ВЕРНУТЬСЯ

    Білдіріп келгендігі бір хабарын,

Қырмызы шашты көктем қырға жалын.

Жеделден желге мініп, сел де жүріп,

Жетіпті қаздарым мен тырналарым.

Таңның да табанынан тағат тайып,

Жайнап-ақ кетіпті бұл жанат байып -

Аңқылы арғымақ-су ел көшіріп,

Қаңқылы қаздарымның қанат жайып.

Ырғалта көк жусанын тепсең мекен,

Ырзамын бұл
күнге де жеткенге есен.

Мен едім алты ай қыста арып-талып,

Деп едім көктемді іздеп кетсем бе екен!

Өртеп бір тұмауын
да, қырауын да,

Өзі іздеп келіп қапты жыр ауылға -

Қаздағы сағыныштың қаңқылында,

Саздағы тырналарым тырауында.

Балдай шөп, балапанды тал, құрақ, гүл...

Барлығы базарлыққа ен құрап бір,

Бағына бала күні қайта оралып,

Тағы да баба дүние балбырап тұр.

* * *

Қыста мен ауырамын...

Жаз екен жадыратар бауыр өнім.

Көлдей қып көкке
биік көтеремін

Көңілдің шаттық деген шаңырағын.

Жазда мен сауығамын...

Ал қыста ауырамын, ауырамын.

Шарт етіп шатынардай көремін де,

Аяймын аязды аспан шаңырағын.