ВЕРНУТЬСЯ

      Тағы келдім
Ташкентке, туысыма,                      
Толтырам деп
жемісін уысыма,
Маған деген
айнымас махаббаты                                   
Құйылар деп
жүректің қуысына.
Менің тиді
мақтаныш үлесіме:
Жандай жақын
өзбектің үні өзіме,
Маған аппақ
пейілі мақтасындай,                    
Жібегіндей өзінің
мінезі де.
Құшам өзбек жасын да, қариясын да
Арал құйған Амудың дариясындай,                                   
Қәзі шипа Сарыағаш гәусеріндей,
Жаны жаннат Мырзашөл даласындай.
Біз де бармыз өзбектің
жан ұлындай,
Шырайлары Шыршықтың жарығындай,
Алматыда, үйімде жанып тұрған                                                 
Көне Бұхар көгілдір жалынындай.
Көңлім үстем Ташкенттің аспанындай:
Өзім туған өлкеде достарым бай;
Қашан керсең дәулетті Қазақстан
Ағыл-тегіл Әлишер дастанындай.
Кеудеміз кең жаһанның күллі өзіндей,
Бақытымыз баянды күн кезіндей.
Достығымыз сәулетті, берік, биік,
Өзбек соққан сарайдың күмбезіндей.
Жырлар туыс бір қолдың саласындай
Жұмсаң,
қатты жұдырық дәл осындай,
Өлеңімді өзің-ақ әлдилеші!
Бізге берген қызыңның баласындай.
Әрі сынап, міней бер өз ініңді,
Жан емеспін жасқаншақ, жүзі мұңды;
- Алың-алың! - дегенде шашып-төгіп,
Арзан асап жүрмейін жүзіміңді!
1960