ВЕРНУТЬСЯ

     Қазақта — есепті дос айрылмас, — деген мақал бар. Біреуден алған, біреуге берген ауыс-түйіс нәрселеріңді хаттап, тізіп жүрсең, қайырып беруіңе де, қайтарып алуыңа да жақсы. Сонда ешкімнің көңілін қалдырмайсың. Өзің де ешкімге өкпелемейтін боласың, — деген уағыз ғой даналық негізі. Бұл — мәселенің бір жағы.
  Мәселенің екінші жағы — адамдар арасындағы ауыс-түйіс дегеннің қажеті бар ма? — деген сұраққа саяды. Мен қажеті бар демекпін. Көріне бастап қарайып қалған бір ақын өзінің ертерек жылдарда жазған бір өлеңінде — Адамға құдай адамды қойған тапсырып — деген еді. Әңгіме бұл жерде құдайда емес. Бұл жердегі әңгіме — бір адамның екінші адамға тапсырылып қойылуында. Жалпақ тілмен айтсақ, біреудің күні біреумен. Қарашасыз ханның да тіршілігі келіспейді. Патшаның да өмірі өмір емес. Керек десеңіз, әу баста адамның адам болып кетуінің себебі — адам мен адам арасындағы алыс-беріс, ауыс-түйісте жатуы да ғажап емес..
  Адам жүре келе ақша дегенді ойлап шығарды. Ақша ойлап шығарылған күннен бері ауыс-түйіс, алыс-берістің де түрі өзгерді.
  Дүниежүзілік әдебиетте ақша мәселесі көп айтылып келеді. Өйткені адамдардың ара қатынасын анықтауда ақшаның мәні зор. Бір қызық жәй — мәні зор осы мәселенің қазақ әдебиетінде бүгінгі күнге дейін мүлде көтерілмеуінде. Жоқ, мүлде көтерілмеді, — дегенім дәл емес. Көтеріледі. Сонда қай төңіректе демексіз ғой?
  Жылпостар мен саудагерлердің, ұры-қары, кезептер мен ала аяқтардың, парақорлар мен шенқұмарлардың төңірегінде... Ал қарапайым адамдардың күнделікті тірлігінде ақша атқарар қызмет сөз болмапты. Көбіміз оны ұсақ мәселе деп қарайтын секілдіміз. Ақша — адамдардың мінез-құлқын, дүнииетанымын, жан сарайларының қатпарларын анықтайтын құрал екеніне мән бермеушілік мұнымыз. Осы ретте жазушылардың өз арасындағы ауыс-түйіс, акша-қарыз туралы көбірек айтып кетсем, оқырман қауым түсінетін, қабылдайтын болар деп шамалаймын.
  Былайғы жұртшылықта теріс ұғым бар. Олар жазушыларды шетінен бай деп ойлайды. Рас, жазушылардың ішінде қалталылары бар-ақ. Бірақ ондайлар әдебиет майданында ұзақ жыл еңбек еткен, көптеген кітап шығарған қаламгерлерден. Ал жаңа жаза бастағандардың, керек десең, бірер кітап шығарғандардың ішінде жоқ жұтаң жүретіндері толып жатыр. Былайғы ағайын-туғандар қарайласпаса, жас жазушыларда шығын көп: семья кұру, үй құрау... тағы сондай шығындар. Шынымды айтар болсам, мен өзім бір мың тоғыз жүз елу үшінші жылы білдей бір роман бастырып жап-жақсы қаламақы алсам да, үстіме бір суыртпақ жіп іле алмағаным әлі есімде. Ағайын-туған... бала-шаға... бір сөзбен айтқанда, керек-жарақтың бәріне жұмсай келе өз басыма көк тиын артылмай қалған. Әрине, осындай қиын-қыстау кезеңде ана жақтан алар, мына жақтан түсер қаламақыларыңды есептей отырып, пәлен уақытта қайтарып беремін, пәлен сом бере тұр, — деп ақшалы ағаларға барасың да қарызға ақша сұрайсың.
  Қысылған бір ретте табан аузында мың сом керек болып (ескі мөлшер) Сәбит Мұқановқа бардым. Сәбең — ертең кел, — деді. Ертесіне барып едім, тағы да ертең кел, — деді. Аңқаулау кезім, кел деген соң бара берсем керек, әйтеуір сұрағанымды алып шықтым. Үйге келіп санасам, мың дегенім тоғыз жүз. Қарызды қайтарар күн туғанда мен мың сом апарып беріп едім, Сәбит санап-санап жүз сомды өзіме қайтарды.
— Ау, Сәбе, мұныңыз қалай? — деймін ғой әу баста жаңсақ есептеген үлкен кісіні ренжітпеу жағын ойлап.
— Жоқ, мен саған мың сом емес, тоғыз жүз сом бергенмін.
  Сәбит Мұқанов сараң адам болмайтын. Сараң болмаса, онда мырза екен демексіз ғой? Асықпаңыз. Сәбит мырзалығы өзгеше мырзалық, айрықша тоқталып айтуды қажет ететін, түсіндіруді тілейтін мырзалық.
  Сәбит қонақасыға мырза еді. Үйіне жұртты жиі шақыратын әрі дастарқанына тағамды көл-көсір үйіп-төгіп тастайтын. Қалада тұрғанымен, кей қонағына қой малын місе тұтпай, тай сойған, ту бие сойған да кездері бар. Сәбит өзінің туған ауылы — Сәбит колхозына жүк машинасын да сыйлаған жазушы. Мұның бәрі басқа бір жазушының қолынан келмеген мырзалық. Бірақ бір кызығы, Сәбит дарқандығы есепке құрылған дарқандық болатын, — Сәбит өстіп жатыр...— деген ат шығарудың дарқандығы. Қазақы дарқандық.
  Бір жолы Сәбит Жазушылар одағына келді. Дағдылы әдет бойынша Сәбеңнің әнгімесіне құмар жастар даңқты жазушыны қоршай қалыстық.
— Осында мені сұрап бір кісі келген жоқ па?—деді Сәбит бізге айнала қарап.
— Жоқ келмеген секілді.
— Түрмеден шыққан біреу көрінеді. Ақша сұрайды. «Менің мектептерімді» оқып алған қулар күні-түні есігімді босатпайды.
  Сөйтіп тұрғанда сұраушы адамы келді.
— Әй, сен осы атым кім дедің? — деді Сәбит дағдылы тарғыл дауысымен.
Сұраушы аты-жөнін айтты.
— Ал сен енді қайтып маған телефон соқпа. Мә, мына он сомға разы боласың. Түсіндің бе?
  Сұраушы басын изеп он сомды қалтасына салды.
- Әриие, мұндай сұрамшақтардың Сәбитке үйір екені бекер емес. Өйткені ол ел ішінде даңқы зор, қол созғанның бәріне еңкейе беретін кішіпейіл жазушы. Ондайлардың мезі етіп жіберуі шындық. Сөйтсе де берер он сомын Жазушылар одағына келіп қопырайтпай-ақ, әлде бір көшенің мүйісінде бере салса да болатын еді ғой. Жоқ, көптің көзінше ұсынып жатыр. Ал осы қылықта біреу болмаса, енді біреу айта жүрсін, — деген ішкі есеп жоқ демеңізші!
  Сәбит Мұқанов қарызға ақша бермейтін. Оған өзіндік дәлелі: қазақ мырзалығы — қонақасында. Үстіңе шапан жабады. Астыңа ат мінгізеді. Бірақ қалтасына ақша салып бермейді. — Осы ұғым оның өмірлік кредосы болатын. Сол себепті қарыз сұрап оған ешкім бара да бермейтін-ді. Ал бара қалған біреу-міреу болса, — Мәрияммен ақылдасайын, ертең хабарлас, — деп шығарып салатын да,— ойбай, Мәкең өйтіп жатыр, бүйтіп жатыр, — деп ұстатпай кететін.
  Осы ретте Сәбит пен екеуіміздің арамызда болған мынадай бір қызық оқиғаны айтпай тұра алмаймын: Алматыда алты жыл бойы үй жалдап, көші-қонды болып, берекем кетіп жүріп ақыры бір мың тоғыз жүз елу сегізінші жылы бір бөлмелі пәтерге қолым жетті.
  Зарығып көргеннің бәрі қымбат емес пе. Үй ішімізбен, ей, қуанғанымыз-ай сондағы! Жалғыз бөлме... жалғыз болса да патшаңыздың сарайына бергісіз бөлме. Жуынатын, шайынатын жері... бәрі ішінде. Ал осындай пәтерге шығып тұрып, достарынды қалайша шақырмайсың? Патшаңыздың сарайына бергісіз бөлмені қалайша жумайсың?! Шақыру керек достарды.
  Бірақ қысқа жіп курмеуге келмейді. Алатыным бар болғанмен, ақша жоқ қалтада. Не істеу керек? Әрине, ағалардың біріне бару керек. Ойлана келе Сәбит Мұқановтың өзіне тоқтадым. Себебі Сәбит мені университетке түсірген. «Болашаққа жолды» оқып оң сапар айтқан. Творчестволық жолымды қадағалап әманда ақыл кеңесін беріп жүретін жанашыр ұстаз. Қалайша меселімді қайтармақ? Оның үстіне пәтер алғанымды естіп өзінше қуанғаны тағы бар. Ал кеттік ендеше ақ алақан мырза ағаның үйіне.
  Обалы нешік, Сәбең бізді шын сағынып қалған екен, қуана қарсы алды.
— Көптен бері көріпіей кеттік қой тіпті. Мәке, шай қой. Қазан көтер, — деп бәйек болып, Бағдатты Мәриям қасына қалдырды да, мені онашалап кабинетіне алып кетті. Содан кейін әңгімені соқсын келіп.
  Сол бір тұста Сәбит Мұқанов өз тұрғыластарының сынына ілігіп жүрген-ді. Ол сынды менің де кейбір замандастарым қостады. Әділіне келер болсақ, талқылау-жиындарында қарт жазушы атына айтылып жатқан ол сындар Сәбит стиліндегі мүлт кеткен әттеген-айлар төңірегінде ғана болатын. Сөйтсе де мұндағы бір ұшқарылық: қатаң талап қойып, әділ сын тезіне салып Сәбитті оп-оңай жөндеп аламыз, — деген ал кеттім, жаңсақ пікірде жатқан еді. Қазақ совет әдебиетін қолымен жасап, сол әдебиетке қырық жыл еңбек еткен жазушыны — бұрынғы жазу мәнеріңді тастайсың, енді бізше жазасың, — деудің қате екенін ескерген ешкім болған жоқ.
  Ол ол ма, тасыған өзеннің су түбінде жатқан шөп-шалам, қоқыстарды да көтеріп шығаратыны секілді, моральдік қақы жоқ кейбір шәлтірекейлер де мына дүрмекке еріп қанденнің пілге үргеніндей шәуілдеп жатқан-ды. Әдетте мұндай жағдайда жеңістің кілті — жаңағы шәуілдектерге мән бермеуде ғой. Ал Мұқанов болса, сіркесі су көтермей өзінің басып кеткен ізіне тұрмайтын, керек десеңіз, мақала жазып атын атаудың өзі өзіңді өзің қорлау болып табылатын болымсыз біреулермен айтысып қалғаны. Ол айтыс тегі үлкен жазушының ет қызуы болса керек. Соған енді өкінетінін байқаған секілдімін әңгіме барысынан.
— Бала, ақша деген менде көбейіп кетті, — деді Сәбит күрсініп алып.— Жасымның мына ұлғайған шағында айтыс-талас дегенді доғарып, ендігі қалған өмірді онаша-оқшау жерде жазумен өткізсем бе, деймін. Оқжетпес төңірегінен жер алып үй салдырсам деген ойдамын.
  Менің жүрегім дір ете қалдым. От ала келген шелегімді көрсетсем, — ақшам көбейіп кетті, — дегенді естіп әдейі сұрап отыр деп қалуы да ықтимал ғой.
  Тамақ іштік. Шай іштік. Қош айтысар шақ туды. Сәбит сондай елпілдеп киімімізді алып беріп жүр. Бағдат шыдамсыздық танытты ма, білмеймін:
— Шаруаны айттың ба? — деді қайырыла беріп маған сыбырлап.
  Сыбыр болса да Сәбеңнің құлағы шалып қалғаны. Дағдылы тарғыл дауысымен:
— Ау, не шаруа? Шаруаларың болса, қысылмаңдар, айтыңдар.
— Шаруамыз бар еді. Бірақ соны қиындатыңқырап алып тұрмыз, Сәбе, — дедім мен.
— Неліктен қиындамақ? — деп таңданды Сәбит.
— Бізге бір ай шамасында қарызға бес мың сомдай ақша керек еді. Сіз ақшам көбейіп кетті деген соң сұрай алмай кетіп барамын.
  Сәбит әуелі — һәһ — деген секілді бір дыбыс шығарды да:
— Көбейіп кетті дегенде издательство деген бір антұрған бар. Бәрі де сонда. Олар берсе, берейін сендерге.
— Рахмет, Сәбе. Баспадан өзімнің де алашығым бар. Сұрап көріп едім, таяу арада есептесе аларлық түрі көрінбейді.
— Енді қайттық?
— Жоққа жүйрік жетпейді ғой. Сәбе, қиналмаңыз,— деп біз қош айтыстық.
— Әлгі издательствосы түскір... — деп Сәбең қалды...
  Әрине, мен айтып отырған осы бір күлкілі оқиға Сәбит Мұқанов сынды ұлы тұлғаға көлеңке түсіре алмақшы емес. Жазушы кейпіне шіркеу түсірер-ау деп қорықпай-ақ оқырман жұртқа пәш етуімнің де себебі сонда жатса керек.