ВЕРНУТЬСЯ

       Керімбек!

        Амансың ба? Мен де
міне, есендігімді білдіріп хат жазып отырмын. Бізде айтарлықтай жаңалық жоқ. Сол баяғы 217-ші разъезде жүріп жатырмын.

        Әнебір кездері алдағы
оқу жылынан бастап мектебіміз он жылдық
болар деп үміттенетінбіз. Бірақ оның ыңғайы келмейтін сияқты. Көрші совхозда жаңа бір ферма құрылып, жанымыздағы ауылдың жартысы көшіп
кетті. Енді сол сегіз жылдық
күйінде қалатын шығар.

         Өткен хатыңда «калай,
үйрендің бе?» депсің. Үйренгенде қандай!
Енді бұл ауылдан көше қоюым
қиын-ау. Өйткені үйме-үй араласуымыз ағайындылардан да артық. Осында
қоныстанғалы бері кешкісін Нәзира
екеуіміз де «біреулер келсе екен, әйтпесе,
бір үйге барсақ-шы» деп елеңдеп отыратын болдық. Осы күні қалада кейде есікпе-есік отырған екі үй бір-бірімен
ернінің ұшымен ғана араласады емес пе? Соған қалай шыдайтындарыңды білмеймін.
Бізде бір үйге қонақ келсе, ауылды түгел аралап болмайынша жібермейміз. Жол
түсіп осы жаққа қарай шыға қалсаң, біз жақта апталап жататын боп кел. Мұның
бәрі саған айтарлықтай жаңалық болмас та. «Қалай, үйрендің бе?» дегеніңе қарай
айтып жатқаным ғой.

        Әлгі ұзақты кеш әңгіме
тыңдауға, музыкаға әуестігім бұл ауылға келген соң тіптен дамыл таптырмайтын
болды. Өйткені «әу» дегенің арғы шетке анық жететін осы разъезде екінің бірі - домбырашы.
Әсіресе, бізбен көрші ағайынды үш жігітті айтсаңшы. Шетінен әнші,
композитор, күйші. Олардың өнерін хатпен жеткізу
қиын. Тыңдау керек. Іргеге арқаңды сүйеп, аяқты созып жіберіп отырсаң... Қандай
рақат!

        Менің ойымша ауыл-ауылдағы
әңгімешіл, әнші, күйші кісілердің өнерін жұртшылыққа таныстырып отыратын алдымен
телевизия болуға керек. Бұ жағынан көршілес Қырғызстандағы ағайындар қыруар
шаруа тындырып жатыр - жер-жердегі жыршылар әр үйдің төрінде отырғандай
көгілдір эк-

раннан шырқай жөнелгенде шын-ақ
риза боласың.

         Шіркін-ай, Алматыдағы
өзің секілді жігіттер қолға алса, қиын іс
емес қой ол. Менің қолымнан
келгені - магаитофон сатып алдым. Жақын арадан пленка табылмай, қысқы каникул
кезіңде Москваға барып, бір чемодан қып әкелдім. Енді шетінен жазып алып
жатырмын. 217-ші разъездегі қолыма түсетін ең үлкен қазына да сол болмақшы.

          Осыған орай ойларымды
«Лениншіл жас» газетіне жазып жіберсем қайтеді. Жарыққа шықса, көмегі тиеді
ғой. Басқа не айтайын. Нәзира сол бұрынғысынша, сатушы. Баяғы өзім айта беретін
інішектердің бәрі аудан орталығында оқып жүр.

          Егізбай мен Қабылдан хат
алып тұрам. Шекербек көптен үнсіз. Қайда барады дейсің, жазатын шығар.

 

          Осымен болдым.
Үй-ішіңе сәлем айт. Ал, сау бол!

                                                                
Рахым.

 

       Біздің факультеттің
студенттері университетгі
бітірер алдындағы мұғалімдікке машықтану кезегін жыл сайын Алматыдан алпыс
шақырым жерде, «Өркен» деген үлкен ауылда өткізеді
екен. Бір күндері со кезек бізге де жақындап қалған соң, өзімізше әзірленіп жүргенбіз. «Мектебі де ересен, еш қиналмайсыңдар» деп қоятын ол ауылға талай
барған оқытушыларымыз. Бірақ «ертең жолға шығамыз» деп отырғанда аяқ астынан бәрі өзгеріп кетті. О жаққа математиктер
баратын болыпты да, бізге беріректегі бір кішкентай ауылдың мектебін еншілепті. Алғашында «Өркенге»
өзіміз барайық деп әркімдерге айтып көріп едік, ешкім құлақ аспады.

           Енді не сөз бар,
жүріп кеттік.

          Айтқандай-ақ,
кіп-кішкентай ауыл екен. Мектебі де өзіміз
күткендей жатаған үй болып шықты. Бірақ айналасы, ауласы тап-тұйнақтай таза, жинақы көрінген. Жатақхананың
жүз жетінші бөлмесіндегі бесеуіміз - Қабыл, Рахым,
Егізбай, Шекербек және мен - мұңда
да топ жазбастан бір пәтерге жайғастық.

             Мектеппен алғашқы
таныстығымыз - оқу ісінің меңгерушісімен
әңгімелесуден басталды. О кісі әп дегеннен-ақ:

-        Әсте,
қысылмандар, ашық-жарқын отырып сөйлесейік. Баяғыда біз де студент болғанбыз. Білеміз
ғой бәрін, - деп жақын тартып кетті.
Сонсоң өзін «Тұрап Бәйтеміров» деп таныстырды. Мектеп директоры көптен науқас екен.

Сөз арасында «бар шаруа менің
иығыма түсіп, мойын бұруға
шама келмей жүр» деп ол күрсініп те алған. Өзі майда-қоңыр сөйлейді екен.
Арғы-бергіш байыппен қозғап, ет пісірім уақыт
сыр айтты. Әйтеуір,
білетінінің бәрін іріккен
жоқ.

       Сол әңгіме үстінде Тұрап ағайға әлсін-әлсін сұрақ қойып,
ерекше елпілдеген Рахым болды.

-        Сіздің
әдебиетші екеніңізді бірден
аңғарғам, - деп те қалған ол бір
сәттерде. Сол-ақ екен, арт жақта отырған Шекербек оған жалт қарады:

-        Өй,
мынау не дейді-ей?

-        Е,
несі бар. Ертелі-кеш ерінбей әңгімелесетін тағы бір адам тапқанына қуанып отыр да, - деп Егізбай сыбырлап жатыр.

        Алғашқы әңгімеде-ақ Тұрап ағай біздің көңілдегіміздің бәрін дөп тапқандай еді. Жүріс-тұрысы да жібектей еседі. Киімінде де қылау жоқ. Сопақтау келген
бозғылт жүзіне қоңқақ мұрны мен қалың қара қасы әдемі жарасады
екен. Иегінің ұшы шошақтау
болғанмен аузы үлкен. Екеуі ауыс-түйіс сияқты. Сиректеу шашын жалға бөліп,
сәнмен жыққан. Үзбей майлап тұратын сықылды. Мойнын бұрған кездері жалт-жалт
етеді.

-        Бәріңе де өзім бас-көз болам,
қиналатын түк те жоқ, - деп келмей жатып жарылқап тастаған соң жол бойы
қобалжыған көңіліміз орнына түскендей болды. Еркін-еркін сөйлеп, әжептәуір
көтеріліп қалдық.

 

-        Біздің мектепте тәртіп
темірдей, көресіңдер ғой, - деп Тұрап ағай бізді тағы да бір орап өткен. -
Осында келген күннен-ақ қолға алғанмын.

-        Мектепте ең бастысы - тәртіп
қой. Ар жағын жәукемдеп кету - кімнің болса да қолынан келеді, - деп Шекербек
те әңгімеге араласып кетті. Әлгінде Тұрап ағайдың сөзіне Рахымның елден ерек
елпілдегенін жақтырмай отырған. Енді жылжи-жылжи алдыңғы қатарға келіп қапты.
Бірақ Тұрап ағай оның көстеңдегенін құп алған жоқ. Қайта елемегендей, тіптен
әдейі елемейтіндей қалып танытқан.

          Жайғасып алған соң оныншы
кластарға әдебиет пәнінен машықтану сабақтарын жүргізетін болдық. Біреуге ықыласы
ауса, басқаның бәрін тез ұмытатын - Рахымның әуелден әдеті. Ол келе-келе Тұрап
ағайға тіптен үйірсек болып кетті. Мезгілді-мезгілсіз оның үйіне барғыштап
жүреді. Ол кісі де Рахымға елден-ерек елпілдеп тұратын болған-тын.

           Ауыл сыртындағы сайдың
табанына Тұрап ағай картоп отырғызбақшы екен. Бір күні кешке қарай Рахым екеуіміз
көмекке барғанбыз. Ол шаруаға үшеуіміздің қолымыз да ұсынықты боп шықты. Көз
байланғанша бәрін бітіріп тастадық. Қайтып келе жатып әрлі-берлі әңгімеге
ойысқанбыз. Сондағы Тұрап ағайдың бір айтқаны:

-        Университетті
бітірген соң, біздің мектепке кел. Сендей жастар керек-ақ.

         Бұл сөздің Рахымға
бағышталғанын бірден аңғардым. Ол да қарыздар қалған жоқ:

-        Қуана-қуана
келем ғой, - деген. Co сәт Тұрап
ағайдың тағы бір айтқаны:

-        Мектептің
директоры науқасынан бұрын іс білмейтін, иі жұмсақ адам екен. Көп тұрмас. Сосынғысы өзімізге қалар.

-        О-о!
Сіз директор болсаңыз... - деп Рахым бір жымиып қойған.

-        Әлі
уақыт көп. Ақылдасамыз ғой, - деді ол үйіне бұрылып бара жатып.

-        Өзі
бір оңды кісі, - дейді Рахым оңаша шыққан соң.
- Менің ойымша мұғалім деген
осыңдай болса керек.

          Сол күні Шекербек
пен Рахым әжептәуір сөзге келіп, ренжісіп
қалды. Бәрі де Тұрап ағай
туралы әңгімеден шыққан.

           Шайға қанып алған
соң Егізбай ертеңгі сабақ
жайын айта кеп:

-        Біздің
Рахымның әзірлігі ересен, - деп еді, Шекербек аяқ астынан шамданып шыға келді.

-        Сенің
неге жарамсақтанып жүргеніңді білем, - деді ол
Рахымға. - Ішкі есебің мықты екен. Сойған түлкідей ыржалақтағаннан басқаны білмейтін шығар деуші едім.

-        Сен
не деп отырсың? - Рахым жайбарақат күледі.

-        Өйтіп,
көлгірсімей-ақ қой. Қаланың түбіндегі мектепте қалмақсың, ә? Соған бола ана
Бәйтеміровтың отымен кіріп, күлімен шығуға да әзірсің. Завучтің де есебі күшті - оған да жарамсақтануды мақтан тұтатын біреулер

керек. Оны мен келген күні-ақ
байқағам...

 

-        Әй,
бір итсің-ау, - деді Рахым. - Бәрін де өзіңнің ойыңмен өлшейсің. Тұрап
ағай - керемет адам. Сен оның тырнағына
да тұрмайсың.

-        Кереметі
- сеңдерді картоп отырғызуға шақырғаны
ма?

-        Саған
дауа жоқ екен.

-        Бізден
бөлініп, завучтің үйіне неменеге барғыштай бересің?
Соны айтшы?

-        Әй,
айналайын! Сенің адам сияқты сөз тыңдаған күнің
бар ма? Сәл болса, білгішсініп шыға келесің. Ал менің әңгімешіл кісілерге үйірсек екеніме дауың жоқ шығар.

-        Мейлі,
қалаға жақын жерге орналасқың келген екен. Бірақ жұрттың көзінше жарамсақтанғаныңды жаным жек көреді.

-        Сен өзің... - деді Рахым
сыздана. - Неменеге бүлініп отырсың?

-        Дос адам өстіп, жылатып
отырып айтады, - деді Шекербек.

-        Саған бәрібір. Сен еш уақытта
мұғалім болмайсың. Болмайсың емес-ау, бола алмайсың. Қолыңнан келмейді. Енді
келіп неменеге күпінесің? Неменеге кісімсінесің? Көш ортасында осылай жүре
берем деп ойлайсың-ау, ә? Бір күні тақыр жерге топ ете түскеніңді білмей
қаларсың.

-        Университетті бітіріп
алайыншы. Дипломды қалтаға салған соң, Шекербек бәрін де өзі біледі.
Бүге-шігесіне дейін біледі. Оған иненің жасуындай да күмәнің болмасын. Менің
ертеңгі күнімді ойлап басыңды ауыртып қайтесің.

-        Мектепте он жыл оқыдың. Мұнда
міне, төрт жыл сенделіп жүрсің. Әттеген-ай, мұғалім деген сөздің байыбына жете
алмай-ақ кетесің-ау. Әй, өмір деген де қызық!

           Ерегіскен екеуіне
қарағанда былайғы отырған біз қатты ойланып қалғандаймыз. «Осы күнге дейін
балалық деген үлкен базарға барғыш-ақ едік. Енді байқап қарасақ, ертең ұстаз
ретінде басқаларға білгенімізді үйреткелі отыр екенбіз. Иә, ертең.
Ендеше, Рахымның жаңағы сөзін ерсі көруге
хақымыз жоқ. Оны «аяқ астынан неғып есейіп кеттің»
деп жазғыруға тағы хақымыз жоқ. Өйткені осындай бір күннің хабарсыз-ақ жетіп
келетінін бәріміз де білетінбіз. Рас,
ол күн біреуге ерте, біреуге кеш келуі де мүмкін...».
Ойым әр саққа бір жүгіреді: «Завучпен көп сөйлесесің»
деп Рахымға соқтыққаны несі екен Шекербектің. Оның осынысы «мен неге шеттеп
қалам» дейтін пендешілік пиғыл
болмаса неғылсын?». Co мезет тағы бір ой
caп ете қалады: - «Рахым да қызба-ау,
Шекербекті «мұғалім бола алмайсың» деп жата қап жазғырғаны несі екен?..».

          Шам әлдеқашан өшкен. Көзім
ілініп барады екен, Рахымның кереуеті сықыр-сықыр ете қалды. Артынша-ақ:

-        Ұйықтап қалған жоқсың ба? - деді
ол.

-        Імм...

-        Аз
ба, көп пе, әйтеуір адамның бойында мүғалімдік қасиет болуға керек. Өйтпейінше, мүмкін емес, - деді Рахым.

-        Солай
шығар, - дей салдым ұйқысырап
жатып.

-        Есіңде
болсын, солай шығар емес, дәл солай!

-        Иә,
иә...

 

           Таңертең көзімді
ашсам, Рахым мұп-мұздай киініп алыпты. Бірдеңелерді асығыс жазып отыр.

-        Қалай,
мықтысың ба? - деймін.

-        Қазір
көресің ғой, қырық бес минуттың қалай біткенін
де сезбей қаларсың.

          Оған таңдана қарап
қалыппын. «Өз-өзіне сонша сенімді».
Менің осы ойымды дәл тапқандай ол:

-        Сабақты
қалай жүргізуді бүгін менен мықтап үйренесіңдер.
Осы күнді он жыл күткем, - деді.

-        Кім
білген, шынымен-ақ мықты шығарсың? - деп күлдім.

-        Түнімен
ойланып-ойланып, осы сабағымды Тұрап ағайдың айтқанынан сәл өзгешелеу өткізуге
бел буып отырмын, - деді ол тағы да.
«Сөл өзгешелеудің» сырын сұрауға үлгермедім. Рахым «келе
берерсіңдер» деп шығып кетті.

          Бір күні кешкілік
есік алдында мәжірежай әңгімелесіп отырғанбыз.
Күтпеген жерде екі өкпесін қолына алып, Рахым
жетіп келді. Келді де:

-        Тез
киін, - деді маған асығыстап. Ештеңеге қарайлайтын емес. Түкке түсінбесем де:

-        Киінейін,
- деп бөлмеге беттей бергенімде, Егізбай:

-        Біз
ше? Бізді ертпейсің бе, немене? - деді қатты дауыстап.

-        Әзірге
екеуімізді ғана шақырды.

-        Кім
ол өзі?

-        Қайтып
келген соң. Бәрін де қайтып
келген соң айтам.

           Біз көшеге шыққанда
айнала қараңғы тартып, жұрт орынға отырар кез жақындаған-тұғын. Әлгіде ғана ауылдың бір қора
сиырын айдап өткенде көтерілген шаң басыла қоймапты. Жан-жағымыз - боз тұман. Ойынға алданып қалған
кішкентай немерелерін іздеп шыққан үш кемпір
өзара әңгіме қызығына түсіп кеткенге ұқсайды. Анадай
жерде үш-төрт бала оларға қарап-қарап қойып, зырқырата доп қуып жүр.
Қолтықтасқан қыз бен жігіт клубты бетке алып, тартып барады. Екеуінің күлкісі тымық
кешті үркітіп жіберердей.

            Үйден ұзаңқырап шыққан
соң:

-        Ал енді жөніңді айтшы, -
деймін Рахымға.

-        Тұрап ағайдың үйіне барамыз.

-        Осы жеті түнде ме?

-        Е,
несі бар?..

-        Ұят емес пе?

-        Өзі
шақырып отыр.

-        Шын
ба?

-        «Қызық
хат оқимыз» дейді.

-        О
не хат?

-        Кім
білсін. Көргемін жоқ. Бірақ Тұрап
ағайдың айтқаны - «ол оңайлықпен қолға түсе бермейтін хаттар».

          Рахым сырт қораның
шынжырлы есігін еппен ашып, ішке
қарай өтіп кетті. Сонау төрдегі әшекейлі көк үйге дейін қылдырықтай тас жол жетелейді екен. Екі жағы - жеміс ағаштары. Жарыса гүлдеп, жарыса бой
таластырып

тұр. Алдымыздан кереметтей жұмсақ иіс аңқиды.

-        Байқадың
ба? - дейді Рахым сыбырлап. - Бұ
кісінің мектептегі тақуалығы үйінде
де ұмытылмайды. Осы қораны
өзі күніне бір сыпырып шығады. Қарашы, қандай рахат!

      Тұрап ағай бізді кіре берістегі әйнектелген
ауызғы бөлменің табалдырығынан қарсы
алды. Көрген бетте:

-        Келіп
қалдыңдар ма? - деді де, әрі қарай жедел бастап
кетті. Әйнектелген ауызғы бөлмеден өткен соң екі жаққа екі есік кетеді екен де, қарсыдан қайқайып бір есік шығады екен. Біз сол қарсыға бардық. Әрі-бері отырғанда отағасынан бөгде
үй ішінің адамдары көрінген жоқ. Онан бергі кезде де дастарқанды өзі жайды.
Шайды да өзі құйып берді. Кейін дастарқанды да өзі жиып әкетті. Рахым көмектеспекші
болып, әлденеше оқталып еді, оған ағайымыз ыңғай бермеген.

            Шай ішіліп болғалы да
біраз уақыт өткен сияқты. Ол асығатын емес. Әрлі-берлі босбелбеу бір әңгімелер
айтып, тауыса алмай отыр. Әбден шыдамы таусылған Рахым:

-        Ағай, әлгі хат... - деп
жақауратқан болды.

-        Е, сол бар екен ғой, - деді
де, ол орнынан тұрып, үйде киетін жұмсақ жадағайын жамылып алды. Сонсоң бір
жөткірініп жіберіп, терезеден сыртқа көз салды. Әлден уақыттан кейін бұрыштағы
нән столдың тартпасын екі

кілтпен зорға ашып, бір бума
қағаз алды. Алды да, үнсіз келіп
диванға отырды. Аяғымыздың ұшымен басып, біз де оның жанына жайғасқан болдық.

-        Бұл өзі бір кызық хикая екен, - деді
ол күтпеген жерден кеңкілдей күліп. -
Алдымен сендерге оқиын. Ар жағын көре
жатамыз-дағы.

-        Әлгі
хаттар ғой, - дедім шыдай алмай.

-        Иә,
сол...

          Ол бума қағазды
жазып жіберіп, ішінен бір будасын суырып
алды. Сонсоң оны әрлі-берлі аударыстырып, тағы аз-кем отырып қалды. Әлсін-әлсін басын шайқап қояды. Әлсін-әлсін мырс ете қалады.

-        Иә,
- деді әудемнен соң ол. - Бастаймыз ба?..

* * *

 

       «...Ағай, салеметсіз
бе? Осы хатты аяғына дейін тыжырынбай оқып шығуыңызды көптен-көп өтінемін. Оқи
қалсаңыз, қыз басыммен осыншалық
халге жеткеніме жатып таңданарсыз да.
Іштей ренжуіңіз де ықтимал. Ұрсуыңыз
да мүмкін-ау. Ұрсарсыз да...
Бірақ басқадай амалым
болмады. Кешіріңіз...

        Бәрін де басынан
бастайыншы. Есіңізде ме, әу
бастағы біздің класқа келген күніңіз.
Heгe екені белгісіз, сізді
көргеннен-ақ орнымыздан селқос тұрып, «отырыңыздар» деген сөзіңізді
күтпестен-ақ партаның қақпағын сарт-сарт жапқанбыз.

 

Сол күні абажадай дәу тақтаға
алгебра есептерін сыйғыза алмай
әлденеше жазып, әлденеше өшіріп, әбден әуреге түскеніңіз есіңізде болар, әлде ұмыттыңыз ба? Өзіңізше тәптіштеп-ақ
айтқандарыңызды ә дегеннен ұғынып кетпеген бізге іштей көп кіжінгенсіз. Кей
сәттердегі қолыңыздың қалтырағанын да қалт жібермегенімді қазір несіне
жасырайын...

          Сабақ біткен кезде
үсті-басыңыз борға боялып, бізге тесіле бір
қарап, ашулы күйде шығып кеткенсіз. Сол сәтті асыға күтіп отырған біз ал кеп күлейік, ал кеп
күлейік:

-        Бұл мектепке қайбір жөні түзу
мүғалім келуші еді...

-        Шашына
қарадыңдар ма, ескі тулақтың жүніндей сеп-селдір екен.

-        Бірінші
күннен шыж-быж болған мұғалім
көпке шыдай алмас...

-        Қолы
қалтырайды екен, ішкіш біреу шығар. Үстіндегі киіміне өмірі өтек тимеген болу керек.

-        Сөйтіп
жүріп ашуланғанын айтсайшы.

- Мықты математик дегені осы
болса... Жетіскен екенбіз.

         Бірақ, неге екені
белгісіз, сол күні үйге көңілсіз оралдым. Бір шым-шым өкініштен арыла алмайтын сияқтымын. Қайда барсам да
соңымнан қалмайды.

         Екінші күні сіз класқа
келгенде арт жақта отыратын екі-үш бала орындарынан да тұрған жоқ. Оны
байқадыңыз ба, әлде байқамаған боларсыз.

Класс журналын ашпастан төмен қараған күйіңіз болар-болмас мырс ете
қалғаныңызды мен-ақ аңғарғандаймын. Мүмкін, со сәт өткен сабақта үйге тапсырма
беруді ұмытып кеткеніңіз есіңізге түскен шығар. Орныңыздан жедел
көтеріліп, тақта алдына жетіп бардыңыз. Сосын есепті қаптаттыңыз-ай кеп. Бірақ оның бәрін біз тағы тез ұға алмадық. Қиын емес сияқты. Тек, сізді менсінбейміз бе, әлде ерінеміз бе, о
жағын айыра алмаймын - әйтеуір,
айтқандарыңыз көңілге қонбайды. Бір қызығы - бүл орай кіжінген жоқсыз. Абажадай қара тақтаның алдында
бізге таңырқай қарап, ұзақ тұрып қалдыңыз.  

            Аздан соң орныңызға
келіп, сылқ түстіңіз. Күліп жібердік. Бірақ сіз басыңызды да көтерместен үнсіз отыра
бердіңіз. Арада қанша уақыт өткенін
кім білсін, бір кезде ұшып тұрып терезе алдына бардыңыз. Тағы күліп жіберіппіз.

            Сіз сол қырын қарап тұрған
күйіңізде тосын бір әңгіме бастап кеттіңіз. Сабақ жайына қалды. Бейнебір
сырмінез жолдастарыңыздың ортасында тұрғандай-ақ көсілдіңіз-ай кеп. Әңгімені әдемілеп, нәшінмен айтады екенсіз.

           Алғашқыда бәріміз де
таңырқап қалдық. Таңырқамағанда ше, кеше ғана келген мұғалім бізге өзінің
басынан кешкен бір тосын хикаясын бүге-шігесіне дейін айтып тұрса. Тағы ол
әңгіме кісі нанғысыз қызық болса...

           Біраздан кейін
күлгеніміз-ай. Әсіресе, мен. Өз-өзімді тоқтата алсамшы.

Бұл күлкі күндегі ыржақтан бөлектеу еді. Оны сіз де дөп сезген сияқтысыз. Co сәт маған қарадыңыз. Әсте ол мезеттері елден ерек күліп отырған болуым керек.
Солай шығар, е? Әйтпесе, басқалай себеп жоқ сияқты.

         Кейінірек тақта
алдына қайта келдіңіз де, ештеңеге мойын бұрмастан есепті тағы да
қаптаттыңыз-ай кеп. Несін жасырам, бұ жолы оның бәрі бізге қиын
көрінбеген. Ол ол ма, тақтадағы шытырман есеп - әлгі әңгіменің жалғасындай әсер
еткені қызық болды. Ықылас дегеннің өзі ойда жоқ жерде келе қалады екен...

           Сол сабақ үстінде
мені бір қуаныш биледі дейсіз. Өз-өзімнен құрақ ұшып, тыным таба алсамшы. Бір кездері
тіптен сыртқа атып шығып, жүгіре
жөнелгім келеді...

         Қоңырау соғылысымен
сіз кластан асығыс шығып кеттіңіз. Біз ә дегенде-ақ өре түрегеліп есікке жүгіргеніміз жоқ. Ешкім бұрынғыдай
сықылықтап күлген де жоқ. Тек әр бұрыштан күбір-күбір әңгіме көбейіп кетті.

-        Өзі бір қызық кісі екен...

-        Есепті қалай шығарады. Ағып
тұр ғой.

-        Иә, о жағына мықты көрінді.

-        Қайдам,
мүғалімдік білгірлігін бізден сабақ сұрағанда ғана білеміз.
Әйтпесе, үйден жаттап келгенін судыратып шығуға әркім-ақ шебер. Оған несіне өзеурей қалдыңдар.

-        Көрерміз
әлі...

         Сол күннен соң сіздің
келесі сабағыңызға бас алмай отырып дайыңдалғандар көп еді. Өкініш болғанда, бұл жолы тіптен тұнжырап келдіңіз. Жарытып ешкімнен ештеңе сұраған да жоқсыз. Жақсы жауап бергендердің
өзін жөндем
тыңдамағаныңыз-ай. Сабақ соңына қарай бірдеңелерді айтқан болып, тақтаға есеп біткеннің бәрін тықпалай бердіңіз.
Алғашқыда ойыңызды ұқпақ болып, ықыластандық. Бірақ одан түк шықпады. Сонсоң-ақ өзіңізбен
өзіңіз болып, тақта алдында қала бердіңіз. Біз де өзімізбен өзіміз болып қала бердік.

          Сондағы
қысылғаным-ай. Тұла бойым бір
ысып, бір суиды. Сізді аяйтын
сияқтымын. Мен өзім - сондаймын.
Аяғышпын. Біреуді аясам-ақ кірпігіме
жас үйіріле кетеді. Енді өз-өзімді тоқтата алсамшы. Co жерде
біреу «саған не болған» десе ғой, еңіреп қоя
беруім оп-оңай.

          Кей сәт қатты
булығып, сізді мазақтайтын қыздармен жата қап
ұрысқым келеді. Салғыласа алмайтынымды білемін.
Мен өзім - сондаймын. Қанша
ашуланғаныммен де ешкімге дауыс көтеріп,
ұрса алмаймын. Іштей тынам да
қоям.

         Келесі келгеніңізде
ашық күлгендер де болды. Әсіресе, қыздар жағы. Қыздар деген қазір кызық болып
барады емес пе? Маған жақын
отыратын екі-үш қыз сабақ аяғына дейін сізді аңдумен болды. Өздері бір түйір ұялмайды.
Қарайды да күледі, қарайды да күледі. Сондағы ашуланғаным-ай.
Бірақ сіз оның бәрін елеген жоқсыз.
Ешкімге жөндеп қараған да жоқсыз. Бар

тапқаныңыз - бір қиын есептерді
абажадай тақтаға жаза бердіңіз, жаза
бердіңіз. Мен оның түгіне түсінбесем де, асығыс көшіре беріппін,
көшіре беріппін.

       Қоңырау соғылды.
Абдырап қалған сіз қолыңыздағы тақта сүртетін
шүберекпен тершіген маңдайыңызды бір сипап өттіңіз де, асығыс шығып кеттіңіз. Мен де ілесе шықтым. Кейбіреулердің шаншу сөзін естігім келмеді. Бір түрлі сізді аяп жүрмін. «Бүйтіп күлкі болғанша, кетсе
екен» деймін.

         Келе-келе сіз бұрынғыдан да жүнжіп, азып кеттіңіз.
Көзіңіз күн санап әрідегі тереңге бойлап
бара жатты... Маңдайыңыздағы арса-арса әжімдер ылғи тарыға жиырылып тұратын. Көйлегіңіздің жағасы болса да - мыж-мыж. Бірде бар қалтаңызды
қайта-қайта ақтарып, бір жапырақ орамалша таппай қиналғаныңызда бетімді басып отырып қалғанмын.

        Әсте, сіз айнаға
қарамайтын болуыңыз керек. Әйтпесе, өз-өзіңізден бір шошынар едіңіз.

           Әбден амалым
таусылған соң, бертін келе «бүгін сабаққа келмей-ақ
қойса екен, тымауратып қалса да мейлі» деп іштей тілеп отыратынмын. Бірақ сіз еш уақытта кешікпейтінсіз де, қалмайтынсыз да.

        Сөйтіп жүргенде...

        Ол сәттерді сіз де ұмытқан
жоқ шығарсыз. Ұмытуыңыз мүмкін
емес. Еске түсіріп көріңізші. Таңертеңнен жаңбыр жауған-тұғын. Түске жақын аспан шайдай ашылып
кетті. Co күні мен мектепке жаңа
көйлек киіп келгем. Оны, әрине,
байқамауыңыз да мүмкін. Жоқ, сәл ойлансаңыз, бәлкім есіңізге түсер, гүлді
крепдешиннен тігілген-тін. Айтпақшы,
талас сол жерден шыққан жоқ па еді.
Сіз бір есепті тақтаға қате жазып, оның шешуін
таппай көп қиналдыңыз. Соны
әудемнен аңдып отырған үш баланың бір мезгілде жарыса тіл қатқанын ұмыта қойған жоқ шығарсыз.

-        Ағай,
мана-ақ қате жазғансыз.

        Жалт қарадыңыз. Жалт
қарадыңыз да:

-        Солай
ма? - дедіңіз. Олардың біреуі жүгіріп барып, тақтаға жармасты. Сонсоң екеуіңіз
қатар тұрып, жаза
бердіңіздер, жаза бердіңіздер.
Шыдамаған болуы керек, ақырында ана екеуі де
барды.

           Қоңырау соғылды.
Бірақ төртеуіңіз де тақта алдында қала бердіңіздер.

         Төртеуіңіз бір есепке жабылып жатқанда мен
шеткеріректе жалғыз тұрдым. Әр қимылыңызды бағып тұрдым. Кезерген еріндеріңізді әзер қимылдатып, езу тартканыңызға алғаш куә болғаным да сол сәт-тін.

          Несін айта берейін.
Бәрін де білетін шығарсыз. Әйтеуір, маған білетін сияқтанасыз. Бірақ бар ғой, осыған өзім кейде күмән қаламын. Сізге есеп шығарудан басқа қызық
жоқ қой деймін. Ол қалай болғаны?

          Осымен бітейін.
Былай қарап отырсам, ойыма келгеннің бәрін үйіп-төгіп
жаза берген сияқтымын. «Бәтуәсіз
қыз екен» деп жүрмеңіз.

          Былай қарап отырсам, маған
ренжуіңіз де мүмкін-ау. Ұрсарсыз да. Қалай десеңіз де, осы хатты жазып, көп
күдік, көп күйзелістен арылғым келді. Жауап та күтпеймін. Тек талқыға салып, ел-жұрттың бетіне қарағысыз етпесеңіз болды. Басқалай өтінішім жоқ.

Жазған Жамал деп білерсіз.

Айтпақшы, қолым дірілдеп, жөндеп
жаза алмадым. Танып, тауып оқырсыз».

 

             Хатты тастай
салды да, Тұрап ағай бізге
қарады. «Қалай екен» дегендей. Сол
кезде Рахым:

-        Мұның жауап хаты да бар ма? - деді.
Соны күтіп отырғандай-ақ ол:

-        Әңгіменің
қызығы алда әлі, - деді де, төрт бүктелген қағазды қолына алды.

-        Оқыңызшы,
- деді Рахым.

         Ол жадағайының кең
етегін тағы бір қымтап қойып, асығыс
бастап кеткен.

* * *

«...Айнам Жамал! Сенен хат
алғанда төбемнен жай түскендей болды. Рас, әнебір қалтарыста қолыма умаждалған
қағазды ұстата салғаныңда,
оның артында нендей сыр барын, әрине, білгенім
жоқ. Төбеме жай оғы түскен кез - хатты оқыған соң. Кім білген, бұл
өзі қиын шаруа екен. Алғашқыда өзіңді шақырып алып, бетіңді бір қайтарып
тастағым келген. Бірақ
ертеңіне сабақта сені көргенде, ол
ниетімнен тез-ақ тайқып кеттім. Тіптент сөйтіп ой түйгеніме іштей ұялдым да.

        Бір кездері үндемей
қоюға да бел буғам. «Жұртқа
жария етіп, масқараламасаңыз болды» деген екенсің,
тілегіңді тып-тыныш орындап, жабулы
қазанды жабуымен қоя салғым келген. О байламым да бос болып шықты. Әйтеуір не
керек, енді міне, бәрін жиып қойып,
өзіңе хат жазып отырмын.

        Бұл өзі маған қызық бір түс сияқты көрінеді.
Осыны әдейілеп біреуге айтсаң сенбес
те еді. Көңілге қызық-қызык
ойлар оралады. Мүмкін, менің осы жағдайымда қисынсыз сөздер де жазуға болар.
Кейде адамның соңдай еркелікке де әуестенетін шақтары бар екен. Оны осы күндерде
басымнан кештім.

         Иә, тіптен не жазарымды білмеймін. Бүгін
сабақ үстінде жүзіңе бір нықтап
қарағым келіп еді. Басыңды көтермей-ақ қойдың
ғой.

        Айнам-ай, менің
түр-түсімді бүкіл класс болып келістіріп
«мақтаған» екенсіңдер. Жоқ, мен оған еш өкпелемеймін. Білем ғой. Несіне ренжиін. Ал енді менің қазіргі
халімді тап басып, танығаныңа тағы дау айта алмаймын. Қайта ғайбат сүйсініп
қалдым.

         Рас, өзің айткандай,
есеп шығару - менің ең рақатты сәттерім.
Бақытты сәттерім. Көңілдегі
сырдың бәрін, қуаныш-қайғының бәрін сол есепке сыйғызсам деймін. Сол есептің шешуі маған сүйеу болса деймін. Ол кезде
айналадағының бәрін ұмытып
кететініме арланбаймын да. Адам басында қуаныш-реніш атаулы аз болмайтын көрінеді.
Тек соның қай-қайсысына да орын табатын менің есептерімдей ықылас ауған өріс
жатсын! Сол өріс лайым тарылмасын! Ол тарылмаса - тарыққан күндерің жеңіледі екен.

         Сенің хатыңды
алғаннан кейінгі жағдайым - қызық-ақ. Қалай
айтсам екен, ә? Мәселен, жаз кезі дейік. Түс мезгілінде ұзақ ұйықтап алып, кіші бесін әлеті уыздай ұйыған денеңді жазу үшін үй сыртына қарай серуенге шығар сәт бар емес пе? Алдыңнан қаздың ұлпасындай майда-қоңыр самал еседі. Айнала
тып-тыныш. Сен де тұп-тұнықсың. Жаңағы әзірдегі бойыңдағы тәтті ұйқының ерке
ізі ештеңеге мойын бұрғызбайтындай. Бұл - әдеттегі мең-зеңдік емес, адам
көңіліне көп орала бермейтін тәтгі елес секілді. Менің бүгіндегі халім осы
іспеттес.

 

             He дейін, айнам. Осы
сезімталдығыңнан айрылмасаң түбінде әйдік бір адам боларсың. Тегінде
әйел затына сендей болу - жарасатын
сияқты. Жауап жаз демеймін.
Зәуде бір жаза қалсаң - неге жазды
деп тағы айтпаспын. Рақмет, айнам! Дәу бол!

Аса риза көңілмен, Менмін!»

* * *

-        Тағы
оқимыз ба? - деді ол бізге бұрылмастан-ақ.

-        Көрейік
те.

-        Мә,
онда өзің оқы.

          Хатты қолыма
алғаннан-ақ қыздың жазғанын анық аңғардым.
Моншақша тізіп кете берген, кете берген...

* *

        «...Сейіт ағай! (Өзіңіз
жазбаған соң атыңызды атағаныма ренжімейсіз бе?). Әлгі сабақ соңында, сәл
кідірген сәтте дәптеріммен қоса хат берерде қолыңыздың дірілдегенін-ай! Түсіріп
ала ма деп қорқып кеттім. Мандайымнан суық тер бұрқ ете қалғанын байқадыңыз ба?
Көрген шығарсыз, бұрыла бергенімде бір қарап едіңіз ғой.

         Дәптерім қолыма тиген соң ал
кеп жүгірейін. Әдейілеп баудың арасымен кеттім. Көргендер «мына қызды жын ұрған
ба» деген шығар-ау. Өйткені тал түсте өкпемді қолыма алып, ұшып бара жатқаным,
әсіресе қыз басыммен, ұят-ақ қой.

           Ә, айтпақшы, хатыңызды
ашуға қорқып кеп отырғанымды ұмытып барады екем. Ашсам - бар үміттен айрылып
қалатындай көремін. Ақыры бір кезде көзімді тарс жұмып, көк конверттің шетін
жайлап қана сөгіп жібердім. (Қолға беретін болған соң конвертке салғаныңыз не?).

        Оқып шықтым. Тағы
оқыдым. Әп-сәтте жаттап алған сияқтымын - іштей әлденеше қайталадым. Бір кезде
көзіме жас кеп қалыпты. Артынша
өз-өзімнен күлгенім-ай!

           Жан-жағыма қараймын
- ауылдағы үлкенді-кішілі үйлердің бәрі
биіктеп кеткендей. Ағаштар тіптен зәулім. Бүршік ата бастаған бұтақтар қуанышты күлкіге булығып тұрған баладай елестейді. Көз ұшындағы Алатау шыңдары тіптен жаныма кеп қалған сияқты. Қазір өрмелеп
кетсем, құзарына демде-ақ
жететін тәріздімін.

         Шыным осы, сенесіз
бе? Мүның бәрі сізге оғаш көрінуі де мүмкін,
ә? Біздің апам да сезгіш-ақ
қой, үйге келісімен:

-        Саған не болған өзі? - дейді.

-        He болушы еді, - деп күлдім.

-        Әй, қайдам, екі-үш күн бойы
абдырап жүріп ең, бүгін тіптен қолды-аяққа тұрар емессің.

-        Сізге солай көрінген шығар, -
деймін.

          Айтарын айтсам да,
сықылықтап кеп күлем. Шыдай алмай апам
да күледі. Сол-ақ екен, апамды құшақтай
алам:

-        Біз
де бір еркелейік те.

-        Күлкіңнен айналайын!

 

             Апамның осы сөзі сіз
айтқандай естілді. Хатыңызда «айнам» депсіз ғой.

           Кешті әрең батырдым.
Дастарқан басында бір-екі кесе шай ішкен болып, ерте жатып қалдым. Ал
енді ұйқы келсейші. Әрі дөңбекшимін, бері дөңбекшимін. Көз ілінер
емес. Кірпіктерім айқасса-ақ, алдымда
сіз тұрасыз.

         Ой, ағай-ай, сіздің
сабағыңыз қазір қызық қой. Баяғының бәрі
әлдеқашан ұмыт болды емес пе?
Бірақ кластағылар сіздің кереметтей
салақтығыңызға әлі күнге шейін күледі. Шын айтам, ылғи күледі. Heгe өйтесіз? Шалбарыңызды күнделікті өтектеп
жүру қиын ба? «Адамның өз-өзін сыйлауы киім киюінен көрінеді» деп жатады. Сол, тегінде, рас болар. Мені қинай бермей
жөні түзу киініп жүріңізші. Ұқтыңыз ба, ұмытып кетпеңіз.

            Ағай-ау, осы неге мықтап
тұрып ашулана алмайсыз. Түк ашулана
алмайсыз. Тіптен өзіңізді ренжіткен балаға жақсылап тұрып жеки
алмай-ақ келесіз. Ер адамның шындап ашулана алмағаны
қиын екен. Кей балалар сіздің босаңдығыңызды біледі де, басынып кетеді. Маған қатты бататыны да - сол.

             Әлгі сізден хат
алған күні түнде түс көріппін.

         ...Оңашаланып қырға
шыққан екенбіз. Қазіргідей емессіз, үстіңізде
шымқай ақ көйлегіңіз бар. Әдемілеп өтектелген. Жеңіңізді түріп алғансыз. Шалбарыңыздың кыры да қатып тұр. Ақ туфли кигенсіз. Қарш-қарш етеді. Әдемі сағатыңыздың сары жезден жасалған шынжыр бауы күнге шағылысып, жалт-жұлт етеді.

        Үнсіз келеміз.
Мезгіл-мезгіл әр жерде қылтиған қызғалдақтарға қарайсыз. Қарайсыз да қоясыз. Мен болсам, сізді тау жаңғырықтыра
бір күлсе екен деймін. Мына қырды селкілдете бір күлсе екен деймін. Бірақ сіз күлмек түгілі маған қарамайсыз да. Өзім-ақ күлейін десем - күле алмаймын.
Күлкім келмейді. Мұндай да сәттер болады екен-ау!

       Қашанғы үнсіз жүре береміз.
Бірдеңе демекші боп, бұрыла беріп ем, сіз состиып тұрып қалдыңыз. Әлі тұрсыз, әлі тұрсыз. Жарылып кететін
шығармын деп едім. Ақыры әйтеуір:

-        Қызғалдақ
сирек екен, құғыр, - дедіңіз.
Дедіңіз де, анадай жердегі шоқ гүлге қарадыңыз. Жалма-жан мен де қараппын. Сәден кейін менің ашық білегіме
көзіңіз түскенін байқап қалдым да, бұыла бердім. Бетім дуылдап, жанып барады.

-        Айналайын
Жамалжан! - дедіңіз. Үніңіз зорға шықты.

-        Жамалжан,
- дедіңіз тағы да. - Мені айыпқа бұыра өрме. Аз-кем қол ұтасып жүрейікші.

           Не дерімді білмей,
аңырып калыппын. Әсте, таңырқап тұрсам керек. Әлде қуанып қалдым ба екен. Кім білсін. «Қол ұстасқаны несі? Бір түрлі буын-буыным босап, әл-дәрменнен айрыльш барамын. Сізден көмек күткендей
бетіңізге тура қарап едім, борша-боршаңыз шығып, терлеп тұр екенсіз. Маған бір көз салдыңыз да:

- Кешір, мен әншейін, - дей
бердіңіз. Қипақтап, кірпіктеріңіз
жыпылықтап кетті. - Әншейін айта салғаным ғой. Қорқып қалдың ба?..

 

          Бір кез көзімнің алды
қарауытып, теңселіп кетсем керек, білегімнен ұстай алдыңыз. Селк ете
қалыппын. Сол селк еткен бойы оянып
кетіппін...

         Ұйқым шайдай ашылып
кетті. Көзім бақырайып, жаңағы қызғалдағы
сирек болса да, шуақты даладан әп-сәтте айрылып қалғаныма, қатты өкініп жатырмын.

         Бар болғаны осы.
Сенесіз бе? Сенбеген күнде де өтірік деп ойлай
көрмеңіз.

         Тағы не жазсам екен.
Иө, сізден хат алғалы өзімді бір түрлі сезінемін.
Бұрындары құрбыларыммен көп өзілдесіп, көп күлуші едім. Қазір ол жоқ. Осының өзі қиын
сияқты, ағай. Әлден сырбаз боп, сызылып жүргенім жараспайды емес пе? Дегенмен, бұрынғыдай арсын-күрсін болуға тіптен көңілім соқпайды. Heгe өйтеді екен?

          Мен кейде бір нәрседен қорыққандай боламын. Кейде
қатты қорқамын. Өйткені бар ғой,
менен ешқашан тапқыр математик шықпас
еді. Орташа болуды қалап көрген емеспін. Сіз болсаңыз, есепті жөндеп шығара алмайтындарды
жек көресіз. Ол - айдан-анық. Жоқ,
сіз жекімейсіз. Бірақ дәрменсіз
біреулер тақта алдында мықшыңдап есеп шығара алмай жатқанда сіз терезенің жақтауына сүйене түрып,
көзіңізді жұма бересіз. Әлгі бейшара қатты әбігерленген сайын
сіз шалқая бересіз. «Түу, сен де оқып
жүрсің-ау. Ертең мектеп бітіріп ұялмай-қызармай аттестат аласың, ә? Ол мүмкін емес» деп тұрғандайсыз. Heгe өйтесіз?

          Мен оның бәрін жыға
байқап отырамын. Байқап отырамын да,
өз-өзімнен қалшылдап тоңа бастаймын. Бір тәуірі - сіз мені тақтаға көп шақырмайсыз.

         Көп жазып кеттім білем.
Артығы болса, көптен-көп кешіргейсіз. Көңілдегімнің бәрін ақтарып жатырмын. Сыр айтқан соң,
бүгіп қалмау керек қой.

        Кейде сіз маған
керемет құдіреттей көрінесіз.
Әсіресе, әлгі есеп шығаратын, қиын
есептерді жаңғақша шағатын сәттеріңізде. Кейде көзімді жұма қалсам, кәдімгі қаһарманға ұқсайсыз. Көмірдей
қара, қаба сақал, бұйра бас, дәу жігіт ақбоз атпен құйғытып келе жатқандай
көрінеді. (Бұрынғының батырлары шаш қоймаған ғой. Бірақ мен сіздің бұйра
шашыңыздың болғанын қалаймын). Сіз сақылдап күлетін сияқтысыз.
Күлген кезде көзіңіз оттай жанып,
аппак, тістеріңіз күн көзіне шағылысып, жарқырайтын тәрізді. Керемет тәкаппар
тартасыз. Сізге тіл қатпақ түгілі
жақындаудың өзі қиын сияқты. Жұрттың бәрі сізге қарайды. Сонсоң
маған қарайды. Мен сізден түк те
қорықпайтын сияқтымын.

       Бірақ бұл масаттану ұзаққа бармайды. Кейде сіз тіптен аласарып
кетесіз. Әсіресе, көңіліңіздегі бір ойды бізге ұқтыра алмайтын сәттеріңізде. Селдір шашыңыз берекесіз үрпиіп, құр сүлдеріңіз қалады.

         Ондайда мен тағы
қорқамын. Қорқатыным - «жек көріп кетсем
қайтемін» деп ойлаймын. Жек көріп кетсем, әлгі жүйрік мінген қаба
сақал дәу жігіт оралмайтындай
көрінеді.

          Ағай, сізді көп кінәлап кеттім білем. Онда
артық сөзге илан- бауыңызды өтінемін.
Жазайын дегенім бұл емес еді,
әйтеуір осылай болып шықты. Сонымен
біттім. Саушылықта болайық.

Жазған Жамал деп білерсіз.

Айтпакшы, ұмытытып барады екем, хат жаза қалсаңыз көңіліңіздегінің бәрін ірікпеңіз. Мен түк те өкпелемеймін».

* * *

          Менің көңілім -
әрі-сөрі. Әйткенмен, кездейсоқ тап болған
мына сыр соншалық тосын көрінбейді. Бар болғаны - әлде қызығу, әлде қиналу секілді бір белгісіз сезім әрлі-берлі түртпектеп қояды. Рахым бір нүктеге қадалып, үнсіз отыр.
Әдетте ол әзілкеш, әңгімеге араласқыш қой. Келген бетте де сондай бір құлшыныс
байқатқан еді. Енді неғып тына қалған?

       Тұрап ағай да тіс жарып, тіл
қатқан жоқ. Әрине, ол мұның бәрін бізден бұрын да оқыды ғой. Ендеше, оның қазіргі
қалпы маған түсініксіздеу. Ойланып отырған кісіге ұқсамайды. Сонда қалай
болғаны?

       Жайлап қана келесі
хатқа қол создым.

* * *

        «...Айнам, бұл өзі
қызық болдык қой. Әрі-бері ойланып, не  жазарымды да білмей отырмын.

       Ал, өйтпесе бір жағдаятты төтелеп айтайын.
Ойлана-ойлана келіп, осыны жазуды жөн
көрдім. Әрине, мұның өзі мен тараптан білгендік болмас та. Әйткенмен, бұл сырды
сенен жасырғым келмеді.

         Институтты «өте
жақсыға» бітіргенмін. Бізде мықты бір профессор бар еді. Сол адам «сенің орның
осы» деп аспирантураға қалдырды. Бәрі
де жөн басталып келе жатқан - жатақханадан жеке
бөлме берді. Өріс кеңейіп, өзімше әжептәуір болып-ақ қалғам.

           Сөйтіп жүріп шет
тілдер институтының соңғы курсында оқитын
бір қызбен таныстым. Қалай айтсам екен, аққұба, орта бойлы, шашы ұзын, арық болатын. Майысып
сөйлейтін еді. Ертелі-кеш кездесіп
дегендей, қыдырып жүрдік.

          Сонымен не керек,
кектемге салым той жасадық қой. Ауылдан туыстар келді. Бұған әсіресе, профессор қатты қуанған - «енді жөнсіз қыдыру дегеннің бәрі қалады.
Диссертацияңды тез бітіресің...». Жүріп жаттық. Таңертең ол институтқа, мен
кітапханаға кетем. Кешке бір-ақ
ораламыз.

           Алғашқыда театр,
киноға барып жүрдік. Кейіндері оған дәйім, қолым
тимейтін болды. Ал оның есіл-дерті - «кафеге барайық, концертке барайық, тауға шығайық...». Күндегісі осы.

           Сонымен келе-келе
ол «қыздармен бірге ана жаққа кеттім, мына жаққа кеттім» дегенді жиілете берді.
Кейде кешірек келіп қалады. Кешірім сұрайды. Кейде есіктен кіргеннен
ренішке басады - «жұрт осы екеу-екеу боп жарасып жүреді. Мен
ғана қайда барсам жалғыздан-жалғыз
қалам. Сенің ертелі-кеш есеп шығарғаныңа
қарап отырып-ақ өмірім өтетін шығар...».

            Күндер өте берді. Here екені
белгісіз бір кеште ол:

-        Той
өткеннен бері екі айдан сәл-ақ асты. Мен болсам, сенімен жиырма жыл өмір кешкен адам сияқтымын, - деді.

           Күлдім де қойдым.
Бірақ іштей қуанып қалдым. Соның артынша:

-        Бар
қызық өтіп кеткен сияқты, -
деді ол. - Сен болсаң, жұмыстан бас алмайсың.

         Алғашқыда «әзілі шығар» деп ойлағам. Бетіне
қарап едім, шаршап отырғандай көрінді.
Сонсоң оны сейілтпекші болып:

-        Біздің
бір-бірімізді сыйлауымыз, бір-біріміздің қадірімізге жетуіміз кафеге қанша рет барғанымызбен, яки ертелі-кеш саған қарап
қанша рет күлгеніммен өлшенбесе керек. Оның бәрі мына көкіректе сайрап тұрса
жетпей ме?- дедім. Ол ойланып қалды. Жатар кезде барып бір айтқаны:

-        Мүмкін,
солай да шығар. Кім білген. Бірақ маған бір нәрсе жетпейтіндей...

           Әңгіме сонымен
біткен. Маған ешқандай бөтен ой келген жоқ.
«Өзінің әншейінгі бір реніші болар» дегем де қойғам.

         Бір күні кешкісін
үйге келсем, ол жоқ екен. Кітап оқып отыра
бердім. Ел орынға жайғасар кез өтті. Жатар кез келді. О да өтті. Түн ортасынан ауып барады. Әлі жалғыз отырмын. Манағыдай
емес, көңілге күдік орала бастады - «не болды екен? Қайда жүр? Іздеу керек шығар?».

          Ақыры болмағаң соң,
жатақханадағы қыздарға жеті түнде телефон
соқтым. Ешкім білмейді. Жеке пәтерде тұратын екі құрбысы бар еді, такси шақырып, оларға
бардым, білмейді. Салым суға
кетіп, қайтып келдім. Енді таң алдында жан-жаққа телефон соғып, жұртты
дүрліктіруге ұялдым.

          Таң атты. Әлі жоқ.
Енді бір кездері киініп сыртқа шыққалы жатыр
едім, біреу есік қағады. Ашсам өзі. Өңі құп-қу. Ернін жымқырып
алған. Жылауға сәл-ақ түр.
Үн-түнсіз кейін шегіне беріппін. Ол
диванға кеп отырды. Бөтен адам сияқты.

            Аяқ астынан
бірдеңе дей қоюдың өзі ыңғайсыз тәрізді. He болса
да, артын күттім. Әлден соң өз-өзіне
келген ол:

-        Мен
кетем, - деді. - Бүйтіп тұрмыс
құруға болмайды. Әлде сен қателестің, әлде мен
қателестім, әйтеуір бір қателік болды. Оны түзеу екеуіміздің де
қолымыздан келмейді.

-        Қайда кетесің?

-        Жатақханаға.

-        Сонда қалай?

-        Саған артар еш кінәм жоқ.
Бірақ біз бөлек адамдармыз. Енді бірге тұруымыз - қисынсыз. Бақытты қадірлей
білу керек. Аялай білу керек. Сен оны түсінбедің.

           Үнсіз отырып
қалдым. Ол киімдерін апыл-ғұпыл
чемоданға салып алып, шығып кетті.

          Әлі отырмын, әлі
отырмын. Ой дейтін де жартымды ештеңе жоқ.
Шым-шытырық бірдеңелер. Адам түсініп болмайды - «кетіп қалды, ә? Енді қайрылмайды. Сонда не болғаны?».

             Содан кейін
қандай күндер кешкенімді несіне айтайын. Әйтеуір, өң мен түстің арасындағы тұман сияқты-тын. Тек сондағы қатты
ойланғаным - «табу қиын екен де, жоғалту оп-оңай екен!».

 

       Келе-келе қалаға сыймай
кеттім. Зерттеу жұмыстарымның жайына қалғаны қашан. Ақырында, міне,
осында келдім. Ойлап отырсам, бәріне де өзім кінәлі сияқтымын. Әсте, ешқашан да әйел адамды жалғызсыратуға болмайды
екен.

       Қазір мықтап бір ұққаным осы. Тегінде,
хатыңа жауап жазғаным да соның әсері болса керек. Әйтпесе, бұл қылығымның тым сөкет, тым ұят, тіптен тым күлкілі екенін
жақсы білем.

       Міне, мұндағы жұртқа әлі
айтпаған жағдаятым осы. Саған ғана тіс жарып отырмын. Басқа еш әңгіме жоқ,
айнам. Ә, айтпақшы жақында қалаға барып келдім ғой. Әдейілеп барғанымды
несіне жасырайын. Ол қазір мектепте -
мүғалім. Телефон соғып едім, абдырап қалды.

       Сонымен не керек, екеуіміз ұзақ
әңгімелестік. Айтылмаған сыр қалмады. Мен оны керемет сыйлайтындығымды, онсыз өмір
кешу маған қиын соғатынын сол сәттер айқын сезіндім.

-        Шынында бақыт дегеннің
қадіріне жете білу керек екен, - деп едім, ол жылап жіберді.

-        Міне, біз қайта табыстық, -
дедім. Co мезет оның қаншалықты куанғанын көрсең...

       Жамалжан, сөйтіп бақытыммен
екінші рет жолығысып, өмір деген үлкен үйдің төріне шыққандай халдемін. Жақында
ол осында келмекші. Ең алдымен саған таныстырамын.

Жарайды, осымен бітірейін!

Менмін».

* *

           Рахым басын көтерді. Сосын
мені жаңа көргендей тесіле қарады да:

-        Ендігі қалғанын оқымай-ақ
қой, - деп ол жеңімнен тартып қалды. Co бойда өзі кейін ысырылып
отырған.

-        Heгe?- деді Тұрап ағай
жалма-жан.

-        Екі адамның құпиясын осыншама
жария еткеніміз ұят-ақ болды.

-        Мынау
не деп отыр-ей? - Тұрап ағай
маған бұрылып: «Оқи бер»
деді.

-        Ертең
олардың бетіне қалай қараймыз?

-        Сен
өйтіп қызынба, бала, - деді ағай күліп. - Мұның қызығының бәрі соңында.

-        Ағай,
рұқсат болса, біз кетейік.
Рахмет! - Рахымның саусақтары дір-дір етеді. Өзі төрдің алдында түрегеп тұр.

-        Немене,
ертеңгі әңгімеден тайсақтай бастадың ба?

-        Қандай
әңгіме?

-        Ертең
хат жазғыштармен қатты сөйлесеміз.

-        Ертең
бұл туралы бір ауыз сөз
айтылуы мүмкін емес. Ал енді
айтыла қалған күнде алдымен ұятты сіз боласыз.

-        Сен немене, мұғалімнің бәрі
оқушы қыздарға қырындай берсін демекпісің. Мүмкін, өзіңнің де дәмең бар шығар.
- Ол кең жадағайының етегін қымтай түсіп, кеңк-кеңк күледі. - Әжептәуір есі
бар, салауатты жігіт пе десем, мұның не? Маған ақыл үйреткенің.

-        Өзіңіз-ақ ойланызшы. Екі адам
көкейіндегі сырларын бүкпесіз ақтарған екен. Біз оны ұялмай-қызармай оқып отырмыз. Осы да жөн бе енді?

          Үлкен кісі маған
қарайды. «Хаттың қызығына түсіп отырғанда
мынаның мұнысы несі»
дейтіндей.

-        Ағай,
бұл хаттарды қайдан алдыңыз?
- Кеш бойы ұштығына жете
алмай отырған сұрақтың
аузымнан қалай шығып кеткенін
байқамай да қалыппын.

       Ол жадырап сала берді.
Бозғылт жүзіне қан жүгіріп, рақаттанып
қалды. «Бәсе, маналы бері осыны сұрамайсыңдар
ма» дейтіндей. Сәлден соң ол
екі-үш рет қатты жөткірініп алып, әңгімесін бастады.

-        Әлгі Сейіт дегеннің біздің
үйде тұратынын білесіңдер ғой. Ол алғаш келгенде осы өздеріңдей көріп, құшақ
жая қарсы алғам. Артымыздан ерген жас адамдарға қамқорлық жасамасақ,
несіне жүрміз. Төрімнен орын бердім.

Сөйтсем, өзі бір қырсық екен.
Әнеукүні екеуіміз әжептәуір сөзге де келіп қалдық. Енді көп ұзамай өзі де үйден кететін шығар деп жүргенмін. Ал енді мына хат жағдайына келетін болсақ, Сейіт бұрнағы күні қалаға кеткен-тін. Әлгі
профессоры шақырыпты-мыс. Кеше кешкілікте бір керекті кітап іздеп, өуре-сарсаңға түссемші. Үшті-күйлі жоқ. Әнеукүні ғана көргем. Таппаған соң әлгінің
кітаптары жататын жәшікті ақтардым.
Қол жетіңкіремейтін қуыстан бір бума хат іліге кеткені. Оқып қарасам - осы.
Бүгін Жамалды шақырып алдым: «Иә, кімге хат жазып жүрсің? Кімнен хат алып жүрсің? Кәне, айта
бер...». Қыз жанындағы орындыққа қалайша сылқ етіп отыра кеткенін сезбей де
қалды-ау. «Түрегел» дедім. «Немене, осында қонаққа
келіп пе едің?».

     Орнынан сүйретіле тұрды. Ләм демейді. «Міне, әйдік мұғалімің хаттарының бәрін берді» дедім әдейі. «Енді бұлтара алмайсың. Оның жазған хаттары қайда? Әкел, тез...».

        Қыздың көзі шарасынан
шығып барады. Бірақ жаңағыдай емес, аяғын нық басып, қатайып алыпты.

-        Шынымен-ақ,
о кісінің өзі берді ме?

-        Немене,
өтірік айтып отыр деймісің.

-        Жоқ,
олай ойламаймын. Бірақ шынын айтыңыз, - деп
тақ-тақ етеді. Өзі аяқ астынан өжеттеніп кетті.

-        Өз
қолымен берді, - дедім. Қыз есіктен атып шықты. «Қайда барасың» дегенге жауап қатқан жоқ. «Бірдеңеге ұрынып жүрер ме екен деп терезеден
қарасам, үйіне қарай жүгіріп барады
екен. Сәлден соң рұқсат сұрамастан-ақ

есікті жұлқа ашып, кіріп келді.

-        Мінеки,
алыңыз. Алыңыз да, менің хаттарымды қайтып беріңіз, - дейді. Өжетін-ай өзінің. Ентігін баса алмай тұр. Сұп-сұр боп кеткен. Тіпті кірпігін қақпайтын сияқты.

-        Кейін
аласың, - дедім.

-        Жоқ,
бересіз.

-        Бара
бер. Айттым ғой, кейін, - деп орнымнан тұра бердім.

-        Осындай
мұғалімдер де болады
екен-ау... - Ол басын әнтек көтеріп, асығыс шығып кетті...

         Тұрап ағай миығынан күледі - «жаңағы
әңгімені әдемілеп-ақ айттым емес пе»
деп отырғандай.

-        Қызға
да соншалық өтірік сөйлепсіз... Қанда-а-ай адамсыз,
ә? - Күтпеген жерден Рахымның даусы қатты шықты.

-        Ол
өтірік сөз емес, - дейді үлкен кісі жайбарақат. - Ой, шырақ-ай, педагогиканың сен білмейтін қилы-қилы сырлары көп қой.

-        Сықпыртып
өтірік айтып алып, енді оны педагогиканың қыр-сыры деп жақауратасыз, ә? Co да сөз боп па?

-        Сен
бала, қалай-қалай сөйлейсің? - Ол басын қақшаң
еткізіп көтеріп алды. - Аяғың әр жерден бір тиіп тұр ғой өзіңнің...

        Енді бір сәт екеуі де үнсіз қалды. Бірақ бұлар осымен біттік деп отырған жоқ. Әлі де сөз кезегі көп сияқты. Айтылар
әңгіме бір-бірімен уәждесуден
гөрі қаттырақ болатын тәрізді. Әсіресе, Рахым іштей ыршып-ыршып түсуге қазір-ақ дайын-ау. Өйткені маңдайы қырық
қыртыстанып, көз жанары да бір нүктеге қонақтамай, бөлмені асығыс кезіп жүр.
Әйткенмен, ол өткір жанардың үй иесін қарауылға
алуы уақыт өткен сайын жиілеп барады.

         Менің көз алдымнан
хат жазған екеуі кетер емес. Сейітті көргем. Жамал деген қандай қыз екенін
білмесем де, ол көптен таныс сияқты -
«бойы аласа, дөңгелек жүзді, тәмпіш мұрын қара кыз болар. Сүп-сүйкімді. Жанары өткір шығар. Қазір Жамал үйінде отыр ма
екен? He ойлайды екен? Жылайды ғой - ендігі Сейіт туралы көңіліне талай жаман ойлар оралған да болар!».

          Басымды көтерсем, Тұрап ағай маған қадала қарап отыр екен. Көзіміз түйісіп қалды.

-        Маналы бері не ойландың?
Төрелігін осы сен айтшы. Қайсымыздікі жөн. Осы бастан түсінісіп алайық. Педпрактиканың бұ да бір кезекті сабағы болсын.

-        Міне,
міне - маған да керегі сол. Айтсын, - дейді Рахым
өзеуреп.

          Қапелімде не дей
қояйын. Менің байқауымша, - деп бастап
келе жатыр едім, сол екі ортада Рахым:

-        Неменесіне
жақаурата бересің, - деп киіп кетті. - Бұл оқиға ол екеуінің көңілінде өмір
бойына бір жайсыз дақ болып қалатынын
бір мезгіл ойға алдық па?

-        Сен
өзің қызық жігіт екенсің? Осының бәрін біле тұрып, үн-түнсіз қала бер
демекпісің? Көзді тарс жұмып, жүре бер дейсің ғой, е? Жоқ. Ол болмайды.
Рас, бұл оқиғаны жария етсем,
аудандық оқу бөліміндегілер басымнан сипамайды.
Ең аз дегенде қатаң сөгіс қалтамда екенін білем. Бірақ үндемей қалуға арым
жібермейді. Ұстаздық арым. Ұқтың ба, бала?! Сенің ойыңдағыны да білем...

-        Білмейсіз. Білмейтініңізге
осы қазір әбден көзім жетті. Ендігі өтінішім - хаттарды екеуіне қайтарып
беріңіз. Сіз үшін өзім кешірім өтінейін олардан. Ешқандай шараның керегі жоқ.

         Рахымның бұл сөзіне үлкен
кісі күлді. Кеңкілдеп кеп күлді.

-        Солай дейсің, ә?!

-        Неменеге күлесіз, мөп-мөлдір
суға балшық тастап отырып...

 

        Мына сөз үй иесіне
жаман тигендей. Жаңағы күлкі жайына
қалды.

-        Жетеді
енді. Бара беріңдер, - деді ол. - Сендерді ақыл
айтсын деп шақырғаным жоқ. Ертелі-кеш жалпақтап жүрген соң, қайдан білейін.
Енді келіп маған ақыл үйретпекші. Өсер
адам үйренейін деуші еді. Бұл
үйретемін

деп қақақтайды.

          Бір кезде Рахым
басын көтеріп алды. Қалш-қалш
етеді. Алғашқыда тіксініп қалдым -
«мынау қайтеді-ей. Қызбалығына салынып бүлдіріп жүрер ме екен?..».

-        Сіз...
Сіз жұртқа айтқан жылы
сөзіңізді де сатады екенсіз. Ал жұрттың жылы қарағанын жалпақтады
деп ұғасыз, ә? Үлкен
басыңызбен ұрлық жасадыңыз.
Өтірік айттыңыз, енді келіп, ол
екеуіне шара бермеуге арым жібермейді
деп көлгірсисіз. Осыны үйреніңдер деп отырсыз ба? Рахмет. Мұндай пасықтықты жөні түзу адам үйренбейді. Ал енді жиренуі мүмкін.

-        Болды,
бара беріңдер. Ертең сөйлесеміз.

-        Әлгі
хаттарды жұртқа жария етсеңіз
бар ғой. Онда әңгіме басқа, - деп
Рахым дүңк еткізіп қойып қалды.

-        Сен
немене, осы жерде сабап кетпекшімісің-ей.

-        Жоқ,
ол барып тұрған оңбағандық
болар еді. Бүгін мына хаттарды оқып,
бір оңбағандық жасадық. Co да жетер.

-        Шық
үйден, өзің барып тұрған
дорақ екенсің.

-        Оның
бәрі сізден асып, маған
келгенше.

-        Шық
деймін, дорақ.

-        Сізді
де мүғалім деп. Адам деп. - Рахым орнынан атып
тұрды.

-        Естідің
бе-ей, есіттің ғой, ә? - дейді үй иесі қалшылдап. - Ертең бе, ертең. Қап...

         Tic жармастан шығып
кеттім. Рахым да шықты. Бізбен өре
түрегелген үй иесі жүгіріп кеп, сыртқы қораның есігін асығыс жауып жатты.

           Ай жап-жарық екен. Үнсіз
келеміз. Көңілде қилы-қилы ойлар көп. Жаңағының бәрін өзімше топшылағым
келеді. - «Мүмкін, Тұрап ағайдың сөзі де жөн шығар. Мұғалім мен окушы қыздың бір-біріне хат жазғаны - қиын ғой.
Ал, Рахым ше? Оның осы оқиғаға
бас-көз демей араласып кеткенін

түсінуге болар да. Ол - сондай!
Ол ешқандай бұлтарыс-бұралаң дегенді білмейді. Бірдеңені
өзінше толғап алды ма, оны райынан
қайтару тіптен мүмкін емес. Әйтсе де, мана
Тұрап ағайға қатты
айтты-ау...».

          Қазір әлгі хат жазған екеу
ұмыт қалғандай. Ендігі әңгіме - Тұрап ағай мен Рахымның төңірегіне ойысқан сияқты.
Ертең не болар екен?

-        Мінеки, мектептегі алғашқы
адым осылай басталды, - дейді Рахым бір сәттері. - Қызық, ә?

-        Ертеңгі күн саған оңай тимес.
Жаңа көрдің ғой, ағамыздың қалайша кіжініп қалғанын.

-        Мейлі, мені талқыға сала
берсін. Әйтеуір әлгі екеуінің сырын ашпаса болды.

           Үйге келсек, бәрі ұйықтап
қалыпты. Біз де жата кеттік.

-        Қайсымыздікі
жөн, соны сен ойладың ба? - дейді

         Рахым әлден уақыттан
соң.

  -      Ойланып жатырмын...