ВЕРНУТЬСЯ

     Ұлы Абайдың кәрі Шыңғыстауы өткен жылы тағы бір оқиғаға куә болды. Ұлы неміс Гете... Өрен орыс, Лермонтов... Дана қазақ Абай... Бұлар бірін-бірі әсте көрмеген, бірі бірімен әсте кездеспеген жандар. Көзінің тірісінде кездесе алмаған өнердің осы үш алыбы бір мың тоғыз жүз сексен төртінші жылы Қарауылда бас қосты.
  Мәрмәр тақта-ескерткіш. Онда Абай, Лермонтов, Гете бейнелері жарқырайды. Әр бейненің астында қазақша, орысша, немісше қашалған сегіз жол өлең — Лермонтов аударған, Лермонтовтан Абай аударған Вольфганг Гетенің белгілі өлеңі: «Қараңғы түнде тау қалғып». Үш елдің үш ұлы перзентін бір өлең табыстырған.
Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт дел-сал ғып
Түн басады салбырап.
Шаң шығармас жол дағы,
Сыбдырламас жапырақ
Тыншығарсың сен дағы
Сабыр етсең азырақ.
  Аударып қана қоймай, әдейі арнап ән шығарған Абайдың сыйқырлы сезімге толы, лиризмге тұнып тұрған осы бір сегіз жолын қай қазақ білмейді?! Қай қазақ әндетпейді?!
  Адам тағдыры секілді өлең тағдыры да қызық. Бұл өлеңді Лермонтов немісшеден былай аударған:
Горные вершины
Спят во тьме ночной,
Тихне долины
Полны свежей мглой.
Не пылит дорога,
Не дрожат листы.
Подожди немного,
Отдохнешь и ты.
  Сыйқырлы Лермонтов қаламынан туған бұл жолдар керемет емес пе! Неміс тілін жетік білген Лев Толстой осы аударманы неміс тіліндегі түп нұсқадан әлдеқайда көркем деп бағалаған. Түпнұсқадан Лермонтов аудармасы асып тұрса, Лермонтов аудармасынан Абай аудармасын әсте кем дей алмайсың. Сап алтыннан құйылып түскен сұлу да мінсіз мүсін секілді емес пе! Шашау шыққан бір сөз жоқ. Түн басқан тау келбеті, жым-жырт дала келбеті қандай ғажап! Шаң шығармайтын жол мен сыбдырламайтын жапырақ көңіл күйін тыныштыққа шақырып тұрған жоқ па?! Лермонтов аудармасының бүлк-бүлк соққан тамырын Абайдың айнытпай дөп басқандығы соншалық, содан бергі өткен жүз жылдан астам уақыт ішінде қазақтың мен тіл білем деген бірде-бір өнерпазы бұл өлеңді қайта аударам деп қарекет жасамаған. Ондай ақын келешекте де шыға қоймайтын шығар деп шамалаймын.
  Бір қызығы, мамандардың айтуынша, Лермонтов Гете өлеңін өз көңіл күйіне әуендестіріп өзгертіңкіреп еркіндеу аударған секілді. Содан ба әлде өнер салыстыру мақсатымен бе, әйтеуір, орыстың тағы бір сөз сиқыршысы Валерий Брюсов те бұл өлеңге аянбай тер төккен.
Брюсов аудармасы мынадай:
Навсех вершинах —
Покой;
В листве, в долинах
Ни одной
Не дрогнет черты;
Птицы спят в молчании бора.
Подожди только: скоро
Уснешь и ты.
  Бұл аударма, неміс тілін білетіндердің айтуынша, рифма, өлшем, рухы жағынан түпнұсқадан айнымайды екен. Сөйтсе де Лермонтов аудармасы жұрт құлағына сіңіп, оқырман қауымға кең тарап, етене жақын болып кеткендіктен, елеусіз қалып қойған. Егер қазақ ақындарының ішінен сондай бір өлермен шыға қалса, қанша дарынды болса да Валерий Брюсов кебін кимейді деп ешкім кепілдеме бере алмайтын шығар.
  Гете өлеңінің тарихы мұнымен бітпейді. Ол жөнінде «Наука и жизнь» журналы өзінің сексен үшінші жылғы бір санында мынадай қызық фактыны келтіреді: бір мың тоғыз жүз екінші жылы Гете өлеңі жапон тіліне аударылыпты. Арада тоғыз жыл өткенде Қиыр Шығыс халықтарының поэзиясына көңіл қойып жүрген бір француздың жапон тіліндегі осы өлеңге көзі түскен ғой.
  Авторының кім екені айтылмаған ба әлде өзі аңдай алмай қалған ба, қайтсе де жаңағы кісі оны жапон өлеңі деп танып француз тіліне аударады. Одан кейін жапон өлеңі болып кетеді де, енді француз тілінен қайта неміс тіліне аударылған ғой. Сонда Жапония мен Франңияны аралап өз еліне оралған Гете өлеңі мынадай болып шыққан. 
Ләулік тасты отырғышта тып-тыныш,
Қарғалар үнсіз ұшады.
Қар басқан шие ағаштарына
Ай жарығымен.
Мен отырмын.
Және жылаймын.
(жолма-жол аударма)
  Өлеңнің өзгеріп кеткені соншалық, мұның негізі Гетеде жатқаны немісшеге аударған адамның түсіне де енбеген.
  Қарауылда арнап ескерткіш-тақта орнатылған Гете өлеңінің тарихы міне осындай.