ВЕРНУТЬСЯ

          Сарқырап аққан
сарқырамадай бұл сезім,

қалмақшы тіпті сарқыла қалай,

 білші өзің?

Арқырап келіп аққанда,

арандай терең шатқалға,

қаныңа
қаным құйылды деп біл,

тәніңе тәнім бұйырды деп біл,

көбігін шашып көкірегің шулап жатқанда.

Астан да
кестен ақтүтек судың бораны,

азан да қазан арнаңа сенің соғады,

аймалай соны қарсы алып,

ақберен денең ән салып,

ләззаттан қаның құтырған сайын,

қайғыдан жаның құтылған
сайын,

құмарың қанбай жұтынған сайын

мен сені, сәулем, сүйе түсемін соншалық.

сен мені іңкәр еттің,

ақ қанат гәккуімдей,

мендегі сұңқар екпін,

тынар ма аққу ілмей?

Күй толы ішектердей

көгілдір көкжиектен,

сусылдап құс
өткендей,

тұсыңнан мен жиі өткем

Көліңнің толқындарын,

көк дауыл шайқағанда,

сен мені, бәлкім, жаным,

боларсың байқаған да.

Уілдеп үпілмәлік,

әніңе ән қосқанда,

жүрегің лүпіл қағып,

самғарсың сен де аспанға,

Алқынып қусам - қашып,

келе алмай жарасымға,

жүрер ек душарласып,

ақ бұлттың арасында.

Мен шырқар зеңгірлерге

бір шықсаң - қайтпас едің;

төркінің - мөлдір көлге

сәлем де айтпас едің!

Айлы түнде
ұрылар мен қарылар,

Аттай алмай бір-біріне зарығар.

Неткен жарық,

Неткен нұрлы мына түн,

Тек ғашықтар серуендеуге шығатын

Сен келесің самаланы қақ жарып,

үнің неткен жап-жарық!

әрбір сөзің күңгірт тартқан кеудеме

жатқандайын шам жағып.

Мына түн де сен секілді бейкүнә,

Ай үңілер ажарына ой тұна.

Ғашықтарға қызыға да қызғана

қарау деген тән мінез ғой жалқыға.

Құшақтардың
құйынынан буын мас

сол бір сезім мәңгілікке суынбас,

Ерімей ме деп қорқамын бірақ та,

кірпігіңнен
сыңғыр еткен түйір жас

Кырақта ирек салып от қамшылар,

сызады түннің бетін ақ тамшылар,

біз ертең кездесетін жұпар гүлдер

жауыннан малмандай боп жатқан шығар?

«Сүйем» деп ернің айтып тұрса дағы,

көңілді соқыр тұман
тұмшалады,

сезімге сана би боп алғаннан соң,

жүрегім сағат кұсап
құр соғады.

Неліктен билік берді Басқа -

Жүрек?

Ақылдың жүре берсе шашбауы боп

ақын да

асыранды аққу да бір,

сағынса самғап алар аспаны жоқ...