ВЕРНУТЬСЯ

    Көк аспанның күмбезіне Күн ілер

Көктем шақ жоқ, түн түсіпті түңілер...

Телефонмен өзі хабар бермесе,

Есенбайды іздемейді інілер.

Кейінгілер танымайды біздейді,

Сондықтан да тізіміне тізбейді.

Лауазымды балаларды ағалап,

Ақсақалдар атақ, дәулет іздейді.

Әлімсақта мектептесім (біледі!)

Әбең жаққа
қоныс тепті тілегі.

"Екі жас үлкен ағаңмын ғой" десем мен,

Ерсі көріп, трубкада күледі.

Бір жерлесім менсіз сұхбат құрады-ау,

Сұрайтыны - сыбыр-жыбыр, сірә, дау...

Түрікпенбашы
түйесінде көңілі -

Түйдей құрдас замандастың түрі анау...

Қыран-топан киқу қосып айналаң,

Қырып салар болмасын де кайнағаң.

Өліде де, тіріде де өші бар

Байбай шалдың бар өнері - байбалам.

Ақтөбенің мұсылманы, кәпірі...

Өлеңдегі
мен едім бір уәкілі.

Чемпионы болмаған соң бокстың,

Іздемейді облыстың әкімі.

Бізді өмірдің
бәйгесіне косқанда,

Алдымыздан осы тағдыр тосқан ба?

Айта аламын мен де бүгін Абайша:

"Көңілім қайтты дұшпаннан да, достан да!"

Солай боп тұр
пендешілік кірбіңің,

Солай боп тұр заманауи тірлігің...

Кеудесінде сағыныш жоқ жүректер

Іздемейді бір-бірін!