ВЕРНУТЬСЯ

    Назарбек Қанафияұлына

Күн қарайлап батады,

Таң арайлап атады...

Арай-арай таң ішінде атты адам

Отбасына оралып келе жатады.

Қазақ деген ата жұртқа қастерлі

Егемендік естірді де жас желді,

Наркескен боп Қанафия рухы,

Назарбегі әкесіне ас берді...

Таң талаурап атады,

Күн алаулап батады.

Қар үстінде ұйтқып
қызыл шапағы,

Қан ішердей борасындап жатады.

Аш бөріше үйір-үйір қаптаған

Айналада ұлиды
ұзақ ақ боран.

Ақ боранда бір топ бала келеді

Тоңып-үскен, ертеңнен нәр татпаған.

Отыз жетінің жетімдері еді олар,

Опат еді аяқ асты обал, ар.

Мейірімі тәтті ана да жоқ - лагерьде!

Мол құшақты
әке де жоқ - молалар!

Қайран елден контр іздеп, бай аулап,

Қанша тағдыр қаңырады аяулы, ақ.

Бір топ бала - жетімдері солардың,

Аудан жаққа қыс ішінде жаяулап.

Бұлар да
әлде айдалада қалмаса?

Ақ бораннан аман шығу далбаса!-

Жолда кез боп Қанафия жылқышы,

Шанасына, панасына алмаса!

Алғандығы бар болсын-ау!-

Қайғы алып,

Айдың күні қол-аяғы байланып,

"Колхоз атын текке арытты" дегенмен

Итжеккенге кетті, сорлы, айдалып.

Қара боран секілденіп талмаған,

Жауыздықтың құйыны елді жалмаған.

Сақтап қалып бір ұрпақтың өмірін,

Өлді қайран - өзін сақтай алмаған.

Күн қарайлап батады,

Таң арайлап атады.

Арай-арай таң ішінде атты адам

Отанына оралып келе жатады.