ВЕРНУТЬСЯ

     Б і р і н ш і с ө з

    «Менің бір бар еді ерке тентек ұлым,

Өлі ме, тірі ме екен сол құлыным?» -

Дейтіндей болдың ғой сен, туған елім,

Жоғалдым зым-зия боп, шықпай үнім.

Арада өтті үш жыл ойран-топыр,

Теңіздей тебіренді қала мен қыр.

Шарықтап аспанында
жүрген шығар

Қанатын өрт шарпыған өлең мен жыр.

Көре алмай содан менің қаршығамды,

«Қан болып жатыр ма, - деп, - құшып шаңды»,

Астынан алақанның алыс қарап,

Іздер ме ата қазақ ақ сақалды?!

Бармын мен бұл
дүниеде, жүрмін тірі,

Жоқсың деп жала жабар қудың бірі.

Түссем де отқа, суға - тозар емен,

Солдаттың етігіндей жаным сірі.

 

     Е к і н ш і с ө з

     Есімде жөнелгенім қанды жолға,

Туған жер қимағандай мені сонда.

Жалтақтап, жалпақ дала, қарай бердің,

Жүгіріп еріп зорға эшелонға.

Сықылды сынып-құлап
аққан жұлдыз,

Мен кеттім карауытып үнсіз-тілсіз.

Білмедім қош дерімді, күт дерімді, -

Елестеп екі жақтан мыстан мен қыз.

Айнала нұрға
шомып бір керемет,

Ашылды жайнап сол кез ғажап сурет.

Болдым мен туып-өскен тау, даламды

Көргендей тұңғыш
рет не соңғы рет.

 

    Ү ш і н ш і с ө з

    Мен кеттім, сол кеткеннен кеттім ұзақ,

Базарға келіп түстім қанды қасап.

Бір долы от ауызды, темір тісті

Қыршып жас өмірлерді жатты асап.

Душар боп сол бір сойқан дүниеге жат,

Кәсібім соғыс болып, атым - солдат,

Қан жалдап шалпылдатып кете бардым,

Серігім болды менің азап-михнат.

Түткілеп жапырағын оқ жегенде,

Қараушы ем аянышпен сорлы еменге:

Жанымның жанат нуын жалын шарпып,

Достарым, сол емендей болдым мен де.

Қан соқта арасында өліктердің

Ажалды өз көзіммен талай көрдім.

Достасып, бір ыдыстан тағам ішіп,

Астында бірге ұйықтадық
сұр шинельдің.

Немене айтып-айтпай көрген азап,

Қалмадым қирап-қаусап тек жалғыз-ақ.

Мың есе білдірдің ғой қадірінді,

Атыңнан айналайын ата қазақ!

 

     Т ө р т і н ш і
 с ө з

     Жұлып жеп
жер мен көкті от тұмсығы,

Долының ұстағанда
қояншығы,

Қанатын ақша бұлттар
қанға малып,

Өртеніп күп-күрең боп таудың шыңы!

Сырылдап қос өкпесі, іздеп жемтік,

Самолет сумаң етіп келсе жетіп,

Бұлттағы
долы сайтан найзасындай

Қадалса қара бомба жерге кеп тік;

Жылытып бауырымды ып-ыстық қан

Кезімде өлі досты барып құшқан,

Үстіме сен кеп төніп тұрғандай-ақ

Болушы ем, атамекен Қазақстан!

Ес жиып, тұрушы
едім мен орнымнан,

Қараушы ем жалын шарпып жанарымнан.

Шегініп сен кетуші ең білдірместен,

Бұлтқа ұқсап
аспандағы аударылған.

Жалын боп қалушы едім жерді шарпып,

Көруші ем сонда анық көз құмартып

Алтын ту, арайлы таң төккен нүрын,

Шұғыла боп
аспанында жүзген шалқып.

Туған ел, бұл
дүниеде сен болмасаң,

Өзімді отқа атар ем әлдеқашан.

Сен деген касиетті бір махаббат

Жүр сақтап, көкірегіме жуытпай шаң.

 

      Б е с і н ш і с ө з

     Кең далам - дастарханым - атамекен,

Зейінді асқар тауым көкірегі кең!

Лебіңмен оттай ыстық тартасың кеп,

Тіріліп іздегендей мені әкем.

Жалбыр тон жетім болып жүргенімде

Көтеріп, қаратып ең мені күнге.

Әкем де, анам да сен, туған елім,

Сен үшін ырысым да, қасіретім де.

Білмеймін не күтіп тұр мені алда,

Ажал кеп жүр дер ме әлде осы таңда?

Сені ойлап қиналам ғой, туған елім,

Қызыл от, жатсам дағы батып қанға.

Алшы деп мен ажалға бермен арыз,

Сен маған айтқан жоқсың өл деп уағыз.

Талпынған жаңа ғана екеуімізге

Өлші деп әмір етер қандай жауыз?

Болғанда сен жас әке, мен сәбимін,

Ашылған жаңа ғана гүлмін, күймін.

Бәрібір құтылмайсың
десе дағы,

Келмейді сұм
өлімге еш бас игім.

Жанымды күйдірсем де жалынға caп,

Қасқыр боп таласа да мені азап,

Туған жер топырағында тіп-тік өскен

Қара емен - қасарысқан мен бір қазақ.

Сағындым, туған елім! Өтті жылдар,

Білмеймін достарымнан кім жоқ, кім бар?

Құс болса, ұшырар
ем жүрегімді,

Ап кел деп туған елден сен бір хабар.

Сарыарқа, самалды тау, сырнайлы өзен,

Сағындың сен де мені, айтпай сезем.

Айбарлы ақсақалым - Алатауым,

Күт мені сабырлы оймен, түңілме сен.

Құс болып ұшар жырым ой-қырыңда,

Қонақтар сенің алтын тұғырыңда.

Қымбаттым - халқым деген махаббатым,

Сенемін, қалмас шіріп қабырымда.

 

1944.