ВЕРНУТЬСЯ

Мейлі ел іркіт десін, бүркіт десін,Айтатын реті бар нұр күткесін.Айырма, Алла, бірақ туған елден,Туған ел, жанардасың, кірпіктесің! Жаздырмай жаздың таңын, қыстың кешін,ӨЛЕҢІМ, ұлы сапар үстіндесің.Мен дағы жақсы ағаның біреуімін,Мынадай көріп жүрген құстың көшін! Сендікпін мен, ТУҒАН ЕЛ, жүрегіммен,Айырма, Алла, осы тірегімнен!Кірпігімен тастардың шаңын сүрткен,Ұлдардың амандығын тіледім мен! Келіп ем жапа шегіп, арым келіп,Қолдадың жалын беріп, бәрін беріп.Көзіме тауап еттім топырағыңды,Бабамның іздерінің шаңын көріп.Маңғыстау, тауың биік, тасың биік,Және де жадырай бер жасыл киіп.Мынау ел ешқашан да жетім етпес,Ана, деп бара берсем басымды иіп. Жайқалып қыс соңынан көктем шығар,Шыр бітсе, дауыс әлі өктем шығар.Бұрын да келген жоқ ем қарық болып,Артық-кем бірдеңе де кеткен шығар! Қазанның қорықпаймын қарасынан,Дұшпанның қорықпаймын жаласынан.Сен аманда – мен аман, Маңғыстауым,Шығамын екі тастың арасынан! Сен менде айға ұқсаған бір данасын,Жеріңнен жусан аңқып, нұр қарасын!Кешегі менің жастық шағым ба деп,Көшеңнің ұстап сүйдім ұл баласын.Саған кеп көтерілді ақын еңсем,Арман жоқ жусаныңа жақын өнсем.Қараймын Айбергенов отыр ма деп,Аспанға өрмелеген саты көрсем! Сымылдайды сым тартқан бағаналар,Сымдарыңа кез кепті жаңаланар.Жырыңды оқып, жырыңнан сырыңды оқып,Төлеген деп шырлайды шараналар! Ұлымын әулиелі мына араның,Атамды тасқа арқалап шығарамын.Көмілемін содан соң өзім сүйген,Қасына биігірек мұнараның... Атың жалын тарайын қыл тарақпен,Табаныңда тең болып ұлтарақпен.Жүрегімнен мың сұңқар дүрлеп ұшар,Қазақтарым өткенде тұлпар атпен!Басымды тауға ұрыппын, жарға ұрыппын,Қайтадан, АНАМ десем жаңғырықтым!Мен болмасам, болмайын, сен бол, АНА!Мен сенің омырауыңда мәңгілікпін! Отансыз бұлбұл едім қаңғып келген,Дыбысым шығып жатыр шаңғып төрден.Ақ тарап, аққу етіп аспанына,Елімнен айналайын хандық берген! Жаутаңдап өлген екем сый іздеп-ақ,Көгінен өзге аспанның мүйіз борап!Үстінде шалқып келем ақ түйенің,Маңғыстау көтерген соң киізге орап!                             29.11.2002 жыл