ВЕРНУТЬСЯ

Бұл тағдыр
бабын алсын, бағын алсын,
Тілесе тіпті тіл мен жағын алсын,
Тек қана
туған жерден айырмасын,
Тұл қалған тіршілікті жалын алсын.
Мейлі бір аяз төнсін қасқа шұнақ,
Қажетсіз басқа пана, басқа шуақ.
Өткенмен жол-сапарда
жарты ғұмыр,
Қиын-ау шекарада қоштасу-ақ.
Теңіз кез не шарықта өр аспанда,
Өзіңнің
босағаңнан төр асқан ба?
Үйіңнің
сыртқы есігі сарт еткендей,
Паспортқа
«жол болсын» деп мөр
басқанда.
Мәңгілік
айрылғандай жыр көзінен,
Жаутаңдап жан-жағыңа нұр көзіңмен,
Осынау туған жердің бір кесегін
Келеді ала кеткің бірге өзіңмен...
Шат жанар, шадыман көңіл қайта келдің
Өзгеше жарқырайды ай, таңы елдің.
Түсесің самолеттен не поездан
Бір өзің қожасындай
байтақ елдің.
Теңіз кез не шарықта
өр аспанда,
Өзіңнің босағаңнан төр асқан ба?
Еліңнің барша есігі ашылғандай
Паспортқа «Қош келдің» деп мөр басқанда!
Жер-көкте шөкім бұлт жоқ, жел ыққандай,
Еркіндік-елің қандай, елдік қандай!
Шіреніп көсілесің, керілесің,
Жер басып
тұрғаныңды енді ұққандай.
Оранып
сақ-сақ күлкің, баяғы үнің,
Тірліктің қызықтайсың бай ағынын.
Тек кейін білінеді шаршағаның.
Жүргендей ұшымен
кіл аяғыңның.
Бұл тағдыр
бабын алсын, бағын алсын,
Тілесе тіпті тіл мен жағын алсын.
Тек қана туған жерден айырмасын,
Әйтпесе кімге еркелеп, шағынасың.
1969