ВЕРНУТЬСЯ

       Кешір, Нұра!                                                              
Жазда иелмей күз қалдым,
Кешіксем де, толқыныңдай қозғалдым -
Бүгінгі бір сенің сұлу бойыңды
Достарымнан - ақындардан қызғандым.
Аңшының да
жақтырмадым бұққанын,
Аушының да
саған қолын сұққанын,...
Жас құраққа
бауыр бастым баладай,
Жақсы түстей өңімдегі ұққаным.
Шошымасын аққуларың, шортаның,
Сегіз тәулік сене
алмай жортамын.
Сақтамаймын асықтырған өлеңді                                     
Ақ қағазға жазамын, да, жыртамын.                             
...Сегіз тәулік саған ердім асықпай;
Бар дүние бір өзіңе ғашықтай -
Күн көзі де созылады бетіңде
Қайта балқып жатқан
күміс қасықтай.
Жол кетеді мені еріксіз әрі алып,
Қайта келем жер-қиянды оралып;
Өкпе назың маған бардай ол жолы
Сен жатасың көк көрпеге оранып.
Біткен жерде қалың қайың, тал-ағаш,
Мінезің бар жолға тағы жоламас,
Ақ тәнімді көрер деген арудай
Жалт бұрылып жөнелесің жалаңаш.
«Нағылсам да өз ырқыма көн!»-дедің,
Қыр жағыңнан қырындап бір келді ерің;
Жалынсам да барғызбады жаныңа
Көгендеулі көк марқадай көлдерің.
Тамаша ғой сенің жұпар түнгі исің,
Таң атқанша тау қойнауын үңгисің;
Сумаң етіп, су перісі секілді
Күн шығарда көлге тағы үңгисің.
Тамаша ғой табиғаттың тілдері,
(Өзен бейне өрген жібек түндері) -
Егін-жайда Есілмен де кездесіп,            
                            
Жасырынбақ ойнадың бір түндері.
Саған еріп сал жігіттей Есіл де,
Совхоздарға барғандарың есімде;
Ақ бидайдың ақша бұлттай тозаңы
Салқындатты сарғыш көлеңкесінде.
Қорғалжыңда қорабыңнан артасың,
Аралайсың жүгерісін, арпасын;
Әшекей мен Мәнек барып жуасың
Асыл қойдың жібек жүнді арқасын.
Терісаққан, Құлаөтпес,
Жаманшат -
Барлық әзен бір өзіңе жарамсақ.
Уа, дүние, махаббатың жұлдызы,
Нұр сипатты Нұра болып жаралсақ!
1961