ВЕРНУТЬСЯ

Жалпақ та
жапан далада
Жүріпті қазақ шашылып.
Жыл озған сайын арада
Алшақтап
жігі,
Ашылып.
Жерленген
әсем қалалар.
Мүжілген, шөккен
Таулар да.
Шұбарлап
түзді,
Алалап
Шеру сап өткен
жаулар да.
Өтіпті уақыт
қызулы.
Теңіздер
қайнап, түнғандай.
Жоқ жерде
жазу-сызуы
Бір тілден
Он тіл туғандай.
Бір тілден
Он тіл
туғандай,
Рулар, жүздер баяғы,
Босыпты дауыл қуғандай
Секілді дала саяғы.
Таласа бәрі
аяқтан,
Басына хабар жетпеген.
Басына тисе таяқтар,
Аяқтан
қолы
Кетпеген.
Жау тисе
сырттан өріске,
Салыпты бүлік
Бәрі іште,
Пана да түскен бөліске.
Ана да түскен бөліске.
Бүтіндік, бірлік
Ерсі боп,
Жатқанда
мал-жан енші боп.
Тілімі
ғана тұрыпты
Елші боп әрі
емші боп.
Сол ғана
калған бөлінбей.
Бөліске
түсер кезде ондай.
Сол ғана қалған бөлінбей -
Жүректей,
Күндей,
Ождандай.
Сол ғана
қалған бөлінбей,
Күндерде қара
көмірдей:
Жалғызбын, деген, өмірдей.
Ортақпын, деген өлімдей.
Сол тұрған
Дәндей
теріп ап
Қазақпын
деген жүректі.
Замандар түрлі
теліді ат,
Жеңген жоқ,
Бірақ
жүдетті.
Кезі жоқ
оның сарқылған.
Кем еді көзі
бірақ та.
Теңіздей бүтін
Шалқыған,
Қор алып сансыз бұлақтан.
Өзі де
көпке құяды
Тілдерге тілін жалғайды.
Төл оған
әлем қиялы,
Жоқ оған
жердің шалғайы.
Жасарып дана
қария
Көрген жоқ
мұнша өндір боп,
Көрген жоқ
көне дария
Мұнша ұжым, мұнша мөлдір боп
Қанша жұрт тілін үйренсең,
Сол ғұрлы
ана тілің шат
Үйрен де жирен, жиренсең,
Өнерді дейді білу шарт.
Ұқпасам өз
тіл - анамды
Ұлыңмын деуім әңгілік.
Сәуле боп
тұрсын санамда
Әлдиі, үні мәңгілік.
Білмесін-білсін түсімнен,
Ұқпасын-ұқсын түрімнен,
Танысын дүние ісімнен,
Танысын туған
тілімнен.