ВЕРНУТЬСЯ

        А, Құдай,
құдіреті күшті Құдай,

Өзектің өртке
айналып ұшқынында,

Пісіріп-түсірейін, біссімілла,

Қазанын қазақ деген жақын жұрттың.

Ақтарып көк терімді, ақ терімді,

Күні-түн күңірену бақ көрінді.

Ашайын дін мұсылман
дәптерімді,

Айтайын адал сөзін ақындықтың.

Демей-ақ "тас қиратып, тау жарғанмын",

Таланты тасырлықтан сау жорғамын,

Иасауи хикметін аударғанмын,

Маңызын мандайыма мұқұл тұттым.

Есіне елде еместің, елдегінің

Салсам деп Құл
Қожамша пенделігін,

Қолыма қалам алдым мен де бүгін,

Парықсыз күйін шертіп пақырлықтың.

Жанымды наласына жеккенменен,

Жазбаймын жек көргеннен, кектенгеннен,

Құлқынын
түзесе екен деп келген ем,

Жаратқан Ием, сенен ақыл күттім!

Адамдар кеткесін де болып аң бір,

Кезім де, көңілім де толы жаңбыр.

"Халықты пендешілік жолынан бұр!"-

Хақ расул Құлына
айтқаны бар.

Жүргесін он толғанып, жүз мұңданып,

Жүрегі жарылады ізгім налып.

Шайтаңдық шырмауынан біздің халық

Шынымен шыға алмастай жайттары бар.

Өрт қаптап, жер сілкініп, тасқын да кеп,

Әлемет үстім де өлек, астым да өлек.

Имани өлең басы бісмілла деп,

Иншалла, мінәжатнама
бастадым мен!

Құл Қожа
Ахмет, қуат алып мерейіңнен,

Теңіздей маржан ілем тереңіңнен.

Адамдық жырын толғап берейін мен

Ақындық ақ домбырам аспабымен.

Мардамсып пенде сорлы марқаяды,

Төбеде ойнар демей ар таяғы.

Мағынасыз бұрын
тозып қартаяды

Қарын мұң,
қалта мүдде, бас қамымен.

Ей, Қожам, сен - көкте, мен төмендемін,

He көрсем, көппен бірге көрем дедім.

Білгенге біздер жазар өлең де - дін,

Құдайлық құлқым
менен табиғатым.

Жек көрем жалған күліп, жарты айтқанды,

Ұнатам
мерт кетсе де мөрт айтқанды.

Бір-бірін итшілікпен қартайтқанды

Шақырар түзулікке шариғатым.

Хан емес қарашының қақын жеген,

Әлемнің ақындарын, Рахман Ием,

Аллаға бәрінен де жақын деген

Хадиске көңілімді бұрдым неше!

Рахматыңа ризамын, Жасағаным,

Рахимың ғой тірлігім, бас аманым.

Құдайға тәубе жырын қашамадым,-

Коммунист қатарында жүрдім кеше.

Ақша мен атаққа ауып жас алаңым,

Шылым мен арақ болды асағаным,

Шындықты жұрт
көзінен тасаладым,

Шайтанмен сейіл-сұқбат құрдым кеше.

Қойныма қолшоқпар
мен тас аламын,

Бақастық істерім
де аса мәлім,

Бастығым шаш ал десе, бас аламын,

Обал менен сауапты ұрдым кеше.

Нәпсіні
тежеп бүгін ұстау да ерек,

Даңғой боп дарияға тышпау керек.

Иманнан береді екен үш тау дерек -

Қанағат, Ынсап, Ұят
дейтін биік.

Кеселге үш анықтан айық табам,

Байсалды пайда болды байып маған.

Құл Қожа
Ахмет, талай жерде тайып табан,

Жел-жастық еркім мініп, желпіндіріп.

Жүргенге сабақ алмай, есіріп ой,

Нәпсінің
көрсетпей ме несібі бой?!

Жадағай жайдақтықтың кесірі ғой...

Берілдім өкінішке бертін біліп.

Жылайын кешірім сұрап Мейір Кеңге,

Лә Иллаһа Илалла дейін мен де,

Болмайын кемісіме кейір пенде,

Берсе егер, менмендіктен мен қашайын.

Біреудің тендессізін тезек дедім,

Біреуге өсек жинап безектедім...

Білмеппін елік-желік кезі өткенін,

Жамау бер, жыртығыма ем жасайын!

Кер мінез кердендіктен мен қашайын,

Ереулі намысыма ер қашайын,

Есіркей ғаріптерді жер басайын,

Құдайға
қайта өзімнен құл жасайын.

Әуейі болып бөркін баса киген

Әуестенбей байлыққа масаң ұлмен,

Әулием Құл
Қожа Ахмет Иасауимен

Кәдімгі тірі адамша мұңдасайын!

ХИКМЕТ-2

Қарын тойса, қанағатты тоба ғып

Отыра алмай кәрі-жасы
омалып,

Адал еңбек ат-көлігін доғарып,

Адамдардан ар-абырой жоғалып -

Заман келді бәрі
ақшаға қараған,

Итше ырылдап бірін бірі талаған!

Түксізде де түзу ұшып түтіні,

Таусылмайтын тәубесі
мен шүкірі,

Тұрмыс-күйі,
күнкөрісі жұпыны,

Қожа Ахмет Иасауидей сұпылы -

Құлдарыңды
Құдайына қараған,

Сұбхан
Ием, сақта бәле-жаладан!

"Дегенде ақ Пайғамбар, ақ Пайғамбар,

Жазым келсе Алладан, жақ байланар".

Мансап пен мал-мүлік деп малғұнға ерген

Құл Қожа
Ахметтен шапағат таппай
қалар!

Адамы бұл
уақыттың ерек бүгін,

Зердеде көріп
жүрміз зеректігін.

ХИКМЕТ-3

Білмес тек
білімділер өлімге де

Өмірде бір дайындық керектігін.

Деп өзін Құдайменен
теңгеремін,

Есінен шығарады ең керегін.

Білмейді, білгісі де келмейді екен

Өмірге біржолата келмегенін.

Сондықтан үкілеуін үдеткенге

Іші еріп, үздігеді жүрек-пенде.

Тойлайды қартайғанын той-топыр ғып,

Мәз болып
бастан өмір күні өткенге!

Бақидан берсе ертең Құдай хабар,

Құл Қожа
Ахмет, тозағына жылай барар.

Шырайымен
арбаған шырын дүние

Шығырдай көз алдында шыр айналар.

Құл Қожа
Ахмет, азық деймін арым маған,

Жақсы ғой адам пейілі тарылмаған.

"Дос болмас бірін бірі кешірмеген,

Бір-бірін туыс болмас сағынбаған".

Ай, дәурен-ай, айдай көзің жабылмаған

Аз ғұмыр
өте шығар ағындаған.

ХИКМЕТ-4

Араласып тұрмаса, несі ағайын,

Тату ма тар кезенде табылмаған?!

Алла Тағала мейірі қолдағасын,

Аман келем жоғалмай жолда басым.

"Той ортақ, күлкі ортақ несі достық,

Қайғы ортақ, өлім ортақ болмағасын!"

ХИКМЕТ-5

...Сынып жамалған
ер мінез,

нар көңілдің күйін
айтады...

(Мұхтар Әуезовтің
Абайтанудан

бізге оқыған дәрісінен)

"Өлең басы біссімілә шекер деймін,

Біссіміләсіз
айтқан сөз бекер деймін".

Құл Қожа
Ахмет, қара жер хабар берсе,

Иманым жоддас
болмай кетер деймін.

Жебей гөр, күмәнім бар баста менің,

Жел бітіп, желік асын жаста жедім.

Аузына қартайғанда Алла түсіп,

Қадырын
енді білген қасқан, едім.

Сертіне
беріктіктің ұшқынында

Сенімі айналайын
күшті құлға.

Үш мәрте кәлима
айтсам, шайтан қашар:

Біссімілә,
біссімілә, біссімілә!

Жаңылыс кешкен ғұмыр
бекер дедім,

Жамап сынған көңілді
ілекерледім.

Құл Қожа Ахмет,
рухыңа мінәжат қып,

Хикметіңнен бал шайнап, шекер жедім.

ХИКМЕТ -6

Екі дүниеде патшалығын құратын

Рахман Ием, етіп өзің рақым,

Адал, тура Ақ жолыңа бастай гөр

Адамзаттың арманы мен мұратын!

Көп кездесіп кедергіге көлденең,

Құлдарың
ек нұр иманға шөлдеген.

Ұмытып
өскен Алла жолын ұрпақпыз,

Жүреміз деп Ленин салған жолменен.

Тұрса дағы
Кеңестердің басында,

Ленин деген кім ол Сенің қасында?!

Кіші әріппен
жазып сенің атыңды,

Есім бердік Күн көсем деп насырға.

Содан ба екен, бір-бірінен қан ішіп,

Қаныпезерлер өлер болды шабысып.

Шоқынды боп мұсылманның баласы,

Иса ұлы Исламмен табысып...

Шым-шытырық заман екен бұл жұт бір,

Қазақтың да бастан бағы сырғып тұр.

Тәнім
тәнті, жаным жәннат дініме

Тәңірі
Ием, тәңірілік нұр жұттыр!

Аулақ қылып бетін бізден бәленің,

Әулекінің көктен келтір әлегін!

Құл Қожа
Ахмет, құй Құдайдың құлағына

Ел шайыры Есенбайдың сәлемін.

Еш тірлік, ештеңе де бітірмеген,

Ей, Қожам, не сұрайсың
күпір менен?!

Қоғамда келемін ғой өмір кешіп

Адамы бірін бірі түтіп жеген.

"He табам, пайда жоқ,- деп,- құр сенімнен",

Екі адым аттап, кейін бір шегінгем.

Тірек қып жүре алмадым төзімімді,

Мен де қаптым қапқанды тірсегімнен.

ХИКМЕТ-7

Кезбей-ақ
қаскөйліктің қасаптарын,

Кейіспен пендешілік жасап қамын,

Кейде бір астамшылды аспен ұрмай,

Тіліммен тәкаппарға тас атқамын.

Демеймін отты айналып, зікір салдым,

Тірлігін тұтынбадым
шүкір шалдың.

Күлкінің керуенімен көшіп-қонып,

Түлкінің апанына түтін салдым.

Салдығын жасап жүріп бүкіл салдың,

Нәпсінің
кеудесіне лүпіл салдым.

Құл Қожа
Ахмет, Пайғамбарға жалбарыншы

Кешір деп күнәларын күпір шалдың!

Ой-санамды он саққа жүгіртуде,

Құл Қожа
Ахмет, түс көрдім бүгін
түнде.

Өліп қаппын мен байғұс өрем қауып,

Көрген түсім жүректі түңілтуде.

Қомақты үлес қостым ба қоғамыма,

Әлде ұйғарым
болды ма Жоғарыда,-

Мәшінменен ертерек алып кепті

Мәйітімді Жазушылар одағына.

ХИКМЕТ-8

Көңіліме біртүрлі
көрік білдім -

Бүршік жарған кезі екен өрік, гүлдің.

Бозғылт реңк бір тұста, бәрін байқап,

Бозторғайға айналып, көріп тұрдым.

Көріп жатты бәрін де көр ағашы,

Келіпті аздап дос-бауыр, жораласы.

"Атағы жоқ ақын ғой, сен сөйле" деп,

Төрелігін кескен-ау төрағасы:

Соңғы сапар сәті кеп жолын жасар,

(Қоңылтақтау күй кешкем қоңыр, нашар)

Үшкіл көйлек киінген жолаушыға

Үш сөз айтты үшінші орынбасар.

Төбелері өлеңнің төріндегі,

Өзім кеше ұшырған
өрімдері,

Бір бөлмеде отырған екі ақын да -

Ешқайсысы көзіме көрінбеді.

Тамыр етіп жүргесін тақыр жақты,

Бақилықтың артында бақыр қапты.

Қалтасының жағдайы көтере алмай,

Қатын біздің молда да шақырмапты.

He көрмеген қашанғы қабырға бұл,

Сарқылардай қисын жоқ сабыр да бір.

Есіркеген, пысқырған, елемеген

Естіледі дауыстар дабыр-дабыр.

Жауып кеткен ерінін жалап ұшық,

Жалмандайды күліп бір қара күшік:

"Пайғамбардың жасынан асқан екен,

Тойлаймыз ғой, тойғанша арақ ішіп!"

Шаңғытады сөздерден астар шаң да:

"Барам асқа, зираттан бас тартам да".

"Жаназасын жасамас, жарлы еді ғой?"

"Қазы-қарта жер едім дастарқанда..."

Жан түршіге... намысым қыза қалып,

Жаман ағаш табытты бұза-жарып,

"Оттапсыңдар!"
деп кенет оянып кетіп,

Ұшып тұрдым төсектен ызаланып.

Құлпыртқанда
құйқылжып теректі күн,

Құл Қожа
Ахмет, түсіндім ерек бүгін:

Қор жоқтықтық қорлығын көрмес үшін,

Қолдан келсе, өлмеуің керектігін!

Халыққа жұт
жасы да, құт жасы да

Жармасып имансыздық тұтқасына,

Төтенше қиямет күн төбедегі

Төніп-ақ келіп еді-ау жұрт басына.

Қожам-ай, ақырет шегіп ақыл бастар,

Табылмай тағылымыңды жақын қостар,

Еңіреп жас төккенің есіңде ме:

"Ел-жұрттан
кетті мейір, рақым, достар!

Басынан мұсылманның
бағы түскен

Ол кезді жырламаймын сағынышпен.

Жақсының жаны аяулы бөрі кетіп,

Жамандық болып шықты тағы да үстем.

Қарын қам жайсаңы мен қасқасы да,

Қартайған сақалды ма, аш жасы ма,

Бас-басына жүгініп басқа дінге,

Сайран салды сатқындық бақшасында.

Саңғытып қаласында, даласында,

Саңылау қалдырмай ел санасында,

Ақшалы шетелдікке ашық қоғам

Аздырды дін ислам баласын да.

Жоғы - сатқын, байлығы бар - далбаса,

Азбай ма имансызға ар қонбаса.

Құл Қожа Ахмет, қазақты көпір алды,

Жаратқан Ием өзі жар болмаса!

ХИКМЕТ-10

Ұнталып көңіл
деген құты сынды,

Ұнатпай ұстамың
мен тұтысынды,

Сұр-сиқы
тәуіптерің, қазақ, сенің

Сұмпиған сымпыс,
сыпа сұпы сынды.

Иектен бір тал қылшық ілінбейді,

Сүйектен тақуалық білінбейді.

Еп-еркін кімдер кіріп, кім шықса да,

"Егемен мұсылмандық
дінім" дейді.

Жүр дерсің бет сипаудан несіп таба,

Жүрекпен уайым-нала кешіп бала...

Көздері көрші
діннің көше мен үй,

Мекені молдекеңнің мешіт қана.

Ұлт деп те
жатпайды екен ұран шатып,

Түкіргі жоқ жұрт
аштан бұралса түк.

Имамсымақ иманға ақы-пұл ап,

Құр
қалғаны тұрады Құран сатып.

Құл Қожа
Ахмет, күл шашқан Хаққа бұлай

Күпірге заманында жақпадың-ай.

Әбсаттар қажымызға әл-қуат бер,

Дін бұзар
дүмшеліктен сақта, Құдай!

ХИКМЕТ-11

Бұзықтықтан әлде
осал тұрмысынан,

Оқ шығады мылтықтың ұңғысынан.

Оған бірақ, ойлашы, кім қысылған,

Дін мұсылман
болмай тұр, дін мұсылман!

Қарқылдаған орысша құрбысынан

Қазақшалы қыз бенен ұл қысылған.

Жарнама мен заңнама тұрғысынан

Тіл мұсылман
болмай тұр, тіл мұсылман.

Қойса дағы үлде мен бүлде бөлеп,

Бұл қоғам
мен бұл тірлік кімге керек.

Құл Қожа
Ахмет, құлшылық құлқында бар,

Мұсылмандық
дінде де, тілде де жоқ.

ХИКМЕТ-12

Күнікейге үлде мен бүлде керек,

Күмпилерді жүргем жоқ күндеп ерек.

Сыр жасырмай, сынап бір қоярым бар,

Жыр-бәйбішем айғады
үндеме деп.

Біреулерге үй керек, жүлде керек,

Бақша керек тұратын
гүлге бөлеп.

Бишараның тоймауын қараш десем,

Би бәйбішем
айтады үндеме деп.

Имансызда тіл бөлек, дін де бөлек,

Итше теуіп тастайды жүндеп ерек.

Оңбаған бір ұрыны
көріп қалсам,

Ойбайлайды бәйбішем үндеме деп.

Сарайларға салтанат күнде керек,

Самаласы самсаған түнде дерек...

"Басшыларды сынасаң, бас кетеді",-

Сыбырлайды бәйбішем үндеме деп.

Атқа жемді әркім де алар болды,

"Сен салар да мен салар" салар болды.

Үйдей пәледен құтылып
үндемеген,

Үндегендер тұтылып
қалар болды.

Ырыссыздың ындынын ыңырсытпай,

Үнсіздікті үйірер кім ұршықтай

"Үндемемен" жүргенің үнің шықпай!

"Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол",

Алдыңғы арба артқыға салады жол -

Ac береді ағайын аза-мұңын

Бөліссін деп арттағы жараны мол.

ХИКМЕТ-13

'Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол..."

Абай.

Қара киіп қасірет кабағынан,

Қара көзден мөлдіреп ағады қан.

Ақ дастарқанда адамы бұрынғының

Аңырыпты ас өтпей тамағынан.

Көз жұмылса
көктем кеп, қара күз кеп...

Топырақ салмай, асына барамыз деп,

Бүгінгінің адамы күйсеп жесіп,

Асап ішіп жатады арақ іздеп.

Қара жерге қабірлеп қойған ерден

Сөз сөйлейді желпініп ойға мерген.

"Тойып қайттық" деп тұрар мадақ жыры,

Тойға келген сияқты, тойға келген!

Айырылып арысы - дарағынан,

Арнамайды ол дағы аза-мұң өн...

Аруағыңнан айналдым Абай құсап,

Шошыдым мен бұл
заман қазағынан.

Демеймін ғой ішісі, жесі надан,

Екі ғасыр, екі салт, екі заман.

Беті жақсы, берген ас, еті жақсы,

Құл Қожа
Ахмет, халықтың ниеті жаман.

ХИКМЕТ-14

Жез өкшелі, суық
қол, ұры бетті

Сұрқылтайдың
сұмпайы сұры жетті.

Салдақының сау емес дамбалындай

Садақа мен қайырдың құны кетті.

Көктен келмей, әлегі жерден келіп,

Әркім-ақ жүр сұмдыққа
мергенденіп.

Аманы жоқ алаштың баласында,

Алған алып, заман-ай, берген беріп.

Алған жақсы-ау жатса адал термен келіп,

Алды бәрі қулыққа мергенденіп.

Ала қыста міскінсіп ақша тапса,

Албастыға бітердей желден желік.

Құтаймайтын
ешқашан "жарықтықтың" -

Құр алақан бөркіне ғаріптіктің

Құрбан
айтта қайыр-пұл садақамды

Тастай-тастай көңілім арып біттім.

He өледі үңгірде пышақталып,

He арағын жатады құшаққа алып.

Құл Қожа
Ахмет, қоғамда бай-бағлан да,

Қайыршы да кетіпті ұсақталып.

Абыройын жатпадың аңсап төрдің,

Қалай ғана мен оны жаңсақ дермін.

"Қожаның" да "Ахметтің" алдына caп,

Құл
дегенді құрметті мансап
көрдің.

Тарықтырды тауариқ тар заманы,

Тарықпасқа дананың бар ма амалы...

Құлқынының
құлдығын қылып жүріп,

Құлсың
десем, Қазекем арланады.

Олла-білла, олай айтсын, қалай айтса,

Оң көрмейді мансапсыз малай айтса.

Құл Қожа
Ахмет, құрақ ұшып қалар ма еді

Осы сөзді патша айтса - Абай айтса?

ХИКМЕТ-15

Құл Қожа Ахмет,
жер астында тұрып өлдің,

Ұлықсымай үстінде
ұлы жолдың.

"Құл"
дегенге мейірмен құлдық ұрып,

Құдайдың сен құрметті
құлы болдың.

ХИКМЕТ-16

Алла дидар ақ нұрын
ашып алдан,

Арманында жайқалып жасыл орман,

Қаза қылмас бес парыз қазақ едік,

Қажылықта атамның басы қалған.

Күлкі қашып, жөніне серуен кетіп,

Ұзағанша
жолшыбай еру елдетіп,

Ұзақ жолда
белшеден бейнет кешкен

Кемелетіп, жаяулап, керуендетіп.

Жеткізген соң Мәдинә, Меккесіне,

Жарылқаушы Теңіріге өкпесі не.

Қасиетті Қағбаны жеті айналып,

Еркі жоқ-ты көз жасын төкпесіне...

Артта - Арабия, құм көшкін боран - алды,

Алмай еске ат-тоны тоналар-ды...

Бір такия
қалдырған Құнанбайша

Құдайына құлдықпен оралар-ды.

Қонып сосын басына періште бақ,

Қанағаттың ауылынан өріс тарап,

Қазығына тәубенің
ат байлайтын,

Азығына нәпсінің теріс қарап.

Арқаланып не өзін, бай туысын,

(Жамағаттың осылай айтуы шын)

Қажылыққа біздер де барып жүрміз,

Саяхаттап туристей қайту үшін.

Алматы мен Меккені салғастырып,

Қажы деген атақты алға астырып,

Асып-тасып аспаннан түсер едік,

Қара жерде арақты жалғастырып...

Бұл
әкелген базарлап бұлғақтарға

Таңда мақшар Тәңірім
нұр жаққан ба!

Құл Қожа
Ахмет, айналса не қыл дейсің

Қазақтағы қажылық құр мақтанға?

ХИКМЕТ-17

Біссіміллә
Рахман Рахим!

Арызым айтсам жетер ме?

Арыды арман-мұратым,

Арам тер болып бекерге.

Жаныма нені жар етем,

Жамандық неге озады?

Еркіндіктің де бар екен

Ең батпан азап-тозағы.

Тас болғай құмдар
жиналып,

Ел болғай деймін құл-құтан.

Осыны ойлап қиналып,

Осыны ойлап мұң
жұтам.

Бұралқы
болып бұрымдым,

Бұрылды
жатқа малға бай...

Қолында дым жоқ құлынды

Қолдай гөр өзің, Аллам-ай!

Ақ жолың тұтқан
пендені

Кем бақыт қылма, кел, дем бер!

Желіп жүр шалқып жердегі

Құдайларына
сенгендер!

Сыр емес ішке бүккендей,

Әділет іздеп тарықтық...

Тәубелілерге
түк бермей,

Қанағатсызды қарық қып?!

Жетіспей, өзін ақтамай,

Жеті бір жұмақ
тапшы ма:

Тұзағың
сенің, Хақ, қалай

Түседі жиі жақсыға?!

Жауыздық қылса жатпай кім,

Жаза бар деп ең о жақта.

Озбырды отқа қақтайтын

Орын жоқ па өлде тозақта?!

Әділет, сірә,
болмақ па:

Әлсіз құлдарды
орға ату,

Жарылқаймын деп ол жақта,

Бұл жақта
сонша сорлату?!

Ақылға осы қонбақ па:

Құлқынның
құлын, әрине,

Жазалаймын деп ол жақта,

Құтыртып
қою пәниде?!

Жазғыра көрме, таңырқап -

Ерік те берсем мазаға...

...Екі дүниеде шүкірді жарылқап,

Екі дүниеде күпірді жазала!

P.S.

Көпірмелерге малайдан

Көп дұшпан
тауып көбең жыр -

Алла жарлығымен Абайдан

Машина мінген өлең бұл.

Туралық сынды тулы ғып

Туылған жан ем болмыстан.

Күншілдер жұттай
шулығып,

Діншілдер құптай
қол қысқан.

Озса да қалса, басылса,

Бар істе Алла әділетті.

Мерейін кімнің асырса,

Мейірімі мол Тәңірі етті!

Кемерден асып-таса күй,

Кейде бір артық мен кетем.

Әзірет Сұлтан
Иассауи,

Арзуым әлгі жөн бе екен?

Еділдей я Есілдей

Ернеуден шыға
есірсем,

Алла Тағалам кешіргей,

Ақ Пайғамбарым, кешір сен.

Жылаған, сосын жұбанған

Жылдары қиын күнді өттім.

Құлшылығынды
құп алған

Құлыңмын,
адал үмбетпін.

ХИКМЕТ-18

Адалдық, адамдықта амал қалмай,

Қабағы замананың қабарғандай.

Дегенде жақсы қандай, жаман қандай,

Айырар аражігін адам қалмай,

Адасқан кеш құлынды, жан Аллам-ай!

Жақсылық алты қанат ақ ордамдай,

Жамандық "шауып қайтқын" шабармандай.

Ырылдап ызы-қиқы, ырың-жырың,

Ырысы зорды күнде сабармандай.

Мал тауып, мансап тауып түзу жолмен

Бар ма екен бармақтай бақ табар маңдай?

Ел десіп еңіреген естілерге

Еліріп екі көзі аларғандай.

Итаяқтан ас ішіп ит орнына,

Иманның ырыздығы таланғандай.

Заңнан да, заманнан да қорықпайды,

Қасарып қастасынан қан алғандай!

Бұралқы бұтып-шатып жоқты-барды

Бұл пендең
көтеріп жүр көп күнәні.

Кім оған қиястығын көзіне айтса,

Сол болып шыға келер соқтығары.

Өнбейтін өгіз аяң дау-дамаймен,

Қолпашқа қолшоқпарлық топ құрады.

Кесірсіп, сәл нәрсені кек қылады,

Мынаны мұқатсам ба деп тұрады.

Айырып ақ-қарасын ол не қылсын,

Белбеуге түйілген соң беттің ары,

Безбүйрек, өлермен боп кетті бәрі!

Ағаштың алуан түрлі жапырағы,

Алаштың данасы бар, ақымағы...

Қолының қимьшы мен ісінде ғой

Ауызбен айтқан сөздің татымағы.

Арамза молдалыққа мінбе берсең,

Сыпыра уағызнама сапырады.

Артынша, былай шыға бықсып-бүксіп,

Ожданды орға
жығып қатырады.

Тобасыз қайраткерсіп бәтуалы,

Тобықтан қағып келе жатыр әлі.

Торғайдай топқа бөліп тоздырып caп,

Қазақты бірігуге шақырады.

Қазаққа кезігіп тұр осындай кер,

Досты - дұшпан,
дұшпанды досындай дер.

Өздері лас, "сөздері шошқа туса",

Құл Қожа
Ахмет, дінінен шошынбай гөр!

ХИКМЕТ-19

Қиналысы болмайды ұялысы,

Қияметген бетердей қиял іші.

Жайнаған туы жығылмай Оспандарша,

Жақсы өлмейді қазақтың зиялысы.

Абай.

Ит қоспайтын игіде адамы жоқ,

Данасынан оқыған наданы көп.

Абай атам заманы жақсы екен ғой,

Өлісінде бір де бір жаманы жоқ.

Хас таланттым, қабілет-бағы аздарым,

Сабап-сабап бетке ұстар сабаздарын,

Қара жұртқа қапшықтап таратады

Қара күйе жаднама қағаздарын.

Мың соғылып cop басы бір соғылған,

Ақын мерт боп кетеді жыршы оғынан.

Жайнаған
туың жығылмай,

Жақсы өліпсің, япырмай!

Мәрт екен-ау баяғы кәрі бабам,

Кәрі бабам болып тұр дәрі маған.

Тірісінің бүгінде жақсысы жоқ,

Өлісінің және де бәрі жаман.

Көрде жатсаң - көріңнен суырып алып,

Тірі жүрсең - қалмайды қыр соңыңнан.

Қиналысы болмайды ұялысы,

Қияметтен бетердей қиял іші.

Жайнаған туы жығылмай Оспандарша,

Жақсы өлмейді қазақтың зиялысы!

Жаным ашып, аяймын бауырымды -

Алты бақан, алауыз қауымымды.

Рушылдық, топшылдық, жершілдіктің

Дертіменен елім бар аурулы.

Талай рет тозып ек, таланып ек,

Тарихтың көшінде налалы боп.

Құл Қожа
Ахмет, не дейсің, не қыл дейсің,

Алланың да қазаққа амалы жоқ!

ХИКМЕТ-20

Атымыз - Алаш,

Отынымыз - ағаш.

Қазақ мәтелі.

Құл Қожа
Ахмет, киесі кетті әулиенің
де, пірдің де,

Алты бөлмелі анау бір үйге бас сұғып, сірә, кірдің бе:

Атасы бір дінде,

Бапасы бір дінде,

Баласы бір дінде,

Анасы бір дінде,

Қызы бір дінде,

Ағасы бір дінде.

Алты бөлмеде алты дін тұратынын білдім де,

Ауызыма сөз түспей, байланып қызыл тіл мүлде,-

Деп "тезірек табанды жалтыратам!",

Қалдым сонша өзгерген
салтыма таң.

Алты бөлме.

Алты дін.

Алты пенде

Бір-бірімен алауыз алты бақан.

Бір бөлмеден
бәрін де табам дедім,

Таба алмай қап, жаным мен жағам жедім.

Құл Қожа
Ахмет, "алты бақан алауыз" деп

Осындайдан айтқан-ау бабам менің.

Абайлағыш Абай (Ибраһим) патшадайын

Мен де неге зар илеп қақсамайын!

Алты бөлмелі бір үйім - Алаш деген

Береке жоқ, бірлік жоқ ақ сарайым.

ХИКМЕТ-21

Өлмей тұрып,
тірі өлу азабын шек.

Қ. А. Иасауи.

Жауынан жермен-жексен болып қалам,

Жасапты өмір үшін
жорық бабам.

"Өзекті жанға түбі бір өлім" деп,

Соғыста Құдайдан
да қорықпаған.

Тойы кеп мамыражайда тойлап тұрып,

Көзіне көк жайлауда қой бақтырып,

Көңілі қыз-қырқын мен қызық бағып,

Оралын өткізіпті ойнап-күліп.

Басқа ой, басқа мақсат қанында жоқ,

Жастықтан жатса болды жалындап от.

Әндері "ойнап-күлумен" аяқталып,

Басталар "оралыңның барында" деп.

Күлкінің ат байлаған кермесіне

He түсті бұрынғының
зердесіне?

Әлде көз жеткізді ме Жаратқанның

Екі өмір, екі дәурен бермесіне?

Сондықтан туа бітті
қазағыма

Ойын мен күлкі күйлер ғазалы да.

Құл Қожа
Ахмет, осы жұрт көнер ме екен

Өлмей тұрып
тірі өлу азабына?!

Үрдіс боп үрейсіздік жорықтағы,

Әлі сол күйзелмеуі, торықпауы...

Құл Қожа
Ахмет, қанға сіңген қасиет пе

Қазақтың өлімнен де қорықпауы?!

ХИКМЕТ-22

Кеше марксизм, коммунизм елесі...

Күйрей құлап
Қызыл Империя Кеңесі,

Қалды артында қайырлаған кемесі,

Кемесін сол қайта жасау белесі.

Бүгін терроризм, фундаментализм елесі...

АҚШ жақта ауытқырдай жер осі?

Қан-қан болып Азияға қарайды

Еуропаның рухы мен денесі.

Кеше марксизм, коммунизм белесі,

Бүгін терроризм, фундаментализм елесі...

Одан кейін? Болашақ қой болжаусыз,

Бәлкім,
шовинизм шығар келесі...

Таусылмайтын "изм" деп бұл неғылған,

Адамзаттың ақыл-есі аңырған.

Ауыз жаппай жауыздықтар жабылған,

Исламға қарғыс таңба таңылған,

Құландайын бездірмекке қағыңнан.

Қаңтардайын болып кеткен сәуір де,

Құл Қожа Ахмет, не дейсің бұл дәуірге?

Чешен қызы өзін жарып өліп тұр

Ажал шашып күнде қорлар кеуірге!

Азаттықта бересі мен аласы

Анау жақта Палестина баласы,

Басып кірген басқыншы ел жәйттен

Босқын болды қасіреті мен наласы.

Мұсылманның
таусылса су-суаны,

Мұрттан
күліп жүрмекші ғой қу әні.

Жақсылықтан балалап тек жақсылық,

Зұлымдықтан
тек зұлымдық туады!

Буш пен "туштар"1 қосып бірге хор үнін,

Өткізе caп
крестшілдер форумын,

Жарылқардай Азияға қарайды

Жариялап фундаментализм жорығын.

Онсан мың жұрт
ауырып-талып ондалап,

Жас қырылса, аш бұралса - сол ма бақ:

Бағзы қала қасиетті Бағдатты

Басқыншылар жермен-жексен бомбалап?!.

Жауыздықтың жорғасы мен жортағы

Мандайына басылса дер cop табы...

Ақ жолдағы Алла берген дінімнен -

Еуропа Исламнан қорқады.

Қорық! Қорық! Арта түсіп қатары,

Тәңірім кепіл таусылмасқа татары.

Көкте - Алла, Хақ Пайғамбар - көшбасшы,

Тоқтамайды ұлы
керуен сапары!

Құл Қожа
Ахмет, айттым сендей тектіге,

Сабыр бергей кәпірлерге кектіге.

Шәйіттердің
жәннат болып мекені,

Имандарын салауат қылғай деп тіле.

1 Ірілер, алпауыттар мағынасында (Авт.)

ХИКМЕТ-23

"Адамы бұрынғының не көріпті",

Біздерге ұқсап
өшіпті, көгеріпті.

Ақы берсең де бүгінгі тоқтамайтын

Бір-ақ ауыз жөн
сөзге бөгеліпті.

Ер салған, екі қол деп, телкүреңге

Ескіге ет жүрегім елжіреуде.

(Абайша) "терім сатпай, көзім сатып",

Телміріп мөлиемін мен біреуге.

Баяғы жарымаған да нәсілінен

Сорпа-су айырыпты
кәсібімен.

Ас-суын бүгінгінің бомжалары

Алып жейді қоқыстар жәшігінен.

Бұрынғы
елірмепті есі кетіп,

Қайда да кішілікті несіп етіп.

Бүгінгі қыз-бозбала үлкендердің

Кес-кестейді алдынан кесіп өтіп.

Махаббатта бұрынғы
тасып-толған,

Күйіп-жанған, ертенген, жасып-солған.

Мысалы жан қалқаға ынтызары

Мұхаммедтей
Аллаға ғашық болған.

"Ессіздігін ерлікгің"

Артып-тартып еңсеге,

Есеп бар қазіргінің табанында,

Есеппенен басады қадамын да.

Құл Қожа
Ахмет, қызға да, Құдайға да

Ғашықтық жоқ бүгінгі адамында.

ХИКМЕТ-24

Көңіл баяу, арман жаяу, көліксіз,

He табасыз көздің жасын төгіп сіз?

Сүмірейген сүтке тиіп күшіктей,

Сүйретіліп жүрген тірі өлікпіз!

Құл Қожа
Ахмет, жалап өскен жұмырды

Бізден туған ашкөздіктер бүгінгі

Судай шашып жалын жастық ғұмырды,

Дүрліктіре дүниені дүбірлі,

Асау топыр жынойнақты мекен ғып,

Айғыр жалды роктордан шетелдік

Арқыраған құйын
жұтып, күй ішіп,

Тұяқтардан
ала сүргін би ұшып,

Арзандық боп теңселе,

Аялдамалар менен автобуста, кеңседе -

"Қиылыспайтын көлбеу жазықтықтардың"

Түйсіксіздік сызығы боп түйісіп,

Кісілерден қысылмай-ақ сүйісіп,

Сайрандап жүр "ала көкек, ақ қарға",

Сауық құрып
көшелерде, бақтарда...

Арлылықтың ауылы мен қаласы -

Азғаны ма ата дәстүр даласы?!

Көкектер мен түнгі көбелектердің

Көзтасада қалған бақсыз баласы -

Шыр-шыр еткен жетімхана даусынан

Шыңғырады намысымның наласы!

Еһ, өкінем, өкінем-ай, өкінем,

Осып өтті ар-ұяттың
бетінен

Дос күлкісі, жау-дұшпанның табасы,

Сарқылды да салқын сабыр сабасы!

Бос қартаймай, бостандықтың қадірін

Қашан білер біздің қазақ баласы?

Абыройды айрандай ғып ақтарған

Сақта, Құдай, саңылауы тап-тардан!

Мен қорқамын
кейінгі арба жүрісі

Ауысты-ау деп
алдыңғы арба - қарттардан.

Тоба сипат Топырақ-ана, Су-ана,

Қуаласаң, сол бәдікті қуала!-

Кәрілері азған жұртты
кәр соғып,

Кәпір
нәлет жасы болар дуана.

Крест байлап сонан кейін мойнына,

Кірер дағы жирен бикеш қойнына,

Қайта киіп бодандықтың қамытын,

Қара қасқа намысының табытын

Қайда апарып көмерге жер таба алмай,-

Құл боп
тағы қаларына сене бер,

Құлқын
түзеп, естенбесе ел егер...

Жасқа мәрттік, қартқа хақтық дарытып,

Жасаған Ием, қазаққа ақыл бере гөр!!!

ХИКМЕТ-25

Жас келіндей жаңа ашылған желегі,

Ар деген бір Иманы бар ел еді.

Өйткені оның баламасы Ұят қой,

Ұят әркез
ибалы боп келеді.

Жапырақ жайсын десек Иман терегі,

Ар мен Намыс одақтасу - керегі.

Имандылар Иба сақтап тұрғанда,

Имансыздар өтіп кете береді.

Өтіп кетіп... бәйге алады шаппай да,

Бәйге
алған соң, үкі-тұмар тақпай
ма?!

Абай айтқан: "Ұятсыз болмай атақ жоқ,

Арсыз болмай бақ қайда?!"

Ашу, Құлқын
- Намыс жауы екеуі,

Түбіне оның жетсе, осылар жетеді.

Ар кетсе егер, өлді дей бер Намысты,

Намыс өлсе, Ар да безіп кетеді.

Ауыз бармас сосын адам деуге де,

(Тәуелді
етіп жаратты екен, беу, неге?!)

Намысынды қайнатады Ыза қып,

Ашу-дұшпан
от жағып бір кеудеде.

Сондай сәтте көзіне қан - өрт толып,

Ұмтылғанда
тастамаққа төрт бөліп -

Дүлей Намыс қырсығынан мерт болып,

Талайларда Ар мен Ұят кетті өліп!

Құлқын-дұшпан Арды азғырып теріске,

Бітті дей бер жетсе егер жеңіске -

Ар да, Ұят
та қу Құлқынның құлы боп,

"Алтын көрсе, жолдан таяр періште".

Жұртты
аздырып, елді бұзып,
шаршатып..

Құлқын
сөйтіп Құдайға оқты қарсы
атып -

Құлшылыққа
жегіп Пендешілікті,

Құдай
болмақ Ұят сатып, Ар сатып!

Жаңғыртсам деп өмірдің өр, жазығын,

Жастық - тұлпар
жүр айналып қазығын..

Жанарына аспан, жерді сыйғызған

Намыс - сақшың,

Ар - аяулы азығың.

Пенделіктер қу Құлқынның
қамы үшін

Итшілдесіп қалатыны тағы шын.

Абалауға Арың барып жүрмесін!

Табалауға келер болсын Намысың!

Осылай маған аян берді бүгін кеп,

Құл Қожа
Ахмет бір хикмет күбірлеп...

Екі аяқты құдайларға
имей бас,

Жүрегімде дүрсіл жиі, дүбір көп...

ХИКМЕТ-26

В белом венчике из роз -

Переди - Иисус Христос.

А. Блок. "Двенадцать"

Еркіндік деп аталатын талды ектік,

Талды ектік те, жабық қоғам халді өттік.

Айғайлайды оппозиция он серке:

-          Айда,
демократия!

-          Қайда демократия?!

-          Ал кеттік!

Жүрек қағып, комкомандор жүдеп шал,

Демігеді: -Жолды ашыңдар күреп қар...

Алдарында Алла менен Абай жоқ,

Қолдарында Христос пен Блок бар.

Адам құқы
аталатын от жағып,

Отты айнала жылынады топталып.

"Демтандауды" демеуші Иисус Христос -

Қажыгелдин шет ел қашқан сотталып.

Женева ма, Лондонда ма тұратын

Жеделхатын жолдап жедел ұлы ақын,

Жайып салып жарты жапырақ қағазға

Жаны сүйген арманы мен мұратын:

"Қазақ емес,- деп жазады жебелеп,-

Қазақстандық ұлт
болыңдар, не керек..."

Қу тақтайға керіп жатты біреулер

Ғалымжанның портретін шегелеп.

Ықтап тұрып
ығы бардың тасасын,

Амантай қажы көтереді асасын:

-          Аттан,
қазақ! Қапта Америкаға!

Долой империализм! Исламизм жасасын!..

...Еркіндік деп аталатын талды ектік,

Талды ектік те, тамыр жаймас халді өттік.

Жолы болмай қалған "Ақжол" сайлауда:

-        Айда,
демократия!

-        Қайда
демократия?!

-        Ал кеттік!

Кетсек, кеттік!

Шықса мүйіз сапардан,

Біз де қарап қаламыз ба қатардан.

Майқы биден майлы
жілік мүжіп қап,

Тірі жан жоқ "Азамат" пен "Атаннан".

-        Әй, оларға
Билік әркез дұрыс дос,

-        Тында, халық,
ынтымаққа ырыс қос!-

Қарлығады...

Алдарында қар, шалшық,

Қолдарында Блок пенен Христос.

Құл Қожа
Ахмет, басқа тілге малай боп.

Айтсам екен, осылай ма, қалай деп?

Салады енге саясаттың ойыны,

Ауызында Алла менен Абай жоқ!

1 "Отанды" орыс тілділер осылай атайды (Авт.)

ХИКМЕТ-27

Кетті атылып байлары,

Кеңес қанға кенелді.

Итжеккенге айдады

Имам, мүпти дегенді.

Отырды дінсіз орнына,

Ортаға түсті он саулық.

Қоғамына болды да

Қожа-молда қолжаулық.

Бата алмады елінен

Батыл жігіт, батыр қыз...

Құл Қожа
Ахмет, сені де

Жаңа танып жатырмыз.

Жас тәліптер жүр өсіп,

Жасқантып дін наданын.

Қайта қызды күресі

Ескірген мен жаңаның.

"Лә Иллаһа Илалла!"

Алласына дейді ол да -

Түзу жолмен пиғылын

Түзеп алмай кей молда.

Арапшаны бір сайрап,

Қазақшаны бір сайрап,

Орта жолда тоқтайды

Орысшасын жұмсай
қап.

Бітсе кімнің тынысы,

Сол болар көз қырында.

Ындынының ыдысы

Толмайды ырым-жырымға.

Қыбырдан да, қылдан да

Күзет қояр есікке.

Құлшылығын
қылғанда

Құдай үйі
мешітте:

Ішіменен жылымай,

Сыртыменен жылиды.

Діліменен ұйымай,

Тән
тілінде ұйиды.

Шайтан бұзар
қайдада,

Шариғатшы оңбаса.

Дін мұсылман
пайда ма,

Діл мұсылман
болмаса!

ХИКМЕТ-28

Толқи да толқи мен бүгін,

Құл Қожа
Ахмет, толғандым.

Абайға ұқсап
ел мінін

Өз мінім деп қолға алдым.

Шындығың, деп, құрысын,

Шыбық тимей шырт етем.

Ындынымның ыдысы

Толмайтын бір жұрт
екем.

Күзен шығар бір күні

Күзелмеген қыр текем.

Бірлігі мен тірлігі

Түзелмеген жұрт
екем.

Ақиқатты ақтарып,

Адамшылық қол созып,

Қақсай-қақсай жақ талып,

Ат арыды, тон тозып.

Құлақ қоймас еш пенде,

Құр айғай мен жаңғырық.

Бұл жұрттан баз кешкенде,

Қайда барам қаңғырып.

Көңіл тұшыр түгі жоқ,

Қылып жүріп бас қамын...

Қазып алар қылу ет

Қаржысы кем қасқамын.

Қу нәпсіні сездіре,

Қуырдақтап, шыжықтап...

Жүрек жұтқан
езді де

Жүреді екем қызықтап.

Шығып талай ауырдым

Шып-шып тері шекемнің.

Жексұрынын
да қауымның

Жек көрмейді екенмін.

Құлқын
айтса наданым,

Құлағыма
іліппін.

Жақсысын да жаманын

Жамағат деп біліппін.

Жамағатқа үңілдім

Жылуымен ішімнің.

Мұң-зарынан
түңілдім,

Мұны қалай
түсіндім?

Ей, Құл
Қожа досым-ай,

Енді қайтем, қырам ба...

Әділеті осылай,

Әділ қазым бір Алла.

ХИКМЕТ-29

Құл Қожам, көңіл
қайтып тұр,

Қауымым бар, рақым жоқ.

Ақ Пайғамбар айтыпты

Аллаға ақын жақын деп.

Қарттары да жастары

Көлденендеп жолыңа,

Қорлығын жазсаң бастағы,

Қоғам боп түсер соңыңа.

Мұқатуға құмар ма,

Мұны қалай түсіндім?

Қамшымды алып шығарға,

Қайраны жоқ күшімнің.

Өңім қашып - құр
қайғы

Өңде-түсте
шегемін.

Ақын біткен жырлайды

Бір Алланың дегенін.

Тұзсыз боп
тұр жегенім,

Тұзақ құрып жолыма -

Алланың айт дегенін

Жазсаң, түсер соңыңа!

Өтірікке құмар
ма?

Өткізе алмай бөгелдім -

Шындықты алып шығарға,

Шын досы жоқ өлеңнің.

Аламандап шапқанда,

Алмас санға біздейді -

Алла өзі іздеп тапқанда,

Ақын әкімді
іздейді.

Үлкейдім де кішірдім,

Жүгіндім де түңілдім.

Мұны қалай
түсіндім,

Оны қалай ұғындым?

Құл Қожа
Ахмет, заржағым,

Жақсы бопты: сол бағы -

Жерде тұрмай,
Алланың

Аспан жақта болғаны!

ХИКМЕТ-30

Мен:

Көп сұрақ
тұр миымда

Жыртып басты соқадай.

Адам болу қиын да,

Айуан болу оп-оңай.

Ісіп-кеппеу деген де

Іс екен бір ақырет.

Шерменде шер-шеменге

Шертші дәріс,
Қожа Ахмет!

Құл Қожа
Ахмет:

Өтті жылап неше ерлер,

Өксіме де жасыма.

Нәпақа
табам десеңдер,

Нәпсінің теп басына!

Тарт дейсің ғой, тегінде,

Тірі елудің азабын.

Тірі өлуден өмірде

Бәйге бермес қазағың.

Келші, Қожам, дем бергін,

Кеудесіне кір еніп:

Көкірек көтергендердің

Көпшілігі тірі өлік.

Арқалап жүр аяғы

(Айуаннан да бетер ұқ!)

Абай айтқан баяғы

Боқтың қабын көтеріп.

Мен:Құл
Қожа Ахмет:

Боқтық жинап аз күндік,

Боқ көтерген сорлайды.

Мұның аты
- азғындық,

Ол тірі өлу болмайды.

Құдайға
ондай қадам жат -

Құлқын
болса зар-қайғы.

Бейілі тар адамзат

Бейішке, біл, бармайды.

Енгенде жер қойнына

Есіркеу жоқ о жақта.

Шынжыр от caп
мойнына,

Шыжғырады тозақта.

Мен:

Бұлғақтардай
жөні жоқ

Бұл
қазақтың ірі боп.

Тірісінде өлі көп,

Өлісінде тірі көп.

Арқасында күнелткен

Аяқ деген көліктің,

Мендеп дерті үдеткен

Мен де тірі өлікпін.

Қанатымнан қайрылып,

Қалай жерде жүрермін?

Абыройдан айрылып,

Талай жерде тірі өлдім.

Обалын да арқалап

Жазығы жоқ біреудің,

Жанымды ұят
жаңқалап,

Жақсы ортада тірі өлдім.

Бағы тайған сорлыға

Болыспаппын байбайлап.

Болсам дедім орнына...

Арды ойламай, пайда ойлап.

Құл Қожа
Ахмет:

Адасып барып қайтқанның

Алла рахимы ғазалым.

Тірі өлу деп айтқанмын

Ар-ұяттың
азабын.

ХИКМЕТ-31

Аузында жоқ тәңірі,

Шайтан-малғұн
ұрған шал,

Құл боп
сен де, айт күні

Құдайы бір
құрбан шал!

Көңіліне ар қонса,

Күпірді де сыйлаңдар.

Кімде ұят
бар болса,

Сол пендеде иман бар.

Өз ісіне зият боп,

Өмірге нәр жайған бар

Иман жаны - ұят
деп

Өсиет етті Пайғамбар.

Meн:

Ұқтым
түбін мәнінің

Тірі өлудің азапта.

Иншалла, жомарт Тәңірім

Иман бергей қазаққа!

Аулақ кетпей, ал сабақ

Анау міскін соқырдан -

Құлақшынын жайып caп,

Қайыр тілеп отырған.

Қыс ішінде бұ қаңғып,

Жұрттан жылу аласы.

Көркөздіні тұр аңдып

Көзі ашық ұл баласы.

Қол дірілдеп, қалтырап,

Құлақшынға ол түседі -

Қайыр-пұлды тартып ап,

Арақ қылып ішеді.

Түспесін деп ол басқа,

Тұт
Пайғамбар сүннетін.

Сен де сондай болмасқа,

Айтшы, ақсақал, кім кепіл?!

Адам текке жылай ма,

Алда қандай бар күнің?

Жалбарынып Құдайға,

Жақсы өлсейші, жарқыным!

ХИКМЕТ-32

Батып бір бұлдыр елес тұманына,

Ойлайсың ананы да, мынаны да.

Сергелдең-сергелдеңге түсіп кейде,

Сенімім құл
болады күмәныма.

Үйлесіп үр қызының ұнамына,

Бейіштің ат суарам бұлағына.

Түсіне тары кірген тауықтайын,

Елестің тағы батам тұманына.

Соқпайды соқа басты жайға құмар,

Енеді Күндегілер, Айдағылар.

Мұхаммед
пайғамбарды көрдім бірде

Қолында жасыл түсті байрағы бар.

Бара қап басты алаңға жолым түсіп,

(Үстімде көрген көзге толымды ішік)

Қалың жұрт
ортасында қаумалаған

Тұр екем патшамыздың
қолын қысып.

Сондай да түс көре ме ақын деген:

Тамыр да, таныс та емен, жақын да емен.

Шай іштім кабинетінде, сұхбат құрып

Бір үлкен қалабасы хакімменен...

Құл Қожа Ахмет, елестерге толы басым,

Толы басым жүр түнде болып асым.

Түсіңде
ірілерге кездесіп қап,

Өңінде ұсақтарға
жолығасың.

ХИКМЕТ-33

Құл Қожа
Ахмет,

Сенің зарың -

Лә Иллаһа Илаллаға асықтық.

Ләйліп жүрген менің зарым -

Ләйлә
қызға ғашықтық.

Көрге тірі түстің де сен,

Тіздің саф жыр меруерт.

Егілдім жер үстінде мен

Емсіз дерттен еңіреп.

Көкке өзімді
пенде білдім,

Көз жас төге мұңайып.

Сен де құлсың,
мен де құлмын,

Кел, екеуіміз жылайық!

Тартып зарын ғаріптіктің,

Сен тірілей көрге еніп,

Мен тірілей арып біттім,

Тау-тас кезіп, шөл кезіп!

Сұлтан едің, Құл
атандың,

Әзіз атақ сендегі.

Қанды жасым бұлатамын,

Межнүн дейді ел мені.

Қасіретке пенде білдім,

Көрінбейді шеті бір.

Сен де құлсың,
мен де құлмын,

Кел, жылайық екі құл!

Бұл
дүниеде қиналса игің,

Берер зарын тілектің.

Жүрек бұйрығымен
сен Дидар сүйдің,

Мен де - өмірімен жүректің!

Қылып дүние-жалған ісін,

Зар илесем, ұлығым,

Алла басқа салғаны шын,

Демек, Алла құлымын!

ХИКМЕТ-34

Ал ұйықтайық, Алматым,

Аман өрмек кім кепіл:

Бір аяғым таңда
тұр,

Бір аяғым түнде тұр.

Құдайыма
бабамдай

Құлшылығым
қылам да:

Жатқыза гөр, жан Алла-ай!

Тұрғыза
гөр, бір Алла!

Жатарда да тұрарда

Жалбарынған анашым.

Жарылқай гөр, бір Алла,

Жалпы қазақ баласын!

Екі дүниеге патшам-ай,

Есіт, қонсын бақ пірі

Аузында жоқ қасқаға

Алласына тәкбірі!

Ауызға енді алыппын

Ата сақал тірлікте.

Ауа көшіп қалыппын,

Бірмен болмай бірлікте.

Құдайыма анамдай

Құлшылығым қылам да:

Жатқыза гөр, жан Алла-ай!

Тұрғыза
гөр, бір Алла!

Құл Қожа
Ахмет, маған нан,

Айтқан осы сөзім ақ.

Албасты ұрған
адамға

Алла деудің өзі бақ!

ХИКМЕТ-35

Бұлт бұлағай
көктем бе, бұла күз бе...

Көшіріппіз кеп өмір мына біз де -

Айсыз түнде адасып айдалада,

Құбылнама
жоғалып құла дүзде.

Барып қайтып қиялмен Айға неше,

Қанықсам да бірталай жайға кеше,

Күмірә боп
күмілжіп қала берем,

Күнбатыс жақ, шығыс жақ қайда десе.

Тәу етер
шақ туса да шұғылалы,

Сол баяғы біздегі ұғым әлі.

Мұсылманмын
деймін-ау мен де өзімді,

Құл Қожа
Ахмет, білмеймін құбыланы.

Қиналмай-ақ айтады деп қиқарың:

"Әнін білем АҚШ-тың, Мексиканың!"

Қарамасам молдаға, білмей қалам

Жайылған қол қай тұста бет сипарын.

Көріп келем кербала ұғымымды,

Көмейіме өкініш тығылулы.

Қайран басым білмейді қашан, не айтып,

Қай жағынан намазға жығылуды.

Құртқан
жоқпын бірақта құмарымды,

Құрметтеймін
дін деген тұмарымды -

Білмесем де өлікті арулауды,

Ақыреттік сапарға шығаруды.

Білмейді екем жерлеудің рәсімін,

Астар-сырын анасы-мынасының.

Ауызбенен Раббым Алла деймін,

Деймін және
дін - ділім, дін - асылым.

Бой алдырып дүние шатағына -

Марапаты, мансабы, атағына,

Ата сақал ауызға түссе дағы,

Білмейді екем діни бір батаны да!

Дарақының екі көзін бақшырайтып,

Далпылдап құр
жүріппін дақпырайтып -

Дағарадай мақтаннан сәлде байлап,

Аллаға емес, бастыққа тәкбір айтып.

Жесем дағы жемімді, таяқты да,

Саясаттан алмаппын саяқ тұра.

Кісісі өлген бір үйге кірер болсам,

Оқи алмай сорлаймын аятты да.

Жырқылдауды білмейтін ғұламадан

Жыртығымды жамарға құрақ алам.

"Суф" деген сөз суфлер емес пе?" деп

Байботадан байыбын сұрап алам.

Алшысынан түсті деп бір асығым,

Алаш екем құр
қалған, күнәсі мың.

Мұсылманмын
деймін-ау сөйтіп жүріп,

Деймін және дін - ділім, дін - асылым!

Жіпке тізіп кеттім
бе ескі мұңды,

Құным
жоқтай мүміндік пешкі ғүрлы.

Қүдай сүймес қылығы антұрғанмын,

Алла Тағала, есірке, кеш құлыңды!

ХИКМЕТ-36

Сары сайтан ержетіп,

Саудагер маза күнде алды.

Құл Қожа
Ахмет, кер кетіп,

Мына нарық жынданды.

Құны
зорлар тұлданды,

Құны
жоқтар бұлданды.

Астамдарға - абат та,

Момындарға - зындан-ды.

Туғаннан да таппайсың

Тура сөзді тындарды.

Кешегі мұңсыз
- мұңсыз боп,

Мұңдылары
- мұңданды.

Көріп жүрміз мадаққа

Көзін ашып-жұмғанды...

Мейірхан бар дәруіштен,

Одан басқа кім қалды?!

Ақ қаламым қолымда,

Алланың ақ жолында

Мен де дәруіш
болар ем,

Қуғыншым көп соңымда.

Атым арып, тозыпты

Ақиқаттан тоным да.

Айтқан болам тәкбірді,

Аллаға емес оным да...

Адалынан сөйлеуге,

Жатып алды көлденең

Жалмауыздар жолымда.

Қой, үндеме, ауыз жап!

Ақиқатты қауыздап...

Кетер ме деп қорқамын

Бәтуасыз қоғамның

Бәдәуиі
бауыздап.

Құл Қожа
Ахмет, алға тартып кір-мінін,

Я достасып, я түтіп жеп бір-бірін,

Тірі адамдар жасай берер тірлігін,

Марқұм
болып жатқандарды айтсайшы!

ХИКМЕТ-37

Кеткен кеше есесімен дерттеніп,

Қыр соңынан қалмастайын серт беріп,

Көз жұмылған
Көрұғлыға кектеніп,

Көріне тас атқандарды айтсайшы!

Өлі сорлы өзі жайлы баяннан

Хабары жоқ өрген өсек-аяңнан,

Қиянаттың қияметі таялған,

Шатақтарды шатқандарды айтсайшы!

Күйіп-пісіп уайым жемек, шер ішпек,

Мынауың оң, ал мынауың теріс деп,

Өлгенде жоқ керілдеспек, керіспек,

Керде тыныш қоймауларын айтсайшы!

Күндестері күйе тиеп күймеге,

Түйе беріп "тие берсін" түймеге,

Тірісінде тыныш қоймай үйде де,

Той-жеңіске тойғандарын айтсайшы!

Өлермендер келеді екен өр неге,

Өмір ылғи береді екен төр неге?

Жатқызбайды үйіңде
де, көрде де,

Өлімменен ойнауларын айтсайшы!

ХИКМЕТ-38

Ей, Иесі екі дүние-әлемнің,

Есеп қуып кетті тегіс бәрі елдің.

Керек адам, керек емес дейтұғын

Саудасы бар бір-біріне селемнің.

"Сарт-саудагер" саудайы бұл заманда,

Біреулерге керек болу жаман ба!

Керегінде тимейтін бір пайдасы -

Кергиді жұрт
керек емес адамға.

Керек адам - керек адам болғасын,

Басқалардан биік ұстар ол басын.

Төбе би боп керек
адам төрге озып,

Құдай
емес, керек адам қолдасын!

Кісісі өлген бекер-босқа жылай ма,

Жылағанды жұбатады
былай да:

"Жайсаң еді, жастай кетті, жарықтық,

Жақсы жандар - керек адам Құдайға!"

Сабақ алып мастық, жастық желеңнен,

Ата жаста астық біраз белеңнен.

Керегіне жарасам деп өмірдің,

Керек адам болуды ойлап келем мен.

Есепке алмас ерек жігіт, ерек қыз,

Жерді басып жүргендер көп дерексіз...

Құл Қожа
Ахмет, қорқамын мен болудан

Құдайға
да, адамға да керексіз!

ХИКМЕТ-39

Былғанышты пәни-жалған
былығын

Кеше-кеше белшеден,

Бұл
дүниеде Құдай сүйер қылығым

Жоқтығына мен сенем.

Пайғамбарым ғаріптікті сүйгенде,

Құлы боп
мен құлқынның,

Үйге, мәз
боп, мүлік-жиһаз үйгенге,

Үлкен қызметке ұмтылдым.

Жамандардан Құл
Қожа Ахмет қашқанда,

Мен келемін жарасып,

Жазатайым жаңсақ қадам басқанда,

Жақсылармен таласып.

Кешірсе
егер аяп Алла Тағалам

Адасқанды сапарда,

Мен қасарған жерлерімнен қан алам,

Қара тастай қатам да.

"Мен кетермін дым өндірмей" десе Абай,

Мақтаннан мен тұра алмай,

Күпсіп-пісіп қазірде де, кеше де-ай,

Күмпілдеймін қырардай.

Жаппасын деп ел газеті "Қазақты",

Байтұрсынов
абақтыға жатқанда,

Алты алаштан артық деп мен азаттық,

Түскім келмес қақпанға.

Димаш аға жетімдердің үйіне

Ақша ай сайын аударса,

Зейнетақым жетпейді деп күйіне,

Мен тараптан дау қанша?!.

Былғанышты пендешілік былығын

Кеше-кеше, о, көкем,

Бұл
дүниеде Құдай сүйер қылығым

Жоқ екен ғой, жоқ екен!

ХИКМЕТ-40

Күл шашпай күллі әлемге Намыс Құлға,

Әй, найсап, жөніңді тап, алыс тұр
да!

Шындықтың шыңына шыққан даналықты

Салқын мұң,
салғырт жырмен салыстырма.

Есіріп елірердей сен, немене,

Еңіреген ерлігіңе Ел кеме ме?!

Көсеуін көсеп текке көлгірліктің,

Көсемді әшейін бір пенде деме.

Ол саған байбай шал да, бабай да емес,

Табасың тарихатынан талай кеңес.

Құл Қожа
Ахмет хикметі - Құран сөзі,

"Құранның
көркемдігі қалай?" демес.

Иман нұр ұя салған бұтағына,

Инабат ауасы да, жұпары да -

Құлдық ұр, күмәніңмен күпір болмай,

Құдайдың
Дауысы мен Кітабына!

Ажарын, асыл түбін ішпен ұғын,

Ақындық - Рух деген күште бүгін.

Жебеп те желемейді Әзірет Сұлтан

Желбуаз жеңіл жолға түскен ұлын.

Болса жұрт
бастан бағы ұшарындай,

Заманы қайтеді ерді құса қылмай.

Рух - От. Зікір - Өлең. Отты айналып

Адыраған Ақын дәруіш мысалындай.

Көркеуде көрінсем деп зор кісі боп,

Басына Сорқұдықтың
қонғысы жоқ -

Қырық пышақ бүгінгінің қырт-сырттары,

Кедей - бай, байы құдай болғысы кеп.

Жылу деп, мал-мүлік деп жылай мұңы,

Былжырақ іс санайды былайғыны.

Құлқынға құл
болуды қүп көрмеген

Құл Қожа
Ахмет Иасауи - Құдай құлы.

Айрықша осы атақты артық білген,

Ат жалын бес жасында тартып мінген...

Тәу етіп түркістандық әулиеге,

Тәуіптер ағылады бар түкпірден.

Адамға ізгі ниет-мұрат та бақ,

Адалдық босағасынан нұр аттамақ.

Әй, найсап, жатар ма ең сен жер астында

Алпыс бір жыл түгілі, бір-ақ сағат?!

Қоймайтын сый мен сыйлық бермесіне

Қолпаштың ұқсатпа
оны пендесіне.

Құл Қожа
Ахмет ақын емес атақ іздеп,

Ат байлар Ақорданың кермесіне.

Демейді: "Бермесе егер, ішіп кетем!",

Болмайды шеуілдеген күшікке тең.

Тірі өлу түнегіне - жер астына

Құл Қожа
Ахмет еріккеннен түсіп пе екен?!

Күн-сөзін Күншығысқа шашып нұрлы,

Ақылы адамзаттан
асып тұрды.

Жамағат тындамады, жасыттырды,

Жаманнан қара жерге қашып кірді.

123-те тірлігі - жарық бітті,

Бірлігін адамзаттың арып күтті.

Ақ Пайғамбар ұстанған
Хақ жолы деп,

Жырлады мейірім мен ғаріптікті.

Болса елдің бастан бағы ұшарындай,

Заманы қояр ма ерді құса қылмай.

Рух - От. Зікір - Өлең. Отты айналып

Аңыраған Ақын дәруіш мысалындай.

Әлі Оған жолығасың ақыретте,

Әулием де, жаныңа жақын ет те.

Әй, сорлы, мінің тақпа, мінәжат қыл,

Құдай құлы Иасауи Құл Қожа Ахметке!

Айтқаны әулиелердің
келер болды,

Қиямет күні де
енді жақын, достар.

"Асылдан
ел азды" деген болды,

Халықтан
кетті мейір, рақым, достар!

Барлық
арман-тілектерді қабыл алушы

Алла Тағаланың
мейіріміне мінәжат

Мінәжат қылды міскін Қожа Ахмет,

Иә, Алла, бар пендеңе рақым ет.

Сорлы Ахмет сөзі әркез көнермес,

Жер астына кірсем де мен, ол өлмес.

Әм қор болмас қара жұртта қалып та-ай,

Әспеттеген оқыр оны жалықпай.

Оқығанды жебер рухым киелі,

Қиямет күн шапағатым тиеді.

Құдай маған нәсіп
етсе жұмағын,

Құлық қойған жұртқа шапқат қыламын.

Тәңірім соның бергей бүкіл тілегін,

Махаббатпен жалындатқай жүрегін.

Қарсы алдынан Хақ жамалы жарқырай,

Бағын ашқай бір Құдай өм бар Құдай.

Мақшарда Алла ондай құлын сүйгей-ді,

Қиямет күн асыл жандар күймейді.

Дұғада боп жүрсе
үнемі бұрыннан,

Өлген кезде беріледі нұр иман.

Хикметтерім кетті тарап жалғанға,

Кім естімей өлсе - сол жан арманда.

Өйткені ол дертке дәрмен күш берер,

Ден қоймаған кісі бармақ тістелер.

Даналығым - дүниеге жыр дастан,

Дарқандансам, гүлге оранар сырласқан.

Мендік ақыл - өсиет сөз, қаласа,

Білмегеннің ой-өрісі аласа.

Хикметтерім - шәкірттердің ырысы,

Кірмес миға, болса кімнің кір іші.

Кереметім - келген пәрмен Сұбханнан,

ұлы түбін
Құран десін ұққан жан.

Тағылым сөзім сұлтан ғой бұл ғаламға,

Тақыр шөлді гүлбақ қылар табанда.

Жайған сырым - жалындаған махаббат,

Көздің жасын қылғай Құдай пәк, абат.

Намазына Алла расул жол сілтеп,

Бар періште оған қауым болсын тек.

Сол сәждеге жығылса да сонырқап,

Қабыл қылғай зар тілегін оның Хақ.

Хикметімді жайсаң ғашық жаранға,

Айтьп ділі
Әминадай адалға.

Қайда көрсең қу менен сұм жалақтап,

Пек таппадым жеті ықылым адақтап.

Хикметімді аңғарғанға айтыңыз,

Қара қылды қақ жарғанға айтыңыз.

Әділ патша бір есімі Садық-ты,

Қылар сәтте
Хақ жолына лайықты.

Хикметімді естімес те надандар,

Қабыл алмас көңілі қара жамандар.

Ойсыз пенде о дүниеде оңбайды,

Әдепсізде өлемде пір болмайды.

Өлең толғап өтер болса өмірің,

Көркем жазып, судай тассын көңілің.

Дін иманы жоқ ислам тапталар,

Қиямет таңы атса, отқа қақталар.

Шайқысынбақ қылмай пірге дұғаны,

Құран оқып
көктетпес ол Құданы.

Шайқымын дер іші қуыс болса да,

Жиырма беске жетпей өзін зор санап.

Күйдіреді күнәсі жоқ адамды,

Айырып жатпай жақсы менен жаманды.

Олар дәйім өсек-өтірік таратып,

Дін қауымын жүрер жерге қаратып.

Әлденеше ақылсызды жинап ап,

Әр әулиеден мәтелдетіп қинамақ.

Албастылар аумай адал кісіден,

Күле сөйлеп, күңіренер ішінен.

Бетсіздігін шайтан бетер жасырар,

Махшар танда қара жүзі ашылар.

Көрме жүзін әрқашан
да олардың,

Лағынеттің
маңайына жолар кім?!

Жетектеп мен тілмен соқыр адамды,

Жерлей сөктім шындық сөзбен наданды.

Дүрри-гауһар сөзімді ұқса бір ғалым,

Жаным соған тасаттық дер құрбаным.

Дүр-гауһардан ғаламға сөз таратса,

Қанып оқып, Хақ кәламын жаратса,-

Сол ғалымға құрбандық
қып жанымды,

Сыйлар едім бүкіл дүние-малымды.

Қане, қамын жасап бағың, жараңдар,

Құдайдан
жан аяйтын не амал бар!

Нағыз ғалым тас төсекке байланар,

Жиһанға ілім жайса, көңілі жайланар.

Өзін білсе - Хақты біліп баққаны,

Құдайдан
қорқып, ынсап-ұят тапқаны.

Өсиетімді өңшең дана дүр біліп,

Мақсатына жетсін сөзін жыр қылып.

Хикметім - ісім менен сөзім шын,

Еске тұтсам,
Алла, есіркер өзіңсің!

Иасауи жырын құйсын
дана құлаққа,

Естіген жұрт
жетсін барша мұратқа.

Дүр сынығын ап көруге бекінсін,

Көрмегеннің бәрі көрде өкірсін.

Хикметімді тындаса ұйып пенделер,

Иманымен шығар жаны кеудеден.

Бұл сөздермен хас наданның ісі жоқ,

Хайуан ғой ол, айтпа оны кісі деп.

Бір Құдайдың
жеткізген сөз бұл даусын,

Білгендерге шапағатты нұр жаусын!

Хикметімді ардақ тұтса лайым,

Қам-қайғысыз қылғай соны Құдайым.

Кірер жаннат ішіне ол шадыман,

Алла өзі жарылқағай ағынан.

Ұлағаты бұл ұлық текті ұлының,

Дерт дауасы Хақтың ғашық құлының.

Хикметім шекер менен балдай-ды,

Әлемде оған сөз теңесе алмайды.

Хикметім - "Несіп Алла" деген сөз,

Таңсәріде "Кешір, Алла!" деген сөз.

Сонда шайтан жолына түспес мүміндер,

Хақ Мұстафа
қолдарын ап, күлімдер.

Үмбетім деп расул нұрға суарар,

Әзезілді Құдай
өзі қуалар.

Хикметімді айтпа дертсіз адамға,

Баға жетпес сатпа дүрім наданға.

Иасауи жыры нәрін
қанға таратқын,

Бір тамшысын татып ғашық шараптың.

Ғашық шарап тамшысын нәр еткейсің,

Біржолата Тәңірі жұмақ жеткейсің.

Қожа Ахмет Иасауи "Диуани хикмет" жинағын "Дәптер

Сәни"
("Екінші дәптер")
деп  атаған.