ВЕРНУТЬСЯ

    Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы «Қызылту» колхозынын, қызы
Жадыра Есенованың өміріне негізделген.
БІРІНШІ ТАРАУ
Есен әке! Дерт жанымды қинапты,
Тағдыр саған есен-саулық қимапты:
Қиын жылда маңдайдағы қос шырақ
Шөлмектей-ақ бір жолата қирапты.
Бір жылт еткен жұлдызы жоқ қара түн
Жанарыңа жайып салған қанатын.
Арайлы таң айлы түндер - ақ дүние!..
Қайда солар, керсең жымың қағатын?..
Көз тартатын шалқып жақын, шалғайда
Гүлдер қайда, құстар
қайда, көл қайда?..
Соқпағы жоқ суқараңғы тағдыр-ау,                                                  
Өзің айтшы, тарам-тарам жол қайда?..
Бәрі де жоқ; бар еді ғой бәрі де.
Олар енді қөз жетпейтін әріде.
Жарық дүние - енді қайтып оралмас,
Есте қалған бір ғарыптың зары де!..
Бәрі де жоқ, жоққа тура бармайсың.
Ей, кем-тарлык, неге мұнша қорлайсың?-
Алға таман аттай қалсад бір адым,
Екі қолмен қараңғыны қармайсың...
Беу, қайратты екі қол-ай бос қалған!..
Сен емес пе ең барлық істі басқарған?..
Осынау дерт жер-ортаға жеткенде
Жанды тонап, миды кеулеп, бас жарған
Кемпір ауру, ұзамайды төсектен.                  
                          
Осы-ақ енді тыныстайтын қос өкпең...
Қиын екен, еш
кінәсіз, апырмай,
Тас түнекте сан сағаттар бос өткен!..
...Ертелі-кеш осыны ойлап жатасың,
Отырсаң да тұңғиыққа батасың.
Үнсіз тұрған есік еппен ашылса:
-        Жадыра!-деп,
түнектен үн қатасың.
-        Мен ғой,
көке!- дейді сонда жалғызың
Ермегім деп еркелеткен жан қызың.                                          
Сол сен үшін құптар енді өмірдің                         
Рахаты мен қиын шатқал жар-құзын...
«Дей кермеші, қараңғыда қалды Есен,-
Алып берем күннен сәуле ал десең...
Жадыра деп ат қойғанда о баста
Жарығымсың демеп пе едің әлде сен?!..
Ә, жо-оқ, әке!.. Жаңсақ ойлап күрсінбе,-
Дерт жегендей сен емессің қүр сүлде!..
Жадыраған жарық сәулең - мен өзім,
Жарық барда қараңғылық құрсын де!»
...Жалғызыңның айтылмаған сырын бұл
Оның ернін дір еткізбей, бұрын біл,-
Қауызынан қашан аузын ашқанша
Жан тынысын жасырады шырын-гүл...
Ей, сезімдер, жадау, жарқын сезімдер,                                  
Ақыл-ойдың азабына төзіңдер!-
Кемтар әке жата тұрсын кең үйде,                                    
Енді ақынға жас сұлудың сөзін бер!..
Қалың, жұқа жібек, күміс жылтырақ,
Жасыл етік бой түзеткен былтыр-ақ.
Қапелімде қалай өсіп қалдың деп,
Бұрымына қойған да жоқ бұл сұрақ.
Дастарқаннан еппен күлше, бал алып,
Бірте-бірте қолын тартты балалық...
Адам қолы ұзарғанда сөйте ме?..
Жо-жоқ, досым, сен осы бір баланы ұқ!
Кім ұғады бұның жайын біз ұқпай:
Есейді бұл еркелікке қызықпай;
Өмірді ұқты оқулықтар білгізген                       
Үшкіл, төрткіл, қисық түзу сызықтай.
Тоғыз класс тауысқанша тарықпай,
Аз өмірін тараулады тарихтай:
Салқын ойлау, сараң жылау, алданбау,
Кеңес сөзді кең түсіну, тар ұқпай...
Алтыным деп ұстазынан түйгенін -
Асылым деп үлесіне тигенін
Жинай берді... Тон қып қыста тоңғанын,
Көйлегім деп ұқты жазда күйгенін...
Десе де әке: «Жабырқама, күл, балам!»
Болған жоқ ол күлкі-думан күнге алаң.
Жылдар бойы жылжымаған бір сұрақ:
- Кіріптарлар бақытына кім болам?..                                  
Бақыт?.. Иә, бақытқа бұл ынтызар;
Баста бақыт құшам
деген анты бар.
Біреулердің айтуынша, бейнетке
Бел шешпей-ақ, бақытты жан ұмтылар...
«Сонша оңай сыбағама тұр ма нан?..
Оңай нанға мен қалайша тырбанам?                            
Адал еңбек
адамына бастан-ақ
Айнымастан арқа
сүйеп тұр ғалам!..
Бір мамандық білімдіге енші ұғым;
Механика - менің асыл меншігім.                                
Дегеніме жетем осы ден қойып,
Жарты жолда жазым болсам, мен - шығын
Жаспын, рас: жалғыздықпен күндеспін;
Менен бұрын дос тапқанға күлмеспін.
Жаным, бірак, мұратына
жеткенше
Құрбы
сөзін жүре тыңдап күн кешсін!..»
...Қыздың берік құпиясы осы еді.                                      
Білмейді оны бұ сері мен о сері.
Ойлан, жігіт: жақсы қыздың жүрегі                                      
Есейгенше екі дүркін өседі.
III
«Мектептегі он жылым ба?.. Ол бітер.
Ол бітер де, өзге сырды өрбітер»,-
Деуші едің-ау... Енді, міне ең соңғы
Емтиханда маңдайыңнан өнді тер.
Екі көзден екі тамшы шығынды
Ұстазың да сырт айналып ұғынды;
Дейді ғой ол: ыстық күнде саяң боп,
Ызғырықта саған тостым ығымды.
Сезімді енді жайнат, мейлің солғындат,-
Бұл ұяда нелер, қалса, сол қымбат;
Он жыл бойы мектеп пен үй арасын
Жалғап жатқан жалғыз аяқ жол қымбат.
Бәрі қымбат баға жетпес өткеннің,
Арманыңа асықтырған от демнің.
Бұрын
қадам жасамаған тағы бір
Қарсы алдына келіп тұрсың өткелдің.
-Оқы!
- Тура барып оқы жоғары!
Білім алмақ бітіп болған жоқ әлі.
Толық білім тоңазытпас киімдей
Екі сырма етек, жеңді, жағалы.
-        Шешек атса
көтермейді бау ызғар...
-        Толыспаған
дәнде жасыл қауыз бар...
...Қыстан бері құйды
кеңес құлаққа
Осыншалық ақыл айтқыш ауыздар.
Сонда қалай!.. Басқа еді ғой арманы...
Сыр суы да өзгертпеген арнаны...
Адам қауым болар ма еді, өмірдің
Әр жүректен табылмаса әр мәні?!
Өз мәнімен өзіне адам жол ашпақ.
Арман қымбат: ол терең де, ол асқақ.
Қыздың оқып-тоқуынша ең үлкен
Мектеп - еңбек, онымен кім таласпақ?!                      
«Алдымдағы ай, жылдарды меңгерер
Термех- енді қалған мектеп мен көрер.
Темірден де тер шығарып іс етсем,
Жомарт жылдар жоғарымен теңгерер.
Бұл далаға талай даңғыл, талай тар
Жол түсер де, жоқ-барымды сол айтар.
Махаббат та осы тұстан кездесіп,              
                       
Осы тұстан сыбағамды молайтар...»
...Қыз арманы - оқтай тура, мір атқан;-
Өзін іздеп табады осы мұраттан.
Ол айнымас... Осы жолда болса да
Бақ пен сордың екі арасы бір аттам...