ВЕРНУТЬСЯ

     Қайда менің Әкімжаным - Тәшенім,

Қара жердей салмақты, пәк, әсемім?!

Үнсіз аққан
ұлы өзендер секілді

Өзің
едің-ау бәсін білер бәсеңім.

Азаматта алтын
ердің қасы едің,

Өмір келте, кеттің ерте, Тәшенім.

Кеп-кеше мен қатар
ұшқан қаздай ем,

Қарттық төнді. Жалын сөнді. Жас едім.

Қыстың күні құлайын
деп құзда тұр,

Өлімді енді ойлар болдық біз бақыр...

Сен кеткелі бұл пәниден қанша жыл,

Жігіт едің салқын
сабыр, нұрлы ақыл.

Алдан күтіп арманыңның бақ таңын,

ҚазМУ-дың
кеп босағасын аттадың -

Шалқар жаққа
күн кұрғатпай жолдауға

Шалқи жазып Махаббаттың хаттарын!

Ақтарыла тәтті-тәтті тіл безеп,

Ақ
дәптерге жыр төгуші ең
елгезек.

Қапизаға деген ұлы ғашықтық

Хафиз сынды шайыр етті бір кезек!

Сезіміңді
орап нәзік жылуға...

Сәтті жылы
(жылқы ма әлде ұлу ма?..)

Қосың тігіп, көңіліңді қосып ең

Айдай әлем жүзіндегі сұлуға!

Сол Қапизаң сағынып жүр Тәшенін...

Онда тіпті жас едің-ау, жас едің.

Қара сөзді жазушы
едің өлеңдей,

Қаламдастар қауымында
бас едің.

Көсемсөздің
көбегені сен едің,

Жұрт құрметке бөлегені сен едің.

Аяулы дос, алтын әке, адал жар -

Адамдықта
өнегелі сен едің.

Кең, кең еді журналистік қарымың,

Кемелдене берген кезде дарының -

Кеттің жауып дүние есігін кенеттен,

Бізге тастап ғұмыр-тірлік жарығын.

Бір қалада-
бірге оқыған үш едік,

Мұң ортақ-ты - «отқа-суға түселік...»

Үшеуіміз жұп жазбастай жүргенде,

(Махамбетше) «толып жатқан күш едік!»

Сол күндерді сағынамын десем де-ай,

Қайтара алман қайтып
қалған меселді-ай.

Жас қалпында
көз алдымда тұрсың сен,

Қартайыпты Идошың мен Есенбай.

Жаның - жәннат. Нұрың шалқып
бақидан,

Жат алаңсыз, уайымдама, Әкімжан:

Қыздарыңды құтты орнына қондырып,

Арманынды әлпештеуде Қапизаң.

Ертеңгі ұрпақ
- өрімталдай әсемім

Ерлейді әлі егеменді жас елін.

Ұмытпайды
- Әкімжанын халқының,

Қапизаның Тәшенін!