады.

Сол екі ортада ту сыртымыздан
біреу:

-        Әй,
ғашықтар! Амансыңдар ма? - деп иығыма зілдей қолын тастай салды. Жалт қарадым. Әнеугүнгі бізді көшіріскен жігіт екен. Жаңыл ыршып кетті.

-        Қорқып қалдыңдар ма?

-        Сенен
бе? - дедім мен бар кейістің өшін содан алғандай.

-        Менен
болса ше?

-        Болмайды.

-        Е,
солай де. Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалап жүрмін де.

-        Айтатын
аман-саулығың осы ма?

-        Мына
қызбен қалай тіл табысып жүрсің, бауырым?

-        Әулекіленбей
қойсаңшы.

-        Сен
қорықпа! Анау үлкендеріңе тіс жармаймын. Ондай
қатын мінез мына көкеңде жоқ.

-        Неменеге
тіс жармайсың?

-        Үлкен
жолдың үстінде, сәске түсте құшақтасып, мәмірежәй болып тұрғандарыңды.

          Теріс айналып жүре
бердім.

-        Сен
көп қашқақтама, - деді анау әдейі
даусын созып. - Құтыла
алмайсың. Мені де бақшаға жіберді...

-        Жарыған
екенбіз ендеше...

         Ол шылымын бір езуіне
қыстырып алып, тағы жанымызға келді. Жай келген жоқ. Мысқылдай күліп, мазақтай
келді.

-        Қыздың
төресі-ау өзі... Әттең! Әй, сен бірдеңені біліп жүрсің, қу бала.

-        Тоғанбай,
қойсаңшы құр қылжақты. Бізде нең бар? -

        Әдейі көпе-көрнеу
үлкенси сөйледім. Қолдан келсе, ықтырып
алмақшымын. - Жөніңді біл де, жайыңа жүр. Жүре бер.

-        Мен жөнімді тауып жүре
алмайтын едім. Тәуір болды-ау, - деді ол сыздана тіл қатып. - Жоқ, мен жөнімді тауып
жүре алмаймын. Құдай жүргізбей қойған. Жөнімді тауып жүре алмаған соң ғой,
міне, тірідей тозаққа келе жатқаным.

-        Көріп тұрмын.

-        Көрсең осы.

-        Тағы не айтасың? - дедім мен
де сыздана. Бірақ сол жерде апамның «қаны бұзылған, түрмеден шығыпты» дегені
есіме түсіп, өз-өзімнен кейін шегіншектей бердім.

-        Баста ауылыңа, батыр!

        Мұны ол бір түрлі түсі жылып
айтты. Оның босаңсығанын сезгесін, мен тағы да қоразданып шыға келдім.

-        Өзің
бар. Бара бер. Көрініп тұр
ғой. Адаспайсың. Біз өзіміз...

 

-        Үлкен
жолдың үстінде тағы да құшақтаспақсың
ғой ә, қу бала?

-        Қойсаң
енді.

          Тоғанбай қарқ-қарқ
күлді.

-        Сенің
мына қызды оңашалап жүргенің...

-        Өй
бір...

-        Сен,
бала, абайла. Аңдамай сөйлегеннің ауырмай өлетіні
бар қашаннан.

-        Сенің
қолыңнан одан басқа не келуші еді? - Айтарымды айтсам да, іштей сескеніп
қалдым. Тоғанбай оған шамданған жоқ.
Ыржалақтап келіп, Жаңылдың иегінен бір
қағып өтті.

-        Ақтамақтың
өзі ғой, шіркін!

-        Тиіспе
оған.

-        О,
қойдық, тақсыр! Ғафу етініз, бір пендешілік өтіпті басымыздан. - Ол тағы ыржалақтап, Жаңылдың иығына қолын салды.

            Қыз тағы ыршып
кетті. Ыршып кетті де, ұзын кірпіктерін сығып-сығып алды. Кәдімгі
бөтен ешкілердің ортасына түсіп,
әбден мүйізделген жетім лақ сияқты. Көздері жәудіреп, «бұл қалай болды?» дегендей маған

мүсәпір кейіппен қарайды.

         Енді кідірсек бір шекісу бар
екенін сездім де, Жаңылды үйге қарай жетектей жөнелдім. Қыз бейшара дір-дір етеді.
Манағы әдемілеп тіккен көк қалтасының мыж-мыжы шығыпты. Бүктеп-бүктеп
қолтығына қысып алған.

           Сол дедектеген бойымызбен
есік алдынан бір-ақ шықтық. Жаңыл кідірместен үйіне кіріп кетті. Апам
мені терезеден көріп қалған екен, жүгіріп шықты.

-        Heгe ерте келдің?

-        Мектепке барғаным жоқ.

-        Бейшараның баласы-ау, енді
кайда жүрдің осы уақытқа дейін?

-        Жолда.

-        Жолдасы несі?

-        Апа, кейін айтайыншы. - Ол
одан әрі қазбалаған жоқ.

          Мен бір ыңғайсыздықтан
құтылып, әжептеуір жеңілейіп қалдым. Жаңылдың не деп жатқанын кім білсін?!

           Әлгі Тоғанбайдың «мені
бақшаға жіберді, құтыла алмайсың» дегені шын екен. Кешкілік біздің үйге Бижамал
жүгіріп келді.

-        Апа-ау, әнеугүні сіздерді
көшіріскен жігітті осында жіберіпті. Біздікінде отыр, - деді ол келген бетте
ентігін баса алмай.

-        Бір өзі су жұқпас болар. Біргад
та қызық екен. Қайдағы шетке шыққан қыршаңқыны жібергенін қарасайшы. Басы бүтін
басқа кісі құрып қалғандай.

-        Шешей-ау,
мейлі ғой, келерін келді. Бірақ...

-        Әй,
мен адам танысам - сол бір қуаяқ болар. Жүрісі жаман екен. Кісіге сұқтана қарайды. Оның үстіне осы күнге дейін
қарақан басынан арттырған түгі жоқ көрінеді.

          Апам Бижамалды киіп кетті.

-        Келгесін көкіректен қалай
итересің?

-        Е, мейлі! Жүре берсін. - Апам
енді Бижамалдың ығымен есті.

 

-        Шешей-ау, (тағы шешей деді, бұрын
апа дейтін. Бижамал өзі қызық) қыз болса дімкәс. Біздің үйдегінің де сырын
білесіз ғой. Көлденең келген кісімен шүйіркелесіп отыруы кем...

         Апам манадан бергі сөз
төркінін енді аңғарып, үнсіз қалды. Тілегін жақтырмағанын сезген Бижамал аяқ
астынан қипақтап.

-        Шешей-ау, көп қиналмай-ақ
қойыңыз. Қайтеміз енді, - деп орнынан тұра беріп еді, апам:

-        Қанша қаны бұзылғанымен
көлденең дүниеге көз тігуін қойған шығар. Түрменің қара суын ішкені таңдайына
батпады деймісің. Батқан шығар-ау, - деп Бижамал екеуімізге кезек қарады. Мақұлдатқысы
бар.

-        Иман жүзді бала көрінеді ғой
өзі. He көрініпті? - деді Бижамал да соны күтіп отырғандай.

-        Жатсын, - деді апам. - Қазір
іңкібіді дегендерің жердің беткі қабатындағыны да табады.

-        Шешей-ау,
сенікі, менікі дейтін не бар. Барын бөлісіп ішеміз
ғой, - деп Бижамал есікке беттеді.

          Кешкілікте «енді
келетін шығар» деп отырғанбыз. Аяқ астынан
Тоғанбай жоқ болып кетгі.
«Жаңағы құрғыр қайда жүр екен? Тамақ суып барады» деп апам
күбірлеп қояды. Жол үстінде
екеуіміздің сөзге келіп қалғанымызға ұялып жүрген болар деп ойлаймын мен. «Өй,
оның несіне қысылады» деймін тағы да. «Соны кек тұтып не көрініпті маған!».

            Бір жағынан біздің үйге
бір адам қосылатынына іштей қуанатын да сияқтымын. Ертеңгі күн Тоғанбаймен тіл табысып
кете аламын ба, жоқ па, ол жағына бара бермеймін. Бір білетінім сол -
Тоғанбай біздің қоңырқай

тіршілігімізге өзгеше леп
әкелетін тәрізді. Ол лептің жақсыға жетелейтін, жоқ әлде жаманға жолықтыратыны
тағы беймәлім маған.

           Апам Тоғанбай екеуімізге
төсекті қатар салды. «Сен келін түсіргенде еншілеріңе қосамын» деп тықпыштап жүретін
шәйі көрпе бар еді, Тоғанбайға соны тастады. Менің таңырқағанымды сезсе керек,
«жаман да болса қонақ қой» деді ол.

            Кітап оқып отырғам-ды.
Түн ортасы ауа сүрініп-қабынып Тоғанбай келді. Келді де, ештеңеге қараған жоқ, төрдегі
төсектің шетіне қисая кетті. Аузынан арақ пен темекінің күлімсі иісі шығады. Ауық-ауық күрсініп қояды.

Көздері қызарып кеткен. Маған
жалтақ-жалтақ қарай береді. Сосын
әлсін-әлі тең шешіп алған шәйі көрпеге көз
салды. Шетінен ұстап алды. Сәлден соң ол төмен ысырылып отырды.

-        Саған
салған төсек. Жата бер, - дедім мен.

-        Жаңа
көрпеге ме? - деді ол күдікті үнмен.

-        Несі
бар оның...

-        Ыңғайсыз
сияқты. - Оның даусы жарықшақтанып шықты.
Жаңағы әлгіде тапырақтап келген Тоғанбайдың дем
сәтте жүні жығылып қалғанына таңырқап отырғанымда ол тағы да тіл қатты.

-        Шынымен
бе?

-        Шын
емей... Апам әдейілеп саған салған.

         Тең шешіп алған Тоғанбай
үнсіз ұзақ отырды. Басын тұқыртып, күбір-күбір етеді.

Әлден уақыт өткен соң шешіне бастады. Ол алдымен бәтеңкесін шешті. Көйлегін
бас жағына қойды. Өкшесі тесіліп қалған шұлығымен аяғын сүртгі.

Бұрышта ұйықтап жатқан апама жалтақтап қарай береді. Бір кезде Тоғанбай
шәйі көрпенің шетін жайлап қана ашты да, төсекке күмп беріп қойып кетті. Сосын
бас-аяғын көп қымтады.

-        Сен, бауырым, манағы әзілге
ренжіме, - деді ол жайғасып алған соң, - керек десең аяғыңа жығылып, кешірім
өтінейін.

-        Үйінен қуып жібереді деп
қорқып жатырсың ба?

-        Өй, өзің...

          Ол ауыр бір күрсініп қойды.

-        Өзің бала екенсің ғой.

           Тоғанбайдың даусы
дірілдеп, бір түрлі күйінішті шықты. Оның алғашқыда ақтала сөйлеуін арсыз әзілге
жорып, онша құлақ қойғаным жоқ.

-        Менде әсте зіл болмайды. - Ол
тағы да ауыр күрсінді.

           «Бұл неге ағынан жарыла
қалды» деп Тоғанбайға қарасам - кемсеңдеп жатыр екен. Кірпігіне ілінген жас
тамшылары шамның жарығына шағылысып, мөлт-мөлт етеді. Оған бірдеңе дегім келді.
Бірақ тамағыма кесек кептеліп қалғандай үнім шықпайды.

-        Өзің ғой?..

         Менің даусымнан бір
жылылықты таныды ма, ол жастықтан басын жұлып алды.

-        Қалжыңды көтере алмағаның ба?

-        Әй, қойшы бәрін. Шының болса,
әкел қолыңды! - Басын жастықтан қайта жұлып алған Тоғанбай күс-күс алақандарын
жайып отыра қалды. Ыржың-ыржың етеді.

           Күн жексенбі еді. Пернебек
базарға кетті де, Тоғанбай екеуіміз қарық тартуға баратын болдық. Есік алдында
тұрғанбыз. Бір мезет үйінен жүгіріп шыққан Жаңыл Тоғанбайды көрді ме, қайта
кіріп кетті.

-        Байғұс кешегіден қорқып
қалыпты, - дедім Тоғанбайға сүзіле қарап.

-        Кім?
- деді Тоғанбай.

-        Жаңыл
да.

-        Әй,
қойшы соны. He біліп жатыр ол.

-        Біреудің кемістігін көргіш
адам - адам емес.

-        Өй,
өзің... Шаптығып шыға келеді екенсің. Шешен сияқты.

-        Ондай
шешеге зар болып жүргендер де көп қой.

         Өкініп қалдым, «біреудің
кемістігін көргіш» дей тұрып, Тоғанбайдың жетімдігін бетіне басқаным -
барымта қайырғанмен бірдей
болды.

           Ол маған жанай бір
қарады да, «уһ» деді. Күйініштің күрсінісі
емес, «мұқатқан түрін қарашы»
деп мені баласынған күрсініс. Бір
жағы ұялып, бір жағы жәбірленіп қалдым.

         Тоғанбайда кешегі көңілділік
жоқ. Қабағы салыңқы. Маңдайы қыртыстанып, жүзі күлгін тартқан. Шаңдатып тұр. Ерні
көнтігіп кетіпті. Тамағы құрғап,
әбден шөліркеген адам сияқты. Жұтына береді. Көздері ашы-

лып-жұмылған сайын кірпіктері әл-дәрмен
қимылдайды.

            Менің тесіле қарап
тұрғанымды сезген ол:

-        Бір
бас пияз алшы, - деп теріс айнала берді.

-        Оны
қайтпекшісің?

-        Ала
салсайшы.

-        Айтсаңшы?

-        Иіскеймін.

-        He
дейсің?

         Тоғанбай маған қынжыла бір қарады да, әрі қарай
кетті.

         Жаңа жайдақ шайды
ішіп мандытпаған. Енді «қаужаңдайтын бірдеңе ал» деуге бата алмай тұрған шығар дедім де, жарты таба нан, екі жұмыртқа, екі бас пияз алып, орамалға түйіп,
кетпенімнің сабына іліп алдым.

         Үнсіз келеміз. Анадай жерге барғасын артыма бұрылып едім, Жаңыл

есігінің алдында бізден көз алмай
тұр екен.

-        Жалтақтай
бергенше ертіп шықпадың ба? - деді Тоғанбай
жақтырмаған пішінмен.

-        Сен
тұрғанда өлсе келер.

-        Сонда
мен оған ала бөтен бір бөжек болдым-ау!

-        Бәрі
кешегінің қырсығы.

-        Сонда
не істеу керек?

-        Ол
бейшараның іші пысады ғой. Іші пысқасын-ақ кемтарлығы алдынан кес-кестеп кетпейтін шығар. Аяу керек оны.

           Ол көпке дейін
үнсіз қалды. Кей-кейде бірдеңелерді айтып,
күбірлегендей болады. Бірақ ештеңе ұға
алмаймын. Әлден уақыттан соң Тоғанбай
маған жалт қарады. Дем сәтте жалпақ
танауы делдиіп шыға келді.

-        Аяй
бер, - деді ол. - Мен ешкімді аямаймын. Мені ешкім аяған жоқ. Аямайды да. Мен де...

           Тоғанбай аяқ
астынан түнеріп кетті. Маңдайындағы қыртыстарының
қатары көбейіп, жүзі күреңітіп жүре берді. Ол қалт тұра қалды да, бір қалтасынан бөтелке, бір қалтасынан оймақтай
ақ кесені суырып алды. Ақ кесеге шүпілдете арақ құйып, қатарынан екі рет тартып
жіберді. Тартып жіберді де, маған алара қарап, айқай салды:

-        Немене, арақ ішкен адамды
көрмеп пе едің? Мелшиіп тұрғанын қарашы. Пияз қайда?..

         Үнсіз келеміз.

         Әлсін-әлі оған қарап
қоямын. Беті қызарып кетіпті. Кірпіктері
әзер қимылдайды. Отқа көп қақтанып, ұйқы қысқан кішкентай бала
іспеттес. Мұрнының үсті
шып-шып тершіп келеді.

          Шаншу қысып,
өлдім-талдым дегенде маңдайы жіпсіп, жан
шақырған адамның осылай рақаттана мүлгитіні болушы еді. Сол сияқты. Кей-кейде
басын тұқыртып жіберіп, күлімсіреп қояды. Жан-жағына қарамайды.
Өзімен-өзі ғана.

            Әлсін-әлі оған қарап
қоямын. Жаңағы ақ кесеге құйып ішкен арақтың дем сәтте буынға түсіп
кеткені ме? He деген күшті пәле еді
өзі? «Араққұмарлардың аузына
ащы тисе болды, қылжиып қалады екен»
дейтінді бірді-екілі естігенім
бар-тын. «Қаны бұзылған
адамдар да араққа осал болады
екен-ау» деймін іштей.

-        Мені
ешкім аяған жоқ! - Тоғанбай аяқ астынан тістеніп
кеп, жұдырығын түйді. - Мен
де аямаймын!

-        Кімді?

-        Бәріңді...

-        Heгe?

-        Сол...
- Қалш-қалш етеді. Оны көзге көрінбейтін бір
әзәзіл қайрап келе жатқан тәрізді.

          Қарық тартатын жерге
келген соң, ол ақ кесемен тағы бір
тартып жіберді.

-        Піскен
жұмыртқа бар еді, - дедім жай
ғана. Ойым - оны мәмілеге шақыру.
Үнсіз арбауға о бастан жоқпын. Ішім
пысып кетеді.

-        Әкел
бері.

         Жұмыртқаны апыл-ғұпыл аршыды да, аузына сүңгітіп жіберді. Кетпеніне сүйеніп, аз-кем тұрып қалған Тоғанбай бір сәт басын
әнтек көтеріп алды.

-        Жаңыл
керемет сұлу, ә! - Ол басын
шайқады. Басын шайқады да, қарқылдап күлді. - Бас кетсе де бір оңашалап жіберетін қыз.

-        Өй,
өзің бір... - дей беріп едім, Тоғанбай тағы қарқылдай күлді.

-        Сенікі
шалдыр-бұлдыр ғой. Мәнісін
білмейсің оның. Кейін дәмін татып
алған соң көрсем сені...

-        Өй,
өзіңді адам ба десем...

           Теріс айнала беріп
едім, Тоғанбай жаныма жетіп келді.

-        Қойсаңшы,
- деді, - не болса соған шамданып. Бәрібір алмайсың оны. Сен де алмайсың, мен де алмаймын.

-        Шынымен
бе? - Мысқылдай мырс еттім.

           Ол сәт Тоғанбай маған әзәзілдей көрінді.
Жаңағы көрінбейтін әзәзілдей көрінді.
Бетіне қарауға дәтім шыдамады. Бұрылып
жүре бердім.

            Сәлден соң
Тоғанбай ыржалақтап қайта келді.

-        Манағы
түйіншегіңнің ішінде бірдеме қалды ма?

-        Нан,
пияз, тағы бір жұмыртқа
бар-ау деймін.

-        Маналы
бері неге айтпайсың-ей? Ішімде ит ұлып жатқалы қашан.

         Тоғанбай ақ кесені
тағы бір төңкеріп тастады да, нан мен
пиязды опырып жей берді.

        Ішіне сәл-пәл ел қонды
білем, бір кезде басын көтеріп, маған
таңырқай қарады.

-        Арақ
ішіп көріп пе ең?

-        Жоқ,
- дедім мен. - Ішпеймін де.

-        Бұл бетпағың қазір ұшпайды. Осында келерде дүкеншіден үш құнын төлеп, екі бөтелкені зорға алғам.

-        Сұрап отырмын ба сенен?

-        Тегісін
айтқаным ғой.

        Ол екі қолын қайшылай
жастанды да, шалқасынан түсіп жата
кетті.

 

-        Ай,
рақат-ай? Арақты далада отырып ішкеннен артық не бар екен? - деп ұзақ
керілді.

            ЬІқылық атып
ыңқ-ыңқ етеді. Ара-арасында кекіріп
қояды. Мөлдір көктен көз айырмай қатып қалыпты. Бір кезде ол тағы да:

-        Ай,
рақат-ай! Арақты далада отырып ішкеннен артық не бар екен? - деп ұзақ керілді.

           Мен Тоғанбайдың ақ
кесесіне бір жағы қызығып отырмын.
Бір жағы шөлдеп отырмын. «Мына кесемен су ішер ме еді?» деймін өзіме-өзі. «Адам қанбайтын шығар». «Арақ қандай болады екен?» деп те
қоямын кей-кейде. «Мынаның ішуіне қарағанда
оншалықты зәр емес-ау, тіптен
тыжырынбайды да». Біздің кластағы кейбір
балалар: - «Жазда аттестатты қолға алғаннан

кейін, үлкен бір отырыс жасаймыз»
деп көкіп жүрген жоқ па? «Онда арақ
ішетініміз хақ қой. Бір көрсе қайтеді?».

-        Әй,
немене, телміріп қарай бересің?

          Тоғанбай байқап
қалған екен.

-        Әншейін,
- дедім мен. - Анау кесеңе қызығып отырмын. Қанып бір су ішсе...

            Ол орнынан қарғып
тұрды.

-        Әй,
бауырым, бірді тартып жіберші.

-        Мырза
боп қалыпсың ғой.

-        Тартып
жібер. Ақыры ішесің. Мұны
ішпейтін адам жоқ қазір. Әнеугүні
«Көкталда» молданың ішкенін де көргем.

-        Шының
ба?

-        Е,
немене, шын болмай?

-        Ішпеймін.

-        Мынамен
бір рет, - ол ақ кесені қолына алды. - Түк
те етпейді.

-        Ішпеймін.

-        Түк
етпейді.

-        Ішпеймін.

-        Аузыңды
ашып тұр да, лық еткізіп құя сал.

          Тоғанбай аузын ашып
тұрды да, кесе толы арақты тамағына
лық еткізіп құя салды.

        Кәдімгідей-ақ қызығып
отырмын. Кей-кейде тартып жібергім-ақ
келеді. Бірақ «қылжиып қалсам, Тоғанбай күле
ме» деп те күдіктенемін.

-        Үйренбеген
адам шашалатын шығар?

            Тоғанбайдың көзі
жайнап кетті.

-        Түк
те шашалмайсың. Бұны бір тұрып қалған өлі су деймісің? Арақ қой. Жылп ете қалады.

-        Сонша
қиылғаның. Тауыса алмай отырмысың?

-        Өстеді
бұлар. Түк көрмеген. Қаланың қу аяғы болса ғой, мана-ақ тартып тастар еді.

-        Сен
олай кемітпе.

-        Кемітіп
қайтемін. Көріп отырмын. Бәрінен
де ештененің иісі мұрныңа бармайтыны-ақ батады.

-        Нені
көріп отырсың?

-        Он
жетіге келгенше аузыңа арақ тимегенін.

-        Тимесе
ше?

-        Өй,
қойшы пәлсінбей. Қазір қыздардың өзі қағып тастайды.

-        Біреу
шұқырға түсті деп кете
беретінің мен емес.

-        Бірақ
түк көрмегенің ақиқат.

-        Сен
құсап...

-        Жоқ,
маған ұқсамай-ақ қой.

-        Әкел!
- дедім мен аяқ астынан кызынып. Бәрінен оның
«түк көрмеген» дегені батып кетті.

       Ол жалма-жан ақ кесеге
толтырып арақ құйды.

-        Иіскеме,
бірден құя сал. Ең оңайы сол.
Өңеш байғұстың өзі көтереді.

           Көзімді тарс жұмып, құя салдым. Сол-ақ екен, тамағыма біреу
қып-қызыл шоқ тастап
жібергендей болдым. Жұтып қойдым.

            Әлгі қып-қызыл шоқ енді
ішіме домалап барады. Қуырып барады. Шыдай алмаған соң орнымнан атып тұрдым да,
көйлегімді түріп жіберіп, мұп-мұздай сыз жерге қарнымды төсей бердім.

            Тоғанбай карқылдап күліп
жатыр, күліп жатыр. Олай бір аунайды, бұлай бір аунайды.

-        Ішегім-ай, ішегім! - дейді де
күледі, дейді де күледі.

-        Неменеңе мәз боласың
соншалық! - деймін оған алара қарап.

-        Ішегім-ай, ішегім. - Тоғанбай
әлі күліп жатыр. Аздан соң сүйретіле орнымнан тұрдым. Тамағым құрғап кетті.
Тұла бойым қорғасын құйғандай зіл. Ұйқым келді. Жата кетейін десем, Тоғанбайдан ұяламын. Менің тапа-

тал түсте, айдалада қалғып кеткенімді көрсе - өмір бойы артымнан қалмас.

            Жаңағы әзірде Тоғанбаймен
енді қайтып сөйлеспеуге іштей қатты бекініп алғам-ды. Бірақ оған болатын емес.
Бірдеме дегім келеді. Жаңыл есіме түсті. Қасын қағып-қағып жіберіп, адамға күлімсірей
қарайтын бір сәті көз алдыма келді. Кәдімгі өз-өзінен қиылып тұратын сәті. «Осы
кезге дейін мен оған неге көп қарайламағанмын. Мүмкін өкпелеп жүрген шығар.
Мүмкін оған өзгеше бір ілтифат керек болар?».

          Әрі-сәрі тұрғанымда
Тоғанбайдың «оңашалайтын қыз» деген сұрқайылығының көңілге орала кетпесі бар
ма? Жыным келді. Жыным келді де:

-        Сендей араққорға қыз қараушы
ма еді, - дедім сызданып.

            Ол жалт қарады.
Жалт қарады да, ішін басып күле берді.

-        Мынау
мас. Қараңдаршы. Бір кесе арақ қалпақтай ұшырыпты. Ұят-ай!
- дейді. Дейді де күледі.

-        Сен
өз жөніңді жөндеп ал. Қыз қайтсін сені!

-        Мылқау
қыздың маған қарамағаны да жақсы. Мейлі, сендер-ақ
қыз Жібек пен Төлеген болып
жүре беріңдер.

           Оны кемсіткенімнен
түк шықпады. Ол бәрін де қабыл алды.
Бәріне де көнді. Болмаған
соң:

-        Ташкентке
апарып, ауруханаға жатқызып қаратса, Жаңыл
жазылып кетеді. Тек әке-шешесі ғой көздерінен таса еткісі келмейтін. Бәрібір осы бойымен де сенен мың артық, - дедім. Ол тағы күлді.

-        Маубас-ау,
мақаудың тілі шыққанын кім көрген. Қап, мынаны-ай, ә! Өгіз бұзаулады десе де сенесің ғой сен.

-        Қолыма азын-аулақ ақша түссе,
өзім апарамын, - дедім мен. - Сен осылай ішкеніңе мәз болып жүре бер.

          Нақ бір Жаңылды мына
Тоғанбайдың қолынан тартып алатын тәріздімін. Ол қасарысып бермей
отырған тәрізді.

-        Апар,
апар! Меккеге неге апармайсың. Арқалап апар. Баяғының бек жақсылары арқалап апарыпты ғой, - дейді Тоғанбай.
Дейді де күледі.

-        Өзіңнің
қолыңнан келмейтін болғасын...

-        Әй,
- деді ол күлкісінен тыйыла калып, - сен бар ғой, Жаңылды қанша төбеңе көтергеніңмен түк бітпейді. Ол тек бір оңашалаудан артпайтын
қыз.

-        Шынымен-ақ қаның бұзылған
екен, - дедім де, бұрылып ап үйге тарттым.

-        Әй, бауырым, тоқта. Бірге
келіп едік қой, - деп Тоғанбай қатарласа берді.

           Қарағаным жоқ. Бақшаның
қолдан егетін тірлігінің көбін еңсеріп тас-

таған кез еді.

           Жазғы емтиханға әзірленіп
жүргенмін. Бір күні орталықтағы ауылдан біздің бригадирдің шешесі дүние салыпты
деген хабар келді. Пернебектер о кісіні бұрын-соңды
көрмеген. Апам біледі. «Дүние деген осы ғой, өтеді де кетеді. Кеше ғана ұзататын
қызыма кілем тоқимын деп жүр еді.
Дүние деген осы...» - деп апам көршіге кетті.

          Аяқ астынан бәрі баратын болды.

          Тоғанбай орталықтағы
ауылға таңертең кеткен болатын. Жолға шығар алдында Пернебек әйеліне ыңғай бермеп
еді. Апам қоймады.

-        Қой,
жүрсін. Ертең біргад келгенде қай бетімен қарайды?
Бала-шаға емес. Екеуі отыра тұрады
да. Оған дейін Тоғанбай да бір шаң
беріп қалар...

         Апамның бір қадалса
қоймайтын әдеті кәдімгі. He зор келгенін
білмеймін, ақыры қиылып отырып, Пернебекті көндіріп
тынды. Кетерінде Бижамал қызын маған көп тапсырды.

-        Қалқам,
мына Жаңылға абай бол. Қойқалақтап жүріп
бірдеңені бүлдіріп қоймасын.

           Қайрылып келіп тағы
айтады. Тағы келеді, тағы кетеді.

         Жаңыл әке-шешесі
әбден ұзағанша арттарынан
тесіле қарап тұрды да, олар қарауылдан кете бастағанда
үйіне кіріп кетті. Маған қараған жоқ.

Әрі тұрдым, бері тұрдым. Түк амал болмаған соң үй сыртындағы арықтың жағасына барып, өзімше
ән бастаған болдым. Әнеугүні Пернебектен сөзін жазып алған «Алтыбасар» әні.

Қала-ла-ла-ла-ла...

Қала-ла-ла-ла-ла.

Лала-ла-ла-ла-ла...

Лала-ла-ла-ла-лай, - Деп қайырмасын қайталап келемін.

         Пернебектің кішкентай
домбырасын безілдетіп алып, қоңыр
дауыспен қалықтата шырқағаны көкейімде сайрап тұр. Енді соны
өзім айтпақ болып «әу» десем әлгі көкейдегі
әуен бытырап кетеді. Болмаған соң тербетілген

қайырмасына қайырыла беремін.

Қала-ла-ла-ла-ла... - Тоғанбай
келсе, осы ән туралы ойымдағының
бәрін айтпақшымын. Бұл әннің қайырмасын көп болып шырқаса нәшіне келетін
сияқты. «Алтыбасар» кең тынысты, құдіретті
үнге ғана жаралғандай көрінеді маған.

         Керемет бір алып
толқын айдың бетінде үздіксіз тербеліп
тұрғандай. Сол толқынды нән
батыр әдейі тербеп тұрғандай. «Жаңыл болса мұның бәрін де білмейді. He деген қорлық? Осыншалық қатыгездікке қалай шыдап
жүр

десеңші... Оған өкпелеуге
болмайды ғой» деймін өзіме-өзім. «Жақыннан қарағандағы оның айшық қасы кердең
керіліп, еріндерін сәл жымқырғаны қандай әдемі. Дем сәтте бетіне қызыл ойнап шыға келетіні ше? Алпақ саусақтарын
қайда қоярын білмей қиналатын сәттері ше? Heгe мылқау болды екен?».

           Белгісіз біреуге аяқ
астынан ыза боламын. Сол белгісіз біреу қолыма түссе - жағасынан ала
кетпекшімін. Тағы да «Алтыбасардың» қайырмасын бастай бергенімде, арт жағымнан
Жаңылдың жаман даусы шықты. Біреу бас салып буындырып жатқан сияқты. Жалма-жан
әлгі дауыс шыққан жаққа қарай тұра
жүгірдім.

         Тоғанбай екен.
Жаңылды қырынан келіп, құшақтап алыпты. Екеуінің басы түйісіп қалған.
Біреуі бұлқынады, біреуі бұлтартпаймын дейді.

- Әй, әкеңнің... Жібер!

         Келген бойда тобыққа
бір тептім. Анау шойраң етіп жүрелей
берді. Құрсаудан босана
салысымен Жаңыл үйіне қойып кетті. Мен де қойып кеттім. Артымыздан Тоғанбай
да жетті. Жаңыл пештің бұрышына барып тығылыпты. Бізге
қарауға шамасы жоқ. Бір уыс болып бүрісіп қалған.

        Тоғанбайдың түрі кісі
шошырлық. Көзін сығырайтып алған.
Маңдайындағы жолақтары бір жиырылып, бір жазылады. Адамға айбат шеккендей,
ирелеңдеп жатыр. Бір езуінде жуан
оралған темекінің бармақ басындай тұқылы қылтияды. Иегі бүлк-бүлк етеді. Жалпақ мұрны онан

сайын жалпиып, бетпен-бет болып
кеткен сиякты. Ентігін баса алмайды.

-        Сен
не, өзің? Ойының ба, шының ба? Сен не...

       Бір жағы қорқып, бір
жағы қоразданып, алдымен тіл қатқан
болдым.

      Тоғанбай үнсіз келді де,
жағымнан тартып-тартып жіберді. Көзімнен от жарқ ете қалды.

-        Сен
не өзің? Шының ба?

         Ол жағымнан тағы тартып-тартып
жіберді.

-        Мұның қыз қорығышын. Алдымен...
қарап ал.

-        Әлің
жетеді, - дедім мен. - Ұр, ұра бер. Бірақ Жаңылға тиме.

-        Тақақтамай
пияз әкел!

         Тоғанбай тістерін
шықырлатып жіберді.

        Жаңыл қос бармағын
тістеп, бір уыс боп қатып қалған. Кірпіктен ұшқан жас тамшылары текеметке мөлт-мөлт тамады. Басын көтеруге
шамасы жоқ. Әсте Тоғанбайдың мені ұрғанын
да көрмеген-ау! Көрсе құлап
қалар ма еді, қайтер еді?

-        Мен
саған пияз әкел деймін! - Ол ақырып қалды.

-        Арақ
ішетін болсаң біздің үйге жүр.

-        Мен
саған... - Ол төніп келді де: «Өлейін демесең» деп қойнынан бір бөтелкені суырып алды.

-        Жаңылды
жалғыз тастамаймын. Арақ ішетін болсаң үйге
жүр.

          Даусым жарықшақтанып
шықты. Ол бөтелкесін шалбарының қалтасына жүре тықпалап келеді. Үйге келдік. Тоғанбай ақ кесеге арақ құйды да, тастап жіберді.

-        Су
әкел!

         Ол тағы ақырып қалды.
Дәу шөміш суды бір-ақ ішті де, керіліп тұрып ұзақ кекірді.

-        Жатып
ұйықта, - дедім мен. -
Массың.

-        Мен
бе? - деп ол дүңк етті. - Әлі бір бөтелкені қиналмай-ақ
босатуға бармын.

-        Мейлі
ғой, - дедім мен. - Бірақ қазір ұйықтап
алғанның түк артықтығы жоқ.

-        Тақылдай
берме. Тағы таяқ жейсің.

-        Сыбағаң
кеткен жоқ.

-        Біреуді
сабауға келгенде, - деді ол ықылық атып, - біреуді
сабауға келгенде мен сыбағаны мүлдем ұмытамын. Ана жақта
солай үйреткен.

         Ашуына тап болсам аямайтынын
біліп тұрмын. Бірақ амал жоқ.

-        Тоқа! - деп жайға көштім. -
Тоқа, ертең бір-бірімізді көретін адамбыз.

-        Ертең
бір-бірімізді көрмейміз. Мен кетем.

-        Мейлі
ғой, бірақ осы айналада жүрсең көрісеміз де.

-        Жоқ,
көріспейміз.

-        Ұйықтап ал. Бәрі орнына келеді. Мен
Жаңылдың жанына бара тұрайын. Жаңағыңнан қорқып қалған шығар.

          Соны күтіп тұрғандай: «Ол
қайда?»- деді Тоғанбай. Қанталап кеткен көздері кектеніп шыға келді.

-        Білмеймін. Жаңа үйінде жылап
тұрған.

-        Бір оңашалайтын қыз, - деді
Тоғанбай жай ғана. - Оңашалаудан басқаға керегі жоқ. Бір оңашаласа
болғаны. Бір-ақ рет.

         Ол есікке беттеді.

-        Жаңылға тиме! Ұрсаң мені ұр,
- дедім қырылдап.

-        Түлен түртпесін сені. Түлен
түртсе - құрыдым дей бер!

        Ол маған жайбарақат кейіппен
жылы ұшырай қарады.

-        Түлен түртсе де, түртпесе де
сен қазір ол үйге бармайсың!

        Тоғанбайдың алдын
кес-кестей бердім.

-        Өлесің
енді. Енді өлдің...

          Тоғанбай көйлегімнің
жағасынан уыстап алды да, төрге қарай
бар пәрменімен итеріп жіберді. Қарғып тұрып, қайта бардым да,
қапсыра құшақтап, кейін
тарттым.

 Ол түұа қалды. Мен де тұра қалдым. Ол тағы есікке беттеді. Тағы барып, құшақтай берем дегенде шынтағымен мандайыма тоқ еткізді. Көзімнің алды

қарауытып кетті.

         Сүріне-қабына далаға
шықсам, ол Пернебекгің үйіне кіріп
барады екен. Екі қолын артына ұстап
алған. Жай басады. Жүрісінен бір
жайбарақаттық еседі. Көптен көрмеген үлкен кісіге сәлем беруге бара жатқан ауыл әдептілерінің бірі секілді.

       Ол Пернебектің үйіне
кіріп кетті. Іле-шала мен де кірдім.

        Жаңыл сол бұрышқа қисая кеткен екен. Бізді
көрді де:

-        Ү...
Ү... уһ! - деп көрпесін жамылған күйі тізерлеп кейін шегіне берді. Жүзі құп-қу. Ернін жымқырып алған. Алақанымен
айналасын сипалай береді. Бар қорғанышты сол
жерден іздейтін тәрізді. Жалаң аяқ.

            Тоғанбай алдымен
қолындағы қара жадағайын қабырғадағы дәу шегеге іліп қойды. Сосын өкшесі
мыжырайған бәтеңкесін шешіп, бұрышқа лақтырып жіберді. Сосын ышқырын бір көтеріп алды да, шаршаулы кейіппен маған қарады. Маған
қарады да:

-        Сен
бала шығып тұр, - деді. Мен Жаңылды жетектей жөнелдім.

         Тоғанбай айқай салды.

-        Өзің
шық!

-        Жаңылды
жалғыз қалдырмаймын.

-        Қалдырасың.
Әдемілеп қалдырасың.

       Ол төрге барып, жиюлы
көрпенің біреуін қабат етіп киіздің
үстіне төседі.

-        Қалдырмай
көрші осыдан...

        Жаңылдың ши саусақтары
енді менің алақанымнан қорған
іздегендей кимелеп барады.

-        Сен
балаға шығып тұр дегенім
қайда? Ол алақанына бір түкірді.

        Қорқып тұрмын. Бірақ Жаңылды жалғыз тастағам жоқ. Тоғанбай төніп келеді.

        Болары болды ғой деп,
манағыдай тобықтан бір тебуге ыңғайлана бергенімде, ол иектің астынан періп
жіберді. Басым жарға сақ ете қалды. Тоғанбай қызды жаңағы салған көрпенің
үстіне алып ұрды.

           Жүгіріп барып бүйірден бір
тептім. Ауырсынып қалды-ау деймін, қыз босанып кетті. Босанған бойда ол манағы бұрышқа
барды да, бір уыс боп бүрісті де қалды.

          Бүйірін ұстаған күйі
орнынан тұрған Тоғанбай қалтасынан кездігін суырып алды. Жаным шығып
кетті.

-        Қайсыңды өлтірейін? Жібекті
ме, жоқ әлде Төлегенді ме?

          Бізде үн жоқ. Қырын тұрған
Жаңыл пышақты жаңа көріп:

-        Ү...
ү... ү... - деп өкіріп қоя берді.

-        Heгe, неге? - дей беремін мен.
Тоғанбай төніп кеп қалды.

         Басы қайқы ақ кездік
жалаң-жалаң етеді.

        Ойбай! Көзім өз-өзінен жұмылып барады.

        Сол кезде ол қолындағы
пышақты лақтырып жіберді.

-        Шығып
тұр! - деді.

-        Heгe, неге? - дей беремін.

           Бір сәтте ол
көйлегімнің жағасынан тағы уыстап алды. Сосын өзіне қарай жұлқа тартып, иектің астынан қайқайта бір ұрды. Шалқалай
бергенімде ішімнен бір тепті. Одан
арғысын білмеймін. Бір кезде басымды көтерсем

байлаулы жатыр екенмін. Тоғанбай
жоқ. Жанымда Жаңыл отыр. Жылап отыр.

        ...Қолымда - сабы
сынық кішкентай балта. Жүгіріп келемін.
Айқайлап келемін. Аузыма келгенін айтып келемін.
Артымда Жаңылдың да жан ұшыра
ентіккенін сезіп келемін.

           Орталықтағы ауылдың
төбесі көрініп қалған кезде бізге қарсы
келе жатқан үшеуді көрдім. Біреуі
есекке мінген. Екеуі - жаяу.

          Мені алдымен
байқаған апам болды.

-        Ойбай,
мыналарға не болған!?

         Есектен түсе қап,
қалбалақтап жүгіріп келеді.

         Ертеңіне ертелеп
Пернебек «Көкталдан» арба әкелді де,
үй мүлкін үн-түнсіз арта берді. Тіптен бар-бәріне уәж сөзі дайын тұратын
апамның өзі бұған ләм-мим деп
аузын ашқан жоқ. Бәрі бітті. Олар жүруге ыңғайланды.

         Бижамал қалбалақтап
келіп, менің маңдайымнан сүйді.

-        Айналайын,
алдыңнан жарылқасын!

         Сосын ол әнтек бұрылып, апамның қолын алды.

-        Сөкпеңіз
бізді...

          Ағыл-тегіл жылап
жүр.

         Пернебек бұрылған жоқ. Төмен қараған қалпы
қос аттың жүгенін қағып-қағып жіберді. Арба доңғалақтары сықыр-сықыр етіп жылжи жөнелді.

-        Саған
қарап барады Жаңыл. Қоштасып қалсаңшы, - деді
апам менің жеңімнен тартып.

-        Қоштасқым
келмейді! - дедім жұлып
алғандай. Дедім де, кірпікке
ілініп қалған жас тамшыларын жасырғым келіп, теріс айналып жүре бердім.