ВЕРНУТЬСЯ

      Білмеймін бұдан асар ғажап барын,

Орман да осы жұрттан
аз-ақ қалың.

Үш жүздің баласы боп түгел келген,

Ассалаумағалейкүм, қазақтарым!

Шарқ ұрған
шағын көріп шағаланың,

Жайықтың жағалауын жағаладым.

Бармысың, арғындарым,
тамаларым,

Армысың, Ілиядай ағаларым!

Жайықтың жағалай тал жасыл әнін

Жамылып, жөн-ақ шығар тасығаным.

Әкімдік қызметке әкеткен-ді

Атырау Ақтөбенің Асланын.

Берейін сәлемімді, беріштерім,

Мен қашан әзіліңді
теріс дедім.

Қолдаса Бекет атам, оң иығыңа

Қонғалы жеткен өлең-періштемін.

Басымның арта түсіп бағасы мың,

Алдыңда ақжарылып тағы ашылдым:

Жем жайлап, Жарқамыстың құмында өсіп,

Жел алған Қашағаннан нағашыңмын.

Шәріңді
биік десе, биік-ау дедім,

Балдайын балшығың да игі-ау дедім.

Тарланбоз ер Әбіштің арқасында,

Табаным Атырауға тиді-ау менің!

Кеңеске ыза-кектің оты өріліп,

Отызда қалың Адай көтеріліп,

Ор жаққа ауа көшкен ауыл едік,

Қалып ек қасқырдан да бетер ұлып...

Көз шұқи
қас ұрғанын, жау ұрғанын

Көтерген төзім дейтін ауыр нарың.

Табаным Атырауға тиді-ау менің,

Бармысың аман-есен, бауырларым!

Келіпті Астанадан Әнес ағам,

Деуші едім: "Тең келер жан кәне саған!"

Тауық боп күлкісінен ден жегім бар,

Дәніксе, таусыла ма дәмесі адам.

Үш қияннан шежіре боп ұшқан құсым,

Ағаңды құшақтауға
құштармысың!-

Кім десем сәлемге іздеп келе жатқан,

Жақсы інім Әбілқайыр Спанбысың?!

Баптаған бабыменен бағлан-ай,

Дүйсенжан,
өзің айтшы, тағы қалай?-

От алып Олимптейін Отпан таудан

Жетті ғой Светқали, Сабыр Адай.

Ізетті жамағатқа жалпы қорған,

Інілік ілтипаты салты болған,-

Аңқылдап алдымнан да шықты міне

Ақында ақ Мейірхан - Алтын Ордам!

Кеудені торғай-жүрек тепкілейді,

Тойымыз құтты
болғай деп тілейді.

Абайдың Семейінен Атырауға

Тыныштықбек жырға мініп жетті дейді.

Сертінде тұрысу
мен бекісуді-ай,

Бастады толқындардың шеті шулай.

Ілмегі Ілағамның Іледей де,

Ырғағы Еділ-Жайық - екі судай!

Жер ауып Атыраудан атам кеткен...

Бәрімен қауышып бүгін жатам деп пе ем?!

Айналдым Исатайдан атқа мінген,

Бата алдым жыр ағытқан Махамбеттен.

Басымның арта түсіп бағасы мың,

Алдында ағайынның тағы ашылдым.

Тайсойған қазағы еді атам менің,

Дүйсенбек біледі ғой, нағашыңмын!

Шәріңді
биік десе, биік-ау дедім,

Бөріңді бір көргенім игі-ау дедім.

Кенеліп Кекілбаев кеуілінен,

Табаным Атырауға тиді-ау менің!

Бұрын тек
атын сырттай есіткен ем,

Келгелі той теңізін кешіп келем.

Иманды болсын дейін шәйіттерге

Иманғали салдырған мешітте мен...

Сипашы мандайымнан анамдай жел!

Дүниеде сенен артық табам қай жер...

...Қош боп тұр,
кәрі Атырау, сен де мені

Ақ басты
алпыс асқан балаңдай көр!