ВЕРНУТЬСЯ

    Атын сәл өзгертіңкіреп алып отырған бұл жолдас талай-талай кітап шығарған кісі. Бірақ өлең жазып, кітап шығаратындардың бәрі бірдей ақын емес. Аласы да, құласы да бар олардың ішінде. Жаратқан да сол ала төбелдің бірі.
  Ол ұзақ жыл өлең жазды. Жүре бара тиіп қашып прозаның да жайылымына түскені. Шынымды айтсам, өлеңдерін ұнатпайтынмын. Өйткені көңіліңе ұялар бір жол болмайды. Қара байырдың жәй текірегі ғана. Ал мына прозалық шығармасының жілігі татитын секілді.
  Мұның да алып-жұлып бара жатқан түгі жоқ. Сөйтсе де ана поэзиясына қарағанда, жылан қарақты, әйтеуір. Мен көңілі жақын замандасымның сонысына қуандым.
Бір кездескенде:
— Повесіңді оқып шықтым. Жап-жақсы екен. Баяғыдан бері прозамен айналыспайтын ба едің?! — дедім қуанышымды жасыра алмай.
— Сонда не поэзияны қой дегенің бе, мұның? — Жаратқан кәдімгідей шамданып қалды.
  Жаратқан елуге келді. Ұлан асыр той жасамақ болып қой сойды. Тай сойды.
— Қазақ бала туса, шілдеханасын жасайды. Өлсе, жаназасын шығарады. Жыл толғанда ас береді. Ал пәлен жастамын деп той жасамаған ғой. Несіне шабылып жатырсың? Қажеті қанша еді?! — дедім ойымды бүкпей.
Жаратқанның тағы шамданғаны.
— Әй, өмірімде бір жылы сөз естімеген адаммын ғой. Енді естігелі тұрған сол жылы сөзді қызғанасыңдар ма?
  Жаратқан сөйтіп, өз үйіне екі-үш дүркін қонақ шақырып мүшел тойын өткізді. Бокал көтергендердің сөзін қағыс қалдырмай түгелдей магнитофонға жазып алды.
  Арада екі-үш жыл өтті. Әлде бір шаруам болып замандасымның үйіне барсам, Жаратқан диванда қисайып жатыр екен. Жәй жатқан жоқ, көзі жұмулы, магнитофон тыңдап жатыр. Маған үндеме дегендей ишара білдірді. Құлақ салсам, әлдекімнің баяғы мүшел тойда сөйлеген сөзі екен. Тебірене балқыған Жаратқан көзіне іркілген жасын сықты да:
— Шіркін, осындай, юбилей күнде болып тұрса ғой!.. — деп маған жымия қарады. — Әттең, не керек, он жылда бір-ақ рет келеді. Елу... алпыс... жетпіс... Ал сексенге сен келесің бе, жоқ па? Оны бір құдайдың өзі біледі.
  Бұлт ала, жер шола дегендей, адамдардың да арманы қиян-қилы болады екен ғой! Кім білген оныңды.