ВЕРНУТЬСЯ

    Мен осы сапардан оралғанда Өскеменнен шығып тура Аягөзге
түстім. Бірақ уәделі уақыттан екі сағат кешігіп, кештетіп келгенім. Сөйтсе де
күтіпті. Аягөз аудандық партия комитетінің бірінші секретары Нұралинов Енжиһан
сыпайы да сабырлы кісі екен, бұл ауданда қанша болатынымды сұрап жатыр.
        Менің бар
тілегім - қонып шығатын жер тауып берсеңіз дегенге ғана саймақ. Әрі Алматыға
асар жол үсті болса, құба-құп. Рульде өзім. Шаршап келе жатқан жәйім бар. Ертең
қалаға жетуім керек.
        Нұралинов
басылыңқырап қалды.
-        Мен екі-үш күн
осы елде болатын шығар, шаруашылықтарымызды аралап, ел-жұртпен танысатын шығар
деп ойлаған ем...
-        Көңіліңізге ризамын.
Ыңғайына қарай кейін еліңізге арнап та келермін. Қазір жолымнан қалдырмаңыз.
         Біз осыған
келістік. Енжиһан қасыма өз қызметкерін қосып, көрші бір ауылға аттандырып
салды.
        Тегі алдын ала
хабарлаған болса керек, мұндағы совхоз басшылары да жол қарап отыр екен. Совхоз
директоры, жаңылмасам, Ғұмаров деген жігіт. Таныстықтың басы - қалдарыңыз
қалай? - деп бейтаныс ел басшыларын сөзге тартамын ғой баяғы.
       Ай-шай жоқ,
совхоз директоры Ғұмаров:
-        Халіміз жаман,
- деп қойып қалмасы бар емес пе.
-        Себеп?
-        Мына ауыл -
түгелімен пәлен рудан. Шетінен қияңқы, арызқой.
-        Тентектігі сол
рудан болғандығынан ба? Әлде бұл кілең тентектердің жиналған жері ме?
-        Жоқ, пәлен
рулығынан басқалар өйтпейді. Ел басшысының кейпіне қарасам, ойнап отырмаған секілді.
          Көп
кешікпей, біз бір шопанның үйіне барып түстік. Әлгіндей болмай дәм келді. Совхоз
туралы, сол совхозда тірлік кешіп жұмыс істейтін адамдармен өзінің қарым-қатынасы
туралы ойлардан уақытша болса да біршама алыстап, көңілдене бастаған директор сұрақты енді
маған қойды.
-        Аға,
кітаптарыңызды оқыдық. Сыртыңыздан қанықпыз. Сөйтсе де өзіңіз туралы айта
отырыңыз.
        Мен Өскемен
жағынан келе жатқанымды, онда көптен бергі көріспеген қарындасым тұратынын
айттым.
-        Онда сіз де
біздің рудан болдыңыз ғой?
-        Жоқ.
-        Енді қай
рудансыз? - деп қадалды Ғұмаров.
-        Әлгі тентек
руынанмын.
         Ғұмаров құп-қу
болып жүре берді. Тілі байланып, үндей алмай отыр. Қайтер екен деп мен де сөйлемей
қойдым. Бір кезде есін жиды білем, әлде бір ішкі есеппен енді жамандаған руын
мақтай жөнелді:
-        Ойбай, ерліктің
бәрі соларда ғой! Осы жердің Таужан аталуының өзі тегін емес. Таужан жалаулы найза
қолға алып жауға шапқан жаужүрек батыры. Қалмағыңды көгендеп қойып қырған ғой
сабазың. Бұлардан өнердің де не бір түрі қашып құтылмаған. Әнші, күйші, сал,
сері... -  деп пұшайман болды да қалды.
        Келесі күні
мен шопан үйінен ерте аттанып кеттім. Жол бойы ойымнан Ғұмаров шықпай қойды:
рушылдық атты науқасқа шалдыққан осындай басшысымақтардың дертіне табылар дауа
қайда?