ВЕРНУТЬСЯ

    Бізде Залман Михайлович Танхимович деген орысша жазатын
еврей жазушысы болды. Екеуміз көрші тұрдық. Екеумізде де машина бар. Екеуміздің
де темір гаражымыз үй жанында. Өзіңнің машинаң болса, машинаң болғаннан кейін
гаражың үй қасында тұрса, алшыңның оңынан түскені дей бермейсің бе! Әрине
Танхимович та, мен де солай ойлаймыз. Тағдырға дән ризамыз.
         Екеуміз күнде
гараж алдында кездесеміз де телпегімізді көтерісіп амандасамыз. Езуімізді
құлағымызға іліп тастап мәз болысамыз:
-        Нам с тобой
крупно повезло, - дейді Залман Михайлович.
         Мен оған
басымды шұлғып құптаумен боламын.
-        Айтары жоқ-ау
тегі!
-     Бізден басқалардың
халі хал емес қой. Машиналары қала сыртындағы ақылы орындарда тұрады. Апарып
қойғанша бір сағат, алып келгенше бір сағат керек. Азаптың көкесі...
-        Иә, жаның
ашиды тіпті.
        Күндеріміз өстіп
жайбарақаттықта өтіп жатты. Сондай татумыз. Керек десең, доспыз. Кешке қарай
кездескенімізде машина артында бірдемелеріміз болса, қалтқысыз бөлісеміз.
Сенікі-менікі жоқ бізде. Еншіміз бір десек те болғандай тіпті.
      Өстіп жүргенде
бір күні бақытты күндеріміздің шырқы бұзылсын да кетсін: гараждарымыз тұрған
жерге үй салынатын болды. Гараж қақпаларына қаһарлы хабарландырулар ілінді:
«Осы айдың пәленше күніне дейін гараждар алынатын болсын. Әйтпеген күнде
бульдозермен сырып тастаймыз».
      Танхимович
жүгіріп біздің үйге келді.
-        Енді не
істедік?
-        Бір жөні
болар,- деймін мен оған...- Әлі уақыт бар емес пе?-Танхимович сипақтап біраз
тұрды да кетіп қалды.
        Ертесіне қарасам, менің гаражым орнында. Ал
Танхимовичтың гаражы зым-зия. Алғашқы күдік: менің гаражымды қалдырып, оның
гаражын қайтіп сырып тастаған? Өйтетіндей мен кімнің еркесі едім? Сөйтсем, жарты
литрді бөліспей ішпейтін менің жан досым Залман Мнхайлович түннің бір уағында
кран әкеліпті де гаражын менің тереземнің алдындағы бос орынға орната қойыпты.
Ал қыларың болса, қыл еңді!..         
         Ау, Залман дос, бұл ісіңді қалай түсінуге
болады? Менің терезем алды болғандықтан, гараж қойылса, мен қоюға тиісті
емеспін бе, бұл жерге?!
- Ешқандай да түсінбей-ақ қой. Жуырда көшіремін, - деп
жұбатты Танхимович.
      Амал қайсы,
жоққа бола көршіңмен ренжісу дұрыс емес. Мен гаражымды әрірек бір жерге апарып
қойдым да, демалысқа шығып кеттім. Көп кешікпей Саяннан хат келді. Балам біздің
гараждың орнында қалып Танхимович гаражының алынып тасталғанын жазыпты. Үй салудың
ережесі бойынша жаңа құрылыстың төңірегінде тоғыз метрден бері ештеңе де тұруға
тиіс емес екен. Атқару комитеттің өкілдері сол ережеге сүйенген.
        Сөйтіп өз қулығы Танхимович байғұсқа бір гаражға
түсті. Балам хатын орысшалап: где Сафуан Шаймерденов, двум хитрецам делать там
нечего. Не правда ли? - деп аяқтаған екен. Осы күнге дейін сол орында тұрған
гаражыма барған сайын баламның мына сөзі есіме түседі де өзімнен өзім күліп
қоямын.