ВЕРНУТЬСЯ

       «Қымбатты, жаннан артық көруші
Керімбек!

        Алыстағы Ересентау баурайынан
жолдап отырған осы сағынышты хатымның бірінші жолдарында сенің үй ішіңнің, туған-туысқандарыңның,
жора-жолдас, сыйлас-сырлас, үлкенді-кішілі жұртыңның
амандық-саулығын сұрамақпын.

         Өзің ғой, сол сорайып
жүрген шығарсың? Жоқ әлде, бір шыжғырарлық
болса да, шыр байладың ба? Қызмет бабы, қаламыңның жорғалауы қалай? Кейінгі
жазғандарыңды оқып жүрмін, әлгі әдемі сөздерді сылдырлатып,
моншақтап тізе беретініңді қойған
сияқтысың. Соның жөн ғой. (Мұны
бұрын

да айтқанмын, есіңде шығар).

        Сендей хат жазуға
салақ адамды әлі
кездестіргенім жоқ. Кездестірмеспін
де. Баяғыда, оқып жүргенде-ақ ауылға хат жазуға ерініп, акшадан тарыққан кезде
соңғы тиын-тебенінді жинап, шұғыл
телеграмма жіберетін кержалқаудың өзі емес пе едің. Соны біле-тұра сенен хат күтіп жүрген мен де...

       Ал енді бізден амандық білмек
болсаң, азды-көпті денсаулықтың арқасында тиісті қызметімізді ойдағыдай
атқарып, жүріп жатырмыз.

       Мектеп директорының жұмысын
там-тұмдап болса да, білетін шығарсың - бастан асады деген олқылау. Асып-төгіліп
жатады. Мұны аз десең
интернаты тағы бар.

        Сен болсаң, біздің ауылға
әлі бір ат ізін салмадың. Алматыдан зәуімде шыға қалсаң - жолы тегіс, жылы
жаққа қарай тартып отыратын көрінесің. Бұл қалай?

       Үй ішімнің жағдайын өткен
хатта жазғанмын. Айтпақшы, жақында сауын сиыр сатып алдым. Біздің ауылдың
дүкендерінде қаладағыдай сүт сатпайды. Ал балалар ағарғансыз тағы отыра алмайды
екен. Табақ көтеріп көршілерге жүгіре берген - ыңғайсыз. Есіктің алдына сиыр
байланғалы бері жаман емеспіз. Бұған қалай қарайсың?

        Әлгі Рахым, Шекербек,
Қабылдардан хат келіп түра ма? Біздің үйдегі жеңгең «Алматыны көрсет» деп
қоймай жүр. Бәріміз бір бас
қосайық та. Бұған не дейсің?

       Басқалай әңгіме жоқ. Үй
ішіңе сәлем айт. Темір жолдан, тас жолдан
бұрылып, біздің жаққа бір
соқсайшы. Соғасың ғой, ә? Жарайды,
сонда әңгімелесерміз...

       Хат жазған Егізбай деп білерсің».

* * *

     Екінші курсты бітірген соң жазғы
жұмысқа аттанғанбыз. Павлодарға кеп түскеннен кейін кідіртпей Баянауылдың бір
қиырындағы жаңа қонысқа жіберді. Қаладан таңертең шығып ек, түн ортасы ауғанда
совхоз орталығына әрең жеттік. Ұзақ жолдан шаршап келгенде жатар орын табылмай
қиналғанымыз-ай. Амал жоқ, түн ішінде алыстағы бір бөлімшеге жүріп кеттік.

        Ол ауылда да жатар орынның
ыңғайы келмей, үйді-үйге бөлінуге мәжбүр болдық.

        Басында әбден күнге күйіп
ақжем болған кішкентай қалпағы бар арық қара шал алдымызға түсіп алып, құнжыңдап
барады.

       Бесеуіміз күңк-күңк сөйлесіп
келеміз.

-        Қазір аяқты созып жіберіп,
рақаттана ұйықтайтын орын табылса ғой, - дейді Рахым.

-        Бәрінен де мына кілтші шалдың
үйіне тап болғанымызды айтсаңдаршы, - дейді Шекербек өзеуреп. Қоймадағының
жартысы жастығының астында шығар.

* * *

        Қырманның орнын жайғап жүріп
жатқанбыз. Бір күні бөлімше басқарушысы:

-        Осы бесеуің қора жөндеуге
барасыңдар, - деген. Таң алдындағы дес бермес ұйқы құшағында жатсақ керек, бір
кезде көзімді ашсам, кілтші шал дөл төбемізде тұр екен.

      Кеше күні бойы бір тыным
тапқанымыз жоқ-тын. Үйренбегендіктен бе, алақаным ойылып, тұла бойым салдырап
қалыпты. Ол аз дегендей түн ортасы ауғанша билегенімізді айтсайшы. Енді міне,
аяқ-қолым көтертпейді. Кілтші шал дігірлеп болар емес, әсте кеше бастық қатты тапсырған
ғой.

         Ілініп-салынып сыртқа
шықтық. Сол-ақ екен, шал жүгіріп барып, бөшкедегі судан шелекті толтырып алып:

-        Жігіт адамға ұйқы деген сөз
болып па, тәйірі, - дейді. - Мына мұздай су қаңдай тұманыңды да шайдай ашып
жібереді. Жуынып та болдық. Киініп те болдық. Бірақ бірдеңеге қарайлайтын тәріздіміз.

-        Ау, ас-суы қайда бұлардың? -
Шекербек сол «бірдеңені» дөп басқандай.

-        Бол, болыңдар, кейін бәрін
жеткізем, - дейді кілтші шал.

-        Кейіні
несі? Қазір керек. Кеше кешкіліктегі тамағы да
жөндем болмап еді, ішегіміз шұрқырап
тұр. Осы бойымызбен кете
береміз бе енді, - деп Шекербек те қояр емес.
Болмаған соң:

-        Әй,
кемпір, қайдасың? - деп айқай салды шал. - Ас-суың
дайын ба?

        Кемпір есік алдына
жүгіріп шықты.

-        Шай
қайнап қалды.

-        Е,
күтеміз ғой. - Шекербек үйге кіріп бара жатыр.

-        Ылғи
бір ақсаусақтардың елегіне қалған шығармыз бұл. - Шал шелекті лақтырып жіберді.
- Маналы бері жарты жолдан асып
кететін едік.

-        Ау,
ақсақал! Сәл сабыр етіңіз. Қарын сипап, жұмсақ төсектің үстінде
шәниіп жататын қайын
атамыздың үйін іздеп бара жатқанымыз
жоқ. Күні бойы шаруа күйттейтін болған
соң, ас ішіп кеткеніміз артық па? - Рахым әлі де уәждеспек болып еді, кілтші шал үндемегеннен кейін тоқтап қалған.

-        Қайын
атасының төрінде шәниіп
жатқан жігітті қайдан көрдің? - Егізбай кеңк-кеңк күледі.

-        Мен
төрінде дегенім жоқ.

-        Бәрібір
ғой.

-        Сен
де айтады екенсің.

     Егізбай мен Рахым таңертеңгі
асты да, шалды да ұмытып
кеткендей.

      Қабыл темекінің түтініне
шашала кеп күледі.

     Сол-ақ екен, кілтші шал
анадай жерде тұрған машинаға қарай
жүре берді. Қолын артына ұстап
алған. Саусақтары дір-дір қағады. Мақталы күртешесін сүйрете Қабыл ерді оған.

         Шал кабинаға отырды.
Отырды да, есікті тарс жапты. Шофер
жігіт те тықыршып тұр екен, зырғытып ала жөнелді. Ауыл сыртына
шыққан соң тіптен құйғытып кетті. Mac адамның қар үстіндегі ізіндей
ирелеңдеген жол

да жүрген сайын ұзарып барады. Тұп-тұнық таңертеңгілікті тұр-тұрлап зырғып келеміз. Кең жазықта бауырын жазып, еркін көсілген
машина үстінде отырып ойға кетем - «мына
қарқынмен қазір-ақ жететін шығармыз. Әлгі қыстау иесі қандай адам екен? Жас па,
кәрі ме? О кісімен кең отырып, бір
әңгімелесер ме еді. ұүп-тұнық кеште қызық әңгімелер тыңдаған қандай жақсы. Мүмкін ол
казір қыстауда жоқ шығар? Иә,
жоқ болар. Жаз кезінде қай малшы қыстауда отырушы еді».

      Енді бір сәттері ән айтқым келеді.

-        Ой,
сен неге үндемей қалдың? - дейді Рахым жалт бұрылып.

-        Ауылда
жүргенде осындай жайдақ машинаға отырып алып, керемет ән шырқайтынбыз.

-        Біз
де.

-        Керемет
қой, ә?!

-        Керемет
болса, кәне, басташы.

         Шырқап келеміз.
Тіптен анау-мынауға елпілдеу дегенді білмейтін
Егізбайдың өзі әнге қосылып
кеткен. Қабыл да кей-кейде темекі түтініне
шашала бір тұстан қойып
кетеді. Кей мезетте ол тыйыла
қалады. Сонсоң бірдеңесін ұмытқандай бізге жалтақ-жалтақ қарайды да, асығыстап
қайта қосылады.

        Шекербек өзінше бір бөлек ән
айтып отыр. Қашанғы әдетіне ауысып, нән нар қозғалта алмастай маңғаз тартады. Тамағын
қайта-қайта кенеп, бізден асып жығылғысы келеді-ақ.
Бірақ әзірге жете алған жоқ. Соған ыза болатын шығар, иә, соған ыза болады ғой,
ол кей-кейде үнсіз қалады. Бір
кездері:

-        Бізге қосылмасаң болмас,
сірә, - дейді Егізбай оған күле қарап. Шекербек танауы делдиген күйі:

-        Әннің қадірін білмейсіңдер, -
деп дүңк ете қалады.

-        Бәсе! - дейді Қабыл. -
Арамызда атақты әнпаз Шекербек отырғанын қара басып ұмытып кетіппіз ғой.

-        Әй, саған не жоқ?

       Қабыл тағы күледі.

      Мұндайда Рахым қарап қалушы ма
еді, қосыла кетті.

-        Біздің Шекең мектепте
жүргенде құрамында аттай екі жүз адамы бар атақты хорды жеке дауыспен
жетектейтінін қалай ғана ұмытсын!

-        Әй, айналайын дала-ай! -
дейді Егізбай тамсанып. - Жөнің бөлек-ақ қой.

-        Сен де бір... - Рахым оны да
құр қалдырмайды. - Әңгіме біздің ардақты Шекербектің әнпаздығы туралы болып
жатқанда «дала, дала» деп таңдайын тақылдата бергені несі...

-        Қойсаңдаршы, - деп күледі
Егізбай. - Қыс бойы жатақханада бір-біріңді «қажағандарың» жетпеді ме? Биыл мұнда
жаңбыр көп болғанға ұқсайды. Жер реңін бермепті. Әне, қарандаршы...

         Егізбайдың сөзі қамшы болса
керек. Шекербекті жайына қалдырып, жол бойына көз тігіп келеміз.

        Сәт сайын машинадан түсе қап,
қалың шөптің үстіне қисая кеткің келеді. Жоқ, әншейін қисая кетуге әсте болмайды,
көк күмбезіне күлімсірей көз тігіп, тапжылмастан ұзақ бір жатар ма еді, шіркін!
Қурай бастаған жұмсақ шөпті құшырлана бір иіскер ме еді. Сонсоң құшақтай алып, қатты-қатты
қысар ма еді. Сонсоң үйме шөпті құлашың жеткенше тағы бір еркін құшақтап, жаңа
тасыған сүт иісіне мұрынды армансыз қытықтатар ма еді, шіркін!

     Орнымнан тұрып кеткенімді сезбей
де қалыппын. Алдан соққан қылыштай қатты жел бет қарататын емес.

-        Тоқташы, - дейді қатарымда
тұрған Егізбай. - Ересентау жақта болып па ең?

-        Бірге жүрген екі жыл ішінде
осы сұрақты қанша рет қайталадың? - деймін әзілдеп.

-        Түу,
сен де...

-        Енді
не?

-        Біздің
жақ та осындай жазық қой. Және де кейінгі кездері
қатты сағынып жүрмін.

-        Ересентауыңды
арқалап жүрмесең болмас саған?!

-        Дұрыс айттың. Қайда жүрсем де
Ересентауым иығымда. Мен оны еш уақыт
ауырсынбаймын. Ал енді Ересентауды ұмыткан күнімнің бәрін жоққа санаймын. Ұқтың ба?

       Қапелімде әзілден от
шығарып алғаныма қатты өкініп қалдым.
Енді соны жуып-шаймақшы болып:

-        Ересентауыңды
бір көрсетші, осы, - деп едім, Егізбай үндеген
жоқ.

      Машина тоқтар-тоқтамастан
кабинаның есігін лақтыра ашып, қара шал секіріп түсті.

-        Ал,
балалар, келіп қалдық. Мына шопыр нағыз бәйгеқұмардың өзі екен. Лезде жеттік, ә?

       Ол аяғының астында
жатқан шыбықты алды да, машинаның доңғалағын бір шықпыртып өтті. Сонсоң бізге қарап күлді.

       Егізбай машинадан
түскен бойы шымнан соғылған ұзын
қораға қарай кетті. Нақ бір күнделік күліп, сырмінез болған адам сияқты.

       Бір шопанның ғана қыстауы
екен. Шым қораның қабырғалары сөгіліп
кеткен. Әр жерден-ақ үңірейген тесіктер
көрінеді. Әбден тозығы жеткен тымақтың төбесіндей
шатырының да сау-тамтығы қалмапты. Іштегі қалың
қи қабаттары бұл екі-үш жылда
ойылмағанға ұқсайды. Әріректе
жас талдан олақ тоқылған тағы бір ашық
қора бар екен. Ортада - шопанның төбесін шифермен жапқан аласа ғана үйі.

-        Ал,
балалар, - деді шал асығыстап. - Көріп тұрсыңдар ғой, түге. Шым ойып, анау үңірейген тесіктерді бүтіндейсіндер.
Шатырдағы саңылауларға сабан салып, үстіне топырақ
тастаңдар. Кетпен, күрек, шелек - бәрі бар.

-        Машинаның
үстінде үйіліп жатқандар ма?

-        Сол.

-        Сабы
қисық, тот басқан бірдеңелер...

-        Қайтер
дейсің, жер жұмсақ, бір-екі
рет жаланғаннан кейін жүзі жарқырап шыға келеді. Қоймасы құрғырда жатыңқырап қалған екен.

-        Алақаннан
сау-тамтық қалмайтын болды.

-        Әй,
жігіттер! Сендей зіңгіттерге оңы-солы бірдей емес пе? Өздеріңдей күнімізде...

       Шал қипақтап, машинаның
жанынан шығар емес. Қалпағын
қолына бір алады, қайта киеді, қайта алады. Беліндегі ұзын белбеудің ұшымен
әлсін-әлсін бетін сүртеді.

-        Жүрсеңдерші, - деді Егізбай
бізге қарап.

      Сол-ақ екен, «иә, иәлеп» шал
кейін шегіне берді. Ол әп-сәтте ашық тұрған кабинаға сүңгіп кетті де, есікті
бар пәрменімен тарс жапты. Бәйгеқұмар жігіт те әбжіл қимылдады білем, машина
арындай жөнелді.

       Қабыл мақталы күртешесін
сүйрете қора сыртын айнала берді. Біз де ергенбіз. Егізбай мырс ете
қалды.

-        Ау, оны түзге шығармайсыңдар
ма? Әлде қарауылдап тұратын әдет алып па едіңдер?

          Күліп жатырмыз.

-        Болыңдар, - деді ол
асығыстап.

-        Өзіңнен
артылатын не шаруа бар. Бізді қинап кайтесің.
Саған сендік. Бастай бер, - дейді Рахым.

-        Қысыр
сөзді уақытша қоя тұрсақ.
Қыстай тіл безегендерің де жетеді.

-        Кім
сені бригадир қойды?

-        Өзім.

-        Өй,
шіркінін-ай!

-        Бұл шаруаны менен артық білетіндерің
жоқ!

       Сол екі арада қоражайды
тағы бір айналып шыққан Қабыл мақталы
күртешесін жерге алып ұрды.

-        Бораны
қыс бойы толастамайтын бұ
жерде мына қораның малға пана
болғанына таңмын.

-        Биылша
ілдәлдәласақ келер жылы жаңа
жай саламыз деген жоқ па, жаңағы кілтші шал.

-        Әй,
осы ілдәлда қашан құриды? -
Қабылдың даусы қатты шықты. Қораның артында біреумен шекісіп келгендей.
Ашуланып тұр.

-        Саған
не болды? - дейді Егізбай.

-        Осындай
жерде, желдің өтінде өскем. Көргем талайын.

-        Біз
де білеміз...

-        Нені?

-        Е,
қойшы. Әр шопанға даңғыраған сарай тұрғызып беру оңай дейсің
бе?

-        Кім
айтты саған оңай деп?..

-        Шопанның
шаруасы қиын-ақ. Шет-жағасын көрдік те.
- Егізбай тосын әңгімені ертерек тамамдағысы кеп тұр. Оған көне
қоятын Қабыл жоқ.

-        Әкемнің
ағасы көп жыл қой бақты. Co
кездері ол демалыс дегенді білген
жоқ. Қазір қолы бос. Бірақ жастық дәурені өтіп кетті.

       Егізбай жауап қайтара
алмады.

- Мына қораның ұсқынын көріп,
осында қыстап шыққан шопанды аяп кеттім. Қыс бойы талай азапты күндерді бастан кешірген шығар. - Қабыл сабасына
түскен сияқты. Жай сөйледі.

           Оның сөзі бәрімізге де ой салғандай. Кідірместен жұмысқа кірісіп кеттік.

      Алдымен шатырдағы саңылаудың
бәріне қалыңдап сабан жаптық. Сонсоң екі шелекке де жіп байлап, оның ұшын Рахым
беліне қыстырып алды. Ол - төбеде, мен - жердемін. Шелекті топыраққа толтырған
кезде Рахым жоғарыға тартып әкетеді. Тағы толтырам. Тағы... Егізбай шым ойып, оны ортаға өзі жеткізіп
тұр. Қабыл мен Шекербек
тесік біткенді тығындап жатыр.

Қаншалықты бипаздап көтергенмен шым құрғыры, уатылғыш-ақ. Үшеуінің де
үсті-басы шаңнан көрінбейді.

         Күн арқан бойы көтеріліп
қалыпты. Байқап қараған адамға бөз көйлектей шөбі селдір мына атырап манағыдай
емес, жанары пәс, мөлиіп қана жатқандай. Әбден қалжырап құлаған адамдай
кеудесін көтерер дәрмені жоқ тәрізді.

      Жалаң қабат шапандай ерте
көктемгі тырбық көгін мал тұяғы әбден таптап тастаған жердің шымы оңушы ма еді,
қолға алсаң-ақ үгітіліп жүре береді. Амалы таусылған Егізбай шөбі қалыңдау жер
іздеп, қораның іргесінен әжептәуір ұзап кетті. Бір жағы шым ойып, бір жағы жеткізіп
беруге үлгере алмай жатқан соң оған Шекербек қосылған.

       Тесірейген күн көзі күйдіріп
барады. Егізбайдың арқасы әлден-ақ малмандай болыпты. Оның үстіне қабат-қабат тозаң
тұрған соң оңа ма, әдейілеп балшық жағып қойғандай. Самайынан аққан тер топырақ
сабан қиқымының арасынан зорлықпен жол тауып, өңіріне кеп құлаған. Қатты нөсерден
кейінгі топан су қаптаған құмдауыт сияқты - сай-сай, айғыз-айғыз! Ащы терге
әбден сусын қандырған қалың шаңның арасынан шегір көздері ғана жылт-жылт етеді.

        Шекербектің қыз біткеннің
біреуіне бұйырмаған тәмпіш мұрны белге ауырлық түскен соң тіптен бітеліп қалғандай.
Аузын ашып, ырс-ырс етеді. Өзі қып-қызыл болып кетіпті. Ол анадай жерден пысылдап-ысылдап көтеріп келген шымын көлеңкедегі Қабылдың
жанына жетісімен сылқ еткізіп тастай
салады. Тастай салады да, үсті-басын
қаққылап кетеді. Бірде Қабыл шыдамаған болса керек:

-        Несіне тақуалана бересің,
қазір қайта барасың ғой, - деп еді, анау да дайын тұр екен:

-        Немене, тірідей топыраққа
көміп тастамақпысың, - деп шап ете түсті.

       Co кезде Егізбай көзінің
астымен бір қарап еді, екеуі де жым болды.

      Бізге де оңай тиіп жатқан жоқ.
Шелекпен топырақ тасыған соң іс өне ме, оның үстіне тиянақтап бастырмасаң, сабан
дегенің қасиетсіз дүние ғой.

       Егізбай мана таңертеңгілік-ақ
топырақ алатын шұңқырды қора түбінен қасақана қаздырмаған. Әрі-бері айтып көріп
ек:

-        Күз бар, қыс бар, су толып,
берекені кетіреді, - деп болмай қойды. Амал жоқ, әудем жерден тасып жатырмыз.

           Күн көзі үлкен сәскеліктен
ұзап барады. Көсенің иегіндей тып-типыл мына жазықтың алаулап келе жатқан
аптапқа арқасын тосқаннан басқа амалы жоқтай. Қамшымен сауырдан тартып
жібергенде, құйрығын әлсіз бір бұлғағаннан бөгде қауқары қалмаған аяр ат
сияқты-ау өзі.

-        Ей, неғып тұрсың? Рахымды
шатырға шығарып, қарауылдыққа қойып па ең? - Егізбай маған оңдырмай бір қарады.

-        «Қазір айналып соғам» деген
кілтші шал үшті-күйлі құрыды-ау. Кешегі түн бәрімізге ас батпай қойғанына әліге
дейін таңмын. - Шекербек көлеңкеден шыққысы келмей себеп іздеп тұр. Әйткенмен,
оның айтатындайы да бар. Кеше қас қарайғанша қырманда болдық, жатақханаға
келген соң апыл-ғұпыл жуынып алдық та, биге кеттік. Түн ортасында келсек, тамақ
суып қалыпты. Сонсоң мұздай шайдан бір-бір жұтып жата кеткенбіз.

        Енді міне, екі шелекті
әрең-әрең көтеріп жүрмін. Моншақтаған тер тамшылары көзге құйылып, кірпіктерді тұншықтырып
барады.

Арқам дуылдап, қол тигізер емес.

       Шекербек қос-қолдап әкелген
нән шымды аяқ астына тастай салды да, үсті-басын тағы қаққылап кетті. Әрі қақты,
бері кақты, тіптен болар емес.

-        Әй, қойсаңшы, - деді Қабыл
оған күле қарап. - Қандай адамсың?

-        Немене,
аз-кем тыныс алдырмаймысың. Болды енді. Әуреленбе.
Қабағыңмен қайырып, үйіріңе қосатын мен емеспін,
- деп Шекербек те шытынай қалды.

-        Қойдық.

-        Қойсаң,
сол.

        Егізбай үн-түнсіз
Қабылдың шаң-шаң мақталы күртешесін
төсеп жіберіп, көлеңкеге қисая кетті.

-        Әлгі
кілтші шал құрыды-ау, -
дедім.

-        Аштан
қатыратын болды, - деді Шекербек жай ғана.

-        Мана
тіске басатын бірдеңкелер ала шығу керек еді,
- деді Рахым.

       Қабыл бізге жақтырмай
бір қарап алды да:

-        Келер
де. Уәдесін жұтпас, - деді.

         Қабыл темекі тұтатты. Оған Рахым қосылды. Шекербек
те қалғысы келмей:

-        Мүйіздерің
шығатын болса, күндіз-түні бұрқыратып-ақ
жүрсіңдер ғой. Бізге де берсеңдерші. Қарын ашқанда ащы түтін жүтқан қандай
болар екен, көрейік, - деп еді, Қабыл
үн-түнсіз мыж-мыжы шыққан темекі қорабын ықылассыз ысыра салды. Оған
Шекербекпен жарыса мен де жармастым.

        Құрғақ темекі маздап тұтанды. Қызығып кетіп, екі-үш рет
қомағайлана қою түтін жұтып
едім, басым айналып, жүрегім айнып жүре берді. Сол-ақ екен, Егізбай орнынан атып тұрды да, шым оятын жерге қарай кете барды.

       Күн тас төбеге тырмысып
келеді. Үп еткен бір екпін болсайшы.
Көлеңкеге жеткен сәттері қайтып күн көзіне шыққың
келмейді.

-        Топырақты
тереңірек алшы. Әйтпесе, тым құрғақ екен, құм сияқты сусып тұрар
емес, - дейді Рахым. ІІІаршағаны шығар, әйтпесе, топырақ оншалықты құрғақ емес-ті.

         Қарыны ашқанда кісінің шөлдегіш
келетін әдеті емес пе. Таңдайым кеуіп
кетті. Бірақ қанып ішетін жартымды су
да жоқ. Алматыдан шыққаннан бері қолынан бір түсірмейтін Егізбайдың кішкентай құтысындағы суық шай

кімге жетсін. Бір рет ауыз
шайғаннан артылмайды.

         Қабылдың мақталы
күртешесінің арасында қақпағы жылтырап
жатқан сол қалайы құтыға
Шекербек бір-екі рет үзіле көз
тастаған. Бірақ қол созған жоқ. Менің де ұрлана әлденеше рет бұрылғаным
рас, бірақ қол созған жоқпын.

-        Шал
құрыды-ау...

       Шекербек «кезекті
сапардан» келіпті. Бүйірін таянып алған,
түтігіп тұр екен.

-        Ұмытып-ақ кеткені ме?

        Рахым төбеден төне
қарайды.

        Таңдайым кеуіп, тілім аузыма сыймай кетті. Жұтына-жұтына тамақтан да түк қалмады. Басым -
зіл-батпан. Жүрегім айнып, лоқси
беремін.

         Ақыры шыдамым
жетпеді. Ешкімге қарауға шамам жоқ, жүгіріп
бардым да, қалайы құтыдағы мұздай шайдан бір ұрттадым. Ұрттадым да, кейін бұрыла
беріп едім, дәл жанымда Егізбай тұр
екен.

-        Келіңдер,
тамақ жібітейік, - дейді жайбарақат.

         Кілтші шалдың келмегенін
де, мына кішкентай құтыдағы
су таусылса халіміздің мүшкілдігін де түк ойламайтын тәрізді. Дәл осы жерден ең
жақын ауыл - отыз шақырым. Жаяу жету оңай емес. Оны Егізбай бізден де жақсы
біледі. Шөлдей түссек, ашыға түссек дей ме екен. Біреуіміз осы арада оғаш мінез көрсетіп алсақ кейін қоймай
күлмекші ғой!

-        Сағат қанша болды екен? -
деді Рахым.

-        Екіден
кетіп барады, - деді Шекербек.

-        Көң
ою болмаса, қалғанының бәрін бүгін ойнап жүріп
бітіреміз, - дейді Егізбай.

-        Ауызбен
орақ ору оңай ғой, - дейді Рахым.

-        Жоқ,
қазір бір мезгіл көз іліндіріп алайық. Күн қайтқан соң құмбыл қимылдап кетсек, бәрі бітіп жатыр.

-        Кілтші
шалдан біржола күдер үзгеніміз бе? - Шекербек тағатсыздана сағатына қарайды.

-        Шалдар
да осындай болады екен-ау? - Рахым табанының астына былш еткізіп бір түкірді
де, теріс айналып кетті.

Аспан күмбезі бозамықтанып,
шаңытып тұр. Қаптаған қалың мұнар кейде тас төбеге төніп кеп қалады. Кейде үдере түріліп, алыстап кетеді. Кейде қол жетер жерде бізді мазақтағандай көлкіп жүреді.

         Көз ұшындағы кең жазық мына алапат аптапқа
шыдай алмай дөңбекшіп жатқан сияқты.
Ең болмаса, бір сәтке желпіп өтетін
салқын самалды аңсайтындай. Кейде айналаның аяқ-қолы жерге тимей дір-дір қағып
кеткендей көрінеді. Ол кезде көзімнің
алды қарауытып, басым айналады.

          Басы күртешеге тиген
бойы Егізбай мана-ақ қор ете қалған.
Шекербек көзін бір ашып, бір жұмып
оған ере алатын емес. Рахым мұқабасының мыж-мыжы шыққан кішкентай кітапқа үңіле қалыпты. Кезерген
еріндерін әрең

қимылдатып, әлсін-әлсін
бірдеңелерді күбірлеп қояды. Қабыл
сұйқылт тұманды аспанға бейжай қарап, үнсіз жатыр. Бірақ кей
сәттері кірпіктері жыпылықтап кетеді.

         Дәу де болса, біреуді есіне
түсірсе керек. Соған іштей сыр айтып, ағынан жарылып жатқандай. Мен болсам, дәл
қазір біреумен сөйлескім келеді. Мейлі шүйіркелесіп, мейлі салғаласып, әйтеуір
уақыт өткізу керек. Әйтпесе, қоймай әзілдесіп, ішек-сілеміз қатқанша күлсекші
бір. Әй, рақат болар еді. Әйтпесе, ащы шайдың, қуырған шөженің хош иісі мұрынға
келе береді, келе береді.

-        Ау, бірдеңе десеңдерші.

         Қабыл маған самарқау бір
қарады да, әрі аударылып түсті. Кідірмей қайта бұрылды. Езу тартқаны ма, әлде ашуланғаны
ма, әйтеуір кейпі қызық. Рахым ә дегенде кітапты тарс жауып еді, сәлден соң
қайтадан ашып, бірдеңелерді күбірлеп кете барды. Шекербек те өзімен-өзі, бар
тапқаны жиі-жиі уһлеп қояды.

-        Аштық алдымен тілді байлайды
білем, - деймін. Шекербек «сен осы, не айтып отырсың» дегендей маған тесіле қарады.

-        Қарап отырғанша әңгіме
болсын, қазіргі қалауыңды айтшы, - дедім. Ол енді маған аңыра қарады.
Аздан соң екі-үш рет ілгері ұмсынып алып:

-        Осы қазір жүрдек жаңа
газикпен мына жазықта ытқытып бара жатсақ, шіркін! - деді. Деді де, бір жұтынып
алды.

       Қапелімде оны ешкім қостай
қоймады.

-        Қарсы алдыңнан қоңыр салқын
самал соғып тұрса. Шофер баланың жанында шалқалай кеп отырсаң. Айтпақшы,
орындықтың бәрі жасыл қыжыммен тысталған болса.
Ыңылдап ән салып, ызғытып бара жатсаң... -

Шекербек тағы бір жұтынып алды.

-        Шофер
баланың жанында шалқалай отырған сені көрген
жұрт не дер екен?

-        He дер екен емес, осы
ақылсыздығың-ай, кім дер екен демеймісің. Кім деуші еді, ең берісін айтқанда,
«Ауатком председателі келе жатыр» деп құрақ ұшып қалады да.

         Рахым кітабын тарс жапты.
Қабыл әрі қарай тағы бір аунап түсті.

       Маған керегі де осы
еді. Енді Шекербекпен біразға дейін тіл
қайрасудың кезегі келді.

-        Сол-ақ
па?

-        Немене,
тақияңа тар келіп тұр ма?

-        Әрине,
біреулерге ол көп те шығар!?

-        Саған
шынымен-ақ аз көрінген-ау.

-        Көп
те емес қой.

-        Машина
өз қолыңда.

-        Сонсоң?..

-        Бір
ауданның басшысы болғаннан кейін ар жағы белгілі
емес пе, тәйірі! Ар жағын дөңгелетіп әкетеміз ғой.

-        Мүмкін.
Сендей мықтыларға ақыл қосатын менде не
хал бар.

-        Өзі
қалай, мүғалімдіктен көтеріліп жатқандар көп пе? - Шекербек шынымен-ақ ентелеп келе жатыр.

-        Несі
бар, жетесің-дағы. Тек ар жағы қиын болып жүрмесе...

-        Арғы
жағын ойлап, таусылмай-ақ қой. Айттым емес пе,
«ар жағын» дөңгелетіп жіберем. «Ар жағына» сенен ақыл сұрамаймын. Оған
ешбір күмәнің болмасын, жаным. Тек бізде
арагідік кездесіп қалатын бір әдет
бар емес пе - алымды кезіңде жассың деп жоғарылатпайды. Қартайған соң қаруың қайтты деп үлкен қызметке тағы
жуытпайды.

-        Солай
ма еді. Қайдан білейік, оның бәрін.
Сен сияқты етік киіп өскеніміз жоқ,
жалаңаяқ өстік.

-        Ендеше,
етік киіп өскен адамға қарсы келе берме. Әркімнің әлін білгендігі - ақылдылығы.

-        Шекербек - ауатком
председателі. Ойпырмай, бір керемет
болар еді...

-        Төр
алдында шіреніп отырсам. Сендер қаздай тізіліп, кіре алмай тұрсандар.
- Ол ықыластана кеп күлді.

-        Бірге
оқып едік деп айтпаймыз ба?

-        Немене,
бірге оқығандардың бәріне жалпақтай беремін
бе? Ауатком председателі бола қалсам, кезек-кезек есігіме дамыл бермейтін
қусындар ғой. Ол болмайды. Осы бастан
айтайын, ол болмайды!

-        Ау,
Шеке, шынымен-ақ бірге оқып...

-        Шіркін-ай, сол күнге бір жетсем, ар
жағын көре жатар едім.

         Шекербек кеудесін
керіп, тәтті бір шіреніп алды.

-        Көкезу
мылжыңдар!

         Қабыл екен. Шекербек
ол сөзді қаперіне де алмады.

-        Өзің
бола алмайсың, - деді ол Қабылға қарап, болған адамды көре алмайтын да қу шығарсың?

         Сол екі ортада
Егізбай орнынан атып тұрып:

-        Тұрыңдар, - деді. - Тірліктің бәрі
жайына қалыпты ғой.

          Қабыл төмен қараған
күйі күлді. Рахым орнынан қозғала беріп:

-        Ойхой,
семіз етке сылқия тойып, артынан қымызға қанған
кісі сияқты, - деді.

          Ол бәрінен бұрын ұйқысын
қандырып алды. Керегі де сол ұйқы еді. Әйтпесе, Егізбайлар
тамақ, сусын дегендеріңді апталап көрмей-ақ жүре береді, - деп едім, ол маған тағы алара қарады.

-        Бүгінгі
жұмыс біткен жоқ па еді. - Шекербек
жаңағы әзірдегі көз алдында мұнартқан
машинадан да, ауатком председателінің жұмсақ орындығынан да біржола айрылып
қалғандай қиналып-ақ тұр.

         Егізбай оған да бір
алара карап алды да, күрек пен кетпенді қатар иығына салып, шым оятын жерге қарай
нық басып кете барды - «қызық,
Егізбай да ашуланады екен-ау?».

         Шекербек ойылған
шым-кесектердің жанында ұзақ тұрды. Бір еңкейді, жүрегі дауаламады білем, кеудесін қайта көтеріп алды. Тағы бірауық сілейіп тұрып қалды.

        Егізбай жалт қараған
кезде шыдай алмай құшағын
толтыра шымды көтеріп еді, шаң бұрқ
етіп, тамағын қапса керек, маңдайын
тыржитқан күйі қайта тастай салды. Егізбай үн-түнсіз теріс айналып жүре берді. Co бойымен көлеңкеде жатқан
мақталы күртешенің арасынан қалайы құтыны суырып алып, мұздай шайдан ауыз
толтыра бір ұрттады. Сосын:

-        Келіңдер, тамақтарыңды
жібітіп алындар, - деген.

       Мұздай шайдан Қабыл да бір ұрттап,
Шекербекке берді. Бірақ ол:

-        Сендер қанып алыңдаршы, - деп
кейін ығысып тұрды.

Рахым бір ұрттады.

Мен бір ұрттадым.

Бұрыла беріп, артыма бір қарап едім, Шекербек қалған суды қылқылдатып жұтып
жатыр екен. Тандайым лезде-ақ кеберсіп кетті. Бір шелек топыракты

көтерудің өзі күшке түсіп, әбден қалжыраған сияқтымын. Іргеде ғана қалған
қылдай көлеңкеге қарамауға бекініп-ақ аламын. Болмайды. Көзімнің қалай
түскенін өзім де байқамай қалам. «Осының бәрін Егізбай біліп қойса ғой?..».

Бүгінге дейін оның алдында айыл жиып көрмеген басым, енді келіп
қипақтаймын-ай. Тіптен, қорқатын сияқтымын...

      Ол маған сәтінде-ақ «қауқарыңа
болайын» деп жекіп тұратындай.

-        Ау,
болсаңшы. - «Рахым да жоқ жерде асықтыра береді
екен».

Айнала-атырап ескі киіз үстіне
епетейсіз жайған дастарқандай ұйпаланып
жатыр. Ашымаған қамырдан асығыс пісірген шикі бауырсақтай сабан үйінділері де ұсқынсыз көрінеді. Әрі қараймын,
сол үйінділерге көзім түседі,

бері қараймын, сол үйінділерге
көзім түседі.

-        Бұл не, үнсіз қалғанымыз? - Егізбай
кеңкілдеп кеп күледі.

         Бір мезеттері кілтші
шал көз алдыма келді. «Дәл қазір көлеңкеде
көрпеше салдырып, бәйбішесінің жанында шай ішіп
отырған шығар. Қазан да қайнап жаткан болар. Әудемнен-ақ мен мұндалайтын сүр еттің, иісі-ай, шіркін! Жұқа ғып жайған ыстық қамырға орап, асығыс асар ма еді!».

-        Ау,
болсаңшы.

          Рахым тым асығыс
дауыстайды. Ол тықыршыған сайын топырақ толтырған шелектен алыстап бара жатқандаймын.

          Енді алыстағы Алматы
еске түсті. Еске түскен соң-ақ, тау
етегіндегі кішкентай бақ ішіне еніп кетіппін. Жаңа-жаңа қызара бастаған алманың
ашқылтым иісі-ай! Мұрынды
жарып барады. Әлі мұрты да
қисаймаған қалың көк шөптің тамақты
қытықтағаны қандай тәтті еді. Көйлекті шешіп
тастап, сап-салқын көкорайдың үстінде ұйықтағанды айтсайшы. Әудемнен сарқыраманың үні анық жетіп тұр. Арғы биіктен түтін көрінеді. Жасыл жапырақтарды ыстап, от жаққан кім екен?

-        Ау,
қашанғы күтем, қалғып тұрсың
ба?

         Рахым тағы асықтырып
жатыр. «Heгe өйтеді? Екі
шелек қолымнан түскен жоқ қой» - әлгі
ыстық елестен айрылғым келмейді-ақ.

         Бір мезеттері сол көп
елестің дәп ортасынан Нұрғайша
шыға келді. Ентігін баса алмайды. Асыққан ғой, сағынған. Көздері күліп түр.
«Хат жазбағаның қалай» дейді. «О
жағына салақтығымды өзің білесің» деп ақталған боламын. Сосын ол дірілдеп
келіп, қолын созады. Іліксе болды,
ештеңеге қарамай сүйрей
жөнелмекші. Әлде ештеңеге қарамай қатты құшып, ұзақ
сүймекші ме?

-        Басыңды
көтерші, - дейді. - Өзіңді жақсылап көріп алайын.

-        Шашымның
ерте ағарғаны есіңде болсын, - деймін әзілдеп.

-        Кездескеніміз
қандай бақыт десеңші. Оның бәрін біз
әлі біліп болған жоқпыз, - дейді Нұрғайша.

           ... Екеуіміз өткен
қыста танысқанбыз. Алғашқы
күні-ақ Нұрғайша көптен сырмінез адамдай көрінген. Лезде шүйіркелесіп кеттік.
Көп ұзамай ол біздің жатақханадан орын алды. Енді тіптен жұбымыз жазылмайтын
болды. Co кездері сурет түсірумен әуестеніп жүруші едім. Қолымыз
қалт етсе, қаланың сыртына шығып кететінбіз. Ол күні фотоаппаратга бос пленка
қалмайды. Қайтып келген соң өзіміз түсірген суреттерді көруге асығамыз.

        Түн ортасы ауғанда жұрттың көбі ұйқыға кетеді. Мен жатақхананың ең төменгі қабатындағы кір өтектейтін бөлмені қараңғылап алып, сурет шығаруға
кірісемін. Ылғи да таң атқанша отырып
қалатынмын. Сол ұақты
түндерде Нұрғайша да иығыма
басын сүйеп отырар еді.

          Әредік-әредік ойға
оралған бірдеңелерді үзбей жазып жүретін
бұрыннан әдетім. Кей күндері
соның қызығына түсіп, жатақхананың
оқу залында таң атқанша тапжылмай түртпектейтінім бар. Сол түндері Нұрғайша жанымда бұйығып отырып кітап оқыр еді.

         Кейде театрдан кеш
келсек те бөлме-бөлмемізге кетуге бір-бірімізді қимай коридордың қараңғы бір бұрышында ұзақ тұрып қалатынбыз.

-        Сен
жазда жұмысқа кеткенде,
қайтер екенмін, - деді бір күні Нұрғайша.

-        Күнде
бір хат жазып тұрасың.

-        Жоқ,
жіберсе мені де ала кет.

-        Биыл
сендерді алысқа апармайды.

-        Сұрап көрсейші.

-        Ұят емес пе?

-        Әйтпесе,
өзім өтінейін.

-        Ей,
қойшы.

-        Менсіз
қалай жүресің?

-        Екі-ақ
ай ғой.

-        Мен
үшін екі күннің өзі көп.

-        Жа-рай-ды.

-        Мені
керемет жақсы көресің. Оны білемін. Бірақ айтқың
келмейді. Несін жасырасың. Арғы түкпірде сайрап тұрғанды сандыққа салып қоюдың түкке керегі
жоқ.

-        Үнсіз
ұғысқан жөн ғой.

-        Күдіктілер
сөйтеді. Оның несі жөн?

-        Осының
бәрін қайдан білесің?

-        Білмеймін,
бірақ солай ойлаймын.

        Нұрғайшаны бөлмесіне жеткізіп салғанымда
трамвайлардың таңертеңгі салдыры анық естіліп тұрды.

       Көктем де келді.
Екеуіміз шуақты күндерді қуана қарсы алдық.
Бұ кездері жұбымыз жазылмайтынына айнала жұрт сеніп болған. Алғашқыда «осылар-ақ бір-бірін сағынып тұрады екен» дейтіндердің өзі де келе-келе үйреніп кетті.

        Марттың жуан ортасында-ақ күн
ысып, көк қаулап шыға келді. Сол-ақ екен, жер-дүние де құлпырып жүре берді. Қай жағына қарасаң да - мен мұндалап тұрғаны. Екеуіміз жексенбіде тауға шығатын болдық.

      Кешке жаттығудан (ол кезде бокс
секциясына барып жүретінмін) келсем, бөлмесінде Нұрғайша жоқ. «Мана үйіне
кетті» дейді қыздар.

-        He боп қапты?

-        Шақыртқан көрінеді.

        Нұрғайшаның жалғыз шешесі
Алматы маңындағы бір колхозда тұратын. Үш-төрт рет оны автобусқа шығарып салғаным
бар. «Жап-жақын, бір сағаттан кейін үйде болам» дейтін. «Бүгін неге айтпай
кетті екен?». Әсте жамандыққа жорығым келмейді. «Күтпеген жерде тығыз шаруа шыққан болар. Хабарласуға үлгермеген ғой».

        Ертеңіне таң алагеуімнен
біреу жайлап есік қағады. Жүгіріп барып, ашып қалсам - алдымда Нұрғайша тұр. Күліп
тұр.

-        Тауға баратынымыз қайда? -
дейді.

-        Қайдан білейін... кешеден
бері жоқсың.

-        Ал, кеттік.

         Апыл-ғұпыл жуынып, сыртқа
шықтым. Кідірместен автобусқа отырып, Медеуге бір-ақ тарттық.

         Тау биігіне жарыса
өрмелейміз деп әжептәуір жерге жетіп қаппыз. Қия-беткейдің бір кертіктеу тұсын
әрең тауып алдық. Нұрғайша үн-түнсіз отыра қалды. Көктемнің сәскеліктегі уыз
шырайына елтіген шыршалар мүлгіп тұр.

Шың-құзарлары мұз құрсанған осынау асқар тау күн нұрына арқасын тосып,
қалғып кеткен тәрізді. Айнала - құлаққа ұрған танадай. Нұрғайша әлі үнсіз отыр.

-        Кеше кетіп қалғаның қалай? -
дедім оны сөзге тартқым кеп.

-        Апамды сағынып. Таңертең
қайтып келетін болған соң айтқаным жоқ.

-        Апаң
есен-саулықта ма екен?

-        Жаман
емес. Сені көрсем дейді.

-        ?..

      Ол орнынан атып тұрып, құлағыма жай ғана сыбыр етті.

 

-        Қарның
ашты ма?

          Салған жерден «иә»
деуге именсем керек, үндегенім жоқ.
Ол тесіле қарап отыр. Шыдай
алмаған соң:

-        Әлі
ерте емес пе? - деппін.

         Нұрғайша үн-түнсіз құшақтай алды. Құшақтай алды да, жай ғана тағы бір сыбыр етті:

-        Қарным
ашты деші!

-        Сен
өзің қандай ғана жансың, - деймін оны құшақтай алып. - Күн санап менің көз алдымда биіктеп бара жатқаныңды білемісің?

-        Тағы
айтшы, - дейді Нұрғайша.

        Алғаш кідірген
жерімізге қайтып келген соң ол апыл-ғұпыл кішкентай қапшығымыздың аузын ашты. Алдымен жиегін әсем
кестелеген ақшаңқан дастарқанды жарасымды әбжілдікпен ортаға жайып жіберді де,
ораулы дәкені еппен жазып, ішінен
нарттай қызыл бір таба нан алды. Сол-ақ екен, нанның шетінен бір түйірін үзіп, аузыма салғанымды сезбей
де қалыппын.

          Нұрғайша тоңазыған ет те
әкелген екен.

-        Алсаңшы, - дейді ол.

-        Өзің ше? - деймін. Нұрғайша
мені үркітіп алатындай дастарқанға сыбдырсыз қол созады да:

-        Алсаңшы, - дейді тағы да.

-        Бұрын сенсіз қалай күн кешкенмін.

-        ?!

       Нүрғайшаны қапсыра құшақтап,
көзінен шөпілдетіп сүйе бердім.

-        Жайырақ, жаным?!

-        Қазір, қазір...

-        Тоқташы, - дейді ол. -
Қолыңнан келсе - кісі алдына ас қойған әманда жақсы ғой. Жаңа қаншалықты қуандым.

-        Рақмет, жаным!

-        Кейде сені бөлмеге шақырып,
шай берейін десем, қыздар көнбейді. «Жалпақтауыңды қашан қоясың» деп жазғыратындары да бар. Қызық өздері. Жақсы
көретін адамыңды жақын тарту айып па
екен?!

-        Дей
берсін.

-        Саған
тағы бір сыр айтайын. «Соғыстың аяғына таяу әкең
майданға аттанғанда айы-күнім жетіп отырғам» дейді апам. Көп ұзамай
дүниеге келіппін. Әкем ол сапардан қайтпады.
Ес біліп, етек жиғалы бері менің көкірегімнің нақ төріне мықтап
бір түйгенім қай үйде де ер адамның орны
бөлек екен. Биік екен. Осы күнге дейін біздің табалдырығымыздан ер кісі аттаса,
апам елпектеп қалады. Мен де «үйге ер
адам келсе екен» деп отыратын болдым. Жетім-жесір
дегенмен көштен қалғанымыз жоқ. Тамақ та

тоқ, көйлек те көк. Бірақ
төрімізде отырған бас ие болмағаны батады екен. Апамның ер кісінің алдына ас
қоюды аңсағанын талай аңғарғанымды
бүгін саған ғана айтып отырмын. Бөлмедегі
кей қыздар бетін бояп, әсем киінгеніне мәз. Жігіттер туралы әңгіме
соққанда тоқтата алмайсың, оларды.
Тыңдай қалсаң - жігіттің бәрі солардың аяғының астында жатқан сияқты. Бір күні
«малтапқыш, момын күйеу тауып алып, жалғанды жалпағынан басу керек» деген сорақы сөзді естігенімде төбе шашым тік тұрды. Болашақ жарын «бағындыруды» ғана ойлайтындар бақытты бола қояр
ма екен? Бірге жүрген қыздарын жамандады деп жазғырма. Ойымдағыны ғана айттым. Сенен жасыратын сырым жоқ.

-        Кейбіреулер
«әр әйелдің мөлтек құпиясы
болуға керек» деп жатады.

-        Осы
бастан біліп қой. Менде ондай құпия
болмайды...

-        Маған
керегі де сол.

-        Саған
тағы бір сыр айтайын ба? - дейді Нұрғайша.

-        Бәрін
де айтшы!..

-        Бетіндегі
әжімдер көбейгенмен менің апам осы күнге дейін жап-жас келіншек сияқты.
Сөйлеген сөзі де, жүріс-тұрысы да кемпірлерге еш ұқсамайды. Үлкендер жағы «әкеңді майданға аттандырғанда - осындай еді, сол қалпында қалды ғой» дейді. Қызық, ә? Оның
бәрі көкемді талмай күткендігінен
болар.

        Нұрғайшаның мына сөзі маған қатты ой салып
кетті.

-        Үйіңе
қашан ертіп барасың? - деймін.

-        Өзің
ғой ұялып жүрген. Сені көрсе,
апам қуанып қалады.

-        Рас
па?

-        Heгe күмәнданасың?

-        Әншейін
айтқаным да.

-        Бәсе!..

        Суға түсетін киімнен басқаның
бәрін шешіп тастадық. Төбеден
төнген күн көзіне рахаттана қыздырынып, қатар жатырмыз. «Нұрғайша әлгі әңгімені
неге айтты екен» деп ойлаймын. «Көңілдегісінің бәрін жалаңаштап жайып салғаны
несі?». Әнеукүні бір ұзақ
сөйлескенде «менен биіктеу бол. Сол
жарасады» дегені де қызық.

-        Бірінші емтихандарың ертең
бе? - деді Нұрғайша.

-        Таңертеңгі сағат сегізде
профессор Наурыз Балтабаевтың алдында отыратын шығармыз.

-        О кісі сені сондай жақсы
көреді дейді ғой, қыздар.

-        Мүмкін.

-        Емтихан кезінде өлең айтып
бер деп өтінетіні рас па?

-        Рас.

-        Heгe?

-        Шын білгің келіп отыр ма?

-        Немене, құпия ма еді?

-        Ермек үшін айтатын сыр емес.

-        Шыным, шыным!

-        Нұрғайша, біздің факультетте
оқитындардың бәрі шетінен әдебиетті қасиет көретіндер дей аласың ба?

-        Кім білген!..

-        Қиналмай-ақ қой. Осы қатар
жүргендердің ішінен екінің бірі ғана тындырымды маман болса, тақиямды аспанға
әлденеше атар едім. Өзің-ақ ойлашы - оқуға түскеннен бергі екі жыл ішінде бізге
алты адам қосылды. Бәрі физика, математика, химия факультеттерінде үлгере алмағандықтан
көлеңке іздеп келгендер. Сонда олардан қандай әдебиетші шықпақшы?

         Қысқы сессияда курстас
Нәзира деген қызбен емтиханға қатар кірдім. Профессордың алдына менен бұрын Нәзира
барды. Үлкен кісінің «ал айта бер» дегені мұң екен, анау сампылдап кетті
дейсің. Жауабынан иненің жасуындай бірдеңе ұғу қиын. Профессор ол сәттері ұрты салбырап,
қартайып кеткендей көрінді маған. Сәлден соң:

-        Болды, - деді ол. Нәзира
«екінші сұраққа көшейін...» деп келе жатыр еді, профессор орнынан тұрып кетті.
Терезе алдында аз-кем бөгелді де, қайта отырды. Сонсоң қызға күле қарап:

-        Ән айтатын бе ең? - деп сұрады.
Қыз қапелімде не дерін білмеді. - Кәне «Бір баланы» басташы.

         Бір кезде Нәзира байғұс
терлеп-тепшіп, «әу» деген болды.

         Әлден уақытта профессор
бірдеңесін ұмытқан кісіше әнтек бұрылып, қызға тесіле бір қарады да, кезекші
үшті зачеткаға асығыс қондырып, ысыра салды.

-        Қызық екен, - деді Нұрғайша.
- Білмейтін болса, қуып жібермей ме?

-        Heгe екені белгісіз, қумайды.

-        Нәзира сияқтылар не ойлайды
екен? Студенттік қамсыз жылдарды қалада өткізу үшін жүре ме?

-        Осы «қамсыз жылдар» деген сөз
қайдан шыққан?

-        Бітіріп кеткендердің
«қайғысыз-қамсыз студенттік жылдар-ай» деп тамсанғанын талай естідім.

-        Сол ғой кейбіреулерді көштен
қалдырып жүрген. Әйтпесе, адам бойындағы талай бүұақтар осы жылдарда өріс табуы
керек қой.

 -       Сәл
нөрсенің өзіне шамданып қалатының-ай, сенің!

-        Қамсыз болу дегенді, қажетсіз
болу деп ұғам.

-        Жарайды енді. Талай әңгіменің
басын қайырып тастаған сияқтымыз ғой. Жүр, қыдырып қайтайықшы, - дейді Нұрғайша.

-        Қайғысыз-қамсыз - ол қандай
өмір?

-        Үздік оқитын болған соң бәрі
саған оңай көрінеді, - дейді Нұрғайша.

-        Тоқтай тұр, бәрін де
түсіндірем.

-        Кейін.
Қазір биікке шығайықшы!

        Жоғары өрмелеп келеміз.
Бейтаныс ортаға кездейсоқ тап болған
сырбаз жігіттей шірене қалған шыршалар таусылар емес. Жоғары өрлеген сайын
жиілеп барады.

-        Сенің
тез тұтанатыныңа да үйреніп
келем. - Нұрғайша маған
қадалып қалыпты.

-        Рақмет!

* * *

 -       Өй, мынаған не болған. Аңырып тұра береді. Жалт қарасам,
Рахым не күлерін, не ашуланарын білмей тұр екен. Нұрғайша
да, шыршалар да тасалана берді. Сәлден соң тіптен көрінбей кетті. Бүгінгі
қиындықтың бәрін лезде ұмыттырып жіберген тәтті елестерден аяқ астында айрылып
қалғаныма сенбейтіндеймін. Түк таппаған соң «кінәлі сенсің» дегендей Рахымға
жаутандап қарай берем.

-        Ресторанға барғыш еді, көз
алдындағы тәтті тағамдарға қолы жетпей тұрған да. - Қабыл кеңк-кеңк күледі.

        Күн бесіндікке жетіп қалған.
Қораның шатырындағы саңылаудың бәрін бекітіп болған соң Рахым екеуіміз отыра беріп
едік, Егізбай жетіп келді.

-        Тұрындар. Күн кешкіріп
барады, бітіріп тастайық. - Ол кідірместен өз орнына кетті.

-        Шөлдегенім соншалық, тамағым
ашып отыр, - дейді Рахым маған қарап. Шынында да, оның бет-жүзі жұқарып кеткен сияқты. Әлде көнеріп
кеткендей ме? Үсті-басы шаңнан көрінбейді. Арқанды тарта-тарта алақаны

қанталап кетіпті. Саусақтары
оңайлықпен илікпейтін тәрізді.

-        Ұят бар ма өздеріңде? - Егізбай ашуланып
тұр.

-        Тізе
бүккеніміз осы ғой, несіне мәтибилене береді екен, - дейді Рахым ыңғайсызданып.

-        Өзіндей
тындырымды болмаған соң
ренжитін шығар.

-        Жоқ-ау,
жұмысқа келгелі бері өзі әбден би боп алды.

-        Оның
бір ашуын көтереміз де, қайтеміз.

-        Есіңде
ме, оқуға түскен жылы ашуланғаны. Сабайтын шығар деп едім сонда.

-        Ә-ә...
- күліп жіберіппін.

* * *

       ...Университет
табалдырығынан алғаш аттаған күз. Оқу басталғалы бір апта өткен. Сенбі күні соңғы лекциядан шыққанымыз
сол еді, коридордың қабырғалары-на жапсырылған жаңа жарнамаларға бірден көзіміз
түсті.

         Физкультура кафедрасы
спорттың бірнеше түрінен секциялардың сабақ бастайтынын хабарлапты. Егізбай
сонда штанганы қалаған. Оған ешкім таңданған жоқ. Төртбақ, қарулы жігіттің
темір көтерем дегеніне кім таңдансын! Құп көргенбіз. Біздің құп көргенімізге ол
көп қуанған.

          Егізбайдың кезекті
жаттығуларға бір-екі рет қатысып та үлгерген кезі еді. Бір күні ол
бөлмеге ренішті оралды.

-        Иә, не болды?

-        Құрысын, - дейді. - Штанга әбден
шаршатып бітті. Икемге бір келмейді. Жерде жатқанда бір қолыммен-ақ көтеріп
әкететіндей көрем. Ал енді оны күштеп кеудеме апардым-ақ, әрі қарай көтеру -
қарлы қара тауды қопарғанмен бірдей. Қолдан әл кеткен соң темір төменге құлайды.
Жыларман болып мен тұрамын...

-        Әй, соған да ренжіп. Темір
көтеру дегенің де сөз боп па? Қызылшеке болып төбелесуді де үйреніп
жүрміз ғой!

-        Жоқ,
ұят екен. Тренердің бетіне
қараудан қалдым. Күнделік жатақханада
үйрететін біреу болса, шіркін! Қол қалт
еткенде әзірленуден қашпас едім.

-        Мұнда штанга жоқ қой.

-        Оның
жөнін келтіру жүдә оңай.
Қорада не көп, темір көп.

Маналы бері үнсіз жатқан Рахым
басын көтерді. Басын көтерді де:

-        Сол
сенің сөзіңді жерге тастамас, сірә?
- деді қатты қиналған кісіше. -      Басқаны білмеймін.

-        Кім?

         Егізбай өңмендеп

-        Бір
көмектессе...

-        Кім
ол? Айтсаңшы пәлсінбей барады.

          Рахым жайлап орнынан
тұрып, есік алдына барды.

-        Анау
шеткі бөлмедегі Ғалияны білетін шығарсың. Сөзі де, өзі де салмақты.

-        Қайсы?

-        Әлгі аяқ-қолы балғадай, шашын
қырыққан қыз ше?

-        Е, әнеукүні колхозға барғанда
қылжақбас Ғашықбекті алып ұрған дәуді айтасың ба?

-        Дәл
өзі. Биофактан.

-        Иә.

-        Ғалияның
штангадан бірінші разряды бар.

-        Қойшы,
рас па? - дейді Егізбай.

-        Өтірік
десең, өзінен сұра. Әйтпесе,
мыналар-ақ айтсын!

-        Әнеукүні
Ғашықбекті қаңбақша көтеріп әкеткенінен қорқып
ем.

-        Бірінші
разряды болған соң қоя ма?

-        Бірақ
осы күнге шейін спорт залынан көрген емеспін.

-        Сендер
сияқты штанганың әліппесін жаңа бастағандардың арасында не бітіреді ол? Қалаған
уағында ғана барады.

         Шыдай алмай мен шығып
кеткенмін. Артынша Қабыл мен Шекербек
те шықты. Бөлмеде Рахым екеуі қалған.

        Кешкілік жайдақ шайға
қанып алған соң Егізбай кідірместен
шығып кетті. Бұрындары ол
дастарқанды өз қолымен жимай, орнынан
тұрмайтын еді. Бүгін оған мұршасы келмеді.

-        Ғалияға
кетті, - дейді Рахым күліп.

-        Шынымен
бе? Осы жырқылдағандарыңды қашан қоясыңдар?
- Қабыл сол бойымен жатып қалды.

-        Шамды
өшіріп, біз де жатайық, - дедім мен. - Қызық
болсын!

         Апыл-ғұпыл төсекке қойып-қойып кеттік.

         Бір мезгілде Егізбай
келді. Келді де, төсегіне сылқ етіп отыра
кетті. Үн-түнсіз ауыр күрсінді. Сонсоң орнынан тұрды. Қайта
отырды.

         Терезеден ай сәулесі
сығалайды. Көрпенің шетін жайлап ашып, Егізбайдың кереуеті тұрған жаққа ұрлана көз тастаймын. Басы
төмен түсіп кеткен. Жауырыны бүлк-бүлк етеді. Жылап отырған сияқты.

       Ешкім үн қатпады.

        Ол әлден уақыттан соң
төсегін де салмастан киімшең жатып
қалған...

***

-        He
ойлап отырсың? - дейді Рахым.

-        Жаңағы
сен айтқан оқиға еске түсіп.

-        Егізбайдың
баяғы ашуланғаны ма?

-        Иә.

-        Қарашы,
ол тағы ашуланып жүр, - дейді Рахым. Әңгімемізді Егізбай естіп қойған екен:

-        Қашанғы отырасыңдар. Ішке
барып көң ойсаңдаршы. Самаладай бесеуіміз жүріп, осы қораны жөндеп бітіре алмағанымыз
өлім емес пе? - деді.

-        Егізбай, сенсең бар ғой,
таңдайым ашып, басым айналып, әрең отырмын.

-        Немене,
бізден жаның артық па?

-        Сен
- штангашысың. Біз боксшы бола алмадық. - Егізбайды
күлдірмекші болып едім, бірақ ол жібімеді.

-        Әлгі
шалға ерегіскенде бәрін тастап, манадан бері жату керек еді, - деді Рахым қарап отырмай.

-        Әй,
сен қызықсың? Орайы келмеген шығар. - Егізбай
жібіп келе жатқандай.

-        Айдалаға
әкеп тастап, ас-сусыз іс
бітір дегені оның...

-        Қойсаңшы.

-        Көрерсің
әлі - шал кездескен жерде өзімізді кінәлайды. Белгілі ғой - «бір күнге шыдамаған сендерді де жігіт
деп...».

-        Е,
жөні де сол емес пе?

-        Жөні
сол болса, жүгіре бер.

-        Көбі
бітіп, азы қалғанда қасарысып керегі не?

-        Нан
жоқ, су жоқ, өйтпесе оны жеткізетін кісі жоқ деші, бір күн емес, бір айға да шыдаймын. Бәрі бар. Бәрі жетеді.

-        Шаруаны
тындырып болып, өкпе айтсақ - өтімді емес
пе?

-        Таңертеңнен
бері бел жазбағаным да жетеді.

-        Қойсаңдаршы,
бәрін де бітіреміз. Жайырақ сөйлеуге болатын шығар. -      Жайбарақат
басу айтқаныма екеуі де көнетін емес.

 -       Сен
сияқты тіл безеуге ұста емеспін. Жетеді енді. Тез барып, қораның ішіндегі көңді ойындар, - дейді Егізбай.

-        Сөздің
бәрін бізге қалдыр да,
үн-түнсіз шаруаны тындыра бер. Титтей
де қарсылығым жоқ.

-        Тілің
мен жағыңа сүйенгенді қоймасаң бар ғой...

-        Иә?

-        Таяқ
жейсің.

          Рахым қарқ-қарқ
күлді.

-        Тұр орныңнан! - Егізбай оған жалт бұрылды.

          Рахым әлі күліп
отыр. Егізбай оған алара бір қарады да,
қораны айналып кетті.

-        Жүрсеңші,
- деймін Рахымға. - Бітіріп тастайық.

-        Бармаймын.

-        Барасың!
- Егізбай жанымызға қайта кеп қалған екен.

-        Мынаған
не болған...

-        Өзіңе
жақсылық жақпайды білем, ә?! - Егізбай түтігіп
тұр.

-        Мүмкін,
- деп Рахым әңгімені әзілге бұрып
келе жатыр еді, кілт бұрылған Егізбай оны құлақшекеден періп жіберді де, үн-түнсіз әрі қарай кете берді. Орнынан ұшып тұрған Рахым:

-        Мынаған
не болған-ей? - дейді таңданып. - Оңдырмай соқты.

          He дерімді
білмеймін. Анадай жерде Егізбай шым қалап жатыр.
Иығы селк-селк етеді. Толқып келген қатты күлкінің
селкілі сияқты.

-        Құрысын, жүр енді, - деді Рахым.

-        Айттым
ғой, - деймін оған.

-        Қолы
қатты екен. Құлағым әлі
қоңыраулап тұр, - дейді ол күліп.

         Heгe екені белгісіз, мен сол сәт бесеуіміздің
достығымыз туралы ойладым. - «Рахым азамат-ау. Бір сөз айтпады». Оны құшақтай алғым келеді. «Үндемегенің
қандай ақыл болды. Егізбайға ренжудің
керегі жоқ. Оныкі - жөн. Өзі де алтын
жігіт қой». Сонсоң үн-түнсіз жүмыс істеп жатқан
Қабыл мен Шекербекке қараймын - «дос көбейту, жолдас арттыру - студенттік
өмірдің ең қызық шақтары. Бұған
ешкімнің күмәні болмаса керек».

-        Жүрсеңші,
- дейді Рахым. - Егізбай тағы сабап жүрер.

-        Қазір
келіп салып жіберсе, не істер едің?

-        He
істеуші едім, бұрылып жүре берем.

          Күн бата шаруаның
бәрі бітті.

         Қораның іргесінен әрірек
барып, күндізгі ыстығы басылмаған кішкентай төбенің үстіне құлай-құлай кеттік. Аспан күмбезін
жұлдыздар иемдене бастапты. Айнала - тым-тырыс.

       Әбден шаршаппыз. Мұндайда
уақыт өте ме? Шаруа ығында жүргенде жеңілдеу еді. Енді еңсені басқан мылқау
тыныштықтан басқа түк қалмағаңдай. Бар тапқанымыз - жол жаққа кезек-кезек қараймыз.
Бір кезде алыстан бір болмашы гүріл талып естілгендей болды.

-        Келе жатыр! - Рахым орнынан
қарғып тұрып, әлгі гүріл шыққан жаққа қарай жүре берді.

-        Ау,
қайда барасың?

-        Келе
жатыр.

-        Күте
тұрмаймыз ба?

-        Жоқ.

         Аздан соң әлгі
гүрілден айрылып қалдық. Үнсіз келеміз. Әп-сәтте үйіріле қалған қараңғылық көзді байлап тастағандай. Жүрісіміз
өнер емес.

-        Жаяу
жете аламыз ба? - дейді Шекербек күбірлеп.

          Оған ешкім жауап
қатқан жоқ. Сәлден кейін алыстап бір
соқыр жарық көрінді.

-        Әне,
кілтші шал келе жатыр. - Рахым аяғын ентелей басады.

-        Күте
тұрсақ қайтеді? - арт жақтан
Шекербектің күбірі тағы естілді.

       Бір кезде жаңағы жарық
дөп алдымыздан шықты. Таяқ тастам жер
қалғанда, машина кілт тоқтады. Кабинадан секіріп
түскен кілтші шал жүгіріп келе жатыр.

-        Шырақтарым-ай,
барсыңдар ма? Сәскеде-ақ шыққанбыз. Орта жолға келгенде құрып қалғыр мына машина қыр-қыр етті де,
табандап тұрып алды.

 

         Шофер жігіт орта
қапшық бірдеңені ортамызға лақтырып жіберді. Лақтырып жіберді де, кері бұрылып жүре берді. Шал отыра қалып,
қаптың аузын шешіп жатыр.

-        Ата,
алдымен таңдай жібітетін су болса, - деді Рахым. Шал орнынан ұшып тұрды.

-        Қарақтарым-ай,
әбден шөлдеген шығарсыңдар. Қас қылғандай
күннің ыстық болғанын айтсайшы.

-        Қай
жерде еді, әкеле қояйын, -
деді Рахым шыдамсызданып.

-        Сендерден
де бетер қаталап, өлдім-талдым дегенде зорға
жеттік, - дейді шофер жігіт кабинадан басын қылтитып.

-        Heгe?

-        Шал
суды ұмытып кетіпті.

-        Қартайған
кісінің күні құрысын, - деп
шал жарықшақтанып қалды. Бар тапқаны - басынан қалпағын алып, құп-құрғақ маңдайын сүрте береді.

         Нан мен етке ешкім
беттеген жоқ. Әрі-сәрі тұрғанымызда
шофер жігіт қайта келді де:

-        Машинаға отырыңдар, - деді.
Соны күтіп тұрғандай-ақ, апыр-топыр әзір болдық. Шал кабинаның есігін тарс жауып,
біздің жанымызға келді.

         Машина зырғып кеп кетті. Шал
бұйығып, үнсіз отырған. Бір кезде қарғып тұрып, кабинаны сабалай бастады. Машина
кілт тоқтады.

-        He боп қалды? - шофер жігіт
есігін ашпастан айқай салды.

-        Қайда
тартып барасың?

-        Асанның
үйіне.

-        Онда
не бар?

-        Мыналарға
жылы-жұмсақ керек емес пе?

-        Немене,
саған бәрін әзірлеп отыр ма?

-        Ол
үйден қашан құр шығып едің?

-        Оттамай,
ауылға тарт!

         Алдан соққан желге
арқамызды тосып отырмыз. Машина зырғып келеді. Жалғыз шамның өлімсіреген жарығы
шофер жігітке күндізгідей сияқты. Ескі сүрлеулерді алақандағысындай тез табады.

         Алыстан ит үрді. Тағы
бір белес асып едік, от көрінді. Сол-ақ екен, машина киіз үйдің сыртына келіп, тоқтай қалды. Үйден
жүгіре шыққан кішкентай бала үн-түнсіз келіп, қолын кезек-кезек бізге ұсына
берді. Артынша аспалы шам ұстаған үй иесі келді. Қою мұртты, нән кісі екен.

-        Түнделетіп жүрген бұ кім
десем, өзіміздің ақсақал ма дейім.

-        Keп қалдық, шырақ?!

-        Жөн екен.

        Шекербек қолындағы қапты
анадай жерге тастай салып:

-        Ассалаумағалейкум! - деп
мұртты кісінің жанына жетіп барды.

-        Әлейкумассалам!

-        Студентпіз. Сіздің қораңызды
тап-тұйнақтай жөндеп келе жатқан бетіміз.

 

-        Жөн
екен, жөн екен, інішектер. Ал енді үйге кіріңдер.

-        Өзім
ертіп келдім, - деді шофер жігіт.

-        Жөн
екен. Ау, Ақтайлақ, қайдасың. Балаларды кіші үйге апарып жатқыз. Көрпе сал.

       Сау етіп үйге кіріп
келсек, басындағы жаулығы иығына түсіп кеткен толық әйел төрдегі ұйықтап жатқан екі баланы шеткерірек жайғастырмақ боп, асығыс әлектеніп жатыр екен.

-        Таң
атқаннан тынбай ойнайды да, күн бата бұлар сілелеп құлайды өстіп, - деп үй иесі желең
жамылған жадағайын жүктің үстіне
лақтырып жіберді. Сол екі ортада төрге көрпе салып болған әйел:

-        Өте
беріңіздер, - деді.

          Шофер жігіт керзі етігін
шешпестен қақ төрге барып, екі жастықты қолтығына қыса құлай кетті. Шал оның аяқ
жағын ала отырды. Шекербек те шофердің жанына жетіп қапты.

-        Қысылмаңдар, келгендерің жөн,
- деп үй иесі бізге қарады.

-        Мына балалар кешеден нәр
татқан жоқ, келіннің шайы дайын болса, әкеле берсін, - деді шал.

-        Мүмкін, қымыз бар шығар, -
деді Шекербек.

-        Ақтайлақ, әлгі бала қайда?

         Орта кесені шүпілдетіп әкелген
екен. Сіміріп алған соң, аш қарынға арақ ішкен кісідей басым айналып жүре
берді.

-        Уһ, жан-ай, - деп Шекербек
қос жастықты қолтықтап жата кетті.

         Шай келді. Шай
келгеннен кейін:

-        Ала
беріңдер, - деп үй иесі сыртқа шықпақ болып еді,
Шекербек аяқ астынан:

-        Әуре
болмаңыз, ағасы, - деп бөйек болды да қалды.

-        Мынау
неменеге қысылып отыр, - деп Рахым күбір етгі.

-        Ол
қысылып отырған жоқ, ағасының үйіне келгендей тез жайғасып алғанын айтқан да, -
деймін мен.

-        О
жағына Шекербек жүйрік-ақ қой.

         Отағасы қайта оралып,
іргеде тұрған қобдишадан
мүйіз сапты дәу пышақ алды.

-        Ағасы-ау,
жеті түнде несіне әурелендіңіз? - Шекербек өзімсіне сөйледі.

-        Жөн
е-еке-н, - деді үй иесі пышақты алақанына жанып-жанып
алып. - Әңгімелесіп отыра тұрыңдар.
Күн жаңа батты. Асығатын не бар.

-        Алматыдан
әдейілеп шақырса келе алмайтын қонақсыңдар. Бүгін жолдарың түскен екен. Дөп
келдіңдер. Меймансыз үйдің
мәнісі бола ма? - деп шай құйып отырған әйел бір жағынан бәйек боп, ауыз
аштырар емес.

-        Жеңгеміздің уәжге ұстасын-ай!
- деп Шекербек үйіріле түседі.

         Бір кезде алдындағы дәу
шайнекті шофер жігітке ысыра салып, жеңгей сыртқа шығып кеткен. Оңаша
қалған соң:

-        Қандай керемет кісілер! -
дейді Қабыл.

-        Кішігірім той жасамай
тынбайды бұлар, - деп шал да еңсесін көтергенін ескерткендей болды.

-        Шылқымайдың көкесін
көресіңдер әлі. - Шофер жігіт масаттанып отыр.

-        Осындай
адамдар болмаса, мына даланың сәні келе ме?
Даланың тірегі де, тынысы да - осы кең пейіл! - деп бір әңгімені бастап келе жатыр еді Қабыл, жеңгей кіріп келді.

-        Араларыңдағы
ең кіші қайнымды жұмсағалы тұрмын, - дейді ол. - Әлгі балалар ұйықтап қалып.

        Мен орнымнан тұра бердім. Рахым да ілесе шықты.

-        Анау
қораның іргесінде қонақтап отырған тауықтардың төрт-бесеуін ұстап әкеліңдер, ет піскенше қуырып берейін, - деді де ол нән қазанды
жерошаққа қарай көтеріп ала жөнелді.
Ауыз ашуға үлгермей қалдық.

          Рахымның тауық ұстауға ұстасын-ай!

        Жеңгей қазан жуып
жатыр екен, Рахымның қолындағы жалғыз тауықты көріп:

-        Мүның
еті тістеріңнің арасын да толтыра алмайды, - деді де, үйдің іргесінде жатқан қапты алып, алдымызға түсіп жүре берді.

-        Тез
әкеле қояйық.

         Рахым аяғының ұшымен
басып барып, тағы бір тауық ұстады.

-        Біреу-ақ
па? - дейді жеңгей.

-        Әуреленбеңізші.
Жетеді ғой, - деймін мен. Оған көнетін
жеңгей жоқ.

-        Бас-басыңа
біреуден қуырып беремін.

         Рахым үшінші тауықты
әкелгенде, жеңгей пышақ, табағын әзірлеп те үлгерген еді.

-        Ал,
бара беріңдер, рақмет, - деді де, қапты қолтығына қысқан бойы кіші үйіне кіріп
кетті. Сол мезет:

-        Мына
қойдың басын тездетіп үйітіп жібер, - деген отағасының
дауысы шықты.

         Үйге кірсек,
дастарқанның бір шетінде Егізбай әлі шай ішіп
отыр екен. Қабыл мен Шекербек күбір-күбір әңгіме қызығына түскен. Шофер жігіт ұйықтап жатыр.

-        Жаздың
кешінде киіз үйден рақат жер жоқ шығар, - деп
Қабыл тамсанып қояды.

-        Осында
келгелі бері елден ерекше сөйлеп отырсың. Шабыт қыса бастады білем, кәне, өлеңді төгіп кеп жіберші, - деп оның
бір кезде өлең жазбақ боп әжептәуір әуреленгенін есіне салдым.

-        Әзіл өз алдына, - дейді
Қабыл. - Үй иелеріне соншалық риза болып, қатты толқып отырмын. Біздің даланың
адамдары-ай, айналайындар-ай, араларына келсең болды, лезде биіктеп кетесің.

         Ақтайлақ жеңгей алдымызға
жаңа дастарқан жайды да, дем арасында дәу ақ табаққа қуырған тауық етін үйіп салып
әкелді. Шайды да қайта демдепті.

-        Бұл үйдің ыдыстарының бәрі
үлкен екен, - дейді Рахым сыбырлап.

-        Сенің еңбегің көп сіңді,
мықтап бір кірісші, - деймін Рахымға. Ол күндізгі қылығынан ұялғанынан үндей алмады.

        Үй иесі мен кілтші шал қатар
кірді.

-        Қане, бері жақындаңдар.
Біздің келін тамаққа ұста ғой. Былтырғы тойдағы қуырдағын жұрт әліге дейін
айтады, - деп шал дастарқанды тұздықтап жатыр.

        Үй иесі қол жетер жердегі
жүкаяқтың астынан бір жәшікті сүйрете алып шықты.

-        Інішектерге ас тартар болсын,
- деді ол ақталғандай. - Аздап ішетін шығар.

-        Өздері біледі-дағы, - деді кілтші
шал. - Осы күні кей кішкентайларға дейін ішетін бопты ғой.

         Тамақ артынан келген ащы
шайды сүтсіз қотарып жатырмыз. Жеңгейдің жүзі бал-бұл жанады. Мұрнының ұшына
шып-шып тер шыққан.

           Бір мезгілде үй иесі
жеңгейді тізеден түртіп қалды.

-        Әй, анау қайда?

-        Нені айтып отырсың?

-        Әлгі шампандарың қайда?
Әкелсейші, балалар сусындасын да.

-        Ағай,
керегі жоқ. Жетеді осы.

-        Әкел,
әкел. Жатарда іштерін мұздатсын.
Жақсы ұйықтайды. 

          Жеңгей орнынан тұрды.

-        Ұмытып кетіппін. Кісінің өзі
ішпейтін болған соң бұл құрғырдың қадіріне жете бермейді екен.

         Жеңгеміз екі-үш ақ сәлделі
бөтелкені үй иесінің алдына коя салып, жаңағы шай ішкен кеселерді асығыс жуып
жатыр. Саусақтарындағы әдемі жүзіктері кесеге сырт-сырт тиеді. Ырза көңіл керемет
құрақ ұшатын тәрізді.

         Түннің бір уағы болған.
Балбырап піскен қой еті де келді. Алдымызға бас та тартылды. Ешкім
қалғып-мүлгіген жоқ. Сергек отырмыз.
Манағы бір әзірде ұйқысын қандырып
алған шофер жігіт тіптен сөзшең болып кетті.

-        Ауыл
деген міне, осындай. Қай үйге барсаң да - құтты қонақсың.

-        Біздің
Ересентау жақта болып па едің? - дейді шампанды сіміріп алған Егізбай. - Жұмақтан бір де кем емес!

         Жатар уақыт
жақындағанда, есік алдына шықтық.

-        Қазір
бәрібір ұйқы келмес. Біраз
бой жазып қайтсақ қайтеді, - деді
Қабыл.

-        Мұндайда Ересентаудың биігіне
өрмелегенді айтсайшы, - дейді Егізбай.

-        Тамақ
ішкен сайын тауға жүгіре берсең нең қалады? - дейді кілтші шал жақтырмаған
пішінмен.

-        Осынша
жасқа келгенімен ұйқышыл өзі,
- дейді шофер жігіт сыбырлап. -
Қарашы, қазір-ақ жата кеткісі кеп тұр.

          Кілтші шалдың әлгі
сөзін іште дастарқанды жинап жатқан
жеңгей де естіп қойған екен.

-        Мына
екі теңді шешіп берші. Төсек салып қояйын. Қайнаға
шаршаған ғой, жата берсін, - деді.

         Отағасы үйге кірді.

-        Жаңа
көрпенің үстінде шәниіп жататын болдың, - дедім
Шекербекке.

 

-        Шәйі
көрпені көрмей жүр дейсің бе? Сендер сияқты
жалаңаяқтарға жұмақ шығар ол.
Өзіміз үлде мен бүлденің үстінде
өстік, - Шекербекке дауа жоқ, дем арасында құдалыққа келген адамдай буынына нан пісіп тұр.

          Отағасыны ертіп
алып, үй сыртындағы төбешікке қарай келе
жатырмыз.

-        Ағай,
биыл бұл жақта қыс қатты
болған-ау, - деді Рахым елпектеп.

-        Несін
айтасың, шөп тапшы боп, талай азапты тартты ғой бұлар, - деп кілтші шал қосыла кетті.

-        Қораның
төбесіндегі аңырайған ашық жерлерді көрдіңдер
ме, - деді отағасы.

-        Оның
бәрін қалыпқа салғандай қатырдық қой.

-        Қақаған
суықта шөп таусылып, қойдың бәрі
құлауға жақын қалғанда осы
Ақтайлақ екеуіміздің қораның төбесін
ойдым-ойдым аршып, шіріген сабанды әжетке жаратқан күніміз болған. - Отағасы ауыр
күрсінді. - Оның бәрі өтті ғой.
Әлі-ақ ұмытылады.

           Рахым тіл қатқан жоқ.

         Ертеңінде ерте тұрып, шайға қанып алған соң жолға шықтық. Отарды өргізіп қыр басында тұрған отағасына қарап: «Рақмет, ағасы, сендердің алдарыңда
жүргенде кей қателігіміздің өзі қуаныш
емес пе? Ер жеткенде өздеріңдей аға болсақ, не арман бар», - деп күбірлей
беріппін. Енді бір айналып, үй жаққа
көз салсам, Ақтайлақ жеңгей жерошаққа маздата от жағып жатыр екен.т