ВЕРНУТЬСЯ

         Бір мың тоғыз
жүз алпыс тоғызыншы жылы июль айында Шығыс Қазақстанға сапар шектім. Зырян
қаласында көптен көріспеген немере қарындасым Мәшкен тұрады. Мақсатым: бейтаныс
жиендерімді көріп қайту.
       Рульде өзім.
Қасымда жұбайым мен балаларым. Үдере жүріп келемін. Ойым - ара қонып Зырян
қаласына түсу.
       Даңғырап жатқан
асфальт жолда тетігі сау машина жер шыдата ма, бесін кезінде санаусыз
адыр-белестерді асып аудан орталығы Андреевкаға келдім. Осы қыстаққа кіре берісте
жол солтүстікке күрт бұрылады да Шынжылы өзенінің оң қабағымен өрлей салады екен. Көктемде дүрліге
тасып ағатын өзен болса керек, өйткені аңғары сондай кең. Ал қазір тартылған
шағы. Сонау төменде алыстан аттап өтердей ғана болып көрінер жіңішке арна
еңкейе бастаған күн сәулесімен шағылысып ирелеңдеп жатыр. Оң жағымыз кеудеден
ғана келер жарлауыт қабақ. Алдымызда бір шақырымдай жерде бір отар қой жолды
кесіп суға құлай бастады. Өрге қарай ақырын жүріп келіп, қойлар әбден өтіп
болды-ау деген кезде қозғала беріп едім, оң беттегі жарқабақтан бір нәһан қой
қарғып машинаның бамперіне соғылды да төмен қарай домалап кеткені. Сарт еткізіп тежемені бастым да,
машина жәшігіңдегі пышағымды ала салып сереңдеп жатқан қойға жүгірдім. Ойым -
қайтсе де арам өлтірмеу. Сол кезде дөңнен асықпай аяңдап салт атты қойшы түсті.
Шоқша сақалына қарағанда бізден әлдеқайда үлкен.
- Ақсақал, қателік болды. Байқаусызда малыңды бастым. Қанша
сұрасаң да құнын төлейін де, бауыздап багажнигіме салып алайын, - дедім.
       Қойшы шырт түкірді.
Содан кейін қалтасынан шақшасын алды да өкшесіне қағып-қағып жіберіп насыбай атты.
Асықпай аттан түсті. Мен байғұста зәре жоқ. Бірақ шопан сасар емес. Қалтасыпан
өз бәкісін суырды. Осыдан кейін барып маған бұрылды да:
- Ертеден бері қызылсырап, мыналардың қайсысына ен тақсам
деп келе жатыр едім, дұрыс болды. Ұзақ сапардағы бала көрінесің, жолыңнан
қалмай-ақ қой. Жүре бер, - деп тыпырлап жатқан қойға беттеді.
       Мен машинаға оралдым.
Үрпиісіңкіреп қалған әйелім мен балаларыма болған жәйді баяндап беріп едім, қуана
күлді.
         Жүріп келемін.
Ойлап келемін: есебі мол, қулау біреу болса, қойды да бермейді, құнын да даулар
еді. Сен сонда алыс сапар үстінде кенбей көр. Қазағымның ірілігі демеңізші, бейтаныс шопанның мына
мінезін!