ВЕРНУТЬСЯ

      Өткен күнге көз жіберсең, талай-талай қызық та қиын, ерсі де
оғаш, оқыс жайларды да басыңнан кешіргеніңді байқайсың. Біреуіне өкінесің, енді
біріне таң-тамаша қаласың. Балалық аңғырттық пен Сырдың суы жұлығыңнан да келмейтін
жастық кездің қамсыздығы... - бәрі де сонда.
         Бір мың тоғыз
жүз елу бірінші жылдың июль айы. Қарағанды қаласында тұрған кезіміз. Жұбайымның
айы-күні тақалып отырса да кезекті демалысымызды пайдаланып, екі жасар қызымыз
Жанна үшеуміз туған жер қайдасың деп тартып бердік. Жолда оқыс бір оқиға туып
қалмас па екен? Перзентханасы түгіл, акушеркасы жоқ ауылда жағдайымыз қандай
болмақ? Қиындық көріп жүрмейміз бе? - Пәрігейімізге кіріп шықсайшы!..
         Қырыққа дейін
адамның жаны артта. Қырықтан соң ғана алға шығады деген сол екен. Қорқу-үрку
дегеніңнің қайда жүргенін кім білсін! Қалай десең де аман-есен ауылға келдік.
Бағдат аман-есен босанды. Мен Дана атты екінші қыз балама әке болдым.
Ата-бабаларымыз, әже-аналарымыз дүниеге қалай келсе, Данамыз да дәп солай
келді. Қиындық көрген жоқпыз. Өйткені дүниеге жаңа келген нәрестеге перзентханаң
қайда? Акушеркаларың неге жоқ? - деп мазамызды кетірмеді. Дені сау, ауру-сырқаудан
аман, күн санап түлеп жатты.
        Өстіп жүргенде
күз келді. Бұрын бұл жақтың күзі әуелі түн салқындап, бозқырау түсіп,
жауын-шашындатып бірер аптаға созылар болар еді. Осы жолы неге екенін кім
білсін, бірден соқталы ақ боран соқты да кетті. Бірақ боран түгіл зымыстаныңа
қарар мен бе?!
         Нәрестеме бір
ай үш күн толды дегенде октябрьдін бірі күні жолға шықтық. Мақсатымыз- Мәуліт
атты теміржол станциясына жету. Жетсек болды, билет алу, балаларды шұбалтып
поезға отыру. Петропавлды басып, Қарағандыға жету дегенің бұйым болып па?! Жаңбыр аралас
ақсоқта борап тұр. Жол дегенің ми батпақ. Толтыра бидай артқан жүк машпнасы сол
ми батпағыңды есіп ыңыранып келеді. Кабинкада екі балам мен Бағдат. Мен болсам,
төбеде отырмын. Боран дегенің не тәйірі? Жылы киініп, жалған дүниенің
жартысындай үлкен болыққа оранып алғанмын. Ең кереметі - үшеу болып келіп,
төртеу болып көбейіп кетіп барамын.... Шынымды айтсам, төртеу емес тұп-тура алтаумын.
Машина үстінде менен басқа тағы да екі адам бар: ағалы-қарындас - Бәри мен
Қымбат. Екеуі де ғаріп. Екеуінің де көзі жоқ.
         Өз семьямның
Қарағандыға жетуін шопақ құрлы көрмеген соң, оларды да алып келе жатырмын.
Өйтетінім Қарағандыда керемет бір танысым бар. Жәй таныс емес, атақты Филатовтың
ортан қолдай шәкірті. Небір басырларыңды жазып жіберген оташы.
- Таныс-туыс, жегжаттарыңның ішінде соқырлары болса, алып
кел. Қабылдаймын, деген.
         Мен міне сол
дос дәрігеріме ағайын-туыс немесе жегжатым болмаса да, ауылдасым екі бірдей
мүскінді әкеле жатырмын.
        Жол болса, жаман,
күн болса, түтеп тұрған ақ боран. Екі баламен, оның үстіне екі ғаріппен далада
қалсақ, күніміз не болады? - деген күдігіңізді көңілге күншілік жер жақындатқанмын
ба, салып келеміз. Құдайдың дес берісінде іңір қараңғысында Мәулітке де жеттік.
Вокзалға барсак, Қарағанды поезы бұл жерден ертең кешке өтетін болып шықты.
Сонда ғана есіме түсті: ау, екі баланы көтеріп, екі ғаріпті жетелеп қайда барып
түнемекпіз? Кез келген тұрғыннан:
-        Осында қазақ
үйі бар ма? - деп сұраймын.
         Ақыры рахмет
жауғыр біреуі:
-        Анау жерде
қазақ тұрады, - деп жөн сілтеп жібергені...
         Келсек, қора
толған машина, үй толған қонақ. Екі бөлмеде ине шаншар жер жоқ. Исі қазақ
болған соң қабақ шытар үй иесі ме!
-        Ау, сырылыңдар
былай қарай. Мына сәбилер жаурап қалмаса игі еді,-деп төрдегілерге жарлық беріп
жатыр. - Ал жоғарлатыңдар кәне.
         Исі қазақ
болған соң қысылып жатқан біз де жоқ. Екі баланы көтеріп, екі ғаріпті жетелеп
терге шықтық.
         Шай іштік.
Жердің тарлығынан қырымыздан жатып түнді де өткердік. Ертеңінде вокзалға
келсек, жолаушы дегенің, оның ішінде қас қылғандай тап Қарағанды жүретіні
аткөпір. Әйелім мен балаларымды, екі ғаріпті бір жерге отырғызып кезекке
тұрдым. Екі жасар қызым тоңғаны ма, мамасына ұйлыға түседі. Ал Дана нәрестем
болса, шешесінің борық мамасын сорғылайды да,
мына дүниеге келгеніне ризалық білдіргендей ұйқыға кетеді.
Ойында түк жоқ. Ол жағынан дәп папасының өзі секілді.
          Сөйтіп
жүріп, қырсыққанда қымыран іридінің кері келіп кезек маған жеткенде орын болмай
қалды... Жаманның ақылы түстен кейін кіреді деген рас екен, екі баланы көтеіріп,
екі ғаріпті жетелеп жүргенім сонда ғана есіме түсіп, вокзал бастығына бармаймын
ба! Ақ шашты, көк көз таудай кісі екен, басын шайқады:
-        Өзің не қылған
адамсың?! Ертерек неге келмейсің?! Енді амалың жоқ, бүрсігүнді күтесің...
        Мәссаған
безгелдек!..
        Жазған құлда
шаршау бар ма, енді бүрсігүнді күтетін болдық. Соқыр ұстағаннан айрылмайды деп бекер
айтылмаған екен, салып ұрып кешегі үйге тағы келеміз ғой. Бір жақсысы,
қонақтардың көбі аттанып кеткен екен. Бел шешіп отыруға, қисайып жатуға мүмкіндік
туды. Үй иесі орта жасқа келіп қалған қалың қара мұртты кісі маған кейістік
білдіріп жатыр:
 - Кезектегілердің көп
екенін көрген соң, жүгіріп те келмейсің бе?! Осы станңияда отыз жыл тұрамын,
танымайтын бірі жоқ. Екі билет болса, бірін, бірі болса, өзін алып бермейтін бе
едім!?
        Кәдімгі ебін
таппаған тұз жалайдының кебі:
        Маған төрт
билет керек қой, - деп жатырмын.
   - Төртеуін де
таппаймын ба?!
        Амал не! Өкінішті
кеп өмір кеткен өтіп, - деп Абай мүмкін осындайда айтқан шығар?..
       Кім білсін оны.
      ...Біз сөйтіп
аман-есен Қарағандыға да келіп жеттік-ау. Күн мұнда да ыздиып тұр екен. Қарлы
боранның аяғы енді түу десе, түкірік түспейтін аязға айналған. Бірақ үйіміз
сондай жылы. Жағамыз жайлау. Демалыстан шалдығып келіп, үһ, - деп дем алып
жатырмыз. Дем алып жатырмыз? -    Оны
маған кім беріпті!
        Өз басыма
тілеп алған азабым - екі ғаріпті жетелеп поликлиникаға баяғы таныс көз
дәрігеріме бармаймын ба енді. Соның алдындағы ертең барамыз деген күнгі Бәридің
хал-күйін көрсең... Жоқ, көру түк те емес. Сезіну керек. Оның көзі, жаңылмасам,
бес-алты жасында қорасаннан кеткен. Өз айтуынша күн сәулесін сезінеді. Түнде үй
ішінде шамның жанған, жанбағанын да айыра алады. Ал бұл - жанары сөнбеген деген
сөз. Шымылдықтанып бергі жағында тұрған шелді сылып тастаса, көзі шырадай жанып
жүре бермек. Соқыр болғандықтан ба, кім білсін, қаршадайынан естігенін көңіліне
тоқып, жадына сақтап өскен, білмейтіні жоқ қари осы жайға әбден қанық.
        Бәри түнімен
ұйықтай алмады. Әлсін-әлсін күрсінеді. Әлсін-әлі денбекшіп, аунақшиды, арада аз
ғана күн өтеді. Ал Бәри болса, жарық дүниеңді өз көзімен көретін болады. Айнаға
қарап өзінің қандай екенін анықтайды. Ақ мамасын берген анасы мен әкесінің,
ағайын-туғандар мен алыс-жақындардың бәрінің кескін-кейпін бұрын көңілге ғана
ұялатса, енді көз жанарына ұялата алады. Ақ-қара, қызыл-жасыл көк-сары
бояулардың түр-түсін, реңкін қызықтап былайғы жұрт күнде көріп қадірін
жоғалтқан жарық дүниені құлпырта жасандырып жанарында ойнататын болады. Адамға
осыдан артық бақыттың керегі не?!
         Қуанғаннан
жүрегің лүпілдейді тіпті.
         Иә, сөйтіп
біз көз дәрігеріне бардық. Ең алдымен көзі жүре-келе бертініректе кете бастаған,
әлі де болса қарайған бірдемелердің сұлбасын айыра алатын Қымбат кірді де қуанып шықты: жанары бүтін. Шелі
сылынады. Көзі көретін болады. Орысша білмейтін Бәриді мен өзім алып кірдім.
Дәрігер оны олай қарады, бұлай қарады. Электр жарығын әр тұсқа ауыстырып қойып, әрқилы сұрақтар қойды. Қорытынды көздің
жанары жоқ. Операцня жасағанмен ештене де шықпайды.
        Сонымен Қымбат
ауруханаға жатып емделіп жазылып шыкты. Ал Бәри болса, бірден ауылға қайтты.
Өйтіп қайтқаны да бар болсын. Қалтасында көк тиын ақшасы жоқ екен. Біздің де
қарық болып жатқанымыз шамалы. Демалыстан оралған, арғы жағында қоры жоқ адамда
не қаумет болушы еді, қарызданып, қауғаланып аттандырдық-ау әйтеуір. Жоқ,
аттандырдық дегенім де дәл емес. Соқыр адам өз бетінше жүре алмайды екен ғой.
Бұл шындықты тап сол жолы аштым да, өзімізге таныс Мәуліт станциясына дейін
апарып салуыма, сөйтіп елден келген кісіге табыс етуіме тура келді.
        Содан бері
міне отыз үш жыл өтті. Туған ауылымда дүниеге келген қызым жоғарғы оқу орнын
бітірді. Үйлі-баранды болды. Аман болса, енді бір он-он бес жылда өзі де әже
болып қалар түрі бар. Ал біз сонда тірі жүрсек, ұлы ата, ұлы әже атанып
кетуіміз де ғажап емес қой.
       Тышқан өле
алмай жүріп құйрығына қалжуыр байлайды дегендей, өзіміз де жарымай жүріп,
ғаріптерді ертіп алғанымызды еске алсақ, жұбайым күні бүгінге дейін ренжиді:
-        Балалық па,
әлде ақымақтық, айы-күнім тақалып отырып жолға мен қалай шықтым екен десейші?!
Айдарымыздан жел есіп тұрғандай-ақ екі масылды сен қалайша ертіп алдың
десейші?!
         Қырық жас
дегенің қарасын әлдеқашан үзіп кеткен себепті жанымыз бұл күнде алға шыққан соң
ба, сондағы ісіме өзім де қайран қаламын. Сөйте тұра кім біледі, жастық қызуым
мен қамсыз күндерім қайтып оралса, сол оқиғаны қайталамаймын деп ешкімге уәде
бере алмай қалам ба деп те қорқамын...