ВЕРНУТЬСЯ

       Күздің бір тұтам түні жер
ортадан ауа мақталықтан қайтқан Шарбанудың шаршағаны соншалық - шайын қалғып
отырып ішті. Кесе-шайнекті де қалғып жүріп жиды. Төсегін де түртінектеп жүріп зорға салды.

Мұздай жастыққа бас қойып, масаты көрпені иығына жапқанда, ол бір түрлі
тоңазығандай болған. Кісі жаурағанда бүрісіп қалатын еді. Шарбану болса ұзақ
керіліп, үнсіз ыңырсыды. Жаңағыдай емес, ұйқысы да ашылып, қалың төсектің
үстінде көп дөңбекшіді ол. Әрі аунап, бері аунап, бар тапқаны - құс жастықты
умаждай береді.

         Ол төр жақта жатқан енесіне
әлсін-әлі үрлана көз тастап қояды. Қараңғыда Әтіркүл кемпірдің сарғыш тартқан
қуаңқы жүзі көрінбейді. Тек өкпесінің бір қалыпты сырылы ғана құлаққа келеді. Кейде
Шарбану сол сы-

рылдан сескеніп те қалады. Ол
мезет мына үңірейген төрт бұрыштан төрт адам шыға келіп, тарпа
бас салатындай көрінеді. Ол жалма-жан
көрпені басынан асыра жамылып, тағы керіледі.

           Шарбану өз-өзінен шиыршық
атып ұзақ жатты. Дем сәтте ұйқысы қашқанына ыза болып, көрпені аяқ жағына
ысырып тастайды. Сонсоң құс жастықты олай бір аударып, бұлай бір аударып,
мыжғылай береді.

         Манағы әзірде үйіне жету -
мұң болған жоқ па еді?! Тіптен табалдырықтан аттап, тізе бүгісімен қол-аяғы зіл
тартып, біржола көтертпей қойғаны қайда? Ол өстіп жатып ұйықтап кеткенін сезбей
де қалды.

           Түнде Шарбану түс көрді. «...Шілде
екен. Ай жарық. Қоңыр салқын самал
еседі. Сырттағы үлкен масахана Ішінде
Қасым екеуі оңаша қалған. Төсектері салулы. Күйеуінің
аяққаптай төсін жыға жастанған ол ерекше бір

ыстық ықылас құшағында еді.

       Қасым да келіншегінің
ерке-назына бой алдыра балқып, оның аппақ жұмыр иығын, жалтылдаған қара шашын қайта-қайта сипап, әлсін-әлсін керіліп қояды.

-        Сенсең
бар ғой, кешке дейін сені сағынып қалам, - Шарбану
естілер-естілмес сыбырлайды да, күйеуіне онан сайын жақындай түседі.

-        Шынымен
бе? - Қасым аяқ астынан қулана қалады.

-        Құдай ақына! - Шарбану күйеуінің
төсінен басын жұлып алады. Оның үнінен үлкендерге сөзін
өткізбек болған кішкентай сәбидің
кінәсіз қызығын таныған Қасым жымиып
қояды.

         Екеуі сәл үнсіз
жатады.

        Шыдамайды. Шыдамайды да, Шарбану
күйеуінің төсін тағы жастанады.

-        Мен
де, - дейді Қасым жай ғана.

       Шарбану көздерін
жыпылықтатып, күйеуінің тікен шашын
сүйріктей саусақтарымен асығыс тарақтай бастайды.

-        Бір-бірін
біздей жақсы көретіндер бар ма екен осы? - дейді
Шарбану күйеуінің төсінен басын тағы жұлып алып.

        Қасым келіншегінің
аппақ жұмыр иығына күректей алақанын тастай салды».

         Шырт ұйқыда жатыр екен, селк
ете қалды. Жалма-жан көзін ашып еді. Қорқып кетті. Қара көлеңке үйдің қуыс-қуысы аждаһаның аузындай көрінеді. Ұзын кірпіктерін уқалап-уқалап жіберді. Ештеңе жоқ. Жаңағы тәтті елестің бәрі ғайып болыпты. Қасым да
жоқ. Ай да жоқ. Масахана да жоқ.
Жалғыз өзі. Екі кісі еркін жамылатын масаты көрпеге әбден қымтанып жатқан екен.
Қара

терге түсіпті. Ерні кебірсіп,
тілі аузына сыймайды. Көйлегі иығына
жабысып қалған. Жастығы аяқ
жағында жатыр. Ол өз көзіне
өзі сенбегендей жан-жағын қармана берді. Сондағы қолына ілінгені - әбден
умаждалған мұп-мұздай орамал.

         Арашашы іздегендей төр жаққа
көз салып еді. Енесі қимылсыз көрінді. Кимешегінің ұшы ғана ағараңдайды. Шарбану
онан сайын елегізіп кетті.

Әлгі бір өзірде алып-ұшқан көңілі құлазып, бойы тоңазыған Шарбану мына
қараңғылықтың суық құшағында мәңгі жалғыздан-жалғыз қалғандай сезінді өзін. Бір
түрлі торығып, көзіне жас алды.

           Дәл осы мезет міндәрлі мұңын
шағып, бір сәтке болса да уайым-қайғысыз еркелейтін адам іздеді. Көп
іздеді. Таба алмасын білсе де, тыныш
қалудан қорқады. Тағы іздейді. Тағы
жан-жағын қарманады.

          Қасым кеткелі бергі көп
айдың беделінде оның ыстық құшағын мұншалықты құлай аңсаған түні жоқ-тын. Қараңғы
үйде ояу жатқан ол осы сәт жалпақ дүниеде өзінен бақытсыз, өзінен мүсәпір жан
жоқтай көреді.

Көкірегі қарс айрыла ауыр күрсінген келіншек тістене бір аунап түсті де,
дәу құс жастықты айқара құшып, өксіп-өксіп алды.

       Ұйқысы шайдай ашылды. Енді
түрайын десе, қараңғыда түртінектеп қайда барарын білмей бір дағдарады. Жата
берейін десе жуық арада көз іліндіре алар емес. Оянған әзірде масаты көрпені
аяқ жағына ысырып тастаған еді. Көз жасынан ба, жоқ әлде іш көйлекшең бойы әудем
мезгіл ашық-ашық жатқандықтан ба, ол қалтырап жүре берді. Тісі-тісіне
тимей діріл қақты. Қалш-қалш етеді.

       Жылынғысы келіп, кең көрпені
көме жамылып еді, таныс бір жұпар иіс мұрнын жарып жібере жаздады. Деем сәтте
жүрегі атша тулап кетті де, көзінен ытқып шыққан моншақтар жалаңаш төсіне барып
құлап жатты. Co мезет жаңа ғана түсінде көрген Қасымын қараңғы үйден кезіктіре
алмағанына тарығып, жамау көңілі жабыркау тартып, көкірегіне қан толып
кеткендей болды.

           Сыртқа шығып, басы ауған
жағына жүріп кеткісі келді. Жан ұшыра Қасымды іздегісі келді. Бірақ қанша ұмтылса
да тұра алмады. Бас жағындағы жүкаяққа біреу тас қып байлап тастаған тәрізді.

         Енді есіне қай-қайдағы
өткен-кеткен түсіп, тыныш таба алсайшы...

        Бір сәт келіншектің
көкейіндегі жүйрік қалау төбе басындағы үркердей ауылдан алданыш іздеп аласұрды.
Сөйтіп отырғанда оның көз алдына шошала бас, шоқима сақалды бір жапырақ Әбінтай
шал келді.

         Шалдың ар жағынан сырықтай
ұзын, ұзын болғаны. Мен иығы тақтайдай, май мұрнының ұшы дәйім-ақ терлеп
жүретін Мәруан мойнын созды.

         «Келер кеште осы екеуінің
тойы болмақшы, ә!» деп күбірледі Шарбану. «Ризық түссе қиын екен ғой бұл! Ешкім
қашып құтыла алмайды екен...». Содан ол әлгі екеуін манағы тұста түсінде
көргендей жылы сәтке бой ұрғызып кете барды. «Әбінтай шалдың сүйегі шодырайған
қушық төсіне Мәруан басын қояр мА екен? Қойса қайтеді? Қытығын
келтіретін шығар. Қытығын келтірсе қайтеді? Оларды біреу зорлап қосақтап жатыр
ма?».

           Шарбану өз-өзінен
өрекпіп шыға келді. «Қойшы, мен көрген
кісілер болса, қайбір шүйіркелесіп оңдырар дейсің. «Әй, қатын» деп одыраңдап Әбінтай шал жүрер. Аузын біреу тас
қып буып қойғандай уәж қайтаруға ерініп, Мәруан төмен қарап, томсыраюынан
танбас. Бықсып-сықсып таңбасыз күндер өте береді де».

         Шарбану тағы да өз-өзінен
өрекпіп кетті. Бәрін қойып бүгіндегі барды айтсайшы. Сағынышқа орай сазартып қойғаннан
гөрі шал да болса, көзінің алдында қалқиып жүргенге не жетсін! Күтері жоқ
қарияның қара қағаз алған Мәруанға барып, бақ сынауы теріс пе екен? Мейлі, күндерін
көрсін қос бейбақ».

           Ол алыстағы Қасымын тағы
көз алдына әкелді. Соның өзін жамау көңіліне тоқ санаған Шарбану күйеуін жақын тартып,
жанынан шығарғысы келмей жүкаяқтан ұстап қатып қалыпты.

           Бірақ Қасым алыстай берді.
Алыстай берді де, көп ұзамай ғайып болды. Енді оның орнына Әбінтай шал кеп тұра
қалды.

         Шарбануға қарап күлетін
сияқты. Көз қысатын сияқты.
Белгісіз бір жаққа шақыратын сияқты. Келіншек одан көп қысылатын сияқты.

            Ауыр бір күрсінген
Шарбану құс жастықты құшақтай алды. Шарбану ол күні таң қараңғысынан тұрды.

         Қасымның етек-жеңі кең
шекпенін жадағай жамылып, есік алдына шыққан Шарбану сол бойда-ақ сырттағы сүреңсіз
көп суреттің қоршауында қалды: үйме-жүйме, жатаған сұр үйлер Әбінтай шал
үстінен тастамайтын қара шапанның жамаулы иығындай жарбиып көрінеді. Ұйқы қызығынан
қалған бірді-екілі қариялар қолдарына құман алып, үйінділерді айналып жүр. Қысқа
көгендегі азғантай қозы-лақ анда-санда бастарын сілкіп-сілкіп қояды.

        Бейсенкүл кемпірдің дәу қара
қаншығы ауыл ортасындағы қоқыстың үстіне керіліп тұр. Мәруанның соқыр терезесінен
сығалаған білте шамның өлімші жарығы сөнуге жақын қалған. Арбакеш баланың
қорасынан ақырды тепкен ат тұяғының тықыры естіледі.

        Бұл айналадан жүбаныш
таппаған ол бозғылт тартқан қиырға көз тастады. Алыстағы әр түстан қарауытқан
нүктелер көрінеді. Тіршілік ыңғайына қарай кез келген төбенің басына шашырай
қонған шағын ауылдар мына таңертеңгілікте қиюы кеткен қараша үйдің жалбыраған
киізіндей сұрықсыз тартады. Кең алқаптағы қауызы жаңа ашылған ақ ұлпа қазір
Мәруанның кір жаулығындай көлеңкелі көрінеді.

          Шарбану осы бір селт етері
жоқ күйсіз көрініске қажыған кейіппен ұзақ қарады. Ұзақ қарап, жарық көңіліне медеу
болатын бір алданыш іздеп еді. Таба алмады. Таба алмаған соң іштей ызаланып, таусыла тарықты да, көзіне

жас алды. Бірақ қанша тарыққанымен мына кейіпсіз суретке оның қосары
да, алып тастары да жоқ еді сол сәт. Қасымның етек-жеңі кең жадағайын жалаң
жамылған күйі қапалы келіншек есігінің алдында міз бақпастан әлі тұр.

            «Маған не болған?»
деп ойлады ол. «Кешегі түннен бері
кірпігім бір құрғаған жоқ».
Шарбану басындағы жаулығын қолына алып, қайта үш бұрыштады да, қос бұрымын орай тас қып байлап тастады. Ол ылғи
да жаулығын төбесіне түйе салатын. Бұл жолы неғып өзгеше тартқанын өзі де аңғарған жоқ. Бірақ түннен
бергі торығуынан өшін сол орамалдан алғандай әжептәуір тыншып қалған еді.

         Бір мезетте сыртқа
Әбінтай шал шықты. Шықты да, қолындағы
шақшасын қағып-қағып жіберіп, қара көк насыбайды
аузына төге салды. «Тіф-тіф» деп қызыл шақшасын қалтасына сүңгітіп жіберді. Сосын жан-жағына қарады. Жан-жағына қарап
болды да, мәсісінің қонышын
тартып қойды. Қойнынан үлкен орамал
алып, көзін, мойнын сүртті. Үстін қақты.

       Ол осы таздың басындай
төрт-бес үйге мәтіби еді. Бригадир қара танымағанымен, айқайға келгенде ешкімге
дес бермейтін кәдімгі белсендінің өзі. Сосын үлкенге де,
кішіге де бетің бар жүзің бар деп
көрмеген кісі. Бұл ауылдың келіндері
оны сырттай «пәтипон қайнаға»
десе, қатарластары көзінше-ақ «жарапазаншы» дейді. Осы маңайда елден ерте тұратын да, кеш жататын да - сол.

           Таң алагеуімнен
аяғын баса алатын жұртты тік
тұрғызып, мақтаға жібереді.
Түн ортасы ауғасын терілген мақтаны орталыққа апарып өткізіп келеді. Өткізіп
келген соң да үйіне кірмей, арбакеш
баланың екі торыны қалай жайғағанын көріп барып тыныш табады.

           Жас кезінде сұлу болған деседі. «Талай қыздың
сырттай ғашық отына күйіп, көп күрсінгенін» көңілі түскенде Бейсенкүл кемпір
осы күнге шекті айтып отырады. Келе-келе
ол бос айқайға бой ұрып, ауыл
жұртына кейде

жақпай қалатын деседі біреулер.
«Қойшы, соны. Айтады да қояды. Мінезі
де» дейтіндер де аз емес. Қалай болғанда да
Әбінтай шалдың бұл маңайға
аты шыққан адам екендігіне ешкімнің
дауы жоқ. Сол кісі бүгін
күндегісінен де ерте тұрыпты.

          Сірә, Бейсенкүл кемпір
сияқты шайпауыздар «жас қатынның буына алыстан балқып, төрінің алдында шәниіп жатқан
шығар» демесін деп бүгін әдейілеп ерте шыққаны болса керек бұл оның.

            Тіптен түн қараңғылығы
сейілмей жатып, есігінің алдында селтиіп түрған Шарбануды көрген ол бірдемеден секем
алғандай селк ете қалды. Селк ете қалды да, сол әлсіздігін жасырғысы келгендей,
өз-өзінен күліп жіберді. Әп-сәтте құнжың-құнжың етіп, келшшектің жанына жетіп келді.

-        Келінжан-ау, көрпең кең болды
ма, мұнша ертелеп (Әбінтайдың қайтыс болған кемпірі Шарбануларға жақын апа
болатын да, шал оны көбіне-көп балдыз деп әзілдесе беретін), - деді ол
аузындағы насыбайын аяғының астына ытқытып жіберіп.

-        Күтулі көрпе кеңдік ете ме,
тек қайнағаның тойының қуанышы да жата алмай жүргеніміз, - деп Шарбану да шалды
шағып алды.

           Әбінтай әп-сәтте-ақ жаңағы
тек тұрмас күлкіден тыйылып қалды. «Бұл қай қағытқаның» дегендей Шарбануға
жалтақ-жалтақ қарай берді. «Жоқ, шынымен-ақ құптағаны ма екен?». Ол үнсіз тұра
алмады.

-        Бұл өзі жұрт жақтырмаған
тірлік болды білем, ә? - Шал мұңайған кейіп танытты.

-        Е, несі бар? Жалғыз сіз
дейсіз бе?.. - Шарбану шалды жұбатқандай болды.

-        Шының сол болса, жарадың,
шырақ... - Әбінтай мәсісінің қонышын тартып қойды.

-        Қайнаға, мәсіңіз құтты
болсын! - деді ол әңгімені басқа арнаға бұрғысы кеп. Бірақ шал оны
өзінше түсінді.

-        Айтсын, шырақ! Кеше келген
саудагерден алып едім. Әлгі құрып қалғыр өкшесі шөккен жаман етікпен қашанғы жүрейін.
Оның бер жағында мына бір той-томалақ келіп қалып.

-        Біреуді-біреу сынайтын күн
емес қой қазір, - Шарбану бір күрсініп алды.

-        Ей, шырағым-ай, тұз-дәм бұйырса
қиын екен ғой бұл. Қайбір жетіскенімізден жал бітіп жүр дейсің. Екі жарты бір
бүтін демекші, күн кешеміз де енді. Кәрі көңілдің желігуі емес, кәріп кісінің
тал қармауы да.

-        Көрмей жүргеніміз жоқ қой...

-        Шырағым-ай, үмітсіз шайтан
да. Тірі жүрген соң тіршіліктен қалмайды екенсің. Кей-кейде артымнан «аталап»
бір тұяқ ертететіндей көрем де тұрам. Әйтпесе жер ортаға келгенде желігіп нем
бар...».

        Шарбану жаңағы бір әзірде
жайсыз әңгімеден қашқақтаймын деп алдымен қуанышына құтты болсын айтудың
орнына, мәсісіне көз салғанынан сәл-кем ұялып қалып, қайтадан жөнге көшпекші
болып тұр еді, сол екі ортада Әбінтай шал қипақтай беріп, тағы киіп кетті.

-        Қасымнан
хат-хабар бар ма, келін?

        Шарбанудың өңі құп-қу боп, сілейіп қатты да қалды.

        Жәудіреген қой көздері
әп-сәтте бозамықтанып, қайқы
кірпіктері жан-дәрмен жыпылықтап кетті. Бар тапқаны
- үстіндегі кең жадағайдың өңірін тартпақтай берді. Ернін тістелеп, төмен қарайды. «Мені табаламақ болып тұр ғой, ә!» деп ойлады ол. - «Қан шығармай бауыздамақшы ғой».

          Шал Шарбанудың
бетіне бір қарады да, балаша
жәутең қағып, не дерін білмей әбден
састы. Бұқпантайы жоқ көңілмен әншейін сұрай салып еді. Сағыныш жеңіп жүрген Шарбанудың аяқ астынан мұншалықты таусыларын

ойлап па еді. Қапелімде аузына жөнді сөз де түспей қойды. Үнсіз қалудың ретін тағы таппады. Ұялған
тек тұрмас дегендей бірдеңелерді айтқан болады:

-        Енді келіп қалар. Жолда
жүрген шығар. Оңай емес қой, ақырын
берсін, әйтеуір! - Шал ІІІарбанудың селкілдеуге
бет алған салыңқы иығынан әрі асып, сасқанынан мақталыққа қарады.

        Тосын сауал абайсызда
сыздаулы жүрегін аяздай қарыған Шарбану мына жарбиған шалдан да, жанын жегідей жеген торығу сәтінен де қалай құтыларын білмей тұр еді, бригадирдің
сасқалақтап мақталыққа көз салғаны қамшы болды
да:

-        Терімге
шығатын уақыт жақындапты-ау, - деп асығыс үйіне кіріп кетті.

           Әбінтай шал аңырып
тұрып қалды.

          Манағы бір әзірде жыртық көңілі тасып-төгіліп төсегінен тұрған ол күндегі әдетінше арбакеш баланың үйіне жүгірмей, жаңа мәсіні киіп, ши барқыт жадағайын иығына тастай салып, есік алдына шыққан
еді.

         Таң атып қалған екен.
Алысты-жақын айнала бозғылт шымылдыққа
оранып, маужырап жатыр. Көз ұшындағы қарайғанның бәрі теңізде жүзген
үлкенді-кішілі көп кемелерге ұқсайды.
Бәрі де бір түрлі маңғаз тартады. Арық жағаларындағы
тал-шыбықтар шебер қолдан шыққан кілемнің
шашағындай төгіліп тұр.

«Бұл өзі жұмыс басты
боп байқамайды екенбіз ғой» деп
ойлаған шал енді айнала келіп ауыл-үйдің арасына көз тіккен. «Әсте Бейсенкүл кемпір пысық-ау» деп күбірледі салған жерден ол. «Қарашы,
есігінің алды тап-тұйнақтай.
Терезесінің айналасын әктеп
қойыпты. Тегінде, тазалық жақсы да.
Мақтаны жинап болған соң мен де бір кірісермін».

 

         Арбакеш баланың үйіне
бұрылғанда шалдың құлағына ақырды тепкен ат тұяғының тықыры келді. «Бейшара, болайын деп тұрған бала, - деп бір түйіп тастады ол. Кеш келгеніне қарамай аттарды жемдеп
жатқан екен де».

         Кәрі жүрегі жас балаша
өрекпіген Әбінтай содан бір кез Мәруан есігіне телміре қарап көп тұрған. Ешкім
шықпады. Бірақ бір белгісіз құмарлық көп тостырған шал жүрегі шиыршық атып,
жуық арада сабасына түспей қойды. Енді соның солығын басу үшін ауылдың сыртын бір
айналып барып, арбакеш баланың үйіне жүгірмей, жаңа мәсіні киіп, ши барқыт
жадағайын иығына тастай салып, есік алдына шыққан еді.

           Біреу шегелеп тастағандай
Әбінтай сол орнында ұзақ тұрды. Бірақ Мәруан көрінбеді. Арбакеш баланың
үйіне қарай жүре беріп те, ол көп бұрылды. Бірақ Мәруан көрінбеді.
«Шіркіннің, ұйқысы осынша
қатты болар ма?» деп күбірледі ол.

          Сол бойда шал көңіліндегі
күдігін басқысы келіп, арбакеш балаға ерекше жылы ұшырап еді. Оның да сәті түспеді.

         Әп-сәтте шақшадай басы
шарадай болған Әбінтай шал осы аяқ астынан төсек жаңғыртуының түп бастауын бір уақ
есіне алды.

        ...Жоқ, пайғамбар жасынан
асқан Әбінтайдың кемпірінің алдында күнәкар болған күні жоқ. Тіптен қалауын
тауып, құрақ ұшқаннан басқа бөтен сөз айтқан пенде емес.

         Жаман ауру жабысып,
ыңқыл-сыңқылы көбейген кезінде кемпірі күйгелектеніп, кей-кейде үй ішінің берекесін
алатын. Жоқтан өзгеге ашу шақырып, шалды да көп қажайтын. Соның өзінде де Әбінтай артық сөзге

бармайтын. Қайта кінәлі балаша
кемпірдің алдында жаутаң қағып, жүгіріп жүретін. Сондағысы - кемпірінің қам көңіліне қаяу түспесін дейтін.

           Өкпе ауруы
жіңішкеленіп келіп, әбден меңдетіп біткен Ажар
кейуана төсек тартып көп жатпады. Сүйретіліп жүрді-жүрді де, бір күні асығыс аттанып кетті.

             Кемпірі көз жұмғасын Әбінтай әлі келгенше
әруақтарды риза етті. Жетісі, қырқы, жылы... Анау көгендегі екі жетім лақтан басқа тұяғын түгел кемпірінің «құдай алдындағы
қарызына» жұмсады.

         Енді қартайған
шағында жалғыз қалуға бір түрлі қорықты
ол. Қазір ғой әйтеуір жүріп
жатыр. Біреуден кейін, біреуден
ілгері. Ешкімнен көмек сұраған
күні жоқ. Тек кешкілік үйіне
кіргенде, шал көп елегзиді. Өткен-кеткенін еске алады. Бұрқылдап ұрсып жатса да, күркілдеп жөтеліп
жатса да - кемпірінің орны бөлек екен-ау... Енді, міне, жынынан айрылған бақсыдай кеш болса дегбірінен айрылады. Түн баласына ұйықтай алмайды. Сыртқа шығады,
қайта келеді. Қайта шығады. Мейлі
ғой, әзір оның бұл азабын біреу білсе, біреу білмейді. Кейін қолынан қару
кетіп, от басынан шыға алмайтын кезінде кімге қол жаяды. Өзінің осы күйін
ойлағанда, шал көп қамығатын.

           Тірі адамның тірлігі таусыла
ма? Қартайдым деп қарап отыратын Әбінтай жоқ. Жұрт қиын-қыстау күн кешіп жатқанда
қай кісі қалыс қалушы еді? Оның үстіне анада «Қарақайдың» председателі әдейі ат
басын бұрып: «Әбеке, ендігі арқа сүйер ер-азаматымыз - өздеріңіз. Бала-шаға, қатын-қалаш
қалды ғой, мына төрт-бес үйге бас-көз бол» деген. Жәй деген жоқ. Шалдың
қолтығына көпшік қойып, ауыртпалықтың
бәрі осы ауылдың ғана басына түскендей таусыла тұрып, жалынғандай болған. Ол сөзге Әбінтай шал әжептәуір-ақ семіріп қалған-ды.

      Содан бері ерте тұрады, кеш жатады. Содан бері оның көрші-қолаңмен араласуы жиілеп кеткен. Шалдың осы Мәруанға жұғысуы да
таусылмайтын көп тіршілік-тауқыметінің қара көлеңкесінде өтті.

         Тегі момын, мінезі ауыр
Мәруан күйеуінің артынан қара қағаз алғанда жұрт сияқты ауылды басына көтере дауыс
салып, жыр-жырлау айтқан жоқ. Бетін тырналап, шашын да жұлған жоқ. Қайғы
бөлісіп келгендермен көргенді кісідей құшақтасып көріскен де жоқ. Іргеде теріс
қарап отырып алды да, үнсіз егілді. Қой дегенге де құлақ асқан жоқ. Бір уыс боп
бүрісіп, жас төге берді, төге берді...

         Келген жұрт өзді-өзінше жұбату
айтып, жылап жатты. Әсіресе Бейсенкүл кемпір көп егілді, көп таусылды. «Алда, арысым-ау,
ең болмаса артыңда түтін түтететін тұяқ та қалмады» деп аңырағанда айнала-көптің
сай-сүйегін сырқыратты.

           Әлден уақытта ауыл
адамдарының қолына су құйылды. Кемпірлер жағы алдымен көңіл басып, көздерін
жуды. Шай да ішіліп болды. Қашанғы отырсын иіріліп, жұрт бір-бірлеп тарай
бастады. Жесірге басу айтпақшы болып, баз біреулер біраз қарайлап еді, бірақ
Мәруан «иә» деп ешкімге бас көтермеді. Теріс қарап отырған бойы үнсіз қала
берді.

        Сол отырғаннан Мәруан түн
ортасы ауғанша отырды да, түн ортасы ауғаннан кейін қол диірменді құрып жіберіп,
таң атқанша жүгері жармасын тартты.

          ЬІқылассыз тағдырдың күштеп
табыстырған дәу қайғысын ол осылай томаға-тұйық қарсы алған еді.

         Күндер өте берді. Мәруан түн
баласы тыным көрмейді. Қол диірмен тартады. Азын-аулақ өзіне де ұн керек. Бейсенкүл
кемпір де жәутеңдеп тұрады. Қолынан әл кеткен адам зілдей тасты қашанғы
айналдыра берсін. «Жас немее жүнжіп кетер» деп Шарбануға да масақтан түскенін ұн
ғып береді. Кейде әбден сілесі катқан Мәруан таңертең тұра алмай қалады.

           Әбінтай шалдың дәйім де
сәріден келіп, терезені тықылдатқанын естіп жатады. Естіп жатады да, «Құйрығына
кұмалағы қатып қалған қара қозы әйнекке сүйкенген шығар» деп аунап түседі. Әбден
болмаған соң шал аяғы-

ның ұшымен басып үйге кіреді.

-        Мәруан шырақ, тал түс болды
ғой. Әлі жатырсың... Есіктің алдына тізерлеп отыра кеткен ол қипалақтап сәл кідірді
де, пеш үстіндегі ала дастарқаннан ауыз тиіп, асығыс шығып кетті.

         Сондай күндердің бірінде шал
есік алдында жүремелей, кірген бетте тура төрге бір-ақ шығып, малдас құрып отыра
қалды. Аузындағы насыбайын іргеге түкіріп тастап, аяқ астынан бірдеңелерді
күбірлеп, қолын жайды.

-        Қаленнің аруағына, карақ,
білген құранымды қайтарып жатырмын. Бүгін бейсенбі ғой, топырағы торқа болсын,
момын жан еді, - деп бетін сипады. Мәруан қолын жайған жоқ. Қара қыжым шапанын
жүре жамылып, пеш жанына барды да, тамызық тұтатып, түнде толтырып қойған
тезекті қағыстыра берді.

     Шақшасын тағы бір қағып алған
шал төмен қарап көп отырды. Содан бір сәт:

-        Мәруан шырақ, бұл өзі
екеуіміз екі үйде жынынан айрылған бақсыдай боп қалдық қой, - деп бір қойды ол.

           Әлден уақыт өтті. Жаңағы
емеурінге жауап болмаған соң, ол ауыр бір күрсініп алды да:

-        Сен әлі жассың ғой. Көш
жүре-жүре түзелетін де шығар. Бізді айтсайшы, жер ортадан ауып кетіп, енді жұртта
қалудан басқаға жарамайтын, - деді. Деді де, орнынан атып тұрып, беліндегі белбеуін асығыс
байлап,

жылдам шығып кетті.

           Күн әлдеқашан
батқан. Көз байланып қалған кез. Күз кешінің
әжептәуір ызғары бар. Жеңіл киінген кейбіреулер дірдек қақпағанымен қанардың ығын қалап қалған. Оның үстіне түстегі азын-аулақ астан кейін
ауыздарына түк алмаған жастар жағы «қарным аштыны» айтып та үлгерген.

Алғашқы сәтгердегі әзіл-оспақ та әлдеқашан айылын жиған-ды. Әйтеуір, арба
күтіп қалған жұрт тықыршулы-ақ. «Әне, келеді, міне, келедімен» тырнағына ілініп
отыр. Мұндайда Әбінтай шал қарап қалған ба? Әрі-беріден соң Бейсенкүл кемпірді
әзілге шақырып, қуақыланып кетті.

-        Қартайғанның белгісі-ау,
қанарың толмай қалыпты, - деуі-ақ мұң екен. Тіптен соншалық кейіске кететін түк
жоқ-тын. Әншейінгі арзан әзіл ғана еді.  
Бірақ Бейсенкүл кемпір аяқ астынан бұлқан-талқан болып шыға келді.
Сондағысы «мақтамды кем тарттың» дейді. Әбден ашуға мінген ол бригадирдің түп-тұяғын
бір түгендеп қайтты. Оны азсынды да, тағы киіп кетті.

-        Ө, несі-ай, ала алмай жүрген
өші бар ма екен, бұл қақпастың. Жетім-жесірдің ақысын кем шығарып, кері
тартқанда кімді мұқатпақшы. Тағдыр жазған жалғыздығының өшін менен алмақшы-ау
өзі...

        Жаңағы әзірде өзді-өзімен
болып тұрған шаршаулы топ аңтарылып қалды. Қапелімде қай жағын мақұлдайтындарын
да білмейді. Тіптен мұндайды ешкім күткен де жоқтын. Алдында «үлкендердің бірі
тоқтатар» деп Шарбану да үнсіз тұрған. Бірақ ешкім ештеңе дей қоймаған
соң барып:

-        Апа,
қойыңызшы. Асырып жібердіңіз ғой тіпті. Қай-қайдағыны қозғамаңызшы, - деп басу
айтпақ болып еді, кемпір оны уәж
көрмей өршелене түсті.

-        Әдірем
қал. Сен менің маңдай теріммен тапқан ақымның мысқалынан да маңайлай алмайсың.
Жақындап көрші. Анау бес тал
сақалыңды біртіндеп жұлайын.
Менен жырған мүлкіңді о дүниеге өзіңмен бірге ала кететін шығарсың...

           Шал жөпелдемеде
сасып қалды. Бар тапқаны - басын қасып,
сақалын сипай береді.

-        Өй,
тәңір алғыр, тәңір алсын сені. Тәңір алғыр-ау, мұның не?
Бала-шағаның көзінше... Тәңір
алғыр-ау, көзімді бақырайтып қойып
күйдірмексің бе? Мынау кейінгіге бас
болатын екеуімізге не жетпей бара жатыр осы?
Өй, тәңір алсын сені. He көрінді, әзілге осыншалық шаптығып?

        Шал қатты қысылды. Бар
тапқаны - әлгі. Бар тапқаны - сақалын сипап «тәңір алғыр» дей береді. Әбінтай тіптен шөгіп кеткендей
болды. Жақ сүйегі шодырайып, маңдайы қырық қатпарланды да қалды. «Иә, иә» деп
жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды.

        Сол бұрқылдаған күйі
Бейсенкүл кемпір ауылға жаяу қайтып кетті. Кемпір ұзағасын бригадир
айналасындағы әркімге бір жаутаңдап, өз-өзінен күбірлей берді.

-        Айып жоқ оған. Оңай ма, бір
аяғы жерде, бір аяғы көрдегі адам ғой. Шаршаған шығар, тарыққан шығар. Тегінде,
шаршаулы адам шікәмшіл келеді емес пе! - Шал мұңайып қалды.

         Мәруан бір түрлі оны аяп
кетті. Шалдың жалғыздығын, «кәрі қойдың жасындай жасы қалған» қарттығын ойлады.
«Несі бар екен Бейсенкүл апамның бұл бейшарада» деп іштей реніш те білдірді.
Келе-келе өзінің де жесірлігі, жалғыздығы, мүсәпірлігі алдын кес-кестеп бір
түйін болды да, тамағына келіп кептеліп қалды.

        Содан Мәруан шалға: «Әлгі апамның ашуын
ауыр алмаңыз» дегісі келіп еді. Айта алмады. Айта алмаған соң аз-кем үнсіз тұрды да, бетін басып, солқылдап жылап жіберді.

         Бәрі аң-таң. Жібуі қатты, ал
бір жібісе бекуі де оңай емес келіншектің аяқ астынан осыншалық тарыққаны -
көптің тағы бір күтпегені болатын. Состиып-состиып тұрып қалған жұртқа белгі
бергендей Шарбану жүгіріп барып, Мәруанды құшақтай алды. Құшақтай алды да:

-        Жеңеше, жыламаңызшы, жеңеше?!
- ол Мәруанның бетіне бетін басты. - Жыламаңызшы!..

           Мәруан өз-өзін тоқтата
алмай онан сайын егіліп кетті. Оның көзінен жас моншақтары Шарбанудың мойнына
құйылып жатыр.

          Сол екі ортада Әбінтай шал
мен арба айдайтын бала он шақты қанар мақтаны апыл-ғұпыл артып алып, орталыққа
жүріп кетті. Жамау көңіл жесір мен жүрегін сағыныш сыздатқан жас келіншек
айдалада құшақтасқан күйі ұзақ тұрып қалған еді.

         Ертеңіне ертелеп оңаша
кеткен Шарбануды жол-жөнекей қуып жеткен Мәруан көп қипақтады. Елп етпесі жоқ
жеңгесінің дәл бүгін бір сыр айтқысы

келгенін айнытпай сезгенімен, Шарбану оны қыстамады. «Басы артық
күбір-сыбырға о бастан жоқ Мәруан дәу де болса бір құпия әңгіме айтпақ қой. Қыстап қайтеді. Өзі айтсын».

         Бір мезгілде Мәруан
шыдамады білем:

-        Біргад
қайнаға бүгін таң сәріден келіп, кәдімгі он екі
ширектік салы орамал тастап кетті, - деді төмен қараған күйі.

Көңілінде ештеңе жоқ Шарбану:

-        О
несі екен. Жұбатқаны ма
сізді? - деді жұлып алғандай.

-        Қайдам.
Бар айтқаны «шырақ, дәке
жаулығыңның шеті шашақталып кетіпті»
болды. Дәйім асығып жүретін әдеті де,
мен аузымды ашып үлгергенше шықты да кетті.

-        Е,
мейлі! Құтты болсын!

-        Қайдам?
- деді Мәруан күдікті көңілмен.

-        Е,
не қайдамы бар оның. Қарасқаны да.

-        Қайдам?!
- деді Мәруан тағы да.

         Шарбану не дерін
білмеді. Бір орайда ол «осыны несіне айтып
келе жатыр» деп те ойлады. «Салы орамалда тұрған не бар?».

       Сол күннің кешінде
Әбінтай шал аяңдап Мәруанның үйіне
барды. Бұл жолы да ол есік
жақта көп аялдаған жоқ. Кідірместен
төрге өтіп кетті. Үстіндегі жұқа
шапанын шешіп, оны желбегей жамылып алды. Төбесі тесіле

бастаған киіз қалпағын жанына
қойды. Әлсін-әлсін жөткірініп қояды.

         Мәруан әдетінше шәй қайнатып, дастарқан жайды. Шай үстінде шал Мәруанның
алды-артына он ойқастап, көп нәрсенің басын шалды. Ақыры келіп-келіп әңгіме аяғын
жалғыздығына әкеп тіреді.

-        Мәруан шырақ, несін
жасырайын. Кәрі қойдың жасындай жасым қалды. Құдайға шүкір, жанашыр жақын таба
алмай жүргенім жоқ. Бірақ оның жөні бір басқа ғой. Қазан-аяқтың да берекесі
кетті, - деп тағы бір жөткірініп алды.

         Мәруан бос кесеге шай құйып,
жүгері нанның екі-үш түйірін Әбінтай шалдың алдына қарай ысырып қойды.

-        Кемпір барда білмейді екенбіз
бұл, - деп тағы бір жөткірініп алды шал.

       Мәруан босап қалған кесеге
тағы шай құйды.

-        Шырақ, әлгі орамалды тартып
көрдің бе? Көз жауын алатын құрғыр екен. Жарасатын шығар өзі.

         Екеуі де жүктің
үстіндегі он екі ширектік салы орамалға жарыса көз салды.

         Шал алдындағы кесені
төңкеріп тастап, кейін ысырылып отырды. Мәруан ұшып тұрып,
қонағына тәуір жастығын тастады.

-        Мәруан
шырақ, екі жарты бір бүтін болып жатқан күн
ғой қазір. - Ол селдір сақалын саусағына орап шиыршықтай берді. - Шай қайда қашар дейсің, шырақ!

-        Азғантай бидайды тартқан жоқ едім.
Жүгері нанды жақтырмадыңыз ба?

-        Жо-жоқ,
шырақ. Қайта ыстық шайға қанып, маңдайым жіпсіп адам боп қалдым ғой.

        Мәруан кесе-шайнекті
жинай берді. Шал қалтасынан шақшасын
алды.

-        Мәруан
шырақ, ер-азамат алыстап кеткесін кәрі-құртаңға жал бітіпті-ау деп
сөкпегейсің. Іште буып-түйіп жүрген
ілгері үмітім бар. Анау марқұм
мың болғыр Қаленнің де оты өшпесін.
Мен де жыртық-жамау көңілімді бүтіндейін...

           Мәруан осы ауылға
келін боп түскелі бері тұңғыш
рет Әбінтай шалдың бетіне тіктеп
қарады. Тіктеп бір қарады да,
селкілдеген сирек сақалды ғана көріп, көзін тайдырып әкетті.

        Әлі үн жоқ.

       Енді орағыта берудің
ретін таппаған шал кілт қозғалып жүресінен отырды да:

-        Мақұл десең ауылдың үлкен-кішісінің
батасын алайық, - деп бір қайтты.

        Жастайынан кімге болса
да қарсы келуге үйренбеген бұйығы Мәруан бұлыңғыр бір тұман ортасында қалғандай сезінді. Сол мезет
төр алдында сайрап отырған бір жапырақ
қаңбақ шал әлі алды-артын аңғармайтын кішкене
бала іспеттес боп көріңді. Бейтаныс жерде жалғыз қалып, енді өзінен жылылық күткен адамдай кейіп танытатын сияқты. Сосын оны әнеугүнгі Бейсенкүл кемпірдің кейіс үстінде қоймай тілдегенін
еске алды. Еске алды да, шалды тағы
аяп кетті. Қазір ғой ол ең арғысы бықсыған
тезек түтіні де шықпайтын қаңыраған бос үйіне барып, ескі тонына оранып, тақыр тулақ үстіне жата кетеді...

          «Бұл бейшарада не күй қалды дейсің. Күндегі
айқай-ұйқаймен білдірмегенсіп
жүре береді де. Әйтпесе қайбір жетіскен
күні бар оның» деп ол таусыла толғанды. Қаленнен қара қағаз келгелі бері көңілі сәл толқыса

көз жасы дайын тұратын Мәруан бұл жолы да шыдай алмады. Тағы
солқылдап жылап жіберді.

-        Мәруан шырақ, мұндайда көз
жасы да көптік етпейді. Шер тарқап, жылап алған жақсы, - деп Әбінтай шал орнынан
тұрды.

          Сол бойда ол Бейсенкүл
кемпірдің үйіне барып, ертең кеште жетім лағының біреуін соятынын айтты.

         Шарбану үйге кіргенде, енесі
жаңа тұрып жатыр екен. Ол басы ұршықша қалтылдап отырған жан-дәрмен кемпірге
көзінің астымен бір қарап, күндегі әдетінше:

-        Қалайсыз, апа! - деді.

-        Ей, шырағым-ай, адам
өлмегесін өзеурей береді де. Өйтпесе бұл жалғанда бізге не қызық калды дейсің?
- деп кемпір кемсеңдеп кетті.

          Әтіркүл әжей қанша қиналса
да сыр бермейтін еді бұрындары. Бүгінгі тарығу - келінінің өсте
күтпегені-тін. Шарбану сасып қалды. Сасып қалды да:

-        Қазір шай қайнайды, апа, -
деді. Деді де, енесі жатқан іргедегі беті жабулы сары шылапшынды асыға-үсіге сыртқа
апарып төгіп келді.

        ...Әтіркүл кейуана бұл күнде
түзге шығуға мұң боп қалған ғаріп адам. Жіңішке ауруы үзілмей келіп-келіп, ақыры
мешелдікке жолыктырды. Күн ұзаққа жамбасы тесіліп, жалғыздан-жалғыз қара
көлеңке үйде жатады да

қояды. Соның өзінде де о кісінің
аяқ астынан таусыла қалатын мінезі
жоқ-тын. Кім білсін, әйтеуір,
бүгінгісі бөлекше болды.

         Алғаш келін боп түскенде
жүдеу қарттың жүре алмайтынын көріп, Шарбану шошынып кетіп еді. Соны сезе қойған Қасымның екеуі оңаша қалған сәтте
қысыла-қысыла құпия тілек
айтқаны әлі есінде.

-        Шарбану,
адам ауруды сірә да сұрап алмайды ғой. Көңіліңде күдік барын білемін. Бірақ мен
десең апамның жарық сәулесіне көлеңке түспеуін
көптен-көп қалайтынымды ұмытпағайсың.

-        Қойшы,
Қасым. Білмейді дейсің бе? Несіне қиналасың, - Деп Шарбану әжептәуір қысылып қалған.

         Бұдан әрі екеуі де сөз созбалаған жоқ.

        Қасым қасында жоқ бүл
күнде Шарбану оның аманатына бар ықылас-пейілмен қарайтын болған. Кемпірдің қас-қабағын бағып, оның көңіліне қаяу түспеуін көп қадағалайды.

         Обалы не керек, Шарбану
осы үйдің босағасын аттағалы бері Әтіркүл кемпірден бір түйір жаманшылық көрген жоқ. Бергенін ішеді де, алғысын жаудырып
жата береді. Қасым барда сүйемелдеп,
түзге өзі шығарып келетін. Ол кеткесін
Шарбану енесінің аяқ жағына
шылапшын әкеп қоятын болды.
Түнемесіне де, күндізге де сол. Оның бергі жағында да екеуден-екеу қалғасын ба, жоқ әлде мүсәпір кемпірдің
мүшкіл халін күнделікті көріп-

біліп жүргендіктен бе, Шарбану енесін есінен шығармайды. Ертелі-кеш
ыстығы дайын. «Жас неме ғой, аузының дәмін алсын» деп сырттағы жұрт қолына ұстатқан бірер түйір құрт-қантқа шейін сары майдай
сақтап, әкеп береді.

         Тіптен, Әтіркүл кемпірдің әр таңертеңгілікте риза көңілмен мейірлене ішкен шайынан кейін
Шарбану көпке дейін бір түрлі толқып
жүреді. Тіптен, қолынан келгенше бипаздап, сол кісіге тағы бір шай беруге
асығып жүреді.

Кешке дейін далада жүргесін бе,
Шарбану кемпірді әр кез сағынып
келеді. Ол - осы бір мүсәпір
кейуананың ауыр күндердің азабына
алданбайтын беріктігіне Шарбанудың іштей көп сүйсінетінінен болса керек-ті. Сол беріктіктен сын-сәттерде оның қуат алып,
кеуде көтеріп қалатынынан болса
керек-ті. Сосын Шарбанудың бүгінгідегі
бар жұбанышы да - осы енесін
күту ғой.

        Қанша шаршап-шалдығып
келгенімен Әтіркүл кемпірдің:

-        Келдің
бе, қарағым, - деген сөзін естігенде ерте кездегі
көлеңкесіз еркелік қысқан ол, төр алдындағы ененің
ыстық құшағына құлай кетуге асықты. Ол сәттерде Шарбану аяқ астынан баяғы шуақты
күндердің қуаны-

шына тап болғандай жайраңдап
келіп кемпірдің аяқ жағына
отыра кетеді. Отыра кетеді де:

-        Aпa, ыстық аңсап отырсыз-ау! -
дейді.

-        Бізді
қойшы. Үйдегі бізді қай жау алады дейсің. Түздегі сендер аман жүрсеңдер болды да бізге, - деп кемпір де Шарбанудың күлкісінен тосын бір еркелікке
бой ұрғанын танып, жұбатудан гөрі жебеуге жақын тартады.

       Мұндайда Шарбану мұңайып
қалады. Мұңайып қалатыны - кемпір «сендер» дегенде көз алдына Қасым келеді. Ол
шыдай алмайды. Шыдай алмайды да:

-        Қасымдар қайда жүр екен? -
дейді.

-        Қайда жүрі несі? Жазған жоқ
па, әнеугүні қайда жүргенін.

-        Қайдам...

-        Қой, құлыным, қараптан-қарап
жүріп таусылғаннан сақтасын...

-        Апа, бір түрлі қорқамын.
Түнде түсіме кіріп жүр. Тіптен алыстап кеткен жоқ па екен?

-        Қай-қайдағыны айтады
екенсің...

-        Қиын болды ғой, әйтеуір...

-        Шырағым, жетісіп жүрген ешкім
жоқ қазір, - деп Әтіркүл кемпір келінінің көңіліндегі күдікті аластағысы келеді.

       Екеуі де үнсіз қалады.

       Дәйімгіде күйрек көрінбейтін енесінің аяқ
астынан жасырын таусылуы Шарбанудың аласапыран көңілін онан сайын ойрандап
кеткендей болды. Ол, әрине, жаңағы әзірдегі басу сөздің қарт жүректен қалай
қиналып шыққанын біледі. Сезеді. Сондықтан да Шарбану енді сәл кідірсе көз жасын тоқтата алмайтынын
біліп, шайын кемпірдің алдына апыл-ғұпыл қойды да, асығыстап сыртқа
шықты.

           Шарбану есігінің алдында
әрі тұрды, бері тұрды. Ойы сан-саққа жүгіреді. Жаңағы әзірде енесінің алдында
осал тартқанына бір жағы өкінеді де. «Енді кімге айтамын. Бәсе, кімге айтамын» дей береді тағы да.
«Қашанғы бітеу жара болып жүре
береміз». Тұла бойы
күйіп-жанып, таңдайы кебірсіген Шарбану ауыл шетіндегі жалғыз аяқ жолға әрең
жетті. Жеткен бойда көк шөптің үстіне отыра кетпекші болып сәл кідірді де; «біреу-міреу
көрсе көрім ғой» деп ілгері кетті.

         Mac кісідей мең-зең Шарбану
он саққа қашқан ой ұштығына жете алмай келеді. Жол-жөнекей оның оралмаған тұсы
жоқ. Біресе Әбінтай шалдың ши баркыт шапаны мен су жаңа қара мәсісін көз алдына
әкеледі. Біресе Шарбану алыстағы Қасымға ауысады. Ауысқан бойда ұзын бойлы, қой
көз, ақ сары жігіт анау арық жағасындағы топ талдардың арасынан шыға келетіндей
көрініп, ілгері ентіге түседі. «Қасым, мен қазір, өзің де бері жақындасайшы.
Сені көргесін әл-дәрменім құрып қалды ғой», - деп күбірлейді ол. Күбірлейді де,
күңгей бетке үздіге көз тігеді.

       Жанар жетер жерден қара
таппаған Шарбану енді арбакеш баланы іздейді. Іздейді де: «Ол бейшараның
үстінен түспейтін қомыт-қомыт күртеше мен қырық жамау бәтеңкесін тастатып, ши
барқыттан галифе шалбар, қына-

ма бел китель тіктіріп кигізіп, аяғына кең етік әперсе ғой, соқталдай жігіт
болып шыға келер еді», - деп ойлайды.

          Ол осы сәт дәп жанынан
қарулы қолды көргісі келеді. Сол қарулы қол ақ жарқын үнмен жүрек қытықтайтын әзіл
айтса дейді. Сосын кеңкілдеп күлсе дейді. Онда өзі де армансыз бір күлер еді. Құмардан шыға күлмегеніне

де көп болыпты-ау...

        Бір белгісіз үміт
жетелеген Шарбану жан-жағына қарады. Көз жетер жерден ешкім көрінбеді. Осыншалық өзеурегені құрғақ қиял болып шыққан

келіншек ернін тістелеп, ентелей
жүріп кетті.

           Ақшағала мақталықтың
іргесіне ілігісімен қалың жүйекке түскен ол құрғақ қауашақтардың
тырнағының көбесін аяусыз тырнағанына
қарамастан терімге қатты кірісті. Сәл абайласа қолға түсетін көп
ауыртпалық та жоқ.

Бірақ Шарбану бар өшін он
саусағынан алғандай өршелене түседі.

           Кешке тойы болатын
Меруанның күндегі терімге қызыл қыжым
кеудеше киіп, ақ шайы орамал тартып, «мен
мұндалап» келгенін мұндағы жұрт әр саққа жүгіртті. Біреулер құптап жатты.

 

-        Қайтсін байғұс, қуанышы да.
Шал деп шатқаяқтай бергенмен қылшылдаған жігітті қайдан табады.

-        Рас-ау, төрт жағы құбыла кім
бар қазір? Өстіп бүтінделмесе, бұйығы байғұсты бай іздейтін бе еді, сірә!

-        Кергуді көтеретін күн емес.
Мәруанға мін таға алмаймыз.

Біреулер бетін шымшып жатты.

-        Несіне желкілдейді? Жаңа есік
ашқалы отырған жоқ қой.

-        Бәсе деймін-ау!

-        Әбінтай шалдың етегінен
ұстағанына соншалық асып-тасығаны несі екен? Үлкен бар, кіші бар демей
ме?..

        Мәруан ешкімді елең-құлаң қылған жоқ.
Еңкейген сайын иығына түскен шашақты орамалдың ұшын сәнмен сілкіп тастайды да, бір
жүйектің шетіне шыққанша жан-жағына қарамайды.

         Қатар жүргендердің қанар
қаптау үстінде, сусын ішуге келгенде күбірлегендерін ол, әрине, естіді де.
Бірақ сыр бермеді. Бір ойнақы әуеннің ырғағына өзінше түсіп алып, жорға
сарынмен ыңылдап жүрді де қойды. Кей-кейде даусы қаттырақ шығып кетеді. Ол
кезде Мәруан өз-өзінен езу тартады. Езу тартады да, біреуді іздегендей қос
жаққа өзеурей көз тастайды.

       Күн түстік төскейге тақағанда
ақ қалпағын оң шекесіне қыстыра салған Әбінтай шал келді. Қолтығында бүктеулі бір
түйіншегі бар.

      Бейсенкүл кемпір мырс ете
қалды.

-        Сенің-ақ кекесінің қалмайды,
- деп шал да күлімсіреп өте берді. Өте берді де:

-        Мәруан шырақ, шаршаған жоқсың
ба, қалай? - деп қолтығындағы бүктеулі түйіншегін Мәруанның тола қанарының
үстіне апарып қойды.

         Атыз жағалап, алып-ұшып
жүрген бригадир шалға Бейсенкүл кемпірден бөгде ешкім ләм-мим демеді. Әбінтай ақыры
айналсоқтап барып-барып Мәруанның жанынан бір-ақ шықты.

-        «Адам көркі - шүберек» деген
осы да, - деді ол жан қалтасына қолын салып. - Мына бір-екі шақпақ тәттіні ала
келіп едім. Аузыңның дәмін ал.

Мәруан қып-қызыл боп кетті.

-        Қойыңызшы, бала дейсіз бе?

-        Бұл құрғырың бүгінде таңсық
қой. Әнеугүннен бері талай оқталсам да татпай келіп ем... - Әбінтай шал іштейгі
ренішін бұл жолы жасырған жоқ. - Тілеуіңді бергір, қол қайтармашы енді. Тілек
аттағалы тұрып қол қайтарған жаман дейтін бе еді бұрынғылар.

           Түсте шал мен Мәруан жарты таба жүгері
нанды дәу қарбыздың суына турап талшық етіп отырған. Шарбану қанарын арба
келетін арғы жағаға апарып тастамақ болып асығыстап жүр еді. Бір күбірді
құлағы шалып қалды. Шал сөйлеп отыр екен.

-        Шырағым-ай, жалғыз өткен
жайдары ғұмырдан, қол ұстасып жүрген қиын күн артық, - депті ғой бұрынғылар...

          «Кімге айтып отыр
екен» деп ойлады Шарбану. «Мәруанға сөзін өткізе алмай жүрген жоқ қой». Сол сәт
ол етжеңді Мәруанның кең кеудесіне қаптап қойғандай қан қызыл
кеудешеге қызыға қарады. Жалтыраған қыжым кеудеше
күн сәулесіне шағылысып жалт-жұлт
етеді. Оған Мәруанның күлкісі
қосылғанда күйінішті келіншектің жүрегіне
шоқ түсігі кеткендей болды.

        Шарбану баса-көктеп,
омыраулап бара жатқан қызғаныш сезіміне ерік бергісі келмей кілт бұрылып кетті. Алыстан ағаш арбаның ащы салдыры
естілгенде ол аяғына көн етік, үстіне қынама бел китель киіп, ұзын қамшымен
доңғалақтарды үйіре соққан соқталдай жігітті көретіндей болып әнтек басын
көтеріп еді. Алдынан жамаулы күртешесін қыл арқанмен тас қылып буып алған арбакеш
бала шықты.

           Нән қанар жеңгесінің тоқ
балтырын соғып келе жатқанын көрген бала көмекке жүгірді. Шарбану «уһ» деп маңдайына
түскен шашын бір ысырып тастады да, талға сүйеніп тұра қалды.

-        Мырза бала, жеңгеңе тағы
қандай көмегің бар?

-        Қолымнан келгеннің бәрі...

-        Келмейтінге ше?

-        Менің қазіргі жоғымды сен
таба алмайсың ғой, жаным... Арбакеш бала жеңгесінің тершіген ақ маңдайына, қызыл
ойнаған жүзіне, жыпылықтаған ұзын кірпіктеріне тесіле қарап, ұзақ тұрды.

        Шарбанудың өз босағасына бас
сұғып, бір кесе шайды қолына алғаны да сол еді, Бейсенкүл кемпір кіріп келді. Кіріп
келді де, сампылдай жөнелді.

-        Шаржан-ау, мына шалдың жетім
лағы әлі сойылмапты да. Енді-енді қам ғып жатыр.

-        Е,
апа, не асығыс бар. Келгендері де жаңа ғой...

-        Ей,
шырағым-ай, сауықсырап барады деймісің мені. Ертендері бірлі-жарым мал түсіп кетеді, анау аңызды тағы бір
адақтап қайтсақ деп ем де.

-        Әнеугүннің өзінде жарыған
масағы көрінбеп еді. Одан бері не қалды дейсің? - Шарбану кемпірге шай құйды.

-        Бара көреміз де.

         Шарбанудың үйден шыққысы
келмей отыр. Өне бойы батпан зіл басқандай қозғалуға шамасы жоқ. Өткен түн ұйқысы
да шала болып еді. Енді лақтың еті піскенше аз-кем мызғып алмақ-тын. Бірақ
қадалған жерінен тістеп қатып қалатын Бейсенкүл кемпір тақымдап болар емес.

-        Шаржан-ау, қарап отырғанда
бір уыс дәнді бізге кім әкеп береді. Ең арғысы қуырып жесек те.

-        Қойшы-әй, соларыңды. Бүгіннен
басқа да күн бар ғой. Жуынып-шәйініп бір мезгіл көңіл көтерсін... - Әтіркүл
кемпір тыжырынып теріс қарады.

-        Қойыңдаршы, мамырайқанның
күніне күпті болмай...

        Енді тұрмаса Бейсенкүл
кемпірдің ашуланып шығып кететінін сезген Шарбану қолындағы кесесін дастарқанға
қоя салды.

-        Мейлі, барсақ барайық.

Кемпір орнынан тұра беріп еді, Шарбану:

-        Екеуден-екеу елегзитін
шығармыз. Анау мырзабаланы ерте кетейік.

-        Қайның ғой, өзің айт. Енді
менің оған жата-жалынар жайым жоқ, - деп кемпір жақтырмай қалды.

       Қараңдаған үшеу ауыл
сыртындағы аңызға тартты. Қолдарында бір-бір қап. Жаңағы бір әзірде сал
сүйектеніп, көзіне ұйқы тығылып, жүру түгілі, тұруға да шамасы келмейтіндей
көрініп еді ІІІарбануға. Бірақ айлы түннің

қоңыр салқын самалы оны тез
сергітті. Тез-ақ жеңілейіп, бара-бара
бір тосын ойнақылық оны шыр айналдырып, үйіре
берді. Оның күлкісі келді.
Мына елсізге қарай бет алды жүгіргісі келді. Басындағы орамалын жұлып алып,
жалаң бас жүргісі келді. Алып ұшқан асау көңіл еркіне жіберсе алып қашып та
кетер ме еді, тек Шарбану жанындағы кемпірден қаймығады.

-        Шарбану түскендегідей бүгін
Мәруан да шымылдық ішінде отыр ма? - Арбакеш баланың сөзі келіншектің көңіліндегісімен
қапталдаса кетті.

Бейсенкүл кемпір күліп жіберді.

-        Баламысың деген...

         Ыңғайсызданып қалған арбакеш
бала екеуіне кезек-кезек қиыла қарайды.

-        Сенің тойыңда сұлу келіншегіңді
шымылдықтың ішіне отырғызамыз, - деп Шарбану әзілдеп өтіп еді, Бейсенкүл кемпір
іліп әкетті. Іліп әкетті де:

-        Қайта-қайта шымылдық құра
берген құдайын ұмытады, - деп бір түйреп өтті.

         Үшеуі тағы үнсіз қалды. Ол
сәт жаңағы бір «шымылдық» жайы Шарбануды өткен күндердің үлкен қуанышына
әлдеқашан жетелеп кеткен еді.

            Ол шақ - Қасымның су жаңа
«полуторканы» безілдетіп жүрген кезі. Қыздардың қарасын көрсе болды, арындатып
кеп, әдейі қою шаңға көміп кететін кезі кәдімгі. Сөз жоқ. Бар тапқаны - «полуторкасымен»
ойқастай береді.

       Бұрындары бұл екеуінің көз
көргенде сыпайы әзіл, көңіл көргенде қалай аударыстырсаң да оңайлықпен сыр
алдырмайтын бірді-екілі жұмбақ хаттары болмаса, оңаша қалып, өздерінше
тілдескен күндері жоқ-тын. Ол күні жұрт мақталықтан кеш қайтты.

           Шарбанудың әжесін
шайландырып, есік алдына шыққаны сол еді, шым шарбаққа сүйеніп, төмен қарап тұрған
Қасымды көрді. Көрді де, бұ да мелшиіп қатып қалды. He дерін білмейді. Сәлден
соң «біреу-міреу көз тігіп тұрған жоқ па екен» деп жан-жағына қарап еді, ешкім
көрінбеді.

Біраз үнсіздіктен кейін:

-        Мен
әншейін келіп едім, - деді
Қасен естілер-естілмес күбірлеп.

Шарбану тіл қатқан жоқ.

-        Мен
әншейін келіп едім, - деді Қасен тағы да. Шарбану үн-түнсіз үйіне кіріп кетті.

-        Жағымсыз біреу-міреу
қорқытқаннан сау ма? Әбден алқыныпсың ғой, қарағым, - деп әжесі басын көтерді.

Шарбану ләм-мим деместен қайта
шығып кетті.

           Қасым шым шарбаққа
сүйеніп, көзімен жер шұқылаған
күйі әлі тұр екен. Қыз оған бір ауыз сөз айтқысы келіп әлденеше оқталды. Бірақ айта алмады.
«Күніне қырық қырындайтының
қайда? Бәрі де көптің көзінше екен
ғой...» деп күбірлейді. Енді сонысын Қасымға жеткізейін десе даусы шықпайтын сияқты.

Ақырын қиналып келіп:

-        Ауылыңызға
қайтыңыз. Ұят болады, - деді
Шарбану естілер-естілмес қана сыбырлап.

-        Мен
әншейін келіп едім, - деді Қасым тағы да. Оның даусы бір түрлі дірілдеп шықты.

-        Сырт адам көрсе сөз қылады
ғой. - Мұны Шарбану ауырсынып айтты.

           Қасым басын көтермейді.
Көтермейді емес-ау, көтере алмайтын сияқты. Біреу мойнына мініп алып, еш
нәрсеге мұршасын келтірмей тұрған тәрізді. Бар тапқаны - әбден ақжем болып, жұлым-жұлымы
шыққан етігімен жер шұқылай береді.

           Шарбану үнсіздікке шыдай
алмады. Қасымның сызылып қалғанына қарадай ашуы келді. «Қаққан қазықтай қашанғы
тұра бермекшіміз? Осы шарбақтың аузында таң атырғысы келе ме екен?». Ол әнтек бұрылып,
сыртын қалың киізбен тыстаған дәу есікті қатты серпіп қалды.

        Шым шарбаққа сүйенген балаң
жігіт ол мезет әбден сасулы еді. Манағы бір әзірде машинасын қойып, үйіне барғасын
бір түрлі отыра алмай осы әудем жердегі «Қарақайдың» орталығына тартып
кеткен-тін.

         Енді келерін келсе де,
кетерін де, осылай тұра берерін де білмей - сарсаң.

        Қас қылғандай бүгін ай да
әбден айшықтанып алыпты. Кәдімгі сүт-жарық. Ауыл іші шуақты күндізгідей.
Бір тәуірі, көз жетер жерден
қыбырлаған қара көрінбейді. Мына
меңіреу тыныштыққа қарауылдай көрінген Қасым сол тұрған бойы сыртын қалың қоңыз
киізбен қаптаған дәу есікке әлсін-әлсін ұрлана қарап қояды.

          Бір кезде қыжым жадағайын жүре киіп,
қызыл орамал тартқан Шарбану асығыс шықты. Шықты да, шарбақтың есігін айқара
ашып, үй сыртындағы жылан ізіндей ирелеңдеген жалғыз аяқпен әудемдегі шоқ
терекке қарай кетті. Ә дегенде Шарбанудың неге шыққанын андамай аңырып тұрып
қалған Қасым бір сәт ұзын шыбығын шарбаққа осып-осып алды да, қыз артынан
сүріне-қабына жүгіре жөнелді.

           Ол бір жағынан қорқып
барады, бір жағынан қуанып барады. Буын-буыны қалтырап, жүрегі алқымына
тығылғандай алқынады. «Шарбану, мен әншейін келіп ем ғой» деп күбірлейді.

         Шарбану мен Қасымның әлгі
топ теректі тонның ішкі бауындай жақын көріп, бұрынғы көлеңкедей «сіз, бізден» жақын
тартқан шуақты «сенге» көшкені де сол түн еді...

-        Сен
бала, бос селтеңдемей масақ тер!

        Бейсенкүл кемпірдің даусы Шарбануды
жаңағы тәтті елестен айырып жіберді.

-        Келіп
қалдық па?

-        Е,
аяғыңның асты кеше ғана орақ өткен аңыз емес пе? - Кемпір керенау селқостықты жақтырмаған сыңай танытты.

 

Шарбанудың тұла бойы бір шымырлап өтті. Әлгі елестен
айрылғысы келмегендей жан-жағына қарады. Сол-ақ екен, арбакеш бала езу тартып:

-        Жеңеше,
ұйқың ашылды ма? - деді.
Қайнысының әзілі онсыз да алаулап
келе жатқан Шарбануға қамшы болды
білем:

-        Қайдан
ашылсын. Жеңгесін оятар жігіттің түрі мынау - басар жолын зорға тауып келе
жатыр, - деп сылқ-сылқ күлді.

-        Мына
шіркіндер, не деп барады, - деді де, Бейсенкүл кемпір ілгері кетті. Сәл үнсіз
калған арбакеш бала жерден дәу
кесекті іліп алып, алға қарай бар пәрменімен лақтырып жіберді. Лақтырып жіберді де:

-        Мейлі
ғой... - деп қызарақтап қалды. Бұған
ішек-сілесі қата күлген Шарбанудың бір сәтке басы айналғандай болды. Көзі
қарауытып құлай жаздап барып
тоқтады. Буын-буыны босап, көзін әрең
ашты. Белі ауырып барады. Біреу қытыктап жатқандай тұла бойы шымырлап кетті. Аяғы ұйып қалған сияқты. Бастырмайды.

-        Жеңеше-ау,
кешегі түн қой күзеткеннен саумысың? - Арбакеш бала Шарбануды тағы қағытты.

       Ол мезет келіншек өзін
билеуден қалған еді. Бірақ құлай
кетудің орнына:

-        Осы
сенің-ақ қорлығың өтті ғой, - деп арбакеш баланы арсалаңдап барып, бас салды. Бас салды да, баланы қаңбақ құрлы көрмей, жеңіл көтеріп әкетті.

-        Жеңеше,
койдым. Қойдым дедім ғой, Шарбану, - деп арбакеш бала біраз бұлқынып көріп еді. Келіншектің құшағы жазылмады.

         Шарбану сол бойда
арбакеш баланы аяғының астына алып ұрмақшы боп айнала беріп еді,
тарақтаған қолы ажырап кетті де, өзі
шалқасынан түсті. Қайта ұмтылып, күртешесінің етегіне жармасты. Жіберер
емес. Қатып қалыпты.

        Әл-дәрмен босанған
бала алды-артына карамай қаша жөнелді.
Шарбанудың қолында оның күртешесі ғана қалды. Ол тұра сала жамаулы күртешені
лақтырып жіберіп, арбакеш баланы қуып берді. Әлгінде анадай тұсқа жүгіріп
барып, ұзай берудің ретін таппай состиып тұрып қалған

арбакеш бала тағы да арсалаңдап келе жатқан жеңгесін ыржалақтап қарсы алды.

-        Жеңеше,
қойшы. Апамнан ұят қой. Әне,
қарап тұр...

-        Тілеп
алған өзің. Енді менен құтыла
алмайсың... Құтқармаймын, -
Шарбану тұра ұмтылды. Бала енді қашпады. Қайта жақындай беріп, жеңгесінің
жүзіне тесіліп қарап қалды.

         Шарбану теңселе басып, төніп
келеді. Төбесінен бір байлай салған ақ жаулығы алысқан жерде қалыпты. Шашы
қобырап, жасыл күртешесінің де, көйлегінің де түймелері ағытылып кеткен. Қыр
мұрнының қос желбезегі

қусырылып, демін ішіне тарта,
қып-қызыл. Алаулап тұр. Қой көздері аспан аударылып-төңкерілгендей
бір ашылып, бір жұмылады.
Айқасқан кірпіктер ажыраған сайын ноқаттай
жанар жарығы ай сәулесіне шағылысып, жарқ ете
қалды.

        Іштегі бітеу жараның
сыртқа атойлаған шабарманындай ақ маңдайдағы қан тамырлары да білеуленіп шыға келіпті. Тырнақтарының көбесі қанталап
кеткен, қолдары дір-дір етеді. Шығыңқы төсі бүлк-бүлк соғады. Кезек

бүлкілдемейді. Жарыса
бүлкілдейді. Кәдімгі тиісерге қара таппайтын
тентек бүлкіл. Сыздаулы жүректің сырдан еркіндікке
бұлқынған бүлкілі.

          Бала бұның біреуін де көріп
тұрған жоқ. Бірақ ол бәріне қанық.
Бәрін сезеді. Мана күндізгіліктегі бір күрсіністе әлгі арпалыс суреті түп-түгел көз алдынан өткен-тін. Шарбану теңселе басады. Бір жоғын ашына
іздейтін

сияқты. Үздіге іздейтін сияқты. Көзін тас қып байлап алып, жердегі инені қармалаған адам
іспеттес. Сол. Соның дәл өзі.
Таба алмасын білгенімен тартынуға шамасы жоқ. Таласпен келеді.

        Арбакеш бала шошынып
кетіп, Шарбануға қарсы ұмтылды.

-        Жеңеше,
не болды?

        Шарбану қайнысын құшақтай алды. Құшақтай алды да, деміге ыңырсып, баланың төсіне басын тастай салды. Тұла бойы - шоқ. Тиген жерін күйдіріп барады. Ол ештеңеге қарайтын да
емес, ештеңені елейтін де емес. Осы мылқау
құмарлықтың жетегінде өртеніп
кетуге бар. Әйтпесе біреуді өртеп жіберуге бар.

            Арбакеш бала жеңгесінің
көз жасына ғана жұбаныш іздеп көрмегенін сезді ме, әлде бұрын-соңды
жолығып-біліп көрмеген бөтен қылықтан ыңғайсызданды ма, «қойыңызшы, не болды?»
деп кейін шегіншектей берді.

          Сол екі ортада баланың бір
уыс төсінен басын жұлып алған Шарбану қайнысына алара қарап сәл тұрды. Сәл тұрды
да, жалын ата «аһ» ұрып, басын баланың төсіне тағы тастай салды. Сол бойда ол
елсізде қалып, әбден шөліркеген кісіше кезерген еріндерін баланың сүйегі шодырайған
төсіне төсей берді. Баланың қытығы келіп, бойын жаза шалқалай түскенде, Шарбану
оның иығынан тістеп алды.

-        Ойбай! - Ыршып кеткен баланың
иықтары селкілдей берді. Шарбану басын жұлып алды. Бірақ үндеген жоқ. Жаңа ғана дір-дір еткен саусақтары да,
кезерген еріндері де, лапылдай жанған
жанары да сұлқ түсті.
Бәрі-бәрі сөніп қалғандай болды. Осының
бәрін түсінде көріп түрғандай
- мең-зең. Әлгі бір мезетте
әлем-тапырығы шыққан асау көңілі, қазір құлан өтпес құла дүз. Аяғын басуға шамасы жоқ. Әйтеуір, ілініп тұр. Heгe ілініп тұрғанын өзі де білмейді.

             Арбакеш бала көзінің
жасын жеңімен кайырып тастады да, теріс айналып кетті. Бірақ қанша тістеніп,
шыдаймын десе де өксігін баса алар емес. Өшпестей бір өкініш өзегін өртеп барады.
Бала сол сәт неге жылап тұрғанын анық білмейді де. Ол, әрине, тіс тиген иығын
ауырсынып тұрған жоқ. Сонда да, әйтеуір бір өксік көзден де, көңілден де кетер
емес.

         Шарбану басын зорға көтерді.
Жаңағы әзірдегі шамаға келмей алып-жұлып бара жатқан құштарлықтан түк қалмапты.
Жаңағы әзірдегі ашқарақ алау сезімнің орны үңірейіп бос тұр. Ұзақты күнге
тынышсыз тірліктің бар салмақ-қиынын енді көргендей сілесі қатып, сәл босаңсыса
құлай кетуге әзір. Құр сүлдері ғана сүйретіліп, ілбіп барады.

 

          Мана аңыздың шетіне ілінісімен
арбакеш баланы Шарбану ашқарақтана жұлмалап жатқанда:

-        Өй, мына шіркіннің ойыны ма,
шыны ма? - деп тұрып қалып еді кемпір. Сол әрі-сәрілік оны еріксіз ұстап тұрған-ды.
Еңді жақын келген Шарбанудың шашы қобырап, алқам-салқам болған кісі шошырлық
қасіретті кейпін көріп, ол тіксініп кетті. Тіксініп кетті де, «мынау
қайтеді» деп кейін шегіншектей берді.
Бар тапқаны.

-        Пендеміз ғой, бәріміз де
пендеміз ғой! - деп күбірлей береді.

         Кемпірге бетпе-бет келіп
қалғанын жаңа ғана аңғарған Шарбану:

-        Жоқ! - деді. - Масақ жоқ, -
деді де, бұрылып алып, елсізге тартты.

        Кәрі жүрек мына балбыраған
келіншектің көңіл түкпіріндегі төтенше торығуын мана-ақ сезудей сезген-тін. Бірақ
мұншалықтыға барады деп ойлап па ол?!

-        Қайда кеттің?

        Кемпір суланған кірпіктерін
әл дәрмен жыпылықтатып, Шарбанудың артынан жан ұшыра жүгірді. Қуып жеткен бойда
ол келіншекті құшақтай алды. Құшақтай алды да, ағыл-тегіл жылап бара жатқан
Шарбанудың беті-

басын, қобыраған шашын, ақ тамағын күс-күс алақандарымен сипалай берді,
сипалай берді.

-        Қарағым,
қапаланбашы... Берік бол, Шаржан! Кемпір күбіжіктеп,
күбір-күбір етеді. Бірақ оны елеп, құп алып жатқан келіншек
жоқ. Қайта буын-буыны босап, осы жалпақ
жалғанда да дәл қазір мүсәпір жан жалғыз өзі сияқты солқылдап кетті.

-        Жоқ
жерден жаман ырым шақырып жылай берме! He көрінді соншалық?

         Бейсенкүл кемпір аяқ астынан
қатуланып алып, Шарбанудың сесін қайтарып тастамақ еді. Болмады.
Келіншек онан сайын өксіп кетті. Енді
кемпір де үнсіз қалды.

         Сәлден соң Шарбану мылқау
тыныштыққа мойынсұнғысы келмей, жаңағы әзірдегі кемпірдің күбірін серік тұтып
қалып еді. Енді өне бойын бір түрлі қорқыныш билеп, елегзиін деді. Содан ол пана іздегендей Бейсенкүл

кемпірдің бетіне қарады. Бірақ кемсеңдеп тұрған қарттың кайғылы
жүзінен жұбаныш таба алмады.
Шарбану кемпірді аяп кетті. Аяп кетті
де, бас көтеретін бірдеңе дегісі келді.
Мұндайда ауызға сөз түсе қоя
ма? Үнсіз қалудың түк ретін таппаған
ол:

-        Апа,
сізге жол болсын! - деді.

-        He
жол сұрайсың менен,
Шаржан-ау!

          Кемпірдің ала бөтен
қамығуы сай-сүйегін сырқыратқан Шарбану өз-өзін тағы тоқтата алар емес. Тұла бойы қалтырап, иықтары селк-селк еткен келіншек ренішке ырық бермейтін берік қорғанды жаңа тапқандай кемпірдің

мұп-мұздай төсіне
тығыла түседі.

-        Қарағым,
қапалана бермеші...

        Әл-дәрмені бітіп
қалғандай теңселе басқан Шарбану жандарындағы
жәрбиген сабан үйіндісіне жалтақ-жалтақ қарай
береді. Соны сезіп калған кемпір үндеместен барып, жұмсақ жерге қисая кетті. Шыдамай-ақ тұр екен,

Шарбану да жанамалап келіп отыра
қалды.

        Бейсенкүл кемпір
манағы бір күбірін қайта бастады.

-        Осындай
оңашада әбден мауқынды басып, жылап ал.
Көп ішіңде көрінеу жас төгу жас адамға жараспайды, шырағым. Онсыз да тырнағына ілініп жүрген жұрттың іліп әкетпесіне кім кепіл.

            Бағана риясыз бала
мінезге басып, наз көңілмен өзін әбден-ақ
жұлқылаған жеңгесінін оқыс
қылығына дәл қазір таңырқауынан
татулығы басым арбакеш бала ыржалақтап тағы келді.

-        Масақ
қуып жүр ме десем, мұнда
отырсыздар ғой. Әбінтай
атамның жетім лағының еті ендігі езіліп кеткен де шығар. - Бала жарқылдап тұр.

           Ол жақын бұрылғанда, сабан
түбіндегі екеудің сынық кейпін айтпай аңғарып, дем сәтте жүні жығылып қалды. Арбакеш
бала қипалақтап аз-кем тұрды да, маналы бері реніштен басқа рең танытпаған
екеуіне:

-        Қайтайық та, - деді, - ертең
ерте түру керек. Ауылдағылар да іздеп жатқан болар. - Бала кенересі сөгіле
бастаған тар құлақшынын төбесіне тастай салды.

         Ол мезет кемпір мен келіншек
те орындарынан сүйретіле тұрған еді.

Шарбанулар тойға көп кешігіп келді.

-        Сен бе бүгін пысықсынып
жүрген? - Шал Бейсенкүл кемпірге қарап, қатулана қадды. - Балаларды босқа әурелеп...

-        Немене, асың суып қалды ма? -
Кемпір мырс етіп күліп жіберді. - Мынаны қараңдаршы-ай, мұртын бастырыпты. Сақалын
да қырдырып тастауы ғой. Ә, бұдан шығады әлі. Мен көрген шал болса, бұдан шығады әлі...

        Шарбану да шыдай алмай
күліп жіберді. Бұлардың артын ала кірген арбакеш бала әудемде
үндемей қалып еді, шал алдыңғы
екеуден босай бергенде:

-        Ата,
құсыңыз құтты болсын! - деп тақ ете қалды. Жұрт қыран-топан.

-        Айтсын,
балам, айтсын! Төрлете бер. Сенен қадірлі қонағым,
қане! Әбінтай шал алып-ұшып,
бір айтар ықылас-пейілін танытып
жатыр.

         Шарбану алғаш «шал
арбакеш балаға ұрсып тастай
ма» деп сасып қалып еді. Жоқ. Әлгі
бейкүнә тілекке ол әжептәуір жылып қалған
сыңай танытты. Шыны да болар-ау!

            Манадан бері
Шарбану сырт көзбен дөп көріп отыр. Шал тіптен қутыңдап қалыпты. Сығырайған шүңірек көздерін ашып-жұмғанының
өзі қарлы қаратауды аударып-төңкергенмен бірдей-ау! Қалтасынан дәу орамалын алып,
мойнын сүрте береді. Әлсін-әлі мәсісінің қонышын тартады, жадағайының етегін
қағады. Кей-кейде кінәлі адамдай жан-жағына жаутандай қарайды. Бірақ онысы - өкінішті
сәт қана. Әйтпесе жаутаңдауынан жарқылдауы көп. Төрден төмендеу отырған ортаға
қайта бір оралған сәтінде шал аяқ астынан ақталғандай боп:

-        Шырақ, кем-кетігіне кешірімді
болыңдар, - деп қайырып келді де, аяқ астынан ол қуыстана берді. - Мәруан жас
қой. Бірақ сол жастығын сатып, тәкаппар тартпай, әйел басының жалғыздығына мені
жамағанын ерсі көргенім жоқ. Бәріміз де пендеміз...

        Несіне орағыта береді деп
ойлайды шай құйып отырған Шарбану іштей. «Несіне қуыстана береді. Ұрлық па екен
бұл?».

         Ол басын көтеріп алды. Co
мезет пеш түбінде қамыр илеп жатқан Мәруанға көзі түсті. Толық жүзді, пісте мұрнын
қоңылтақ санағанымен үлкен қой көздерін бойына шақ көретін етженді келіншек
бал-бұл жанып, ләззатты сәттерді асыға күткен ынтызарлығына өз-өзін сендіргендей
сыңай шалдырады.

        Қызыл батсайы көйлегінің
жендері кері ысырылған сайын ақ білегі ала бөтен жарқылдап, қамырды құшырлана созғылайды.
Тістерін қышырланып, Мәруан шикі қамырды со бойымен жұтып қоятындай көрінеді
Шарбануға.

Жүзі бал-бұл жанған Мәруанға қадалған сайын Шарбану қатты елегзиді. «Қойшы,
осы» деп ол бар ықыласын құйып отырған шайына аударғысы келеді. Бірақ онысынан
түк те шықпайды.

        Қалай бұрылса да ақ білегі
ала бөтен жарқылдап, күлім қаққан Мәруан көз алдынан кетер емес.

        Жұрт қарап отыра ма,
алып-қашты әңгімеге көшті. Сып-сып сырғып өтіп жатыр. Оған жөндеп құлақ қойған Шарбану
да жоқ. Жалғыз өзі тағы да бір ерін күйдіретін елестің жетегінде кеткен.

        ...Қасымдар «Қарақайға»
күндіз барды. Үшеу болып барды. Күйеу жолдастыққа Қален еріпті. Бір жағы
құда, бір жағы ұзататын
ауылдың бір көзі болып осы Әбінтай шал
да барды.

         У-шудан алыс, бөлек
бір үйде екі-үш құрбысымен оңаша қалған Шарбану ойы сан-саққа
жүгіреді. Сол сан-сақтың бұрылар
түсы - көбіне-көп бүгінгі тойдың басы. Ойламайын десе де болмайды. Бірде «мына қарбалас қашан бітер екен,
ертерек жолға шықсақ еді, не болса да» десе, бірде «үйренген ортадағы соңғы
сағаттар созыла түссе екен» деп тілейді.

       Күні бойы бір елі ажырамай
қасында болған қыз-келіншектердің келеңсіз күрсіністері-ақ Шарбануды жалықтырып
жіберді. «Сөйтіп кетеді-ау енді» десе біреуі, екіншісі «қыздың күні құрсын» деп
ернін сылп еткізеді. Одан қала берді, кейбір қызылға құлағыштары Шарбанудың
қолындағы білезік-жүзігі мен құлағындағы сырғасына қадалады. «Мұның бәрін алып
қояды ғой» десе біреуі, екіншісі «қойшы, қайын сіңлісі жоқ көрінеді» деп жұбатқансиды.

         Күбір-күбірмен күн
батты. Қас қарайды. Ел орынға отыратын
мезгіл болды. Түн ортасы жақындап қалды. Шарбанулар отырған отауға шешесінің, әжесінің, жеңгелерінің келуі
жиілеп кетті. Абыр-сабыр көбейді. Бірі кіреді, бірі шығады.

-        Бір
шайнек шай әкеліңдерші!

-        Иә,
әкеле қойыңдаршы. Ерке қызға қолымыздан шай
құйып берейік.

        Жеңгелері ғой.

        Сырттан шешесі жүгіріп
келді.

-        Шығатын
уақыт болды.

          Шарбану жұрттан бұрын түрып кеткенін сезбей де қалды. У-шу. Кимешегінің ұшымен көзін сүртіп әжесі жүр.

-        Ерке
қыз арбаға міне ме? - деп жатты біреулер.

-        Үйбай-ау,
күйеу жігіт шығайын деп жатыр, - деп бір
әйел келді ентігіп.

         Жұрт дүркірей келіп, есікке кептеліп қалды. Шарбану да шықты. Ай жарық екен. Анадай
жерде топ адам біреуді жұлқылап жатыр. Жоқ, біреу емес,
екеу екен. Жоқ, екеу емес, үшеу екен.

-        Күйеу
баланы өлтіретін болды ғой мыналар. Шарбану жалт қарады. Сол екі ортада өзі де
әр қолға бір өтіп, не болғанын білмей
қалды. Бар білгені - ағыл-тегіл жылап жүр. Онысы - Қасымды аяғаны ма, әлде
туған босағамен қоштасар сәттегі қимастық па, ол жағы Шарбануға беймәлім.

         Бір кезде
үйіліп-төгіліп арбаға жайғасты-ау. Ширығы тұрған аттардың жонына қамшы сарт
ете қалды. Жаңағы жаяу
көкпардан құтылған Қасымдар ауылдан ұзай бере көш алдын орай шауып, арбаға
жақын келді. Қырын қарап отырған Шарбанудың бұрылғысы-ақ келеді. Бірақ ұялады.
Әрі-беріден соң аттылы үшеу кейіндеп қалады. Тағы көш алдын орай жортып арбаға
жақындайды. Олар жоқта «қапталдасатын осы тұс болар-ау» деп бұрыла көз тіккен
Шарбану қатты қателесіпті. Қас қылғандай бұл жолы Қасымдар арбаның арғы жағын
айналып өтті.

        Шарбану сол түні Қасымды
қасынан бір көруге ынтызар еді. Бірақ ауылға келген соң ол тағы да қолдан-қолға
өтті. Ақыры сусылдаған сары шәйі шымылдықтың ішінен бір-ақ шықты...

         ...Енді бүгін Шарбану мына
той үстінде сол шымылдық көрген түнін үздіге еске алып отыр. Оңаша қалған сәтінде
Қасымның қыпша белінен қапсыра құшақтап, шығыңқы төсіне тікен басын тастай
салған мылқау еркелігін дәп қазір бір мезет болса да көруге ынтықтылығын
айналадағы бейқам жұрттан тығып ұстауға Шарбанудын әлі келмейтін сияқты-ау,
сірә!

        Қызғаныш пен қимастық қатар
тоғысқандай құйын сезім құрсаулап алған. Шарбану әрі-беріден соң шыдай алмай:

- Апа, біздерді әсте жалғыздыққа жаратпаған ғой, - деп Бейсенкүл кемпірді
құшақтай алды.

          Әдейілеп ашытқан боза
еріндеріне тиісімен жұрт әр тұстан бір созбақтап ән бастады.

Ақшеңгелдің түбінде ін бар екен,

Біздің елге баратын кім бар екен,

Доо-ла-най.

Қанша жақсы болғанмен

Өз еліңдей бола ма-ай...

Бұл ауылдың бүгінде сүйіп айтатын әуені - осы. Ой-нақылығынан гөрі
тебіренісі терең мына сыр мінез сарын серік болғандай Шарбану елжірей еміреніп еркін отыр.

         Күнделікті көп күйініш
пен тілеулі тіршіліктің таусылмайтын бейнетіне көндіккен жұрт сауық-сайранды әлдеқашан-ақ
мүлдем ұмытқандай еді. Енді
сол ауырлыққа Әбінтаңдың кішкентай той-домалағы арашаға түсіп, болмашы бір қоңыр сәуле шашты да, кеш түсе томаға-тұйық қалатын ауыл бір сәтке езу
тартқан-ды.

 

Қанша жақсы болғанмен

Өз еліңдей бола ма-ай...

       Біреуі бастаған әнді
екіншісі іліп әкетіп жатыр. Тіптен әуен
үзілер емес. «Әбден сусап қалған екенбіз-ау, сағынып қалған екенбіз» деп ойлады
Шарбану. «Кәрі-жас демей қатар қосылып жарыса шырқап отыр-ау! Тегінде, адам қуанышқа ғана жаралған ғой...».

       Көп толғаныс құрсауындағы ол жаңағы бір әуенге өзінің де елеурей еріп кеткенін әсте
аңғармап еді.

        Той дастарқаны үстіндегі
үлкен-кішінің сәл ғана саябыр тапқан ұрымтал мезетінде Шарбану әлгі ерке сазға ауыр жолдар жалғап, шырқап кетті. «Мына жұрт қоштамай қояр-ау» деп ол тіптен
қысылған жоқ. Айта берсеңіз

сол жұрттың дәл қазір осында
бары-жоғын да елемейтін сияқты.
Өз-өзімен, өз әуенімен, өз мұң-шерімен
жалғыз қалып, қимас біреуге
жалына-жалбарынғандай салып-ұрып кете барды.

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ
бос келеді.

Сүйген жардың жоқтығы жаман екен,

Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.

Зибаш-ай...

Қасыңның кара

Қиғашы-ай...

Құрбыңды, сәулем,

Сыйлашы-ай...

Қарап отырған Бейсенкүл кемпір
Шарбануды оңдырмай бір түртіп қалды.

-        Жоғы
несі-ай? Жаман ырымды бастап... Сен осы бүгін неғып сабындай бұзылып
жүрсің...

-        Апа-ау,
«алыста» дегенім ғой. Қазір қасымда жоқ екенін
кімнен жасырайын, - деп Шарбану да ақталған болып
жатыр. - Енді сағынышымызды да шектейміз бе?

-        Қой-әй,
жіпауыздана бермей... Айтсаң жөнімен айт. Айта
алмайтын болсаң жәйіңе отыр. Жоқтауы несі?

           Енді уәж қайтарса-ақ
Бейсенкүл кемпірдің аяқ
астынан жауар күндей түнеріп кеп қалатын қаһарына ілігіп қалуы хақ. Оны басындағы орамалындай білетін Шарбану үндемей құтылды. Кемпір де одан әрі
қазбалап, тықақтаған жоқ.

         Манадан бері есік
алдында үнсіз отырған арбакеш бала Шарбану
әуелі ән бастағанда төрге қарай жылжи бастаған. Содан жеңгесі әлгі әнді аяғына
дейін әкелгенше сүйемелдеп жылжумен болған. Қазір ол Шарбануға жақын кеп, әуенге қосыла кетпекші еді, оған болмай
қалды. Енді қимай қипақтап, ши саусақтарын оңды-солды сытырлатып, не істерін білмей
сасулы-ақ. Оны қарайған тұтып қарап жатқан ешкім жоқ. Сонда да құлағының ұшына
дейін қызарыл, тіптен болар емес.

       Арбакеш бала бір мезгілде
молдасоқынып отырған жерінен су шыққандай қомпаң-қомпаң етіп, тізерлеп қалды.
Тізерлеп қалды да айыр қалпағын қолына алып «әу» деді.

 

         Жұрттың бәрі жалт қарады. Үлкендер жағы
мәнденіп, «әй, мына жаман қайтеді» дегенше, арбакеш бала біраз жерге ұзап
кеткен еді.

Айнамкөз сен қай-дағы, мен
қай-и-дағы,

Біреуу-дің мен де өзіңдей боз
тай-и-лағы.

Есіме сен түскенде беу-қарағым!

Қайнайды зығырданым
қай-қайдағы...

Жалпақ мұрнының қос желбезегі
қайраңда қалған балықтың
аузындай бір делдиіп, бір қусырылады. Шарбану жеңгесінің «бар құпиясына
жалғыз өзім қанықпын» дегендей ме, қалай, әйтеуір қалқан құлағы қан қызарып, ынты-

шынтымен-ак шырқап отыр. Сол
сол-ақ екен, тағы бір тұста Шарбану
да қайнысына қайрылмай қосылып кетті.

Анау бір күндергі еркетотай
баланың ерте есейгенін ерекше мақұлдайтын мына көпшілік оның аузынан «әудемесін» алғаш естіп, таңырқағандай
болған-ды. Келе-келе Шарбану екеуінің қосылып салған әнін ілкі ризашылықпен ұйып тыңдай берді.

        Арбакеш бала айнала жұрттың мына «әудемені» құп алғанына масаттанып, «Айнамкөзді» әрі жалғап кетті.

Салма-асам Айнамкөзге ән бол-майды

Киме-сем екі-ау бешпент-ау сән
бол-майды.

Маналы бері дастарқан басы болып,
әнге де, әңгімеге де бөлінбей қосылып
келген көпшілік енді арбакеш баланың әуеніне құлай жығылып, қона ден қойған.

Қайнысының «Айнамкөзін» бір
айналым қосылып келіп, тоқтап қалған
Шарбану дәл осы сәт бөтен бір толқу
үстінде.

             Ол қаншалықты
бейқам қалайын десе де, айналып кеп манағы
бір әзірде масақты алаңқайда болған оқиғаның мән-жәйіне ойыса
береді. «Көзінен жас парлап кеткеніне қарағанда қатты
тістеп алған болуым керек». «...Жанына қанша
батса да ашуланбағаны несі». «...Мені аяғаны ма?». «Сонда ол бірдеңені жобалады ма екен, жоқ әлде әншейінгі арзан
жұбату ма?».

      Ой біткен осылай шашырап келеді
де, түйдектеліп барып оның қам көңілін көп күдікке толтырып жібереді. Бірақ
оған Шарбану дес беретін емес. Жеме-жемге келгенде әзілдеймін деп жүріп,
арбакеш баланы жылатып алғанына дәл қазір ол өкінбейді де. Қайта алыстағы Қасымын
бір сәт жақыннан көргендей болып кей-кейде көтеріліп қалады.

«Мына күртеше өзін жәрбитіп жібереді екен» деп күбірлейді Шарбану балаға
қарап. «Ертең шайға шақырайыншы, қайбір жетісіп жүр дейсің байғұс!».

...Біреу-еу-уу-дің мен де өзі...іңдей-ау,

боз тай-лаа-ғың-ай...

Арбакеш бала күртешесінің бар
түймесін ағытып тастапты. Жұқалтаң
жүзі күреңітіп кеткен. Шарбану әннің аяғын
екеулеп бітіргісі келіп, қосылып көріп еді, ілесе алмай қалды.

-        Әп,
бәрекелде-е, балам!

Әбінтай шал арбакеш баланың басын
бір сипап, төрге қарай өтіп кетті.

-        Әуезі
бөлек екен. Әлі де тартыншақтап отыр-ау, әйтпесе
қырдан асып кетпекші ғой.

-        Нағашылары
әнші деуші еді. Тартқан да.

-        Аулымыздан
айтулы бір әнші шықты дей бер енді.

-        Ет
жеп болғасын тағы айтқызайықшы...

-        Нартайдың
әнін білесің бе?

Жұрт кеу-кеулеп кетті. Арбакеш бала бас көтерер емес. Сол тізерлеген қалпы. Қатып қалған.

Жаңағы бір үрдіс әннен кейін көп
кідірместен сыртқа шығып кеткен
Шарбану ентіге келіп, есік алдындағы дәу теректі
құшақтай алды. Құшақтай алды да, бір бұтақты қайырып әкеп, мұп-мұздай жапырақтарды алаулаған

бетіне басты. Бұтақ қайта сілкініп кеткенде
сарғайған жапырақтар жерге сау ете қалды. Шошынып кеткен Шарбану ыршып түсті. Ыршып
түсті де, үйіне қарай жан ұшыра жүгіре жөнелді.

        Көп кешікпей Шарбануды іздеп
шыққан арбакеш бала әудемде орамалы ағараңдап жүгіріп бара жатқан жеңгесін көріп,
кілт тұра қалды. Дем сәтте кеңілі орталанып қалған бозбала аяғының астындағы
сары жапырақтардың біреуін алды да, шайнап-шайнап түкіріп тастады. Әдемі
басталған әннің үзіліп қалғанына оның ызасы келді. Ызасы келді де, теректі бір тепті.
Сары жапырақтар тағы сау ете қалды. Жалма-жан жан-жағына қарап еді, ешкім көрінбеді. Сірә, Шарбану үйіне кіріп кетсе керек. Арбакеш бала не
істерін білмей кемсеңдеп есік
алдындағы бос ердің үстіне отыра кетті. Co бойда оның көздері жыпылықтап, мұрнының ұшы ашып жүре берді.

          Кеше келген бойда төсегін
апыл-ғұпыл салып, құлай кеткен Шарбану күндегі әдетінше таң алагеуімде оянды. Кей
күні ол керіліп-созылып аз-кем жатып қалатын еді. Бүгін көзін ашысымен тұрып
кетті. Тұрғасын сезді, денесі дел-сал. Әбден езіліп қалыпты, басы мең-зең. Бір
мезет Шарбану кешегінің бәрін еске алды. Бәрін еске алған бойда беті дуылдап
жүре берді. Арбакеш баланы жылатып қойғаны. Әбінтай шалдың тойынан кетіп қалғаны.
Жұрт не дейді енді? «Әтіркүлдің келіні кергіп жүр» десе ше?

        Шарбану ұрлана басып, пеш жанына барды. Барды да жан-жағын сипалап біраз тұрды. Сосын төр жаққа бұрылды. Енесі ояу жатыр екен. Кимешегінің
бір ұшын тас қып ұстап алыпты. Жүзі сарғыш тартып,
шыр байлаудан кеткен кемпірдің үлкен қой көздеріне таусылмас бір мұң ұялағандай еді.

-        Осы
аз ғұмырыңдағы айтулы бір
ауыр түнің болды білем бүгін, қарағым. Жаратушы жүрім берсін, әйтеуір, өздеріңе. Тілектен басқа
тірліктен қалғанбыз ғой біз.

         Шарбану кемпірдің аяқ
жағына үнсіз отыра кетті.

-        Ақырын
берсін, шырағым, берік бол, - деді кемпір тағы
да.

Шарбану сүйретіле орнынан тұрды. Сүйретіле тұрды да,
өз төсегіне жақындай беріп, селк ете қалды. Астына салған көрпешенің де, жастығының да мыж-мыжы шығыпты. Нақ бір түні бойы біреу
ерінбей-жалықпай таптап

тастағандай-ау!

         Шарбану қысылғаннан
өзінің қазіргі тіршілігін қырық қыртысты
жастыққа балап келе жатыр еді, қабырғадағы Қасым
суреті күліп жібергендей болды. Ол ернін тістелеген күйі жастықты да, көрпені де апыл-ғұпыл алды да, жүктің үстіне
лақтырып жіберді.

      Шайды асығыс әзірлеген
Шарбану нәр татпастан кесе-шайнекті енесінің алдына ысыра салды да, асығыс шығып
кетті.

...Таң сәулесі ұйқы құшағындағы ауылды қытықтай бастаған екен. Айнала тұп-тұнық. Төсегінен жаңа тұрған баладай
маужырап тұр.

«Бүгін күн ашық болады-ау,
сірә!». Жүйрік көңілге ілесе Шарбану
аспанға қарады. Төбедегі
көгілдір сонау түнгі май шамның жарығымен жалт-жұлт жарқыраған шәйі шымылдыққа
ұқсайды екен.

       Бұл 1944 жылдың қоңыр күзінің
бір күні еді..