ВЕРНУТЬСЯ

    «Социализм-ай,- деп,- келмеске зытырылған!»,

Өлең туды «сағыныш қытығынан».

Кермиық сол көшелер қайда кетті

Келе жатқан кеңестік ықылымнан?!

Көшіп кеп көшесіне Некрасов,

Бес кеспе жемесек те бекіре асып,

Коммунардың бірі боп жүруші едім,

«Коммунизм жолы» есігін кекіре ашып.

Табан мөрім түсті-ау көп жерге менің,

Көрдім ғой
Жамбылдың да көрмегенін.

«Снайпер» көшесіндегі
бір бөлмеде

Түнімен жыр көздейтін мерген едім.

Содан соң кешті түзеп жас жылымда,

Ешкімге жоқ
деп жүріп қастығым да...

Ат-жөні есте қалмас
бір көшеде

Таланып тұталақай
мас шыбынға,

Ес-діңке сұрай-сұрай, сұрай құрып,

Ерте-кеш баспананың жыры айтылып,

Бөтелке таситын шал қорасында

Бөтекем жылынған-ды бір ай тұрып.

Даңғылда «күн көсемнің» қойған атын

Даңғайыр коммунистер ойланатын.

Желкілдеп қызыл тулы парад өтіп,

Жетінші ноябрьде той болатын.

Мәңгі алау маздап жанған жақта жүріп,

Тас аттық дінсіздікпен Хаққа күліп.

Тағынан төңкеріп caп Ленинді,

Тұр қазір Әбілқайыр
атқа мініп!

Аңырақай
шайқасы бір дүрлейтіндей -

Айбары қызыл тілді күрмейтіндей,

Қарайды ат үстінен Бас қолбасшым,

Алаңдап...
алғы шепке жүр дейтіндей.

Мойнына тас құдайдың
салды да арқан,

Атырып аспанынан таңды дарқан,

Қала ма, мен бе өзгерген - қалдым аң-таң...

Әміріңмен Ақтөбеге келіп жеттім,

Ассалаумағалейкүм, алдияр Хан!