ВЕРНУТЬСЯ

      Кемел Тоқаев рухына

     Алыс-жақын ағайынға ұнаған,

Кемел десе -

кемел еді бұл
ағаң,

өзі де әрлі,

сөзі дәмді жан еді-ау,

бастау алған таза, тұнық тұмадан.

Ұлы мектеп
ұстазындай бұрынғы,

күлгені де,

жүргені де - бір үлгі,

ұсақтарға
ерген емес елігіп,

көтермелеп көрген емес "ірінді".

Тал бойына дарытпаған
жат үнін,

тірлік кешті
анық басып, ақырын.

Салып бақты кісіліктің жолына

иман,

иба,

ар мен ұят,
ақылын.

Түгел жұмсап
арыны мен дарынын,

ақ қағазға ақтаратын зар-үнін,

қылша мойнын ілдірмеді құрыққа,

білдірмеді арығанын, арығын.

Ерінбестен еңбек етіп ел ғұрлы,

үлкенге де,

кішіге де болды үлгі.

інілері еруші еді "ағалап",

көсеміндей көруші еді тең құрбы.

Қарамады жеңіліс пе, жеңіс пе,

төрде жүрді,

өрде жүрді,

еңісте,

майданға да

сайранға да қатысқан,

қайран ғана

қанаты жоқ Періште.

Ауырсынбай арқалаған жүгін де,

сарқылмайтын саз бар еді үнінде,

қалғып барып қайта жанды Кемел-от,

қалып қоймай қоламтаның түбінде.

Кемел - үнге құлақ
қойып ел кенет,

келген ізбен кері айнала берген ек,

аш бүйірден ағайынға қосыла

жосыла ағып жүре бердім мен де кеп.

Жаны мейір жаппар ием қолдар деп,

қосылдым да кете бердім жолдан кеп,

мақтанышпен айтам бүгін:

"Менің де

кемел ойлы Кемел ағам болған!" - деп.

2003 жыл